Ахмет – ұлт жанашыры



Дата21.02.2022
өлшемі15.61 Kb.
#455580
Ахмет -ұлт жанашыры


Ахмет – ұлт жанашыры

Ахмет Байтұрсынұлы –қазақ әдебиеттануы мен тіл білімінің негізін салушы, ақын, әдіскер, түркітанушы, публицист, қоғам қайраткері, зерттеуші-ғалым, ұлт ұстазы. Ол 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. 1884 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіріп, 1909 жылға дейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс- қазақ училищерінде мұғалімдік қызмет атқарады. 


Бар ғұмырын оқу-білімге, ұлт мәселесіне арнаған ғалым 1914 жылы қазақ тілінің негізгі мәселелерін сөз еткен «Тіл құралы» еңбегін жазса, 1926 жылы қазақ әдебиеттану ғылымы мен тарихы жөнінде «Әдебиет танытқыш» атты іргелі зерттеу еңбегін жазады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең-жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, тіл білімінің терминдерін қалыптастырады, түрлі грамматикалық ұғымдарға анықтама береді, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді.
А.Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. 1913-1918 жылдары өзі қатар оқынғандармен бірге тілші-ғалым ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. А.Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демократиялық құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеуметтік жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Алаш қозғалысын ұйымдастырып, бағдарламасын жасайды. Қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болды.
Қоғам қайраткерінің Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Байтұрсынұлы 1917 жылы революциялық өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ комитеттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды.
Өз заманында әрі ғалым, әрі ақын, әрі аудармашы ретінде танылған ірі қоғам қайраткерінің Петербург қаласында 1909 жылы алғашқы кітабы «Қырық мысалы» жарық көрсе, Орынборда 1911 жылы «Маса» атты өлеңдер жинағы жарияланады. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.
Ахмет – тіл жанашыры, қазақ тілінің реформаторы әрі қазақ тіл білімінің атасы. Ең маңыздысы, ғалым араб әріптерінің негізінде қазақтың төл әліпбиін жасаған. Одан бөлек тіл мен әдебиет терминдерін түзіп, әр сөздің ұғымдық атауын сезу, есту, ұғыну, тұшыну сияқты психологиялық іліммен байланыстыра отырып, қазақ танымына сай, түсінікті етіп қалыптастырды. Мәселен, тұзды шымшып алсаң - «шым-шым тұз», айранды ұрттасаң – «бір ұрттам», сөзді сөйлейсің – «сөйлем» болады. Міне, осындай көптеген сөздердің ұғымдық атауын қазақ халқының таным-түсінігімен байланыстыра отырып бүтін сөз ретінде береді. Ғалым күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерден бөлек, осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан қазақ тілі грамматикасының да бүкіл қазақша ұғымдық атауларын қалыптастырып, жеке-жеке анықтама береді. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жанғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екені олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы.
Өз кезеңінде «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына сіңірген ұланғайыр еңбегі әр саладан көрінетінін байқадық. Ол – ең бірінші, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы, ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, екіншіден, қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, қоғам қайраткері, алаш азаматы, үшіншіден, өнер иесі – ақын, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға. Сондықтан ұлт жанашырының ұлы істерін ұмытпайық, ұлт ұстазының есімін ұлықтайық!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет