Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет45/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ескендір енді Дара мемлекетінің билеушісі болып алған соң оның 
қазынасы мен қоймасынан алтын мен маржанды бейне таң шапағы 
сәулесіндей шашты, осы жомарт сыйлығы арқылы қол астындағылардың 
мерейін өсірді, жан-жақтағы барлық елдің Шахтарын шақырып, 
шабармандар жөнелтті, барлық Шахтар мұның айтқанына бағынды, 
ал Кашмирдің Шахы болса тым жалбарынып, Үнді раджасы келісімін 
бермейтін жауап қайтарды, чин Хақаны болса, оның ұсынысына 
қанағаттанбайтынын танытып шеттей берді.
Бұл хабар кең әлемге тез тарады,
Сыймады ақ қағазға сөз сорабы.
Жеңісі Ескендірді асқақтатты,
Жауларын күн дидары жасқап қатты.
Ден қойып қызметіне үлгі жаяр,
Дараны жақтаушылар тұрды даяр.
Жаһанға Дара жайы мәлімденді,
Барша жұрт Ескендірге табынды енді.
Алыстан келгендер де елді ойласты,
Құруға берік достық бел байласты.
Бас қойды Машрық үшін хаққа бәрі – 
Хорезм, Үнді, Қытай патшалары.
Сыртына сыр шығарып бұлданбады,
Көбінің кетті ішінде бір бармағы.
Бағынды өз маңайы қыбыр етпей,
Сыйынып Ескендірге құдіреттей.
Берсін бе тірі тұрып төрін жауға,
Кірісті ойлағанын орындауға.
Аруақты құрметтеу заң емес пе,
Түсіріп аза тұтты Дараны еске.
Соғысты дереу тыйып сарсаң еткен,
Жерлеген патшаға сай салтанатпен.


290
Қамықты кірбің алып болмашыға,
Кім кепіл өзі сондай болмасына.
Басына бейнет қонып, сорлатты шер,
Мойнымен көтергенге салмақ түсер.
Дараның өсиеті мазалады,
Ұстатып қос зұлымды жазалады.
Құрғызды дар ағашты жалақтатып,
Екеуін асып қойды салақтатып.
Сатқынға талайлардың құртқан мысын,
Жауғызды тас аттырып, жұрт қарғысын.
Бұл жайды тұтсын деді есіне әркім,
Аяғын құшпас үшін осылардың.
Денесін өртеткізіп әлгілердің,
Өтіне лақтыртқызды шаңды желдің.
Кім өзін қиын күнде еркінсінбек,
Жалпыға жарлық шашты серпілсін деп.
Үні өшіп дүрбелең мен әбігердің,
Еңсесі көтерілді қалың елдің.
Дараның жерін де алып қол астына,
Күшейді мақсатқа жол кең ашты да.
Қуалап көлденеңнен киліккенді,
Сенімді адамдарға билік берді.
Хатшысын шақырып ап қолға қуат,
Раушанға көңіл айтып, жолдады хат.
Қағазға өрнек салды жүйрік қалам:
«Жалғанда пенде бар ма у жұтпаған?
Сабыр ет, шөге берме жалғыз жылап,
Жатырқап санай көрме тағдырды жат.


291
Бөлесін әлем бағы сені гүлге,
Көктемдей нұр ойнатып көңіліңде.
Малынып інжу-маржан, меруертке,
Байлықтың қызығын көр, кері кетпе».
Тағдырдың көнбейтіндей енді ырқына,
Сонан соң хабар салды ел-жұртына:
Қайғыдан қыз жүрегін кім құтқарса,
Патшадан алады деп сыйлық қанша!
Толтырып түрлі гүлді бақшасына,
Бейішті орнатқызды дәп қасына.
Аруағын риза етіп Дара Шахтың,
Ден қойды мүддесіне жаңа тақтың.
Дараның шек жоқ еді байлығында,
Сол байлық аспандатқан айбынын да.
Қазына Фаридуннен бермен қарай,
Ауысып қолдан-қолға келген талай.
Кезінде қолы жетіп елден бұрын,
Қызығын Кейқуат та көрген мұның.
Мұрасы патшалықтың еселенген,
Ұрпақтан-ұрпағына көше берген.
Тұғырға кезекпенен қонақтаған,
Бөтенді таққа жақын жолатпаған.
Биліктен мызғымайтын қорған құрған,
Атаның қазынасын қорландырған.
Дара да даналықпен жау жайратқан,
Ғаламды қақпақылдай қолда ойнатқан.
Патшалық мың үш жүз жыл ғұмыр кешті,
Он төрт Шах өз тұсында дүрілдесті.


292
Байлықты ғасырлармен көшкен бірге,
Құдайым бұйыртты әкеп Ескендірге. 
Дара да қазынасын амал жасап,
Сақтайтын бір жүз сексен қамалға сап.
Тыққыштап алтын-күміс, асылдарды,
Жер қазып тас үңгірге жасырған-ды.
Кілтшілер, қазынашылар иманы ұшты,
Алдына Ескендірдің жиналысты.
Үзгендей шеттерінен жаннан үміт,
Кілттерін тапсырысты жалбарынып.
Қиянат болмаған соң қылдай да бір,
Қалдырды байғұстарды қылмай зәбір.
Келтіріп қазынаны бір тізімге,
Бұйырды жалпы есебін жүргізуге.
Құрметтеп қолы таза монтандарды,
Енгізіп қолтығына қамқорға алды.
Жазалап есебінен ши шыққанды,
Сыпырып жон терісін үйтіп салды.
Туралап дәптерімен қолындағы,
Тізімі түзулерді қабылдады.
Алғанша өз қолына бар мұраны,
Қазғандай жерден маржан қалжырады.
Тексерді кінәғамен салыстырып,
Түгелін тасқаяқтай қағыстырып.
Сыйлады шыққандарды сенімінен,
Бағалы тарту тартып көңілімен.
Кейбіреу дегендей іс тағаттады,
Қалуға тілек айтып жағаттады.


293
Қабылдап қазынаны шашау қылмай,
Берді әмір үсті-үстіне бас алдырмай.
Түсіріп талайларды тәубасына,
Үлгі айтты жинап алып ордасына.
Тарасты тапсырма алып сөзге келмей,
Теңізден інжу іздер кезбелердей.
Аптығып әрең алды тыныстарын,
Жөнге сап есеп-қисап жұмыстарын.
Қисабы қазынаның анық болса,
Түспейді ауыр азап халыққа онша.
Тағы да бұйрық қылды мырзаларға:
«Қазынаның жинап бәрін бір қамалға.
Есігін тас бекітіп, құлыптаңдар,
Мұраға мәңгі ешкімді жуытпаңдар!»
Жүргендер қызметінде жүгіністі,
Жарлықты орындауға жүгірісті.
Байлықтың көптігінде шек болмады,
Құйылған керуен бір тоқталмады.
Әскерге бөлінетін қаржы айтылды:
Көбісін мыңбасылар жалмайтын-ды.
Шыдам ғып жүруші еді азар мұнда,
Жасақтар қайыршының аз алдында.
Ашуға ауыздарын батпайтұғын,
Ызасын іштеріне сақтайтұғын.
Айнадай айқындалды істің мәні,
Мәлім боп адамдардың мүшкіл халі.
Босаңдық ешкім бірақ танытпады,
Сұрасып көп жағдайды анықтады.


294
Ескендір байқап елдің жасығанын,
Ескертті енді көзі ашыларын.
Тап болған азып-тозып сан қорлыққа,
Алды өзі Дара әскерін қамқорлыққа.
«Дараның өз алдына заң-жобасы,
Тартпауы керек зардап жан баласы.
Тиеді жоқшылықтың кесапаты,
Төлейміз, – деді, – әскерге екі есе ақы!»
Тағдыры тарықтырған сорлы жасап,
Тартатын төрт жүз мыңға жарлы жасақ.
Шыр бітіп ширап қалды бейшаралар,
Жұлдызы аш-арықтың тойса жанар.
Ілініп сіңіріне жарымаған,
Бар еді екі жүз мың тағы да адам.
Барлығы алты жүз мың тарыққанды,
Тауқымет тырнағынан алып қалды.
Әскерді мойныдатып мол ақымен,
Дауасын тапты дерттің болатын ем.
Сарбаздар саңлақтанып жал біткендей,
Тасыды көңілдері шалқып көлдей.
Төкті деп босқа шашып қазынаны,
Құлқыны кейбіреудің азынады.
Сонда айтты: «Нағыз байлық әскер мен тақ,
Өкінбес мұны дәйім ескерген Шах!
Теңізді жоғалта алар кім жасырып,
Қазынам кетпес әсте құмға сіңіп.
Болсам да әлей патша байлығы ырғын,
Пайдасыз байлық түбі – қайғы бір күн.


295
Қасыма онда менің жан жолай ма?
Лағылдан тас қайырлы әлдеқайда?
Жоқ ешбір қара тастан келер залал,
Халыққа қазынадан төнер зауал.
Арбаса сасық дәулет басың қаңғыр,
Қарақшы қалғып кетер сәтіңді аңдыр.
Сүйеді ел әділ болсаң айнымастан,
Патшаға пысқырмайды байлығы асқан!»
Бетіне қазынаның қарамастан,
Елдерді баурап алды араласқан.
Аямай алтын-күміс, жиған мүлкін,
Алдымен риза етті Иран жұртын.
Даналық шұғыласын түсіріп кең,
Ұйытты дүниені кісілікпен.
Арайлап ақыл нұры күллі ісінен,
Қақ жарды қара қылды үлгісімен.
Мойындап бұқты небір көсемдер де,
От ауыз, орақ тілді шешендер де.
Тұсасаң мықты сөзбен тоқтайды жау,
Келеді келісімге – соқпайды дау.
Май жаққан наркескендей қылпып тұрған
Қызыл тіл дүлейді де тұншықтырған.
Қашанда кемелдікпен ел басқарар,
Әлемге тұтқа болар марқасқалар.
Ескендір білгірлікпен дараланды,
Таратты әрбір елге даналарды.
Өкілдер жөнелісті сақ тұрмаққа,
Үнді, Чин, Сақлабқа, Сақсын жаққа.


296
Біреуі арабтарға басып ірге,
Біреуі орын тепті Кашмирге.
Біреуі Бағдат, бірі Мысыр асты,
Наушадқа
86
бірі әкім боп мысы басты.
Тисін деп барған жерде әкімдік тақ,
Ұстатты қолдарына өкілдік хат.
Өкілдер беркеге шақырды елді,
Уағыздап тыныштықты, ақыл берді.
Шах хаты жазылған-ды өткірлікпен,
Әр сөзі таңқалдырар тапқырлықпен.
Құдіреттін баян етті қолдағанын,
Жаратқан жаздырған соң жолдағанын.
Ұқпаса істің мәнін пенде – надан,
Азбайды ақылына сенген адам.
Тәңірі қолдамаса хан да жарлы,
Оп-оңай жарылқауы кембағалды.
Халықтың бөленбеген алғысына,
Құдайдың ұшырайды қарғысына.
Бейбақтар бүйірлері бір шыққанға,
Қуанар құтылғандай қырсықтан да.
Дараның алтын тағын берем кімге,
Десе де тәңірінің өз еркінде.
Ілінбес пенде бар ма қармағына,
Құдайдың кім көнбейді салғанына!
Шұлғытып жан біткенді тағдырға тек,
Шахтарға сөз аяғын төндірді әкеп.
«Иемденген Мен – Ескендір Дара тағын,
Әлемді аузыма енді қаратамын!
86
Наушад – аңыз өлке.


297
Сен, Чиннің Хақанысың – қорғанысың,
Тұранның айға шапқан көкжалысың.
Ойлама қолымда деп жалған кілті,
Талайлар менменсінген болған күлкі.
Билейді жаратушы сыртымыздан,
Болмыстың бәрі де тыс ырқымыздан.
Қаласа хан көтеріп қараны да,
Тақсырдың тас батырар табанына.
Жарлығын өтеу парыз тоқып ойға,
Патша да, жарым-жарты жақыбай да.
Тәңірдің бұйрығынан не келсе де,
Еркінде жоқты барға теңерсе де.
Маңдайға құтылмайсың жазғанынан,
Салғанын әркім көрер өз бағынан.
Ғайыптың ісіне кім тағар кінә,
Жаһанды тарту етті маған, мына!
Жарылқау – жаратқанның пиғылынан,
Хақым жоқ бас тартуға бұйрығынан.
Кемеңгер дана болсам халқы ұнатқан,
Жазмыштан жұлдызымды жарқыратқан.
Көз жұмып, кіргенде әкем мәңгі көрге,
Мұра боп патшалығы қалды менде.
Білімге бойласам да зеректікпен,
Билікті етпеп едім керек тіптен.
Құдайдан мен емес ем бақ сұраған,
Кенеттен сыйға тартты тақты маған.
Ұйғарса нендей шара хақтағала,
Жазылса пешенеңе тоқтала ма?


298
Халық та зар еңіреп қолқалады,
Қоймады көнбесіме зор талабы.
Келді аян дауыс беріп ғайыптан да,
Қорқақтап таққа отырдым айып бар ма?
Күшімен сол дауыстың көкті жардым,
Қап-қара Зәңгібарды соққыға алдым.
Білсем де оңдырмасын соғыс, сірә,
Қараттым Бартасты да, орысты да.
Құшағын қарсылықсыз ашты Фаран,
Теңізге дейінгі жер көшті маған.
Арттырып жаппар ием қуат-күшті,
Көзімше Дара Шах та сұлап түсті.
Шығарып шаңын көкке талай жердің,
Жаратқан жебемесе, қалай жеңдім?
Жүз есе көп дұшпаннан жасқанбадым,
Құдайдың құдіретімен асқан бағым.
Сорлатып соғыс сайын зар қақтырдым,
Төңкеріп көкті жерге шаң қаптырдым.
Ырқыма бағынған соң Иран-дағы,
Әммеңе Ескендірдің би болғаны.
Бас иген Дара Шахқа бодандары,
Құлшынар енді маған одан да әрі.
Біреулер мұны күтпей бұлғаңдаса,
Қараймын кешіріммен бұған да аса.
Ақылмен қимылдасаң жанар бағың,
Ақаусыз жүзеге асып бар арманың.
Өзіңе мені босқа кектендірме,
Тағзым ет, алдыма кел көппен бірге.


299
Орындап әмірімді ұнағайсың,
Жығылып аяғыма құлағайсың.
Сендерге үйретейін білгенімді,
Баспайын беттеріңе міндеріңді.
Әлпештеп әз досымдай ардақтайын,
Қолыңды еш нәрседен мен қақпайын.
Алдыма келгеніңді сол сағатта,
Жаяйын салтанатпен шартарапқа.
Қырсық пен ара тұрып кесапатқа,
Қорғайын ұрындырмай еш апатқа.
Алайда қыңыр тартса жүрер жолың,
Онда сен тығырыққа тірелгенің.
Байқауға келсең егер жай-жапсарды,
Кешкенің ардан аттап, тайғақ сазды.
Тілегін тәрік қылсаң хақтағала,
Ешқашан босағамнан аттама да.
Келмесең көңіліме алаң кірер,
Ініңді не балаңды маған жібер.
Сен үшін таудан-тастан тайынбайтын,
Түсінер алғыр болсын ойыңды айқын.
Үнемі мал-басыңа құт қондырсын,
Үстіне дұшпаныңның бұлт төндірсін.
Жеткізсе қалауыңды сол да жетер,
Арада жүрсін бізге боп дәнекер.
Уәдемді екі қылмай орындайын,
Етейін керегіңнің бәрін дайын.
Шығарсаң шырық бұзып сыртыңа айбын,
Жайыңды өзі білер бір құдайың.


300
Көтерсең жаулық туын тасып мүлде,
Жолыңнан адасқаның ашық күнде.
Әу баста арам болсаң құдай ұрған,
Қайтесің, қара құлдан жоқ айырмаң.
Қағынып саған кім бар сорла деген,
Мысқалдай күтпе рақым онда менен!
Ақылым осы саған ой таратар,
Қалғанын өкіл өзі айта жатар».
Осылай хаттың соңы түйіңделді,
Хатшыға көшіруге бұйырды енді.
Қалмасаң айтарыңды сәтінде айтып,
Жағасың сөнген сөздің отын қайтып.
Бос сөздің көрдің бе іске татығанын.
Дауасыз дұғасындай тақуаның.
Хатты алып жаушы шауып кетіп жатты,
Үміттің ұшқындатып отын жақты.
Бейтаныс қиырларға жетті алыс,
Сәлемін Ескендірдің етті табыс.
Кей жерде бүгілсе де қорқып әркім,
Оңынан туды айлары жаушылардың.
Кең ойлар келешегін білгір патша,
Ерекше көңіл қойды бұл бір хатқа.
Керек қой патшаға да жан баққаны,
Сый беріп, жаушыларға жалбақтады.
Әр сөзін ойларында сақтап ерен,
Танытты құрметтерін хатқа деген.
Қиқақтап шыдасын ба қағынуға?
Ұмтылды ұлтарақ боп жағынуға?



302
Жабыла жанталасты салып барын,
Жіберіп тартуларын, салықтарын.
Қашанда қаһарлының дүмі күшті,
Шахтың кеп аяғына жығылысты.
Үш елдің әмірі тек қалыс қалды,
Басқаға бас ұруға намыстанды.
Көрсетер қырын келген елге сыртын,
Алпауыт еді олар да бермес ырқын.
Қырандай шамырқанып айтты қадап,
Кашмирдің Шахы Маллу Ибн Мабақ:
«Ескендір әлемді алсын, асқақтасын,
Бұза алмас қазынамның тас қақпасын.
Құдайым үш нәрседен бағымды ашқан,
Келемін ешбір жауға бағынбастан.
Бірінші – берік қорған жау жағымда,
Тілдескен аспанменен тауларым да.
Өзі кеп соқтыққанды сан сорлатқан,
Айнала теңізім бар қоршап жатқан.
Екінші – шыңдарынан от құлаған,
Тауым бар ыстық жалын атқылаған.
Аспаннан мың бір пәле төнсін мейлі,
Ерлерім маңайға жау келтірмейді.
Тышқанға арыстанды кім балайды,
Жолбарыс ашу қысса жұлмалайды.
Мен қалай Ескендірге таптатамын,
Қоғадай әскерімді қаптатамын.
Үшінші – айла асырса алда-жалда,
Қолымды тықсырмақ боп тар қамалға.


303
Шегінем құлан жортпас құла дүзге,
Қойнауы пана болар мына бізге.
Қорған бар қызыл мыстан қабырғасы,
Ұясы жын-перінің оның қасы.
Қысаңнан тар соқпақ бар қиып салған,
Кірген жан шыға алмастай тұйықталған.
Қамалға жол аяғы тірейді әлгі,
Соғып тұр қара құйын дүлей мәңгі.
Байқалмас қалтарысы көрер көзге,
Бастарын ұшырамыз кірер кезде.
Ғажайып сиқырлы әлем құтырынған,
Мекен боп келе жатқан ықылымнан.
Есерлер біліп қойсын кеуде қаққан,
Аламыз құдіретті күш жел мен оттан.
Келгендер өз ажалын күте келер,
Аптаптан қаңырығы түтеп өлер.
Жел тұрса тағы қырғын басталады,
Тажал өрт дүниені бас салады
От жақпай – ал қалайша күн көреді,
Көмейін тіршіліктің құм көмеді.
Құрған соң тағдыр билік не қылмайды,
Дұшпанға мұннан пана табылмайды».
Тік шапшып Маллу өстіп төске өрледі,
Рай да үнді Шахы дес бермеді:
«Білемін Ескендірдің алғырлығын,
Артпақшы мойнымызға тағдыр жүгін.
Дараның заманында өзгеше еді,
Бір соны жақтаушы еді ел кешегі.


304
Хат жазып жігі-жапар болатұғын,
Қиналса, маған қолқа салатұғын.
Меселін қайтармаушы ем мен де мына,
Екі жыл керек еді жол қамына.
Жетерлік қаржы жинап екі жылдай,
Әскерді жабдықтадым қапы қылмай.
Жеріне уәделескен жеттім барып,
Көбейтіп қалың қолын еттім қарық.
Амал не жүзеге аспай бар арманы,
Ажалдың шеңгеліне арандады.
Үмітін қатты соққы күл ғып езіп,
Еріксіз кері қайттық құмды кезіп.
Сарбаздар азып-тозды шер қысқандай,
Быт-шыт боп мақсаттары желге ұшқандай.
Жорыққа сәтсіз күні аттаныппыз,
Қорлыққа тұтылуға шақ қалыппыз.
Сүмеңдеп Шахзадалар бейне құлдай,
Өзгенің атын мінді мойны қырдай.
Тау асып, бетпақ басып, сорға баттым,
Ақыры тұғырымды зорға таптым.
Ұрысқа әскерімді бастап кіріп,
Жоғалттым оннан бірін тас қаптырып.
Үйірілді басымызға қаралы күн,
Амалын құтылудың табады кім?
Жұртының сұрқы осы екен деп ойлама,
Патшаға аза тұтпас қалай ғана?
Көшпеспін Ескендірдің ыңғайына,
Қайтейін, азап батты шамбайыма.


305
Қисынсыз үкіміне қынжыламын,
Жабырқап жігерімді құм қыламын.
Қалмаса халқым қажып мұң жұтпас ем,
Бұйрығын күйім болса бұлжытпас ем.
Патшасы оңала ма ел тарылса,
Жөн еді екі-үш жылға берсе мұрса.
Егерде зорлық жасап, салса күшке,
Әзірмін қарсы шауып қантөгіске.
Аян ғой одан менің шошымасым,
Қожаңдап, құдайсынып тасымасын.
Ашынған пенде Алладан қымсынар ма,
Бір уақыт сыйлағанды білсін ол да!»
Доғарды бұл да осылай тақады да,
Тартпады тізгін Чиннің Хақаны да:
«Ескендір хаты, – деді таңдай қағып, – 
Қылыштай жарқылдайды, шамдай жанып.
Ол өзі нақұрыс па, әумесер ме,
Ұмытып кеткен бе әлде тәубесін де?
Елім тоқ, күшім мығым, дәулетім бай,
Басымды аулақ жүрсін ол қатырмай.
Хат жазып мазалардай Шах біткенді,
Біз қашан бодан болып тақтық белгі.
«Үкімімді орында!» – деп түнеріпті,
Көшіріп кітап сөзін жіберіпті.
Райы бұзылыпты, желігіпті,
Жауығып, сыйластықтан жерініпті.
«Алдыма Чин Хақаны келсін!» – депті,
Әдептен асып сонша еркіндепті.


306
Қанатын әлемді алған кеңге керіп,
Шәй десіп Дарамен де көрмеп едік.
Жауласып келмеп еді ол бір таяп,
Ойнатып төбемізге әңгір таяқ.
Дараға Ескендірді балайын-ақ,
Әлемнің әміршісі санайын-ақ.
Байлығын тұрған жоқ па шайқап әрең,
Чин де бір емес пе еді байтақ әлем?
Өрескел сөз айтыпты, бала ғой жас,
Оңайлық менен жауап ала қоймас!
Хатында қыр көрсетіп, болды лақпа,
Жеңдірдім сабырыма мен бірақ та.
Дарадай танытса егер жұртқа сенім,
Мен-дағы оның сөзін жықпас едім.
Дандайси берсе егерде қыңыратқып,
Жасаса жаман ырым, түбі жаттық.
Мен емес ол ғой көкке күлі ұшатын,
Көнбесе, жерін айтсын тұрысатын!
Өзі кеп шырық бұзса аянбаймын,
Қалаға, қорғанға да таянбаймын.
Салам да бар күшімді қан қыламын,
Астында қара шаңның қалдырамын!»
Үш елші қайта оралып үш тараптан,
Тер жауып, тозаң қауып түскен аттан.
Асығыс баян етіп естігенін,
Сонан соң тыныс тауып, шешті белін.
Артынып өзге Шахтар жетті бірақ,
Көңілі Ескендірге қатты құлап.


307
Сарайды думандатты салтанатпен,
Жандарын жадыратып бал шараппен.
Ескендір қанша ішсе де селт етпеді,
Жүрегін жайсыз хабар жентектеді.
Ұмытып думан-күлкі, той-нөпірді,
Жорыққа шықсам деген ойда отырды.
Алайда қар түсуге қалған аз-ақ,
Қиын ғой қыс ішінде жолдағы азап.
Бекініп келер жазға қарамаққа,
Әскерін әкетті Арран, Қарабахқа
87
.
* * *
Шарапшы, қорқынышқа бос қамалма,
Құйшы бір лақылдатып тостағанға!
Шалқытшы, торықтырмай мұңға қамап,
Қайтайын Кашмир, Үнді, Чинді аралап.
Уа, жыршы, Үнді әнінің өзіне бас,
Алдырсын Кашмир сазы көзіме жас.
Тартайын Чин кесесін шүпілдетіп,
Тербеші жүрегімді лүпілдетіп.
Ей, Науаи, сіміре жұт, мұңайма көп,
Дүниеде Маллу, Хақан, Рай да жоқ.
Өмірден олар өтті ізім-ғайым,
Бұрайын Ескендірге сөз ыңғайын.
Қоя тұр Ескендірді, қылмашы ығыр,
Қызыр мен Масиханы
88 
жырлашы бір!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет