Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет51/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Арашмидос (Архимидус) – көне грек математигі.
106
Шаминас – Ескендір жорығына қатысқан даналардың бірі.
107
Килимон – Филемон, Спартаның хакімі.
108
Валис – Фалес Милетский. Біздің ж.с. дейінгі ҮІ-ҮІІ ғ. өмір сүрген гректің философ ақыны.
109
Хурмус – Гермес Трисмечист біздің ж.с.бұрынғы ҮІ ғ. өмір сүрген көне грек оқымыстысы.


326
Тұңғиық дариядай білімдері,
Қауіптің кілтін табар күні ілгері.
Сөз емес Платонға не болса да,
Кезіксін қандай сиқыр келер шама.
Сұңғыла Арасту да сүрінбейді,
Жасырсын олар қанша сырын мейлі.
Қалған жоқ Кашмирдің күні де ұзақ,
Құртамыз залымдарды біріміз-ақ.
Қарғалар қарқылдасын шуылдасып,
Түк емес типыл қылу үнін басып.
Саят құр, ой соңында сенделгенше,
Табармыз бір амалын сен келгенше.
Ұясын ойран етер жын-бақсының,
Шешеміз үш тәулікте жұмбақ сырын!»
Қияға Шах көңілі ұрды құлаш,
Марқайып, даналарға шұлғыды бас.
«Осыны жұмылыңдар тез жасауға,
Тоқталсын, – деді, – барлық өзге шаруа!»
Ғалымдар мойнына алып қиын істі,
Тәңірге Шахты оңда деп сыйынысты.
Ақ жүзін құбылаға Шах та бұрып,
Тілек қып, дұға оқыды ақтарылып.
Бастады данышпандар қиқыметті,
Балқытты көк темірді бүркіп отты.
Таңдалып керек заттар бұл жұмысқа,
Жасалды ең алғашқы үлгі-нұсқа.
Сынапты қосып мырыш, қалайыға,
Келтірді доп-домалақ нобайына.
Жұлдыздай жеке тұрған оңашада,
Жарқырар қай жағынан қараса да.


327
Ішіне толтырылды не керемет, – 
Атқылап жау ордасын төбелемек.
Қызықты көрген жерде ел ынтыққан,
Айнымас күлдіргі бір ойыншықтан.
Сұсымен сескендірер илеген доп,
Бауы да шырмауықтай ирелеңдеп.
Тұрғанын неге бастап кім біледі?
Әйтеуір кәміл мұның бүлдірері.
Бауына от тигізсе шашады ұшқын,
Лапылдап қызыл алау басады үстін.
Көздеген межеге атып түсірді оны,
Жарылды сұрапылы ішіндегі.
Ұшқанда құйрықты шар көкті жарып,
Ойқастап ойран салды өрт шығарып.
Аударып астаң-кестең түскен маңын,
Бұрқ етті керемет бір күш пен жалын.
Быт-шыт боп, үн шығарып ыңырсыған,
Иісі қолқа қабар қоңырсыған.
Сиқырды даусымен-ақ буып тастар,
Ұшырып жау зәресін, бүлік бастар.
Зауалын зұлымдардың тақалдырды,
Қап-қара түтінге ыстап қақалдырды.
Иістен сиқыршылар түсті баудай,
Жаңылды естерінен күш қыла алмай.
Құшқан соң кеселділер қайғы-өлімді,
Аспаннан мұңға шомған ай көрінді.
Даналар адам сенбес істі аяқтап,
Ай нұрын қызықтасты сүттей аппақ.
Бәрі кеп Ескендірге тағзым етті,
Қисынын келтіруге тағдыр епті.


328
Білімнің баян етіп құт-ұясын,
Тылсымның жайып салды құпиясын.
Айтуға Шах мерейін тіл жетпеді,
Ардақтап асылдарды құрметтеді.
«Таптыңдар дер кезінде, арыстарым,
Ғажайып, – деді, – мынау, табыстарың!»
Деді олар: «Сөзің өмір сыйлығындай,
Жарлығың бізге тәңір бұйрығындай!»
Шах жетті әскеріне жарқын жүзді,
Шуласып, дүрлігісіп, қарқын қызды.
Әкімдер атқа қонып лап қойысты,
Мұхиттай қосын қала жаққа ойысты.
Ескендір ең алдында ұрандайды,
Соңында шексіз шеру тұмандайды.
Келеді ғалымдар да оқымысты,
Сүйретіп қаруларын қорқынышты.
Құпия сұмдық қару арба үстінде,
Сияқты сыр алдырмас мәңгі ешкімге.
Дәріні тұтатқанда гуледі аспан,
Халықты демегендей мүлде сасқан.
Қалың қол қаһары жоқ күш ала ма,
Гүрс етіп тиді барып нысанаға.
Ысқырып жай отының айдаһары,
Қоңырсып, үрейді алып, жайратады.
Алапат ортасында қала қалды,
Қалың өрт қаптай орап қамап алды.
Зар қағып сиқыршылар жалынды әлден,
Түтіннен тыныстары тарылды әбден.
Килікті абыр-сабыр дүрбелеңге,
Тіршілік тар көрінді түрмеден де.


329
Тал қармап, шыбын жанға қам қылмаққа,
Жосылды астанаға – Маллу Шахқа.
Негрдей қап-қара боп реңдері,
Соншалық қашып кеткен сүреңдері.
Шаттанып шыққан еді дүрмектеліп,
Оралды масқара боп күлбеттеніп.
Ұзақтай шулап еді алдағы айда,
Жымықты қарқ ете алмай қарғадай да.
Күл-талқан болды, міне, жау да мығым,
Титтей тас үркіткендей қарғаны мың.
Парықтап, сабыр сақтап, ден қоймады,
Сиқырдың әсерінен деп ойлады.
Құралын Үрімдіктің мұнша күшті,
Зар илеп Маллуға айтып, мұң шағысты.
Шығарып естен Маллу қамсыздығын,
Сезінді Ескендірден әлсіздігін.
Басынан бағы тайып түнерген ер,
Таппады сасқанынан кірерге жер.
Байқаса қараң екен мұның күні,
Еш сиқыр жеңбейді екен білімдіні.
Жарағы, барлық жиған-тергені де,
Түсерін ұқты жаудың шеңгеліне.
Халайық қателігін басты бетке,
Тұтылар бағынбаса тақсіретке.
Күйініп өзін-өзі табалады,
Халқын да уайым-қайғы қамалады.
Адамның көзін түбі пайда жояр,
Байлықты шіріп жатқан қайда қояр?
Қайран күн алыстады көз ұшындай,
Өзінің қаласына өзі сыймай.


330
Есепсіз қазынасын, мол астығын
Тасытты жолыменен жер астының.
Көрінеу көзің қиып шашу қиын,
Бірінен-бірі өтетін асыл бұйым.
Қазына түскен еді сан жорықтан,
Осынша уайым салып, жанды арытқан.
Қаншама алтын-күміс лықа толған,
Жалпыға жоқ еді бір шықа тамған.
Жете алмас есебіне қымбат заттың,
Үйілген құлқыны үшін бір мақсаттың.
Кешегі жиған байлық мұралыққа,
Жем болып кете барды бір алыпқа.
Күшейіп отыр еді құтырынып,
Бәрінен жұрдай болды сыпырылып.
Тығылды Қаратауға шырылдай кеп,
Қарғаның үстіндегі шыбындай боп.
Ескендір – Дара Шахтың мұрагері,
Жам
110 
– оның қайратының куәгері.
Атқылап от қарумен шашқан жалын,
Жауының талқандады тас қорғанын.
«Тәуекел, қолдар өзі пәруадігер,
Қорғанға кірейік!» – деп, тепсінді жер.
Даналар бірақ оған жібермеді,
Ашуды ақылменен шідерледі.
Десті олар: «Бүгін ұрыс бастамайық,
Ертеңге дейін тосып, баспалайық.
Ондағы сейілген жоқ қара мұнар,
Адамға тигізетін залалы бар!»
Арылып ақ аспаны ала бұлттан,
Жайланды Шах көңілі алабұртқан.
110
Жам – Жамшид. Аңызға айналған Иран шахы.


331
Оралып ордасына сауық құрды,
Талайдың дертті жанын сауықтырды.
Жинап ап жайсаңдарын кемел нұрлы,
Сыйлық пен сияпатқа кенелдірді.
Марқайтты, масайратты көтермелеп,
Қараша хан мейірін етер медет.
Ескендір жауына атқан қызыл доптай,
Жалындап күн де батты қызулы оттай.
Рақатқа бөленгендер шат-шадыман,
Шаралап зәмзәм ішті Шах қолынан.
Желпіді бақыт лебі төңіректі,
Қоштасып, тыныстауға бәрі кетті.
Қанғандар сусынына шат күлкінің,
Тербелді құшағында тәтті ұйқының.
Секілді Ескендірдің отты шары,
Күн шықты. Жарқырады көк құшағы.
Күндей боп Ескендір де нұр жайнады,
Сүйсініп сипатына тұрды аймағы.
Алдына әскерінің шауып шықты,
Рүстемдей піл тұрпатты алып, мықты.
Қалың қол жер жаңғыртып атқа мінді,
Қорғанға тасқын судай ақтарылды.
Құйылды тау ішіне тыныстамай,
Шұбырған илеуіне құмырсқадай.
Бір кезде құйындатып қопаң қаққан,
Көрінді жалғыз қара шаһар жақтан.
Жаушы екен. Тағзым етті тақсырға ол да:
Бір қолда – қала кілті, хат – бір қолда.
Паш етіп кигендерін құлдық тәжін,
Жазыпты қала халқы мұң-мұқтажын.


332
«Маллудың табанында иленіп ек,
Азаптан көз ашпастай күйге еніп ек!
Салмағын қасіреттің иыққа арттық,
Қорланып құлдан бетер, күйік тарттық.
Жаныңа құдай қуат берсін ұдай,
Жоғалды сенен шошып ол сұмырай.
Құтқардың қиянаттан, қияпаттан,
Қидалап желкемізді қия шапқан.
Ұлы Шах, өзіңде енді мәңгі ырқымыз,
Жолыңа құрбан жан мен мал-мүлкіміз.
Құлдықпыз әміріңе ақиқатты,
Ынтықпыз дидарыңа күн сипатты.
Құп көрсең, жамиғатқа жар саламыз,
Алдыңнан бүкіл қауым қарсы аламыз!»
Ескендір жаздырды хат сақтап әдеп:
«Қарсы алып, болмаңыздар босқа әлек.
Бекерге шашылғанша шығындалып,
Тілеңдер тілеуімді тілімді алып.
Боспаңдар үрейленіп, күн бұлтынан,
Сейілер бастарыңнан бұлдыр тұман!»
Оқылып хаттың сөзі болмай жатып,
Қалаға кірді Ескендір қол жайнатып.
Танытпай салтанатын тұра ала ма,
Салдырған Маллу сарай бұл араға.
Шырақтай сәуле шашып ойнаған нұр,
Сарайдың айналасы жайнаған гүл.
Қоршалған дуалменен тау жақтағы,
Атаған бұл гүлзарды «Жәнннат бағы!»
Көз жауын алып мынау оңаша бақ,
Таңданды кірген әскер тамашалап.


333
Маңайға хабар кетті желдей тарап,
Қызықтан қалған ба әсте ел бейтарап.
Әкімдер Шах ойының сезді астарын,
Қуанды олжа көріп өз бастарын.
Шах үшін дұға оқысты жабыла жұрт,
Үндері тұрды естіліп ауық-ауық.
Түсіртпей қиянаттың көлеңкесін,
Көтеріп тастады Шах ел еңсесін.
Берді әмір тартпасын деп халық зардап,
Пысықтар пайдакүнем жанын жалдап.
Біреуді кім зарлатса малша қорлап,
Өзінің қылша мойны талша болмақ.
Темірдей тыйым салды әскеріне, – 
Батырмақ емес тізе жас-кәріге.
Мойнына оңай ма елдің бұйрықты арту,
Жан-жақтан келіп жатты сыйлық-тарту.
Орнатты тыныш тірлік дархан патша,
Жолында алмады ешкім дархам жатса.
Ескендір бал шарапқа жүзіп тағы,
Жиһазын Кашмирдің қызықтады.
Ат көпір алып жатқан оң мен солды,
Тартуды небір қымбат көзбен шолды.
Толтырып тостағанды, сырлы аяқты,
Көл-көсір шырын-шарап судай ақты.
Маллудың қазынасының кілтшісі,
Келді енді Ескендірге құрып мысы.
Басады жалпағынан кім жалғанды,
Кеткенде Маллу қашып, бұл қалған-ды.
Табыстап өз қолымен кілттерді,
Сый тартып, сияпат қып үміттенді.


334
Қазына көрген көзді алды үйіріп,
Лағылдың өзі таудай қалды үйіліп.
Шараппен шалқу ләзім осындайда,
Құр қалсаң, дертіңе дерт қосылмай ма?!
Сөз болып жазу сыры шарадағы,
Арқауы әңгіменің саралады:
Жамшид Шах алған кезде жарты әлемді,
Қырғындап, қалтыратқан қаншама елді.
Жинап ап даналарды ойдан-қырдан,
Екі ауыз қос шараға сөз жаздырған.
Атапты «ақыл», «ләззат» шарасы деп,
Бақытты – ұстағандар шамасы кеп.
Ақылың асса ғана даңқың асар,
Өздерің түптеп ойлап, талқыға сал.
Әлемді білімпаздар қолда ойнатар,
Әлдилеп тіршілікті, жан жайнатар.
Келсе де уын бойға таратқысы,
Олрға жетпесе екен шарап күші!
Жарқылдап қанша ішсе де жайраңдасын,
Аяғы ренішке айналмасын.
Сүрініп құламасын тәлтіректеп,
Тік жүрсін өзіне-өзі ол тірек боп.
Шарада шарап шалқып толқымаса,
Соқпайды сауыққа да зауқың аса.
Зияны пайдасынан болып басым,
Шараптан әлем бірақ зорықпасын.
Толтыра құйды шарап Ескендірге,
Көңілді отырсын деп көппен бірге.
Қысаған жан жоқ ешбір оны ішуге,
Жайнады тоты құстай топ ішінде.


335
Серпіліп, тулағандай қан бойдағы,
Ойынан арылды бір қай-қайдағы.
* * *
Уа, достым, тұнық шарап, толтыра құй!
Түлесін жұрттың жаны, толқып ән-күй.
Қызуын тұла бойға таратқан кіл,
Тартпасын пенде зардап шараптан бұл.
Сазындай Кашмирдің жан тербетер,
Шырқатып сұлу әнді берсең, жетер!
Әніңді үзбеші бір мен тынғанша,
Шарада соңғы тамшы сарқылғанша!
Ей, Науаи, сол шараға үйір болма,
Түсірер харам-шарап қиын жолға.
Ішерсің ұсынса тек ару ғана,
Дертіңе сонда болар дәру-дауа!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет