Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. «Қоғам және оның дамуы» туралы не түсіндіңіз? .
2. Готикалық сарында жазылған қандай әңгімелр бар екен?.
3. Постмодернистік үлгіде жазылғанқандай шығармалар бар екен?
Әдебиеттер:
1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998
2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977
3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968
4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975
5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б
6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994
7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.
8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.
9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.
12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж
5 ДӘРІС Тақырып, идея, образ категорияларының бүгінгі күнгі
динамикасы
Дәрістің мақсаты: Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік дамуындағы тақырыптың,
идеяның, образдың, характердің ролын түсіндіру.
Дәрістің жоспары:
1.Қазіргі қазақ әдебиетінің дамуы: тақырыбы, идеясы.
2.Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік дамуы: образ, характер.
Адам баласы тарихи дамудың жаңа белесіне шыққан сайын жүріп өткен жолына үңілетіні, өзі қалыптастырған рухани-әлеуметтік құндылықтарын ой таразысына салып,
қайта бір бажайлауға, баға беруге талпынатыны хақ. Бүгінгі күні адамзат қауымының жаңа ғасыр табалдырығына аяқ басуы әлемдік қатынастардағы нендей бір құбылыстар мен өзгерістер жайлы нақтылы тұжырымдар жасауға мұрындық болып отыр.
Соңғы жылдардың өзінде-ақ өткен-кеткенімізге, бүгініміз бен болашағымызға арналған қаншама роман, повестер жарық көрді. Сан жағынан да, сапа жағынан да тың сипаттар таңытып жатқан таланттар қаншама. Бұлар бір шығармадан бір шығармаға ауысқан сайын көркемдіктің көк жиегін кеңейтіп жанр шеңберін, тақырып аясын ұлғайтып, бұрын қаламға ілікпеген оқиғалар мен адам мінездерін бейнелеуде орасан батыл қадамдар жасады.
Қазақ прозасында қоғамдағы терең қайшылықтар, атап айтар болсақ, саяси, экзистенциалдық, рухани-психологиялық мәселелер біршама ашық түрде көрініс тапты. Осындай жоталы-жоталы проблемалар адам болмасына анағұрлым тереңірек, жан-жақтылық тұрғысынан келудің, қоғамдық құрылыста қалыптасқан қатынастарға сыншылдық позициядан үңілудің нәтижесінде туды. Дәл осы кезеңде әдебиетте жаңаша көркемдік ізденістер байқалды. Әдебиет ендігі жерде адамның тарихи процестің субъектісі ретіндегі маңызына, болмыстың басқа формаларына қатынасына әлемдік көркем дамудағы қалыптасқан дәстүрлерге сүйенді.
Бүгінгі таңда қазіргі қазақ әдебиетінің, соның ішінде прозаның тақырыптық, идеялық, шеберлік аумағы әдеби үрдіске сай кеңеюде. Әдебиетіміздің өсу тәжірибесінен байқалатын шындық – ақын-жазушыларымыздың әлеуметтік өмір тәжірибелерін неғұрлым толық зерттеуге ұмтылуы, өздерінің дарынына лайық жанр талдап, мәнер, стильді қатыстыруы, бұрынғы жылдары әдебиетке дерт болып жабысқан схематизмнен, жасандылықтан арылуы оқиға, характер таңдау мүмкіншілігінің орасан өсуі. Міне, осы шығармашылық еркіндік әдебиетіміздің барлық жанрында көрініп отыр десек те, ол әсіресе проза жанрына тікелей байланысты.
Уақыт өтсе де, қоғам дәуіріндегі өзгерістер болып жатса да, ескермейтін тақырыптар болады. Ол прозадағы адам, қоғам, табиғат ұғымдары. Сонау «Абай жолынан» бастау алған тарихи шығармалармен қоса, 1970-80 жылдар әдебиетіндегі прозамыздың, оның ішінде роман жанрының үлкен рөль атқарып, салмақты жүк көтергені белгілі. 60-шы жылдардың екінші жартысында М.Әуезов дүниеден өткен соң, көш бастар дара тұлға табылмай, рухани дүниеміз бір мезет күңгірт тартып қалған шақта, өзінің тарихи миссиясын атқару үшін әдебиетке жаңа бір толқын келді. І.Есенберлинді алға салған бұл топтың ішінде М.Мағауин, Ә.Тарази, Ә.Сараев, Р.Тоқтаров, Қ.Ысқақов т.б өздерінің соны ізденістерімен, әдебиетке әкелген жаңалық, еңбектерімен ерекшеленді.
Нағыз жазушы заманның көзі мен құлағы ғана емес, сонымен бірге оның ары мен иманы да. Ол өзінің өмірден көзімен көргенін, құлағымен естігенін баз бір дәл-дүріштер секілді мықшыңдап ақ қағазға көшіре бермейді, ең әуелі сол көргендерінің ең мәнділерін, жүрегі мен рухын толғантқандарын өз ары мен иманының сүзгісінен өткізіп, таразысына салып безбендейді, миы мен жүрегінің «мың градустық домнасында» (С.Мұқанов) балқытады. Суреткер кейде характер арқылы тақырыпты табады, ал тақырып пен характер өз кезегінде идеяға жол бастайды. Кейде көркем идеядан тақырып пен әдеби характердің, типтің туындауы да мүмкін. Көркем шығарманың қалай өмірге келетінін соны жасаушы суреткерден артық кім білуі мүмкін. Ал, егер сол суреткерлердің өздеріне сөз берсеңіз, бұл хақында әркилы қисын айтып, сан-саққа жүгіртеді. Біреулерге болашақ көркем шығармасының нобайы түсіне енетін көрінеді, ал екінші біреулердің басына ол ойда жоқта, мысалы, автобус аялдамасыңда көлік тосып тұрғанда, немесе өзінің қадірлі таныстарымен бірге алаңсыз түстік ас ішіп отырғанда caп ете калған болып шығады. Болашақ шығарманың осылай ойда-жоқта оның иесінің көкірегінде жарқ ете түсуі, бір қарағанда, сәті түскен кездейсоқтық болып көрінгенмен, әрине, бұл кездейсоқтық та, ойда жоқта пенденің басына қона кеткен тосын бақ та, бақыт та емес. Жоқтан бардың пайда болмайтыны секілді, көркем туындының тақырыбы мен идеясы, ондағы басты характерлер мен типтер суреткерге
ешқашан өз аяғымен келмек емес. Себепсіз салдар жоқ, ендеше әлгі суреткердің санасына caп ете қалған характерлер мен идеялар, сол характер мен идея белгілеп берген тақырып оны бір кезде толғантып, толқытқан әлеуметтік ситуацияның, не өз басынан өткерген интимдік жайлардың арада сан күндер, жылдар өткенде жаңа мазмұнмен, мол өмірлік тәжірибемен байып барып, оқыс бас көтеріп, қайта жаңғыруынан басқа түк те емес.
Тақырып пен характердің көркем тип пен идеяның, бір сөзбен айтқанда, көркем шығарманың анасы – қоғамдық өмір, сол шығарманы жасаушы суреткердің сол қоғамдық өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп жинаған адамдық тәжірибесі.
Тақырып дегеніміз не? Бұл туралы әдебиет теориясы: «Тақырып - әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай- жағдайлардың бағыт-бағдары».
Шығарманы жазудағы автордың ой-ниеті тұрғысынан алғанда тақырып -алдымен болашақ туындыға арқау болатын мәселелер, қамтитын жағдай, оқиғалардың суреттелетін өмір құбылыстарының шеңбер-шегі. Ал, шығарманы талдау тұрғысынан қарасақ, тақырып – ол шығарманың мазмұнының негізгі бір құрамды бөлшегі, айтылған, суреттелген жайлардың қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелер дәрежесіне көтеріліп, көркемдік шындыкқа айналған қалпы. Бұл - ғалымның, академик З.Ахметовтың берген анықтамасы. Расында да солай, тақырып - әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе», айтылған, суретгелген жайлардың қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелер дәрежесіне көтеріліп, көркемдік шындыққа айналған қалпы. Жазушыны не нәрсе қатты толғандырса, толқытса, сол түптің түбінде оның болашақ шығармаларының тақырыптарына айналады. Осыны дәл байқаған атақты қырғыз жазушысы Ш.Айтматов бұл ұғымды метафора тілімен былайша қысқа түйіндейді: «Тема – это ты сам, твоя судьба».
Өмірдің мазмұны сан алуан тақырыптарға толы, алайда оны көре білетін көз керек. Көз болғанда да ол–тіршіліктің қарапайым көріністерін характерлер мен образдар арқылы көре білетін суреткерлік көз болуға тиісті. Өзіне: «Маған бір тақырып тауып беріңізші, қалғанын қатырамын» деп өтініш жасаған жас жазушыға көреген авар ақыны Р. Ғамзатов: «He говори. Дайте мне тему. Говори: «Дайте мне глаза» – деп, кеңес берген екен. Иә, көпті көрген тарлан ақын мәселені мергендікпен дөп басып отыр, өмірде тақырып көп, тіпті ол тіршілікте жыртылып айырылады десе де болады, бірақ соны көре білетін көзді, соған толғана білетін жүректі айтыңыз. Жазушының «Мынау бір жақсы, актуалды тақырып екен өзі, осыны жазып тастай қояйыншы» деп жазу үстеліне алаңсыз жайғасқанынан түк шыкпайды, өйткені жүректі толқынтқан, жаныңды сан күйге бөлеп, ширықтырған тақырып кана жақсы, сол ғана актуалды. Тақырыптың актуалдысы мен актуалсызы, жақсысы мен жаманы дегендері болмайды, тек оның жүректен шыққаны, немесе жүректен шықпағаны болады.
-. М.Мағауиннің «Тазының өлімі» мен «Қара қызы», Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауы» мен «Автомобилі», С.Мұратбековтың «Жусан исі» мен «Үшқарасы», Т.Әбдіковтын, «Ақиқаты» мен «Әкесі», «Оралуы», Б.Нұржекеевтің «Кінәлі махаббаты», Д.Исабековтың «Тіршілігі» мен «Дерменесі», О.Бөкеевтің «Қар қызы» мен «Қайдасың, қасқа құлынымы», Т.Нұрмағамбетовтың «Түпкірдегі ауылы» мен «Қош бол, атасы», Ж.Түменбаевтың «Ауыл шетіндегі үйі» секілді қазіргі профессионалдық прозаның әлемдік стандарттарына толығымен жауап бере алатын повестері нақ– қырда жатқан қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігі болды. Бұл авторлардың осы тақырыпқа деген ерекше сүйіспеншілігінің себебі неде? Біріншіден, бұлардың барлығы дерлік қазақтың байтақ даласының түпкірлеріндегі ауылдардан шыққан кешегі қыр баласы еді. Сондықтан олар бұл өмірді, осы қоғамдық ортаның тіршілігін басқа такырыптарға қарағанда әдлеқайда жетік білетін. Ол кездері қазақ халқы әлі де болса урбанизацияның терең иірімдеріне тартыла қоймаған болатын. Қазақтардың басым көпшілігі әлі де болса ауылдарда, немесе тіршілігі, өмір сүру салты, әлеметтік жіктелуі жағынан ауылдарда пәлендей айырмашылығы жоқ шағын қалаларда, кенттерде (поселкелер) тұратын. Ал Алматы, Қарағанды секілді ірі урбанизация орталықтарындағы олардың саны 10 проценттен аспайтын және олардың көпшілігі осы қалаларға әлеуметтік, ұлттық тамырын жайып үлгермеген, жартылай маргиналданған, жартылай басқа ұлтпен, негізінен орыстармен және орыстанған басқа да этнос өкілдерімен ассимиляцияға түскен адамдар болатын. Сондықтан да жаратылысы жағынан ұлттық категорияға жататын көркем әдебиет шығармаларының бұлардың өмірінен ұлттық көркемсөзге азық болатын тақырып пен мазмұнды табуы қиындау еді. Жоғарыда аты аталған прозашыларымыз бен олардың қазак, көркемсөзіндегі тұстастарының ауыл өмірін суреттеуге құштар болуының бұл екінші себебі болатын.
Үшіншіден, ауыл туған халқымыздың әдет-ғұрпының, өмір сүру салты мен ұлтгық психологиясының, ана тілі мен халыктык төл философиясының бастауы, алтын бесігі, осы қадір-қасиеттердің бәрін каймағын бұзбай ғасырлардан ғасырларға сақтап келген алып рухани қоймасы секілді еді. Айтыңыздаршы, ендеше ұлттық көркем әдебиет осыншама құңды қазынаға қызықпай, ынтықпай тұра алар ма? Әрине тұра алмайды. Сондықтан да қазақ жазушыларының бұл толқыны ауыл өміріне тән ситуациялар мен әрбір детальды ерекше ыждағатгылықпен зерттеді, әсіресе қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан, енді бір он-жиырма жылдан соң мүлде жер бетінде қалмауы мүмкін абзал қазақ қарттарының образдар галереясын бір-бірімен таласа айырықша сүйіспеншілікпен ақ қағазға түсіріп жатты. Себебі, егер ауылды қазақ халкының ұлттық қадір касиетінің баға жетпес қоймасы десек, күннен күнге, жылдан жылға сиреп бара жатқан қазақ карттарының алдыңғы қатарлы өкілдері сол қадір-қасиеттің мәйегі, ұлттык философия мен психологияның алтын діңгектері болатын.
XX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ кауымының шындығын білмекті ниет етсе, онда олардың осы кезеңде белсенді шығармашылық еңбек еткен Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Мұратбеков, Қ.Мұханбетқалиев, Д.Исабеков, А.Сүлейменов, Т.Әбдіков, О.Бөкеев, Т.Нұрмағамбетов т.б. секілді көркемсөз шеберлерінің әдеби туындыларын аттап кете алмасы ақиқат. Өйткені «ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы - өзі бастан кешкендерден түйген азды-көпті рухани тәжірибесі» болса, XX ғасырдың соңғы онжылдыктарында өмір сүрген қандастарымыздың рухани тәжірибелері нақ осы авторлар мен олардың өнер мен керкем әдебиеттін басқа жанрларында қызмет еткен дарынды тұстастарының шығармаларында жатыр.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. Бүгінгі таңда қазіргі қазақ әдебиетінің, соның ішінде прозаның тақырыптық, идеялық, шеберлік аумағы әдеби үрдіске сай ма?.
2. Тақырып дегеніміз не?.
3. Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы не?
Әдебиеттер:
1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998
2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977
3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968
4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975
5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б
6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994
7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.
8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.
9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.
12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.
6 ДӘРІС Қазақ әдебиетіндегі моральдық-этикалық, адамгершілік
мәселелері
Дәрістің мақсаты: Қазіргі қазақ прозасындағы моральдық-этикалық проблемалар,адамгершілік, имандылық мәселелерін түсіндіру.
Дәрістің жоспары:
1.Қазіргі қазақ прозасындағы моральдық-этикалық проблемалар.
2.Қазіргі қазақ прозасындағы адамгершілік, имандылық мәселелері.
Ар – ұждан, адамгершілік мәселесі қай заманда да, қай халықтың әдебиетінде болсын мәңгілік көтеріліп келе жатқан ауқымды тақырыптардың бірі. Қаламгерлер өз шығармалары арқылы өздері өмір сүрген дәуірдің келбетін, шындығын нақты бір образдар бойына сыйғызып отырған. Осы кейіпкерлері арқылы рухани жұтаңдықты, тоғышарлықты, аяр заманның азғын адамдарын, зұлымдықты, тағы басқа да жамандық атаулыны өлтіре сынаған.
Өз дәуірлеріндегі буржуазиялық қоғамның жиіркенішті бет – бейнесін суреттей отырып, адамзат баласын азғындықтың, тоғышарлықтың құлы болудан сақтандыруға шақырып, гуманистік идеяны, адамгершілікті, әділеттілікті насихаттауға ұмтылды. Осы жерде сыншы С.Әшімбаевтың: «Ал, нағыз жазушы – ол ең алдымен, асқарлы ойдың адамы, шын мәніндегі азамат адам. Азаматтықтың қайнар көзі – адамгершілік екені де баршаға мәлім. Демек, азамат жазушы дегеніміз шынайы адамгершіліктің жаршысы емес пе? Ендеше жұмыр жер төсінде гуманизмнің салтанат құруы - әскердің, атом бомбасының күші емес, әлемнің әйгілі гуманист жазушыларының рухани күші деп білеміз», - деген пікірі осы гумансит-жазушыларға арнала қалғандай!
Ұлттық әдебиетімізде бұл тақырып Абайдың «толық адамынан» басталып, 20 ғасырдың 70-80-ші жылдарындағы қазақ прозасында өз жалғасын тапты. Мораль тақырыбына М.Мағауин, Т.Әлімқұлов, Ш.Мұртаза, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, О.Бөкеев, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков сынды жазушыларымыз өз үлестерін қосты. Олар моральдық – этикалық мәселелерді қозғап, замандастардың рухани байлығы мен жан дүние сұлулығы, сонымен бірге өмірде кездесіп жататын гуманистік моральға қайшы сан алуан жағымсыз әрекеттер мен тоғышарлық мінез, пиғылдары да әр түрлі дәрежеде суреттеп, сынға алып қалам тербеп отырды. Осындай бір қаламгерлердің бірі – Мұхтар Мағауин. «Өмірдің даңғырап жатқан түп – түзу жол жоқ. өмір жолы – бұралаң. Сол жолда адамға талай қиындықтар кезігіп, басынан небір ауыр күйлер де өтеді. Бұлардың өзі адамның қайратына ғана емес, адамгершілігіне де үлкен сын»,– деген сыншы Н.Ғабдуллиннің пікірі М.Мағауйн кейпкерлеріне арналғандай.
Жалпы, адамгершілік, ар – иман қасиетері М.Мағауин шығармаларының негізгі ерекшелігі. «Мұрагері», «Қара қызы», «Тазының өлімі», «Көк мұнары» болсын соның айғағы.
Жазушы достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық сияқты біріне бірі қарсы құбылыстарды өзінің этикалық, эстетикалық жағынан саралап, өзі өмір сүрген әлеуметтік ортасының көптеген мәселелерін қозғайды.
Ғалым Ш.Елеукенов «Көркем туынды адамды тек қана жағымды қаһарманның іс үлгісімен тәрбиелеп, шабыттандырып, қанағаттандырып қана қоймайды. Сонымен қатар ол өзінің әлеуметтік, азаматтық пафосымен де, адамгершілік әуенінің биіктігімен де, әсемдікті әлпештеп, дәріптеуімен де, адам бойындағы асқақ сезімдерді ардақтап, оған мораль талаптарын қатаң түрде қоя білуімен де игі әсер етеді» -деп айтқан екен. Сл сияқты М.Мағаин да өзінің аталмыш туындылары арқылы замандастарына адамгершілік мәселесін қатаң түрде талап етіп қоя білді.
Жазушының «Тазының өлімі» хикаятында ауыл өмірі суреттелген. Қазақтың басқа да ауылдары сияқты тіршілік кешіп жатқан ауылдағы оқиғалар арқылы жазушы адамдар санасындағы моральдық өзгерістерді көрсетуді көздеген. Біздің ұлтымызға ғана тән
ерекшелік – жеті қазынамыздың бірі саналатын тазылардың жоғалып бара жатқанын, сол Лашын секілді асыл нәсілді тазының иесі Қазы сияқты ата жолды ұстаған, бабаларымыздың ата кәсібін ұстанып жүрген серілердің азайып бара жатқанындығын шығарманың негізгі идеясы деугеболады. Ал, сондағы Есенжол өзінің азғындығымен, тоғышарлық іс-әрекетімен қай қоғамға болсын моральдық тұрғыдан жат адам. Арағын Қазыға сатып, «ескілікті көздейтін кітаптарды Қызыл отауға жасырып жүрсің» деп Қазыға жала жауып, ауданнан адамдар шақырып, оны ұстап береді. Бұрынғы аң аулап жүогенде өкпесіне тиген суығы сол жандайшаптардың тексеруінен келгеннен кейін қайта қозып, көп ұзамай Қазы дүние салады. Қазы өлгеннен кейін еш керексіз болып қалған, ешкім қадірін білмеген, бағаламаған Лашын тазы бір топ қасқырлардың жеміне айналып, иесінің артынан кете барды. «Осы қабірдің дәл іргесінде қыран тазы Лашынның да қаны төгілген-тін. Бірақ оны ешкім де білмейді. Тазыдан қалған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілдің ең соңғы тазы еді». Қазының өлімі мен тазының өлімі сол өңірдегі саятшылық өнердің жоғалуына әкелді. Ал, Қазы өлгеннен кейін оның шаңырағын сыйламай, былғаған Есенжолдың сұм әрекеттерін адамгершілікке жатқызуға бола ма? Жоқ, әрине. «Иесі Қазының өлімі – шындығында Лашын тазының өлімі еді. Қазы қадірлеп өткен тазы бабалардың ата кәсібі болған серіліктің, тірісінде басынан сөз асырмаған Қазы рухының өшуі деп білеміз. Иә, Есенжол сияқтылар қай қоғамда да Қазылардан кейін өледі, көп нәрсеге бұрын қолдары жетеді. Оларға сырдың суы сирағына келмейді. Он Қазыдан да бір Есенжол қауіпті тип. Түбінде осы бір типтің көбеюінен ғана қорқуға болады», – деген сыншы Сағат Әшімбаевтың пікіріне толық келісуге болады.
Сондай-ақ М.Мағауиннің «Қара қыз» хикаятында да моральдық проблемалар немесе адамгершілік және ар-ұждан мәселелері көтеріледі.
Оқиға шегініс арқылы баяндалып, Айгүлдің Мәскеудегі диссертация қорғайын деп жүрген жары Бексейітке жазған хатынан басталады. Ал сол Бексейіт ақ – адал жары Айгүлді жалғыз ұлы Сейтжанмен бірге тастап кеткен екі жүзді, эгоист адам. Өз қара басының қамын ғана ойлап, бір дөкей ғалымға жағымпазданып, оның қызы Гүлжиһазды алады. Сол арқылы докторлық, профессорлық атақтан да құр қалмайды. «Асылы, адам характері, ой – психологиясы, кейбіреулердің әшейінде сыртқа жылтырап көрінетін сырбаз бейнесі басына іс түскен қиын кезде барынша ашылып, жықпыл-жықпылы толық көрініс береді ғой»,- деген Т.Мәмесейітовтың пікірі дәл осы Бексейіт сияқтыларға арнап айтылғандай. Бексейіт алғашқыда «20 ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан және патша үкіметінің отарлау саясаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғай алмаған.
М.Мағауин бұл жерде қысқа әңгіме бойына салмақты да салиқалы идеялық мазмұны сыйдыра білген. Жазушы қай шығармаларында болсын өз қоғамының рухани – адамгершілік деңгейін көрсетуді мақсат қып ұстап, сол жолда авторлық позициясын мейлінше ашық айтып отырады.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, адам және оның дүниедегі орны, қоғам және ұлттық дамуына кесірін тигізетін құбылыстар, әлеуметтік қоғамның ауруына айналаған – дүниеқоңыздық, мансапқорлық, аттаққұмарлық, яғни бір сөзбен айтқанда тоғышарлық дерт 70-80 жылдар прозасының ортақ проблемасы болды. Осы мәселелердің қаламгерлер сыни тұрғыдан суреттей отырып, адамзат баласына ар-ұжданын, иманын, адамгершілік биік ұстауға, жақсылық атаулының жаршысы болуға шақырады.
Ал осы тұрғыдан келгенде, барлық жазушылар сияқты Мұхтар Мағауиннің да туындыларының тәрбиелік, өнегелік мәні мен маңызы өте жоғары.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. С.Әшімбаев адамгершілік туралы не деді?.
2. Ұлттық әдебиетімізде адамгершілік тақырып Абайдың қай еңбегінен бастау алады?
3.Драманың қандай түрлері бар?.
4. М.Мағауиннің қай хикаятында моральдық проблемалар немесе адамгершілік және ар-ұждан мәселелері көтеріледі?.
Әдебиеттер:
1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998
2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977
3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968
4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975
5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б
6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994
7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.
8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.
9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
7ДӘРІС Әдебиеттегі тұлға концепциясы
Дәрістің мақсаты: Қазіргі қазақ әдебиетіндегі тұлға концепциясы дегеніміз не соны түсіндіру.
Дәрістің жоспары:
1.Қазіргі қазақ әдебиетіндегі тұлға концепциясы.
2. «Тұлға» концепциясына тоқталған жазушылар.
Әдебиеттану пәнінің негізгі предметі – адам болғандықтан, оның сыртқы дүниемен байланысы, рухани-психологиялық табиғаты, адамгершілік сапасы және басқа да қасиеттерін бейнелеп көрсетудің сан ғасырлық тәжірибесі бар. Әйтсе де, қоғам алға жылжып, уақыт өзгерген сайын танымы қиын жаратылыс – адам турасында жаңа білімдер жинақталады, өзіндік жаңа көзқарастар туады.
Қоғамды жасақтаушы адам тұлғасын, оның ішкі дүниесін, ой әлемін, барша жұмбақты болмысын зерттеп қана қоймай, жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуына, рухани игіліктерді бойына жинақтауға ықпал ететінімен ерекшелетіні рас.
Тұлға - бұл қоғамдық-тарихи дамудың өнімі. Адамның қоғамдық қатынастар жүйесінде алатын орны, оның орындайтын іс-әрекеті -бұл оның тұлғасының қалыптасуын анықтайтын жағдайлар. Тұлғаның қалыптасуы адамның мінездемесі үшін маңызды орын алады, яғни оның мінез-кұлык пен іс-әрекетінің жоғары саналы формаларын қамтамасыз етіп, оның ақиқатқа байланысты барлық қарым-қатынастарының бірлігін құрайды.
Адам – қоғамдық та, рухани да құбылыс. Қоғамның дамуындағы өзгерістер адам санасына ықпал етпей қоймайды. Сол себепті адамның қоғамдық қыры мен индивид ретіндегі жеке психологиясы бір-біріне тәуелді қарастырылады. Адамның жеке басында жүріп жататын мінездік ерекшеліктер, ішкі қайшылықтар өміріндегі кейбір оқиғалар автордың концепциясынан туындайды. Автор кейіпкер арқылы өзі мұрат еткен идеяны жеткізуге тырысады. Сондықтан да кейіпкер бойындағы авторға тән кейбір мінез-құлықтар осыған байланысты. Ол көбіне кейіпкерді ішкі түйсігі арқылы сезініп, бағалап, жүйелеп, типтендіріп алып сомдайды. Адам табиғатына уақыт ағымы мен қоғамдығы ірі өзгерістердің тигізетін ықпал-әсері айрықша. Осыдан авторға айналған кейіпкер қоғам аясында жеке тіршілік ете бастайды.
Қазіргі әдебиетімізде сыншыл реализм ең алдымен, тұлға мен қоғам арасындағы қарым – қатынасты алып отырса, романтиктер танымдық ізденістерін рухани – ұждандық қатынас аясына, ал натуралистер адам санасы мен әрекетінің биологиялық алғышарттары саласына бағыттап отырған. Модернизмде екі басты танымдық бағытта ажыратуға болады: оның бірі өнердің кейде қалыпты, кейде патологиялық типтегі индивидуальды психология
микрокосымына сараптай отырып енуінен көрінеді, ал екіншісі макрокосондық масштабтағы жалпы заңдылықтарды ұғынуға ұмтылады. Көркемдік таным мен шығармашылық әдіс арасындағы байланыстың бір саласы осындай.
Осы танымдық бағыттар қазіргі қазақ прозасында көркем синтезбен көрінеді. Ал ең басты қатынас – адамның өз -өзімен, ішкі «менімен» қатынасы. Қазіргі кейіпкер типтері – бәрімен келісетін, бәрін қабылдайтын адам және ештеңемен, тіпті өз - өзімен де келісімге келе алмайтын адам. Қазіргі кейіпкер қоршаған әлемге салғырт қарай алмайды, ол бәрін де өз бойынан өткізеді. Сыртқы дүниеде болып жатқан өзгерістер кейіпкер санасына керемет әсер етеді, әрбір құбылысқа кейіпкер санасы сезімдік импульстармен жауап береді.
Жас жазушы Талаптан Ахметжан шығармаларындағы басты ерекшелік – кейіпкердің жан – дүниесін психологиялық толғаныс үстінде ашуында және сол алған бетінен қайтпай келе жатуында. Адам жанынан түпсіз не бар? Әр адам жаны – ашылмаған бір – бір жұмбақ арал. Өзгені қойып, адам өмір бойы өзін - өзі зерттеп бітпейді. Адам жанына үңілген сайын небір қалтарыс – бұлтарыстарында, құлыптаулы жатқан құпияларына кездесесіз.
Авторлық баяндау – кейіпкер ойының жалғасы, еске түсіруден, елестен туындаған оның ішкі монологын жеткізуші, кейіпкер ойының жалғасы, еске түсіруден, елестен туындаған оның ішкі монологын жеткізуші. Бұл – жазушы әңгімелерінің стилінің ерекшелігі екендігі байқалады. Сондай –ақ, бір оқиғаға кейіпкердің көзқарасы мен автордың көзқарасы қатар беріліп, оқырманға ой сала отарып суреттеуі жас жазушының өзіндік шеберлігі екендігіне көз жеткіземіз. Яғни, кейіпкердің иррационалды ой қозғалысы, психологиялық жай – күйі Т.Ахметжанның барлық шығармаларында кездеседі. Ол негізінен, түс көрумен, кейіпкердің еске түсіруімен байланыстырылады да, шарқ ұрып жауап іздеуге, тірек іздеуге ұластырылады. Кейіпкер кеудесінде екі түрлі сезімнің шарпысуы және шығармадағы диалогтар полемикаға алып келеді.
«Тұлға» концепциясына тоқталған жазушылар – Т.Нұрмағамбетов, Т.Ахметжан, А.Алтай, Қ.Түменбай шығармаларында жекелеген адамдар тағдыры суреттелініп, бүкіл әлеуметтік өмірдің күнгейі мен көлеңкесіне, даму барысына, жалпы моральдық болмысына философиялық тұрғыда талдаулар жасаған.
Әр жазушы үшін кейіпкер жанындағы нәзік те сырлы әрі лиризм, психологиялық күрделі құбылыстарды аша отырып, характер логикасына сай келетін шешімдер табу басты мақсаттың бірі болуға тиіс, кейіпкердің характері сонда ғана жан – жақты ашылады. Сонымен қатар, қазіргі әңгімелердің бір ерекшелігі кейіпкер саны екіден аса қоймайды, сондай – ақ, алдымен монологқа құрылады да диалогқа ұласатынын мысалдармен дәлелдедік. Терең психологизм дәлдігі, сенімділігі үшін монолог қандай қызмет атқарса, диалогтың да идеялық – көркемдік орны сондай үлкендігіне көз жеткіздік. Адамның мінез – қырларын белгілі бір сәттердегі сезім – күйлерін тапқыр әрі ұтымды, қысқа да мағыналы бейнелеуде диалогтың ерекше тәсіл екендігіне мән бердік. Жұмысымыздың екінші тарауында:
Аталған қаламгерлер прозаларындағы кейіпкерлерінің рухани жан әлемінде жиі болатын күйзеліс, психологиялық қиналысты беру ерекшеліктерін, сол сәтті дәл де нанымды беретіндей бейнелі, көркем сөздерді пайдалану шеберлігін қарастырдық. Сонымен бірге көркем әдебиеттегі психологизм, оның көркемдік бейнелеу тәсілдері, ішкі монолог, ой ағысының пейзаж, портрет, көзқарас мимикасы (ымдау) ишара түс көру т.б. бұлардың бәрі ішкі монологтың элементтері даралық сипатқа ие болып, әдеби процесте өзіндік өсу заңдылығымен дамуын біз қазіргі қазақ прозасынанда байқай аламыз. Аталмыш авторлардың повестері белгілі бір оқиғаға құрылмай ішкі ой арпалысымен жалғасып жататындығына мән береміз. Сондай-ақ, жазушы әңгіме - повестерінде түс көру тәсілін кейіпкердің ішкі жан әлеміне тереңдей еніп, оның ойлау жүйесінің ерекшелігін айқындайтын психологиялық бейнелеу құралы ретінде қолданатындығын мысал арқылы дәлелдеп отырдық.
Характерология жалпы психологияның бір тармағы болғандықтан, көркем көркем туындыдағы авторлық мінездемелердің орны бөлек. Әдебиет сабағында осы мәселеге арнайы көңіл аудару қажет, - дейді ғалым Б.Майтанов.
Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жинытығы. Авторлық мінездеме дегеніміз біздің түсінуімізше автордың төл шығармасында орын алған кейіпкерлерге берген анықтамасы. Мінез жоқ жерде, Л.И.Тимофеевше айтсақ, ақиқатты «адамдандыру» мүмкін емес. Ал біз әдебиетте ақиқат шындықты тек адамдар арқылы ғана танитынымыз белгілі. Сондықтан өз шығармасында «өндірістік процестерді суреттеудің тасасынан болар – болмас бұлдырап көрінетін кері ауызданған мәнекендер», емес толық қанды көркем обрыздар жасағысы келген суреткер бар шеберлігін өмір шындығын жинақтаумен қатар адам мінезін даралауға жұмсайды. Суреткер үшін керемет қиын нәрсе «адамның жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді» (Гоголь) табу, тану және жазу. Сезімнің тілі – бір түрлі, тілсіз тіл. Сол тілсіз сезімге тіл бітіргендей, қағаз бетін адамның ішкі күйінің суретіне, құбылысына, қимылына айналдыру - суреткерден қаншылық нәзіктікті, шеберлікті қажет ететіні түсінікті болуға тиіс.
А.Г. Цейтлиннің зерттеуне қарағанда, адамның мінезін – сезім «иірімдерін» суреттеу – Жорж Сандтың қолынан келмеген нәрсе де, Писемскийдің ең осал жері. Пушкин Вольтерді «алпыс жыл жазса адамында жібі түзу мінез жоқ, оңды – солды лепірген құр сөз ғана бар» деп ажуалаған. Бұл да тегін емес. Ал Лев Толстой үшін «ең басты нәрсе – адамның жан тіршілігі». Сондықтан ол «Соғыс пен бейбітшілікті» жазу үстінде эпопея қаһармандарының әрқайсысына алдын ала жан – жақты «мінездеме» жазып, әр алуан «психологиялық паспорт» толтырып отырған. Қызық жері - әр кейіпкердің мінез – құлқындағы алты түрлі (дәулет, қоғамдық, махаббат, ақындық, парасат және семьялық) ерекшелікке баса назар аударған. Мінездеу, жагама мінездеу, адамға тән күйініш, сүйініш сезімдерді суреттеу, адамның өз сөзін (монолог) немесе өзгемен сөйлесуін (диалог) келтіру – осылардың бәрі жеке – жеке тұрған, біріне – бірінің қатысы жоқ дара мақсатты (самоцель) нәрселер емес. Керісінше, бірін – бірі толықтырып, бірінен – бірі туып, біріне – бірі жалғасып жатқан дүниелер.. Мұндай бірліксіз бұлар адам мінезін де, тұлғасында жасай алмаған болар еді. Бұл – академик, ғалым Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» кітабында берілген анықтама.
Жазушы өз геройының қимылын жеке – дара алмай, оның сөйлеген сөзімен ұштастыра суреттеп, оған өзінің авторлық көзқарасын (эстетикалық бағасын) білдіріп еді, бұл геройдың кім екенін, қандай мінез – құлықтың адамы екенін, қандай мінез құлықтың адамы екенін тасқа таңбалағандай білдік те алдық.
Қысқасы, әдебиеттегі адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жалғыз – ақ, жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болуы шарт, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді. Әдебиеттегі адамның ішкі бітімімен қатар сырт келбетін (портретін) де осы тұрғыдан түсінгшен жөн. Әйтпесе, портретте – самоцель емес. Оқырман өзі оқыған белгілі бір көркем шығармадағы геройлардың мінезін біліп, сөзін ести тұра сырт пішінін, кескін кейпін де көргісі келеді. Портрет тәсілі осыдан туған. Портрет дегенде біздің көз алдымызға кескін өнеріндегі (живописьтегі) портрет елестейді. Бұл – кескін өнеріндегі портрет. Бұл портреттің ерекшелігі - өзгермейтіні, қозғалмайтыны, қашан көрсек те бір қалыпта ғана тұратыны белгілі. Ал сөз өнеріндегі портрет бұлай емес, ол – бір қалыпта қатып тұрып қалмайтын, өзгеретін, қозғалатын жанды келбет, тірі кескін.
Бүгінгі қазақ шағын прозасында жаңалықтар баршылық, ол өмір жаңалықтарына жедел ілесуімен, оның бір қырын көрсетсе де, бірегей көрсетуімен, басқаша айтсақ, көркемдік-идеялық деңгейінің өсуімен көзге түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |