Сайдахметова Л., Бакетова М. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Бүгінгі күні жеке тұлғаны қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу барысында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ-сьезінде еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев: “Қазақстанның отаншылдық сезімін білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарында, барлық ұйымдарда қалыптастыру көкейкесті болып табылады. Балаларды отанды, туған жерді өзінің халқын сүюге тәрбиелеу- мұғалімнің аса маңызды да аса жауапты қадірменді парызы” – деген сөзіне үңілсек, онда Қазақстан мемлекетінің Егемен ел болып қалыптасып, дербес мемлекет болуына және өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады, ал бұл қасиетті міндет, отансүйгіштік сезімді баланың бойына дарыту мұғалімнің міндеті.
Қазақ халқы - рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күй, сыбызғы-сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, шешендік сөздері мен айтыс өлеңдері, бостандық үшін елін қорғаған батыр бабаларымыз туралы тарихи дастандары ғасырлар бойы өз ұрпағын өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Олай болса, тәуелсіздік туы желбіреген Егеменді еліміздің болашақ отансүйгіш ұрпағын тәрбиелеуде олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік әдептілік, елін, жерін, отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіруде осы ата - бабаларымыздың салт-дәстүрін негізге ұстансақ өте ұтымды болар еді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан кейінгі басты міндет - осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды “Отаным” – деп таныған әрбір азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – бұның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің басты идеяларын Ел басы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан - 2030” Қазақстан халқына Жолдауының “Қазақстан мұраты” деп аталатын бөлімінде “…біздің балаларымыз бен немерелеріміз … бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады”- деп үміт артып отыр.
Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында “Білім беру жүйесінің міндеттері: …азаматтық пен елжандылыққа өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу,” - десе, ал орта білімді дамыту тұжырымдамасында “Тәрбиелік жұмыстарды қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікті интернационализм негізінде құру” – керек екендігі көрсетілген.
Егемендік алған бастапқы күндерден-ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде көптеген пікірталастар жүріп келеді. Одан “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” деген екі ұғым туындады. Бірақ өсіп келе жатқан жас буындарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн, олардың мазмұндық құрылымы қандай ой тұжырымдар жүйесінен тұрады, бұдан былайғы кезде мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдері, формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма? - деген сияқты көптеген мәселдердің беті толық ашылмай отыр.
Осы орайда қазір жаһандану үрдісі қарқын алған сайын дүниежүзі халықтары өздерінің ұлттық төлтумалығын сақтап қалуға, отаншылдық сезімдерін шыңдай түсуге айрықша көңіл бөлуде. Әсіресе білім беру жүйесінде көптеген ұлттардың өкілдері шоғырланған мемлекетіміздің алдында: біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру міндеті тұр. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу барысында “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” ұғымдарының мәнін ашып алуымыз қажет, яғни бүгінгі күні заман талабы осы екі ұғымның қайсысына сүйенеді және қайсысына жақынырақ.
Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар болып табылады. Халқымыздың бойындағы патриоттық құндылықты ұрпақтан- ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманнан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: “Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді” дей келе қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетті.
Туған жерге деген ыстық сезімнің, атамекенге деген құрмет пен қадір қасиеттің Ұлы дала ойшылдары Қорқыт ата, Асан қайғы, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Мақмұт Қашқари тағы басқалардың шығармаларынан орын алғанын көреміз.
Бағзы заманнан бізге жеткен “Қорқыт ата” кітабында тәлімдік мәні күшті қанатты сөздер мен ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Мысалы: “Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік өрге баспайды, өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық”- деген екен. Бұл өсиет сөздерден ақыл-парасат, өтірік айтпау, атаның атын былғамау туралы ойлар мен шығарманың өн бойынан ұлы даланың байтақтығын, әдемілігін көреміз, бұл әр түріктің бойында осы далада туғаны үшін мақтаныш сезімін тудырса керек.
Сонымен бірге, Әл-Фарабидің Отанына деген сүйіспеншілігін, сағынышын мына бір өлең шумақтарынан байқаймыз:
Кеткенім жоқ, елім сенен,
Атақ, бақыт, тақ іздеп,
Шықтым жалғыз, жұртым шалғай,
Ғылым атты шам іздеп.
Айналайын, атам қыпшақ,
Туған жерді сағындым.
Өз атыңа, құрметіңе,
Қайда жүрсем табындым!
Қазақ даласында өсіп-өнген ақын жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға үндеген.
Өз халқына, ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев шығармаларынан да көруге болады. Абай Құнабаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, жастарды ерлік рухта, отаншылдық сезімге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін тудыратын жыр жолдарын кездестіреміз. Оның “азаматтың бәрін сүй бауырым деп” – деген сөзі, барша жұртшылықты жауласу, күш көрсету дегенді білместен тек тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Ең алғаш қазақ балалары үшін халық мұрасына салт-дәстүріне, ерлік, адамгершілік тәрбиесіне негіздей отырып, оқулық жазған Ы.Алтынсарин болды. Ол көшпенді елдің баласына ғылым, білім, өнер үйретуді армандады. Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың ақын-жыраулардың барлығының мақсат мүддесі қазақ халқын тек бірлікке ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпай, оқу білімге уағыздау, адамгершілікті, адал-шыншыл болуға, өз Отанын сүюге, отаншылдық, отансүйгіштік қасиеттерді әр адамның бойына дарытуға ұмтылғанын байқаймыз. Бұл бүгінгі Қазақстанның, Ел басымыз Н.Ә.Назарбаевтың “Әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау” – деген бағытымен үндесіп жатыр.
Патриоттық сезімнің обьектісі мен қайнар көзі Отан болып, оның мазмұны туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар, жалпы ұлттық құндылықтармен толықтырылады. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де, ерлік істердің қайнар көзіне айналуы - отаншылдыққа тәрбиелеудің арқауы.
Қазақ халқының аты аңызға айналған қаһарман ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі бір төбе. Жазушының көптеген еңбектерінің ішінен “Соғыс психологиясы” мұрасын ерекше атап өтеміз. Өйткені мұнда патриотизм және оны тәрбиелеу қақында өрелі пікірлер бар. Ол патриотизм туралы айтудан бұрын оның шығу тегіне үңіледі, “патриотизм–отанға деген сүйіспеншілік” дей келе біз іздеп отырған “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” ұғымдарына философиялық анықтама беруге ұмтылған. Ол ұлттық патриотизм- ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті - өз халқына деген сүйіспеншілігі, өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын, әрі дербес басқа қасиеттері мен ерекшеліктеріне де байланысты - дей келе осы пікірмен бүгінгі жастар патриотизмін анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан шығатын тұжырым Бауыржан Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді сақтау ұлттық патриотизмнің уәзіні (критерийі) болып табылады. Жаңа қалыптасып келе жатқан жаңа мемлекеттің болашақ азаматтарын патриотизмге тәрбиелеуде міне, осылар оның негізгі бағыттарын құрау керек. Ойымызды айқындай түссек, Бауыржан Момышұлы айтып отырған белгілердің педагогикалық негізі тұлғаның патриоттық сана-сезімін қалыптастыру, патриот іс-әрекетін ұйымдастыру, мінез-құлқына патриоттық сипат беру, мектептегі оқу-тәрбие ісінің өзегі болуы керек. Бұл оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан басталып, сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасуы орынды.
Патриоттық сезімді қалыптастыру ең алдымен отбасы, мектеп табалдырығынан бастау алуы қажет. Осы патриоттық сезімге тәрбиелеуді белгілі педагогтар В.А.Сухомлинский, А.С.Макаренко ерлік пен оны туығызатын факторлар туралы мәселелерді зерделеп бұл олардың педагогикалық еңбектерінің негізі болғаны белгілі. Мәселен, В.А.Сухомлинский “патриоттық сезімдер мен моральдық ерік күш қасиеттері толғаныстар арқылы тәрбиеленеді. Отан идеясын ұғына жүріп сүйіспеншілік, ризашылық шаттық, қауіп, оның бүгіні мен ертеңі үшін қамқорлық сезімін оның жаулары мен ымырасыздық және Отан үшін өмірін беруге даярлық сезімін бастап өткереді… адам жасөспірім шағында-ақ өзін таниды, өз жетістіктерін нығайтады ” – деп жазды.
Қазақстан және Ресей білім академияларының академигі, профессор Б.Момынбаев: “Отаншылдық – Отанын жан-тәнімен сүйіп, оған қалтқысыз қызмет ету ғана емес. Отаншылдық – ең алдымен өз Отанының тарихи тек-тамырын, ғұмыр жолын, қадір-қасиетін терең білу және өз Отаны үшін асқақ сезімдерге бөлену. Тек білім-білік пен тәлім-тәрбие арқылы ғана отаншылдық сезіміне бөленуге болады. Отаныңды қандай қадір-қасиеті үшін кие тұтарыңды білмей тұрып, отаншыл болу мүмкін емес. Отаншылдық - ең алдымен білім мен тәрбиенің тұғыры болуға тиіс деуіміздің сыр-себебі де осында. Ал біздің ұлы Отанымыз – Қазақстан өзінің терең тамырлы тарихымен де, соқтықпалы-соқпақты ғұмыр жолымен де, мейлінше толымды мәдени-рухани төлтума болмысымен де кез-келген қазақты, кез келген қазақстандықты мерейлендіруге тиісті”- деп көрсеткен.
Патриотизмге тәрбиелеудегі табиғатты аялау, ұлттық дүниетаным қалыптастыру тарихын зерделеу мен бірге экономикалық көзқарастың маңызын дәлелдеу үшін А.Айталы Герман патриоттарының он өсиетін келтірген. Ондағы қағидалар Қазақстанға да тиімді деген пікірі әбден құптарлық, себебі: “Нарықтық қатынастар қалыптасып келе жатқан елдерде патриотизмнің ірге тасын экономикалық көзқарастар қалыптастырады”. Осыған байланысты Герман патриотизмінің он өсиетіне назар аударсақ: отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептесуі, отанына, еліне пайда келтіру жағы қарастырылған. Ел экономикасына, оның өндірісін көркейтуге өз үлесін қосу. Бұны Қазақстан жағдайында пайдалана білсек және өсіп келе жатқан жас буындарда отанымыздағы әлеуметтік саяси құбылысқа дұрыс көзқарас қалыптастыра білсек, онда жаңа мазмұндағы сана, сезім, іс-әрекет аясында олардың жалпы патриоттық ой-пікіріне ықпал еткен болар едік.
Осы тұжырымдамаға сәйкес “Қазақстан жастарын отан сүйгіштікке тәрбиелеу - Отанымыздың егемендігін нығайтудың іргетасы, бұның негізі-ұлттық мұрат және патриотизм,” – дей келе Ж.Кенжалин жастарды патриотизмге тәрбиелеудің кейбір мәселелерін айқындап көрсеткен. Олар:
-
жастардың белсенді өмірлік бағдарын қалыптастыратын тәжірбиені ескеру;
-
жастарды Ата Заңды ардақтауға оны орындауға тәрбиелеу;
-
Отандық рәміздерді ардақтауға үйрету;
-
оқулықтарда бағдарламалар түзуде жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін материалдарды көбірек қолдану;
-
бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлеумет бойында отаншылдық рух қалыптастыруға арналған материалдарды пайдалану;
-
Отандық өнімдерде Қазақстандық маркаға назар аудару;
-
қазақ ұл қыздары өзгелерге үлгі -өнеге болуына шарт түзу;
-
қазақ зиялыларын ардақтау.
Осыған орай профессор А.Қ.Құсайынов, “Қазақстандық патриотизм - Қазақ елін шексіз сүю” – деп түсінемін, - дей келе “Отан сүю сезімі - халқының келешегі үшін күресумен, ол үшін аянбай еңбек етумен етене қабысып жатқан сезім, Қазақстанның келешегі үшін ақ жүрек адал ниетпен қандай салада болмасын өз шама-шарқы келгенше аянбай еңбек етуді, мен Қазақстандық патриотизмнің бүгінгі шынайы көрінісі деп есептеймін” – дейді. Профессор: “Отан сүйгіштік қасиеттің ең кемеліне жеткен сатысы патриотизм болып, ол іс-әрекет түрінде байқалады”- дей отырып, бұған тәлім-тәрбие арқылы қол жеткізуге болатынын көрсетеді.
Қазақстандық патриотизмге келсек, ол тек қазақтардың ғана өз Отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендеген барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне қатысты дүние. Бірақ ешкімді елін, отанын зорлықпен күштеп не үгіттеп, жел сөзбен алдап, арбап сүйгізе алмайсың. Елін сүю - әркімнің жеке ісі, өз арының ісі. Қасиетті сезім ананың сүтімен бірге өзі келмейді, ол есейе келе өз ақылы өзіне жетіп, өз бетімен тіршілік ете бастағанда адамның бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті сезім; “Бұл сезім әркімде, әр кезеңде (яғни әртүрлі жаста оянып, кейін кәмелеттке келгенде біржола буыны қатып, тәжірбиемен, жаспен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортанының ықпалымен, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, әр түрлі саяси ұйымдар мен қозғалыстар) тәрбиенің әсерімен қалыптасады”– деген философ Ә.Қалмырзаевтың пікіріне толық қосыламыз.
Осы арада мектеп оқулықтарының маңызына ерекше тоқталып өткен жөн. Қандай да болмасын оқулыққа үш түрлі міндет жүктеледі. Ол білім беру, дамыту және тәрбиелеу.Тәрбиелеу - ерекше маңызды міндет. Патриоттық тәрбиеде осы тәрбиенің ең маңызды бөлігі. Егер келешекте балаларымыз ел азаматы болсын деп армандайтын болсақ, бүгін соған сәйкес оқулықтар жазуымыз керек. Ал балаларымыздың келешегі- еліміздің келешегі. Елімізде патриоттық сезімі кемел жастарымыз неғұрлым көп болса, оның ертеңі де соғұрлым жарқын болмақ”, - деген пікірге сүйенсек, онда мемлекеттегі қазіргі әлеуметтік, саяси экономикалық жағдайда халықтың сана-сезімінің қалыптасу үрдісін (процесін) ескере отырып, біз қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына, мемлекетке атын беріп отырған қазақ халқының бойындағы ұлттық отаншылдық қасиеттердің ықпалы мығым деген пікірдеміз. Кейінгі кездердегі ғалымдардың пікірлерін зерделей келе, ұлттық және қазақстандық патриотизм жалпы мемлекеттік идеологияға айналып, өсіп келе жатқан жас буындардың бойында осы қасиеттердің дамып, жетіліп қалыптасуы мемлекеттің құзырындағы басты мәселеге айналуы тиіс деп дәріптеуге болады.
Патриоттық тәрбиенің негізгі мақсаты – жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың патриоттық іс-әрекеттерін саналы түрде меңгеріп алудағы талпынысын айқындайтын саяси-моралдық, кәсіптік, психологиялық, денешынықтыру сияқты сапаларды қалыптастыру.
Баланы патриоттық рухта тәрбиелеудің алғашқы кезі мектепке дейінгі жастан басталады. Ал патриоттық, отансүйгіштік сезімдер мен түсінік-түйсіктердің жүйелі де, мақсатты қалыптасуы тек мектепте жүзеге асады. Орта мектептің 1-ден 11-сыныпқа дейінгі бағдарламалары мен оқулықтарының ұлттық және Қазақстандық патриотизм мүддесіне қызмет ететіндей мазмұнда болуына көңіл бөліну қажеттігі байқалады. Оқулықтардағы берілген мәтіндерді Отан, туған жер, оның байлығы, қазақ халқы, оның мәдениеті, ұлттық салт-дәстүр туралы материалдарды жүректі тебірентіп, бойға қуаныш құятын сөздермен байытуға болады. Мектеп оқушыларын Отансүйгіштікке тәрбиелеуде әрбір пәннің өз мүмкіндіктері бар. Математика, химия, жаратылыстану, физика, зоология, ботаника сияқты пәндердің бұл орайдағы мүмкіндіктері өте зор. Бұл пәндер бойынша жүргізілетін сабақтарда оқушылар Отанымыздың табиғи байлықтары мен ғылымда, мәдениетте, техникада қол жеткізген табыстарынан мағлұмат алады, кейбір салалардағы проблемалармен танысады. Біздің ойымызша, оқулықтарда шәкірттердің назарын кейбір проблемаларға аударғанда дұрыс секілді. Мысалы: химия, физика пәндерін оқытқанда техника жетістіктерін пайдалану, табиғат ресурстарын өндірісте қолданудың пайдасы мен зияны, басқаша айтқанда, техниканың адам өмірін жеңілдетумен бірге қоршаған ортаның, адамның денсаулығына келтіретін зиянына тоқталу зоология және ботаника пәндерін оқытуда Қазақстан табиғатына көрік беріп, адам жанына қуаныш сыйлап, өмірін толықтырып тұратын жануарлардың жойылып кетуіне адамдардың өздері себепші екендігін оқушылар осы пәндерді оқу процесінде хабардар болып, танып біледі. Тарих, әдебиет, қоғамтану, география секілді пәндер, оқушылардың патриоттық түсініктерін қалыптастырып, тиянақты көзқарас дарытады. Бұл ретте тарих пәнінің орны ерекше, мұнда ежелгі заман батырларының елін және жерін қорғаудағы сіңірген еңбегінен бастап бүгінгі күнге дейінгі Отан қорғаудағы ерліктері, оқушыларға патриоттық тәрбие беруде жақсы негіз бола алады.
Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі әдебиет пәнінің мүмкіндігіне келетін болсақ, мұнда қазақ халқының ауыз әдебиетінен бастап жыр-дастандар, романдар, жекелеген әңгімелер мен өлеңдер тақырыбы және мазмұны жағынан патриоттық сезімге әбден қаныққан бай материалға толы.
Сонымен, өсіп келе жатқан жас буындарды тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесін жасау қажеттігінің туындап отырғаны белгілі. Оның - тұғырнамасы “Отан” тұралы ұғым, арқауы- “ұлттық патриотизм”; “қазақстандық патриотизм”, міндеті – туған жерін көркейту үшін жан аямай еңбек ету, шама –шарқына қарата үлес қосу, күнделікті өмірде ұлттық салт-дәстүрді ұстанып, отанымыздың рәміздеріне құрметпен қарау, басқа ұлттарға үлгі-өнеге көрсете білуге тәрбиелеу болуы керек.
Ой-пікірлерімізді жинақтай келе мынадай қорытынды жасадық. Патриоттық сезім тұлғаның тектілігімен туындайтын, тәрбие арқылы өсіп жетіліп, патриоттық сана түрінде қалыптасады.Ұлттық патриотизм - жеке адамның белгілі бір ұлтқа тән екенін түсініп - сезіну, өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіру және оны қастерлеп қадыр тұтып, қорғап, сақтауға дайын болу. Ғалымдардың ұлттық патриотизм қанмен, тектілікпен туа біткен қасиеттердің тәрбие арқылы бекіп, нығаюы, елін, жерін шексіз сүйіп, соған қызмет етуі, ұлттың барлық қасиеттерін ардақтау деген пікірлеріне негіздеп, біз “ұлттық патриотизм” дегеніміз қанмен, текпен туа бітетін тәлім-тәрбие арқылы өсіп жетілетін ұлттық сипаттағаы саналы іс-әрекет пен мінез-құлық деп тануға болады.
Педагог, психолог, философ ғалымдардың “қазақстандық патриотизм” және “ұлттық патриотизм” ұғымына берген анықтамаларына сипаттама бердік. Сонымен қазақстандық патриотизм дегеніміз қазақ мемлекетін отаным деп сезіну, басқа ұлттардың қазақ халқына сый құрметпен қарауы, әр ұлттың құқықтық еркіндігін қуаттай отырып, туған жерін көркейтуге және оны қорғауға дайын болуы. Жоғарыда патриотизм ұғымына берілген сипаттамалар мен зерттеушілердің, ұлы ойшылдардың, қазақ зиялыларының ой-пікірлеріне сүйене отырып, біз патриотизмге қатысты өз пайымдауымызды білдіре кеткенді жөн көрдік. Патриотизм – ол өзінің туған жеріне, ана тіліне, еліне, мемлекетке деген сүйіспеншілік сезімі, сол мемлекеттің, Отанының гүлденуіне, өсіп өркендеуіне өз үлесін қосу, қызмет ету.
Қазақтың ұлы кемеңгері М.Әуезов “Ұлт боламын десең бесігіңді түзе” деген. Қазақ қыздары - болашақ ел аналары тәрбиеленіп отырған өз институтымызда патриотизмге тәрбиелеу жұмыстары атқарылуда, бірақта бұдан әрі де жақсарта түсуі үшін мынадай бағытта жұмыстар жүргізілсе:
-
“Ұлттық патриотизм” мен “Қазақстандық патриотизмге” байланысты еңбек жазып, қалам тартып жүрген белгілі ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылса;
-
қазақ тарихында қыздардың ерліктеріне сүйене отырып, солардан үлгі өнеге алу мақсатында қыздарға арналған клуб немесе ұйым құрылса;
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Назарбаев Н.Ә. “Қазақстан-2030”. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. – А., Білім, 1997. –176 б.
-
Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. /құр. Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. –А., 1998, -Т.2
-
Момышұлы Б. Ұшкан ұя. – А., Жазушы, 1975. –384 б.
-
Ахметова Л. Патриотизм в ракусе истории. – А., Санат, 1996. –С.177-178
-
Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. –А., Рауан, 1994. –320б.
-
Момышұлы Б. Қанмен жазылған кітап. –А., Қазақстан. 1991. 39-40, 52-54 бб.
-
Жұмаханов Ә. Орта мектептің жоғары класс оқушыларын аға ұрпақтың ерлік және еңбек дәстүрлеріне тәрбиелеу. –А., Қазақ унив-ті, 1991. –48б.
-
Жұмаханов А. Патриоттық және интернационалдық тәрбие беру жолдары. // Қазақстан мектебі. –1971, №3, -20 б.
-
Патриотизм қанға сіңген қасиет пе? //Ақиқат. – 2000. -№11. –29,30,34 бб.
-
Раев Д. Қазақстандық патриотизм мен гуманизм. //Ақиқат. –2000. № 8-9, -18 б.
-
Борбасов С. Қазақстандық патриотизм туралы. //Ақиқат. –1991. № 9, -48-51 б.
-
Меңлібаев Қ. Патриотизм және ұлтаралық қатынас мәдениеті. // Ақиқат. –2000. №12, -3-8 бб.
-
Мәжитұлы Б. “Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген”. //Ақиқат. –1998. -№4.
-
Қалмырзаев Ә. Қазақстандық патриотизм қалай қалыптасады //Егемен Қазақстан. -№6 (21731). –1998, 1 қаңтар.
-
Айталы А. Ұлттық және азаматтық сәйкестілік. //Ақиқат. –1997. №9.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада жас ұрпақты тәрбилеуде Қазақстандық патриотизмнің алатын орны және оның оқу-тәрбие процесіндегі өзіндік ерекшелігі қарастырылған
Резюме
В статье рассматривается роль казахстанского патриотизма в воспитании молодого покаления, а также вопросы формирования принципов казахстанского патриотизма в учебном и воспитательном процессе.
Достарыңызбен бөлісу: |