Педагогика тарихы


ХІХ ғасыр философиясындағы педагогикалық идеялар



бет24/113
Дата23.12.2023
өлшемі2.03 Mb.
#487680
түріОқулық
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   113
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

ХІХ ғасыр философиясындағы педагогикалық идеялар. XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бiрiншi жартысында Германияда философиялық қозғалыстың дамуына арқау болған басты бағдар – диалектиканы шындықты танудың теориясы мен әдiсi ретiнде түсiндi. Ғылым тарихында бұл қозғалысты “немiстiң классикалық философиясы” деп атады. Оның өкiлдерi (И.Кант, Ф.Шлейермахер, И.Финте, Г.Гегель) жаңа заман педагогикасының дамуына ерекше үлес қосты.
Иммануил Кант (1724-1804) Кенигсбергтегi университетте профессор мiндетiн атқарып, философия және педагогика курстарына дәрiстер оқыды.
Ол философияның мазмұндық мәнi – табиғат заңдылықтары тәрiздес адамдар ерiк-күйi бойынша заң нормаларын ұстап, өмiрде өз орнын табу, өзiн-өзi жетiлдiруге талпынуы тиiс деп есептеді. И.Кант адамның адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруда iшкi жан-дүниесiнiң ар-ожданын оятуға көңiл бөлдi.
И.Финте (1762-1814) болса педагогикалық тұрғыдан адамның жеке тұлғасы ешкімге тәуелсіз, белсенді болғанда қоғамға пайдасы мол тиеді деген пікірде болды. Оның пікірінше, білім арқылы ұлттық мәдениетті адам ұғынып түсінеді, сол арқылы жалпы адамзаттық мәдениетті игереді.
Ал, Ф.Шлейермахер (1768-1834) тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылуы барысында үлкен мен кішінің арасында келіспеушілік болмайды деп санады. Педагогика болса, бұл “өнер” дей келе тәрбие мен оқыту мазмұндарын этикамен және саясатпен ұштастырады.
Гегель Георг Вильгельм Фридрих (1770-1831) жеке тұлғаны қалыптастыру жайлы айтқанда адам тарихтың нәтижесі, ақыл мен өзін-өзі тану адамзат өркениетінің қызметінің жемісі деген қорытындыға келеді. Гегель тәрбиенің даму тарихы мен адамзат өркениеті тарихын диалектикалық байланыста қарастыруға талпынды. Тәрбие арқылы жеке тұлға қоғамдық мәдени өмірге белсенді қатысып, айналасын қоршаған ортамен қарым-қатынастар жасау арқылы қалыптасады деген пікірді дәлелдеді. Ол тәрбие мен оқыту мәселелерін тарихи және жүйелілік тұрғыда қарастырды, қоғамның еркін мүшесі білімді азамат қалыптастыруға ұмтылды, білім берудің элитарлық тұжырымдамаларына қарсы шықты. Тәрбиенің оқыту мен тәртіп сияқты жақтарын бөліп көрсетті. Оқытудың мақсаты- өзіндік ойлау қалыптастыру екенін айтты. Баланы отбасы мен мемлекет тәрбиелеуге міндетті деді.
Француз ағартушыларының тәрбие туралы ілімдері 1789-1794 жылдардағы төңкеріс қайреткерлері мен социал-утопистердің (Сен-Симон, Фурье, Оуэн) педагогикалық идеяларына күшті әсерін тигізді.
Атақты француз жазушысы, ағартушы-философ, педагог Жан Жак Руссо (1712-1778) ХVІІІ ғасырдағы төңкеріс қарсаңындағы интеллигенцияның дарынды өкілінің бірі болды. Ол Париждегі алдыңғы қатарлы интеллигенцияның өкілдері Дидро, Даламбар, Вольтер, т.б. байланыс жасап, солардың ықпалында “Адамдар арасындағы теңсіздіктің пайда болуы туралы” (1754ж.) және “Қоғамдық шарт” (1762ж.) деген шығармалар жазып, әлеуметтік теңсіздікке қоғамдық мәдениеттің төмендігіне, жай халықтың ауыр тұрмысының әсері барын айқын ашып береді. Ал 1762 жылы “Эмиль, немесе оны тәрбиелеу” туралы соңғы шығармасында жаңа адамды тәрбиелеудің және оның тәрбиесінің педагогикалық жүйесін ұсынады. Бұл атақты роман король шенеуніктері мен дін басыларының ыза-кегін туғызды. Соның нәтижесі, Париж парламенті “Эмильді” өртеу туралы қаулы қабылдап, ақыры оны жойып тынды. “Қоғамдық шарт” шығармасында халықтың қамын қамтамасыз ететін үкімет, сондықтан да шарт бойынша адамдар өз құқықтарын үкіметке тапсырады делінген. Руссоның пікірінше, бастапқы қоғамдық шарт бойынша үкімет халыққа қызмет жасап отыруы тиіс, ал егер, олай болмаса, корольдың бізге қажеті жоқ деген пікірді айтады. Адамды адам қанауы болмасын, оған бостандық, теңдік және бауырмашылдық қарым-қатынастары бар қоғамдық құрылыс, яғни ұсақ жеке меншіктің, жер иелері мен қолөнершілер қоғамдық құрылымы керек деп армандайды.
Адам еңбегі арқылы өмір сүріп, ешкімге тәуелсіз, бостандықты қадірлей білуге тәрбиеленуі қажет. Жеткіншектерді табиғатқа сәйкес жас ерекшелігін ескеріп, жеке бастарын қадірлеп, олардың қызығушылықтары мен ішкі талап-тілектерін тәрбие үрдісінде басшылыққа алуды міндеттейді. Отбасындағы тәрбие еркін, табиғи болуы керек және тәрбие табиғат, адам, заттар арқылы іске асады деп тұжырымдады.
Ж.Ж.Руссо баланың өсу және әр кезеңдегі даму ерекшеліктеріне қарай: баланың туған күнінен 2 жасқа толғанға дейінгі; 2-ден 12 жасқа дейінгі кезең; 12-ден 15 жасқа және 15 жастан ержеткенге дейінгі кезеңдерге бөледі.
Ж.Ж.Руссо өзінің саяси және философиялық көзқарастарына қарай екі жасқа дейінгі балаға дене тәрбиесін беріп, денесін шынықтыру керек. Баланың 2-12 жастар аралықтарында денесін шынықтырумен қатар, сыртқы сезім мүшелерін жетілдіру қажет. Бірақ, осы жаста балаға оқуға, ойлантып-толғандыруға, жаттатуға болмайды, өйткені адамгершілік және оқу материалдарынан ұғым-түсініктер жасауға қабілеті жоқ дегенді дәлелдеумен болды. Бозбала 12-15 жас аралықтарында өзін-өзі билеу дәрежесіне жетіп, ақыл-ой деңгейі өскендіктен, білім бергенде оқушының қызығушылығы мен талабына сай айналасын қоршаған дүниеге, байқап сезуіне байланысты жағрапия, астрономия, табиғаттану пәндерін ерекше оқыту керек дегенге назар аударады. Оның оқыту әдістемесінен айтқан кеңесі: балаға оқу материалын түсінбейінше, жаттатпау; білімді ой елегінен өткізіп, өздігінен қорытынды жасауға дағдыландыру қажет деген пікірді ұсынды.
Ж.Ж..Руссо дидактикасының негізін құраған мақсаты – оқушының оқу іс-әрекетін, зеректілігін, зейінділігін, байқампаздығын дамыту болды. Еңбек тәрбиесін өмірмен, практикамен байланыстыру, оның педагогика- практикасына қосқан үлесі деуге болады.
Ол жасөспірімге 15 жасқа толғанынан бастап адамгершілік тәрбиесін бергенде мейірімділік мінез-құлыққа, терең ақыл-ойға, еркін ерік-күйге тәрбиелеу, оларды өмірге дайындау керек. Сөйтіп, ол Эмильдің адамгершілік қасиеттерін ақылды, қайратты, иманды, білім деңгейін талапқа сай шағын қолөнерші етіп қалыптастыруға ниеттеніп, жаңа адамның мұратты бейнесін жасауға талпынды. Ж.Ж.Руссоның педагогикалық идеясын Батыс Еуропа мен Ресейдің зиялы қауымдары жоғары бағалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   113




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет