К.Д.Ушинский - Ресей ғылыми педагогикасының негізін қалаушы. К.Д.Ушинский теориясының басты идеясы - халықтық тәрбие беруге саяды, ол халықтың шығармашылық қабілеті мен күшіне сенім арту қажеттілігін және олардың білім алуға құқы болуы керектігін айтты.
Оның халықшылдық идеясы ұлттық тұрғыдан шектелу дегенді білдірмейді. Өзге халықтардың жетістіктерінің пайдасын жоғары бағалай келіп, ол халықтық білім беру негізінің мықтылығына тоқталады. Мектеп ісін басқаруда қоғамдық ой-пікір мен халықтық идеяны басшылыққа алудың маңызын көрсетеді. Осы ұстаным тұрғысынан К.Д.Ушинский ер балалар мен қыздарға жалпы білімді ана тілінде беру керек дегенді баса айтты.
Орыс мектептерінде халықтық ұстанымды сақтау үшін орыс тілінің алдыңғы пәндер қатарына шығарылуын талап етті. Ана тілінде оқыту баланың сөзді түйсініп, сезіну, түсіну қабілетін, дүниетанымын арттырады, сөз құпиясын ашады (“кез келген білім - ана тілге оранған болуы тиіс”) деді. Халықтық принцип еңбекпен тығыз байланысты, бұл жеке тұлғаны дамытудың негізгі факторы, баланы еңбекке баулу арқылы халықтың өміріне терең бойлап, оны мейілінше түсініп, сезінуіне болады деп түсіндірді.
К.Д.Ушинский тәрбиені “тарихты жасаушы” деп қарастырды. Адам тәрбие пәні болса, ал педагогика адам тәрбиелеуді жан-жақты қарастыру үшін оны терең зерттеп білуі тиіс. Адамды физиологиялық және психикалық тұрғыдан зерттеп, қоғамдық ортаның “уақыт рухын”, оның мәдениеті мен қоғам идеалының ықпалын - “бағытталмаған тәрбие” ықпалын ескеру керек деп санады.
Педагогика “бағытты тәрбиені” ұйымдастыру үрдісінде адам туралы ғылым жетістіктерін қолданады, оны К.Д.Ушинский “антропологиялық” деп атады: философия, саясиэкономия, тарих, әдебиет, психология, анатомия, физиология, т.б.
К.Д.Ушинскийдің “антропологиялық” ұстанымы физиологиялық және психикалық үрдістерді жоғары ғылыми деңгейде түсінуге, іргелі педагогикалық мәселелерді, әсіресе дидактика саласындағы мәселелерді шешуге көмектесті. Сонымен қатар ол, оқытуды ақыл-ой, адамгершілік, дене дамуының құралы деп қарастырды. Оқыту білім беру және тәрбиелеуді жүзеге асырады.
Оқыту үрдісінде мұғалім оқушыларға білім беріп, дағдыны қалыптастырса, ал оқушылар білім мен дағдыны меңгереді.
Көрнекті педагог оқыту үрдісін екі кезеңге бөлді. Бірінші кезеңде - білімді белгілі бір жүйеге келтіру. Ол үшін зат пен құбылысты біртіндеп қабылдау керек; оларды салыстырып, ортақ қасиеттерін табу шарт; алғашқы ұғымдарын қалыптастыру; ол ұғымдарды жүйеге келтіру.
Екінші кезеңнің мәні - алған білімі мен дағдысын қорытып, бекіту.
Оқыту үдерісі негізгі дидактикалық ұстанымдарға негізделуі тиіс: саналылық пен белсенділік, көрнекілік, бірізділік, түсініктілік, беріктік.
Ол оқытудағы әлемдік сыныптық-сабақтық жүйені қолдап, оны мектептегі оқытуды ұйымдастырудың ең тиімдісі деп санады. Оның жүйесінде белгілі тәртіпті қадағалауы тиіс: сыныптағы тұрақты оқушылар санының болуы; сабақтың өтілу реті сақталып оқу кестесінің құрылуы; мұғалімнің бүкіл сынып оқушыларымен және жеке оқушымен жұмыс жасауы.
К.Д.Ушинский оқытудың сабақтық-сыныптық жүйесіндегі жетекші рөлді мұғалім атқарады, сабақтың әр түрлі өтуі оның мақсатына байланысты екендігін айтты.
Сабақты даярлау және оны өткізу мұғалімнің педагогикалық шеберлігі мен алдын ала дайындығын қажет етеді деді. Сабақты ұйымдастырудың негізгі талаптары: жоспарлау, жаңа тақырыпты түсіндіру, сабақтың гигиенасы. Сыныптық-сабақтық жүйені толықтыратын оқушылардың үй тапсырмаларын орындау қызметі - өздігінен жұмыс жасау деп санады.
К.Д.Ушинский екі деңгейлі дидактика туралы ілім жасады: жалпы дидактика оқытудың басты ұстанымдары мен әдістерін зерттейді. Ал жеке пән дидактикасы оқыту ұстанымдары мен әдістерін нақты пән аясында зерттейді; әмбебап дидактика - оған жинақтау және талдау идеяларын қолдану жатады; жекелеген дидактикаға – оқыту теориясы мен әдістемесі, баяндау, зертханалық-практикалық жұмыс, жазба жұмыстар, кітаппен жұмыс, т.б. қосылады.
Ушинскийдің негізгі тезисі – оқыту мен тәрбиенің бірлігін қамтамасыз ету болатын. Ол тәрбиенің маңыздырақ екеніне тоқталып, жалпы ақыл-ойдың дамуы тәрбиелікпен сабақтасып, толығуы керек деп түйіндейді.
Адамгершілік пен адамгершілік тәрбиесі К.Д.Ушинский еңбектерінде халықтық идеямен бірлікте қарастырылады. Діннің қоғамдық моралді қалыптастырудағы тәрбиелік мәнін мойындай отырып, ол мектеп пен ғылымның дербес болуын талап етті. Адамның адамгершілік дамуын К.Д, ушинский қоғамдық-тарихи дамумен байланысты қарастырады. Оның адамгершілік тәрбие туралы жүйесі беделге емес, жағымды мысалдарға, мұғалімнің адамгершілік ықпалына, “баланың саналы іс-әрекетіне”, адамды жақсы көру, құрметтеу, сүюге негізделеді
Достарыңызбен бөлісу: |