Пошта туралы


-бап Жедел және курьерлік пошта байланысы көрсететін



бет2/3
Дата03.07.2016
өлшемі270.5 Kb.
#175133
1   2   3

12-бап Жедел және курьерлік пошта байланысы көрсететін

қызметтер

1. Пошта операторының жеделдетілген және курьерлік көрсетілетін пошта байланысы бойынша қызметі пошта жөнелтілімдерін жедел (экспресс) өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету ескеріле отырып және (немесе) осындай пошта жөнелтілімдерін курьердің тасымалдауы және табыс етуі ескеріле отырып, оларды салып жіберуден тұрады.

2. Жеделдетілген және курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметіне:

1) пошта жөнелтілімдерін қабылдау;

2) пошта жөнелтілімдерін өңдеу, сұрыптау, сақтау, тасымалдау және жеткізу;

3) пошта жөнелтілімдерін табыс ету;

4) пошта жөнелтілімінің адресатқа табыс етілгені туралы жөнелтушіні хабардар ету кіреді.
13-бап. Пошталық ақша аударымы

1. Пошталық ақша аударымы тіркелетін пошта жөнелтілімі болып табылады. Пошталық ақша аударымының тәртібі мен оған қойылатын талаптар, сондай-ақ пошта жөнелтілімдері бланкілерінің нысандары пошта байланысы қызметтерін ұсыну қағидаларымен белгіленеді.

2. Қазақстан Республикасының ішінде жіберілетін пошталық ақша аударымының сомасы, егер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, шектелмейді. Пошталық ақша аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес басқа валюталарда қабылданады.

Пошталық ақша аударымдарын шетел валютасында жүзеге асырған кезде жөнелтуші (алушы) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарына сәйкес қосымша мәліметтер мен құжаттар табыс етеді.



3. Пошталық аударымдарды жүзеге асыру үшін ақшаны қабылдау қолма-қол ақша және қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізіледі. Қолма-қол ақшасыз тәсіл кезінде пошталық ақша аударымы пошта операторының банктік шотына ақша және комиссиялық сыйақы сомасы келіп түскеннен кейін жүргізіледі.
14-бап. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату

1. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді пайдаланушыларға ұсыну пошта операторы бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлға) пошта операторының жаздырып алу каталогына мерзімді баспа басылымын енгізу жөнінде шарт жасасқаннан кейін жүзеге асырылады.

Пошта операторы жаздырып алудың бірыңғай каталогын қағаз жеткізгіште немесе электронды нысанда жүргізеді, онда мерзімді баспа басылымдарының таратылу аумағына қарай республикалық, жергілікті және шетелдік мерзімді баспа басылымдары жөніндегі бөлімдер қамтылуға тиіс.

2. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату мына кезеңдерден тұрады:

1) бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелерімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлға) мерзімді баспа басылымдарын таратуға, сондай-ақ пайдаланушыдан тапсырысты қабылдауға және жаздырып алуды ресімдеуге, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып ресімдеуге және мерзімді баспа басылымдарына пошта операторы қабылдаған жаздырып алу бойынша ақпаратты өңдеуді жүзеге асыруға шарт жасасу;

2) пошта операторының мерзімді баспа басылымдарын қабылдауы, өңдеуі, тасымалдауы, пайдаланушыға жеткізуі не мерзімді баспа басылымын пайдаланушының электрондық абоненттік пошта жәшігіне электронды нысанда жіберуі.

3. Мерзімді баспа басылымдарына, республикалық, жергілікті және шетел басылымдарына жазылуды пошта операторы немесе пайдаланушы өндірістік объектілер немесе интернет-ресурстар арқылы жүзеге асырады. Жаздырып алынатын республикалық мерзімді баспа басылымдарын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тарату Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган беретін құжатқа сәйкес жүзеге асырылады, ал жергілікті мерзімді баспа басылымдарын тарату облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін тиісті құжатта көрсетілген облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында жүзеге асырылады.

4. Жаздырып алынатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын тарату Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырылады.


15-бап. Мерзімді баспа басылымдарын бөлшек саудада сату

1. Пайдаланушыларға мерзімді баспа басылымдарын бөлшек саудада сату жөніндегі қызметтерді ұсынуды пошта операторы бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлға) жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.

2. Шетелдік мерзімді баспа басылымдарын бөлшек саудада сатуды пошта операторы Қазақстан Республикасында таратылатын, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырады.
16-бап. Пошта төлемінің белгілерін өткізу

1. Пошта төлемінің белгілері пошта операторының жазбаша хат-хабарды жіберу жөніндегі қызметтеріне қолданыстағы тарифтерге сәйкес ақы төленгенін растауға арналған.

Пошта төлемінің белгілерін қолдану жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне ғана жүзеге асырылады.

2. Пошта операторы, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, уәкілетті органмен келісілген пошта төлемінің белгілерін пайдаланады.

3. Пошта операторлары Қазақстан Республикасының аумағында ішкі және халықаралық жазбаша хат-хабарды жіберуді пошта төлемінің белгілері болған кезде ғана жүзеге асырады.

4. Сатылған пошта төлемінің белгілері, оның ішінде мемлекеттік белгілер қайтарылмайды және ауыстырылмайды.

5. Пошта жөнелтілімінде пошта төлемінің белгілері болмаған немесе белгіленген тариф ішінара төленген кезде, пошта операторы мұндай пошта жөнелтілімін жөнелтушіге қайтарады.

6. Ластанған, бүлінген, пайдаланылған (өшірілген), айналымнан алынған пошта төлемінің белгілері, сондай-ақ басқа мемлекеттердің пошта төлемінің белгілері пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін төлеу үшін қабылданбайды.

7. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің төленгенін растайтын пошта төлемінің сатып алынған белгілері пошта төлемінің осы белгісін айналымға шығарған пошта операторында пайдаланылуға тиіс.

8. Пошта операторларына тиесілігіне қарай пошта төлемінің белгілерін сәйкестендіру мақсатында пошта төлемі белгілерінің оң жағында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінен басқа пошта операторының атауы болуға тиіс.


17-бап. Қазақстан Республикасының пошта төлемінің мемлекеттік

белгілері және филателиялық өнім

1. Қазақстан Республикасының пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін айналымға енгізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптарды уәкілетті орган Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес айқындайды. Мемлекеттік пошта төлемі белгілерінің түрлерін және көлемдерін бекіту, пошта айналымына енгізу және оларды айналымнан алу тәртібі, сондай-ақ дайындауды, шығаруды және сатуды ұйымдастыру Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларымен анықталады.

3. Қазақстан Республикасының пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін жасауды, шығаруды және сатуды ұйымдастыруды Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады.

4. Заңсыз шығарылған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері айналымынан қорғау мақсатында Ұлттық пошта операторы Дүниежүзілік пошта одағына мүше елдердің талнұсқа маркалары тізіліміне енгізу үшін әрбір жаңа шығарылымның және әрбір номиналдың үш пошта маркасын қажетті ақпаратпен бірге (шығарылған күні, техникалық сипаты және басқа да қажетті деректер) Дүниежүзілік пошта одағының атына жіберіп отырады.

5. Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша филателиялық өнім ретінде қолдану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады.

6. Пошта төлемінің мемлекеттік белгісінің пошта айналымы оны айналымға енгізген күннен кейін кемінде екі жыл жүзеге асырылады.
18-бап. Гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін

қызметтер


  1. Пошта операторының гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша қызметтерді көрсетуі бастапқы кезеңде ақпараттық жүйелерді, интернет-ресурстарды және өзге де электрондық жеткізгіштерді қолдану арқылы электрондық хат (хабарлама) нысанында жіберу және келесі кезеңде хат (пошталық карточка) түрінде жеткізу не бастапқы кезеңде хатты (пошталық карточка) жіберу және электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне ақпараттық жүйелерді, интернет-ресурстарды және басқа да электрондық жеткізгіштерді қолдану арқылы электрондық хат (хабарлама) нысанында жеткізу арқылы жүзеге асырылады.

  2. Жөнелтушілерден электрондық хаттарды (хабарламаларды) қабылдау немесе жеткізу шарт негізінде пошта операторының ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, пайдаланылатын ақпараттық жүйелерден ақпаратты беру арқылы жүзеге асырылады.

  3. Электрондық хаттарды (хабарламаларды) қабылдау және жеткізу мақсатында пошта операторлары өздерінің меншікті ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерін немесе шарт негізінде үшінші тұлғалардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерін пайдаланады.

  4. Пошта операторы алынған электрондық хаттарды (хабарламаларды) басып шығаруды және конвертке салуды жүргізетін үшінші тұлғаны шарт негізінде тартуға құқылы.

  5. Пошта жөнелтілімі түріндегі электрондық хатты (хабарламаны) жіберу осы Заңда және пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.


19-бап. Пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеу

1. Пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеу пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларымен белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

2. Пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеу мынадай тәсілдермен:

1) қолма-қол ақшаны пайдаланып;

2) қолма-қол ақшасыз тәртіппен, оның ішінде электрондық ақшамен жүргізіледі.

3. Пошта операторының пайдаланушыларға көрсететін қызметтеріне шарт жасасу кезінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеудің бір немесе бірнеше тәсілі шарт талаптарында көзделеді.

4. Пошта операторы жөнелтушінің тапсырмасы бойынша адресаттан оған пошта жөнелтілімін табыс ету кезінде жөнелтуші айтқан үстеме төлем сомасын алуды және жөнелтуші көрсеткен мекенжайға оны жіберуді міндетіне алады. Үстеме төлемді пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы бойынша және пошта операторларымен тиісті шарттар жасалған елдерге жіберу үшін қабылданады.

5. Адресат пошта жөнелтілімінен, оның ішінде үстеме төлемді пошта жөнелтілімінен бас тартқан жағдайда, пошта операторы жөнелтушіге пошта жөнелтілімін қайтарады, ол пошта жөнелтілімін алған кезде жөнелтілім кері жіберілгені үшін соманы төлеуге міндетті.

20-бап. Пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама

1. Тіркелетін пошта жөнелтiлімiн жiберу кезiнде жөнелтушiге оның қалауы бойынша адресаттың пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама жiберіледі.

2. Пошта операторының адресаттың пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарлама жіберуі қағаз жеткізгіште және (немесе) электронды нысанда жүзеге асырылады және сол үшін жөнелтушіден төлем өндіріліп алынатын пошта байланысының қосымша көрсетілетін қызметі болып табылады.

3. Адресаттың пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама үшін тарифті жөнелтушi пошта операторының түбiртегiн ала отырып, алдын ала төлейдi.




21-бап. Пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту немесе

түзету

1. Жөнелтушi пошта жөнелтiлімi:

1) адресатқа берiлмеген;

2) жіберуге тыйым салынған заттар мен нәрселер тәркiленбеген немесе жойылмаған;

3) межеленген елдiң заңнамасы негiзiнде алып қойылмаған жағдайларда пошта операторына пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту немесе түзету туралы талаппен өтініш білдіреді.

2. Пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту және түзету жөнелтушi қосымша ақы төлеген кезде жүзеге асырылады.


22-бап. Пошта операторлары

1. Пошта операторларында қажеттi материалдық-техникалық база мен бiліктi кадрлар, механикаландыру құралдары болуға, пайдаланушыларға пошта жөнелтiлімдерiн Қазақстанның iшiнде және одан тыс жерлерге жiберудің тарифтерi, мерзiмдерi туралы ақпарат, сондай-ақ өзге де ақпарат беруге тиiс.

2. Пошта операторлары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметі пошта байланысының көрсетулетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Пошта операторлары пайдаланушылардан алған пошта жөнелтілімдерінің және пошталық ақша аударымдарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

4. Пошта операторлары пошта жөнелтiлімдерi, пошталық ақша аударымдары, жөнелтушiлер және адресаттар туралы мәлiметтердi тек жөнелтушiлер мен адресаттарға не олардың заңды өкілдерiне немесе сенiмхат негiзiнде сенiм білдірілген тұлғаларға бередi. Көрсетілген мәлiметтердi өзге жеке және заңды тұлғаларға беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

5. Пошта операторлары пошта байланысы қызметтерін өндірістік объектілер, поштоматтар, пошташылар немесе курьерлер арқылы көрсетеді, сондай-ақ қызметтерді көрсету кезінде осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес жеке пошта жәшіктерін және пошта төлемінің белгілерін пайдаланады.

Пошта операторлары абоненттік пошта жәшіктері арқылы тізбесі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленетін пошта жөнелтілімдерін жеткізеді.

Пошта операторлары пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсету кезінде уәкілетті орган бекіткен пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерімен белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс пошта желісін құрады.

6. Пошта операторлары арасындағы өзара іс-қимыл шарттық негізде жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 215, 237, 238 және 240-баптарында көзделген қылмысы үшін жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар, жеке тұлға құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға пошта операторы бола алмайды.


23-бап. Ұлттық пошта операторы

1. Ұлттық пошта операторының мынадай міндеттемелері болады:

1) уәкiлеттi орган бекіткен пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынады;

2) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнайы байланыс қызметтерін көрсетеді;

3) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларға сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индекстерін беруді жүзеге асырады;

4) осы Заңның 32-бабында белгіленген тәртіппен пошта жәшiктерiн орналастырады;

5) өз қызметкерлерін уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен нысанды киiммен қамтамасыз етеді;

6) Қазақстан Республикасының пошта төлемiнің мемлекеттiк белгiлерiн шығаруды және өткізуді ұйымдастырады.

2. Ұлттық пошта операторы:

1) осы Заңның 9-бабы 2-тармағының 2), 3), 4), 5), 7) және 9) тармақшаларында және 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген қызметтерді көрсетуге;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен брокерлік, дилерлік және трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыруға;

3) банк операцияларының жекелеген түрлерін лицензиясыз:

заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, олардың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді;

банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашуды және жүргізуді;

кассалық операцияларды: қолма-қол ақшаны ұсақтауды, айырбастауды, қайта есептеуді, сұрыптауды, буып-түюді және сақтауды қоса алғанда, оны қабылдауды және беруді;

аударым операцияларын: жеке және заңды тұлғалардың төлемдері мен ақша аударымдары бойынша тапсырмаларын орындауды;



банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялауды;

қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруды қоса алғанда, шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыруды жүзеге асыруға;

4) төлем карточкаларын шығаруды, өткізуді және таратуды жүзеге асыруға құқылы.

3. Ұлттық пошта операторының жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, олардың банктік шоттарын ашу және жүргізу жөніндегі қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ішінде жекелеген пруденциялық нормативтерді белгілеу және лицензиялар беру арқылы реттейді.

Ұлттық пошта операторы жедел депозиттерге тартатын халық салымдарының сақталуы оларды мемлекеттiк бағалы қағаздарға және өзге де өтiмдi қаржы құралдарына орналастыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ұлттық пошта операторының қаржы қызметін жүзеге асыруы және қаржылық қызметтер ұсынуы кезінде оның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады.

Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін көрсетуді жүзеге асыруы кезінде оның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады.

4. Ұлттық пошта операторы өзіне мемлекет жүктеген міндеттемелерді іске асыру мақсатында мәліметтер сұратады және алады не «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне кіру рұқсатын алады.

5. Ұлттық пошта операторы орналасқан жерінің мекенжайы бар және «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізілген әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

6. Ұлттық пошта операторының басқа пошта операторларымен өзара іс-қимылы шарттық негізде жүзеге асырылады.

24-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну

қағидалары

Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында:



  1. пошта операторларының пошта желісін ұйымдастыруы және пайдаланушыларға қызмет көрсетуі жөніндегі, оның ішінде мүгедектердің пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуі жөніндегі;

  2. пошта операторларының атаулы заттарын пайдалану тәртiбi;

  3. пошта жөнелтiлімдерiн ресiмдеу тәртібі, сондай-ақ пошта жөнелтiлімдерiнiң түрлерi және олардың техникалық сипаттамалары;

  4. пошта жөнелтiлімдерiн және (немесе) пошталық ақша аударымдарын қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету тәртiбi, сондай-ақ пошта жөнелтілімі/пошталық аударым бланкісінің нысаны;

  5. халықаралық пошта жөнелтiлімдерiн қабылдау, өңдеу және табыс ету тәртiбi;

  6. пошта жөнелтiлімдерiн алу, өңдеу және тексеру тәртiбi, сондай-ақ пошта жөнелтiлімдерiн сақтау мерзiмдерi;

  7. пошта жөнелтiлімдерiнiң қосымша жiберiлу және қайтарылу шарттары;

  8. операциялық күндi өткiзу тәртiбi;

  9. пошта жөнелтiлімдерiн кiдiрту, қарап-тексеру және алу тәртiбi, сондай-ақ пошта желiлерi бойынша жiберуге тыйым салынған және шектеу қойылған заттар мен нәрселердің тiзбесi;

  10. пайдаланушылардың өтiнiштерi мен шағымдарын қарау тәртiбi;

  11. пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсынуға байланысты, осы Заңда көзделмеген өзге де ережелер қамтылуға тиiс.


25-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну

кезiндегi шектеулер және салынатын тыйымдар

1. Пошта жөнелтiлімдерiнде анықталған, жiберуге шектеу қойылған және тыйым салынған нәрселер мен заттар анықталған жерде осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен кідіртіледі және алып қойылады.

2. Пошта жөнелтiлімдерiн қарап-тексеруге және оларды алуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жол берiледi.
26-бап. Пошта операторларының қызметінде тілдерді қолдану

1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторларының қызметтік іс жүргізуі мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Тағайындалған оператор басқа тағайындалған операторлармен және Дүниежүзілік пошта одағымен хат алмасуды Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде белгіленген тілде жүргізеді.

2. Қазақстан Республикасының шегінде жіберілетін пошта жөнелтілімдерін жөнелтуші мен алушының мекенжайы жөнелтушінің қалауы бойынша – мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, ал Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде межеленген елдің тілінде немесе Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде белгіленген тілде ресімделуге тиіс.

3. Пошта операторларының қызметіне қатысты ақпараттық, анықтамалық және басқа да мәліметтер, сондай-ақ құжаттардың үлгілері мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларға қолжетімді орындарда орналастырылады.


27-бап. Пошта байланысы саласында жергілікті уақытты қолдану

1. Пошта саласында қызметті жүзеге асыру кезінде пошта операторларының пошта жөнелтілімдерін жіберудің технологиялық процестерінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасу жеріне қарай жергілікті уақыт қолданылады.

2. Көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларды көрсетілетін қызметтерді ұсыну уақыты туралы ақпараттандыру жергілікті уақыт бойынша жүргізіледі.

4-тарау. Пошта желісі және пошта байланысының құралдары
28-бап. Қазақстан Республикасындағы пошта желілері

1. Қазақстан Республикасының аумағында Ұлттық пошта операторы құратын ұлттық пошта желісі және пошта операторлары қалыптастыратын пошта желілері әрекет етеді.

2. Ұлттық пошта желісі Қазақстан Республикасының стартегиялық объектісі болып табылады.

3. Пошта операторлары осы Заңда тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, пошта желілерін өздері дербес қалыптастырады.


29-бап. Пошта операторларының пошта желілерін жоспарлау және

дамыту

1. Пошта операторлары пошта желілерін дамытуды өз бетінше жоспарлайды және жүзеге асырады.

Пайдаланушыларға пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынуды қамтамасыз ететін пошта желілерін дамыту уәкілетті орган бекітетін пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.

2. Тұрғын үйлерді салу кезінде құрылысқа тапсырыс беруші абоненттік пошта жәшіктерін жобалау және орнату бойынша міндеттемені өзінің жеке қаражаты есебінен көтереді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет