Пәннің оқу-әдістемелік кешені (контент) «Мектепке дейінгі, бастауыш білім және өнер» кафедрасының мәжілісінде қаралды



бет22/23
Дата10.06.2022
өлшемі0.64 Mb.
#459105
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
20-21-2 Балалар әдебиеті - ДШО-20-2 дист - контент - Садуахасова Г. (1)

Жамандық қылған жаманды,
Жамандыққа қимадым.
«Берейін» деп сазаңды,
Жақсылықпен сыйладым.
Қастық қылған қасымды
Қастыққа мен қимадым,
Достықпенен сыйладым,
Өстіп жанын қинадым
Үшінші, дербес өлең жазып, соңын мақал-мәтелдің ойымен түйіндейді. Мысалы: «Құмырсқа мен піл» өлеңінде пілдің құмырсқа илеуіне аунағанын, ызаланған құмырсқалардың пілді шағып талап өлтіргенін баяндай келіп:
Бұзықтық істеп асқынып,
Бойыңа сеніп, зорсынба.
Ынтымақты көп елді,
Кіші екен деп қорсынба!−
деп түйіндейді. Төртінші, тұтас өлеңді, кейде жеке шумақты мақал-мәтел мақамында, ырғағында қиыстырады.
Қара басын қорғаған,
Қарнын ғана ойлайды.
Қарнын ғана ойлаған
Өмірінде тоймайды.
Немесе:
Ер бетіне тыртық түссе қылыштан
Отан үшін табан тіреп тұрысқан...
Бұл тыртықтар батырлықтың белгісі.
Қатын болмай, батыр болсын ер кісі.
Хас сұлулар хас батырды қалайды,
Жара, дағын жарастыққа санайды.
Мақал-мәтелді ақынның ізденімпаздықпен пайдалануының кейбір сәттері осындай.

Негізгі әдебиеттер:



  1. Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. А., Мектеп, 1976.

  2. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., Білім. 1998.

  3. С.Сарғасқаев, Қ.Қайсенов. Повестер. Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы. А., Жалын, 1990.

10-дәріс
Қазіргі дәуірдегі балалар прозасы


Б.Соқпақбаев − балалардың сүйікті жазушысы
С.Сарғасқаев шығармаларындағы достық, туған ел тақырыптары

Б.Соқпақбаев − балалардың сүйікті жазушысы


Бүкіл одақтық аренаға танылған балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қостөбе селосында туған. Ата-анасынан ерте айрылған, алғашқы кезде туыстарының қолында тұрған. Оның балалық шағында көрген қиыншылықтары мен жоқшылықтары «Балалық шаққа саяхат» деген кітабында бейнеленген. Отан соғысы жылдарында ФЗО мектебінде оқып, Совет Армиясы қатарында қызмет істеген, содан соң ауылда мұғалім болған. Қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген. 1950 жылы тұңғыш «Бұлақ» деген жинағы шыққан. Алматыда «Пионер», «Қазақстан пионері» редакцияларында қызмет істеген. 1955-1957 жылдары Мәскеудегі жоғарғы әдеби курста оқып, балаларға арнап бірнеше кітап жазған. Бұлардың ішінде «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Гауһар», «Жекпе-жек» және т.б. повестері жарық көрген. Соңғы жылдардың ішінде соғыс жылын қамтитын ересектерге арналған повестермен қатар, «Кездесу» және «Бозтөбе» поэмаларын жазған.


«Қазақфильм» киностудиясында «Менің атым – Қожа» повесі бойынша фильм түсірілгені бәрімізге мәлім. 1967 жылы Канн қаласында болған жетінші халықаралық фестивальда Одақ бойынша екі фильм – «Менің атым – Қожа» және «Хош келдіңіз» атты фильмдерге қызғылықты да тартымды түсірілгені үшін арнайы сыйлықтар берілді. Сөйтіп, Қожаны бүкіл дүние жүзі балалары көретін болды. 1952 жылдан бастап «Қазақстан Жазушылар одағының» мүшесі.
Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің өсу, өркендеу жолына көз салар болсақ оның қазіргідей шырқау биікке шығуына небір ғажап таланттар ат салысқанын көреміз. Әрқайсысы өзінің шама-шарқынша туған әдебиетіміздің көп қырлы, көп сырлы, кемпірқосақтай алуан түрлі әсем бояулы болуына үлес қосыпты. Бұл ғасырда халқымыз басынан кешкен әрбір кезең хатталып көркем әдебиеттің бетіне түсіп балталасаң өшпейтін елдік шежіре жасалған. Нағыз ерек таланттар қаламынан туған шығармалар өз халқымыздың ғана емес, әлем халықтарының да рухани сусынын қандырар баршаға ортақ асыл қазынаға айналған.
Сондай асыл қазынамыздың бірі Бердібек Соқпақбаевтың творчествосы. Өзіндік сырлы бояуы бар шуақты шыншыл творчество. Балаларға деп жазып, балалар жазушысы атанып, ал шынтуайтына келгенде шығармалары жас пен кәрінің бәрі бірдей сүйіп оқитын, қалың оқырманның махаббатына бөленген шын мәніндегі халықтық жазушы болып еді.
Б.Соқпақбаевтың жастық шағы қиындыққа толы, қайғы-қасіреттері көп болғанымен ол творчестволық қадамын бірден сәтті бастаған, жолы болған жазушы.
Алғашқы кітабының жарыққа шыққаны жайлы Бердібек Соқпақбаевтың еске алған сөзін айтар болсақ: «Баспаның директоры аты республикаға белгілі ақын еді. Ол мені студент кезімнен білетін. Бұрынғы жылы институттың мен басқаратын әдебиет үйірмесінде біз онымен мықтап тұрып дауласып, кездесу кешін өткізбенбіз. Бірге суретке түскенбіз. Соның бәрі ол кісінің есінде екен. Жастарға қамқоршыл мінезімен ол мені өте жылы қарсы алды. Баспаға қатысты шаруаларымды ешқандай әуре-сарсанға салмай тындырып берді»,- дейді.
Бұрымындай қыздардың
Ағасың әсем өріліп.
Төсінде ойнап құздардың,
Күмістей жалт-жұлт көрініп.
Соқса да дауыл бұлқынып,
Басса да құлап зіл жартас,
Жай түссе де тас жарып,
Күлкіңді сенің тыя алмас.
Осындай жыр шумақтарымен Б.Соқпақбаев әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған еді. Әдебиетке құштар, жазушы болуды армандаған балғын жас осылайша өз күшін ең әуелі поэзияда байқап, сөз қасиетін, сөз қадірін поэзия безбенімен өлшеуді үйренді. «Бұлақ» жазушының алдағы шығармашылық ғұмырының программасы іспетті болатын. «Төсінде ойнап құздардың күмістей жалт-жұлт көрініп» – Соқпақбаев шығармашылығының бар сипат, қасиеттерінің анықтамасын осынау жолдарда алдын ала өзі айтып кеткендей. Көркемдік биігінен ойнақтап көрінетін оның тамаша повестері, күмістей жалт-жұлт еткен мөлдір таза әшекейлі тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып, шеберлене берді.
«Алыстағы ауылда», «Он алты жасар чемпион», «Менің атым – Қожа». Осы повестердің әрқайсысы кезінде балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, тақырыптық сонылық, идеялық көркемдік жаңалық әкелген айтулы шығармалар еді. Бұған дейін көбіне кейіпкерлерді екіге: ақ пен қараға, яғни жағымды, жағымсызға бөліп қойып, онан соң белгілі бір схемаға салып соларды өзара айтыстырып, жасанды оқиғаға құрылған шығарма жазған әдет болатын. Олар көбіне мектеп өмірі, мектептегі пионер өмірі болып келетін. Жағымды кейіпкер жеңіп, жағымсыз кейіпкер жеңілетін. Балалар әдебиеті деп аталатын әдебиеттің бірден бір үлгісі еді. Б.Соқпақбаев осы схеманы бұзды. Ал жазушы буыны бекіп өсу, іздену үстінде еді. Осы кезде оны балаларға арналған шағын шығармалары және «Мен қалай үйлендім», «Көйлек мәселесі», «Жалғыз биллярдшы», «Бурыл ат» тәрізді тамаша әңгімелері жарық көрді. Бұл әңгімелердің қайсысы болмасын көркемдік дәрежелері өте жоғары, қас шеберге тән қолмен жазылған дүниелер еді. Жазушының түлеуі, өсуі осы болатын. Күні кеше балалар жазушысы атанып, балаларға ғана жазып жүрген жас автордың бірден мұндай әңгімелер жазғанын әдебиет сынымыз я ұқпады, я ұқса да таршылық жасап мойындағысы келмеді ме, әлде өресі жетпеді ме, кім білсін, әйтеуір кезінде Бердібек Соқпақбаев шығармашылығының осынау жаңа қыры, және мықты қыры, жаңа шыққан биігі онша қолдау таппай, еленбей, ескерілмей қалды. Сол баяғы «балалар жазушысы» дегенді басыңқырай айтып, «үлкендерге» арналған шығармалары соның көлеңкесінде болатын. Сезімтал жазушыға бұл әрине, ауыр тиетін.
Сол жылдары жарық көрген «Балалық шаққа саяхат» повесі де, шығарманың аты да, заты да балалар үшін жазылғандай болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл қалың оқырманға арналған шығарма еді. Және қалың оқушы солай қабылдады да. Жазушы балалық шағын еске ала отырып жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жыдардағы қазақ ауылының бүкіл тұрмыс-тіршілігін, сол кездегі саяси және әлеуметтік жағдайларды жік-жігімен бақайшығына дейін шағып суреттейді.
Б.Соқпақбаевтың қай шығармасында болсын бас кейіпкермен қатар басқа да ондаған жанама кейіпкерлер өрбіп жүреді. Оқиғаның дамуына қарай бірі көбірек, бірі азырақ көрінгенімен әрқайсысы өз тағдырымен, мінез-құлқымен есте қалып отырады. Бірақ басы артық жүргені болмайды. Бір ғана «Балалық шаққа саяхаттың» ішінде жүзге тарта кейіпкер бар екен. Ал, солардың бәрінің орыны, оқиғаға қатысы бар және есте қалар мінез-құлықтары, қылықтары бар. Бас кейіпкерлері әкесі мен шешесі, ағалары, інісі әрқайсысы өз қалпымен еш боямасыз, әсірелеусіз, өмірде қандай болса, сол күйлерімен кітап бетіне көше салған. «...мен әкеме риза едім. ...жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдар тәрізді. Ырғалып-жырғалып, ол қозғалып болғанша, өмір керуені біраз жерге барып та үлгереді...»
Әдетте жазушы атаулы ауыр кезеңдегі ерлікті, патриоттықты, тылдағы жанкешті еңбекті көрсетуге тырысып шығармаларында сенімді-сенімсіз оқиғаларды дабыратып, ұрандатып, уақыт үндеуіне үн қосқанын ерекше білдіргісі кеп тақырыпқа арнайы жазды. Соғыс жылдарындағы тылдағы өмірді суреттеген қазақ жазушыларының жүздеген ірілі-ұсақты туындыларын бүгінде оқып отырып олардың уақыт талабына сай жазылған ұран екенін, кезінде мақтаулы туынды атанғанымен бүгінде тоттанғандарын көресің. Қаһармандардың сол ерліктеріне бас ие тұрып, олардың іс-әрекеттерінен, мінез-құлықтарынан баттиып бөлініп тұратын жасанды қасиеттеріне елти алмайсың, елікпейсің. Бойға сіңген тәрбие арқылы құрметтейсің, бірақ өмірде дәл солай болды дегенде иланбайсың, иланғың да келмейді. Ал, «Өлгендер қайтып келмейдіні»: оқығандағы сезім мүлде басқаша. Автор тылдағы ерлікті көрсетуді де, лапылдаған патриотизмді де, көзге түсер ерен еңбекті де сипаттауды басқы мақсат тұтпаған. Яғни, уақыт заказы дегенде еске алмаған, мүлде ескермеген. Бар мақсаты: бас кейіпкердің басынан кешкенін, көргенін еш қоспасыз, бірауыз жалған сөз кірістірмей әңгімелеу. Ел тұрмысы, тіршілігі, қым-қуыт өмір сол бас кейіпкердің түйсінуімен баяндалады.
Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі – өмірбаяндық туынды. Онда автор өзінің балалық шақта басынан кешкендерін сол кездегі дәуір шындығына орай кішкентай Бектас бейнесі арқылы елестетеді. Ес білмес есер шақ, балалық мінез – Бектас, Жанбосын, Жүнісбай, Майра образдарынан шындық қалпында, толық көрінеді. Бектас жетімдік пен жоқшылық қасіретін көп көріп, жаншылып өссе де, онысына мойымайтын, қажырлы, өжет бала. Қу тілділеу, пысық, қағілездігі де бар. Сабаққа алғыр. Жүгіру, секіру, суға малтау жағынан да өзінен ересектерге есесін жібермейді.
«Жекпе-жек» повесі 1964 жылы шыққан «Біз де бала болғанбыз» жинағында басылған. Мұнда ауыл баласы, спортшы Мұрат Батырбаевтың спорттық өсу жолы, оның дарынды ұстазы украин жігіті Николай Трофимовичің қажымай-талмай жүргізген жемісті еңбегі көрсетіледі. Бұл повестің басты кейіпкері ауылдық мектепте оқитын Мұрат болғандықтан, ондағы оқиға тартысы, сюжеттік желінің бәрі де соның іс-әрекетіне, табысына байланысты дамиды.
Б.Соқпақбаевтың артына өшпес із қалдырған шоқтығы биік шығармалардың бірі – «Менің атым – Қожа» повесі. Ол – қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір белесі. Халықтың, жас оқырмандардың шынайы ықыласына бөленген сәтті туынды.
«Менің атым – Қожаның» көркемдік ерекшелігіне тоқталсақ, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. «Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады. Сюжет нақтылы көрінісін композициядан тапса, іс әрекет ізімен шығарма құрылысының жасалатыны да анық.
Повесте оқиғалар жүйесі мектеп оқушысы Қожа Қадыров төңірегінде өрбиді. Шығармада оның іс-әрекеті, мінез-құлқының қалыптасуы, арман-тілегі, басқалармен қарым-қатынасы суреттеледі.
Повесть әрқайсысына тақырып қойылып, нанымды, әсерлі оқиғаларға құрылған 27 тараудан тұрады. Шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың «Айвенгосын», немесе ЖЫЛЫВерннің «Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі» әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық.
Адам үшін өмірдегі ең қымбат бала болғандықтан, әдебиеттегі ең құрметті – балалар әдебиеті. Барлық еңбек, барлық өнер құрметті болғанмен, балаларға арналғаннан асары жоқ. Ал, сол қызметті балалардың өздері жоғары бағаласа, өнер адамы үшін одан үлкен бақыт бола бермес.

Бүгінгі заманның балалары сонау отызыншы, қырқыншы, елуінші және алпысыншы жылдардағы өздерінің құрбы-құрдастарының тұрмыс-тіршілігі мен тағдыр жолдарын біле бермеуі заңды. Мұндайда баға жеткісіз әңгімеші – әдеби шығармалар. Белгілі балалар жазушысы – Сансызбай Сарғасқаевтың повестері, міне, осынау кезеңдер жайында тартымды әңгімелейді. Оның шығармаларын оқығанда, балалардың қашанда жақсылыққа, адалдыққа, әділдік пен ерлікке, барша жақсылық атаулыға іңкәр екенін көреміз. Әрине, оның алдында әрқилы кедергілер, тағдыр тауқыметі мен ауыртпалықтар ұшырасады, әйтсе де, нағыз жігерлі, нағыз мықты азамат болуға ұмтылған балалар ешқандай қиындықтан мойымай, күресе жүріп, көздеген мақсаттарына жетеді. Адамзатқа алабөтен ауыр зардабын тигізген фашизмге қарсы шайқаста да, бейбіт өмірде де балғын ұрпақ өкілдерінің ересектермен – ата-аналармен, аға-әпкелермен бірге жарқын болашаққа, бақытқа құштарлануы бүгінгі балаларды да енжар қалдырмайды.


Балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаев жоғары оқу орнында арнайы білім алмаған. Білім алған орны – орта мектеп, ортасы – ауыл, тағдыры қиын отбасы, армияда әскери борышын өтеу кезеңі. Оқымайын демеген. ҚазПИ-ге де түскен, ҚазМУ-ге де түскен. Бірақ әр түрлі себептермен жарым жолдан шығып кеткен.
Кеудесінде оты бар талантты жас мектеп табалдырығында жүрген кезінен газет-журналдарға әртүрлі мақалалар жаза бастайды. Ал қолына қалам ұстаған кісінің жоғары оқу орнын бітірген күннің өзінде өмір бойы ізденіс үстінде болатыны белгілі. Сонда жеткілікті білім ала алмай қалған қаламгер несіне тоқмейілсімек? Қатарларынан қалмау үшін олардан әлденеше есе артық жанталасуына, ізденуіне тура келмей ме? Сондай ізденіспен аудандық «Красногоршы» газетінің әуелі жауапты хатшысы, соңынан редакторы болып істейді. Осындай шығармашылық еңбек өтілімен Алматыға жол тартады. Мұнда да «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушілігінен бас редакторлығына дейін өсіп, он екі жыл бойы табан аудармай қызмет істейді. Шәкірт кезінен мектеп пионерлері арасында үнемі вожатый болып, қоғамдық жұмыстарды белсене атқарғандықтан болар, мектеп бітірген соң, аға пионер вожатый болып қызмет атқарып, редакцияда мектеп бөлімін басқарып, мектептермен тығыз байланыста болғаны бар, пионер жұмысын, бала психологиясын өте жақсы білетін. Жазушы болған соң, әркім өзінің жете білетін тақырыбын төңіректейді ғой. Сансызбайдың балалар жазушысы, оның ішінде пионер қозғалысының жаршысы болып қалыптасуы, дүниеге сол кездегі жас ұрпақтың айнасындай «Бір отрядта», «Достар», «Сәуленің жаңа достары», «Ақиқат», «Көңілді балалар», «Бір көшенің балалары», «Тәмпіш танау» сияқты тамаша кітаптар әкелуі – сол өзі өмір сүрген ортаны жете зерттеп-білуінің арқасы-ау.
«Жұмбақ қыз», «Тәмпіш қара» повестері де достықтың айғағы. Сыныптастары үшін «Жұмбақ қыз» болып көрінген Күләштің ауыр тағдырына Марат, Сахи, Атабек сияқты сынып достары біртіндеп байыппен зер салып, зерттеу жүргізу арқылы араласып, тіпті ересектерге – Күләштің әке-шешесіне де әсер етіп, Күләштің күлкісі түзелуіне, қабағына ұялаған көлеңкеден арылуына зор септігін тигізеді. Мұндай батыл да байыпты жас достар болмаса, теріс жолға түсіп, ішкілікке салынған әкенің түзелуі, үй ішінің жұмысынан сабақ дайындауға қолы тимей, әрі әкенің зардабына шыдамай қиналған Күләштің еңсесі көтеріліп, жайдары да жарқын өмірге араласуы екіталай.
Ал «Тәмпіш қара» повесіндегі Шаншатай басқаша бейнеленген. Егер Күләшқа бүкіл сыныптас достары ықпал етсе, Шаншатай жалғыз өзі-ақ бүкіл сыныптастарын, тіпті күллі ауыл балаларына игілікті әсер етеді. Бұрын уақытын кешке дейін ойнап, бір-біріне тиісіп, төбелесіп, бірдеңені бүлдіріп дегендей, текке өткізетін балалар ауылға Шаншатай деген жаңа бала келгелі күрт өзгереді. Өйткені Шаншатай – ақылды бала. Спортпен шұғылданады, сондықтан күшті, ең бұзық деген Иманбектің өзінен ықпай, бетпе бет келгенде, қалпақтай түсіреді. Бірақ ол әділ. Иманбек сияқтылардың өзінен жасы кіші, немесе күші кем, әлсіз балаларға жасаған қиянаттарына төзбей, бірден қарсы шығады, сонысымен балалардың арасында беделді. Балалардың басын қосып, үлкендерге көмектеседі, қабырға газеттерін шығарады, басқа да толып жатқан жақсы істерге жұмылдырады. Шаншатай сияқты жігерлі де тәрбиелі балалар өмірде бар екені шәксіз. Соны таба білген, әрі шынайы бейнелей білген жазушыға риза боласың.
С.Сарғасқаев туындыларында балалар қашанда үлкендермен қоян-қолтық араласып жүреді. Өйткені күнделікті тіршілік те солай. Үлкендер де әрқилы: олардың да арасында жақсы, жаман адамдар аралас. Байқағыш балалар соны біліп, шама-шарқына қарай өздерінше әрекет жасайды немесе олардың қиын шаруаларына көмектеседі. Мысалы, «Сынған тіс» повесіндегі кейіпкерлер – үлкендер мен балалар. Ауылдағы учаскелік милиция инспекторы Әмірдің дүкенді өртеген, онымен қоймай адам өлтірген қылмыскерді табуына Сабыр бастаған балалар көп көмек көрсетеді. Өрт сөндірушілер, жасыл жасақшылар, отрядтарын ұйымдастырған балалар қылмыскердің ізіне түсіп, бірде көз жазып қалып, бірде байқап қалып дегендей, ақыры, Әмірге көрген-білгендерін түгел айтып береді. Соның нәтижесінде қылмыскердің құтылып кетпей, дер кезінде ұсталуына зор жәрдем етеді.
Жазушының шығармаларының барлығында дерлік Алатау өңірінің әсем табиғаты, сол табиғат аясында күн кешкен түрлі тағдыр иелері өрнектелген. Шығыстан Батысқа қарай созылған аспан тауларының бір көрікті аймағы – Сұлутөр. С.Сарғасқаевтың әңгіме, повестерінен үнемі осы Сұлутөрдің балалары мен үлкендерін көреміз. Балаларға базарлыққа ұсынған кітабын «Сұлутөр балалары» деп атаса, ересектерге арнаған романына «Сұлутөр» деп ат қойып, соғыстан кейінгі жылдардағы ауылдың тұрмыс-тіршілігін суреттейді.
Ал «Біз төртеу едік» повесі балалар үйінде тәрбиеленген Құрмаш, Бекеш, Толик секілді балалардың ауыртпалықтары да, өзіндік қызықты сәттері де мол балалық, жастық өмірін көз алдымызға келтіріп, достық жайында сыр шертеді. Бұл шығарманың кейін жарық көрген «Белбелес» атты екінші бөлімінде де осы идея үзілмейді. Мұндағы кейіпкерлер де – Сұлутөр өңірінің перзенттері. Оның себебі бар. Жазушының айтуынша, оның кітаптарындағы кейіпкерлердің барлығы да өмірден алынған. «Бәрі де осы өзім туып-өскен Жамбыл облысы, Сұлутөр өңірінің Красногор, Қордай, Мерке, Луговой аудандарында бұл күндері оқып жүр, қызмет етіп жүр», - дейді автор. Ал шынайы әдебиет өмірдің өзінен нәр алғанда ғана қадірлі, шыншыл екені белгілі. Өмірді білмесе, зерттемесе, әдеби шығарма дүниеге келуі мүмкін емес. Бір қарағанда елеусіз көрінетін детальдардың өзі талай сыр аңғартпақшы.

Негізгі әдебиеттер:


Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, 1974
Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 1976
Ергөбеков Қ. Жақсыдан қалған сөз. Алматы, 1991
Ергөбеков Қ. Мейірім шуағы. Алматы, 1985
Ыбырайым Б. Сырлы әлем. Алматы,1997
Қосымша әдебиеттер:
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. А: Мектеп, 1980.
Қазақ совет балалар жазушылары. Алматы: Жалын, 1987.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет