ӘОК 37 (091)
ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДА Қазақстандағы ғылым мен ағарту ісінің дамуы
Қиясова Б.А. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Әр халықтың тарихында өзінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени маңызы жөнінен естен кетпес ерекше оқиғалар болады. Осындай тарихи маңызды оқиғалар қатарына 1928 жылы Алматы қаласында ашылған Қазақтың мемлекеттік университетін жатқызуға болады. Университеттің ашылуы Қазақстан үшін мәдени-ағарту ісін жолға қойып, көпшілікті жаппай сауаттандыру жұмысымен айналысып қана қоймай, қазақ ғылымы мен мәдениетін әлемдік деңгейге көтеруге жол салды.
Қазақ жастарының өз ана тілінде білім алуына негізделген Отанымыздағы тұңғыш жоғары оқу орнының тез арада қанаттанып, ірі ғылыми орталық ретінде қалыптасуына, профессор Санжар Аспандиаров сынды ұлт қамын ойлаған, ізгі ниетті зиялы қауым өкілдерінің атсалысуы, университеттің көптеген жетістіктерге қол жеткізуіне мол септігін тигізгені анық деп айтсақ қателеспейміз.
Университет құрылған алғашқы күннен бастап-ақ, С.Аспандиаров ректор ретінде ғылыми кадрларды даярлау ісіне барынша көңіл бөліп, әсіресе қазақ жастарының ғылымға деген қызығушылығын оятып, олардың ғылыми шыңдалуына үлес қосты.
Осы орайда атқарылған істердің қатарына университеттің педагогика кафедрасының ғылыми базасында, Қазақтың педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының (Қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Білім Академиясы Б.Қ.) ұйымдастырылуын жатқызуға болады. Сонымен бірге, профессор Қ.Жұбанов басқарған қазақ тілі кафедрасы да айтарлықтай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кафедрада қазақ тілінің орфографиясын жетілдіру, ғылыми тілді, терминологияны қалыптастыру т.б. сияқты маңызды міндеттерді қолға алып,6-адамнан құрылған аспирантура ұйымдастырылған /1/.
Кадрлар даярлау мәселесіне, әсіресе ұлттық ғылыми кадрларды жасақтаудың жай күйіне қатты алаңдаушылық білдірген С.Аспандиаров, педагогикалық мамандарға назар аударумен бірге, әсіресе, таза ғылыми зерттеу жұмысымен шұғылданатын кадрларға көңіл бөлінуін ұсынады /2/. Ол Алматы қаласында өткен ғылыми қызметкерлердің жиналысында сөйлеген сөзінде: «Біз ғылыми-зерттеу қызметкерлері мен қазақ интеллигенциясының жаңа легі арасында табиғи байланыс орнатуға күш салуымыз қажет» /2/ - деді.
Қазақ жастарының арасында талантымен студент кезінде-ақ көзге түсіп, ғылымға деген бейімділіктерін танытқан Мұхамеджан Қаратаев, Ғаділет Аяпбергенов, Сәдуақас Боқаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Қажым Жұмалиев, Сұлтанбек Қожықов, Таир Жароков сынды есімдері бүгінде барша қазақ еліне белгілі азаматтар осы оқу орнының алғашқы түлектері ғана емес, сонымен бірге кеңістік дәуірдегі әдебиет, мәдениет, ғылым саласындағы алғашқы қарлығаштар болды.
М.Қаратаев 1930 жылы университеттің әдебиет және тіл бөліміне оқуға түсіп, сабақ үлгерімі мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, студенттердің алдыңғы қатарынан көріне білді. Сондықтан болар аспирантура бөліміне қалдырылып, ғылыми жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алады. М.Қаратаев пен Ә.Қоңыратбаев қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушылары»
С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов-тармен бірлесіп, қазақ мектептері үшін тұрақты оқу құралдарын жазып, аударма жұмыстарымен де айналысқан. Ал, С.Боқаев физика-математика бөлімінің жоғарғы курстарында сабақ жүргізіп, осы пәндердің оқулықтарын қазақ тіліне аудыруға көп атсалысқан. Бұлардың қатарына Қажым Жұмалиев, Сұлтанбек Қожықов және Мұхамеджан Әбдіхалықовты жатқызуға болады. Осылайша Университет түлектері өздерінің нәтижелі еңбектерімен алғашқы білім ордасының жақсы көрсеткіштерге ие болуына өз үлестерін қосып. «Қазақ халқының келешегі жастарда, солардың ішіндегі үміт күттіретіндерінде», - деген ұстаздары С. Аспандиаровтың үміті мен сенімінен шыға білді.
Университет 1932 жылы үкімет шешімі бойынша арнайы педагогикалық оқу орны ретінде қайта ұйымдастырылып, Қазақ педагогикалық институты болып жұмысын жалғастырады.
Отанымыздың оқу - ағарту, ғылым саласындағы басты оқу орны болған Педагогикалық институт, осылайша еліміздің жаңа тарихын жасаушыларды даярлаған негізгі орталық, қазақтың ұлттық мәдени қайраткерлерін дайындаған қарашаңырақ болды. 1934 жылы институтқа ұлы ақынымыз Абайдың есімі берілді. «Ертеңгі ірі ғалымдар да, орта мектеп және ВУЗ-дарды оқулықпен қамтамасыз ететін авторлар да, әдебиетіміздің тарихын жасаушылар да біздің университеттен шығулары керек» /3/ - деген профессор С.Аспандиаровтың көрегендікпен айтқан сөздері бүгінде шындыққа айналып, тәуелсіздікпен бірге университет атағын қайта алған бұл оқу орны, республикамыздың ең беделді, көп салалы, халықаралық дәрежедегі білім ордасына айналды.
Профессор С.Аспандиаров басшылық және толып жатқан қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрсе де, білім, ғылым және мәдениеттің ұлттық шеңберде өркендеуіне өз үлесін қоса отырып, биік деңгейден көріне білген білімдар тұлға. Осыншама істің басында жүріп, ол оқытушылық қызметті де қатар алып жүрген білімді де байсалды, шәкірт жүрегіне жол таба білген шебер ұстаз. Бұл ойымыздың дәлелі ретінде университеттің алғашқы қарқында білім алған студенттерінің бірі, Д.Дінасыловтың айтуы бойынша» «С.Аспандиаров тарихи пәндерді жетік білетін және оны студенттерге ұғынықты жеткізе алатын шебер педагог» /4/ - болған.
Профессор С. Аспандиаров «Батыс пен Ресей революциялық қозғалыстары тарихынан және «Қазақ тарихы» мен «Ұлт-азаттық қозғалыстар тарихынан» лекция оқып, семинар сабақтарын жүргізген, алғашқы тарихшыларымыздың бірі. Бұл лекцияларының басым көпшілігі кейін «Қазақстан тарихы», «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс», «Қазақ тарихы очеркісі» сонымен бірге, 1932 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Шығыстағы ұлт-азаттық көтерілістер тарихи» атты монографиялық еңбектері мен оқулықтарына енген болатын. Бұл еңбектердің барлығы дерлік Қазақстан тарихын оқытуда оқушылар мен студенттердің тарихи танымын арттырып, Отандық тарихқа деген қызығушылық көзқарастарын қалыптастыруда қомақты үлес қосты деп айтуға болады.
Профессор С.Аспандриаровтың тарих жөніндегі лекцияларына қатысып, ағалық ақыл-кеңесін тыңдап, қамқорлығына бөленген шәкірттері ұстаздарын жылы лебізбен еске алып, алғыстарын білдіріп отырған.
«Санжар Жапарұлы студенттердің сүйікті ағасы болып кетті»,- деп жазады университеттің алғашқы түлектерінің бірі, белгілі сыншы Мұхамеджан Қаратаев, - қамқор ректор, кейін тек профессор, әділ де адал, сезімтал да кішіпейіл адам болғандықтан ғана емес, терең білімді, нәзік мәдениетті, тілге жүйрік майталман ұстаз болғандықтан да профессор Аспандиаровтың қазақ тарихы жөніндегі лекциясын тыңдауға әлденеше курс жиналатын едік» /5/.
Сонымен бірге, С.Аспандиаров, студенттерді лекция тыңдауға семинар сабақтарына әзірленуде қосымша әдебиеттер мен мезгілді және күнделікті баспасөз материалдарын пайдалана білуге үйретумен бірге, арнайы диспуттар өткізіп, студенттерді ғылыми айтыс-тартыстарға қатысуға қызықтыра білген шебер ұстаз, өз ісінің білгір маманы болғаны даусыз ақиқат. Сондықтан болар «Оның лекциясын тыңдауға, - дейді шәкірттерінің бірі, - басқа факультеттердің де студенттері келіп қатысып жүретін» /4/. Профессор С.Аспандиаровтың лекциясы да, өзі де, сөз мәдениеті де студенттерді еріксіз баурағаны соншалық «Жеті жұрттың тілін білетін, жеті ғылымды тауысқан» деп ол кісінің атын аңыз етіп айтатын болған. Профессор С.Аспандиаров студенттермен бірге үнемі жатаханаларына барып, олармен әр түрлі тақырыпта әңгіме жүргізіп, танымдарын арттыруға себепші болған. «Біздер ол кісіден «Қазақстан тарихының» төрт курсын түгел тыңдадық. Оның әр сабағы дәл фактілерінің байлығы, құрылысының қызықтылығымен таңқалдыратын, Санжар ағайдай үлгілі ұстаз болу - әр студентке қолжетпес арман болды, өміріме жолдама берген өнегелі ұстаз маған әлі ыстық» /3/ - деп тебірене жазған Қажым Жұмалиев. Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаздарын осылайша ыстық сезіммен еске алғандардың арасында Мұхамеджан Әбдіхалықтовтың «Ол ешқашанда ешкімді бөліп - жармайтын, керек десеңіз ол бүкіл адамзаттың ортақ мақтанышы, уәкілі», - дегенін өз аузынан естідік.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет болып жариялануымен бірге, қоғамның барлық саласында саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер енгізіліп, реформалар іске асырылуда. Осыған орай, Қазақстан ғылымыда өзінің ғылыми ізденіс бағыт-бағдарларын айқындай отырып, бет-бейнесін түбірінен өзгертуде.
Өйткені, кеңес дәуірінде ғылыми-техникалық революцияның даму жетістіктерін социализмнің артықшылықтарымен ұштастыра отырып, коммунистік партия, ғылымды өз мүддесіне қызмет етуге мәжбүр етті.
Ал, Қазақстан ғылымы Одақ кезінде жалпы тұтас құбылыстың бір ғана бейнесі еді. Ол кездегі ғылым Одақтың тұтастығын қорғауға, қолдауға, әлем алдындағы беделін қамтамасыз ету үшін қызмет жасады. Ал, бүгінгі біздің егемен елдің ғылымы - ұлттық дербес құбылыс ретінде өріс алуда. Оның мақсаты тәуелсіз мемлекетіміздің дербестігін баянды ету. Орыстың ғұлама ғалымы А.Д.Сахаров: «Бүгін индустрияланған, ғылымы дамыған елдерде артта қалған елдерге қарағанда адам өміріндегі қажеттіліктерге жан-жақты мүмкіндіктер жасалынған. Ол елдердегі цивилизация әлде қайда ілгері /6/, - деуінің өзі ғылымның орны адамзат тіршілігі үшін және қоғамның өркендеуінде маңызы жоғары екендігін көрсетеді. Олай болса, Қазақстанда ғылымның дамуы мен оның қоғамдағы алатын ролі туралы сөз қозғағанда ең алдымен Қазақстан Ғылым Академиясы ауызға ілінетіні белгілі.
Бүгінгі таңда Қазақстан Ғылым Академиясы кемелденген, республика өмірінде маңызды орын алатын ірі орталыққа айналды. Бұл іргелі ғылыми мекеменің халқымыздың өткен тарихын саралай отырып, атқарған қызметінің маңызы зор екені баршаға мәлім.
Қазақстандық тарихнамада Ғылым Академиясының ашылуын 1946 жылдан бастап есептейді. Әрине, бұл дұрыс факті екені рас. Бірақ та, жоқтан бар пайда болмайтыны сияқты, академияның құрылуына алғы шарт жасаған, сонау 20-жылдары жұмыс істеп, Қазақстан ғылымының бастау бұлағы болған - Тәжірибе стансалары мен лабораторияларының, геологиялық барлау мекемелерінің қызметін ерекше атаған жөн. Бұған қоса Орынбор, Семей, Верный сияқты қалаларда Орыс География қоғамның бөлімдері мен бөлімшелері ашылып, онда тиісті ғылыми жұмыстар жүргізілуіне жол ашылды.
Бұл қоғам - қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен тұрмысын, этнографиясы мен ауыз әдебиетін зерттеуде біраз жұмыстар атқарды, яғни архивтерден, экспедицияларда, археологиялық қазба жұмыстары кезінде жинақталған материалдарды өңдеумен айналысып, бірқатар музейлер мен кітапханалар ұйымдастырғаны белгілі.
Бірақ қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның табиғи байлықтарын, тарихы мен мәдениетін ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары тым мардымсыз болды. Көпшілік жағдайда зерттеу жүмыстары жекелеген фактілерді қорытып, арнайы шешімі шығарылмай тек оларды жинақтаумен шектеліп отырды. Дегенмен, патша үкіметінің империялық отарлау саясатына қарамастан жекелеген ғалымдар: И.Гмелин, И.П.Паласс, П.Фальк, И.Рычков, В.Н. Татищев сондай-ақ И.Я.Бичурин, В.И.Даль, А.И. Левшин және П.Семенов - Тянь-Шаньский, Н.М.Прежевальский, Г.Н. Потанин, П. Михаэлис., қазақ халқының рухани, материалдық мәдениеті туралы деректер жинап, салт-дәстүрі мен өмір-тұрмысына терең ден қойып, қазақ өлкесінің жан-жақты зерттелуіне мол үлес қосқандарын жоққа шығара алмаймыз.
Ғылыми жұмыстардың бір жүйеге келуі қазан төңкерісінен кейін жүргізіле бастады. өйткені, Кеңес үкіметі өз бағдарламасында ғылым мен білімді дамытуды бірінші кезекке қойды.
Қазақ АССР-ның, онымен бірге Халық Ағарту Комиссариатының құрылуы республикадағы мәдени құрылыстың барлық мәселелерін басқара отырып, ғылыми-зерттеу, білім беру жүмыстарының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Бірақ, автономиялы республикалар үшін бұл мүмкіндіктер шектеулі болды, өйткені ол тек орталықтан келген бұйрықты орындайтын, оған қоса большевиктер ғылым саласында өз тізгінінде ұстап, қатаң бақылауға алып отырды.
Соған қарамастан алғашы жылдардың өзінде Қазақстанда ғылыми экспедициялардың зерттеулері жүргізіліп, нәтижелері шығарыла бастады. Сонымен бірге азамат соғысынан кейінгі бүкіл елді жайлаған бүліншілік пен экономикалық құлдыраудың ауыр зардаптары мен жалған таптық күрес өршіп түрған кезде де ең бастысы ғылыми кадрлардың мүлдем жетіспеушілігі жағдайында қызмет жасаған, мәдениет пен ғылым қайраткерлерінің ерлігі патриоттық рухы және өз міндеттеріне жоғары саналылықпен қараған табандылықтарын бүгінгі ұрпақ жадында берік ұстап, үлгі тұтуға міндетті.
Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында дәлірек айтсақ 1920 жылы қазан айында, республиканың этнографиясын, тарихын, фольклоры мен музыкасын, табиғи ерекшеліктерін ғылыми-зерттеу мақсатымен ұйымдастырылған Қазақстанды зерттеу Қоғамының еңбегі ерекше болды /7/. Бұл қоғам қызметі барысында профессор Санжар Жапарұлы Аспандиаровтың да атқарған еңбегі өлшеусіз.
Қазақстан ғылымының дамуына себепкер болған жоғарыдағы Қоғаммен бірге, 1926 жылы Кеңес Одағы Ғылым академиясының Одақтас және автономиялық республикалардың табиғи ресурстарын зерттеу жөніндегі Ерекше Комитеті құрылды. Комитет академик А.Е.Ферсманның басшылығымен жұмыс істеді. Бұл Комитеттің ұйымдастыруымен С.Неустроев, Н.Крашенников, С.Руденко және тағы басқа ғалымдар басқарған бірнеше экспедициялар Қазақстанның топырақ және су қорларын, этнографиялық, антропологиялық, дәрігерлік-санитарлық жағдай-лары туралы зерттеулер жүргізілген /7/. Осы кезеңде Қазақстанда 75-ке жуық тәжірибе стансалары мен лабораториялары, 150-дей геологиялық мекемелер жұмыс істеген. Бір айта кететін жәйт, бұл ғылыми топтарда, жоғарыдағы зерттеу қоғамы да өз қызметінің бас кезінде кейбір нәтижелер шығарғанымен, көп жағдайда өз мүдделері үшін ғана қызмет етті, яғни ғалымдар, ғылыми жүмыс нәтижелерін топтастырып, қорытындылары шығарылмады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының бытыраңқы болып, бекітілген ғылыми-зерттеулердің жүйесіз жүруі және ең бастысы ғылыми жұмыстарға бағыт-бағдар беретін жетекші органдардың болмауы, Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарын бір орталықтан басқару қажеттігін тудырды.
1932 жылы ақпан айында КСРО Ғылым Академиясының конференциясы негізінен Қазақстанның өндіргіш кұштерін зерттеу жөніндегі мәселені қарастырды. Конференция республикадағы индустрияландыру ісінде «ғылыми-зерттеу жұмыстарының жәйі жаңа құрылыстың қазіргі қарқынына мүлде сай емес екенін» атап көрсетті /8/. Яғни, орын алып келген барлық қиындықтарға қарамастан, 20-жылдары республикада жоғарыда аталып кеткендей, ғылыми қоғамдар құрылып, өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудағы алғашқы қадамдары Қазақстан үшін маңызды құбылыс болғанмен, Одақ көлеміндегі талаптарға сай келмеді. өйткені, қанша дегенмен автономиялық республикада мемлекеттің барлық нышандары яғни, территориясы, конституциясы, мемлекеттік биліктің жоғарғы органдары, сот және прокуратураның болғанына қарамастан, қолдарында абсолюттік өкілеттілік болмады. Сондықтан, Қазақ АССР-і тәуелді еді. Бұл жағдай өз кезегінде республикадағы көптеген шаралардың толыққанды іске асуына кедергі келтірді. Бұл жоғарыдағы конференциядағы қаралған мәселеге де қатысты еді.
Аталған конференциядан кейін Қазақ АССР-ң үкіметі КСРО Ғылым Академиясы Президиумына Қазақстандық база құру жөніндегі ұсынысын білдіреді. Себебі, Қазақстан астанасында тұрақты түрде жұмыс істейтін, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік беретін және жергілікті халық арасынан жер-жерде жоғары дәрежелі маман кадрлар даярлауға жол ашатын кешенді сипаттағы ғылыми-зерттеу орталығын ашу қажеттігі әбден пісіп-жетілген еді. Одақтық Ғылым Академиясының Президиумы Қазақстан үкіметінің бұл ұсынысын кезекті мәжілісінде қарап, Қазақстан Ғылыми Академиясының базасын ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе деп, осы 1932 жылы құру тапсырылды.
Сөйтіп, 1932 жылы наурыз айында КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасы құрылды, шілде айында базада жүмыс жүргізетін ғалым қызметкерлердің құрамы белгіленеді. Академиялық базаның төрағасы болып белгілі түріктанушы ғалым, Ленинград университетінің профессоры, сталиндік репрессияның жазықсыз құрбандарының бірі, академик А.Н.Самойлович бекітілді. Ал, президиум мүшелігіне академик В.А.Келлер, профессор С.Ж.Аспандиаров, М.Төлепов және ғылыми хатшылыққа И.Барышников сайланды /9/. Аз уақыт өткен соң, профессор С.Аспандиаров КСРО Ғылым Академиясы Қазақстандық базасының төраға орынбасары болып бекітіледі.
Осы уақыттан бастап, Санжар Аспандиаров, 1937 жылдың күзіне дейін ғылыми базаның жұмысын ұйымдастырып, қазақ жастарының ғылымға ден қойып алға ілгерлеуіне, республикадағы ғылыми ой-сананың қалыптасып, дамуына маңызды үлес қосқан санаулы қандастарымыздың басында жүрді. Айта кету керек, профессор С.Аспандиаровтың басты-басты ғылыми еңбектері мен монографиялары, білім беру мен мәдениет, тарих жөніндегі ғылыми мақалалары негізінен осы Академиялық базаның жұмысымен бірге өріс алған. Ол еліміздегі кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты бірнеше міндеттерді қатар алып жүруіне тура келді. Мысалы, ғылыми базадағы негізгі қызметіне қоса, Денсаулық сақтау Халық Комиссариатында, Қазақ АКСР Халық Ағарту Комиссарының ғылыми істер жөніндегі орынбасары және толып жатқан қоғамдық ұйымдардың жұмысымен бірге, ғылымның әр саласында тарих, тіл, терминология, өлкетану мәселелерімен шұғылданып, Қазақстан ғылымының дамуы мен гүлденуіне тікелей атсалысып, жоғары деңгейдегі мамандарды даярлауға мол үлес қосқан жан.
1932 жылдың соңына қарай КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасы, құрылғанына аз уақыт өтсе де, Қазақстан үкіметінің тікелей қолдауымен және ғылыми ұжымның белсенді әрі табанды жұмысының нәтижесінде белгіленген анағұрлым көп, ауқымды істер атқарады. Қазақстан Республикасының табиғи климатын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін зерттеу мақсатында алдымен ботаникалық кейіннен зоологиялық секторлар құрылып, Қазақстан территориясында 3-экспедиция аса маңызды ғылыми барлау жүргізеді. Сол жылдың өзінде Географиялық сектор құрылып, ғалымдардың ғылыми потенциалын арттыру және жергілікті ұлт өкілдерін ғылымға тарту мақсатымен «Ғылыми кеңес және насихат бюросы» ұйымдастырылып, оның қызметіне профессор С.Аспандиаров тікелей басшылық жасаған.
Бұл бюро өзінің белсенді қызметінің барысында республика ғылымының құрылуы мен дамуы жолында көптеген маңызды істер атқарды. Әсіресе, ғылым мен мектеп арасында тығыз байланыс орнату үшін, оқушылармен қызықты кездесулер ұйымдастырып, олардың таным деңгейін арттыруға, ғылымның әр саласына деген қызығушылықтарын мектеп қабырғасынан қалыптастыруға қызмет жасады. Сондай-ақ орта мектеп мұғалімдерінің оқу құралдарға деген зәруліктерін ескере отырып, жекеленген пәндер бойынша ғылыми кеңес беріп отырған» /10/.
Қазақстандық базаның жұмысында материалдық жетіспеушілік пен қатар, ғылыми кадрлар әсіресе, қазақ кадрлары жетіспей жатты. Сондықтан жергілікті мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөліну керек болды. өйткені, орталықтан жіберілген жас мамандар Қазақстанның жай-күйімен таныс болмағандықтан көп тұрақтамайтын. «Демек, ғылыми кадрларды, - деп атап көрсетті профессор С.Аспандиаров, - қазақстандықтардың өзінен яғни, елдің табиғаты мен тұрмысын және тілін жақсы білетін қызметкерлерден даярлау өте маңызды»/11/. Осыған орай, 1932 жылдың соғына қарай, Қазақстандық база, КСРО Ғылым Академиясына, ғылыми тұрғыдан біршама жақсы даярланған қазақ жастарының бір тобын аспирантураға жібереді. Бірақ, Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға өте бай, жер көлемі байтақ мемлекеттің ғылыми-экономикалық қуатын арттыру үшін, жоғарыда аталған шаралар жеткіліксіз еді. Әрі сыртта оқитын қазақ жастарын Қазақстан үкіметі өзі қаржыландырғандықтан республика бюджетіне бұл ауыр салмақ салатыны сөзсіз еді. Сондықтан, ғылыми кадрларды Қазақстанның өз ішінде, яғни жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында аспирантура бөлімдерін ашу арқылы даярлау әлде қайда тиімді екендігін Қазақстандық ғылыми база өз отырыстарында бірнеше рет талқылайды. Бұл мәселені түбегейлі шешу барысында КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық база төрағасының орынбасары, профессор Санжар Аспандиаров табандылық көрсетті. Ол Қазақ АССР Халық комиссарлар кеңесі төрағасына хат жолдап» «Қазақстанда ғылыми қызметкерлерді кең әрі жоспарлы түрде даярлау мәселесі әлі күнге дейін нақты шешімін тапқан жоқ. Жастарды ғылымға тарту өте төмен дәрежеде. Ал, орталықтың ғылыми орындарында даярланатын отандастарымыздың саны мардымсыз. Сондықтан Ғылым академиясының базасы «Аспирантура туралы ережесін» бекітіп, Қазақ орталық атқару комитеті жанындағы ғылыми комитетке аспиранттарды қабылдау ісі тапсырылуын сұраймыз» /11/ - деген. С.Аспандиаровтың бұл өтініші ұлт мүддесі үшін күрескен қайраткердің бейнесін сомдай түсетіні даусыз.
Академияның Қазақстандық базасында аспирантура бөлімін ұйымдастыру ісі, елде қызу жүріп жатқан саяси науқан яғни, «Халық жауларымен» күрес жүргізу барысында ұзаққа созылып, тек, 1939 жылы құрылады. Дегенмен, бұған дейін Қазақстанның әртүрлі жоғарғы оқу орындарында, ҚазМУ-де, ҚазПИ-да, медициналық және мал дәрігерлік, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарында аспирантура бөлімдері құрылып, ғылымның әр саласы бойынша, қазақ жастарының өз қабілеттерін сынап, берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қазақ ғылымының дамуына үлес қосуларына жол ашылады.
Бұл оқу орындарында да жастардың ғылыммен шұғыл-дануына, ғалым ретінде профессор Санжар Аспандиаровтың тигізген ықпалы мол болды. Солардың қатарында, топырақтану институтының басшысы болған, белгілі ғалым Ө.Оспанов, С.Аспандиаровпен қызметтес болған жылдарын жылы лебізбен еске алып» «Ол кісі маған Қазақстанда ғылымның оның ішінде топырақтану саласының зор келешегі барлығын айта отырып» «Сен алдымен топырақтану туралы зерттеулерді мұқият оқы, оларға талдау жаса, содан кейін ғана Қазақстан табиғатының ерекшеліктерін ескере отырып, жұмысқа кірісу керек» /12/ - деген ақыл-кеңестері Ө.Оспанов сияқты, талай қазақ жастарының қиындықтар мен мүмкіншіліктердің аздығына қарамастан, ғылым жолында қанаттануларына дем беріп отырған.
Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесі 1933 жылы 5 қарашада қазақстандық базаны сақтап, оны одан әрі дамыту туралы қаулы қабылдады. Осыған сәйкес базаның мәдениет саласындағы /тарих, тіл, әдебиет, өнер, өлкетану/ барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіру және бір орталыққа топтастыра отырып дамыту мақсатымен, Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесі, 1933 жылы 11 қарашада «Ұлттық мәдениет институтын ұйымдастыру» туралы қаулыны бекітті. Бұл ғылыми-зерттеу институты өз кезегінде қазақ мәдениетінің дамуына түрткі болып, тіл, терминология, тарих, әдебиет сияқты салалардың жаңа қарқынмен жұмыс істеуіне негіз қалады. Кейіннен бұл аталған салалар бойынша жеке-жеке секторлар құрылып, ал олар инститтуттарға айналдырылып, қазақ ғылымының жаңа сатыға көтерілуінде ерекше роль атқарды.
Профессор С.Аспандиаров ғылыми зерттеулерін басшылық, ұйымдастыру жұмыстарымен қатар алып жүрді. Ол академияның қазақстандық базасында төраға орынбасарлығына қоса, тарих және археография комиссиясының жұмысына басшылық жасады. Бұл жағдай Қазақстандағы тарих ғылымының әсіресе, отандық тарихтың өркендеуіне жол ашты. Аталған комиссия қазақ халқының және Қазақстан жерін мекендеген басқа да халықтардың тарихынан мағлұмат беретін дерек көздерін архивтерден, көне көз қариялардың айтуы бойынша жинап, сараптаумен, оларды басып шығарумен айналысты.
Сол жылдары партиялық органдар басқа салалармен бірге ғылымда да номенклатуралық бақылауды күйшейте түседі, дей тұрғанмен дәл осы жылдары қазақ халқының өткен тарихын бір жүйеге келтіріп, жан-жақты зерттеу ісі дұрыс жолға қойылған еді. Мысалы, Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің 1933 жылғы қараша айындағы, кезекті отырысында «Патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген отарлау саясатының тарихы туралы» ғылыми-зерттеулер жүргізіп, оны жинақ етіп 1934-1935 жылдардан қалдырмай басып шығаруды академиялық базаның тарих-археография комиссиясына тапсырып және арнайы қаулы арқылы осы материалдарды жинау шығынына мемлекет қорынан 10 мың сом ақшалай қаржы бөлуі /10/ - Қазақстан үкіметінің ғылымға деген дұрыс көзқарасын білдіреді. ‡кімет тарапынан көрсетілген мұндай қолдау әрине, ғалымдарды қанаттандыратыны сөзсіз. Осы 1933 жылдың өзінде тарих-археография комиссиясы бірқатар істерді атқарып үлгереді. Комиссия жетекшісі профессор С.Аспандиаров өз кезегінде бұл іске барынша атсалысады. Ол кезекті ғылыми отырыста комиссия мүшелерін Алматы қаласының кітап қорларындағы қазақтармен Орта Азия халықтарының тарихына қатысты бірқатар құнды деректермен таныстырып, басқада әдебиеттер тізімін ұсынып, комиссияның болашақ жоспарларынан хабардар етеді. Осы отырыста комиссия С.Аспандиаров пен профессор В.Кунтеге тарихи материалдарды жинақтау ісін тапсырады /10/. Нәтижесінде, 1935 жылы «Қазақстанның өткені деректер мен материалдарда» атты тұңғыш рет құжаттар жинағы жарық көреді. Сонымен бірге, В.Кунте, Федоров, Брайнин, О.Жандосов, Жолдыбаев, Алманов және С.Аспандиаров сияқты көрнекті ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері бар Ғылыми кеңес тұрақты жұмыс істеді.
Қазақстандық базаның тарих-археография секторы, халықтың тарихи білімін көтеру мен рухани дүниесін молайту барысында көптеген істер атқарды. Әсіресе жас ұрпақтың тарихи танымын арттыру жолында ғалымдарымыз аянбай тер төкті. Осындай көпшілік көңіліне қонған игі істердің бірі - жоғарғы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларына Қазақстан тарихынан көрнекі құрал ретінде атластық карта құрастыру қолға алынады /10/. Картаның жобасына профессор С.Аспандиаровтың тікелей жеткшілігімен басқа да тарихшы және картограф мамандар атсалысады. Алайда, 1937 жылғы ойран бұл жоспардың іске асуына мүмкіндік бермейді.
КСРО Ғылым академиясы Қазақстандық базасында тарих секторынан басқа да ғылыми салалар бойынша іс-тәжірибелер жүргізіліп жатты. Әсіресе, 30 - жылдары ғалымдар, Қазақстан жерінде мұнай мен минералды тұздардың кен орындарын зерттеп, игерудің ғылыми негіздерін ұсына бастады.
1930-34 жылдардағы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде Одақ көлемінде Қазақстан көптеген пайдалы қазбаларды әсіресе, түсті металлургия, көмір өндіру, сирек кездесетін металдарды игеру бойынша бірінші орынға шықты. Бұл жағдай халық шаруашылығында көптеген жаңа салалардың дамуына жол ашты. Осы 1930-1934 жылдардағы геологиялық барлаудың жемісті нәтижесінде Шымкент қорғасын зауыты, Балхаш мыс қорыту комбинаты, Қарағанды көмір бассейіні т.б. сияқты индустрия алыптарын салуға қол жетті.
Қорыта айтқанда, 30-жылдары Қазақстан Республикасындағы экономикалық қиыншылықтар мен саяси қысымдарға қарамастан, статистикалық мәліметтер 20-30 жылдары Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің саны үнемі өсу үстінде болғандығын көрсетеді /10/. Сондықтан, Қазақстан ғылымындағы қол жеткізген табыстар мен жетістіктер тікелей Академиялық база мен оның көрнекті басшыларының бірі болған профессор С.Аспандиаров есімімен тығыз байланысты.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Альжанов Ш. Пять лет борьбы и стройтельство первого казахского национального вуза. // Просвещение национальностей. 1934. №3.
-
Асфендиаров С.Ж. Недочеты в деле подготовки национальных научных кадров //Народное хозяство Казахстана. 1934. №8-10.
-
Жұмалиев Қ. Үлкен ұстаз. –А.,1969. 190.
-
Дінасылов Д. Қабілетті ұйымдастырушы. //Қазақстан мұғалімі, 1990, 8 наурыз.
-
Қаратаев М. Көргенім мен көңілдегім. –А., 1982.107-112.
-
Адам – қоғам – ғылым. Тезистер жинағы. –М., 1993.
-
Аханов Ж. Қазақстан ғылымының бастауы. //Егемен Қазақстан, 1997, 24 мамыр
-
Советская степь. 1932. - 29 июнь.
-
Культурное строительство в Казахстане. –А., 1969. 334 с.
-
Ғылым Академиясы мен Ғылым Министрлігінің Архиві. 1-қ, 1-т, 12-і, п-15.
-
Мұстафаев Н.Н. Из истори науки и научной интеллигенций Казахстана (1932-41 г.г.). // Известия А.Н. РК. Серия общ.наук. - 1992. № 4. 58 с.
-
Исин М. «Өкімет алдында кінәм жоқ». // Социалистік Қазақстан, 1991, 6 сәуір.
Түйіндеме
Мақалада ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ғылым мен ағарту саласының дамуы және оны ұйымдастырудағы белгілі қоғам қайраткері, профессор, С.Ж.Аспандиаровтың ролі жан – жақты көрсетілген.
РЕЗЮМЕ
В статье говорится о развитии науки и просвещения Казахстана в 20-30 годы ХХ века и о роли известного общественного деятеля, профессора С.Ж.Асфендиярова в организации этого процесса.
Достарыңызбен бөлісу: |