«Педагогиканы оқыту әдістемесі» пәнінің ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар



бет4/7
Дата28.06.2016
өлшемі1.28 Mb.
#163815
1   2   3   4   5   6   7
Дәріс 6

Дәріс тақырыбы: «Педагогиканың жалпы негіздері » бөлімінің әдістемелік ерекшеліктері
Дәріс мазмұны:

1.Курстың мақсат, міндеттері.

2.Пән бойынша университеттерге арналған типтік және оқу –жұмыс бағдарламалары
Педагогика бөлімдерінің әдістемелік сипаттамасы «Педагогиканы оқыту әдістемесі» курсы бойынша Типтік оқу бағдарламаға негізделеніп беріледі [1].

«Педагогиканың жалпы негіздері» бөлімінің құрылымы бірден қалыптаса қойған жоқ. Педагогиканы оқытудың жалпы негіздері педагогика бойынша 20-30 жылдарда XX ғ. жарық көрген типтік бағдарламаларға, оқулықтарға, оқу құралдарына назар аударғанда «Педагогикаға кіріспе» курсының аясында өткенін көрсетті. Бұлай оқыту «Дидактика» және «Тәрбие теориясы» деп аталатын екі үлкен бөлімнің ортақ негіздерімен байланыспай, әрқайсысының жеке оқытылуына әкеп соқты, сол себепті мұғалімдерді педагогикалық даярлаудың тұтастығы бұзылды. Бұл кемшілік 50-жылдары түзетіліп, П.Н. Шимбирев (1954 ж.) және И.А. Каировтардың (1956 ж.) авторлық етуімен педагогика институттары студенттері үшін жарық көрген «Педагогика» оқулығында жойылды. Осы кезеңнен бастап «Педагогика» курсы өзара байланысқан «Педагогиканың жалпы негіздері», «Тәрбие теориясы», «Дидактика» және «Мектептану» деп аталатын төрт бөлімнен тұрды.

«Педагогиканың жалпы негіздері» деп аталатын бөлім «Педагогика ғылым және өнер ретінде» деген тақырыптан басталады. Бұл бірінші тақырып болғандықтан педагогиканы оқыту жүйесінде үлкен мәнге ие, өйткені бірінші сабақта студенттердің мұғалімдік мамандыққа, педагогикаға, балалармен жұмыс істеуге қызығушылықтарын оятуға себеп болатын кәсіптік-педагогикалық бағыттың негіздері қалыптасады. Сонымен қоса бірінші тақырып ғылыми педагогикалық білімдер жүйесін қалыптастыратын іргетас ретінде негізін қалаушы болады десек артық айтпаймыз.

Мақсаты: педагогикалық ғылымдар туралы білімдер жүйесін қалыптастыру, педагогиканы ғылым және өнер ретінде меңгеруге студенттердің қызығушылықтарын арттыру.

Осы тақырып аясында педагогика ғылым және өнер ретінде екі аспектіде қаралады. Бұл амал студенттерге ғылым мен өнердің өзара байланыстылығын байқауға мүмкіндік береді, материалды «құрғақ» беруден сақтап, пәнді шығармашылық тұрғыдан игеруге септігін тигізеді. Тақырыпты қарастырудың келесідей нұсқалары бар:

1) педагогика – ғылым: оның нысаны, пәні, қызметі, категориялық аппараты, құрылымы, басқа ғылымдармен байланысы;

2) педагогика – өнер: өткен дәуірлер педагогтарының ретроспективасы, педагогикалық шеберлік педагогикалық өнердің негізі ретінде, педагогикалық қарым-қатынас – педагогикалық өнерді жүзеге асыру шарты.

Аталған тақырыпты меңгеру барысында кіріспе-дәріс, визуалдау-дәрісі және т.б. дәріс типтерін қолдануға болады.

Семинар сабағы сұрақ-жауап, семинар-пікірталас, тақырыптық семинар түрінде ұйымдастырылады. Семинар типін таңдау 4.2 бөлімде қаралған факторларға байланысты.

Тақырып бойынша СӨЖ орындау қарастырылған. «Кітаптан түскен бетбелгі...» жеке тапсырмасы ретінде П.Ф. Каптеревтің «Педагогика – ғылым немесе өнер», К.Д. Ушинскийдің «Адам тәрбие нысаны ретінде» кітаптарын оқып, сол бойынша студенттік топтарда конференцияға қатысу мақсатында беруге болады.

2-тақырып «Тұтас педагогикалық үдеріс: мәні, құрылымы, қарама-қайшылықтары, қозғаушы күштері, негізгі сипаттамалары, қызметтері, заңдылықтары мен принциптері».

Мақсаты – тұтас педагогикалық үдеріс теориясының білімдерін қалыптастыру.

Аталған тақырып меңгеруге өте күрделі болғандықтан, жекелеген ережелерін түсіндіріп, талдау қажет. Дәріс басында педагогикалық үдеріс, қарама-қайшылық, қызмет, заңдылық, принцип деген негізгі ұғымдарды ажыратып алған жөн. Философиялық мәні бар ұғымдарды толық өңдеу педагогикалық үдеріс тиімділігінің мәнін, құрылымын, негізгі сипатын, заңдылықтарын, принциптері мен критерийлерін қарастыруға мүмкіндік береді.

Бұл тақырыпты меңгеруде тұтас педагогикалық теория негіздерін ашуға ерекше көңіл бөлінеді. Оның авторы Қазақстандағы атақты ғалым Н.Д. Хмель (1928-2007жж.). Профессор Н.Д. Хмельдің тұтас педагогикалық үдеріс (ТПҮ) оқытушы іс-әрекетінің нысаны деген ойын өзектендіру қажет. Осыдан келіп педагог тек өз пәнін, тұлғаны оқыту мен тәрбиелеу үдерістерін жақсы ұйымдастыруы және басқаруы ғана емес, ТПҮ теориясын да білуі керек. Аталған тақырыпты дәрістің дәстүрлі типі ақпараттық-дәрісті визуалды оқыту құралдарымен бірге (мультимедиялық презентация және т.б.) өткізуге болады.

Семинар сабақтарын «дөңгелек үстел» формасында ұйымдастырылып, белгілі бір теориялық сұрақтарды негізгі баяндамалар бойынша хабарламалар мен өз сөздері арқылы талдауға болады. Студенттерге тақырып бойынша хабарлама жасап, сөз сөйлеуді «жинақталған түрде» жүзеге асыруға нұсқау беріледі, олар стендтік баяндамалар, сызбалар, суреттер және т.б. жасайды. Хабарламаны осылай безендіру академиялық уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді және негізгі ойды сақтай отырып «ақпаратты жиыстыруға» («свертывание информации») үйретеді.

СӨЖ үшін студенттердің өзіндік жеке көзқарасын танытатын өз ойларын еркін жеткізіп, оларды дәлелдей алатын эссе жазу ұсынылады. Бұл тапсырмаларды студенттер асқан ыждахаттылықпен орындайтындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Олардың пікірлері мен пайымдаулары қате және нақты болуы мүмкін. Осындай жағдайда педагогика оқытушысының міндеті қаралып отырған педагогикалық құбылыстың шынайы мәнін ашып түсіндіру болып табылады.

3-тақырып «Тұлғаның қалыптасуы, тәрбиесі, әлеуметтенуі және дамуы». Бұл тақырып бірнеше пәндердің (философия, әлеуметтану, психология, физиология және т.б.) тоғысында оқылатын болғандықтан студенттердің қабылдауына қиындықтар туғызады. Осындай пәнаралық амал айқындалған, өйткені тұлғаның даму эволюциясын биологиялық, психикалық және әлеуметтік қырынан қарастыруға болады. Бұның барлығы студенттерге тұлға – тұтас құбылыс, оны барлық құраушылардың бірлігінде қарастыру керек деген тақырыптың негізгі идеясын түсінуге мүмкіндік береді.

Мақсаты – тұлғаны қалыптастыру және әлеуметтендіру, дамыту туралы пәнаралық білімдер жүйесін қалыптастыру.

Дәріс ұғымдар аппаратымен жұмыс істеуден басталады: адам, индивид, объект, субъект, тұлға; даму, әлеуметтену, тәрбие; фактор, тұқым қуалаушылық, орта, өзін-өзі тәрбиелеу; іс-әрекет, қарым-қатынас; концепция, парадигма. Жаңа ұғымдарды енгізу барысында әр түрлі әдебиеттерден алынған анықтамаларды салыстырып қолдану студенттердің аналитикалық іскерліктерін дамытуға септігін тигізеді.

Дәрістің негізгі бөлімі әрбір фактордың (тұқым қуалаушылық, орта және тәрбие) тұлғаны қалыптастыру мен дамытудағы рөлін және мәнін ашып көрсетуге бағытталады. Әрбір фактордың ықпалы туралы атақты философтар (Демосфен, Платон, Аристотель, Конфуций және т.б.), жазушылар (А.С. Пушкин, Ф.М. Достоевский, А. Құнанбаев және т.б.), композиторлар (А. Моцарт, И. Бах және т.б.), ғалымдар (М.В. Ломоносов, Д.И. Менделеев, Ш. Уәлиханов және т.б.), сонымен қатар әдебиет және кинофильм кейіпкерлерінің өмірі мен қызметін мысалға ала отырып көрсетуге болады.

Педагогикалық ойлардың даму тарихында адамның тұлға ретінде дамуы туралы ілгерінді ойлар тәрбиелеу проблемаларымен байланыстырылды. Осылайша тұлғаны тәрбиелеу мен дамытудың бірлігі туралы ойларды педагогтар Я.А. Коменский, Д. Локк, Ж.Ж. Руссо, И.Г. Песталоцци айтқан. Тәрбиелеудің рационалды идеялары XVIII ғасырдағы француз материалистерінің К.А. Гельвеций және Д. Дидро, социалист-утописттер Р. Оуэн, К.А. Сен-Симон және Ф.М.Ш. Фурье және т.б. педагогикалық жүйелерінде кездеседі. Алайда, табиғат пен қоғамға деген идеалистік немесе метафизикалық көзқарастары әсерінен бұл педагогтарға тұлғаны тәрбиелеудің объективті заңдарын ашудың мүмкіндіктері тумады.

Адамның тұлға ретінде дамуы мен қалыптасуы оның адамзат өмірінің барлық саласына толық іс-әрекеттік кірісуі арқылы жүзеге асады. Осыдан келіп дәріс мазмұнында іс-әрекет, оның өзара байланысқан түрлері және оның тұлғаның дамуына кешенді түрде ықпал етуі туралы мәселе ерекше орын алады. Студенттер еңбектің адам өміріндегі ең басты шарт екендігін түсінулері қажет. Диалектикалық материализм өкілдері адамзат тұлғасын қалыптастырудағы шешуші мәнге ие болатын адамдардың еңбек іс-әрекеті үдерісіне деген қарым-қатынасынан туындайды деген. Еңбек, кәсіби іс-әрекет және осылардың негізінде пайда болған қоғамдық қарым-қатынастар – бұл адам дамуының факторлары. Оның физикалық және рухани дамуының механизмдері. Олай болса адамның жеке дамуы, оның тұлға ретінде қалыптасуы іс-әрекет аясында туындайтын шарттар мен қатынастарға тікелей тәуелді.

Студенттерге тұлғаның даму механизмдерін адамның өз табиғаты мен негізінен іздеу қажеттігі ұғындырылу керек. Адам – белгілі бір өндірістік, ұлттық, құқықтық, қоғамдық және басқа да қарым-қатынастар жүйесінде өмір сүретін, әрекет ететін биоәлеуметтік тіршілік иесі. Тақырыпты оқу барысында жүйелілік-құрылымдық талдау принципін қолдану мақсатқа лайық. Осы арада В.Н. Сагатовскийдің айтқан пікірінің маңызы зор: «Адам – бұл басқа жүйелер (табиғаттың, қоғамның) элементі, бөлігі, қоғам мен табиғат оның құрамдас бөлігі ретінде көрініс беретін ерекше тұтастық және ол өзіндік қарама-қайшылық негізінде дамиды» [2, 22-бет].

Л.И. Божовичтің пікірі де назар аударарлық: «Тұлғаны жекелеген қасиеттер мен сапалардың үйлесімділігі деп қарастыру қате. Әрбір жекелеген сапаны тұлға аспектісінде тұтасымен қарастыру қажет» [3, 63-бет].

Аталған аспектіні жүйелілік-құрылымдық талдау принципі бойынша қарастыруға болады (12-сурет).



12-сурет. Тұлға құрылымының моделі
Суретке қарай отыра тұлғаның құрылымы оның «Мен» биологиялық, физикалық, психологиялық және әлеуметтік негіздерімен көрсетілгенін байқаймыз. Биологиялық негіз адам қалыптасуының іргетасы. Ал физиологиялық және физикалық даму адамның физикалық денсаулық деңгейін, дене бітімінің дамуын көрсетеді. Олай болса биологиялық «Мен» физиологиялық және физикалық «Менін» анықтайды. Психикалық негіз көңіл-күй, сезім, ақыл-ой, қажеттілік дамуына септігін тигізетін және адам психикасының дамуын бейнелейтін үдерістер. Психологиялық «Мен» қажеттіліктер, уәж арқылы іс-әрекет түрін анықтайды және оның нәтижелі болуына әсерін тигізеді. Биологиялық негіз әлеуметтік факторлар ықпалымен әлеуметтік сапалармен толығады. Адам өзінің әлеуметтік мәнін анықтайды, яғни оның қоғамның бір мүшесі ретінде әлеуметтенуі біртіндеп жүзеге асады. Әлеуметтік «Мен» әлеуметтік рөлдер (оқушы, жұмысшы, азамат және т.б.) жүйесі тәрізді қоғамдық қатынастарды білдіреді. Осылайша төрт «Мен» элементтерінің өзара байланысы тұлға құрылымын құрайды.

Тұлға даму үдерісі арқылы қарастырылады. Қарама-қайшылық – тұлға дамуының жүйеқұраушылық факторы.

Тұлғаның даму проблемасы философия, психология, әлеуметтану, саясаттану, педагогика саласының зерттеу пәні болған. Тұлғаның дамуындағы қарама-қайшылықтың рөлі туралы материалдарды жинақтай отыра мынандай қорытындылар жасауға болады: тұлға ішкі және сыртқы қарама-қайшылықтарды шешу арқылы жетіледі. Олар оның қалыптасуының барлық кезеңдерінде туындайды; қарама-қайшылықтар жаңадан туындаған қажеттіліктер, сұраныстар мен оларды қанағаттандыру жолдарын меңгеру арасында, жаңадан туындаған жағдай мен бұрынғы тәжірибе арасында, тұлғаның өз мүмкіндіктері мен әлеуметтік шынайылық талаптары арасында, адамның белсенді қызметтік негізі мен өмірлік жағдайының арасында туындайды.

Философияда, әлеуметтануда, психология мен педагогикада тұлға дамуының бірнеше парадигмасы қалыптасқан: әлеуметтік даму парадигмасы (П. Бурдье, Ж. Капель, Ж. Фурастье және т.б.), биопсихологиялық парадигма (А. Медичи, К. Роджерс, А. Фабр, А. Маслоу және т.б.) және диалектикалық парадигма (К. Маркс, Ф. Энгельс, А.С. Макаренко, В.А. Сухомлинский және т.б.). Парадигмалар мазмұнын дәріс кезінде шолу түрінде таныстыру жеткілікті. Өйткені әрбір парадигма толықтай жекелеген пәндерді оқытуда түсіндіріледі.

Аталған тақырып аясында тұлғаның жеке және жас ерекшеліктері мәселелеріне қысқаша шолу жасауға болады. Бұл сұрақты толығымен семинар сабақтарында қарастыру қажет.

Тақырыпты оқыту барысында проблемалық, визуалдау, бинарлық дәрістер типтерін пайдалануға болады.

Семинар сабағын іскерлік ойындар элементтерін қатыстыруымен «пікірталас алаңы» формасында ұйымдастыруға болады. Бұл сұрақтарды ұжыммен шығармашылық тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік береді, психологтың, дәрігердің, ата-аналардың мұғалімнің нақты ұсыныстарымен проблеманы нақты шешу жолдарын табуға көмектеседі.

СӨЖ үшін дереккөздер мен жұмыс істеуді және «Өткен ғасырлар мен қазіргі кезеңдегі педагогтар еңбегіндегі табиғи және мәдени сәйкестіктер ойларының даму динамикасы» деген кестесін толтыруды, «Тұлғаның даму факторларының өзара байланысы» атты сызбасын құрастыру секілді тапсырмаларды беруге болады.



4-тақырып «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі». Бұл тақырып студенттердің зерттеу мәдениеті негіздерін қалыптастыруға көмек береді.

Мақсаты – әдіснама мәні, қызметі, деңгейлері туралы білімдер жүйесін қалыптастыру; педагогиканың философиялық негіздерімен (экзистенциализм, неопозитивизм, прагматизм, диалектикалық материализм және т.б.), сонымен қатар педагогиканы зерттеу әдістемесімен таныстыру.

Жаңа ұғымдар жаңа материалды түсіндіру барысында енгізіліп отырады, олар: әдіснама, амал, әдіснамалық амал, теориялық амал және концептуалдық амал.

Әдіснама ұғымы амал ұғымымен және педагогикалық зерттеу әдістемесімен тығыз байланысты.

Ғылыми және анықтамалық әдебиеттерден аталған ұғым туралы бірнеше анықтамаларды алуға болады:

-амал – зерттеудің принциптік әдіснамалық бағыты [4, 147-бет];

-амал – істі жүргізуде, бір нәрсені оқуда кімге болсын әсер ететін тәсілдер үйлесімділігі [5, 54-бет];

-амал – негізгі ойды құрайтын, әлеуметтік жүйені көрсететін немесе ғылыми-ізденіс іс-әрекетіне бағытталған теорияның, концепцияның, парадигманың ерекше негізі [6, 144-бет];

-амал – педагогикалық үдеріс тиімділігін арттыру мақсатында ізделіп отырған сапаны қалыптастыруға бағытталған педагогикалық іс-әрекеттің ғылыми-негізделген тәсілі [7, 10-бет].

Студенттер амал ұғымы мағынасын көпмағыналылық деп ғалымдардың түрлі көзқарастары мен зерттеу пәніне байланысты түсінуі керек.

Амал ұғымының мәнін нақтылап алған соң, әдіснамалық амал ұғымының анықтамасын беруге болады. Әдіснамалық амал – философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық теориялардың негізгі жүйесі, олардың үйлесімділігі ғылыми зерттеу бағытын анықтайды.

Педагогикалық зерттеулер туралы айтқанда онтологиялық, гносеологиялық, аксиологиялық, антропологиялық, тарихи-философиялық, әлеуметтік-философиялық, құрылымдық, функционалдық, жүйелілік, құрылымдық-жүйелілік, синергетикалық, интеграциялық, пәнаралық және т.б. амалдар туралы айту керек.

Педагогикалық зерттеулерде әдіснамалық амалдардан басқа теориялық амалдар ерекше орын алады. Теориялық амал дегеніміз былайша сипатталады:

-теорияларға негізделген, теорияға қатысты сұрақтардың ережелері [4, 79-бет];

-табиғат, қоғам мен ойлаудың заңдылықтарын бейнелейтін, практикалық тәжірибені жинақтайтын ғылыми принциптер, ойлар жүйесі [5, 170-бет];

-кез келген бір ғылымның бөлімін бейнелейтін жинақталған ережелер үйлесімділігі [8, 64-бет];

-практикалық іс-әрекеттің негізін құрайтын және шынайылықтың әр қырын түсіндіруге бағытталған білімдер жүйесі [9, 104-бет].

Зерттеушілер теориялық амал мен концептуалдық амалды өзара синонимдес деп есептейді. Терең зерттеулер барысында олардың айырмашылықтары анықталып отыр. Сонымен, концептуалдық амал дегеніміз:

-көзқарастар жүйесі; құбылыстар мен үдерістерді әр түрлі ұғыну [4, 294-бет];

-зат немесе құбылысқа деген көзқарас, негізгі ой; әр түрлі іс-әрекет түрлеріндегі құрылымдаушы принцип [8, 67-бет].

Теориялық амал мен концептуалды амал ұғымдарының негізгі айырмашылықтарын түрлі философиялық негізден іздеу керек, бірін «базис», екіншісін «қондырғы» түрінде алып қарастырайық.

Теориялық амал зерттеудің тірек бөлігі, олай болса базис – ғылыми принциптер, ойлар, практикалық тәжірибені жинақтайтын және қоғам заңдылықтарын бейнелейтін жүйе. Теориялық амал мәнінің сипаты зерттеліп жатқан нысанға (құбылысқа, үдеріске) басқа альтернативтік амалдың болмайтынын, білім мен практиканың тұрақты түрде интеграциялануын көрсетуінде жатыр. Теориялық амал – жаңа теориялық қағиданы құрудың негізі.

Концептуалдық амал – базис қондырғысы. Оның мағыналық мәні «негізгі идея», «негізгі көзқарас», «жетекші ой» сөздерімен ерекшеленеді. Осылардың барлығы кез келген бір құбылысты не үдерісті басқа альтернативтік амалмен қарап, автор мен авторлардың көзқарастары тұрғысынан зерттелініп отырған пәнге (үдеріске, затқа) өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді. Концептуалды амалдар ғылымдағы заманауи талаптарға және қоғам мен практиканың сұраныстарына байланысты болады. Теориялық және концептуалды амалдар әр түрлі мағынаны білдіреді, сонымен қатар өзара байланыстысты болғандықтан зерттеудің бағыты бола алады.

Педагогикалық зерттеулерде бір-бірімен үйлесімді болып келетін теориялық амалдарды пайдалану керек, олар бір-бірін толықтыра отырып, зерттеу үдерісін ұйымдастыруда және оның пәнін зерттеуде бағыттылық қызметін атқарады. Педагогикалық құбылыстарға әдіснамалық амалдардың үйлесімділігін пайдалану мүмкіндігі мына ойдан туындаған: «Түрлі табиғи және әлеуметтік нысандар теориялық және практикалық мәселелерді шешуде кешенді түрде қарастыруды қажет етеді, өйткені оны өмір қоғамдық үдерістер интеграциясының жоғары деңгейімен басқарады, бұл жерде «барлығы барлығымен байланысты», яғни бір мәселені шешу басқа да көптеген мәселелерді шешуге тәуелді, онда мәселелердің өзі жүйелі кешенді сипатқа ие болады» [10, 109-бет].

Теориялық амалдарға іс-әрекеттік, тұлғалық, субьектілі-дамытушылық, полисубьектілі, мәдениеттанушылық, этнопедагогикалық, контекстік, гуманистік, феноменологиялық, модельдеуші, мәндік, профессиографиялық, біліктілік, құзіреттілік, технологиялық және т.б. жатады. Бұлардың барлығы әмбебап сипатқа ие, өзара байланысты және зерттеу міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Тақырыпты оқытуды «Педагогикалық мәселелерді зерттеу үдерісі» блок-сызбасы бойынша жалғастыруға болады (13-сурет).

Ғылыми аппаратты (мәселе, нысан, пән, мақсат, міндеттер, болжау, зерттеу базасы мен әдістері, теориялық және практикалық мәні), толығымен қарастыру, сонымен қатар зерттеу қисыны мен үдерісімен танысу студенттерге ғылыми зерттеудің тұтас бейнесін ұғынуларына мүмкіндік береді




13-сурет. Педагогикалық мәселелерді зерттеу үдерісі


Студенттердің әдіснаманы ғылыми теориядан айыра білулері, зерттеу нысаны мен пәнін анықтаулары, болжауды қалыптастырулары, педагогикалық жобалар мен бағдарламалардың тиімділігін бағалай білуге үйренулері аса маңызды.

Аталған тақырып бойынша тірек сызбалар мен кестелер түріндегі белсенді үлестірмелі материалдар көмегімен ақпарат-дәрісті таңдап алуға болады.

Семинар сабағын студенттердің курстық және диплом жұмыстарының, диссертация авторефераттарының теориялық сұрақтарын қарастырып, талдау жасауы бойынша «аралас» түрде өткізуге болады.

СӨЖ үшін білім беру мекемелерінің нақтылы педагогикалық үдерісінің мәселелерімен танысу ұсынылады. Бұл арада үздіксіз педагогикалық іс-тәжірибе мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Мысалы, мектептердің материалды-техникалық базаларымен танысу; мектеп әкімшілігі өкілдерімен оқыту және тәрбиелеу үдерісіндегі өзекті мәселелер туралы әңгіме өткізу; әр түрлі пән мұғалімдерінің 2-3 сабағына қатысып, сабақты талдау жаднамасы бойынша талдау жасау; оқушының оқу жұмысын жақсартуға байланысты мұғалімнің сабақтағы іс-әрекетіне бақылау жасау; мектеп оқушылары арасында «Сенің ермегің» және т.б. тақырыптар бойынша сауалнама ұйымдастырып өткізу. Алынған мәліметтерді педагогикалық күнделіктерге жазып, семинар сабағына даярлық кезінде, педагогика бойынша курстық жұмыстарды жазуда пайдалануға болады.



5-тақырып «Педагогиканың аксиологиялық негіздері» деп аталады. Ол педагогика курсы бойынша жаңа тақырыптардың бірі. Бұл тақырыптың пайда болуына себеп болып отырған жайт бүгінгі таңдағы педагогикалық ғылымның гуманистік бағытталған білім беру философиясына сүйене бастауы болып отыр. Мақсаты – педагогика ғылымы мен педагогикалық іс-әрекеттің аксиологиялық негіздері туралы білімдер жүйесін қалыптастыру.

Студенттерді құндылық, құндылық бағыттар, аксиология, аксиологиялық амал деген ұғымдармен таныстыру керек. Студенттердің материалдық және рухани құндылықтардан басқа да педагогикалық құндылықтар бар екендігін түсінгендері абзал. Ол – педагогикалық іс-әрекетті ретке келтіретін нормалар, білім беру саласындағы қоғамдық көзқарас пен педагог іс-әрекетін байланыстырушы компонент болып табылады. Өзінің мәні мен пәндік мазмұны жағынан педагогикалық құндылықтар әлеуметтік-педагогикалық, педагогикалық, тұлғалық-педагогикалық, іс-әрекеттер құндылықтары, құндылық-қатынастар, құндылық-сапалар деген топтарға бөлінеді.

Аталған тақырыпты оқу барысында ақпарат-дәрісінің маңызы зор, өйткені оқу материалы философиялық ұғымдарға, педагогикалық құбылыстар мен үдерістерді түсінудің жаңа амалдары көп болғандықтан игеруге қиынырақ болады. Тақырып мазмұнының күрделілігі мен абстрактілігін ескере отырып, дәріс кезінде глоссарий түрінде белсенді үлестірмелі материалдарды қолданған жөн.

Семинар сабағын «Педагогикалық қонақ бөлме» түрінде ұйымдастырып, жеке іс-әрекет стилі бар, өзінің педагогикалық құндылықтар «шәкілін» құрған мол тәжірибесі бар мұғалім-практикті шақыруға болады.

СӨЖ үздіксіз педагогикалық іс-тәжірибе тапсырмаларымен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, жаңашыл ұстаздардың «Жылдың үздік мұғалімі» «Ең үздік сынып жетекшісі» және т.б. сайыстарының жеңімпаз ұстаздарының педагогикалық іс-әрекетінің тәжірибесімен танысу.

6-тақырып «Педагогикадағы мақсат құру» басқа тақырыптар ішінде маңызды болып табылады, өйткені көп жылдар бойы педагогикада білім беру мақсаты «тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуы» деген сөзбен ұғындырылды. Қазіргі таңда қоғам сұранысы бойынша алдын ала жоспарланған сапаға ие тұлғаны қалыптастыру тәрбиенің мақсаты ретінде қарастырылмайды. Бүгінде білім беру жүйесінің мақсаты білім алушының табиғи нышандарын дамытып, тұлға ретінде қалыптасуының алғышарттарын жасау, тиімді жағдайлар құру болып саналады. Білім беру жүйесі мақсатының өзгеруі өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын қайта қарауға әкеліп соғады. Осыдан келіп мақсатты құру педагогикалық іс-әрекеттің маңызды қызметі болып табылады.

Жалпы түсініктегі мақсатты құру дегеніміз мақсаттарды мемлекеттің білім беру саясатының ресми түрде бекіту, оған заңнамалық немесе нормативтік құжаттық мәртебе беру.

Мақсатты құру рәсімі кезеңдерді қамтиды:

-ақпаратпен танысу, талдау, жинақтау;

-аса маңызды ақпаратты ажырату;

-мақсатты құру;

-мақсатқа жету туралы шешімдер қабылдау.

Осы тақырыпты меңгеру барысында студенттер мақсатты құру педагогикалық іс-әрекеттегі күрделі әрі негізгі қызмет екенін түсінуі тиіс. Болашақ педагог мақсатты құру мәні мен білім беру мақсаттары туралы Б. Блум ұсынған таксономия теориясын меңгеру керек.

Мультимедиялық презентациялар немесе белсенді үлестірмелі материалдар көмегімен ақпарат-дәріс түрінде бұл тақырыптың мазмұнын ашуға болады.

Семинар сабағын жоспар негізіндегі әңгіме түрінде өткізу ұсынылады.

СӨЖ нақты оқу сабағының практикалық мақсатын құру үшін берілген тапсырмаларды орындаумен байланысты.

7-тақырып «Жаһандану және Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі».

Қазіргі әлемнің негізгі сипаты жаһандану болып табылады. Оның мәні мынада: жекелеген мемлекет көлемінде шешуге келмейтін ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелер бар, олай болса, құбылыстар, үдерістер, іс-әрекет түрлері арасында жаһандық байланыстар бар екендігін мойындау керек. Осыдан келіп жаһандану туындайды, яғни жаһандану адамның өмірлік іс-әрекетінің барлық саласына жалпыға бірдей заңдар мен заңдылықтарды таратады.



Мақсаты – студенттерді «жаһандану» феноменімен, оның еліміздің білім беру жүйесіндегі орнымен таныстыру.

Жаһандану үдерісі білім беру саласына да енеді. Адамның өз іс-әрекеттерінен туындаған қоғамдық тұрмыс өзгерістерінен заманауи адам құзіреттілігінің даму қарқынының қалыс қалуы білім беру саласын ұйымдастыруға қоғам мойындаған жаңа амалдарды талап етеді. Мысалы, Болон декларациясы білім беру үдерісіндегі жаһандану үдерісінің дамуын дәлелдейді және білім беру саласы ұйымдастырушыларының іс-әрекетін оның дамуының жалпыға ортақ заңдылықтарына сәйкес үйлестіру амалы болып табылады.

Білім беруді жаһандандыру – жалпыға ортақ заңдардың білім беру қызметінің саласына әрекет етуінің обьективті үдерісі [10, 73-бет].

Аталған тақырыпты оқу білім берудің отандық жүйесінің дамуын заманауи халықаралық тенденциялар контекстінде қарастырудың обьективті қажеттілігімен анықталады. Өзекті, жаһандық мәселе ретінде үздіксіз, қашықтықтық, тұлғалық-бағдарлық білім беру, үлкендердің білім алуы (образование взрослых) және т.б. танылады. Аталған тақырыпты меңгертуде жұптасқан дәріс типін қолдануға болады, өйткені тақырып пәнаралық сипатқа ие бола тұра саяси, идеологиялық, экономикалық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, этникалық, ұлттық, діни аспектілік қырынан танылады.

Семинарды «дөңгелек үстел» түрінде ұйымдастыруға болады, жаһандану үдерісі мәселесінің көпаспектілілігін, сол арқылы мәселенің ауқымдылығын, білім беру саласын дамытудың жалпыға бірдей заңдылықтарын ұғынуға мүмкіндік береді. Студенттердің өзіндік жұмыстары оқытылып жатқан тақырып бойынша дереккөздердің аңдатпалық тізімін жасау мақсатында Internet арқылы жұмыс істеуге бағытталады.

Жеке тапсырма ретінде студенттерге «Қазіргі заманда мұғалімге қандай педагогика қажет?» деген тақырыпта эссе жазуды, топтық тапсырма ретінде тест шешуді ұсынуға болады.

Осылайша, «Педагогиканың жалпы негіздері» бөлімін оқи отыра студенттер қарастырылған тақырыптар кәсіби педагогикалық іс-әрекетке педагогикалық дайындықтың негіздерін қалайтынын білулері керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет