Пікір жазғандар: М.Өтемісов атындағы БҚму доценті, философия докторы (PhD) И. С. Сұлтаниязова



бет26/49
Дата03.01.2022
өлшемі0.92 Mb.
#451191
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   49
УМК Шарипова

5.1.Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысының, Затобол ауданында туып, 1889 жылы 30 шілдеде қайтыс болған. Әкесі Алтынсары ерте қайтыс болып, атасы Балғожаның бауырында өседі. Балғожа сөзге шешен, тілге ұста, би, өз ортасына белгілі, беделді адам болған. Ы. Алтынсарин сауатын мұсылманша ашып, ауылда молдадан хат таниды. 1850 жылы Орынборда ашылған қазақ - орыс мектебіне түседі. Мектеп сабағы орыс, татар тілдерінде жүреді. Дегенмен ынталы да зерек Ыбырай мектепті 1857 жылы үздік бітіріп шығады. Мектепті бітіргеннен кейінгі екі жылында өз елінде тілмаш болып қызмет етеді. 1859 жылы Ы. Алтынсарин Орынбордағы шекаралық комиссияға тілмаш болып орналасады. Шекаралық комиссияның төрағасы, профессор В.В. Григорьевпен танысады. В.В. Григорьевтің кітапханасынан орыс, дүниежүзі әдебиетімен танысады. Өз заманындағы көркем шығармаларды оқиды. Әдебиет, саясат, ағарту туралы жазылған басылымдарды оқуға мүмкіндік алады. Орынбордағы әдеби, саяси, мәдени, рухани дүниелермен танысу Алтынсариннің ой - өрісінің өсуіне, өмірге көзқарасының қалыптасуына игі ықпал етеді. Ы. Алтынсарин өз халқын да білім нәрімен сусындатып, көкірек көзін ашуды мақсат етеді.

5.2. Ыбырай Алтынсарин — көрнекті ақын, дарынды жазушы. Оның қаламынан бойындағы тамаша талабын танытқандай маңызы зор көркем шығармалар туды. Ол өзінің бар күш-қуатын халықты ағарту, жастарды тəрбиелеу қызметіне жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің түпкі қазығы да сол оқу-өнер, білім мəселесімен сабақтас. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітіретін зор нысанасы — қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мəдениетті елдердің қатарына қосу. Сондықтан Ыбырайдың қоғамдық-педагогикалық, жазушылық қызметі өзектес, оның ізгі, көкейтесті ойларының туындысы.Ұлы педагог-ақын өзінің өлеңдері арқылы оқудың, өнер-білімнің маңызын түсіндіріп, надандыққа қарсы шықты. Өмір шындығын танытар көркем проза жасады.Қазақ балалар əдебиетінің негізін салды. Өзінің шығармалары арқылы қазақ əдебиетін жанр, түр жағынан да, мазмұн-идея жағынан да ілгері бастырды.

Ыбырай Алтынсарыұлы қазақтың əдеби тілінің негізін салуда да елеулі еңбек етті. Тіл тазалығы үшін күресіп, оны ұстартты. Өз туындыларында халықтық тілдің негізгі сөздік қорын пайдалана білді. Əдеби тіл принципін қатаң сақтады. Шығармаларында мақал, мəтел, нақыл сөздерді, аңыз- əңгімелерді шебер пайдаланды. Өмір шындығын халықтық стильде жазды.

Сонымен, Ыбырай Алтынсарин — кемеңгер ағартушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген аса дарынды суреткер, қажырлы қоғам қайраткері. Ол заманның ең маңызды мəселелерін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы. Сөз жоқ, Ыбекең сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Ол өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды Азамат.

Көрнекті əдебиетші-ғалым Қ.Жұмалиев «ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ əдебиеті» деген ғылыми-зерттеу еңбегінде педагог-жазушыға: «ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Еуропа мəдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушылар дəрежесіне көтерілген əрі педагог, əрі ақын-жазушы Ыбырай Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор» , — деп баға берген.



Біз: «Ыбырай — ұлы педагог, Ыбырай — ағартушы», — деп жиі айтамыз. Ал осы ұлы ұстаздың сан қырлы шығармашылық жолына аса мəн бермейміз. Ол ұлылықты педагогтік қызметімен ғана емес, жазушылығы, ақындығы арқылы алып тұрғанын болашақта баса айтуымыз керек секілді. Нақтырақ айтқанда, əдебиеттен ойып орын алатын тұсы — оның халық ауыз əдебиетін терең зерттеуінде.

5.3. Ы. Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы. Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға болады. Ал поэзияда оның «Азған елдің хандары», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», «Ана» атты өлеңдерінде адамгершілік пен ғибраттық қасиеттерді маңызды етіп көрсетеді. Ақынның бұл өлеңдерінен қазақ жастарының талай ұрпағы үлгі-өнеге алып, тәрбие көріп келуде. Соның ішінде  «Азған елдің хандары» атты өлеңі сыни көзқарастың белгісі ретінде жазылған. Хандар, қожалар, молдалар, билер мен байлардың өз қарамағындағы кедей-кепшіктің бар-жоғын тартып алып, еншілегінідерін жасырмай айтады.

Азған елдің хандары,

Тақ үстінде отырғандары.

Жарлыдан алып байларға,

Сыйлар берсе керек - ті.

Азған елдің қожасы,

Қыдырып келер есікке.

Бұл үйде кім бар екен деп,

Көзін салар тесікке.

Балаларын бастырып,

Қатындарын састырып,

Төрге қарай ұмтылып,

Тамақ үшін қылғынып,

Дуа қылса керек - ті.

Азған елдің молдасы,

Үлкен болар сәлдесі.

Аса бауыр қылмаңыз,

Оның рас емес олдасы.

Көрмей - білмей біреуге,

Куәлік берсе керек - ті.

Билерге қатысты айтылған өлең жолдарында, саяси беделі бар билерғе жұмыс түскен бойда тамағына алым бермеген кедейге көмегін бермейтінін, әліне қарамайтынын айтады. Азған елдің биінің,

Барар болсаң алдына.

Алым берсең тамағына,

Қарар ма ол сенің әліңе?

Қорадағы малыңа,

Төре берсе керек - ті.

Ал байлардың тарапына айтылған сын ең көлемді әрі өрнекті болып келеді. Себебі сол кезеңнің байлары адамгершіліктен жұрдай болып, бай мен кедейді ажыратып сөйлетінін, дәрежеге қарап әрекет ететінін нақтылап көрсете білген. Расында қазақ даласындағы осыдан бірнеше ғасырлар бұрын өмір сүрген көптеген байлар өз ауылындағы немесе көрші ауылдардағы кедейдерге мүлде күн бермеген деседі. Малын баққызып алып, еңбегін де еселемейді. Жұмысын істетіп алып, қыста үйін де жамап беруге қол ұшын созбайды. Азған елдің адамы осындай кейіпте болатынын дәтіптеп көрсетеді.

Азған елдің байлары,

Ұлық тұтар басын - ай.

Қайда дәулетті адам болса,

Берер соған асын - ай.

Көзін сүзіп бір кәріп,

Төгіп келсе жасын - ай,

Бермек түгел, бейшараны

Масқара қылса керек - ті.

Береке кеткен елдерде

Күн қысқарса керек - ті.

Алатаудай атаға,

Ұл қышқырса керек - ті.

Ағартушы педагогтың әдебиеттегі қысқа өлеңдері қазақтың өміріндегі шындықты бейнелеуге бағытталған. Ал оның өзге де өлеңдерінде ғылым мен білімге деген құлышыныстардың да қажеті барын кеңінен насихаттаған. Ол басқа елдердің ғылымда қол жеткізген табыстарын мысал ретінде алып, қазақ жастарын оқуға шақырады. Қазақ балаларына мектеп ашып, білімге деген құлшыныстарын оята білген. 


5.4. Ы.Алтынсариннің табиғат туралы жазған өлеңдері оның ақындық шеберлігін танытады. «Өзен»,«Жаз» сияқты пейзаждық шығармалары Ыбекеңнің нағыз талантты ақын болғанын көрсетеді. Мысалы, Ыбырайдың «Өзені» табиғат суретін тамаша бейнелейді :

Таулардан өзен ағар сарқыраған,

Айнадай сəуле беріп жарқыраған.

Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,

Аралап тау мен тасты арқыраған.

Көңілің суын ішсең ашылады,

Денеңде бар дертіңді қашырады.

Өксіген оттай жанып жануарлар,

Өзеннен рақат тауып басылады.

Қынарда тілсіз тұрған тоғайлары

Шуылдап желмен бірге бас ұрады...

Бұл туындыда суға толы өзеннің ағысы өмір сырын бейнелейді. Тынымсыз ағып, адам, жан- жануар біткенге өмір нəрін ұсынады.

Ыбекеңнің бірде ауылға келіп демалғанында шығарған «Жаз» атты өлеңі бар. Онда қазақ жайлауының классикалық сұлу көрінісі былай бейнеленген:

Сəуірде көтерілер рақмет туы,

Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.

Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,

Жайылар жер жүзіне қардың суы...

Ұшпақтың бір сəулесі жерге түсіп,

Өсірер жерден шөпті нұрдың буы!..

Жақындар құдайымның көктен күні,

Тең болар жарлықпенен күн мен түні.

Аспаннан рақымменен күн төнгенде

Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны.

Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,

Жайқалып шыға келер жердің гүлі.

Ыбырай Алтынсарыұлы осы шығармасында өзінің басты ұстанымын алға тартады:



Адамзат сайран етер көңілі жай,

Секіріп ойын салар құлын мен тай.

Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады,

Тасиды күркіреп өзен мен сай.

Аяғын алшақ басып түйе шығар,

Жаратқан мұнша таңсық жаббар Құдай!

Кеш болса күн қонады таудан асып,

Шапаққа қызыл алтын нұрын шашып,

Аһ ұрып шүкірлікпен құшақтасар

Рақатпен кеш уақытында неше асық...

Боз үйден таң алдында күйеу шықса,

Артынан қарар жары жүзін басып.

Құдайға шүкір етер жас пен кəрі,

Бердің деп жанға рақат мұндай дəрі!

Жын-айуан, адамзат, құрт-құмырсқа

Разылық бір Құдайға асар зары.

Қырда орман, жер жүзінде бəйшешектер,

Шуылдап шүкір етер мұның бəрі!

Сонымен, ақын бұл еңбегінде табиғат пен тіршілікті, аспан мен жерді, ай мен түнді, тау мен орманды көріп-сезіну үшін білім керек екенін есімізге салады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет