ПӘні бойынша оқыту бағдарламасы


Б.Майлиннің «Қара шелек» әңгімесі



бет3/6
Дата09.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#126082
1   2   3   4   5   6

Б.Майлиннің «Қара шелек» әңгімесі
Бейімбет Майлиннің әңгіме жанрының шебері екендігі туралы кеңес дәуіріндегі ғалымдар жеткілікті айтқан болатын. Т.Нұртазин : «Қазақ әңгімесі» дегенде алдымен Бейімбет Майлин есімі тілге оралады. Бұл қаламгер әңгімені сан жағынан да, сапа жағынан да жазушыларымыздың бәрінен көп жазды, келістіріп жазды. Бұл пікірді басты жазушымыз, көркемсөз шебері, әдеби теорияға жетік М.Әуезов сан реет пысықтап айтып жүрді» [14, 46 б.].

М.Қаратаев «Шеберлік шыңына» атты еңбегінде былай дейді: «Бейімбет Майлин прозасының қалыптасқан белгі, сипаттары мыналар: оқиғалары мен фактыларының нақтылығы, ақиқаттығы, шын тұрмыстан алынатындығы, образдарының айқындылығы, стилінің қарапайымдығы, суреттерінің шағын да болса шығарма көлеміне шақ, өрнектілігі, байырғылығы, сөйлемдерінің келте, қысқа болғанымен оралымдылығы, диалогтарының мағыналылығы, әңгімелеу сарынында сезімталдық пен әзілшеңдіктің басымдығы» [15, 242 б.].

«Қара шелек» әңгімесі былай басталады: «Әңгіме қара шелектен басталды. Айшаның атасының басындай сақтап жүрген шелегі ғой. Үшінші жыл болып барады, Айша шелексіз қалып, шелек сұраймын деп абысын-ажынға жексұрын көрініп, ақырында Бірмағамбетті бүріп, Кәстеңкенің дүкенінен алдырған шелек еді. Айшаның жинақылығы, күтімділігі, бірін мыңға балап ұстайтындығы бүкіл ауылға мәлім. Салақ қатындар Айшаны жаратпағанда, Айшаға мін таққысы келгенде:

– Көріне бірге алып кетсе көрерміз; әйтпесе кімнен қалмаған дүние, – деп бұрқылдасады.

Бұл жерде бірден Айшаның пысық, шаруақорлығы ашылады.

«Сол қара шелек бүгін майып болыпты. Қожағұлдың қара тоқалы біреуден нәрсе сұрамай, алған нәрсесін бүлдіріп бермей жүре ме, бүгін келіп қара шелекті сұрай қойды. Айша шелек сұраушыны жайшылықта маңына жүргізбейтін:

– Менен кедей емессіңдер ғой, керек болса, сатып алыңдар,- дейтін.

Айшаның оңайлықпен біреуге шелегін бермейтіні көрінеді. Енді келіп салақ қара тоқалға шелекті қалай беріп қойған себебі мынау: «Бүгін сонысын айта алмай ќалды. Айта алмай қалған себебі болды: бүгін айға толды, Бірмағамбет жоқ! «Аудан жұмсапты, науқанға өкіл қылыпты, 5- ауылдың байларын Бірмағамбет протоколдап ауданға айдап жіберіпті.» – деген сияқты хабар еміс-еміс естіледі. Науқаны несі? Байларда не жұмысы бар? Айлап қаңғырғандай, ай толғанша үй бетін бір көрмегендей не болды? Бұл не сұмдық? Қатын-баласынан безген адам бола ма екен? – деп бірер күннен бері Айша үздіксіз ойлаумен жүр. Күл шығарса да, от жақса да, жалғыз ала сиырды қақпалап суатқа апарып суғарса да есі - дерті Бірмағамбет болады да жүреді». Айша осындай қалың оймен Бірмағамбетті уайымдап жүріп, оның үстіне жиылыста біреу коллективке қатысты:

– Әйелдерді де ортаға салатын болсақ екен, – дейді-ау. Шынымен солай болса, әйелдер де ортаға салынса... Айшаның ойына Бірмағамбеттің мінезі түсе қалды: қызғаншақ, күйгелек, томырық... «Сені жанымдай көремін, саған біреу тікелеп қараса, ішім күйіп кетеді...» дейтін Бірмағамбет кейде.

Бейімбеттің кейіпкері ой үстінде жүргенде іс-әрекетте суреттеледі.Жоғарыдағы мысалда Айша күл шығарып, от жағады, сиырын суатқа апарады. Осындай үй жұмыстарын атқарып жүріп, Бірмағамбетті ойлаумен болады. Бұндай тәсіл Чехов әңгімелерінде де кездеседі. Оның «Святкиде» әңгімесінде қызын ойлап жүрген кемпір былай суреттелетін: «Кемпір сорлы таңертең ерте тұрып сиыр сауып жүрсе де, пешке от жақса да, түнде ұйқылы-ояу жатса да: Ефимьям не болды екен, аман-есен жүр ме екен деп қызын ғана ойлайтын» [16, 331 б.]

Коллектив туралы осындай алып-қашпа сөздерді ойлап отырғанда шелек сұрап қара тоқал келеді. Айша таза әйел болса, ол керісінше салақ: «Жаулығы салтақ-салтақ кір. Аяғындағы кебісі бір жамбастап қисайып кеткен. Жау қуып келгеннен жаман ентігіп, қотыр малдай пешке сүйене тұрды да:

– Апырым-ай, Құдайдың күніне не болып кетті, түбі түсіп кеткен шығар, күнде боран, есті тандыратын болды ғой. Осы боранда ерігіп, жиылысқа келіп жүргендерін айтам-ау, «Шоққайыңның» 4-5 адамы үйге келіп, әкемдей болып сіресіп отырып алды. Соларға шай қойып беріп құтылайын деп едім, екі шелекпен бармасам, боранда қайта-қайта барып жүру қиын, шелегіңді бересің бе, келін? – деді.

Қара тоқалдың не айтып, не қойғанын Айша ұғынған жоқ, сөзіне құлақ та салған жоқ. Жалғыз-ақ «шелек» дегенін ұғынып қалды. Шелекті бермесе қара тоқал мылжыңдап мазасын ала беретін сияқты болды. Содан құтылғанша асықты. Өзі үйде оңаша қалып, істеген ісін тағы бір ойлап шықпақшы болды.

– Ана жақта тұрған шығар, ал! – дей салды.

Қара шелек қолынан осылай шығып кетіп еді.

Бейімбет – шағын әңгімеге барлық мәселені сыйғызып жіберетін шебер жазушы. Айшаның ойы арқылы коллективтендірудің қалай өтіп жатқанын, өзінің артель бастығы болып сайланғаны, мал ортақ болады дегенде әзер дегенде жинаған 2-3 малын уайымдағаны, әсіресе бір шелек сүт беретін ала сиырын уайымдағаны – бәрі бізге мәлім болады. Осындай нәрселерді ойлап отырып, шелекке мән бермеуі – логикалық дәлел.

Ал, қара тоқалдың шелек сұрап келуіне де себепкер – жиналысқа келген адамдар.

Қара тоқалдың салақ екені де айтылып қалады. Жалпы, Бейімбет әңгімелерінде әйелдердің салақтығы не көкдолылығы немесе тағы басқа мінездері қағыс қалмайды. Бірақ таза әйелдерден гөрі салақ әйелдер көбірек сыналады.

Бір ғана қара шелек арқылы сол кездегі жұрттың колхоздастыруға қатысты түсініктері, заманның астан-кестеңі шыққанын айқын көреміз. Шелек оқиғасы сюжетте байланыс қызметін де атқарып тұр.

«Кеш болып, үй-іші қара көлеңке тартқан соң, суға барайын десе, шелегі жоқ. Шелегін қара тоқалдың алып кеткені Айшаның есіне сонда түсті. Жаны шығып кете жаздады, өйткені, қара тоқалдың қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес: кесе алса, екі бөліп қайтарады, ќұманша алса, шүмегін сындырып қайтарады, шелек алса...

Айша шыдай алмай үйден шыға жүгірді. Екі үйдің арасына жалданып тұрған қарға тізесінен батып малтықты, оған да тоқтаған жоқ, қара тоқалдың үйіне жеткенше, қара шелекті көргенше асықты».

Айшаныњ қарға малтығып жүгіруі – деталь. Өйткені, тоқалдың ыдысты сау қайтармайтынын біледі. Уақытты кетірмей тез жету керек. Айша қара тоқалдың үйіне барса:

«Шашы обырап, күлді бұрқыратып қара тоқал пештің алдында отыр еді. Есіктен кірген Айшаны көрді де, ашуланған пішінмен шымшуырмен отты көсеп-көсеп қалды. Күл бұрқырап пештің аузынан көлбеп ұша берді.

– Шелекке келіп едім, – деді Айша әлденеден қорыққандай.

– Әлгі қағынғыр бала... өзінің де сыйын бердім... – деп қара тоқал отпен бола берді.

Айша шошынып, сезіктеніп, қара тоқалға төне түсті. Тоқал қаймыққан түрмен қарап:

– Неге төндің? Үлкенді сыйлап именсе қайтеді екен бұлар? Әне, жатыр шелегің, – деді.

Айша босағаға қараса, екі бүктетіліп, түбі аламайымен сөгіліп, қара шелек жатыр! Жаны шығып кете жаздады. Жалма-жан шелекті алып, қара тоқалға жіберіп ұрды. Ызаланып көзінен жасы ыршып-ыршып кетті.

–Ойбай, өлтірді мына иттің баласы! – деп қара тоқал шаңқылдап, үйді басына көтерді».

Қара тоқалдың екінші рет салақтығы көрінеді: шашы қобырап кетуі, күлді бұрқыратып алуы. Айшаны көргенде бүлінген шелек есіне түсіп, соған өзі де ызаланып, бір жағынан Айшаның да құр кетпейтінін алдын-ала сезгендей – осының бәрі бір-ақ қимыл арқылы, шымшуырмен отты салып қалуынан байқалады. Ашуланып қимылдағаны соншалық, күлді бұрқыратып жібереді.

Айша шелектің «қазасын» естуге қорқып, күдіктеніп сұрағанда даусының да қалай шығатыны белгілі.

Тоқал бір-екі сөзбен ғана болған жайды аңдатады. Шелекті бүлдірген бала екенін, өзінің де таяқ жегенін аңғарамыз.

Айша шелектің бүлінгеніне көз жеткізу үшін тоқалдың жанына жетіп барады. Қара шелек жай майыса салмаған, жарамастай боп бүлінген. Сондықтан Айшаның жаны шығып кете жаздайды. Шелектің бүлінгені қатты батқаны соншалық, тоқалды шелекпен ұрады. Ызаланғанынан көзінен жас шыққаны – шелекке қолы әрең жетіп еді, ол кезде ыдыс ќымбат тұрады, алу оңай емес.

Жазушы көлемі шағын диалог пен баяндаудан екі әйелдің образын, психологиясын өте дәл, ықшам, шебер түрде жеткізген. Қабдолов айтатын дәлдік пен ықшамдылық бар. Бір сөздің өзі кейіпкердің ішкі жағдайын ашып береді. Ауыл әйелдерінің мінез-құлқы айна-қатесіз нақты беріледі. Әйелдердің қандай жағдайда қалай сөйлейтіндіктерін жетік меңгерген.

«Шам жаға Қожағұл келді. Бет-аузына жабысқан қар еріп, сақалынан тамшылап тұр Екі үйдің арасы әжептәуір алыс екені, қар борап тұрғаны білінетін деталь.

– Келін шырағым, біздің әйелге қол тигізбей-ақ қойсаң болмай ма? – деп күрсінді ( тоқалының кінәсін біліп тұр).

– Сындырмасын, бүлдірмесін біреудің нәрсесін!

– Сындырмасын дегеніңіз дұрыс қой, бірақ «біреудікі» дегенді қойса да болады ғой. Мана өзіңіз бар емес пе едіңіз, не деп еді өкіл? «Керекті құралды ортақ пайдаланасыңдар» демеп пе еді? Сол құралдың бірі шелек қой. Бастық адам ұрмас болар, «бастығымыз осылай қылды, ұрды» деп арыз берсек, «потсот» кететініңізді білесіз бе?».

Мұнда адамдардың «ортақ мүлік» дегенді қалай ұғатындары байқалады.

Айша өзін тентекке санады. «Шынында, солай екен: ортақ мүлік, алып пайдаланды. Сындырса да еркі бар емес пе?», – деп ойлады. Ойлап еді, көз алдына жапырылған қара шелек елестегендей болды, шашы жалбырап, пеш алдында албасты құсап отырған қара тоқал елестеген сияқтанды» Айша колхоз заңына бағынса да, қара тоқалдың ісін мақұлдай алмайды. Кейіпкердің ішкі психологиясы көрінеді.

Бірмағамбет келгенде Айша болған жайды айтады. Қожағұлдың сотқа берем дегенін де айтады.

– Туу, содан қорқып жүргенің бе? Қожағұл сотқа беруші ме еді? Қожағұлдың кім екенін білесің бе? Ол – саудагер, ол – молда. Берікболдың жаназасын шығарып, қызыл бұзауды алғаны биыл күз емес пе еді? Ортақ мүлікке шелек қосылушы ма еді?

Сол кездегі саясат бойынша қайтыс болған адамға жаназа шығаруға тыйым салына бастағанын аңғарамыз. Атеизм қағидасы тұрғысынан мұндай істер кеңес өкіметіне жат боп саналды. Ол кезде саудамен айналысқан адамды алыпсатар деп айыптайтын.

Колхоз туралы жиылыс болып жатқанда:

– Иә, Алла, өзің медет бере гөр! – деп Қайралап ауыр күрсінеді. Осы Қайралапты колхозға алмаймыз деп, жиылыстан қуады.

Қайралапқа жоғарыдағы сөзді жазушының айтқызуында көп мєн жатыр. Сол сөзді жазушының өзі айтып отырғандай.


Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. 3-т., 1-кітап. 1967.

2. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. А., 2002, 2-К.

3. Жармағамбетов. Б.Майлиннің творчествосы. А., 1958.

4. Т.Нұртазин. Б.Майлин творчествосы. А., 1966.

5.М.Қаратаев. Шеберлік шыңына. А.,1963.

6. Р.Рүстембекова. Б.Майлиннің драматургиясы. А., 1969.

7. С.Ордалиев Сөз зергері. А., 1982.


13-тақырып І.Жансүгіров

Жоспар

  1. Ілияс романтизмі

  2. Ілияс реализмі

Өмiрдегi айрықша құбылыстарды бөлiп алып нақыштау, романтикалық қаhарманды әспеттеу I.Жансүгiров шығарма­шылығында да бiраз кездеседi. Cәкен романтизмi дегенде, қаhарманды алабөтен қиындық өткелiнде сынау жетекшi роль атқарса, cонымен бiрге оның қаhарманы үнемi дерлiк бар кедергiнi жеңушi, жеңiмпаз ер бейнесiнде алынса, Iлияста жеңiмпаздық cарын кейiндеу үстем болады да (мәселен, 1929жылғы «Гималай» өлеңiнде), оның есесiне, әсiресе, бастапқы өлеңдерiнде қайғы-мұңға, тұспалдауға ойысу басым болып келедi. Cондай-ақ Мағжан, Cәкендегi тәрiздi Iлияс романтизмi де реализмнен мүлде бөлектенiп, томағатұйық жолмен кеткен жоқ. Қайта бастапқы тауындыларында, әсiресе 1917жылға дейiнгi жырларында, негiзiнен алғанда, реализм басым түсiп, cол реализм аясында романтизм элементтерi ұшырасып отырды.Мәселен, 1912жылғы «Күзгi гүлге» өлеңi-реалистiк сипатта жазылған туынды. C.Cейфуллиннiң осыған дейiн талданған «Түс» өлеңiнде гүлдердiң т.б күзде емес, жазда солуы суреттелсе, мұндағы айырмашылық: күзде сарғаю сөз болады. Жапырақ, гүлдiң күзде солуы машықты жағдай екенi белгiлi. Әйтсе де өлеңнiң: «Қар қатып, пәк денеңе мұз тұрса да, // Жазды күт, күзгi гүлiм», – боп аяқталуында табиғаттың жылы мезгiлiн тосумен қатар, адамдар өмiрiндегi жазды күту, яғни бостандықты (жаз бостандықтың cимволдық белгiсi десек) аңсау идеясы да меңзелген. Бұл тұспалдауды шартты түрде романтизм элементi десек, өлең, негiзiнен алғанда, реалистiк болса да, романтизм шарпуына да аздап бөленгенiн байқаймыз.

Ақынның романтикалық қаhарман жасаудағы iргелi бiр табысы – оның 1923 жылы жазылған «Ызалы қиял» өлеңi:

Ай ұшамын аспанға,

Жер жағдайы жақпайды.

Аспанға аяқ басқанда,

Кiм көңiлiмдi cақтайды.

Жай отымен ұстаcып,

Мен көк дауыл зырлаймын.

Зайрамен көңiлiм тұтасып,

Айына да тұрмаймын.

Зәулiм жақпар қара құз

Екпiнiме торқадай.

Жердi ораған көк теңiз

Сапырылар сорпадай.

Өлеңнiң алғашқы шумағында-ақ лирикалық қаhарманның жер жағдайын жақтырмай, Айға ұшпақ болуының өзiнде қатардағы адам сезiмi емес, айрықша қаhарманға тән ширыққан толғаныс жатыр. Одан әрi лирикалық қаhарманның өмiрде бола беретiн дағдылы бөгетпен емес, «жай отымен» ұстасуы; «көк дауыл» боп зырлауы; тiптi Айға да аялдағысы келмеуi – бәрi ерекше мықтылық белгiлерi. Лирикалық қаhарманның күшейгенi cоншалық: оның екпiнiмен «жердi ораған көк» теңiздiң өзi (cөзбе-сөз түсiнсек, жердi орау мұхитқа ғана тән. Демек теңiз болғанда да, мұхит сипатындағы теңiз) сорпадай сапырылатыны әйгiленедi. Cонымен бiрге «сапырылар сорпадай» тiркесi – қазақ ұғымына неғұрлым жақын ұлттық нақышты шебер пайдалану үлгici. Шығарманың кейiнгi бөлiмiнде де лирикалық қаhарман құдiретiне тәнтi боламыз:

Ащы, қатты дауыстан

Қарағай, терек жығылар.

Қожайынсыған арыстан

Сескенер, тасқа тығылар.

Қабақты түйсем түнерiп,

Куiлдеймiн бұлт қуып.

Көшем көкке үдерiп,

Көз жасым – жаңбыр жер жуып.

Жерде мейiрiм, шапқат жоқ,

Бәрi залым, малқұмар.

Жерде әлсiзге рахат жоқ,

Бәрi жаусыз, қанқұмар.

Жалаңаштың тұлғасын

Тондырар суық қысы бар.

Қайыршының дорбасын

Қағып жүрген кiсi бар...

Дүние – дұшпан, мен-долы,

Ызам жердiң жүзiнде.

Талақ қылып мен мұны,

Ұшам Күннiң өзiне.

Мiне, осы үзiндiдегi «ащы, қатты дауыстан» қарағай, теректiң жығылуы да лирикалық қаhарман пәрмендiлiгi арта түскенiн айғақтайды. Қарағай, терек жығылуы оңай еместiгiн, оны не адамның ара, балтаны қолданып тiке әрекет етуi, не сұрапыл дауыл ғана сұлата алатынын ескерсек те, дауыспен ағаш құлатудың жай адамға тән еместiгiн оңай айырамыз. Демек бұл


да қуаты да, мүмкiндiгi де ерекше романтикалық қаhарманға
лайық iстер екенi аян. Осыншалық шарықтаулардан кейiн iрге тепкен лирикалық қаhарманның көз жасының жаңбыр боп жер жууы да сендiрерлiк. Cонымен қатар ақын жердегi зұлымдықты нақты нақыштамауымен ерекшеленедi. Бiз жердi қандай зұлым­дық басқанын (жоқшылық па, түрмеге жазықсыз қамау ма т.б.) бiле алмаймыз, оның есесiне лирикалық қаhарманның үйрен­-
шектi мекеннен әйтеуiр қашуы, жерде «жалаңаштың тұлғасын тоңдырар суық» қыс бар екенi cөз болады. «Жаз» көбiне тоқшылықтың, кендiктiң, «қыс» болса, қысым мен суықтың символдық белгiсi екенiн сараптасақ, «тоңдырған суық» қысқа бiртүрлi cекемденiп қарау туады. Түйiн ретiнде дiттерiмiз: лири­калық қаhарманның жердi жақтырмай, «күннiң өзiне» ұшам деп, қоршаған ортаға соншалық наразылығын бiлдiретiн осы өлең жолдары тек жиырмасыншы жылдардағы кесапатқа ғана емес, кейiнгi, тiптi күнi кешегi жетпiсiншi жылдардағы «тоқырауға», бейжай тiрлiкке, қысымға көне беруге қарсы бағытталған деу­iмiзге болады. Демек лирикалық қаhарман сезiмiн және қоршаған ортасын нақты көрсетпей, жинақтау, меңзеу, шарттылық көмегiмен оқшаулантып кестелеу нәтижесiнде ақын белгiлi бiр мөлшерлi уақытпен шектелмей, ұзаққа созылуы мүмкiн озбырлық үстемдiгiне деген қарсылығын бiлдiрген деп тұжырамыз.

I.Жансүгiров романтизмiнiң де, реализмiнiң де ең биiк шыңы – «Гималай» өлеңi (1929 ж.). Шығармада әcпеттелген Гималай тауының айрықша заңғар болып кеп, қалың мұнардан айыға алмауынан т.б. романтизм әсерiн аңғарсақ, әсiресе, шығарманың екiншi «Жауап» бөлiмiнен лирикалық қаhарман­ның күрестi аңсауы мен жеңiске деген сенiмiнен реализм мен романтизм астасуын көремiз. («Гималай» өлеңi кейiн Iлияс стилi қарастырылғанда кең талданады.– Қ.Ж.)


Әдебиет

  1. Жүсіп Қ.П. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. Павлодар,2007


14-таырып М.Әуезов

Жоспар

  1. «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Сөніп-жану», «Көксерек» әңгімелері

  2. «Қараш - Қараш оқиғасы» повесі

  3. «Қилы заман» повесі

  4. «Еңлік- Кебек» трагедиясы

  5. «Түнгі сарын» пьесасы

  6. «Абай жолы» романы

М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі

Әуезов әңгімелері туралы М.Қаратаев былай дейді: «бұрын қорғансыз жандардың бақытсыздығы сүйгеніне бара алмаған тек әйел теңсіздігіне ғана байланысты көрінсе, М.Әуезов пен Б.Майлин творчествосында сонымен бірге жетім-жесірлікке, кедейлікке және әлеуметтік теңсіздіктің басқа да түрлеріне байланысты» алынды. Екінші: М.Әуезов теңсіздік пен әділетсіздіктің түрлерін өмірдің көп салаларында көрсету үстінде көркемдік шеберлік жөнінде лелеулі жаңалық жасады – ол нағыз көркем психологиялық прозаның шынайы үлгілерін салды.

М.Әуезов 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» мен 1928 жылы жазған «Қилы заман» повесінің арасындағы бір топ прозалық шығармаларының қай-қайсысында да Толстой мен Тургеневтің, Чехов пен Горькийдің дәстүрінде адам әрекеттерінің психологиялық дәлелдемелерін бейнелеуге бейімдігін көреміз.

М.Әуезовтің «Абай» романы

Романның алғашқы кітабы 1938-1940 жылдары «Телқара» деген атпен қағазға түсті. «Оқудан қайтқанда», «Қат-қабатта» атты тараулары 1939 жылы баспасөзде жарияланды. Романға кірісер тұста Леонид Соболевпен бірігіп «Абай» трагедиясын жазды. 1940 жылдың күзінде «Телқара» атты бірінші кітап жазылып бітті. Әуелі араб әрпімен баспаға тапсырылып, кейін кирилл әрпіне түсірілген «Телқара» 1942 жылы шілде айында «Абай» деген атпен басылып шықты.Бейсенбай Кенжебаев баспа қызметкерлеріне құпиялап шығартады. «Абай» романы қызу талқыланды. Ғ.Мүсірепов «Абай» романы туралы деген мақаласында жұрттан өзгеше пікір айтты. Ол романдағы Қодар мен Қамқа оқиғасының кіргізілгенін құптамады. «Елдігі белгілі бір жоғарғы сатыда тұрған халықтың барлық бас көтергені, өз дәуірінің ақыл-ойы, саналысы саналған адамдардың күнәсіздігін біле тұра бір момын жан Қодар мен күнәсіз Қамқаны сонша өрескел түрде езгілеп өлтірулері, жалғыз Құнанбай тобына емес, ел атына да үлкен мін келтіреді. Оның үстіне әлсіз рулардың жерін тартып алу үшін Қодар өлімінің Құнанбай үшін керегі жоқ. Сол оқиғадан кейін, Бөкенші, Борсақ, Жігітектің жайлауы мен қыстауларын тартып алғанда Құнанбай көзі тірі екен деп ешкімнен именген жоқ қой! Құнанбайдың именгені сол Қодар болып па?

Құнанбайдай әкім шыққан, Абайдай ақын шығарғалы келе жатқан елге, ой-санасы, ішкі сезімдері жоғарғы бір сатыда тұрған елге тап осы қылықтар лайық емес». Талай елге аударылатын шығармада қазақ еліне сын болатын мұндай жайтты айтудың қажеті жоқ еді деді. Романды қазақтың елдігін танытатын шығарма деп өзінің әділ сыншы екенін танытты. Ол кезде елдік туралы сөз қозғаудың өзі қауіпті болатын.Романдағы бірнеше басты кейіпкерлерді бір-бір сөзбен бағалады. Мысалы, «Сүйіндік – жалтақ, Байдалы – табанды, қырыс адам. Бөжей – сыр бермес, Қаратай – жеңген топтың қасында» Құнанбайдың шешендік сөздерін жетілдіру керектігін ұсынды. Басқа сыншылар айтқан Құнанбайдың Қодарды өлтіртудегі мақсаты оның қыстауын иемдену деген пікірге қарсы болды. Абайдың Қуандық қызбен байланысын арзан мінезге балады.

З.Қабдолов өзінің «Менің Әуезовім» роман – эссесінің аяқталмай қалған екінші кітабында «Абай» романы туралы Қ.Сәтбаевтың пікірін келтіреді: «Абай» романы – аса көрнекті көркем шығарма ғана емес, бағалы ғылыми еңбек. «Абай» романына қалың оқырман ғана емес, әр саладағы ғалымдар да назар салмай өте алмайды. Ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілінің тууы мен қалыптасуын көреді. Ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық бейнелер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық көріністерінің әрқайсысы жеке-жеке ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге пара-пар. Ғалым-экономистер Қазақстанның 19 ғасырдағы халықтың мал шаруашылығы құрылысынан нақты мәлімет алады. Ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды. Терең жазушының шебер қолынан шыққан «Абай» романының шын мәніндегі көркем энциклопедия екені осы ғой!» (З.Қабдолов. Дана дидар.59-б.)

1949 жылы 10 сәуірде Әуезовке екі томдық «Абай» романы үшін Бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық беріледі.Шетел әдебиеті мен әдеби сынында әділ пікірлер айтылып жатты. 1954 жылы «Абайды» неміс тілінде оқып, өз отандастарына насихат жүргізген неміс әдебиетшісі Альфред Курелла 1957 жылы неміс газетінде Әуезовтің шеберлігіне тамсанып мақала жазады.

Қабдоловтың «Менің Әуезовімде» «Абай» туралы, Құнанбай туралы орыс жазушысы Леоновтың мынадай сөздерін келтіреді: «Тірі пендеге бас имейтін тәкаппар Леонов өмір мен өнер туралы түгесілмес философиясын тек Әуезовпен ғана бөліспекке келеді.

Мұхтар Омарханович, Сіздің ақыл-ойыңызға, сыр-сезіміңізге суарылған Құнанбай бейнесіндей ғажайып бейне сізге дейін бүкіл әлем әдебиетінде жасалған жоқ, соны білесіз бе? Біз стандартқа айналдырған ұнамды кейіпкер, ұнамсыз кейіпкер дегендер бар, қалай ойлайсыз: Құнанбай ұнамды ма, ұнамсыз ба? Екеуінің шекарасын сіз қалай жойып жібердіңіз? Әлгі ұғымның адамдарында спектрдың екі-ақ түрі – ақ бояу, қара бояу ғана бар. Ал сіз басқа бояуларды қайдан тауып, қалай қосып жүрсіз? Құнанбайдың «адамның құны не болса, міні де – сол!» дегені қандай терең философия!» (сонда, 48-б.)

15-тақырып. Ғабит Мүсірепов

Жоспар

1. Шығармашылық өмірбаяны

2. «Қазақ солдаты» романы

3. «Оянған өлке» романы

Төңкерістен кейін мектепті бірге бітірген 20 шақты баламен «Ақмола облысының оңтүстік партизандарының группасы» деген отрядқа қосылып, ақ казактарға қарсы күреседі. Кейін ауылда әскери комиссар, аудандық милиция бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Сол кезде елге танымал С.Мұқановпен кездесіп, оның кеңесімен Орынбордағы жұмысшылар факультетіне түседі. 1925 жылы «Едіге» әңгімесі «Еңбекші қазақ» газеінде жарық көреді.

1927-28 жылдары Шортандыдағы орман шаруашылығы техникумында оқытушылық қызметін атқарды. 1928 жылы «Тулаған толқында» атты алғашқы повесінде ақтар мен қызылдар соғысы кезіндегі қазақ ауылы өмірі суреттеледі. Бұл шығармада Ғ.Мүсіреповтің суреткерлікке тән таланты, өзіндік ерекшеліктері айқын көрінді. «Ұзамады, ұзын астауға салынып балқыған бағланның еті келді. Бүгілген тізелер жазылып, көсіліп мінгескен аяқтар жиналды. Еріндегі насыбайлар кілемнің астына тасталды. Екі құлағы қалқайып, езуі ыржиып, таңдай көрініп жатқан қозының басы мен теңкиіп жатқан сары қазысы бар ұзын астау келіп сылқ ете түсті» деген жолдардан Ғ.Мүсіреповтің стиліне тән жылы юмор, бейнелілік, ықшамдылық байқалады.

«Талпақ танау» (1933) – отызыншы жылдардағы қазақ әңгіме жанрының айтулы табысы. Колхоз бастығы Сәден көрші шаруашылықтың шошқа өсіріп, пайда тауып отырғанын көріп, бірнеше шошқа сатып әкеледі. Шошқаны кәпірдің малы санайтын ауыл адамдары алғашында оған үрке қарайды. Есен деген момын адамды жабылып жүріп шошқа бағуға көндіреді. Әңгімеде юмор, психологизм жарқырап көрінген.

«Шұғыла» әңгімесі сол кездегі солақай саясатты барынша әшкерелеген, оған қаймықпай қарсылық көрсеткен, туған халқы алдындағы азаматтық борышын адал орындаған, ащы шындықты шынайы бейнелеген туынды. Даладағы қазақтың аштан қырылғанын айтады.

Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығында ана тақырыбы айрықша орын алды. Ол аналарға арнап он шақты әңгіме, повесть жазды («Ұлпан»).

«Қазақ солдаты» – Ғ.Мүсіреповтің проза саласындағы елеулі табысы. Роман алғашында «Қазақ батыры» (1945) деген атпен шықты. Кейін «Қазақ солдаты» болып қайта жарияланды. Роман Отан соғысына арналып жазылған. Шығарманың композициясы қазақ солдаты Қайроштың басынан кешкендерін көркем баяндау арқылы құрылған. Совет Одағының батыры Қайырғали Смағұлов бас кейіпкер Қайрош Сарталиевтің түп тұлғасы ретінде алынған.

«Оянған өлке» (1953) романы қазақ әдебиетінің үздік туындысы. 19 ғасырдың екінші жартысынан Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ даласындағы өндіріс тақырыбын көрсетеді. Мыңдап жылқы айдаған дала шонжары Жұманның бар малы бір жұтта қырылып қалады. Ал Игілік бай заман ағысына ілесе білетін жаңашыл бай ретінде көрінеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет