Педагогикалық Қарым-қатынас этикасы мен мәдениеті. «Педагог-оқушы» Қатынастарының ЖҮйесі



Дата31.10.2023
өлшемі87.46 Kb.
#482032
f63c5186a33fc9


ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЭТИКАСЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ. «ПЕДАГОГ-ОҚУШЫ» ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ

  1. Балалардың ата-аналармен қарым-қатынасындағы педагогтың этикасы.

Отбасының алтын діңгегі, берік тұтқасы əке мен шеше десек, солардан өрбіген бала-шаға, үрім-бұтақ жайқалып өскен мəуелі ағаштың бұтағы сияқты тал бесік, ұшқан ұяңды көркейтіп, ерекше сəн беріп тұрары сөзсіз. Атақты ойшыл ағартушымыз Абай Құнанбаев «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анадан, ұстаздан, құрбысынан, əсіресе, солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген. Жүсіп Баласағұнның: «Болса тəртіп, бала өседі сомдалып, қатаң ұста, бос жүрмесін сандалып» дегені адамгершілігі мол, əдепті, байсалды, ұғымтал, тілалғыш етіп тəрбиеле деп айтқанын түсінуге болады. Қазақтың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсаринның шығармаларында көтерілген өзекті мəселе - жастарды түрлі жақсы қасиеттерге баулу, жаман істерден жирендіру. Ата-ана жанұя мүшелерінің өзара сыйластығы, ізеттілігі, еңбексүйгіштігі - жанұядағы адамгершілік негізі. Баланың ілтипатты, əдепті, кішіпейілді, көпшіл болуы ең əуелі ата-анасының үлгісіне, өнегесіне, бойындағы адамгершілік қасиеттері оның айналасының игі əсеріне байланысты. Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихының даму барысында жанжақты дамыған адамгершілігі бар тұлға тəрбиелеуге ерте кезден-ақ зор мəн берген. Бала дүниеге келген кезден бастап айтылатын: бесік жыры, тұсау кесер, атқа мінер, санамақ, мақал-мəтел, жұмбақ-жаңылтпаштар, ертегілер т.с.с. Бұл тұста педагогтар тəрбиенің басты ұстанымдарын - жалпы адамзаттық құндылықтар арқылы тұлғаны қалыптастыру, өз халқының мəдениетін, əдебиетін, тілін, салт-дəстүріне, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мəдениетіне салт дəстүрін құрметпен қарайтын мəдениетті адам қалыптастыруы тиіс. Педагог ата-ана, оқушымен байланыстырушы ғана емес, қарымқатынастарын басқарушы, бақылаушы, кеңесші. Педагог, оқушылар жəне олардың ата-аналарымен қарым-қатынастар ұйымдастырғанда төрт түрлі міндеттер атқарады.
Педагог, оқушылар жəне олардың ата-аналарымен қарым-қатынас міндеттері:
Бірінші топ міндеттері : Әлеуметтік міндеттер: баланы қорғау, көмек көрсету, əлеуметтік байланыстар жүйесіне енгізу, отбасымен жəне басқа да тəрбие институттарымен баланың дамуына жəне оның даралық қасиеттерін қалыптастыруға қолайлы жасау үшін байланыс орнату.
Екінші топ міндеттері : Диагностикалық - əдептік-этикалық: сыныппен тəрбие жұмысын ұйымдастыру, сынып жетекшісі өз оқушыларын, олардың ерекшеліктерін, дара қасиеттерін білуі керек.
Үшінші топ міндеттері : Адамгершілік міндеттері: баланың жақсылық пен жамандықтың белгілерін ажырата алуына бағытталған, белгілі жағдаяттарды оқушының адамгершілік шешімдер қабылдай алуына мүмкіндік береді.
Төртінші топ міндеттері : Жеке-дара практикалық: оқушылармен жұмыс ұйымдастырудағы тиімді педагогикалық құралдары таңдап алуды, өз жұмысын жоспарлауды, талдап түзетуді жəне педагогикалық рефлекцияны жатқызуға болады.
Педагог пен ата-ана қарым-қатынасының адамгершілік стилінің негізгі белгісі бір-біріне деген терең сенім жəне шыншылдық болса керек. Ата-ана өзінің мұғалімге айтқан қорқынышы немесе баланың мінез-құлқы мен бейімділігіне бірден бағасы өзінің ұлы мен қызына зияндық жасамайтынына сенімді болуы тиіс. Орта мектептегі оқушылармен ұйымдастыратын тəрбие жұмысы - оқушылардың адамгершілік қасиеті мен дұрыс көзқарасын қалыптастыруға, өнер саласындағы талғам-тілектерін тəрбиелеуге, елжандылық сезімдерін шыңдауға арналады. Этикалық əңгімені ұйымдастыруда жолдастық жəне достық, əділеттік жəне əділетсіздік, қарапайымдылық пен озбырлық, жомарттық жəне қатыгездік қасиеттеріне байланысты жайлар қаралады. Осы мəселеге қатысты өткізілген əңгіме оқушыларға жалпы адамдық мораль ұстанымдарын жақсы ұғынуға, өмір тəжірибиесін дұрыс та нəтижелі қорытуға көмектеседі. Мұғалімнің əңгімесі оқушылардың жауаппікірлерімен ұштасып отырады. Мұндай əңгімені, ең алдымен адамгершілік ұғымдардың мазмұнын анықтап түсіндіруден бастаған жөн. Сонымен бірге əңгіме барысында адамгершілік ұғымдарының мəнін түсінуге нəтижелі мүмкіндік туғызатын нақтылы мысалдар мен деректерді келтірген дұрыс. Оқушылардың адамгершілік түсініктері жəне сенімдерін қалыптастыруда тəрбие сағатын пікірталас түрінде өткізудің маңызы ерекше. Әсіресе, қызықты кездесулер нəтижелі болады. Дегенмен де мұндай кездесу оқушылардың қызығушылығын қанағаттандырып, тəрбиешінің педагогикалық ойын іске асырған жағдайда ғана табысты болмақ. Педагогтың ата-аналармен жұмыста əрқашан жəне кез келген істе педагогикалық нормалар мен мəнерді сақтауға балалардың бойында өзі қалыптастыруға тиісті адамгершілік қарым-қатынастар мұратын берік ұстауға міндетті екенін ескерген жөн болады.


  1. «Мұғалім-бала-ата-ана» жүйесіндегі педагогикалық қарым-қатынастың нормалары.

«Мұғалім-бала-ата-ана» жүйесіндегі педагогикалық қарым-қатынастың нормаларын іске асыруда: Педагог кəсібіне байланысты тақырыптар бойынша ата-аналармен қарым-қатынас орнату үшін əрқашанда ашық болуы керек. Педагог оқушылардың ата-аналарына (заңды өкілдері) құрметпен қарайды жəне мейірімді қарым-қатынас орнатады. Педагог оқушылардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) олардың білімдеріне қатысты кеңес береді. Педагог баланың өзінің ата-анасы туралы немесе атаанасының өзінің баласы туралы айтқан құпия ақпараттарын жарияламайды. Педагог пен ата-ана арасындағы қарым-қатынас тұлғаны бағалау жəне баланың жетістіктерін келісу негізінде құрылады. Ата-анамен білім беру ұйымына көрсетілген қолдау педагогтың оқушыға деген қарым-қатынастарына жəне оқушының бағасына əсер етпейді.


Мұғалімдер (сынып жетекшілері) өз жұмысын ең алдымен оқушыларды, олардың арасындағы қарым-қатынастарды, оқушылардың отбасын зерттеу арқылы бастайды. Зерттеу барысында сынып оқушыларының тəрбиелік дəрежесі анықталады. Соған байланысты тəрбиелік мақсат пен міндеттер айқындалады. Белгіленген мақсатқа сəйкес тəрбие жоспары жасалады: жоспар ол ұжымдық еңбектің белгісі, сынып жетекшісі өз жоспарын жасағанда сыныбының ерекшеліктерін (жас ерекшеліктері, тəрбиелік дəрежесі, қызығушылығы), өзінің қабілетін ескергені жөн. Мұғалім мен оқушылар ата-аналардың арасында қалыптасатын қарымқатынас стилі шешуші рөлге ие болады. Мұғалім мен ата-ананың қарымқатынасында бастауыш рөлді педагог атқарады. Мұғалім ата-аналармен жұмыс істей жүріп балаға оның қылықтарын, оқудағы табыстары мен ұтылыстарына, өз міндеттеріне, көзқарасына тағы басқаларға баға беріп отырады. Мұғалімнің ата-аналармен өзара түсінісуі жайы оның дұрыс жəне бұрыс бағаларды беру дəрежесіне байланысты. Бұл жерде педагог үнемі мына жайды есте ұстауға тиіс: əр жолы баланың жеке басына емес, оның нақты қылығына баға беруі керек, міндетті түрде ата-аналармен бірлесе отырып əрбір жағдайдан шығудың, оны түзеудің жолдарын табуы қажет. Екіншіден, мұғалім балаға теріс баға беру арқылы еріксізден-еріксіз ата-анаға да баға береді. Оның үстіне ата-анаға əрі əке-шеше, əрі тəрбиеші ретінде баға беріледі. Мұғалімнің балаға жəне ата-аналардың тəрбиелік ықпалына дұрыс талап қойып, дұрыс баға беруі педагогикалық тұрғыдан мақсатты, əділетті түрде болуға тиіс. Сонда ғана педагог пен ата-аналардың арасында дұрыс қарым-қатынасқа қол жететін болады. Педагогикалық тұрғыдан дұрыс қарым-қатынас орнату үшін мұғалім мен ата-ана тəрбие мақсаттары мен міндеттерін бірдей дəрежеде түсінуі, балалардың дамуына бірдей көзқараста болуы, əр баланың дамуының перспективалары мен қиындықтарын көре білуі қажет. Оқушының əкесімен, не шешесімен қысқа əңгіме кезінде мұғалімнің балаға наразылығын дұрыс бағытта жеткізе білуі керек. Мұғалімнің бұл ойы түсінікті, ата-ана назарын бірден тəрбие ісіндегі ең басты, ең қиын жағдайға аудармақ болады. Ал ата-ана болса мұндай кездесуден жақсы, ғибратты жаңалық ала алмайды, олар: «Мұғалімнің өзін кінəлап, менің ұлымның (немесе қызымның) бойындағы жақсы жақтарын, ширақтығын, жаңалыққа құштарлығын, жолдастарына жақын тұратын қалайша байқамайды екен» - деп ойлайды. Осыдан келіп дұрыс қарымқатынас орнамайды, ата-ана мұғалімге сенімсіздікпен қарайды. Әсіресе үлгермейтін жəне тəртіпсіз оқушылардың ата-аналарының жағдайы қиын. Іскерлікпен əңгімелесудің орнына мұғалім барлық ата-ананың көзінше əлгіндей оқушы туралы ашуланып айтып береді, оны күлкіге айналдырады. Ал ол баланың ата-анасы болса ұялып, өкініп, реніш үстінде келесі жолы мектепке келмеуге бел байлайды. Сондықтан да мектепте тəртібі мен үлгерімі жақсы оқушылардың ата-аналарының үй ішін əлекке салатын балалардың ата-аналарынан гөрі жиірек жəне ықыластана келетініне таңдануға болмайды. Сондықтан да педагог та, ата-ана да əрбір оқушыға оның бойында одан əрі дамытуға болатын жақсы жақтарына деген оптимистік сеніммен қарауға тиіс. Баланың өз күшіне сенуіне көмектесу - мұғалім мен ата-ананың міндеті. Өзіне өзінің сенуі оқушыны тəрбие субъектісіне айналдырады, ол біртіндеп өзінің алдына əртүрлі міндеттер қойып оны шешудің жолдарын іздеп табатын болады.
Бекіту сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Баланың адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыру туралы отбасындағы адамгершілік-психологиялық ұстанымдарын анықтап, түсінік беріңіз.
2. «Мұғалім-оқушы-ата-ана» жүйесіндегі педагогикалық қарымқатынастың нормаларын сақтауда мұғаліміге қойылатын қандай міндеттер мен талаптарды айта аласыз?
1-тапсырма. Оқушы отбасымен педагогтың қарым-қатынасындағы проблемалық жағдаяттардың себептері мен оларды шешу тəсілдері туралы «Ашық жəне жабық сұрақтар» құрастырыңыздар жəне топта талдау жасаңыздар.


  1. Көпмəдениетті ортадағы педагогикалық қарым-қатынас.

Мəдениеттер арасындағы қарым-қатынас деген ұғымға тоқталар болсақ, ғылыми əдебиеттерде көрсетілгендей, ол əртүрлі тілде сөйлейтін жəне əртүрлі мəдениет иелері арасындағы қатынастар жиынтығы болып табылады. Яғни мəдениетаралық қарым-қатынас дегеніміз - ол əртүрлі мəдениет өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасауы. Австриялық ғалым Х.Ю.Крумның мəдениетаралық қарым-қатынас жайлы еңбектеріне сүйенер болсақ, ол факторлар төмендегідей: жеке бастың қарым-қатынас біліктілігі, сұхбаттасқан адамның жан дүниесін тануға деген құлшыныс, сол халықтың мəдени құндылықтары жайлы білім . Мəдениетаралық қарым-қатынас құзіреттілігін қалыптастырудың, дамытудың алғы шарттары:


а) жат мəдениетті түсініп, өз мəдениетін саналы түрде меңгеру, яғни рецептивтік іскерліктер: басқа мəдениет өкілдерінің вербальды жəне вербальды емес əрекеттерін түсіне білу;
б) басқа мəдени орталарда дұрыс əрекеттену іскерлігін дамыту,яғни продуктивті іскерліктер: сөз туындылары мен вербалды емес əрекеттерді дұрыс жəне белсенді түрде туындата білу;
в) жаңа заманның талаптарына орай, бəсекеге қабілетті, мəдениетаралық қарым-қатынас құзіреттілігі қалыптасқан, кəсіби маман даярлау бүгінгі білім беру жүйесінің басты да негізгі мақсаты екені даусыз. Көпмәдениеттi тұлға деп өз мəдениетi арқылы өзге мəдениеттерге бағыт ұстаған адам ұғынылады. Төл мəдениеттi терең бiлуде ол өзге мəдениеттерге қызығушылықтың iргетасын қаласа, көп мəдениетпен танысу - рухани баю мен дамудың негiзi болады.

Көпмəдениеттілік туралы ілімді зерттеген ұлы ғалымдар мен ағартушылар, ғалым-философтар, педагог-ғалымдар:


Көпмəдениеттілік туралы ілімді алғаш зерттеген ұлы ғалымдар мен ағартушылар - Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, М.Х. Дулати, Ш. Уəлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов ;
Көпмəдениеттілік білім беру идеясын алғаш көтергендер ғалым- философтар - М.М. Бахтин, Н.А. Бердяев, Н.О. Лосский;
Тəуелсіздік алған кезден бері зерттеген педагог-ғалымдар - М.А. Абсатова, М.Х. Балтабаев, Р. Башарұлы, Қ.Б. Бөлеев, Б.А. Жетпісбаева, К.Ж. Қожахметова, Ш.М. Мұхтарова, С.У. Наушабаева, В.В. Сергеева, С.А. Ұзақбаева ;
Көпмəдениетті білім берудің теориясы мен практикасына шетелдік ғалымдар - В.С. Библер, Дж. Бэнкс, Р. Гарсия, К. Грант, Д. Голлник, А.Н. Джуринский, Г.Д. Дмитриев, В.А. Ершов, Л.В. Колобова, М. Коул, Д. Ли, В.В. Макаев, З.А. Малькова, Л.Л.

Бүгінгі таңда əлемде кең өріс алып отырған көпмəдениетті білім берудің басты мақсатын айқындауды ғалымдар бірнеше тұрғыда қарастырады. Американдық ғалымдар, мысалы, ең бастысы, американдық қоғамның əрбір мүшесі өздерінің нəсілдік, ұлттық, əлеуметтік, гендерлік, мəдени жəне діни айырмашылықтарына қарамастан, білім берудің барлық деңгейінде сапалы білім алуы деп санайды. Ресейлік зерттеушілер мұндай білімнің негізгі мақсаты өскелең ұрпақты мəдени өзгешеліктерге құрметпен қарауға тəрбиелеу жəне көпмəдениетті ортада өмір сүруге даярлау деп есептейді. Отандық ғалым-педагогтар көпмəдениетті білім берудің басты мақсаты: - ұлттық құндылықтарға (ана тілі, төл мəдениеті, тарихи жады, салтдəстүрлері жəне т.б.) ұқыпты қарауға тəрбиелеу; -тұлғаның өзін-өзі дамытуы үшін жағдайлармен қамтамасыз ететін мəдени ерекшеліктерге деген оң қарым-қатынасқа тəрбиелеу; -əлем мəдениетінің негіздеріне бейімдеу жəне басқа халық өкілдеріне құрметпен қарауға тəрбиелеу; Тағы бір ерекшелік: Қазақстанда көпмəдениетті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту міндеттерін көпмəдениетті білім беру жүйесімен қатар, этностық-мəдени бiлiм беру саласы да атқарады. Көпмəдениеттi тұлғаны қалыптастыруға бiлiм беру жүйесi арқылы барынша тиiмдi қол жеткiзуде. Бұл міндетті орындауда көпмəдениеттi білім жəне этностық-мəдени бiлiм жүйелері үлкен рөл атқарады.



  1. Педагогикалық қарым-қатынастың адамгершілік мəдениеті жəне оны қалыптастырудың жолдары.

Педагогикалық қарым-қатынас мəдениеті - міндетті түрде «мəдениет» ұғымымен тығыз байланысты. Педагогикалық ойлау мəдениеті, сөйлеу мəдениеті, қарым-қатынас барысында əңгімелесушінің түр-əлпетіне көңіл бөлу, тыңдау мəдениеті, педагогикалық əрекет жасау мəдениеті жəне қарымқатынас барысында қолдау көрсету мəдениеті болып анықталады. Егер мұғалім мəдениеттілік түсінігінен алыс болмаса, ол өзінің жоғары білімділігінің жемісіне қол жеткізеді. Нақ осы мəдениеттілік пен жоғары адамгершілік қасиет мұғалімді лайықты тұлға етеді. Әрбір оқытушы педагогикалық қарым-қатынас жасауды меңгеру керек. Ең қызықты негізгі оқу тəрбие материалдары, ең белсенді оқу-тəрбие əрекеті мен əдістерінің көрсеткіші тек шынайы педагогикалық қарым-қатынаста көрінеді. Педагогтың тəжірибесі, шеберлігі оның оқушылармен қарымқатынасынан байқалады. Педагогикалық қарым-қатынас жасаудағы кемшіліктерге: - қарым-қатынас мəдениеттілігін жетік білмеу; - оқушының танымын түсінбеу; -сабақ барысында қарым-қатынастың қиыншылықтарын басқара білмеу, оқу-тəрбие барысында өзінің сезімі мен тілдік қарым-қатынасын басқарудағы қиындық жатады. Бұл оқу-тəрбие процесінің нəтижелілігін тежейді. Яғни, мұғалімнің педагогикалық мəдениеттілігі, тəжірибесі, шеберлігі оның оқушымен қарым-қатынасынан байқалады. Педагогикалық қарым-қатынастың адамгершілік мəдениеті жəне оны қалыптастырудың жолдарының айрықша көрсеткіші диалогтік қарымқатынас. Орыс философы М.М.Бахтиннің түсінігі бойынша диалог - бұл əрбір диалогқа қатысушының қарым-қатынаста тең дəрежеде болуы, оның өзіндік көзқарасының болуы, жəне өзгенің көзқарасын дұрыс түсініп, белсенді болуы.



Диалогты қарым-қатынасқа сипаттама:
Диалогтың мақсаты - Бірлесіп жауап беру, қарым-қатынасты əр тараптан толықтыру.
Диалогтың құндылығы - Педагогикалық процесте мақсатқа жету, шығармашалық ойлау қабілеті, психологиялық дайындығы, логикалық ойлауды қалыптастыру.
Диалогты оқытуда - Әрбір қатысушы өз ойын білдіруге мүмкіндігі мол, мұғалім зерттеушінің рөлін атқарады, яғни айтылған ойды көркемдеп, кейбір айтылмаған ақпараттармен толықтырады. Ал қатысушы тəрбиеленуші жаңа мазмұнды абыройлы, барлығы мойындайтындай шындық пен абстрактілі білім түрінде жеткізбесе де ол оны өзінің өмірлік тəжірибесімен, өзіндік жеке жетістігімен түсіндіреді.
Диалогтық оқыту формасында мұғалім - Тəрбиеленушілердің санасында оқытушы диктатор немесе заңгер ретінде емес, диалогқа түсудегі əңгімелесуші жəне ол қатынаста қатысушының құқығы мен көзқарасын мойындап қана қоймай, оны дербес талқылауына қызығушылық танытушы.
Диалогтың негізгі талабы - мұғалімнің қарастырылып жатқан мəселе жайында өзіндік ой пікірі болу керек. Мұғалімнің мақсаты мəселені шешіп беру емес, оның мазмұнын тəрбиеленушілерге түсіндіріп, шешу жолын бағыттап, өзі де тəрбиеленушілермен қосылып талқылайды. Міне, осыдан барып бəсекелестік (пікір талас, дискуссия т.б.) туындайды.
Диалогтық оқыту тиімді түріне - Топтық талқылау, дискуссия жатады. Бұл қатынас диалог жəне мəселені топпен шешу жəне білімді мəселені шешу арқылы меңгеру əдісі.
Диалогтық қатынасқа тек мұғалім ғана емес, білімалушы да дайындалу керек. Білімалушыларды диалогты қарым-қатынасқа дайындауда арнайы педагогикалық өмірлік тəжірибе қажет.
Диалогты қарым-қатынасқа сипаттама :
Білімалушылардың диалогтік қарым-қатынастағы тұлғалық қасиеттерінің дамыту міндеттері ;Өзгені өзімен тең санап, тұлға ретінде қабылдауға қалыптасу; Қарым-қатынас процесінде қарым-қатынасқа, икемділікке жəне өзін-өзі ұстай білуге тəрбиелей білу; Өз-өзін сыни талқылауға дайындығын дамыту.
Диалогтік қарым-қатынас бұл педагогикалық қарым-қатынаста мəдениеттіліктің жоғарғы деңгейін қалыптастырушы жəне оқушылардың белгілі бір білім теориясымен қарулануы болып табылады.
Дəрістік қарым-қатынасқа сипаттама :Дәрістік қарым-қатынаста оқушылардың танымдық әрекетінде белсенділікке жетелеу тәсілі;Тыңдаушылардың қатысуымен мəселе туындатып, оны шешу. Танымдық əрекетінің əдіс-тəсілін қолдана білу. Сұрақты ойлану уақытын ұтымды таңдау. Ойын жəне нақты мəселені қолдану; Іштей, ойша ойлау. Болашақ кəсіби қызметке маңызды ақпаратқа ерекше көңіл аудару. Дауыс ырғағын басқара білу.
Педагогтың шығармашылығындағы қарым-қатынас балаға өте дəлдікпен əсер ете алу іскерлігі. Міне, осында педагогтың жеке тұлғасында педагогтың жеке тұлғалық қасиеттері, шығармашылығы жақсы аңғарылады жəне қарым-қатынаста белсенді болуы тиіс. Педагогикалық қарым-қатынас сонда ғана тиімді болады. Педагогикалық қарым-қатынас барысында мұғалімнің жалпы мəдениетінің бір қыры мұғалім тек сөйлеуші емес сонымен қатар жақсы тыңдаушы да бола алуы керек. Мұғалімдердің өз шəкірттеріне үлкен құрметпен жəне сеніммен қараулары, оқу-тəрбие процесінде балалар жауабын тыңдауда оларды қолдап, құптап, олардың ойларына, жауаптарына ризашылығын білдіріп отырса, педагогикалық қарым-қатынас əсерлі де тиімді болып, табысты нəтижесін көп күттірмейтін болады. Педагогтың мəдениетілігі оның педагогикалық əрекеттеріне адамгершілік тұрғыдан реттейді. Барынша толыққанды кəсіби-этикалық сипаты мен мақсатқа сəйкестігі педагогикалық тəртіптің (мінез-құлықта) келесі сипаттарында көрсетіледі: - талапшылдық, жеке бастың қасиетін қорламау, түртпектей бермеуінде; - қарым-қатынас барысында табиғилық, қарапайымдылық танытып, өрескелдікке жол бермеуінде; - бірбеткейліксіз ұстанымшылдығы жəне табандылығында; - зеректік пен сезімталдығында; - тұлғаның жеке басын қорламайтын əзіл-сықақ қолдана білуінде; - иландыру, нандыру, ескерту, ұсыныс жасау жəне қысымшылық пен қорлықсыз жазалай білуінде; - өз білімі мен кəсіби даярлық деңгейіңнің артықшылығын атап айтпайақ білімалушыларды оқыту жəне тəрбиелей білу қабілетінде; - білімалушыларды тыңдай білуі, оның жəне өзгелердің сұрақтарға берген жауаптарына тыңғылықты қарай білуінде. Педагогикалық қарым-қатынастың адамгершілік мəдениеті жəне оны қалыптастырудың жолдары адамгершіліктің бес құндылығы арқылы іске асыруға болады:
1. Сүйіспеншілік - адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нəзік сезім,махаббат - адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезім.
2. Дұрыс іс-əрекет - ол жүректе туындайды, сонан соң сөз түрінде беріледі жəне іс-жүзіне асырылады. Дұрыс əрекет ету қағидасы – өзіңе де, басқа адамдарға да, табиғатқа да зиян келтірмеу.
3. Қиянат жасамау - ақиқатпен өмір сүру, мінез - құлық жəне жан тыныштығы да сүйіспеншілікке арналған, яғни тəтті жеміс. Рақымдылық, мейірбандық, əр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойланғандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды.
4. Жан тыныштығы, адамның ішкі жан дүниесі тынышталса, оның отбасында да тыныштық болады. Ал, отбасында тыныштық болса, қоғамда да тыныштық болады. Қоғамда тыныштық болса, мемлекетте де тыныштық болады.
5. Ақиқатты тану, рухани кəусар бұлақ көзінен жолды іздеп табу - бұл əрбір жеке адамның, нақ осы қазір өмір сүріп жатқан барлығымыздың жəне өмірге жаңа қадам басқан адамдардың міндетінің ішіндегі міндет. Жоғарыда атап көрсеткендей, педагогикалық қарым-қатынас педагогтың адамгершілік мəдениеті жəне оны қалыптастырудың жолдары адамгершіліктің бес құндылығы арқылы түрлі оқу-тəрбиелік міндеттерін шешу барысында көрініп, олардың кəсіби қызметіндегі мəдениетінің тиімділігі мен сапасын арттыруға ықпал ете алады.
Бекіту сұрақтары мен тапсырмалары:
1. Педагог қарым-қатынасындағы кəсіби мəдениеттің қазіргі қоғамдағы мəні мен мазмұнын қалай түсінесіз?
2. Педагогикалық қарым-қатынас мəдениетінің негізгі көрсеткіштері жəне оны қалыптастырудың тəсілдері қандай?

5.
ІV ТАРАУ. МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЭТИКАСЫ МЕН ЭТИКЕТІ



  1. Педагогикалық этика - мұғалімнің адамгершілік мəдениетінің компоненті


Педагогикалық этика (әдеп) - моральдық нормалар мен жалпыадамзаттық адамгершілік құндылықтар негізінде мұғалімнің кəсіби қызмет түрлеріндегі мінез-құлқын реттейтін нормалар, талаптар мен ережелер жиынтығы. Педагогикалық этика пəні - əдептің педагог санасындағы, мінез-құлқындағы, қатынастар мен іс-əрекетіндегі көріністердің заңдылықтары. Педагогикалық этиканың мақсаты - мұғалімнің ақыл-ойының күйін анықтау болып табылады. Педагогикалық әдеп - этика ғылымының бір бөлігі. Педагогикалық əдепке жəне осы терминді қолдану өрісіне анықтама беру теорияда жəне педагогика практикасында үш түрлі көзқарасқа негізделеді: - жалпы адамзаттың əдептілікті сіңіруі; - мұғалімнің жеке басының психологиялық ерекшелігі; - мұғалім шеберлігінің бір бөлігі. Алғашқы екі көзқарас бойынша педагогикалық əдеп мұғалімнің оқушыларға деген сүйіспеншілігі, олармен сыпайы қарым-қатынасы, олардың қадірін біліп сыйлауы, қайырымдылық, ілтипаттылық, кеңпейілділік, шынайылық, ұстамдылық, байсалдылық, сенімділік сияқты мінез сипаттары жəне қасиеттері қатарында қарастырылады. Үшінші көзқарас бойынша педагогикалық əдеп оқушылармен қажетті қарымқатынастар орнату жəне оны сол қалпында ұстай білудегі арнайы кəсіби іскерлік ретінде қарастырылады. Педагогикалық әдеп - мұғалiмнiң əрбiр нақты ic үстiнде тəрбие мəселесiнiң ең ұтымды əдiс-тəсiлдерiн қолданып, оқушыларды елiктiрiп əкететiн кəсiптiк сапасы. Оқушылармен қарым-қатынас тұрғысынан қарағанда педагогикалық əдеп мұғалiмнiң жан-жақтылығының, оның идеялық сенiмiнiң, жүрiс-тұрыс мəдениетiнiң, жалпы жəне арнаулы бiлiмiнiң, мамандығына байланысты iзденiстерiнiң жиынтығы iспеттi. Педагогикалық әдеп - оқушылармен қарым-қатынаста ерекше атап өтілетін қасиет. Әдеп - ақылдың, тəрбиешінің жалпы мəдениетінің жиынтық көрсеткіші. Әдеп- мұғалімнің əр уақытта өзін ұстай білуімен, шама сақтай алуымен айқындалады. Шегін білу сезімі педагогтың оқушы тұлғасының əртүрлі əсерлерден қандай өзгерістерге ұшырайтындығын алдын ала білуге көмектеседі. Латын тілінде əдеп «жұғысу» деген мағынаны білдіреді. Педагогикалық әдептіліктің көрсеткіштері: - балаларды жақсы көру, өзара сыйластық, қолдау көрсету; - өзін-өзі жəне баланы құрметтеу; - мейірімділік. Педагогтық əдептің басты ерекшелігінің бірі - мұғалім жас буынға 68 моральдық тəрбие беру процесінде қайталау арқылы емес, бүкіл оқу-тəрбие жұмысын адамгершілікке тəрбиелеу ісімен тығыз байланысты болмақ. Бұл мұғалімнен жауапкершілікті талап етеді . Педагогикалық əдептің тағы бір ерекшелігі - мұғалім жас ұрпаққа белгілі бір салада жүйелі білім берумен қатар, өздерінің іс-əрекеті, дүниеге көзқарасы, адамгершілік пен ізгілік қасиеттері арқылы оларды мораль нормаларына тəрбиелеуі тиіс. Мұғалімнің кәсіби әдеп сипаты келесі жағдайда көрінеді: - педагогтың сыртқы келбетінен; - кез келген орын алған жағдайда жылдам жəне дұрыс бағалай білуі, сондай-ақ өз тəрбиеленушілерінің тəртібі мен қабілеті туралы қорытынды жасауға асықпауынан; - өз-өзін ұстай білу, қиын жағдайда сезімге жол бермей, салқынқандылық танытуынан; - оқушыларына қоятын талаптарының ойға сыйымдылығы мен оларға деген сезімталдығынан; - оқушылардың жас жəне жеке-дара ерекшеліктерін жақсы білуінен; - өз еңбегін сыни көзқараспен бағалай білуінен; Педагог əр баланың жүрегіне жол тауып, оның жан дүнесінің «құлпын» аша білуі тиіс. Ол өзінің бір ауыз сөзі бала өмірінде үлкен рөл атқаратынын жəне оны өмір бойы есіне сақтап қалатынын білуі керек. Педагогикалық əрекет жемісті болу үшін педагог əдепті болуы керек, əдепті мұғалім өзінің үлгі-өнегесімен, өзінің бойындағы кемшіліктерінен арылу арқылы оқушыларға тəрбиелік ықпал жасай алады. Әдепті болу үшін өзінің бойында ілтипаттылық, сенім білдірушілік, əділдік, төзім мен сабыр сақтау деген қасиеттерге ие болуы керек. Қателеспейтін мұғалім болмайды, егер де мұғалім қателессе, əдепті мұғалім қателігін оқушылар алдында мойындайды. Әдепті жəне қарым-қатынас мəдениетінің негізгі талаптарын білу педагогтың өзіне де, өзі оқытып, тəрбиелеп жатқан балаларға да қажетті. Мұғалім сенімділік, сыйластық жəне сүйіспеншілік тəрізді сезімдерді тудыра білуі керек, оларсыз ұстаздың шынайы беделі болмайды.
Бекіту сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Педагогикалық əдептіліктің көрсеткіштеріне сипаттама беріңіз.
2. Әдеп, педагогикалық əдеп ұғымдарына анықтама беріңіз.



  1. . Педагогтың кəсіби мəдениетіндегі этикет.


Этикет - тұрақты мінез-құлық, қарым-қатынас тəртібін сақтау, қолдану деген мағынаны білдіре отырып, əдептілік қағидаларын жүзеге асырады. Этикет - тарихи дамып отыратын құбылыс. Негізінен дипломатиялық, телефонмен сөйлесу, қонақ күту, қызметтік, үйлену, азаматтық, қызметтік, іскерлік, кəсіптік этикет деп айтылады. Моральдың нормаларынан (этикадан) этикеттің ережелерінің айырмашылығы, негізінен шартты болып келеді жəне барлығы сақтауға тиіс жазылмаған заңдар сипатына негізделген. Адамдармен қысқа мерзімге кездесесің (вахтер, киім ілуші, т.б.) амандасуға, күлімсіреуге, аз ғана жақсы сөздер айтуға мəн бермей өтуге де болады. Қайсысы тиімді? Барлық жағдайларда бəрімен жақсы қарым-қатынаста болуға ұмтылу керек. Бұл этикет талаптарына кіреді. Адамгершілік - қоғамдық қажеттіліктердің, идеалдардың жиынтығы ретінде анықталады. Неміс философы И.Кант (1724-1804 ж.ж.) адамгершілікке ең алғаш талдау жасады. Ол адамгершіліктің субъективті қағидасы парыз деп есептеді. «Адамгершіліктің метофизикалық негіздері» деген еңбегінде өзінің этикалық теориясының аксиомаларын былай деп сипаттады: - мораль заңдары абсолютті қажеттілікке негізделеді; - адамгершілік нормалары үзілді-кесілді сөзсіз болып есептеледі. Неміс философы Г.Гегель этикалық тұжырымдама жасады, онда «мораль» жəне «адамгершілік» ұғымдарының шегін көрсетті. Адамгершілік - кімнің қандай екенін көрсететін адам қылықтарының объективті аспектісі. Негізгі парасаттылық құндылықтар еңбек, іс-əрекетте көрінетін рух күші деп есептеді. Ол И.Канттың: «Адамгершілік дегеніміз - жеке тұлғаның қарапайым табиғатын жеңуі жəне қоғамдық адамгершілік жеке парасаттылықтан жоғары» деген идеясын дамытты. Г.Гегель: «Сенім мен ұятты заңның шеңберінде оятуға болмайды, субъективтік пен объективтіктің бірлігі парасаттылық болып табылады», - деген. Парасаттылықтың мазмұны, оның пайымдауынша, қоғам мүшелері басшылыққа алатын моральдық заңдар болып саналады. Оның айтуы бойынша «мораль - адам қылықтарының субъективті аспектісі». Бұл жеке адамдардың сенім, бағалау, қобалжуларының негізін қамтиды. Г.Гегельдің ұғымы бойынша, моральдылық тарихи дəуірге бейімделген жеке адам мен қоғамның өзара байланысының түрі. Этика жəне этикет деген ұғымдар бір-бірімен байланысты. Педагогтың кəсіби мəдениетінде этикет маңызды орын алады. Этикет - тұлғаның ішкі мəдениетінің сыртқы көрінісі. Қоғамның əлеуметтік мəдениеті мен ұлттық ерекшеліктері этикетте көрініс береді. Этикет - қоғамда қабылданған, қалыптасқан адамдардың тəртібі мен қарым-қатынастары туралы ережелер. Қазіргі кездегі этикет - өткен заман дəстүрлерінен іріктелген дүние. Оның құрамындағы көптеген ережелер көп ғасырлар, мыңжылдықтар бойы сүзгіден өткізілген, талай шыңдалудан өткен. «Этикет» термині алғаш рет XIV Людовик де Бурбон кезінде аулада тəртіп сақтаудың ережелері жазылған карточкалар (этикеткалар) шақырылған қонақтарға таратылған кезде қолданылған. Этикет (фр. etiquette – жарлық, этикет) – адамдармен қарым-қатынастың сыртқы түрімен байланысты тəртіп сақтау ережелерінің жиынтығы (айналамен қарымқатынас жасау, қарым-қатынас пен амандасу формалары, қоғамдық орындарда тəртіп сақтау, əдет-қылықтар мен киім-киістер). Этикеттің негізгі талаптары: сыпайылық, нақтылық, жауапкершілік, тұйықтық, міндеттілік, сабырлылық жəне адамдарға деген сыйластық, құрмет, сүйіспеншілік, қоғамдағы адамдардың мінез-құлық мəдениетінің көрсеткіші ретінде байқалады. Этикеттің негізгі принциптері: - адамгершілік пен гуманизм; - қимыл-қылықтардың қажеттілігі; - тəртіптің əдемілігі мен эстетикалық тартымдылығы; - халық дəстүрлерін сақтау. Қоғамдық өмірде кездесетін этикеттің негізгі түрлері: - аулаішілік (придворный) этикет - монархтар этикеті; - дипломатиялық этикет – дипломатиялық қатынастарда; - əскери этикет; - жалпыадамзаттық этикет; - бизнес этикет (соңғы онжылдықтарда қалыптасып келе жатқан этикет). Әрбір мұғалім, ұстаз, тəрбиеші этикалық қасиеттерге ие болуы керек. Сонда ғана ол осы қасиеттерді болашақ ұрпақты өсірген кезде пайдалынып, осы этикалық қасиеттерінің арқасында жұмысты жемісті орындай алады, осы қасиеттерді оқушыларға сіңіре біледі, оқушылармен тезірек тіл табыса алады, жұмыс істеуі оңайға түседі. Ал жас мұғалімге өз ұстаз қызметін бастаған кезде осы қасиеттердің болуы аса көмек береді. Бұл қасиеттер мен дағдыларға ілтипаттылық, парасаттылық, инабаттылық, əрбір оқушыға жеке тұлға ретінде құрметпен қарау, кеңпейілділік, сабырлық, ұстамдылық жатады.
Бекіту сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Этика мен этикеттің қандай байланысы бар?
2. Этика, мораль ұғымдарының өзара байланысын анықтаңыз.
3. «Этикет» ұғымына бірнеше əдебиеттер бойынша анықтама беріңіз.

  1. Педагогтың кəсіби қызметіндегі сөйлеу мəдениеті мен этикеті


Сөз - адамдарға ғана тəн, аса маңызды құдіретті күш жəне қарымқатынас құралы. Адамның сөйлеу шеберлігі арқылы оның дүниетанымының кеңдігін, ақылдылығын, мəдениеттілігін, тəрбиелілігін, тіпті мінезін де байқауға болады. Сондықтан көптеген адамдардың сөйлеу шеберліктерінің жетіспеушілігі олардың осал жері болып табылады. Педагогтың сөйлеу мәдениеті дегеніміз - сөз мəнеріне шеберлігі, стилистикалық ойды, нұсқаны тандай білу, ойын анық жəне айқын жеткізе білу дағдысы. Педагогтың сөз мəдениеті барлық кез келген адамзат баласындағыдай өз Отанына деген махаббатының жəне жалпы мəдениеттілігінің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Дауысының эстетикалык сұлулығы, байлығы, мазмұны мен бейнелілігі бар педагог оқу-тəрбие үрдісіндегі міндеттерін жақсы атқаруға қабілетті болады. Даусының күші, сарыны да, сонымен қатар шынайылығы мен нақтылығы да біршама рөл атқарады. Сөйлеу барысында, əсіресе мұғалімнің сабақты түсіндіруі кезінде, тілінің мəдениеттілігі үлкен рөль атқарады. Мұғалімнің сөйлеу интонациясының, дауыс ырғағы мен оның қойылымының өзін дұрыс ойластыру қажет, себебі сөздің қандай көңіл-күймен айтылып тұрғандығы да маңызды. Мысалы, А.С. Макаренко балаларға «Кел мында» деген сөзді оншақты түрде дауыс ырғағын өзгерте отырып, əртүрлі көңіл-күй жағдайына сəйкестендіріп айта алған. Өте қатты дауыс адамның жүйкесіне əсер етеді, өте ақырын дауыс жалықтырып, қалғытып, тез шаршатады. Педагог сөйлеу жылдамдығын да қадағалап отыру қажет. Ең жоғары сөйлеу жылдамдығы минутына - 120 сөз. Сөйлемдер арасында паузаүзілістер жасау арқылы адам тынысын түзейді. Сонымен қатар, мұғалімнің сөйлеу мəдениетінің, негізгі көрсеткіштерінің бірі - тілдің байлығы мен тазалығы, оны басқа тілдермен араластырмай сөйлеуі құлаққа жағымды естіледі жəне педагогтың абыройы мен беделін жоғарылатады. Кейбір мұғалімдерде сөйлеу барысында қисынсыз сөздерді қыстырып сөйлеу əдетке айналып кеткен. Мысалы, «яғни», «жалпы», «əрине», «жаңағы», «ана барғой», «демек», т.б. сөздердің орынсыз қайталана беруі тыңдаушыларға жақсы əсер береді деп айту қиын. Керісінше, мұндай сөздердің көп қайталануы адамның сөз қорының аздығын немесе сөйлеу мəдениетінің төмендігін көрсетеді. Сөйлеу мəдениетін қалыптастыру үшін арнайы жаттығу жасауы қажет. Мұғалім өзінің сөздік қорын байытуға, сөйлеу шеберлігін дамытуға байланысты мынандай мысалдар келтіруге болады. Бір адам «р» əрпіне тілі келмеген болса да оның тіл кемістігін жұмысындағы əріптестері ұзақ уақыт бойы байқамаған, себебі ол «р» əрпі бар сөздерді айту қажет болғанда, оның орнына сол сөздердің синонимдерін ғана қолданып отырған екен. Сөйлеу мəдениеті көптеген факторларға байланысты - тілдесудің ойлы, бағыттылығы, оның мазмұны, жаңа ақпараттың болуы жəне т.б. Лингвист Б.Н.Головин «Сөз мəнеріндегі мəдениеттілік» кітабында оның келесі құрамдас бөліктерін көрсетті: - сөйлеу дұрыстығы: екпін нормалары; - сөйлеу дұрыстығы: грамматика нормалары; - сөйлеу нақтылығы; - сөйлеу логикасы; - сөз мəнерінің тазалығы; - сөз мəнерінің байлығы, əр алуандығы; - сөздің орындылығы; - тілдік жəне сөйлеу стилі. Тілдің бай лексикалық-сөздік жүйесі педагогтың сөздік мəнеріндегі педагогикалық мəдениеттілігінің анық белгісі болып табылады. Тіл байлығы тек сөз қорына (санына) байланысты емес, оларды бірнеше мағынада қолдану мүмкіндігімен де анықталады. Бір ғана «жүру» сөзінің бірнеше мағынасы («жаяу жүру», «адымдап жүру», «іс оңға басты» т.б.) бар. Тілдің лексикалық байлығы əртүрлі ойлар мен сезімдерді жеткізе білуге мүмкіндік береді. Сөйлеу мəдениетінің маңызды белгісі нақтылық болып табылады. Сөз мəнерінің нақтылығы пен анықтылығына тілдің көптеген кұралдарын қолдану арқылы қол жеткіземіз. Мысалы, синонимдер. Синоним дегеніміз - мағынасы жағынан бірдей, ал жазылуы əртүрлі сөздер. Мысалы, «атақты», «дəрежелі», «белгілі»; «еркіндік», «бостандық», «тəуелсіздік». Тілдің синонимдік кұрылымы ойды əртүрлі тəсілдермен жеткізуге, нақтылыққа жетуге көмектеседі. Сөз нақтылығы оның сыңарын дұрыс келтіре білуге де байланысты, айтылуы ұқсас, бірақ мағынасы əртүрлі сөздер: «абонемент» - «абонент», «тəжірибелі» - «тəжірибелік». Педагогикалық тіл табысудағы сөйлеу мəдениеттілігінің қажетті шарттарының бірі, əрі ойды ауызша жеткізудің маңызды белгілері - қарапайымдылық пен қысқаша сөйлеу. Сөйлеу мəнерінің сапасын бір нəрсені қайталап айта беру, яғни тавтология бұзады. Педагогтың сөйлеу мəнері табиғи жəне анық болуы тиіс. Сөйлеудің грамматикалық дұрыстығы - бұл сөз тіркестерін жəне сөйлем құрудағы сөз формаларының орынды қолданылуы мен нормативтілігі. Мұғалімнің сөйлеу мəнерінде оқушылар жеңіл қабылдайтын қарапайым, қүрделі емес сөйлемдер болуы тиіс. Дыбысталу дұрыс болмаса, жоғары дəрежедегі сөйлеу мəдениеттілігі мүмкін болмайды. Бұл - орфоэпия саласы. Екпін орфоэпиямен тығыз байланысты. Көптеген жағдайларда екпін қоя білу қиынға соғып жатады. Педагогтың сөйлеу мəнері тек дұрыс болып қоймай, сонымен бірге анық, бейнелі, эмоционалды болу тиіс. Бекіту сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Сөздің педагог қызметінде алатын орны қандай?
2. Педагогтың сөйлеу мəдениеті дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
3. Сөйлеу мəдениеті мен жалпы мəдениеттің өзара байланысын неден көруге болады?
4. Педагогтың сөйлеуін жетілдірудің қандай жолдарын білесіз? Өз ұсынысыңызды білдіріңіз.



  1. ПЕДАГОГ-ПЕДАГОГ» ЖҮЙЕСІНДЕГІ КӘСІПТІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ЭТИКАСЫ

«Педагог-педагог» жүйесіндегі кəсіптік қарым-қатынастың жалпы сипатттамалары
Әрбір адам əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен басқа адамдармен ақпарат алмасады, тəжірибесімен бөліседі, бірігіп, ынтымақтастық қарымқатынастарды сақтауға тырысады. Яғни, қарым-қатынас үнемі əлеуметтік, ұжымдық сипатта болады. Сондықтан қарым-қатынасты адамның əлеуметтік ортаға бейімделуінің негізгі факторларының бірі деуге болады. Олай болса, қарым-қатынас - айнала қоршаған дүниемен адамдар арасындағы байланысты тұрақтандырушы . Жайлап қарасақ, қарым-қатынасты орнату өнерін жақсы меңгерген адам өмірде көп жетістіктерге жете алады, жұмысында да, беделі, абыройы жоғары болып қоршаған адамдардың сый құрметіне бөленеді. Шығыстың Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн сынды ғұлама ойшылдары қарым-қатынас ұғымының біртұтастығына, адамдар арасындағы өзара əрекетке аса зор мəн берген. Жүсіп Баласағұнның тəлім-тəрбиелік ойларға толы «Құтадғу білік» (құтты білік) атты дастанында адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы, сөз өнері, сөйлеу шеберлігі туралы өте əсерлі баяндалған. Мысалы, осы дастанда жазылған: «Сөзіңді ізгі сөйле, өлсең де өлгісіз», «Ақыл көркі - тіл, тілдің көркі - сөз», «Қадірлісі - тіліне ұят сіңгендер, жүрек сөзін жүрегімен білгендер!» т.б. даналық сөздерінің тəрбиелік мəні қандай адамның болмасын жүрегіне жағымды, санасына сіңімді екені анық. Педагогикалық ғылымдар саласында қарым-қатынас мəселелері А.А.Леонтьевтің, А.А.Бодальевтің А.В.Мудриктің, В.А.Кан-Каликтің, Н.Е.Щуркованың, А.И.Щербакованың В.А.Сухомлинскийдің, Ш.А.Амонашвилидің, С.Л.Соловейчиктің, А.Б.Добровичтің, И.А.Зимняяның, Я.Л.Коломинскийдің, А.А.Реанның т.б. ғалым еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Педагог маманығына байланысты кəсіби-педагогикалық қарым-қатынас ұғымы қолданылады. Педагогикалық қарым-қатынаста педагог жетекші рөл атқарады, себебі ол баламен болатын қарым-қатынасты ұйымдастыру үшін алдын ала көптеген педагогикалық міндеттерді анықтайды. Іскерлік қарым-қатынас белгілі бір нəтижеге жетуде, нақты мəселелерді шешуде, белгілі бір мақсаттарды жүзеге асыруда жəне іс-əрекет, ақпарат алмасуда көрінетін байланыстар мен іс-қимыл үдерісі. Іскерлік қатынасты шартты түрде тура жəне жанама деп бөліп қарастырады. Тура, яғни міндетті контакт. Оның жанама қатынасқа қарағанда эмоциялық əсер етуі жəне сендіруі нəтижелі болып келеді. Жанама қатынаста əлеуметтікпсихологиялық механиздер əрекет етеді. Сонымен қатар іскерлік қарымқатынас - алуан қызмет жүйесіндегі адамдар арасындағы байланыстар дамуының күрделі де сан қатпарлы үдерісі. Бұған қатысушылар ресми статуста сөйлей отырып, нақтылы міндеттерге негізделген межелі мақсатты нысаналайды. Бұл үдерістің басты ерекшелігі - уақытты мөлшерлі пайдалану. Сөйлеу сəтін мөлшерлі пайдалану - ұлттық мəдени дəстүрлермен, кəсіби этникалық қағидаттармен анықталатын бекітілген өлшемдерге бағыну деген сөз. Әрине, бізге ресми байланыс орнатудың алуан түрлі жағдаяттарына орайлас «жазылған» не «жазылмаған» тəртіптері мəлім. Қызмет барысында қабылданған тəртіп жүйесі, сəйкесінше бұл ретте орнымен кідіре, ауытқи, өзгерте білу формалары іскерлік этикет деп аталады. Оның басты функциясы - адамдар арасындағы өзара түсіністікке əкелетін ережелерді қалыптастыру. Бұл орайдағы маңызды функциялардың бірі - ыңғайлылықты ескеру, жинақылықты сақтау жəне тəжірибе негіздеріне сүйену. Іскерлік этикет құрамына енетін қағидаларды төмендегідей екі топқа жіктеуге болды: - белгілі бір ұжымның өзара тең дəрежелі мүшелер арасындағы қарымқатынас жүйесінде жүзеге асатын нормалар; - ұжым басшысы мен оған бағыныштылар арасындағы байланыс қалпын анықтайтын нормалар. Іскерлік қарым-қатынас - адам өмірінің аса қажетті бөлігі, өзге адамдармен қарым-қатынас жасаудың маңызды түрі. Осы қарымқатынастың мəңгілік əрі басты қозғаушы тетіктерінің бірі ретінде этикалық нормаларды танимыз. Қоғам іскерлік этиканың мынадай қағидаттарын басшылыққа алады: - адалдық; - əділеттілік; - ақ ниеттілік; - ашықтық; - жауапкершілік; - сыйластық; - сенім; - ынтымақтастық. Бұлар арқылы біз адамдар іс-əрекетіндегі жақсылық пен зұлымдық, əділдік пен əділетсіздік, дұрыстық пен бұрыстық туралы көзқарастарымызды, ой-пікірлерімізді аңғартамыз. Өзімізге бағынышты адамдармен, басшымызбен, не əріптестерімізбен іскерлік ынтымақтастықта қарымқатынас жасай отырып, əрқайсысымыз қалай болғанда да саналы, не стихиялы тұрғыда осы этикалық нормаларға арқа сүйейміз, оларды тірек етеміз. Десек те, адам атаулының моральдық нормаларды түсіну дəрежесіне қарай, оның мазмұнын қандай деңгейде түсінуіне қарай, қарым-қатынас кезінде оның қандай дəрежеде ескеруіне байланысты ол өзінің іскерлік деңгейдегі қарым-қатынасын жеңілдетпек. Оны мейлінше тиімді қолдана отырып, алға қойылған міндеттерді шешуде жəне мақсатқа жетуде бірден-бір жəрдемші ете аламыз. Сондай-ақ, этикалық нормаларды жөнімен тиімді қолдана, үйлестіре білмеушілік қарым-қатынасты қиындатып, оны мүлдем кереғар қалыпқа түсіруі əбден мүмкін. Демек, ортақ адами іскерлік этикалық нормаларды тиімді қолдана білмеу қарым-қатынасты күрделендіріп қиындата түспек. Мəселен, жас маман (басшы) өзінің əкесіндей кісімен қандай іскерлік қарым-қатынаста болуы тиіс. Күле қарасаң көйлегіне жамау сұрайтындар да жетіп артылады. Бұл жағдайда қандай қағидат ұстану тиімдірек? Жас басшы өз замандас, құрбыларымен күліп-ойнап, əзілдесуді іштей жек көрмейді. Іскерлік қарым-қатынасқа сəйкес жас маман қай уақытта өзін қалай ұстауы тиіс? Ал, іскерлік тұрғыда өзара əсер ету сəтіндегі регламенттің сақталуы сөйленер сөзге мəн беру арқылы да анықталмақ. Сөйлеу этикетінің сақталу міндеттілігі - тілдік норма тəртібінің қоғамдық талқылаулардан өтуі, сəлемдесу, өтініш, алғыс жəне т.б. этикеттік жағдаяттарды (мəселен, «Сәлеметсіз бе!», «Мархабат етіңіз!», «Кешірім сұраймын!», «Сізбен танысқаныма қуаныштымын!») ұйымдастыруға мүмкіндік беретін типтік тұрғыдағы даяр «үлгілер» арқылы жүзеге асады. Бұл секілді тұғырлы құрылымдар əлеуметтік, психологиялық тұрғыдағы аспектілерге жəне жас ерекшеліктеріне негізделген. Өзара əсер ету тұрғысындағы қарым-қатынас адамдардың бір-бірімен байланыс орнатуы, белгілі бір ақпарат алмасуы арқылы өзара бірлескен іс-əрекетті жүзеге асыруы, ынтымақтастықты қалыптастыруы қабілетіне негізделген. Өзара əсер ету тұрғысындағы қарымқатынас еш кедергісіз жүруі үшін төмендегідей кезеңдерден тұруы тиіс: - байланыс орнату (танысу). Бұл ретте өзге адамдарды түсіну ұғымы, өзін өзгеге таныстыру ескеріледі; - қарым-қатынас жағдаятына ыңғайлану, жағдаятты ой елегінен өткізу, кідірістерді іріктей білу; - қажетті мəселені талқылау; - мəселені шешу; - байланысты сəтімен аяқтау. Қызметтік байланыстар өзара тиімді əріптестік, бəсекелестік басталар негізінде құрылып, өзара сұраныстар мен қажеттіліктерден ортақ істен туындауы тиіс. Мұндай ынтымақтастық тұрғыдағы байланыс іскер маман белсенділігін арттырады, өндірістің, бизнестің технологиялық үдерісінің факторы болмақ. Іскерлік қарым-қатынас басқарудағы қарым-қатынас этикасы мен іскерлік сөйлеу мəдениетін қамтиды. Мақсат - жергілікті басшыларда қазіргі заман құндылықтарына бағытталған, ізгілік көзқарастарға негізделген адамгершілік идеяларын қалыптастыру. Біздіңше, осы орайдағы теориялық, практикалық білім негіздері өзара жəне əлеуметтік іскерлік қарым-қатынас салаларында іскерлік, коммуникациялық жетістіктер, табысты əрекеттер əкелері сөзсіз. Олардың басшы ретінде де, əріптес ретінде де тиісті этикет ережелерін сақтай білулері кəсіби шеберліктерін де шыңдамақ. Қай деңгейде де іскерік қарым-қатынаста да сөйлеу мəдениеті туралы, аудитория алдында сөйлеуге дайындалуға бағыт беру ережелері, өз тыңдаушыларының əлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері туралы мағлұматтар ауадай қажет. Нəтижеде, осы реттегі практикалық жұмыстар арқылы коммуникативтік дағдылар іске асырылып, іскерлік қарым-қатынас ерекшеліктерін əркім өз тəжірибесі елегінен өткізе алмақ. Іскерлік қарым-қатынастағы «тігінен», «көлденең» байланыстардың этикалық қырлары туралы не білеміз? Қызметкерлермен тіл табыса қарымқатынас жасай білу іс-əрекеттің нəтижесін көрсетеді. Бұл арада діңгек іспеттес этикалық алтын қағида: өзіңізге бағынышты адамдармен байланысыңыз басшыңыздың сізбен қарым-қатынасының қалай болғанын қалауыңызға сәйкес келуі. Ал, бұл реттегі іскерлік қарым-қатынастың ұтымды нəтижеге қол жеткізуі басшының өзіне бағыныштылармен байланыста қолданар этикалық нормалары жəне қағидаттарымен анықталмақ. Бұлардың қатарына қызмет бабындағы этикалық мəдениеттің қайсысы тиімді, қайсысы тиімсіз екендігін назарда ұстау керек. Алғашқы кезекте бұл бағыттағы нормалы қағидаттар іскерлік қарым-қатынас табиғатын аңғартатындай, басқару үдерісіндегі ұйымдардың ненің негізінде жəне қалай берілуіне, қызметтік тəртіптің неден көрінетініне бірден-бір байланысты. Ал бұл арадағы іскерлік қарым-қатынас этикасының сақталмауы жағдайында көпшілік адамдар ұжымда өзін адамгершілік тұрғысынан қорғаныссыз сезініп, ыңғайсыз күйге енеді. Басшының өз қызметкерлерімен байланысы іскерлік қарым-қатынастың тұтас құрылымына əсер етіп, оның адами-психологиялық табиғатын айқындауға септігін тигізеді. Нəтижесінде қарым-қатынас мəдениетінің эталонды қағидаттары қалыптасады. Бұл орайдағы іскерлік қарым-қатынастың қағидалы үлгілерінің бірқатары төменде көрсетілген: - өз ұйымыңызды қарым-қатынастың жоғары моральдық нормаларына сəйкес бірлігі мықты ұжымға айналдыру. Қызметкерлерді ұйымның алғы мақсаттарына жұмылдыра білу. Адам атаулы өзін ұжым мүшелерімен тығыз бірлікте екендігін толық аңғарғанда ғана өзін адамгершілік жағынан да, психологиялық жағынан да еркін сезінетіндігін ескеру; - жауапкершілік мəселесіне байланысты проблемалар туындаған жағдайда басшы мəселенің басты себептерін анықтауы керек. Проблема білімсіздіктен (надандықтан, мəдениетсіздіктен) туындап жатса, онда қарауыңыздағы қызметкерлердің əлсіз, кем тұстарын олардың бетіне басып үнемі айта бермеу. Қайта оның кемшіліктерін жоюға, толықтыруға қандай жəрдем жасай алатыныңды ойлану; - қызметкерлерге этикалық нормаларға сəйкес ескерту жасау. Жағдаятқа байланысты барлық ақпараттарды жинау, сəйкесінше қарымқатынастың лайықты формасын таңдау. Ескертпелерді көзбе-көз тек оңаша отырғанда ғана айту; - адамның жеке басын емес, оның іс-əрекетін сынау; - қажетіне қарай комплимент айта отырып, сынды жеткізу амалын қолдану. Іскерлік қарым-қатынасты достық көңіл-күйде аяқтау; - өзіңізге бағынышты адамдардың жеке өміріне орынсыз араласпау; - қызметкерлердің бəріне бірдей тең құқылы мүше ретінде қарау; - қызметкерлердің ұтымды қадамын, жақсы табысын мадақтауға келгенде мүдірмеу, жылы сөзіңді аяп қалмау; - ортақ іске қатысты жіберген қателіктерді жасырмау, бүгіп қалмау; - қарауыңыздағылардың алдында əрқашан адал болу; - белгілі бір шешім шығаруда əртүрлі жағдайларға сəйкесті мөлшерлі 80 жағдаятты жəне қызметкердің жеке тұлғалық қалпын ескеру. Ал «төменнен жоғары» қарайғы іскерлік қарым-қатынас қызметкердің өз басшысымен арадағы байланысын аңғартпақ. Бұл орайдағы қарымқатынас мәдениеттің этикалық қағидасын бір ауыз сөзбен «қарауыңыздағы қызметкерлер сізге қандай қалыпта қарым-қатынас жасауын қаласаңыз, сол деңгейде басшыңызбен де байланыс орнату жөн» деуге болар еді. Жалпы өз басшысымен қалай тіл табыса білудің өзі қарауындағыларға қандай адамгершілік талаптары негізінде байланыс орната алудан бірден-бір кем емес. Бұл реттегі іскерлік қарым-қатынасқа бірден-бір қажетті этикалық қағидалар үлгілерінің біразы төмендегінше: - ұжымда əділ байланыстарға негізделген адамгершілік тұрғыдағы өзара ниеттес, тілектестік бағыттағы атмосфераны қалыптастыруға көмектесу; - өз көзқарасыңызды орындатуға, не оған ақыл үйретуге ұмтылмау. Өзіндік ұсыныстарыңыз бен ескерпелеріңізді орнымен орнықты да мəдениетті түрде білдіру; - қатқыл түрде, үзілді-кесілді бағытта сөйлеспеу; - үнемі адал да əділ, сенімді болу, жағымпаздық, жарамсыздықтан аулақ жүру. Өзіндік мінезіңіз, ұстанымыңыз болғай. «Көлденең» («горизонталь») қарым-қатынас - тең дəрежелі əріптестер арасындағы іскерлік байланыстар. Бұл арадағы этикалық қағидалы діңгек: «Іскерлік қарым-қатынаста әріптесіңіздің сізге қалай қарағанын қаласаңыз, сізде онымен сондай қатынас ұстану. Белгілі бір жағдаятта өзіңізді қалай ұстауда қиналсаңыз, өзіңізді әріптес орнына қоя білу». Әрине, əріптесаралық іскерлік қарым-қатынастың тиімді нормалар қағидаттарын реттеу мен жағымды үн (тон) табудың оп-оңай шаруа еместігін ескеру артық болмайды. Бұл орайда ұстаным боларлық қағидалар үлгілері төмендегідей: - өзгелер тарапынан өзіңізге белгілі бір ерекше байланыс талап ету; - ортақ істі орындаудағы жауапкершілік пен құқықтардың нақты, дəл бөлінуіне қол жеткізу; - өз жауапкершілігіңізді қарауыңыздағыларға аудара салмау; - əріптестеріңіз туралы күні бұрын жаман ойда болмау. Олармен қарым-қатынаста мүмкіндік болғанша сенімсіздіктен, өсек-аяңнан ада болу, ондайларды маңыңызға жолатпау; - əңгімелесуші əріптесіңізді өз атымен атап, ретіне қарай жиі қайталап отыру; - дидарласушыңызға жылы қатынасыңызды білдіру мақсатында достық пейілде болу; - қолыңыздан келмейтін нəрсеге уəде бермеу. Өзіңіздің іскерлік мүмкіндіктеріңізді тым асыра бағаламау; - өзіңізді емес, өзгені тыңдауға тырысу; - дидарласушыңыздың сізге жат еместігін, ұнайтындығын сөзбен, көзқараспен, ым-ишаратпен сездіру. Жымия отырып, көзіне тура қарау; - əріптесіңізге өзіңіздің жеке мақсатыңызға қол жеткізудің құралы 81 емес, сыйлауға тұрарлық тұлға ретінде қарау. Басшы мен бағыныштылар алдағы міндеттерді бірлесіп қарастырады да, əрбір адамның міндет аясы белгіленіп, нəтижесіне орай жауапкершілігі айқындалады. Басшының міндеті өз қызметкерлерінің мүмкіндікті тиімді пайдалануына қолайлы жағдай туғызу болып саналады. Басқару стилі - басқару қызметтерін атқару кезінде басшылардың ұжымға ықпал ету тəсілі мен əдісі. Ол басшылардың ұйымдық, кəсіби жəне моральдық-этикалық сапасына байланысты құрылады. Басқару стилі авторитарлық, демократиялық, либералдық болып бөлінеді.

  1. Басқару стилі.

Авторитарльқ стиль- Авторитарлық стиль бойынша орталықтанған билік жүргізіледі. Онда ең ұсақ сұрақтардың өзі басшының қатысуымен шешіледі. Бұл стильдегі басшыға тəн тəсіл: бұйрық беру, басшы бағынушыларына қатал талап қояды, олардың жұмыстарын қатаң бақылайды. Басқарушылар тарапынан айтылған сынды жақтырмайды, олармен ара қатынасы суық, сенімділік жоқ, қарым-қатынас кезінде дөрекілік қылықтар жасауы əбден мүмкін. Тəрбиелеудің авторитарлы стилінде мұғалім оқушыларға үстемдік жасау арқылы, өзі шешім қабылдап, не істеу керектігін шешіп, оқушылардан шешімді мүлтіксіз орындалуды талап етеді.


Демократиялық стиль - Бағынушымен серіктестік қатынаста. Олармен мəселелерді бірге талқылайды. Бұл стильде бұйрық аз беріледі, шешімдер бағынушыға түсіндіру, көз жеткізу тəсілі арқылы тапсырылады. Басшы талапты көп қояды, бірақ əділ, жақсы нəтиже болса, мақтап, ойын көтермелеп, өзіндік жұмысқа мүмкіндік береді. Демократиялық стиль - басқалармен бөлісіп, шешімдерді бірге қабылдауды, жұмыстар мен тапсырмаларды бөліп жүзеге асыруды, оқушылардың өзіндік көзқарастарының сипатымен ерекшеленеді. Қарымқатынас кезінде сыпайы жəне де ізгі ниетті. Сынды қабылдай біледі.
Либералдық стиль - Басшы бағынушыларға қарамайды, өз еркімен жіберген. Бұл стильдегі басшы ең жауапты шешімдерді қабылдауға да қатыспайды, жауапкершіліктен қашады. Бағынушыларына талап қоймайды, олардың жұмыстарын əлсіз бақылайды, сынды тыңдай алады, бірақ ешқандай түзеу шарасын қолданбайды. Либералды стиль - мұғалім оқушыларға шексіз бостандық береді, сабақтардың, əрекеттің түрін өздеріне таңдауға, қарымқатынас орнатуға т.б. құқық береді.

Бірақ осы жоғарыда айтылған стильдер еш уақытта таза берілген күйінде қолданылмайды. Бір басшының бойында осы үш стиль де кездесуі мүмкін, дегенмен бір стильдің көрінісі басымдау болады. Басшы басқару стилін таңдауда көптеген факторларға байланысты таңдайды, мысалы, басшылардың жеке мінез-құлқы, бағынушының əлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері. Басқару стилі ұжымда көп нəрсені анықтайды. Ұжымдағы достық, бірлік, топтастық, бəрі басшыға байланысты. Егер ол үш стильдің біреуін ғана қолданса, онда ұйымда ресми емес көшбасшының рөлі жоғарылап кету қаупі бар. Егер ресми емес көшбасшы ұйымда жақсы орын алса, онда ұйымдағы жұмысшылар оның айтуын заң ретінде қабылдауы мүмкін. Ондай жағдайда ресми емес басшы ұйым мүшелерін қалай алып жүремін десе, сол тарапқа бұрып алады. Егер көшбасшының мақсаты ұйымды алға жылжыту болса, онда ол ресми басшыға көмекші, ал егер керісінше ойы ұйымды құлдырату болса, онда қарама-қайшылық үрдісі ұйымда орын алуы əбден мүмкін. Сол үшін де басқару стилін басшы нақты ойланып, дұрыс таңдауы керек. Өйткені қателік кетсе, жоғарыда айтылған қолайсыздық орын алуы мүмкін.


Бекіту сұрақтары мен тапсырмалар:
1. «Іскерлік қарым-қатынас этикасы» ұғымына анықтама беріңіз. Қарым-қатынастың жалпы этикалық қағидалары қандай?
2. «Көлденең», «тігінен» іскерлік қарым-қатынас əдісіне салыстырмалы талдау жасаңыз.
3. Педагогикалық ұжымдағы қарым-қатынасқа қандай жағымсыз құбылыстар əсер етуі жəне күрделендіруі мүмкін?
4. Педагогикалық қарым-қатынас мəнін ашыңыз. Педагог пен оқушы арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын нақты дəйектеме, педагогикалық идеялармен дəлелдеңіз.
5. Қарым-қатынаста қандай қағидаларды басшылыққа алар едіңіз? Неге? Ойыңызды тұжырымдаңыз
6. Басқару стильдеріне сипаттама беріңіз. Қазіргі мектепте басқарудың қай стилі басым? Өз ойыңызды білдіріңіз? Неге?

  1. Педагогикалық ұжымдағы қарым-қатынас ерекшеліктері.



Моральдық-психологиялық ахуал Басқарудың жəне өзін-өзі дамытудың субъектісі ретінде қазіргі педагогикалық ұжым туралы ұғымдар орыс педагогтары Л.Н.Толстой, К.Д.Ушинский, Н.И.Пироговтардың оқыту мен тəрбиенің өзара байланыстылығы, оқушылар мен педагогтардың бірлесе жұмыс істеуі, педагогтардың өзін-өзі дамытуға ұмтылуы сияқты идеяларының ықпалымен қалыптасты. Тəрбие мақсаты - балалар ұжымын қалыптастыру мəселесі отандық педагогика ғылымында педагогикалық ұжымның екі орнықты моделін іздеумен бірге қарастырылды. Мұғалімдердің тəрбиелік ықпалын біріктіру 20-30 жылдары педагогика мен мектептің маңызды міндеттерінің бірі болды. Педагогикалық ұжымның топтасуы жəне дамуы идеясы В.А.Сухомлинскийдің педагогикалық жүйесінде практикалық көрініс тапты. Ол əрбір педагогикалық ұжымның өзіндік ерекшелігі болатындығын атап көрсетті. Тəжірибе алмасу сол мектептің жұмысын көшіріп алу емес, қайта оның қызметінің идеялары мен концепцияларын бағалау болмақ. Соңғы жылдары педагогикалық ұжымның дамуы мен қызметінің ішкі механизмін ашуға арналған Н.С.Дежиннова, В.А.Кераковский, Л.И. Новикова, Р.Х.Жакуров жəне т.б. ғалымдардың еңбектер жарияланды. Педагогикалық ұжым адамдардың əлеуметтік жəне кəсіптік бірлестігі ретінде ұжымға тəн барлық белгілерді біріктіреді. Ерекше адамдар тобы ретінде мектеп педагогикалық ұжымына жинақылық, басшының болуы, топтасу, салыстырмалы түрде тұрақты жəне ұзақ мерзімде əрекет ету сияқты қоғамдық жəне кəсіптік сипаттар тəн. Педагогикалық ұжым сондай-ақ, оқушылар ұжымы да, оның құрамдас бөлігі болып есептеледі. Кез келген ұжым сияқты мектептің педагогикалық ұжымының өзіндік ерекшеліктері болады. Педагогикалық ұжымның ең басты ерекшелігі оның кəсіптік қызметіне байланысты, нақтылай айтқанда жас ұрпақты оқыту мен тəрбиелеуде. Педагогикалық ұжымның кəсіптік қызметінің тиімділігі оның мүшелерінің педагогикалық мəдениетінің деңгейімен, тұлғаларының қатынас сипатымен, ұжымдық жəне дербес жауапкершілікті сезінуімен, ұйымшылдық, ынтымақтастық деңгейімен анықталады. Өзінің мəні жағынан педагогикалық, тəрбиелік болып табылатын оқу орындарының ұжымы оқушыларға үлкендердің ұжымы, олардың өзара қатынасы, бірлесе əрекет етуі туралы алғашқы түсініктерді қалыптастырады. Бұл жағдай педагогикалық ұжымды өзін-өзі ұйымдастыруға, үнемі өздігінен жетілуге ынталандырады. Мұғалімдер ұжымның педагогикалық қызметі оқушылар ұжымымен өзара тығыз əрекеттестікте өрбиді. Сондықтан педагогикалық міндетті шешу оқушылар ұжымының тəрбиелік мүмкіндігі қай деңгейде, қаншалықты іске асырылуына тікелей тəуелді болып келеді. Басқару ілімінің категориясы ретінде педагогикалық ұжым басқарушы, ал оқушылар ұжымы бағынушы болады. Ал қазіргі əрекет пен қатынастың субъектісі ретінде жеке тұлғаға баса назар аударылған жағдайда педагогикалық жəне оқушылар ұжымы басқарудың да, өзін-өзі дамытудың да субъектісі болып отыр. Мұғалімдер ұжымы өзінің орасан зор интеллектуалдық, тəрбиелік күш-қуаты бойынша балалар ұжымына ғана емес, өз ұжымына қатыстылығына байланысты да тəрбие субъектісі ретінде əрекет жасайды. Педагогикалық ұжымның басты ерекшелігінің бірі ретінде мұғалімдік кəсіп қызметінің көп қырлылығын атау керек. Қазіргі мұғалім пəн мұғалімі, сынып жетекшісі, үйірме, студия жетекшісі, қоғамдық жұмыстар сияқты қызметтерді атқарады. Мұндай көпқырлылық барлық педагогикалық ұжымға тəн. Өзінің кəсіптік міндеттерін шешу барысында педагогикалық ұжым мектеп шегінен шығып кетеді. Қоршаған əлеуметтік ортаны педагогикаландыру, яғни ата-аналар мен жұртшылық өкілдерінің педагогикалық мəдениетін қалыптастыру тұтас алғанда педагогикалық ұжымның ажырамас қызметіне айналады. Көптеген мұғалімдердің педагогикалық əрекетіне зерттеушілік қызметі тəн. Қазіргі мұғалім-зерттеуші - нормативті қызмет жасымен шектелмейтін, педагогикалық жаңалықтың жетістігі мен кемшілігін тез аңғаратын, жаңа құндылықтар мен технологияларға баға беріп, игеріп жəне практикада қолдануға қабілетті педагог. Педагогикалық ұжымның ендігі бір ерекшелігі оның жоғары деңгейде өзін-өзі басқара алуында. Ұжымдағы мектеп кеңесі, əдістемелік комиссиялар, қоғамдық ұйымдар да қатардағы мұғалімдердің сайлану арқылы өкілеттік алуы ұжымда дұрыс қоғамдық пікір қалыптастырып дербестік пен белсенділік дамытады. Педагогикалық ұжым мүшелерінің, оның басшыларының қызметтік міндеттері, қызметтік нұсқаулары арқылы дəл айқындалуы да ұжымның ұйымшылдық сипатын нығайтады. Педагогикалық ұжымның келесі ерекшелігі - оның қызметінің ұжымдық сипаты мен нəтиже үшін ұжымдық жауапкершілігі. Егер жекелеген мұғалімдердің, əсіресе орта жəне жоғары сынып мұғалімдерінің іс-əрекетін өзге мұғалімдердің іс-əрекетімен сəйкестендірмесе, оқушылардың білімін бағалау, мектеп жұмысын ұйымдастыруда бірыңғай талап болмаса онда ол табысқа жеткізбейді. Мұғалімдердің біртұтастығы олардың құндылық бағдарлары мен сенімдерінен көрінеді, дегенмен бұл жағдай педагогикалық технологияның бірсарындылығын білдірмейді. Балаға деген махаббат, оны оқытуға деген ынта, оқушы тұлғасына деген құрмет педагогикалық шығармашылық, оптимизм, жалпы жəне кəсіптік мəдениет мұғалімдердің ісəрекетінің біртұтастығын материалдық негізін құрайды. Педагогикалық ұжым өмірінің еркешеліктерінің қатарында белгілі бір педагогикалық еңбектің түрін атқарудан уақыт шегінің болмауын атауға болады. Бұл жағдай мұғалімнің шамадан тыс жұмыс бастылығына, рухани дүниесін байытып, кəсіптік дамуын арттыруға уақыт таба алмауына себеп болады. Педагогикалық ұжымға тəн өзіндік ерекшеліктердің бірі оның құрамында əйелдердің басым болуы десек, бұл жағдай ұжымдағы өзара қатыстық сипатына ықпал жасайды. Әйелдер ұжымы еркектер басым болып кететін ұйымдарға қарағанда тез əсерленгіш, көңіл күйі жиі алмасады, барынша дау-жанжалға бейім. Дей тұрғанмен, əйелдер жаратылысынан тəрбие ісіне бейім, педагогикалық ықпал жасаудың əдістері мен тəсілдерін таңдауда барынша икемді екендігін де есте ұстау керек. Ұжым психологиясы жөніндегі зерттеулер (А.И.Донцов, А.Н.Лутошкин, А.В.Петровский, А.Л.Свентицкий жəне т.б.) ұжымның құрылымы туралы тиянақты мағлұмат береді. Соның ішінде ұжымға əлеуметтік-психологиялық талдау жасағанда, оның ұйымдық құрылымы ресми жəне бейресми болып бөлінеді. Бұл жағдайда құрылым ретінде ұжым мүшелерінің салыстырмалы түрде біршама тұрақты өзара қатынасын атауға болады. Ұжымның ресми құрылымы оның мүшелерінің міндеттері мен құқықтары, еңбек бөлінісінің ресми реттелуіне байланысты. Ресми құрылымның шеңберінде əрбір адам кəсіптік қызметті атқаруда белгілі тəртіп, ережелер негізінде еңбек ұжымының өзге мүшелерімен əрекеттеседі. Бір сыныпта жұмыс істейтін мұғалімдер білім стандарттарын, оқу бағдарламаларын, сабақ кестесін, кəсіптік этика нормаларын басшылыққа алады. Әрбір мұғалім мектеп басшыларымен, əріптестерімен іскерлік қатынаста болады. Ал, мұғалім мен мектеп басшыларының арақатынасы қызметтік нұсқаулар жəне өнімдермен реттеледі. Педагогикалық ұжымның бейресми құрылымы ұжым мүшелерінің алдын ала белгіленген міндеттерінен тыс нақты іс-əрекет негізінде қалыптасады. Ұжымның бейресми құрылымы оның мүшелері арасындағы қалыптасқан қатынастар жүйесінен тұрады. Ондай қатынастар жек көру мен ұнату, құрметтеу, махаббат, сенім немесе сенімсіздік, ынтымақтасу, бірлесе жұмыс істеуді қалау немесе қаламау сезімдері негізінде қалыптасады. Мұндай құрылым ұжымның ішкі, көбіне жасырын, көзге көрінбейтін жағдайын танытады. Жас мұғалім педагогикалық қызмет процесінде қиындыққа кездескенде ресми ұйымдық құрылымға сəйкес мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарына, сонымен бірге қажет деп тапса білікті, тəжірибелі маман ретінде басқа мұғалімнен көмек сұрайды. Ал мұғалімдер арасындағы бейресми байланыстар түрлі себептерден туындайды. Бір жағдайларда бұл араласу, достық, махаббат сияқты əлеуметтік қажеттіліктен туындаса, келесі жағдайда тəжірибелі жолдасынан кəсіптік көмек, қолдау алуға байланысты, үшінші жағдайда - жаңа, қызықты ақпарат алуға байланысты, төртінші жағдайда өзгелерді өзіне бағындыруға ұмтылған эгоистік себептерден туындайды. Ұжымдағы бейресми қатынастардың пайда болуының мынадай белгілерін бөліп айтуға болады: достық, жолдастық топтардың құрылуы, бейресми пікірдің қалыптасуы, бейресми басшылардың шығуы, жаңа құндылық бағдарлардың нығаюы жəне т.б.

  1. Педагогикалық ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық климат.


Ұжымдағы көңіл-күй мен қоғамдық пікір, эмоциялық күш-қуат пен өзара қатынастың деңгейі ондағы қалыптасқан əлеуметтік-психологиялық климатпен айқындалады. «Психологиялық климат», «əлеуметтікпсихологиялық климат» немесе «микроклимат» ұғымдары ғылыми емес, астарлы, ауыспалы ұғымдар. Географиялық климат сияқты мамыражай əлеуметтік-психологиялық климат адамның осындай климаттағы ұжымда өзін барынша жайлы сезініп, тұлғалық жəне кəсіптік қатынастарда өзін жанжақты таныта алуын білдіреді. Ұжымдағы психологиялық климаттың мазмұндық сипатын адамдардың өзара қарым-қатынасы, олардың көңіл-күйі, хал-жағдайы, бірлесе атқарған жұмыс процесіне көңілі толуын айқындайтын болғандықтан психологиялық климатты сипаттауда эмоциялық бағаның маңызы зор. Жағымды əлеуметтікпсихологиялық климат қалыптасқан педагогикалық ұжым қолайлы моральдық-психологиялық ауа-райымен, жылы шырайлылықпен, парыз бен жауапкершілікті құрметтеумен, өзара талапшылдықпен, сергектікпен ерекшеленеді. Сондықтан А.С.Макаренко ұжымдық өзара қатынастағы сергек көңілді екпінге баса мəн берген. Әлеуметтік-психологиялық климат ұжым мүшелерінің бірлескен ісəрекет пен өзара қатынас процесінің сипатын танытатын ұжымның сезімдікпсихологиялық жағдайларының жүйесін білдіреді. Әлеуметтік-психологиялық климатты осылай түсіне отырып, оның мынадай негізгі қызметтерін атауға болады: - педагогикалық ұжымның əлеуметтік-психологиялық климатының топтастырушылық қызметі ұжым мүшелерінің оқу-тəрбие міндеттерін шешуге ұжымдық күш-жігерді топтастыруын, бірігуін іске асырады; - ынталандырушылық қызметі педагогикалық əрекеттің қолдануына қажетті ұжымның «эмоционалдық күш-қуатын» қалыптастыруға байланысты; - тұрақтандырушылық қызметі ұжымішілік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ұжымға жаңа мүшелердің енуіне қажетті алғышарт жасайды; - реттеушілік қызмет өзара қатынас нормаларын нығайтуда, ұжым мүшелерінің тəртібіне баға беруде көрінеді. Қолайлы əлеуметтік-психологиялық климаттың бұл белгілерін педагогикалық ұжымға баға беруде қолдануға болады. Әлеуметтік- психологиялық климат қалыптасқан жағдайда ол ұжым мүшелеріне жағымды немесе жағымсыз ықпал жасайды. Өзара ақыл, ынтымақтастық қатынас біріккен ұжымда тəжірибелі немесе жас мұғалім бірлескен қуаныш табады. Ал немқұрайлылық, селқостық немесе қысым, үстемдік еткен жағдайда ұжым мүшесі ұнжырғасы түсіп, қағажау көреді, бұл жағдай оның кəсіптік қызметінің төмендеуіне, дау-жанжалдың пайда болуына, тіпті басқа ұжымға ауысуына апарып соғады. Кең көлемдегі кəсіптік-педагогикалық міндеттерін атқара жүріп мұғалім өзін жəне еңбегін жұртшылықтың бағалауын қажетсінеді. Педагогтар əсіресе беделді адамдар тарапынан, соның ішінде басшылар мен ата-аналар тарапынан берілген бағаны түсінуге бейім. Жағымды баға педагогты ынталандырады. Жағымсыз баға өзінің қызметін, кəсіптік позициясын, өзгелермен қарым-қатынасын қайта қарауға негіз болады. Сондықтан педагогикалық ұжымдағы қатынас өзара сыйластық, принципті, талапшыл жəне тілеулестік сипатта болуды талап етеді. Әлеуметтік-психологиялық климаттың тұлғаға ықпал жасауының механизмі еліктеуден - өзге адамдардың сезімін, ойларын тікелей қолдану, пайдаланудан тұрады. Педагогикалық қызмет барысында кейбір мұғалімдер өз əріптестерінің эмоциялық жағдайын түсінуге жəне оған төзуге қабілетті болса, екіншілері оның психологиялық жағдайына талдау жасап, өз сенімі, ықыласымен сəйкес келетін, келмейтіндігін салыстыруға бейім. Ұзақ уақыт бірлесе қызмет жасау, мүдде ортақтығы жағымды еліктеу процесін едəуір жеделдетеді. Өз əріптесінің сезімдік-психологиялық көңіл-күйін танып, оны түсіне алған педагог қалыптасқан жағдайдан шығудың оңтайлы шешімін өз басынан іздестіреді. Өзара əрекеттестіктің екінші жағы жеке тұлғаның ұжымдағы климатқа ықпалынан тұрады. Обал, сауапты білетін, принципті, іске жауапкершілікпен қарайтын, тəртіпті, көпшіл, қайырымды, əдепті педагогтар ұжымда жағымды климат қалыптастыруға елеулі ықпал жасай алады. Ал керісінше, тоғышар, əдепсіз, тəртібі тиянақсыз ұжым мүшесі жағымсыз климат орнықтыруға ықпал жасайды. Ұжымның жалпы климаты оның мүшелерінің интеллектуалдық, сезімдік жəне мінездерінің жігерлілік белгілеріне тəуелді болып келеді. Жекелеген педагогтардың танымдық белсенділігі, өнер тапқыштығы ұжымды инновациялық қызметті дамытып, жаңа технологиялар іздестіруге ұмтылады. Жігерлі педагог-жетекші соңынан өзгелерді ерте алады. Егер ұжым мүшелерінің ақыл-ойы, сезімі, ерік-жігері педагогикалық қызметке жұмылдырылса, онда табысқа жету қиын емес . Жеке адамның ұжымға жəне оның əлеуметтік-психологиялық климатына ықпал жасайтын негізгі əдістері - көзін жеткізу, сендіру, жеке үлгі көрсету. Көзін жеткізу адамдардың бағасын, пікірін, қалыптасқан мінезқұлық нормалары мен ережелерін нақты адамның - көз жеткізетін тұлғаның түсінігіне сəйкес өзгертуге бағытталады. Осы жағдайда көз жеткізуші факторлардың қуатын, қисынмен дəлелді пайдаланып, тек ақыл-ойға ғана емес, əңгімелесушінің сезіміне де əсер етеді. Сендіру процесінде бір адамның екінші адамға немесе тұтас ұжымға əсері ырықты немесе ырықсыз түрде іске асады. Сендірудің көмегімен педагогикалық ұжымда көңіл-күй қалыптасып, идеялар, педагогикалық құндылықтар орнығады. Ұжымдағы жағымды əлеуметтік-психологиялық климаттың қалыптасуына жеке тұлғаның жасайтын ықпалының тиімді əдісі жеке үлгі көрсету болып табылады. Ол үлгі адамның өз еңбегіне, əріптестеріне, ұжымдық пікірге қатынасы болуы мүмкін. Үлгі барлық кезде де нақты, ол əрекет пен мінез-құлықтың үлгісін береді, көңілдегі мен өмірдегіні салыстыруға мүмкіндік береді.
Бекіту сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Педагогикалық ұжымның құрылымына талдау жасаңыз.
2. Педагогикалық ұжымдағы əлеуметтік-психологиялық климат дегенді қалай түсінесіз?
3. Ұжымдағы тұлғаның мəртебесі, орны қандай? Өз ойыңызды білдіріңіз.
4. Педагогикалық ұжымның ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет