Инвестордың мәртебесі. Шетелдік инвестордың мәртебесін анықтау үлкен практикалық маңызы бар мәселе. Егер қандай да бір заңды немесе жеке тұлға шетелдік инвестор деп танылса, онда ол жергілікті және халықаралық заңнамамен көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктерге ие және шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқық алады.
Шетелдiк инвесторлар құрамына келесі тұлғалар кіреді:
- шетелдiк заңды тұлғалар;
- шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, шет елде тұрақты тұрғылықты жерi бар Қазақстан Республикасының азаматтары, бұл орайда олар шаруашылық қызметтi жүргiзу үшiн азаматтығын алған немесе тұрақты тұрғылықты жерi орналасқан елде тiркелген болуы керек;
- шет мемлекеттер;
- халықаралық ұйымдар.
Осылардың ішінде ең басты инвестор ретінде шетелдiк заңды тұлғалар танылған. Ұлттық заңнама бойынша шетелдiк заңды тұлға деп - шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға (компания, фирма, кәсiпорын, ұйым, қауымдастық және т.б.). Шетелдік инвестор ретінде көбінесе шетел қатысатын кәсіпорындар табылады. Шетел қатысатын кәсiпорын - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және шетелдiк кәсiпорын немесе бiрлескен кәсiпорын нысанында iс-қимыл жасайтын заңды тұлға. Шетелдiк кәсiпорын - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, толығымен шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын. Бiрлескен кәсiпорын - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, мүлкiнiң (акциялардың, үлестiң) бiр бөлiгi шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын.
Шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тiркеуге арналған Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Шетел қатысатын кәсiпорын осы тәртiп бойынша көзделген құжаттардан басқа мыналарды табыс етуге тиiс: а) шетелдiк заңды тұлға үшiн сол субъект өз елiнiң заңдары бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын сауда тiзiлiмiнен алынған көшiрме немесе басқа құжат, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге; б) шетелдiк жеке тұлға үшiн жеке тұлғаның өзiн куәландыратын паспортының немесе басқа құжатының көшiрме нұсқасы, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге. Шетел қатысатын кәсiпорындардың кейбiр түрлерiн тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының тиiстi заң құжаттарымен қосымша құжаттарды табыс ету қажеттiгi көзделуi мүмкiн.
Келесі топ инвесторларға шетелдік жеке тұлғалар жатады. Капитал салымдарын көтермелеу және өзара қорғау туралы халықаралық келісімдерде «инвестор» ретінде бір тараптың заңнамасына сәйкес келісуші тараптардың бірінің азаматы болып келетін жеке тұлға түсіндіріледі. Бұл – кең таралған ереже. Бірақ, ескертулер де болады. Мәселен, ТМД мемлекеттері мен Германия арасындағы келісім-шарттарда инвестор ретінде мемлекет азаматы емес, мемлекет аумағымен байланысы бар тұлға түсіндіріледі. Басқа сөзбен айтсақ, оның негізі ретінде азаматтық емес, белгілі бір аумақта тұрақты тұру қағидасы жатыр. ТМД мемлекеттерінің алғашқы заңдарында шетелдіктерге ұлттық режим берілген, қазіргі таңда ең қолайлы жағдай режиміне көшу тенденциясы байқалады. Шетелдіктерге болу мемлекетінің заңын сақтауды және антимонополиялық заңнаманың нормаларын да сақтауда міндет қояды. Шетел азаматын инвестор ретінде танудың бір негізі – шаруашылық қызметті атқарушы ретінде азаматтығы мемлекетінде немесе тұрақты тұрғылықты мемлекетінде тіркелу табылады.
Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің дамуы туралы заңнамада шетел азаматтарына Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметпен айналысуда қазақстанның азаматтарымен бірдей тең құқықтар мен міндеттер берілген.
Мемлекеттер мен халықаралық инвесторлар инвестор ретінде басқа мемлекеттерде бола алады. Мемлекеттің жеке құқықтық инвестициялық қатынастарға қатысуынан оның халықаралық инвестициялық қатынастарға қатысуынан айыра білу керек. Мемлекет туралы сөз көтере отырып, оның инвестициялық қатынастарда иммунитеті болатындығын ескерген жөн. Мәселен, мемлекет иммунитетін пайдаланса, онда мемлекет сыртқыэкономикалық, инвестициялық қызметті жүзеге асыра отырып, әріптесімен қатынаста дау туса, әріптесі мемлекетті сотқа жауапқа тарта алмайтын болады. Бұл жағдайдың себебі, мемлекет тәуелсіздік, егемендік және юрисдикция сияқты белгілермен сипатталады. Қазіргі таңда, көптеген мемлекеттерге қатысты сотқа талап арыз беру мүмкіндігі туып отыр. Мұның бұлай болуы мемлекет жеке қатынастарда басқа субъектілермен тепе-тең түсуімен түсіндіріледі.
Халықаралық ұйымдардың ішінде шетелдік инвестор ретінде халықаралық банкілер табылады. Бұл субъектіні біз халықаралық есептер мен несиелер тарауында толығымен қарастырамыз.
Шетелдік инвесторлар үшін жағдай тудыру және кепілдіктерді қамтамасыз ету. Ұлттық режим негізінде шетелдік инвесторлар ұлттық кәсіпкерлерге, жергілікті инвесторларға теңестіріледі. Ең қолайлы жағдай режимі негізінде барлық шетелдік инвесторлар бір-біріне теңестіріледі; бір мемлекеттің шетелдік инвесторларына берілген инвестициялық қызметтің жағдайлары басқа мемлекеттің (мемлекеттердің) инвесторларына да беріледі.
Осы екі режим мемлекеттермен өзара бастауларда инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы мемлекетаралық келісім негізінде жүзеге асырылады. Әртүрлі мемлекеттермен әртүрлі режимдер белгіленуі мүмкін. Белгілі бір режимді бергенде мемлекет шетел кәсіпкерлерінің салымдарына тең құқылы және әділді режимді беру жөнінде міндеттеме алады. Бірақ, мемлекет аралас та режимдер белгілеуі мүмкін. Ұлттық режимде де шетелдік инвесторларға белгілі бір шектеулер қойылуы мүмкін. Сонымен қатар, ұлттық және өзге де режимдерде ұлттық экономиканың белгілі бір салаларына жеңілдіктер мен артықшылықтар да берілуі ықтимал.
Шетелдiк инвестициялардың кез келген нысандары мен соларға байланысты, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында тыйым салынбаған қызмет осындай жағдайда Қазақстан Республикасы жеке тұлғаларының немесе заңды тұлғаларының, не өзге де кез келген шетелдiк жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың инвестицияларына қаншалықты қолайлы жағдайлар жасалатынына қарай, олардан қолайлылығы жағынан кем түспейтiн жағдайларда жүзеге асырылады. Бұл Қазақстандағы шетелдік инвестициялардың режимінің жалпы ережесі. Бұл режим: а) басқа мемлекеттердiң жеке және заңды тұлғаларына осы мемлекеттермен, не халықаралық конвенцияларға сол мемлекеттермен бiрлесiп қатысу арқылы жасалған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы беретiн артықшылықтарға; б) Қазақстан Республикасының заң құжаттарында тiкелей көзделген өзге де жағдайларда қолданылмайды. Сонымен қатар, экономика мен әлеуметтiк саланың басымдық берiлген салаларында шетелдiк инвестициялар үшiн белгiленуi мүмкiн. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiгiне сүйене отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде шетелдiк инвесторлардың немесе шетел қатысатын кәсiпорындардың инвестициялық қызметi шектелетiн немесе оған тыйым салынатын аумақтар белгiленуi мүмкiн.
Қазақстан шетелдік инвесторларға қандай кепілдіктер береді?
Жалпы ереже бойынша, Қазақстан соғыстың немесе басқа да қарулы жанжалдың, революцияның, төтенше жағдайдың, азаматтық қақтығыстардың немесе сондай жағдайлардың салдарынан, сондай-ақ заңсыз қалыпты құжаттар мен шешiмдер қабылдауға немесе мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерi жүзеге асыруына байланысты Қазақстан Республикасында нұқсан келтiрiлген шетелдiк инвесторларға өтем төлеген кезде қолайлылығы жағынан жоғарыда көрсетiлген жағдайлар салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары зиянының орнын толтыруда қолданылатыннан кем емес режим жасалады деген кепілдік береді. Сонымен қатар, Қазақстан экспроприациялаудан қорғау кепiлдiктерiн береді. Шетелдiк инвестицияларды Ұлт меншiгiне алуға, экспроприациялауға немесе оларға ұлт меншiгiне алу мен экспроприациялау сияқты зардаптары бар өзге де шаралар қолдануға болмайды, бұған экспроприациялау тиiстi заң тәртiбiн сақтай отырып, қоғам мүдделерiне орай жүзеге асырылатын және пара-пар әрi тиiмдi өтем кемсiтпей дереу төленетiн жағдайлар қосылмайды. Экспроприацияланатын инвестициялардың өтемi инвесторға экспроприациялау туралы белгiлi болған кездегi әдiлеттi рыноктық құнға тең болуға тиiс. Өтем экспроприация күнiнен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейтiн ставка бойынша өтем төленетiн күнге дейiнгi кезең iшiнде төленуге тиiстi ақшаны пайдалану үшiн төленетiн ақыны қамтуға тиiс.
Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекетiнен қорғау кепiлдiктерiн де Қазақстан шетелдік инвесторларға берді. Бұл ереже Заңның 8-бабында көзделген: «Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзып қабылдаған және шетелдiк инвестордың құқықтық жағдайын нашарлататын актiлерiнiң заңды күшi болмайды».
Шетелдік инвестициялар туралы Заңда заңдар өзгергендегі кепілдіктер де бар. Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесiнде және (немесе) халықаралық шарттар ережелерiнiң күшiне енуiне және (немесе) өзгеруiне байланысты шетелдiк инвестордың жағдайы нашарлаған ретте шетелдiк инвестицияларға 10 жыл бойы инвестицияларды жүзеге асырған кезде қолданылған заңдар қолданылады, ал мемлекет уәкiлдiк берген органдармен жасалған ұзақ мерзiмдi (10 жылдан астам) келiсiм-шарттар бойынша жүзеге асырылатын инвестицияларға, егер келiсiм-шартта өзгеше көзделмесе, келiсiм-шарт қолданылатын мерзiм аяқталғанға дейiн қолданылады. Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесiнде және (немесе) халықаралық шарттар ережелерiнiң күшiне енуiне және (немесе) өзгеруiне байланысты шетелдiк инвестордың жағдайы жақсарған ретте шетелдiк инвестор мен республиканың өкiлi болып табылатын уәкiлеттi мемлекеттiк органның арасындағы келiсiм-шарттардың жекелеген ережелерi қатысушылардың экономикалық мүдделерiн теңдестiруге қол жеткiзу мақсатымен тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгертiлуi мүмкiн. Лицензия негiзiнде инвестициялық қызметтi жүзеге асыру кезiнде осы баптың бiрiншi тармағында көзделген кепiлдiк бiрiншi тармақта белгiленген мерзiм iшiнде - лицензияның қолданылуы тоқтатылғанға дейiн, ал оны ұзартқан жағдайда лицензия ұзартылған мерзiм аяқталғанға дейiн сақталады. Бұл талаптар қорғаныс қабiлетiн, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауiпсiздiк пен денсаулық сақтау және адамгершiлiк аясындағы Қазақстан Республикасы заңдарына енгiзiлген өзгерiстерге қолданылмайды. Заңдарға осы салаларда шетелдiк инвестордың жағдайын нашарлататын өзгерiстер енгiзiлген кезде шетелдiк инвесторға инвестицияланған валютаға, не шетелдiк инвестордың Қазақстан Республикасымен келiсiмiнде белгiленген шетелдiк валютаға пара-пар және тиiмдi өтем кiдiрiссiз төленуге тиiс. Осы ережеде белгiленген кепiлдiктер акцизделетiн тауарларды импорттау мен (немесе) өндiру, және (немесе) өткiзу, сондай-ақ өңдемей сатуға арналған тауарларды импорттау тәртiбi мен шарттарын (оның iшiнде салық салу мәселелерi мен мемлекеттiк реттеудiң өзге де шараларын) өзгертетiн Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерiстерге және (немесе) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттардың күшiне енуiне және (немесе) өзгерiстерiне қолданылмайды.
Шетелдік инвесторлар кірістерді өз қалауы бойынша пайдалана алады, соған байланысты Заң кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерiн береген. Шетелдiк инвесторлар өз қызметiнен алған кiрiстердi өз қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қайта инвестициялау үшiн, тауарлар сатып алу үшiн және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да мақсаттар үшiн пайдалануға құқылы. Шетелдiк инвесторлар кiрiстерi мен басқа да қаражаттарын сақтау және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының банкiлер туралы және валюталық реттеу туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы банкiлерде ұлттық және шетелдiк валютамен есепшот ашуға құқылы.
Шетелдiк инвесторлар валюта операцияларын Заңда белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының валюталық реттеу туралы заңдарына сәйкес жүргiзедi. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген рәсiмдерге сәйкес салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдер төленген жағдайда, шетелдiк инвестицияларға байланысты Қазақстан Республикасына және одан шетелдiк валютамен ақша аударымдарының бәрi еркiн және кiдiрiссiз жүзеге асырылады. Мынадай аудармаларға, атап айтқанда, мыналар енгiзiледi: а) кiрiстер; б) келтiрiлген зиян үшiн алынған өтемдер мен төлемдер; в) өз мүлкiн сатудан алынған қаражат; г) инвестициялардың бiр бөлiгiн немесе бәрiн сатудан немесе жойып жiберуден түскен ақша; д) басқа да көздерден заңды түрде алынған қаражат. Шетел қатысатын кәсiпорын валюталық реттеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша шетел валютасымен есеп айырыса алады. Шетелдiк инвестор мен шетел қатысатын кәсiпорын өзiне тиесiлi ұлттық валютаға еркiн билiк жүргiзуге хақылы.
Қазақстанда шетелдік инвестицияларға рұқсаттық тәртіп енгізілген. Лицензиялық (рұқсаттық) тәртіптің ерекшелігі шетелдік инвестордың жағдайын анықтап оны бақылаудан көрінеді.
Қазақстандағы кәсікерлердің қызмет бақыланатындығы сияқты, шетелдік инвесторлардың қызметі де бақыланады. Сондықтан, Заң тексеру кезінде де шетелдік инвесторларға кепілдіктер берген. Шетелдiк инвестордың қызметiн тексерудi, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру құқығын Қазақстан Республикасының заң құжаттарымен осы құқық арнайы берiлген мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар ғана пайдаланады. Шетел қатысатын кәсiпорындардың қаржы-шаруашылық қызметiн тексерудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдар жүзеге асырады. Мемлекеттiк салық, санитариялық және басқа инспекциялар мен мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының тексерулерi олардың құзыретiне сәйкес жүзеге асырылады. Шетелдiк инвесторлар бұл органдардың өз құзыретiне жатпайтын мәселелер жөнiндегi талаптарын орындамауға және олардың қызметi мәнiне қатысы жоқ материалдармен таныстырмауға құқылы.
Инвестициялау процесі әртүрлі нысандарда болады. Олардың бірі болып және үлкен қызығушылықты тудыратын мәселе ретінде шетел қатысатын кәсiпорындарды құру және тарату табылады. Шетел қатысатын кәсiпорындар шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғам нысанында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де нысандарда құрылуы мүмкiн. Егер Заңдарда өзгеше көзделмесе, шетел қатысатын кәсiпорындар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары құрылатын тәртiп бойынша құрылады. Шетел қатысатын кәсiпорынның жарғылық капиталының қалыптастырудың мөлшерi, тәртiбi мен мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi. Жарғылық капиталға салымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша үйлер, ғимараттар, жабдықтар және басқа да материалдық қазыналар, жердi, суды және басқа да табиғи ресурстарды, сондай-ақ интеллектуалдық қызмет нәтижелерiне құқықты қоса алғанда, өзге де мүлiктiк құқықтарды пайдалану құқығы түрiнде енгiзiлуi мүмкiн. Жарғылық капитал кәсiпорындардың шаруашылық қызметiн алынатын пайда мен басқа да түсiмдер есебiнен, ал қажет болған жағдайда оған қатысушылардың қосымша салымдары есебiнен де толықтырылып отыруы мүмкiн. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiне тең сомадан асып кетсе, оны бағалауды тәуелсiз сарапшы растауға тиiс. Қазақстандық және шетелдiк қатысушылардың бiрлескен кәсiпорынның жарғылық капиталындағы мүлiктiк салымдарының үлестерi қатысушылар арасындағы уағдаластық бойынша заңды тұлға тiркелген күнгi дүниежүзiлiк рыноктың бағасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген бағаларды қолдана отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен де, шетелдiк валютамен де белгiленедi. Жарғылық капиталға салымды бағалауды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Жарғылық капиталдың ақшасы Қазақстан Республикасында тiркелген уәкiлеттi банкiде сақталуға тиiс. Шетелдiк инвесторлар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы ретiнде құрылған акционерлiк қоғамнан акциялар жабық не шаруашылық серiктестiктен үлес сатып алу жолымен шетелдiк инвестицияларды жүзеге асырған жағдайда бұл заңды тұлғалар шетел қатысатын кәсiпорын ретiнде белгiленген тәртiп бойынша қайта тiркелуге тиiс.
Шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тiркеуге арналған Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Шетел қатысатын кәсiпорын осы тәртiп бойынша көзделген құжаттардан басқа мыналарды табыс етуге тиiс: а) шетелдiк заңды тұлға үшiн сол субъект өз елiнiң заңдары бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын сауда тiзiлiмiнен алынған көшiрме немесе басқа құжат, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге; б) шетелдiк жеке тұлға үшiн жеке тұлғаның өзiн куәландыратын паспортының немесе басқа құжатының көшiрме нұсқасы, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге.
Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына берiлетiн, шетел қатысатын кәсiпорындар алуға мiндеттi лицензиялар жалпы және арнаулы лицензиялар болып бөлiнедi. Жалпы лицензиялар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерiнiң меншiк нысандары мен мемлекеттiк бағынысына қарамастан шаруашылық жүргiзушi барлық субъектiлер үшiн лицензия алу мiндеттi болып табылатын кәсiпкерлiк қызмет түрлерiне қатысты. Шетел қатысатын кәсiпорындардың мұндай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алуы Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары үшiн белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады. Арнаулы лицензиялар шетел қатысатын кәсiпорындар жөнiнде ғана лицензия алу қолданылатын қызмет түрлерiне қатысты. Мұндай қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының заң құжаттарымен белгiленедi.
Сонымен қатар, шетелдік заңды тұлғалардың жүзеге асыру нысандарының бірі ретінде филиалдар мен өкілдіктер табылады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның филиалы оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, осы заңды тұлға мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн атқаратын оқшау бөлiмшесi болып табылады. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның өкiлдiгi оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, шетелдiк заңды тұлғаның мүдделерiн қорғайтын және оған өкiлдiк ететiн оның атынан мәмiлелер мен өзге де құқықтық iс-әрекеттер жасайтын оқшау бөлiмшесi болып табылады. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болмайды. Оларға өздерiн құрған шетелдiк тұлға мүлiк бөледi және олар осы заңды тұлға бекiткен ереже негiзiнде iс-қимыл жасайды. Филиалдар мен өкiлдiктердiң басшыларын шетелдiк заңды тұлға тағайындайды және олар өздерiне берiлген сенiмхат негiзiнде iс-қимыл жасайды. Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiн Қазақстан Республикасында шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырушы органдар тiркейдi. Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiн тiркеу Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының филиалдары мен өкiлдiктерiн тiркеу үшiн Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген ортақ ережелер бойынша жүргiзiледi. Тiркеуге арналған құжаттар нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге табыс етiледi. Шетел қатысатын кәсiпорын заңдарда белгiленген тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде заңды тұлға құқықтары бар еншiлес кәсiпорындар, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктер құра алады. Шетел қатысатын кәсiпорындардың филиалдары мен өкiлдiктерi заңды тұлға болмайды және өздерi туралы шетел қатысатын кәсiпорындар бекiтетiн ережелер негiзiнде жұмыс iстейдi.
Мемлекеттер көптеген халықаралық келісім-шарттар жасасады, инвестициялық даулар да олардың ішінде үлкен роль атқарады. Заң инвестициялық даулардың тәртібін анықтаған. Инвестициялық даулар, мүмкiндiгiнше, келiссөздер арқылы шешiледi. Егер мұндай дауларды дауласушы кез келген бiр тараптың екiншi тарапқа жазбаша өтiнiш жасаған күнiнен бастап үш ай iшiнде келiссөз арқылы шешу мүмкiн болмаса, шетелдiк инвестордың жазбаша келiсiмi болған жағдайда дау кез келген тараптың қалауы бойынша: 1) Қазақстан Республикасының сот органдарына; 2) дауларды шешудiң келiсiлген, соның iшiнде келiсiм-шартта немесе дауласушы тараптар арасындағы кез келген өзге келiсiмде белгiленген рәсiмге сәйкес мынадай төрелiк органдарының бiрiне: а) егер инвестордың мемлекетi Вашингтонда қол қою үшiн 1965 жылғы 18 наурызда ашылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi конвенцияның (ИКСИД Конвенциясы) қатысушысы болса, сол Конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi халықаралық орталыққа; б) егер инвестордың мемлекетi ИКСИД Конвенциясының қатысушысы болмаса, Орталықтың Қосымша (Қосымша органның Ережелерi бойынша жұмыс iстейтiн) органына; в) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөнiндегi Комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын төрелiк органдарына; г) Стокгольмдегi Сауда Палатасының Төрелiк институтында төрелiк етiп қарауға; д) Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палатасы жанындағы Төрелiк комиссиясына шешуге берiлуi мүмкiн. Шетелдiк инвестор дауларды қараудың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген рәсiмiн таңдаған жағдайда Қазақстан Республикасының келiсiмi алынған болып топшыланады. Шетелдiк инвестордың келiсiмi уәкiлеттi мемлекеттiк органға кез келген уақытта жазбаша өтiнiш беру арқылы немесе төрелiкке жүгiнген кезде берiлуi мүмкiн. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган дауды шешудiң бастамашысы болған, ал шетелдiк инвестор дауларды қараудың белгiлi бiр рәсiмiн таңдаудан жалтарған жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттiк орган дауды бiтiмгершілiкпен реттеу мақсатымен шетелдiк инвесторға бiрiншi рет жазбаша хабарлаған күнiнен бастап үш ай өтiсiмен уәкiлеттi орган дауды Қазақстан Республикасының сот органдарына қарауға беруге хақылы. Шетелдiк инвестор 2-тармақта көзделген дауларды шешудiң өзге рәсiмiн таңдағаны туралы жазбаша өтiнiш берген жағдайда iстi қараушы сот iс жүргiзудi тоқтатады. Осы жерде кез келген төрелiк iстi қарау, егер шетелдiк инвестор мен уәкiлеттi мемлекеттiк орган арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қол қойылған Шетелдiк төрелiк шешiмдердi тану және орындау туралы Конвенцияға (Нью-Йорк Конвенциясы) қатысушы мемлекетте өтуге тиiс. Осы жерде шығарылған кез келген төрелiк шешiм инвестициялық дау тараптары үшiн түбегейлi және мiндеттi болады. Қазақстан Республикасында мұндай шешiм Қазақстан Республикасы сот органдарының шешiмдерi ретiнде де орындалады. Шетелдiк инвесторлардың Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен инвестициялық дау санатына жатпайтын дауларын, егер заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының сот органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешедi.
Өзін өзі бақылау сұрақтары
1. Меншік құқығы және халықаралық дербес құқықтың ара қатынасын талдау;
2. Халықаралық дербес құқықтағы ұлттандыру мәселесін сипаттау;
3. Шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу сұрағын талдау.
Ұсынылатын әдебиет
-
Богатырев А.Г. Инвестиционное право. М.: Российское право, 1992.
-
Gastel J.G. Extraterritoriality in International Trade Canada and USA compared. Toronto: Butterworths, 1988.
Leckey A. The 20 Hottest Investments for the 21st Century. Chicago: Contemporary Book, 1994
Тақырып 13. Сыртқыэкономикалық мәміленің коллизиялық мәселелері
1. Сыртқыэкономикалық мәміленің жалпы сипаттамасы және оның түрлері
2. Сыртқыэкономикалық мәміленің коллизиялық ережелері және оларды жою шаралары
3.Англия, германия, ақш және франция құқығындағы сыртқыэкономикалық мәміленің коллизиялық ережелері
1. Сыртқыэкономикалық мәміле бұл халықаралық құқықтағы ең күрделі, ауқымды және маңызды тақырыптардың бірі болып табылады. Себебі, бұл кәсіпкерлік құқық аясында жүргізіледі және мемлекеттің экономикалық дамуына үлкен үлес қосады. Тағы бір айта кететін жайт ҚР-ның АК-нде керсетілген, көзделген шарттардың барлығын қамтиды. Осы себептен де сыртқыэкономикалық мәмілердің тиімділігі және маңыздылығы арта түседі. Бұл коллизиялық мәселенің өзі де қарастыруға тұрарлық мәселе деп түсінеміз. Сонымен қатар, коллизиялық мәселелер, яғни ережелер және оларды жою шаралары, сондай-ақ тараптардың еркіндік кағидасы және сол еркіндіктің Қазакстан Республикасының заңдарымен шектелуі, сонымен катар өзге елдердің құқығындағы сыртқыэкономикалық мәміленің коллизиялық ережелері қарастырылады. Сыртқыэкономикалық қызметтің ішіне мемлекеттердің сыртқы сауда қызметі, халықаралық инвестициялық, валюталық және қаржы, несие операциялары, өндірістік кооператив және де өзге де қызмет түрлері кіреді.
Сыртқы сауда қызметі Қазакстан Республикасының заңнамасы бойынша кәсіпкерлік қызмет ретінде танылады және ол халықаралық тауар, қызмет, жұмыс, интеллектуалдық қызмет нәтижелерін және оларға деген меншік кұқықтары алмасу түрінде жүзеге асырады.
Сыртқы сауда қызметінің субъектілері ретінде оның қазақстандық және шетелдік қатысушылары танылады. Сыртқы сауда қызметінің қазақстандық қатысушыларына Қазакстан Республикасынын заңдары негізінде құрылған және сол жерде тұрақты қызмет атқаратын жеке тұлғалар да жатады. Шетелдік қатысушылар ретінде шетел мемлекетінде тіркеліп құрылған және құқық қабілеттілігі және әрекет кабілеттілігі олар азаматы болып табылатын шетел мемлекетінің құқығымен анықталатын шетел азаматтары және құқық қабілеттілігі мен әрекет кабілеттілігі тұрғылықты жері бойынша анықталатын азаматтығы жоқ жеке тұлғалар танылады.
Сыртқыэкономикалық мәмілеге қатысты коллизиялық нормалар негізінен сыртқы саудаға қатысты зерттелді.
Сыртқы сауда ретінде ғылыми доктриналарда кем дегенде бір тарабы шетел азаматы немесе шетел заңды тұлғасы болып табылатын және тауарларды шекарадан алып өтуге немесе әкелуге байланысты мәмілелер танылады. Аталған анықтамадан біз сыртқы саудаға тән белгілерді көруімізге болады.
Олар: 1) тараптардың бірі шетел тұлғасы болып табылады және басқа мемлекетте орналасуы керек.
2) мәміленің пәні сыртқы саудаға байланысты операциялар болып табылады. Мысалы: тауар жеткізу, мүлік жалдау, жүк тасымалдау т.б.
Л.А. Лунц «Сыртқыэкономикалық мәміленін түрлері көбеюі, күрделенуі, өзгеруі мүмкін, осыған байланысты сыртқыэкономикалық мәміленің түсінігі тұрақты болуы қиын. Сондықтан, осы көбейтуді, күрделенуді, өзгерістерді қамтитын жалпы анықтама табу керек» деген. Біздің ойымызша, М.С Зыкин сыртқыэкономикалық мәмілеге ұтымды анықтама берген. Оның ойынша, сыртқыэкономикалық мәміле дегеніміз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында екі мемлекетке орналасқан тұлғалар немесе коммерциялық кәсіпорындар арасында жасалатын шарттар болып табылады. Бұл анықтама сыртқыэкономикалық мәмілеге жалпы мінездеме береді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1113-бабының мазмұнынан біз сыртқыэкономикалық мәміленің түрлерін көре аламыз. Олар: сатып алу-сату шарты, сыйға тарту шарты, мүлікті жалға беру шарты, мүлікті тегін пайдалану шарты, мердігерлік шарты, тасымалдау шарты, көлік экспедициясы шарты, карыз немесе өзге де несие шарты, тапсырма шарты, комиссия шарты, сақтау шарты, сақтандыру шарты, кепілге алу шарты, айрықша құқықтарды пайдалану туралы лицензиялық, шарттар. Бұл шарттар сыртқыэкономикалық мәмілені білдіре алады, егер олар мәміле жасасушы тараптар екі мемлекетте орналасса. Сыртқыэкономикалық мәміленің жоғарыда көрсетілген түрлері нақты деп айтуға болмайды, олардың қатары өзгеруі мүмкін.
Енді осы шарттардың маңыздыларына тоқталсақ: Сатып алу-сату шарты бойынша бір тарап (сатушы) мүлікті (тауарды) екінші тараптың (сатып алушының) меншігіне шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына беруге міндеттеңді, ал сатып алушы бұл мүлікті (тауарды) қабылдауға және ол үшін ақша сомасын (бағасын) төлеуге міндеттеңді.
Сыйға тарту шарты бойынша бір тарап (сыйға тартушы) басқа тараптың (сыйға алушының) меншігіне затты немесе өзіне немесе үшінші адамға мүліктік құқықты (талапты) тегін береді немесе беруге міндеттенеді, не оны өзінің немесе үшінші тұлғаның алдындағы мүліктік міндеттен босатады, не босатуға міндеттенеді.
Жүкті тасымалдау шарты бойынша бір тарап (тасымалдаушы) өзіне басқа тараптың (жүк жөнелтушінің) сеніп тапсырған жүгін белгіленген мекенге жеткізуге және жүкті алуға уәкілетгі адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші жүкті тасымалдағаны үшін шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге міндеттенеді.
Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын мекеніне, ал жолаушы теңдеме жүкті апаратын мекенге жеткізуді және оны теңдеме жүкті алуға құқық берілген адамға беруге міндеттенеді; жолаушы жолына, ал теңдеме жүгін тапсырған кезде - теңдеме жүгін алып баруға ақы төлеуге міндеттенеді.
Енді сыртқыэкономикалық мәмілелерді ішкі мәмілелерден ажырата білу ерекшеліктеріне келсек, олар мыналар:
1. Тараптардың коммерциялық кәсіпорындары міндетгі түрде екі мемлекетке орналасуы керек.
-
Олардың екі құқықтық жүйесі болуы керек.
-
Сатып алу-сату шартына байланысты тауарлар бір мемлекеттен екінші мемлекетке ауысқан жағдайда олар міндетті түрде шекараны кесіп өтуі керек.
-
Тараптар арасында дау туындаған жағдайда тараптардың өздері келісім бойынша қай елде, қандай процедура бойынша және кандай тілде карастыруға болатынын өздері шешеді.
Достарыңызбен бөлісу: |