ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені «Психология»



бет4/6
Дата09.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#124497
1   2   3   4   5   6

Ерік.

  1. Ерік туралы түсінік.

  2. Еріктің физиологиялық негіздері.

  3. Еріктің амал кезеңдері.

  4. Ерік сапалары.

Қандай да іс-әрекеттің қажеттігін білумен, адам соған орай керекті шешім қабылдайды, бірақ оны орындау үшін кейде ешбір қимыл жасай алмайды. Мұны орынды түрткілердің кемдігімен ғана түсіндіріп болмайды. Кейде адам тіпті өз өмірі үшін қажетті болған жұмыстарды да аяқсыз қалдырады.

Теңдей білік пен білімге, ортақ көзқарас пен сенімге ие бола тұра, адамдар өз алдарында тұрған міндеттерді бірі сылбыр, бірі шапшаң әртүрлі қарқынмен орындайды, немесе кей адам іске байланысты қандай да қиыншылық кездесе қалса, жұмысын қоя салады, ал екіншісі мұндай кезде қуатына қуат қосып, өршелене әрекетке кіріседі. Адамдағы бұл құбылыстардың бәрін психология ерік көрінісімен байланыстырады.

Ерік – бұл адамның мақсатты жұмыс орындау барысында кезіккен сыртқы және ішкі кедергілерді жеңуімен байланысты өз қылық әрекеттерін қолдап, реттей білу қасиеті. Ерік өмірдің ауыртпалық түскен жағдайларында белсенділік көтеріп, өзін-өзі реттеудің қөзі болумен түгелдей сана басқарымында болады. Адамның өз әрекет-қылығын реттестіре алу қабілетінің негізінде жүйке жүйесінің өзара ықпалды қозу мен тежелу байланыстыра жатыр. Осы принциптерге сай ерік саналы өзіндік басқарумен бірге белсенділік арттыру, немесе ынталандыру және реттеу қызметтерін де атқарады.

Ерік, яғни ырықты әрекеттер - ырықсыз қимыл – қозғалыстар негізінде пайда болады. Қарапайым ырықсыз қимылдар қатарына жататындар, мысалы, көз қарашығының тарылуы мен жайылуы, жыпылықтау, жұтыну, түшкіру т. б. құсаған рефлексті әрекеттер. Ыстықтан қолды тартып алу, шу шыққан тарапқа бас бұру т. б. сияқты қозғалыстар да осы топтан.

Адамның мақсатты қозғалыстары әрқилы кедергілер мен қиыншылықтарға ұшырап отырады. Адам алдына қойған белгілі мақсатын орындау үшін оны ерікті әрекетімен жеңуге ұмтылады.

Адамның мақсаты, қалауы, әр түрлі істерді орындауға ұмтылуы, жалпы алғанда, ниеттерінің жиынтығы психологияда адам ниетінің өрісі делінеді. Басқаша айтқанда, бұл – адамның бағдарлы әрекеті. Сонымен, адам ниетінің өрісіне оның саналы әрекеті, еріксіз істері, айқындалған істері, мақсаты, әлі жете анықталмаған істері де жатады. Ниеттерді орындауда тіршілік үшін маңызды да, мәні аз да істер кездесіп отырады. Ниет өрісі өзгергіш, әрі қозғалғыш, сондай-ақ сыртқы жағдайлардың өзгеріп отыруына орай айнымалы болып келеді. Алға қойған мақсатқа сәйкес ниеттің мазмұны да айқындала түседі. Осы тұрғыдан алғанда, адам ниетінің мәні жекеменшікті не менмендікті, өрісі тар тоғышарлықты не өрісі кең қоғамдық сипатты білдіреді. Адам ниетінің өрісі белгілі мақсатқа бағытталып, оның азаматтық қасиеті мен іскерлігін, адамгершілік сапаларының өзгеруі мен тұр-сипатын білдіреді.

Әрбір жеке адамның ерікті іс-әрекеттерінің өзіндік сипаты бар. Бұл сипат маңызды жұмыстарды орындау үшін мәні аз іс-әрекеттерді соған бағындырып, өзінің жеке мақсатынан бас тартып отырады. Ерік – адамның қарқынды іс-әрекетін білдіретін процесс. Сөйтіп, адамның мінез-құлқы мен әрқилы істерді орындауға ұмтылуы маңызы зор, мақсатты істерді орындауға бағытталады. Адам еркінің көрінісі оның саналы түрдегі іс-әрекетінен байқалады. Қиын-қыстау жағдайлардан жол тауып шығуға жетелейді, соны жүзеге асыруға қажетті құрал табады.

Психиканың басқа да көріністері сияқты ерік те мидың жүйкелік процестеріне негізделген заттасқан құбылыс.

Ырықты әрекеттердің негізгі алдыңғы орталық жүйке сайларындағы ми қабықтарының бірінде орналасқан аумақты пирамидалы жасушалар қызметінде көрінеді. Әрекетке келтіретін импульстер осы жасушаларда пайда болады, осы арадан түйдектелген жүйке талшықтары бастауын алып, миға тереңдейді, одан төмен түсіп, жұлынды бойлай отырып, дененің қарсы тарапындағы бұлшық еттерге жетеді, яғни пирамидалы жол жүреді. Осы жасушалардың қай бірі жарақаттанса , адамның оларға сәйкес бір қозғалыс мүшесі істен шығады.

Алайда, ырықты әрекеттер бір-біріне байланысты өзара ықпалды әрі ниеттелген қимылдардың күрделі жүйесінде пайда болады. Бұл процесте қозғалыс түйсіктерінің маңызы үлкен. Егер алдыңғы орталық жүйке сайларының артына жайғасқан бөліктердің бірі зақым алса, адам өз әрекеттерін сезбей, қарапайым қимылдардан қалады, қалаған қозғалысын таңдап, реттей алмайды. Әрекеттердің бір ізділігі мен байыптылығы алдыңғы орталық жүйке сайларының қызметімен басқарылады. Бұл ми қабығы бөлігінің зақымдануы қозғалыс икемсіздігіне соқтырып, бұрыннан қалыптасқан дағдыларды жояды.

Аталған ми аймақтарынан басқа, еріктік әрекеттердің бағыты мен қуатын қолдап барушы құрылымдарды да ескерген жөн. Мидың маңдай профронталь бөлігі істен шығуынан қимыл-әрекеттер ырықты реттелуден ауып, қажетті бағдарламаға көнбей, ерік жоспарына икемдесуден қалады. Мұндай аппраксия жағдайында адам қандай да ісін бастағанымен, аяқтай алмайды, бастамай жатып, доғарып та қоюы мүмкін немесе еленбес себептерден-ақ жұмысын басқа арнаға бұрып жібереді.

Ми сырқаты негізінде адам абулия (зақымды еріксіздік) ауруына ұшырайды. Мұндайда әрекет иесі өз қадамының қажеттігін біле тұра, оны іске асыруға ерік күші жетпей, керекті шешім мен әрекетке келе алмай, жан күйзелісіне түседі. Абулия ми қабығындағы шектен тыс тежелу мен мидан берілетін импульстік ықпалдардың қажетті деңгейінің бәсендеуінен болады. Осыдан сырқат адам көбіне ырықсыз қылықтар шырмауынан шыға алмай, қиналады.

Ерік әрекеттерін орындауда адамның саналы әрі мақсатты қимыл-қозғалыстарын реттеуші екінші сигналдық жүйенің маңызы орасан.

Әрқандай ерік әрекеті өзінің күрделігімен ерекшеленеді. Ниеттелген мақсат анық болып, орындалу жағдайларына сәйкес әрі тікелей іс-әрекетке өтетін болса, әңгіме қарапайым ерік әрекеті жөнінде болғаны. Ал күрделі ерік әрекетінде ықпал жасаушы импульстер мен нақты әрекеттер арасына қосымша ерік бірліктері енеді. Ерік процесінің мәнді кезеңдері мен бөліктерінің құрамы: 1) ниеттің туындауы мен мақсат белгілеу; 2) талдау, талқылау кезеңі мен түрткілер таласы; 3) шешім қабылдау; 4) орындау.

Еріктік әрекет желісінің бастапқы басқышының негізгі мазмұны – ниет белгілеу мен мақсат қою.Ниеттің бәрі бірдей саналы болып келе бермейді. Қандай да қажеттілік өз түсінік денгейіне орай құмарлық немесе тілек сипатын алады. Егер тұлға өз жағдайына қанағаттанбаса, сонымен бірге, осыған байланысты қажеттілік толығымен өзіне әлі түсініксіз болса, оның мақсатқа жету жолы мен шараларының күңгірт болғаны. Бұл жағдайда оны іске итермелейтін құмарлық. Құмарлықта адамөзіне бірдеңенің керектігін сезінеді, бірақ сол нәрсенің не екеніне көзі қанық жетпейді, қажеттілігін нақты түсінбейді. Байыпталмағандығынан құмарлық іс-әрекетке бастау бола алмайды. Сондықтан да ол ауыспалы құбылыс, ондағы қажеттілік бірле сөнеді, ал кейде анық-қанығы ашылып, нақты тілек, ниет, арманға айналады.

Бірақ тілек ету де әлі әрекетке келу деген емес. Қажеттілік мәнін бейнелегенімен тілекте белсенділік болмайды. Тілеу – бұл алдымен әрекетке келтіруші себепті түсіну кезеңі. Әрқандай қылықтың түрткісіне, кейін мақсатына айналудан бұрын тілек сарапталып, бағаланады, оның орындалуына кедергі не қолдау беретін шарттар өлшестіріледі. Тілек іс-әрекет түрткісі сияқты өзінің туындауына себепші болған қажеттіліктің айқындығымен ерекшеленеді. Ынталандырушы күшке негізделген тілек адам санасын болашақ мақсатқа ойыстырып, жоспар түздіреді, сонымен бірге сол мақсаттың орындалу жолдары мен құрал-жабдықтарын ақылға сай нақтылайды.

Көрінген тілектің бәрі іске аса бермейді. Адамда бір уақытта әртүрлі, тіпті біріне бірі қайшы келген тілектер туындап, осыдан қайсысына орай әрекет істеуін білмей, ол күйзеліске келеді. Мектепті бітіріп, қай жоғары оқу орынын таңдайтынын біле алмай, дағдарысқа түскен кешегі оқушы осының мысалы.

Әрқилы қажеттіктер маңызының өзгеріске келуінен адамда түрткілер күресі басталады. Бұл талас-тартыстың мәні: әлі басталмаған әртүрлі әрекеттердің оң не теріс тараптарын, қай жағдайда қандай әрекетке кірісу қажеттілігін таңдауға бағышталған адамның талқылау ісінің жүруі. Түрткілер таласы жағдайында адам үлкен толғанысқа келіп, өз санасы мен сезімінің, жеке басы мен қоғам мүдделері арасындағы қарама-қарсылықтарды жеңе алмай, өз “қалауы” мен сырттан қойылған міндет “талауына” түседі.

Түрткілер тартысының қорытынды сатысы – шешім қабылдау; бір түрткіні қалаумен нақты мақсатқа жүгіну. Шешім қабылдай отырып, адам бұдан былайғы әрекеттің бәрі оның өзіне тәуелді екенін сезеді, бұл өз кезегінде онда еріктік әрекеттің ерекше сипаты – жауапкершілік сезімін оятады. Батыл шешімге келудің бірнеше жолы белгілі:


  1. Саналы шешім түрткілер қарсыластығы бірте-бірте семіп, арасындағы бір мәнділеу баламаға аса зорлықсыз-ақ жол беруден пайда болады. Көзделген әрекет жайбарақат, өзінен өзі басталғандай сезіледі.

  2. Таңдау толғанысы мен батылсыздық ұзаққа созылып, тереңдей түссе, адам дағдарысқа келіп, ештеңеге кіріспегеннен гөрі, бірін бастай салайын деп, қателікке ұрынуы мүмкін. Мұндайда қандай да бір кездейсоқ әсердің ықпалында қалып, адам өз басын “тағдырдың жазғанына” көндіреді.

  3. Ықпалды-ынталандырушы күштердің жоқтығынан, өз батылсыздығынан іштей күйініп, адам қалай болса, ойланбай, іске барады, тап осы мезетте істің ақыры не болатыны оны қызықтырмайды.

  4. Ішкі толғаныстардың байыпқа келуі – алғашқы түрткілер құндылығының өзгеріске келуіне де байланысты. Мұндайда шешім адамгершілік көзқарас, намыс араласумен қабылданады. Адам өзін жинақтап, қажетті бағыттағы әрекетке батыл кіріседі.

  5. Кейде өз қалауын қонымды ақылға сыйғыза алмай, адам белгілі бір әрекет түрін таңдайды, яғни ерік күшімен өз көңілінде бұрын еленбей келген бір түрткіге қуат береді, осыдан жаңағы түрткі басқаларын басып, әрекет көзіне айналады.

Еріктік әрекеттің орындалу кезеңі өзінің күрделі құрылымына ие. Шешімнің орындалуы қандай да мерзіммен байланысты. Егер шешімнің орындалуы ұзақ мерзімге кейін қалдырылса , онда ол ниет қана. Ниет соңғы ысырылған әрекетке дайындық ретінде танылып, шешімге байланысты көзделген мақсатты білдіреді. Мысалы, оқушы келесі жылдан бастап “беске” оқуды жоспарлайды, яғни ниет қояды. Мұндай ниет ерікті әрекет жасауға жеткіліксіз. Бұл әрекетте мақсатқа жетудің жоспарлау сатысын ғана байқаймыз. Жоспарлау – күрделі ой әрекетімен ұштасқан, қабылданған шешімнің тиімді әдістері мен құрал-жабдығын іздестіру кезеңі.

Жоспар әрқилы деңгейді, сапада болуы мүмкін. Жақын уақытта орындалатын әрекеттер нақты, айқын қарастырылса, уақыт өтумен жүзеге келетін істер күңгірттеу болады. Жоспарланған әрекет өздігінен бола қалмайды, ол үшін ерік күші араласуы қажет. Ерік күші – бұл адамның қажыр-жігерін жинақтап, мақсатқа жетуге керек болған қосымша қуат, түрткілердің көзінашатын, мақсатты белгілеу мен істің орындалуына дейінгі ерік процесінің барша бөліктеріне ықпалды фактор. Орындау барысында адам өзінің ішкі кедергілерін ғана емес, сыртқы қиыншылықтарды да ерік күшімен жеңетінін нақты байқай аламыз.

Ерік күшінің қарқындылығы төмендегі жағдайларға тәуелді:


  1. жеке адамның қөзқарасы;

  2. моральдық тұрақтылық;

  3. қоғамдық мәнді мақсаттар;

  4. іс-әрекетке деген көрсетпе-талап;

  5. жеке адамның өз басын жұмысқа бұрып, басқара алуы.

Ерік әрекеттерін іске асыру барысында, әсіресе орындаудан соң бағалау кезеңі келеді.Баға түрлі әлеуметтік-саяси, моральдық, эстетикалық т. б. бағыттардан беріледі. Баға тек жеке адамның өлшемінен емес, іске қатысы бар көпшіліктің пікіріне де телінуі мүмкін. Осыдан, ұжымдық баға әрбір дара тұлға әрекет-қылығының шын өлшемі бола алады. Орындалған іс-әрекеттің бағамы қабылданған шешімдер мен іс әдістерін қолдау, ақтау не кіналәу сипатта көрінеді. Әрқандай баға көңіл-күй толғанысын тудырып, іс нәтижесінен қанағаттану не қанағаттанбау сезіміне бөлейді. Орындалған әрекеттің болымсыздығынан адам опық жейді, ұят қылысына түседі. Баға жұмыстың ендігіден былай жалғасуына, өзгеруіне не доғарылуына түрткі болады.

Адамның ерік-жігер қасиеттері сан қилы. Бұлардың іс-әрекеттің нақтылы жағдайларына, орындау тәсіліне қарай бірнеше сапалары бар: біріншіден, ерктің күшіне (тоқтамға келгіштік, кедергілерді жеңе алу, өзін-өзі меңгере алу, батылдық, шыдамдылық

т. б.); екіншіден, адамгершілікке сыйымды ерік қимылының сапаларына (жеке мүддені ұжым еркіне, қоғам мүддесіне бағындыра алуда көрінетін ерік сапалары); үшіншіден, еріктің адамның дербестігінен байқалатын сапалары жатады (инициатива, принциптілік, тәртіптілік, жинақылық т. б.) бөлінеді.

Тоқтамға келгіштік дегеніміз адамның небір кезеңдерде қажетті шешімдерге келіп, оны жүзеге асыруға қабілетінің болуы. Тез тоқтамға келу үшін адам асығып-аптықпайды. Бұл әрбір істі ой таразысына салуды қажет ететін қасиет. Тек осындай жағдайда ғана адам алдындағы ісін дұрыс бағалап, жоспарлай алады, өзінің барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланады. Басқалардың ақыл-кеңесін тыңдау, ақылға салу, өзін тежей алу, қателерді көре білу, тәуекелге бел байлай алушылық – тоқтамға келгіш адамға тән қасиеттер. Адамның өз әрекетін дұрыс түсінуі, істеген ісінің азды-көпті кемшіліктерін көре білуі оның ақыл-ой парасатымен байланысып жатады.

Табанды адам алған бетінен қайтпай, көздеген мақсатына қайткен күнде де жетуді көздейді. Ол қажымайталмай әрекет етіп, осы жолда небір қиыншылыққа төзіп, оларды бірінен соң бірін жеңіп отырады. Мұндай адамның ерік күші қиыншылыққа қарсы батыл күрес үстінде онан сайын нығая түседі. Сөйтіп, табандылық кісі тандамайды, тілесе, кім болсын, тек еңбекті сүйе білген, осы жолда ерекше жігер көрсетіп, іске мейірлене, құлшына кіріскен адамдардың бойына даритын қасиет.

Ұстамдылық дегеніміз адамның оқыс қимыл-қозғалыстан, орынсыз сөйлеуден, босқа күйіп-пісуден бойын тежей алу қабілеті. Ұстамды адам әр кез терең ойланып, істің тетігін аңғара отыра әрекет етеді. Ол ағат істерге бара бермейді, көрсе қызар, яғни нәпсінің құлы емес. Мұндай адам өзінің бар күш-жігерін тек алдындағы мақсатын орындауға ғана арнап отырады. Жігер дегеніміз – құр тілекпен қанағаттану емес, бұл бір мезгілдегі тілек те, тоқталыс та, тілектен бас тарту да. Осындай қасиеттер адамның түрлі қиыншылықтарды жеңе білуге машықтануы, ауыртпалыққа шыдай, төзе білуі үстінде қалыптасуы болып табылады.

Тәртіптілік дегеніміз адамның өз қимыл-қозғалысын, ойы мен тілегін әр уақытта ұжымның ырқына бағындыра алу қабілеті. Кісінің тәртіптілігі оның жинақылығымен, іс-әрекетінің жоспарлығымен тығыз байланысты. Адам әр уақытта бір іске кірісерде оны мұқият жоспарлап алады. Адамның тәртіптілігі мен жинақылығы оның қоғамдық әрекетімен қатар жеке өмірінде де ерекше маңыз алады.

Ерлік дегеніміз алға қойған мақсатына шексіз сенген, сол жолда ақтық демі біткенше бел байлаған, моральдық рухы жоғары адамның ғана қолынан келетін қасиет. Сонымен қатар, ерлік – батылдық пен ұстамдылықтың, табандылық пен тез тоқтамға келгіштіктің адамның басында ойдағыдай тоғысуы. Ерлік көбінесе қоғамдық мәні бар істерде көрінеді.

Әр түрлі ерік сапалары бір-бірімен байланыспайтын оқшау жатқан қасиеттер емес, барлығы да адам бойынан табылатын, оның жеке басының бағытына, дүниетанымы мен сеніміне, мінез бітістеріне, темпераментіне, қабілетіне тағы сондай психологиялық ерекшеліктеріне байланысты түрліше жағдайда қабысып келіп отыратын сапалар.
Сезім мен эмоциялар.


  1. Сезім жөнінде түсінік.

  2. Сезім ерекшеліктері.

  3. Күрделі эмоциялар.

  4. Жоғары сезімдер.

Адам реалдық дүниені тек танып қана қоймайды, оған өзінің қатынасын да білдіріп отырады, ол бір нәрсені ұнатады, біреуді жақсы көреді, екінші біреуге салқын қарайды. Бір сөзбен айтқанда, өз қажеттеріне қарай айналасына түрлі көңіл күйін білдіріп отырады.

Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттеріне сәйкес келу-келмеуінің нәтижесінде пайда болып отыратын психикалық процестің түрі сезім деп атайды. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді. Адам сезімдері тарихи-әлеуметтік сипатта болады. Адамның сезімдері қоғамдық сипатта болып, сезімнің мазмұнын қоғамдық болмыс белгілеп отырады. Сезімдерден эмоцияларды айыра білу қажет.

“Эмоция” ұғымының төркені – “емовера” деген латын сөзінен, “эмоцион” дейтін француз сөзінен шыққан. Қазақша мәні – тітіркендіру, толқу. Бұл – жан дүниесінің сыртқы және ішкі әсерлер салдарынан ызалану, каһалану, қорқу мен шаттану сияқты жағдайларының көрініс беруі. Эмоция – адамдар мен жануарлар дүниесінде де көрініс беретін кейіп. Эмоциялық күй адамды іс-әрекеттерге шабыттандырып, тиісті нәтижелерге жеткізеді немесе көңіл-күйін жабырқатып, іс-әрекетін бейберекетсіздікке ұшыратады. Сезім мен эмоцияның адам іс-әрекеті мен көңіл-күйіне ұнамды әсер етуі стеникалық – күшті сезім тудырса, ал ұнамсыз не теріс әсер етуі астеникалық - әлсіз, жағымсыз сезім тудырады. Стеникалық сезім жүйке жүйесіндегі қозуды күшейтсе, астеникалық сезім жүйкеге тежелу жасап, адамның әрекетшілдігін әлсіретеді. Сөйтіп, адамның сезім күйі және оның қысқа мерзімді айқын көрінісі – эмоция – жан дүниесінің жандануы мен тіршілік ағымында айтарлықтай маңызы бар психикалық процесс. Сонымен, эмоция дегеніміз – адамның органикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыру не қанағаттандырмауға байланысты туатын психикалық күйлер.

Сезімдер организмде жүріп жататын ерекше процестермен байланысқан. Бұл процестердің көзі негізінен сыртқы дүние өзгерістерінде, дегенмен, олар бүкіл дене әрекет-қимылына әсер етеді. Осыдан, мысалы, көңіл-күй қандай да күйзеліске келсе, қан айналымы өзгереді, жүрек соғуы шапшандайды не бәсендейді, қан қысымы ауысады, қан тамырларының күш-қуаты артады не кемиді т. б.

Адам организмнің құрылымы симпатикалық жүйке жүйесінің қызметіне тәуелді. Осы жүйенің қозуынан бүйректен адреналин сұйықтығы бөлінеді. Адреналин дене ағзалары әрекетіне өзгеріс ендіріп, оларды шектен тыс тән қуатын жұмсауға дайындайды: қауіп-қатер төнгенде бұлшық еттерге қан жеткізу күшейеді, ас қорыту ағзаларының жұмысы бәсеңдейді, ішкі органдардан қан сыртқа тебеді.

Сезімдердің пайда болуы мен қалыптасуында үлкен ми жарымшарлар қабығы маңызды қызмет атқарады. Ми қабығы эмоция желісі мен көрінісін реттеп, денедегі барлық құбылыстарды өз бақылауына алады, қабық асты орталықтарын тежеумен, оларға басшылық етеді. Егер ми қабығында шектен тыс қозу туса (шаршағанда, ішкіліктен т. б.) қабықтан төмен жайғасқан ми бөліктері ырықсыз әрекетке келіп, адам өзінің әдеттегі ұстамдылығынан айрылады. Үлкен ми жарымшарлары алынған жануар болмашы себептен күшті әрі тұрақты эмоционалдық күйзелісте болады.

Сезімнің негіз болған физиологиялық процесс бастауын ми қабығында ала отырып, төмендегі қабық асты орталықтарына тарайды. Эксперименттер кезінде мидің кейбір аймақтарын қоздырса, жағымды эмоция туып, жануар сол әсердің қайталанғанын қалау сыңайын танытқан. Бұл ми бөлігі рахаттану орталығы аталған. Ал екінші бір ми аймағына әсер түскенде, жануар тынышсызданып, қиналған күй көрсеткен, осыдан мұндай жүйке жүйесі қиналу орталығы аталған. Осы күнде мидің сол жарым шарында жағымды эмоциялар туындап, ал оң жарым шарында жайсыз сезімдер өріс алатыны дәлелденіп отыр.

Адамның эмоционалдық өміріне қуат беруші жүйке – ретикулярлы формация деп аталады. Әртүрлі сезім ағзаларынан жүйке ықпалдарын ала отырып, ретикулярлы формация оларды өңдеп, бас миының үлкен жарым шарларына жеткізеді. Қуат жинақтағышы ретінде бұл жүйке ми белсенділігін көтереді не төмендетеді, сыртқы тітіркендіргіштерге жауап әрекеттерді босаңсытады не іркіп барады.

Адамның сезімдік болмысында екінші сигналдық жүйенің маңызы үлкен. Толғаныс тек сыртқы әсерлерден туындап қоймайды, ол үшін сөз бен ойдың ықпалы күшті. Осыдан адам кітап оқудан не ақпарат естуден белгілі эмоциялық күйге түседі. Жоғары, адами сезімдердің интеллектуалды, моральдық, эстетикалық – физиологиялық негізі осы екінші сигнал жүйесінде.

Екінші сигналдық жүйенің бірінші сигналдық жүйемен біртұтастық байланысынан адам өз сезімдері мен олардың қоғамға сай тысқы көріністерін саналы реттеп отырады.

Басқа тұлғалардың сезімдік кейпін олардың мәнерлі қозғалыс-қимылдарынан, ым-ишарасынан т. б. айқын тануға болады. Әрбір сезімнің өзіне сай әрекет түрі бар. Мысалы, қорыққанда көз аларады, діріл пайда болады, бет бозарады ал қуаныш жанар жарқылынан, бет қызаруы мен әрекеттер жеделдеуінен білінеді.

Сезімдер мен эмоциялардың бірнеше сапалық ерекшеліктері бар. Олардың сапасын көрсететін ерекшеліктерінің бірі – қарама-қарсы, полярлық сапалықтар. Мысалы, сүйсіну, сүйсінбеу, көңілдену, қажу т.б. осы секілді сапалар өз ара екі полюске ажырасып, біріне-бірі қарама-қарсы мағынада болады.

Сезімдердің екінші ерекшелігі – олардың актив (қажырлы) және пассив (солғын) болып бөлінуінен көрінеді. Адамға күш беріп, әрекетке ұмтылдыратын, көтеріңкі сезімдер мен эмоцияларды стеникалық, ал бұлардың баяу, солғын түрлерін астеникалық деп атайды. Біріншісіне: жауапкершілік, достық, жолдастық т.б. жатса, екіншісіне: уайым, енжарлық, көңілсіздік т.б. сезімдер жатады. Түрлі нақтылы жағдайлардың ретіне қарай адамдарда бір сезімнің өзі бірде қуатты, бірде әлсіз болып көрінуі мүмкін. Мысалы, қорқыныш сезімі кейде бір адамның буынын босатып, пәрменсіз етсе, енді бірде қауіп-қатерге қарсы тұрғызатын айбаттылыққа ауысуы мүмкін.

Сезімдердің үшінші бір ерекшелігі – жігерлену және кернеуден босану немесе шешілу. Бұл да сезімдердің қарама-қарсы сапаларының бірі. Мысалы, студенттердің емтиханнан өтуі, спортпен айналысатын адамның мәреге жетуі шешуші кезеңдер болып табылады. Мәреге тақалғанда адам барлық күш-жігерін жұмылдырады. Осы кезең өткен соң басқа бір күйге түседі.

Шамадан тыс күшті тітіркендіргіштер адамда көбінесе қолайсыз эмоциялар туғызады. Кісіұдайы қинала беретін болса, оның діңкесі құрып, берекесі кетеді. Адамның осылайша шамадан тыс зорлануын психологияда стресс деген терминмен белгілейді. Стресс үш түрлі жағдайда байқалып отырады. Оның алғашқы көрінісін мазасыздану кезеңі дейді. Организмнің күшті тітіркендіргіштермен айқасқа түсуін күш салу, немесе зорлану кезеңі деп атайды. Адам сырттан келетін әсерге төтеп беруге шамасы келмеген жағдайда титықтап, әрекет жасаудан қалады. Мұндай қолайсыз әсер жүйке жүйесінің жұмысына да, дене күшіне де нұқсан келтіретіндіктен, адам өзінің сыртқы ортамен байланысын үнемі қадағалап, реттеп отыруы қажет.

Сезімнің ерекшеліктерінің барлығы нақтылы әрекет үстінде, кездесетін қиыншылықтарды қарсы алу кезінде айқын көрініп отырады. Адамның әртүрлі эмоциялары мен сезімдері оның қажеті мен қызығу ерекшеліктеріне, дүниеге көзқарасы мен сеніміне, мінез-құлқы мен білім көлеміне, санасы мен ерік сапаларына байланысты қалыптасып отырады.

Күрделі эмоциялардың бірі – көңіл. Кейпіне қарап адамдарды шат, жайдары, жылы жүзді, ақжарқын, не көңілге кірбің кіру т.б. деп ажыратады. Адамның көңіліне айналасын қоршаған дүние әсер етіп отырады. Егер оның қызметі жақсы жүріп жатса, ұжымы ынтымақты болса, отбасы жағдайы жарасымды болса, көңілі де көтеріңкі болады. Көңілге адамның денсаулық жағдайы, жүйке жүйелерінің ерекшеліктері де әсер етеді. Өмір-тіршілігі үшін елеулі маңызы бар оқиға да адамның көңіліне үлкен із қалдырады. Адам өз көңілінің қожасы болу керек екендігін олар іс жүзінде көрсете білуі тиіс. Осы аитылғандардан өмір сүруге қолайсыз кездерде де көңілді ырқына жібермеуге болатындығы, көңілдің тұрақты болуы жұмыс қабілетін арттыруға, адамның жеке қасиетінің жақсы сапаларына байланысты екені жақсы аңғарылады.

Эмоцияның бір түрі – аффектер. Аффектер дегеніміз қысқы уақытқа созылса да, бұрқ етіп қатты көрінетін эмоцияның түрі. Аффектілердің тууы мидағы қозу мен тежелу процестерінің өте күшті болуымен байланысты. Аффектер кейде адамның бүкіл психикалық кейпін бұзып, мәнерлі қозғалыстарға толы, ерік күшінің әлсіреу жағдайында өтеді. Адам бойы қаншалықты ашу-ыза кернегенімен, оны долылық сатысына жеткізбей, аффектіні ауыздықтап, ерік күшіне бағындыруына болады.

Адамның көңіл күйінің кейпін білдіретін жайттың бірі психологияда фрустрация деп аталады. “Фрустрация” латыншадан аударғанда - көңілдің бұзылуы, межелі істің жүзеге аспай қалуы дегенді білдіреді. Жоспарланған ісі мен мүдделі мақсаты түрлі себептер мен кедергілерге ұшырап, адам оған ренжиді, көңілі құзалып, бойын ашу-ыза кернейді, қайғырып, күйзеледі. Қанағаттанбаушылық сезіммен жан дүниесі қиналады. Мұның бәрі фрустрацияның психологиялық стрестің өзіндік бір қыры екендігін көрсетеді. Адамның сезімі мен эмоциясы жағымсыз күйге ұшырайды. Фрустрациялық жағдайдағы көңіл күй өшпенділік, кейіс пен қаһар тудырады.

Сезімнің адам бойында жиі кездесетін, өзіндік мән-мағынасы бар ерекшелігі – эмпатия. Эматия адамның өзгелер қайғы-қасіретті жағдайлар мен қиыншылықтарға ұшырағанда, оларға жанашырлық білдіріп, солардың ауыр халінің өз басына түскендей көңіл-күйде болуы. Жанашырлық сезімнің мән-жайын психологияда ашып көрсеткен – американдық психолог Э. Титченер. Ол филисофиядағы ұнату сезімнің теориялық негіздеріне сүйене отырып, жанашырлық сезімнің эмоциялық, салыстыру мен ұқсату тәсілдерімен түсіндірілетін танымдық және адам көңіл-күйінің аффектті жағдайға душар болу себептерін алдын ала сезе білу сияқты түрлері болатындығын да даралап көрсетеді.

Құмарлық көрнекі түрде сыртқа шығып, ұзақ уақытқа созылады. Ол әрқашан белгілі бір объектіге бағытталады. Құмарлық – адамның белсенді іс-әрекетін оятатын күшті сезім. Оның ұнамды және ұнамсыз жақтары бар. Мысалы, оқып білім алуға деген құмарлық адам қабілетін тәрбиелейді, мәдениетін дамытып, өмірдегі мақсат-мүддесіне жеткізеді. Бұл – ұнамды қасиет. Ал ұнамсыз құмарлық адамның еркін нашарлатады, жан дүниесін аздырып, бей-берекеттікке ұшыратады. Құмарлықтың ұнамсыз түрімен күрес жүргізіп, жексұрын қылықтарға жол бермеу керек.

Адамның жан дүниесінің сыры қоршаған ортаға әсерленіп қана қоймай, оның құпия сырларын танып білуге ұмтылады. Мұндай әрекет адам сезімінің жоғары деңгейдегі саналы әрекетін, эстетикалық талғамы мен адамгершілік-иоральдық қасиеттерін сезіне білетін көңіл-күйіне байланысты.

Ақыл-ой (интеллектік) сезімі адамның таным әрекетімен байланысты. Сезімнің бұл түрі – балалардың оқып білім алуға, ересектердің өз қызметіне, шығармашылық пен өнерге деген көңіл-күй қатынасы. Адамның шындықты тануға деген ақыл-ой сезімі ең алдымен таңданудан басталады. Таңдану кісіні әрбір нәрсенің, құбылыстың, оқиғаның мән-жайын жан-жақты танып, оларды тереңірек түсінуге жетелейді, оның ізденімпаздық әрекетін тудырады. Іздену барысында адам түрлі жорамалдардан бастап, теориялық тұжырымдар жасайды. Күмәнді жайттарды тәжірибе жетістіктермен салыстыра отырып тексереді. Ақиқаттағы анықталған ойды қорытып, теориялық пайымдаулар туғызады. Болжамдарды анықтау барысында адамда ақиқатқа қалайда қол жететіндігіне деген сенім сезімі пайда болады. Сенім оған күш-қуат беріп, көңілін көтереді. Ақыл-ой сезімі – адамның кез-келген іс-әрекетіндегі рухтандырушылық маңызы зор көңіл-күй.

Эстетикалық сезім – объективтік шындықты бейнелеп, оның әсемдігі мен сұлулығын, жарасымдылығы мен сенімділігін қабылдап, оған әсерленудегі көңіл-күй. Әсемдікті қабылдап, оған сүйсіну, ләззаттанып, рухани күшін арттыру сезімі адамның өмір тіршілігінде біртіндеп қалыптасатын жағдай. Әсемдікті қабылдау туа пайдаболмайды. Әсемдік әлемі адамға өзінің сұлулығымен, табиғи жарасымдылығымен және шынайы көркемділігімен әсер етіп, адамның мақсат-мүддесіне, рухани қажеттілігіне лайықты түрде дамиды.

Эстетикалық сезім – мазмұны мен мән-мағынасы және тұр-сипаты тұрғысынан ауқымы кең ұғым. Психология эстетикалық сезімді табиғат пен адам қоғамындағы әсемдіктің адамның жан дүниесінде бейнеленіп, оның мінез-құлқына, дүниетанымына ықпал етіп отыратын жағымды құбылыс, сонымен қатар көңіл-күйін шалқытып, іс-әрекеттерін өрістетуші фактор ретінде қарастырады. Өнер мен музыка, ән-күй мен көркем шығарма адамның жан дүниесін тебірентіп, өмірдің неғұрлым мазмұнды болуына әсер етеді, оны шабыттандыра түседі.

Адамгершілік-моральдық сезімдер қоғамның қойған талабына адамның өз мінезінің лайық не лайық еместігін сезінген көңіл-күйін білдіреді. Адамгершілік сезім қоғамның тарихи дамуына байланысты. Қоғамның экономикалық жағдайы, саяси-идеялық бағдары, ондағы топтардың әлеуметтік жағдайы – мұның бәрі адамгершілік сезім көрінісінен байқалып тұрады.

Адамгершілік сезімінің принципі мен жалпы негізі – белгілі бір қоғамдық-экономикалық формацияларда қалыптасып отыратын мінез-құлық нормалары. Гуманистік және демократия үстемдік ететін қоғамдағы адамгершілік сезімдер – борыш сезімі, әркімнің өз халқы алдындағы азаматтық қасиеттерін құрмет тұтуы, әрбір адамның даралық-жекелік қасиеттерін сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, отбасындағы өзара сыйластық және әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың, этностардың өкілдеріне деген жалпы гуманистік қарым-қатынас.

Адамгершілік сезім адамның өткен өміріндегі елестеріне, мақсат-міндеттерін жүзеге асыруы мен идеяларына және дүниетанымдық көзқарасы мен қоғамдық іс-әрекет түрлеріне байланысты болып келеді.

Адамның жоғары деңгейдегі сезімдерінің қалыптасып, дамып отыруы ең алдымен өзінің жеке басына деген жауапкершілікті сезінуінде жатыр. Екіншіден, ол отбасындағы тағылым-тәрбиеге, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың қамқорлығына орай өрістейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет