Педагогикалық теория туралы түсінік. Әдіснама, әдіс пен теория бір-бірімен тығыз байланысты. Теория – танымдық үдерістің нәтижесі, ал әдіснама болса осы танымға жету мен оны құру тәсілі болып табылады. Бұл – теориялық және практикалық ғылыми-танымдық іс әрекетті ұйымдастыру мен құрастырудың негізі мен тәсілдер жүйесі, осы жүйені тану жолы. Таным теориясы тұтас танымдық іс-әрекет үдерісін және ең алдымен оның мазмұндық негізін зерттейді. Әдіснама шынайы және практикалық түрде тиімді білімге жетудің әдістерімен жолдарына көп көңіл бөледі, осы білімді дамытудың тәсілдерін іздестіреді.
Кез келген әдіснамалық мәселелерді шешу белгілі бір гносеологиялық принциптер негізінде құралған бастапқы әдіснамалық тұжырымда жүзеге асады. Адамның танымдық іс әрекетінің жалпы заңдылықтарын, оның даму заңдарын қалыптастыру философия ғылымының мәселесі. Демек, әдіснамалық тұжырымдар ғылымның философиялық негіздерімен психология ғылымының зерттейтін саласының жетістіктеріне байланысты ажыратылады.
Теориялық білім, жалпы мағынасында ‒ белгілі бір психологиялық-педагогикалық құбылысты талқылауға, қолдануға және түсіндіруге бағытталған ғылыми көзқарастар, түсініктер, идеялар жиынтығы. Ал тар және арнайы мағынасында – психологиялық-педагогикалық құбылыстардың заңдылықтары мен байланыстары туралы тұтас түсінік беретін ғылыми білімді ұйымдастыру формасы. Теория өзара байланысты білімдер жиынтығы ғана емес, сонымен қатар, ол ‒ осы білімдердің белгілі бір зерттеу бағдарламасы түрінде құралуының механизмі. Теориялық білім зерттеушіге оның не нәрсені біле алатынын көрсетсе, практикалық білім оны не істеу керектігіне бағыттайды.
Педагогикалық теория педагогикалық практиканы саралау негізінде педагогикалық болжамдар ұсынуға, алынған ғылыми фактілерді тексеруге, қабылданған ережелерді қалыптастыруға, нәтижесінде педагогика ғылымының дұрыс та, жан-жақты дамуына әсер етеді.
Педагогикалық теория (грек. ‒ бақылау, зерттеу) – педагогикалық тәжірибенің, практиканың, тәрбиенің, оқытудың, білімнің логикалық жиыны; педагогикалық ойлар жүйесі; заңдылықтың ғылыми түсіндірмесі және мақсат, міндет, мазмұнның негіздемесі, педагогикалық қызметті іске асыру әдістері.
Достарыңызбен бөлісу: |