Педагогика тарихы


-2000 ж. ж. Қазақстандағы педагогикалық зерттеулердің негізгі бағыттары



бет108/113
Дата23.12.2023
өлшемі2.03 Mb.
#487680
түріОқулық
1   ...   105   106   107   108   109   110   111   112   113
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

1990-2000 ж. ж. Қазақстандағы педагогикалық зерттеулердің негізгі бағыттары

Ғасырлар тоғысында Қазақстанның ғылымы өте қарқынды дамыды. 1990-2005 жылдары Қазақстандағы педагогикалық зерттеулердің негізгі бағыттары, біріншіден, Кеңес өкіметі жылдарында жинақталған барлық оң нәтижелерді сақтау және қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайларды ескере отырып, қазақстандық білім беру жүйесінің жаңа моделін жасау жолдарын іздестіру бағытында жүргізіліп келді. Екінші бағыты - қазіргі таңда жүргізіліп отырған реформалар қажеттігінің мәнісін айқындай отырып, ғылыми зерделеу мәселелерін қолға алу болды.


1990 жылдардан бастап ұлттық тарих, мәдениет пен білім беру саласы бойынша кеңестік дәуірде зерттелмеген тарих қойнауында, мұрағат қорларында жатқан еңбектер зерттеліп, Қазақстан білімі мен ғылымының дамуына іргелі үлес қосылды. Қазақстан Республикасының білім мазмұны, оны жаңарту жолдары жөнінде алғашқы қорытындылар жасалды. Шағын жинақталған мектептер проблемалары зерттеліп, олардың шешілу жолдары жөнінде жасалған қорытындылар бойынша ұсыныстар берілді.
Зерттеудің нәтижесінде “Жалпы білім беретін қазақ мектебі тұжырымдамасы“, "Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептердің даму тұжырымдамасы" (1995), "Жалпы білім мазмұнының тұжырымдамасы" (1995), “Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептерде оқытудың жаңа әдістемелік жүйесін қалыптастырудың теориялық негіздері”(1999), “Саралап оқытудың дидактикалық негіздері” (2000) (Нұрахметов Н.Н., Жадрина М.Ж., т.б.) дайындалды.
Республикадағы ғылыми жетістіктерді мектеп тәжірибесіне ендіруге байланысты іргелі зерттеулер жүргізілді. 1988-1995 жылдар аралығында “Қазақстан мектептерінің тәжірибесіне ғылыми ұсыныстар мен озат тәжірибені ендіруді жетілдіру”, “Қазақстан мектептерінде базалық және бағдарлы білім беруге көшуге байланысты оқу-тәрбие жұмысына ғылыми жаңалықтарды ендіруді ұйымдастыру”, “Жалпы білім беретін мектептегі инновациялық оқытудың теориялық негіздері” атты зерттеу тақырыптары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілді.
1991-2002 жылдар аралығында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселесі бойынша “Қазақ балабақшаларындағы балаларды тәрбиелеу, білім беру мазмұны, формалары мен әдістерінің ғылыми-әдістемелік негіздері”, “Қазақ балабақшаларында тәрбиелеу мен білім беруді халықтық педагогикаға сәйкес кешенді жүргізудің ғылыми-әдістемелік негіздері”, “Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде оқу-тәрбие үрдісін жетілдірудің ғылыми негіздері” атты іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде қазақ балабақшаларына арналған төл туынды “Балбөбек” бағдарламасы және оны толық іске асыруға арналған 17 аталым мен оқу-әдістемелік кешен дайындалды. “Бөбектерге байғазы” көркем шығармалар хрестоматиясы, “Отбасында баланы мектепке дайындау”, “Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамыту әдістемесі”, т.б. атты еңбектер жарияланды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі шешімімен мектепалды топтары мен сыныптарына арналған бағдарламалар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындалып, республикалық деңгейде іс-тәжірибеге енгізілді.
Ғасырлар тоғысында бастауыш білім беру жүйесі бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары қарқынды дамыды. 1990-2002 жылдар аралығында “Төрт жылдық бастауыш мектептің 1-2 сыныптарында интеграциялық-кешенді оқытудың құрылымы мен мазмұнын жаңарту” (жетекші Ш.Майғаранова), “Шағын жинақталған бастауыш сыныптарда оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ерекшеліктері” (жетекші З.Бейсенбаев), “Бастауыш мектептің білім мазмұны мен оқыту әдістемесін жетілдіру” (жетекші К.Жүнісова), “Мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұнын жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері”, т.б. ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Жоғарыдағы ғылыми зерттеулердің нәтижесінде 1998 жылы “Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасы”, “Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысының оқу бағдарламалары” (1-4 сыныптар) қазақ, орыс, ұйғыр мектептері үшін барлық пәндер бойынша жарияланды, ал 2001-2002 жылдары оларды жетілдіру жұмыстары жүргізілді.
1997-2000 жылдар аралығында 140 атаумен қазақ, ұйғыр, орыс мектептері үшін 1-4 сыныптарға арналған барлық пәндер бойынша жаңа буын оқулықтары баспада жарық көрді.
Республикада шағын кешенді мектептер өзекті, зерттеуді қажет ететін мәселе болғандықтан “Шағын жинақталған мектептерде оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері” атты іргелі ғылыми зерттеу жүргізіліп, “Шағын жинақталған мектепте білім берудің тұжырымдамасы”, “Шағын жинақталған мектепте білім беру (Образование в малокомплектной школе)” еңбектер жарияланды.
Қазақ тілі мен әдебиеті, екінші тілі мен әдебиеті мәселелері бойынша “Жалпы білім беретін мектептердегі тіл мен әдебиет пәндері мазмұнын, оқыту формалары мен әдістерін жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері”, “Шетел тілін оқытудың мазмұны мен әдістемелік жүйесін жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері”, “Жалпы білім беретін мектептердегі ұйғыр тілі мен әдебиетінің білім мазмұнын жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері” кешенді ғылыми тақырыптары бойынша зерттеулер жүргізілді.
Жаратылыстану ғылымдары бойынша “Жалпы білім беретін мектепте жаратылыстану-математика пәндерінің мазмұнын, оқыту формалары мен әдістерін жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері”, “Дәстүрлі мектептегі оқыту процесін ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету”, “Химияны оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері және мектептегі оқу үрдісін әдістемелік қамтамасыз ету” және қоғамдық ғылым саласы бойынша мектептегі білім мазмұнын жандандыруға байланысты “Қоғамдық пәндердің білім мазмұнын жетілдірудің ғылыми-әдістемелік негіздері” және “Қоғамдық пәндердің әдістемелік жүйесін жетілдірудің ғылыми негіздері” зерттеулердің нәтижесінде әр пән бойынша білім мазмұнының тұжырымдамасы, білім стандарттары, типтік бағдарламалары және ғылыми-әдістемелік кешендер дайындалды.
Орта арнаулы кәсіптік білім беру бойынша да елеулі ғылыми-зерттеулер жүргізілді. 2000-2003 жылдар аралығында “Кәсіби білім берудің үздіксіз жүйесін дамытуды ғылыми-педагогикалық тұрғыдан қамтамасыз ету”, “Үздіксіз кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың ғылыми-педагогикалық негіздемесін қамтамасыз ету” деп аталатын қолданбалы зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде біріншіден, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптары, принциптері және концептуальды негіздері қаланды, екіншіден, кәсіптік білімді модельдеудің педагогикалық технологиясы жасалды.
Педагогика ғылымының аса қарқынды дамуына профессорлар Т.С.Садықов, Н.Н.Нұрахметов, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері А.П.Сейтешев, К.Қ.Құнантаева, Б.К.Момынбаев және Г.А.Уманов, М.Ә.Құдайқұлов, Н.Д.Хмель, Г.М.Храпченков, Б.Әбдікәрімов, А.Қ.Құсайынов, Г.Қ.Нұрғалиева, Х.Қ.Жампейісова, В.В.Егоров, т.б. үлес қосты
Еліміз егемендік алғаннан кейін педагогика және психология саласы бойынша, әсіресе қазақ мектебіндегі оқу-тәрбие мәселесіне және оның дамуына байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге аса мән берілді. Зерттеу жұмыстары қоғамдық ағымның талаптарына сай ұлттық тарихи мұраларымызды бүгінгі ғылымның дамуымен байланыстыра отырылып сараланды.
Педагогикалық ғылымының тың саласы халықтық педагогика, этнопедагогика ғылымының дамуы, халықтық мұралардың бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдаланудың маңыздылығы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Халықтық педагогика мұралары бойынша алғаш зерттеу жұмысын жүргізген А.Мұхамбаева, С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, С.Ұзақбаева, Қ.Бөлеев, Ж.Асанов, Ә.Табылдиев, С.Ғаббасов т.б. болды. Этнопедагогика ғылымының әдіснамалық негізі бойынша алғаш рет докторлық диссертация К.Ж.Кожахметованың зерттеуімен “Қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдіснамалық негіздері” атты тақырыпта 1998 жылы қорғалды. Аталған зерттеу жұмысы ұлттық педагогика ғылымының қолданбалы және іргелі зерттеу саласына қосылған алғашқы құнды ғылыми жұмыс болып табылды.
1999-2005 жылдар аралығындағы қазақ мектебінің даму тарихы, ондағы оқу-тәрбие жұмысын жандандыруға байланысты жүргізілген зерттеулер тәуелсіз Қазақстанның білімі мен ғылымының дамуын жетілдіруге жан-жақты ықпал етті. А.Н.Ильясованың Қазақстандағы педагогикалық теорияның дамуы, Ж.Ж.Наурызбайдың оқушы-жастарға этномәдени білім берудің ғылыми-педагогикалық негіздері, Р.К.Дүйсенбінованың қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің ғылыми-педагогикалық негіздері, Ш.Майғаранованың бастауыш мектептің даму тарихы бойынша жасалған зерттеу жұмыстары ұлттық білім беру жүйесінің дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, А.Дайрабаеваның қазақ қыздарының тарихы туралы зерттеу жұмысы қазақ қыздарының тарихтан алар орны және олардың тәлімдік мұрасының бүгінгі қазақ қызын тәрбиелеуде негізгі орын алады.
Ғасырлар тоғысында Қазақстанның білім беру жүйесінде іргелі реформалар жүргізіліп, ұлттық білім беру жүйесін әлемдік білім беру жүйесімен, әлемдік стандартқа негіздей отырып сабақтастыру көзделді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   105   106   107   108   109   110   111   112   113




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет