Профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар санитариялық қағидаларын бекіту туралы



жүктеу 0.61 Mb.
бет2/3
Дата01.07.2016
өлшемі0.61 Mb.
1   2   3

3. Тырысқақтың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар


  1. Санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар осы Санитариялық қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген тырысқақ вибрионына негізделген аурулардың сыныптамасына сәйкес жүргізіледі.

  2. Тиісті аумақтардың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары аумақтық денсаулық сақтау басқармаларымен (департаменттерімен) және аумақтық обаға қарсы күрес ұйымдарымен бірлесіп, тырысқақ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралардың кешенді жоспарларын әзірлеуге қатысады, оларды жасау кезінде мыналар ескерілуі тиіс:

  1. тырысқақтың әкелінуінің және қоршаған орта объектілерінен тырысқақ вибриондарының бөлінуін талдау деректері;

  2. климаттық-географиялық ерекшеліктері;

  3. тырысқақ бойынша қолайсыз елдермен, бастауын шетелден алатын су қоймаларымен көршілестік;

  4. көлік байланысы;

  5. көші-қон үдері;

  6. аумақтың санитариялық-гигиеналық жағдайы (сумен жабдықтау, кәріздеу, санитариялық тазалық);

  7. рекреациялық және тұрмыстық су пайдаланудың сипаты мен жағдайы;

  8. халықтың салт-дәстүрлері.

  1. Кешенді жоспарлар «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес бекітіледі.

  2. Тырысқақ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралардың кешенді жоспары мыналарды қамтиды:

  1. тырысқақ бойынша эпидемиялық шиеленістер болған жағдайда медициналық, санитариялық-профилактикалық, аумақтық обаға қарсы күрес ұйымдары мен ведомстволық медициналық қызметтердің дайындығын және өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелерін;

  2. тырысқақты, басқа да ішек инфекцияларының берілу жолдары мен факторларының іске асырылуының әлеуетті қауіптілік (әкеліну) дәрежесін ескере отырып, тырысқақты тұрақты эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз етуді;

  3. тырысқақтың ошағын уақтылы таратпауға және жоюға бағытталған санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенін, сондай-ақ тырысқақтың бірен-саран және жаппай жағдайларының туындау мүмкіндігі ескеріле отырып, сол үшін қажетті күштер мен құралдарды есептеуді;

  4. тырысқақ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізуге медицина қызметкерлерінің дайындығын қамтамасыз етуді;

  5. тырысқақ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін медициналық жасақтарды ашуға медициналық ұйымдардың дайындығын қолдауды;

  6. тырысқақ ошақтарын таратпау және жою үшін ашылатын мамандандырылған жасақтардың медицина персоналының дайындығын;

  7. сыртқы орта объектілерінің тырысқақ вибриондарымен ластануына және осы микроорганизмдерді адамдардың жұқтыру жағдайларына сапалы қадағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жұмыстардың барлық түрлерін орындауды;

  8. санитариялық-ағарту жұмысын жүргізуді.

  1. Қазақстан Республикасының аумағында тырысқақ бойынша эпидемиологиялық бақылау осы инфекция бойынша эпидемиялық қауіптілікке себеп болатын факторлардың кешені бойынша аумақтардың типтерін ескере отырып, саралау жүзеге асырылуы қажет.

  2. Тырысқаққа зерттеуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін Зертханаларға және зертханалардағы еңбек жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар аясындағы санитариялық қағидаларға сәйкес режимдік комиссияның рұқсаты және тиісті лицензиясы бар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының  және обаға қарсы күрес ұйымдардың бактериологиялық зертханаларының мамандары орындайды.

  3. Тырысқаққа сыртқы орта объектілерінен, жіті ішек инфекцияларымен (бұдан әрі – ЖІИ) ауыратын науқастардан, сондай-ақ тәуекел топтарын құрайтын адамдардан (арнайы режимдегі, әлеуметтік оңалту мекемелері, психологиялық-неврологиялық диспансерлер, жұмысы және белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдар) алынған материал зерттеледі.

  4. Халықтың топтарын және сыртқы орта объектілерін, сондай-ақ оларды тырысқаққа тексеру кезеңі мен жиілігін халықтың санитариялық эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.

  5. Тырысқаққа зерттеудің бағыттылығымен оған жататын объектілер орын алған эпидемиялық жағдаймен айқындалады.

  6. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жылдың маусымына қарамастан:

  1. сусыздану белгілері болатын құсу, сұйық диареясы бар ЖІИ-мен ауыратын науқастар (бұлшықеттің тартылуы, дененің босауы және басқалар);

  2. этиологиясы белгісіз ЖІИ-дан қайтыс болғандар тырысқаққа тексерілуге жатқызылады.

  1. Эпидемиологиялық айғақтар бойынша мыналар тексеріледі:

  1. барлық ЖІИ-мен ауыратын науқастар;

  2. тырысқақ бойынша қолайсыз елдерден келген босқындар;

  3. осы инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген азаматтар және келген уақыттан бастап бес күн ішінде ауырған адамдар;

  4. тәуекел топтарына жататын адамдар.

  1. Эпидемиологиялық және санитариялық-гигиеналық айғақтарды ескере отырып, жерүсті су қоймалары мен ауыз су көздерінің суында тырысқақ вибриондарының болуына бактериологиялық зерттеу жүзеге асырылады:

  1. орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін су алынатын санитариялық қорғаныш аймақтарында;

  2. шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды төгетін орындарда;

  3. ұйымдастырылған рекреациялық су пайдалану орындарында;

  4. ауыз сумен жабдықтау көздерінде.

  1. Науқастардан немесе клиникалық сау адамдардан non О1, О1 (немесе O139) тырысқақ вибриондары және қоршаған орта объектілерінен О1 (немесе О139) тырысқақ вибриондары анықталған кезде штаммдарының уыттылығы анықталғанға дейін санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізіледі.

  2. Жерүсті су қоймаларының суларынан қойлардың эритроциттерін лизистейтін (холероген өндірмейтін) О1 немесе О139 тырысқақ вибриондары анықталған кезде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар шектеулі көлемде жүргізіледі:

  1. жерүсті су қоймаларының суларынан сынама алу нүктелерінің саны көбейтіледі, оларды алу жиілігі – үш реттік теріс нәтиже алғанға дейін - аптасына 2-3 рет;

  2. стационарға келіп түскен ЖІИ-мен ауыратын науқастарды тырысқаққа бір рет бактериологиялық тексеру жүргізіледі.

  1. Жерүсті су қоймалары суларынан қойлардың эритроциттерін лизистемейтін (холероген өндіретін) О1 немесе О139 тырысқақ вибриондары анықталған кезде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізіледі:

  1. орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі жоқ елді мекендерде ашық су қоймаларынан суды алдын ала залалсыздандырмай, ауыз су үшін пайдалануға жол берілмейді;

  2. сапалы қауіпсіз ауыз суды жеткізу ұйымдастырылады;

  3. ұйымдар тек хлорланған немесе жаңа қайнатылған сумен қамтамасыз етіледі;

  4. тырысқақ вибриондарымен ластанған жерүсті су қоймаларының суын пайдалануға шектеу қойылады. Шектеу іс-шараларының мерзімі, көлемі, сипатын әрбір нақты жағдайда мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органы айқындайды;

  5. жерүсті су қоймалары суынан алынатын сынама алу нүктелерінің саны көбейтіледі, оларды зерттеу күн сайын үш реттік теріс нәтиже алғанға дейін жүргізіледі;

  6. ЖІИ-мен ауыратын науқастарды белсенді анықтау және емдеуге жатқызу жүргізіледі;

  7. стационарға келіп түсетін (ауыз арқылы регидратациялау пунктіне) немесе үйде бір сағат ішінде үш рет қалдырылған ЖІИ-мен ауыратын науқастарды тырысқаққа бактериологиялық тексеру жүзеге асырылады;

  8. санитариялық-эпидемиологиялық тексерулердің деректерін есепке ала отырып, ауыз су және сарқынды сулар көздерін тырысқаққа зерттеу енгізіледі;

  9. жерүсті су қоймаларының контаминациялау көздерін анықтау мақсатында эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі;

  10. инфекцияның әлеуетті көздерін анықтау мақсатында халықтың тәуекел топтарына серологиялық тексеру жүргізіледі.

  1. Ауыз су сынамаларынан О1, non О1 немесе О139 тырысқақ вибриондары анықталған кезде тез арада оны гиперхлорлау жүргізіледі және суды қайнатпай қолдануға тыйым салынады. Хлорлау тиімді болмаған жағдайда, ауыз суды сірке немесе құмырсқа қышқылымен қышқылдандыру жүзеге асырылады. Ауыз суды қышқылдандыру 6,0-ден төмен болмауы тиіс рН бақылауымен жүргізіледі. Қандай да бір қышқылдың біреуінің қажеттілігін есептеу өңделетін судың көлемін есепке ала отырып, сол жерде орындалады.

  2. Шаруашылық-тұрмыстық сарқынды лас суларынан уытты тырысқақ вибриондары анықталған кезде:

  1. жерүсті су қоймаларының суларын қолдануға шектеу қойылады;

  2. сарқынды сулар төгілетін жерінен төмен жерүсті су қоймаларының су сынамаларын алу нүктелерінің саны арттырылады, зерттеу күн сайын үш ретке дейінгі теріс нәтижеге дейін жүргізіледі;

  3. сарқынды суларды контаминациялау көздерін орнату мақсатында эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі;

  4. стационарға келіп түсетін ЖІИ-мен ауыратын науқастарды тырысқаққа бактериологиялық зерттеу жүзеге асырылады (эпидемиологиялық тексеру деректерін есепке ала отырып) – үш рет;

  5. жіті гастроэнтерит белгілерімен қайтыс болған адамдардың мәйіттерін тырысқаққа зерттеу;

  6. сарқынды сулармен бақша және бақ учаскелерін суаруға жол берілмейді.

  1. ЖІИ-мен ауыратын науқастардың немесе ауру клиникасы байқалмаған адамдардың материалынан O1, non O1 немесе O139 тырысқақ вибриондары анықталған кезде жүргізілетін іс-шаралар көлемі осы Санитариялық қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген тырысқақ вибрионына негізделген аурулардың сыныптамасына сәйкес жүргізіледі.

  2. Санитариялық-ағарту жұмысы эпидемиологиялық жағдайға қарамастан жүзеге асырылады және тұрғын аумақтардың, өндірістік үй-жайлардың тазалығын сақтауға, жеке гигиенаны сақтауға, асқазан-ішек жолдарының бұзылуының алғашқы белгілері анықталған кезде медициналық көмекке уақтылы жүгінуге бағытталған.

  3. Судың сынамасынан O1 немесе O139 тырысқақ вибрионы анықталған кезде олар туралы ақпарат және оқшауланған өсірінділер олардың эпидемиологиялық қауіптілігін анықтау бойынша зерттеуге жіберіледі. Бөлінген өсірінділер паспорттарымен бірге обаға қарсы күрес ұйымдарына жіберіледі және мынадай мәліметтерді:

  1. тырысқақ вибрионы анықталған су қоймасының атауын;

  2. су қоймасы орналасқан елді-мекеннің және ауданның атауын;

  3. сынама алған күнін және өсірінді бөлінген күнін;

  4. алынған өсіріндінің анықталған қасиетін қамтуы тиіс.

  1. Жіті ішек ауруларымен ауыратын науқастардың және денісау адамдардың материалынан O1, O139 немесе non O1 тырысқақ вибриондары анықталған кезде хабарлау схемасына сәйкес ақпарат осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшамен бекітілген адамдардың обамен және тырысқақпен сырқаттануы немесе оған күдіктену туралы шұғыл хабарлаудың үлгілік схемасына сәйкес Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органына тез арада беріледі. Ақпарат науқасқа диагноз тек клиникалық жолмен ғана қойылған жағдайда да жолданады.

  2. Ақпарат мынадай деректерді қамтуы тиіс:

  1. ауырған адамның тегін, атын, әкесінің атын, жасын, (туған жылын);

  2. тұрғылықты жерін (мекенжайын), кәсібін, жұмыс (оқу) орнын;

  3. сырқаттанған күнін, клиникалық диагнозын;

  4. материал алынған және диагнозының бактериологиялық расталған күнін;

  5. эпидемиологиялық анамнезі туралы мәліметті;

  6. оқшауланған өсіріндінің қасиетін.

  1. Тырысқақпен қайта сырқаттануға қатысты ақпарат инфекцияның көзі, факторы және берілу жолы туралы мәліметтерді қамтуы тиіс. Одан басқа, эпидемияның шиеленісуі туындау себебін көрсете отырып, қосымша материалдар ұсынылуы қажет.

  2. Тырысқақ бойынша ретроспективтік эпидемиологиялық талдау тырысқақ вибриондарының уыттылығы ескеріле отырып жүргізіледі және мыналарды қамтиды:

  1. жұқтыру деңгейін айқындауды (100 мың тұрғынға шаққанда тырысқақпен ауыратын науқастар саны);

  2. қоршаған орта объектілерінен тырысқақ вибриондарының бөліну қарқындылығын және мерзімін;

  3. тырысқақтың эпидемияның өршуінің пайда болуы себептерін, инфекцияның берілу жолдары мен негізгі факторларын;

  4. тырысқақтың таралуына ықпал ететін жағдайларын;

  5. жүргізілген іс-шаралардың тиімділігін;

  6. санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізуді негіздеу үшін санитариялық фонмен, рекреациялық суды пайдалану жағдайларымен өзара байланыста этиологиясы белгісіз ауруларды және ЖІИ-мен сырқаттанушылықты талдауды.

  1. Қазақстан Республикасының тікелей экономикалық, туристік, шаруашылық-сауда және басқа да байланысы бар шетелдерде тырысқақ бойынша эпидемиялық шиеленіс пайда болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес іс-шаралар жүргізіледі.

  2. Тырысқақпен ауыратын науқасты немесе оған күдіктіні анықтаған медициналық ұйым осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген адамдардың обамен және тырысқақпен сырқаттануы немесе күдіктену туралы шұғыл хабарлаудың үлгілік схемасына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына, обаға қарсы күрес ұйымдарына тез арада хабар береді. Ақпаратта мыналар көрсетілуі тиіс:

  1. науқастың анықталған орны;

  2. оның анықталған уақыты;

  3. диагнозы – клиникалық немесе бактериологиялық;

  4. байланыста болған адамдардың саны;

  5. қабылданған шаралар (науқастарды және байланыста болған адамдарды оқшаулау орны, тырысқаққа зерттеу үшін олардан материал алу уақыты).

  1. Байланыста болған адамдардың тізімі үй мекенжайын және телефонын көрсете отырып, туристер үшін – саяхатты ұйымдастырушы фирманың атауын көрсете отырып, жеке басын куәландыратын құжаттары көрсетілгенде жасалуы тиіс.

  2. Меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан, медициналық ұйымдар тырысқақ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу үшін осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген Медициналық ұйымдардың сынама алуға арналған қорғаныш костюмдермен, жеке қорғаныш заттарымен, дезинфекциялау құралдарымен және тұзды ерітінділермен қамтамасыз етілуіне қойылатын талаптарға сәйкес материал жинауға арналған, қорғаныш костюмдерінің, персоналдың жеке қорғаныш заттарының, дезинфекциялау құралдарының жиыны болуын қамтамасыз етеді.

  3. ЖІИ-мен ауыратын науқастың және дені сау адамның материалынан O1, O139 немесе non O1 тырысқақ вибрионы анықталған жағдайда, медициналық ұйымдары тырысқақ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді.

  4. Науқастардан немесе клиникалық дені сау адамдардан тырысқақ вибриондары анықталған жағдайда:

  1. тырысқақ вибриондарының өсірінділері бөлінген адамдарды емдеуге жатқызу және емдеу;

  2. бөлінген өсірінділердің қасиеттері нақтыланады. Штаммдардың эпидемиялық маңыздылығы анықталғанға дейін санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізіледі;

  3. ЖІИ-мен ауыратын науқаста тырысқақтың клиникалық диагнозы  нықталған кезде іс-шаралар көлемі бөлінген өсіріндінің қасиетіне (тырысқақ уытын – холерогенді бөледі немесе бөлмейді) байланысты жүргізіледі.

  1. ЖІИ-мен ауыратын науқастардан (дені сау адамдардан) тырысқақ уытын бөлетін O1, O139 немесе non O1 тырысқақ вибриондары (холероген «+», гемолиз «-») анықталған жағдайда, ұйымдастыру іс-шаралары жүргізіледі.

  2. Денсаулық сақтау ұйымының тырысқақ ауруы туралы қорытындысы алынғаннан кейін науқастың тұрған немесе болған, анықталған аумағы аурудың ошағы болып жарияланады.

  3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, қажет болғанда тырысқақ ошағына арнайы медициналық жасақтарды (арнайы эпидемияға қарсы бригада), жекелеген мамандандырылған зертханалар, госпитальдар) жібереді.

  4. Қандай да бір шектеу шаралары енгізілетін аумақтың шекарасы эпидемиологиялық тексеру, санитариялық-гигиеналық жағдайлар және аумақтың коммуналдық абаттандырылу деректері бойынша айқындалады.

  5. Тырысқақ ошағын жою үшін халықтың санитариялық эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган ұйымдардың білікті медицина қызметкерлерін жұмылдырады.

  6. Тырысқақтың ошағын жою бойынша талдау, сараптау және басқа да жұмыстарды орындау үшін бейіні бойынша мамандар (олардың басшыларының келісімімен) тартылуы мүмкін.

  7. Тырысқақтың эпидемиялық ошағын таратпау және жою жұмыстары белгіленген тәртіппен бекітілген Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінің карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша кешенді жоспарға сәйкес ұйымдастырылады және жүргізіледі.

  8. Іс-шаралардың көлемі мен сипаты тырысқақтың жағдайы анықталғаны туралы қорытынды алынғаннан кейін тез арада жүргізілетін эпидемиологиялық тексерудің деректерімен айқындалады. Жоспарда мыналар көзделеді:

  1. тырысқақпен ауыратын науқастарды және оған күдікті адамдарды тырысқақ ауруына арналған госпитальға емдеуге жатқызу;

  2. тырысқақтың, вибрион тасымалдаушылықтың әрбір жағдайын эпидемиологиялық тексеру;

  3. тырысқақты анықтау, оқшаулау, үш рет бактериологиялық  тексеру және жұқтыру тәуекелі бойынша бірдей жағдайларда болған адамдарды және байланыста болған адамдарды (отбасы мүшелерін және жақын туыстарын) профилактикалық емдеу;

  4. диарея және құсу белгілері бар ЖІИ-мен ауыратын барлық науқастарды белсенді анықтау және оларды провизорлық госпитальге емдеуге жатқызу, бір сағат ішінде үш рет бактериологиялық тексеру;

  5. ЖІИ-нан қайтыс болған адамдарды ашып қарау және тырысқаққа бактериологиялық тексеру;

  6. қоршаған орта объектілерін, оның ішінде сарқынды суларды, сондай-ақ су және су жанындағы биоценоздың өкілдерін тырысқаққа бактериологиялық зерттеу көлемдері мен жиілігін арттыру;

  7. нақты эпидемиялық жағдай және аумақта санитариялық-гигиеналық жағдайларға жерүсті су қоймаларының суын пайдалануға арналған шектеу іс-шараларын енгізу;

  8. суды пайдалану ерекшеліктері анықталып және халықтың көшіп-қонуы ескеріле отырып, тырысқақпен сырқаттанушылықты шұғыл эпидемиологиялық талдау;

  9. реакреациялық су пайдалану орындарын, қоғамдық тамақтану, тамақ өнеркәсібі және тамақ өнімінің саудасы объектілерін, су құзырларын және кәріздеу құрылыстарын санитариялық қадағалауды күшейту;

  10. эпидемиологиялық айғақтар бойынша тұрғындардың жекелеген топтарын тырысқаққа бактериологиялық тексеру;

  11. байланыста болған адамдарға антибиотиктермен шұғыл профилактика жүргізу;

  12. ошақтарда ағымдық және қорытынды дезинфекциялау;

  13. жоғары тұрған денсаулық сақтау органдарына ағымдық және қорытынды ақпарат ұсыну.

  1. Барлық көрсетілген іс-шаралар аумақтық обаға қарсы күрес ұйымдарымен бірлесіп жүргізіледі.

  2. Пайда болған тырысқақ ошағын таратпау және жою бойынша іс-шараларды тиімді және уақтылы жүргізу үшін жедел жоспарда әрбір медициналық ұйымдарды үзіліссіз жедел байланыспен (телефон, радио, факс, телетайп, электрондық пошта) қамтамасыз ету көзделеді.

  3. Ошақ соңғы науқасты емдеуге жатқызғаннан және қорытынды дезинфекциялау жүргізгеннен кейін 10 күннен соң жойылды деп есептелінеді.

  4. Тырысқаққа арналған госпиталь соңғы емдеуге жатқызылған адам емделіп шыққанға дейін, тырысқаққа материалды зерттеуді орындаған бактериологиялық зертхана орын алған жағдайға қарай анықталатын және орындалған санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың сапасын бағалауға мүмкіндік беретін тырысқаққа материалды зерттеуді қажетті көлемде жүргізу мерзіміне дейін жұмысын жалғастыра береді.

  5. Ошақта эпидемиологиялық тексеруді санитариялық-эпидемияға қарсы жұмысты орындаған топтардың эпидемиологтары жүргізеді. Әрбір топ эпидемиологтан және эпидемиологтың көмекшісінен тұрады, топқа автомобиль көлігі бекітіледі. Топтардың саны орындалатын жұмыстың көлемімен айқындалады.

  6. Тексеру инфекция көзін, инфекцияның факторын және берілу жолын, сондай-ақ байланыста болған адамдардың санын белгілеу мақсатында жүргізіледі.

  7. Эпидемиологиялық тексеру кезінде:

  1. эпидемиологиялық анамнез жинау үшін науқастан, оның туыстарынан және байланыста болған адамдармен сұрау жүргізу;

  2. зертханалық зерттеу үшін сынама алуды ұйымдастыру (тамақ өнімі, ауызсу, үйдің қажетті заттарының жұғындылары);

  3. науқаспен тығыз тұрмыстық байланыста болған адамдардың, сондай-ақ жұқтыру тәуекелі бойынша бірдей жағдайларда болған адамдардың тізімін жасау;

  4. соңғы бес күн ішінде ошақта байланыста болған және одан шығып кеткен адамдарды анықтау;

  5. науқас анықталған сәттен бастап бес күн ішінде ошақта байланыста болған және одан шығып кеткен адамдар туралы олардың кеткен аумағының мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына шұғыл хабарламалар жіберу;

  6. ошақта байланыста болған адамдарды медициналық бақылауды орындайтын медицина қызметкерлерімен нұсқама жүргізу;

  7. ошақтағы дезинфекциялау іс-шараларын, сондай-ақ жұмыстың басқа да түрлерін жүргізу көлемі мен тәртібін айқындау (байланыста болған адамдарды профилактикалық емдеу);

  8. ошақты эпидемиологиялық тексеру картасын толтыру жүргізіледі. Картада мынадай деректер көрсетіледі: аурудың клиникалық нысаны және бактериологиялық тексеру нәтижесі; тексерілуші адамның соңғы бес күн ішінде басқа жаққа баруы және қайда барғаны, осы мерзімде оған кім келгені; ол жерүсті су қоймаларының суын пайдаланғаны және қашан пайдаланғаны, су пайдалану сипаты; тұрғылықты жерінде су құбырларының істен шығу жағдайларының болғаны, олардың сипаты; адамның өмірлік тіршілігі өнімдерін шығару, дәретханаларды орнату; байланыста болған адамдарды зертханалық зерттеу нәтижелері.

  1. Асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен ауыратын науқастарды ұйымдастырылған ұжымдарда (ұйымдар) медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде белсенді анықтайды, ал тұрғын үй құрылыстары бар аумақтарда науқастарды анықтау мақсатында халықты аралау және сұрау алу (бұдан әрi – аралау) ұйымдастырылады.

  2. Аралауды учаскелiк медициналық желiнiң қызметкерлерi жүргізеді. Аралауды орындау үшiн елдi мекендерді (қала, ауыл) учаскелерге бөледi (жеке салынған үйлер – 500 адамға дейiн, көп қабатты үйлер – 1000 адамға дейiн). Әрбiр учаскеге екi-үш орта медицина қызметкерлерінен құралған бригаданы бекiтедi.

  3. Аралауды орындайтын (10 адамнан аспайтын) бригадаларға дәрiгер-инфекционист және педиатр басшылық етедi. Бригадалар асқазан-ішек жолдарының бұзылу клиникасы бар науқастарды анықтайды, халықпен санитариялық-ағарту жұмысын жүргізеді. Қажет болғанда, бригадалардың басшылары байланыста болған адамдарды профилактикалық емдеуді және медициналық бақылауды ұйымдастырады, сондай-ақ учаскеде анықталған науқастарға консультация береді және оларды ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдайды.

  4. Асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен ауыратын әрбір анықталған науқас жедел жәрдем машинасымен провизорлық госпитальға, ал сусыздану белгілері болғанда тырысқаққа арналған госпитальға жіберіледі. Емдеуге жатқызылған әрбiр адамға берілетін ақпаратты тиiстi аумақтың мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органына ұсынады.

  5. Учаскелерде және ұйымдастырылған ұжымдарда науқастарды белсенді анықтау нәтижелері және орындалған іс-шаралар туралы мәліметтерді орындаушылар тиісті аумақтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органына күн сайын ұсынады.

  6. Тырысқақпен ауыратыны анықталған науқастарды осы мақсат үшiн арнайы бөлінген көлiкпен, дәрiгер және орта медицина қызметкерінен тұратын бригаданың қатысуымен емдеуге жатқызады.

  7. Тырысқақпен ауыратын науқастарға арналған көлік регидратациялау терапиясын жүргізуге арналған, сондай-ақ ағымдық және қорытынды дезинфекциялауға арналған құралдармен және жабдықпен жабдықталуы тиіс.

  8. Байланыста болған адамдар изоляторға орналастырылады немесе тұрғылықты мекенжайы, оқу, жұмыс орны бойынша бес күн бойы медициналық бақылауда болады. Оларды оқшаулау қажеттілігін тырысқақпен ауыратын науқаспен байланысының сипатын және түрін, жұқтыру тәуекелін айқындайтын жағдайларды, тұрғылықты мекенжайының санитариялық жағдайын және абаттануын, еңбек қызметін есепке ала отырып, тиісті аумақтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органы айқындайды.

  9. Декреттелген топтардың ішінен байланыста болған адамдар (сүт фермаларының, зауыттардың, сондай-ақ тамақ өнімдерін қайта өңдеу, дайындау және сату бойынша басқа да объектілердің жұмыскерлері, су арнасының жұмыскерлері) міндетті түрде оқшаулауға жатады.

  10. Байланыста болған адамдар (бала емізетін аналар және жүкті әйелдер) міндетті түрде изоляторға емдеуге жатқызылуы тиіс. Олар өмірлік айғақтары бойынша, қажетті шараларды қабылдау үшін медициналық бақылауда болады.

  11. Байланыста болған адамдар орта медицина қызметкерінің ілесе жүруімен жедел жәрдем машинасымен тасымалданады.

  12. Байланыста болған адамдар туралы олардың мекенжайы, жұмыс, оқу орны, науқаспен байланыста болған уақыты және дәрежесі қамтылған ақпарат жиналады.

  13. Отбасы мүшелерінің ішінде біреуі тырысқақпен сырқаттанғанға дейін бес күн ішінде ошақтан шығып кеткен байланыста болған адамдар да тізімге енгізіледі және олар туралы мәліметтер ошақты тексеру кезінде олар жүрген аумақтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органына беріледі.

  14. Байланыста болған адамдарда құсу немесе диарея пайда болған жағдайда, оларды тез арада тырысқаққа арналған стационардың жеке палатасына орналастырады.

  15. Науқаспен байланыста болған барлық адамдар тырысқаққа тексерілуге және профилактикалық емдеуге жатқызылады. Зерттеуге материал алу профилактикалық (бактерияға қарсы) емдеуді бастағанға дейін анықталған сәттен бастап бір сағат ішінде үш рет жүргізіледі.

  16. Тырысқақпен залалданған аудан тұрғындары арасында қоздырғыштың таралу шеңберін айқындау үшін жекелеген эпидемиялық маңызы бар топтарға бактериологиялық (бір реттік) тексеру жүргізу туралы шешім қабылдануы мүмкін, оларды тырысқаққа тексеруді ошақтың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі ұйымдастырады.

  17. Профилактикалық емдеу үшін кеңінен қолданылатын антибиотиктер қолданылады. Қандай да бір препаратты қолдану науқастардан бөлінген тырысқақ вибриондарының антибиотиктерге сезімталдық деңгейіне тікелей байланысты.

  18. Тырысқақпен ауыратын науқастардан немесе вибрион тасымалдаушылардан дәрілік препараттарға төзімді тырысқақ вибриондары бөлінген кезде Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның келісімі бойынша оқшауланған өсірінділердің антибиотиктерге сезімталдығы нәтижелерін есепке ала отырып, антибиотиктерді алмастыру туралы шешім қабылданады.

  19. Тырысқақ бойынша эпидемиялық шиеленіс туындаған елді мекендердің тұрғындарын бактерияға қарсы препараттармен емдеу (шұғыл химиялық-профилактика) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен тиісті негіздемеден және мүдделі министрліктер мен ведомстволардың мамандарынан құралатын Ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Ведомствоаралық комиссия) шешімінен кейін жүргізіледі.

  20. Шұғыл профилактика адамдардың жұқтыру көзі шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылатын жерүсті су қоймасының суы болып табылатын жағдайларда, сондай-ақ инфекцияның көзі мен берілу факторы белгісіз жағдайларда жүргізілмейді.

  21. Шұғыл профилактика елді мекеннің барлық тұрғындарын емдеумен міндетті түрде бір мезетте қамту арқылы жүргізіледі.

  22. Тырысқақ бойынша эпидемиялық шиеленіс туындаған елді мекеннің аумағында жаппай іс-шаралардың барлық түрлерін жүргізуге жол  берілмейді.

  23. Тырысқақтың әкеліну жағдайлары анықталған кезде осы ауру бойынша қолайсыз пункттерге халықтың көшіп-қону түрлері, сондай-ақ олармен көлік және басқа да шаруашылық-тұрмыстық байланыстар шектеледі.

  24. Тырысқақ вибриондары бөлінетін және шаруашылық-лас сарқынды сулар жіберілетін орындарда жерүсті су қоймаларын пайдалануға (шомылу, балық аулау, су бетінде спорттық жарыстар ұйымдастыру, суды шаруашылық-тұрмыстық қажеттілік үшін пайдалану) жол берілмейді.

  25. Ошақтан шығуға тырысқақпен ауыратын науқас анықталған елді мекенде уақытша тұрақтағаны туралы құжаттар негізінде (іссапар куәлігі, демалыс үйлеріне немесе санаторийлерге жолдамалар) тиісті аумақтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органының рұқсаты бойынша ғана жол беріледі. Ошақтан шығуды шектеу Ведомствоаралық комиссияның тиісті шешімі қабылданғаннан кейін қойылады.

  26. Карантин енгізілген кезде Ведомствоаралық комиссия жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, халықтың, сондай-ақ тағамдарды қоса алғанда әртүрлі жүктер таситын көліктердің ошаққа кіруін және одан шығуын бақылайтын көлік байланысы тораптарында санитариялық-бақылау және бақылау-өткізу пункттерін ұйымдастырады. Санитариялық-бақылау пунктінде сол жерден өткен барлық адамдар және көлік құралдары оларды өткізуге негіз болған құжаттары көрсетіле отырып, тіркеледі.

  27. Халықтың декреттелген топтары ішінде ауырған адамның отбасы мүшесі және оның туыстары изоляторда немесе үйде медициналық бақылауда болған кезеңіне еңбекке жарамсыздық парағын алады.

  28. Тырысқақтың ошағында тырысқаққа міндетті бактериологиялық зерттеуге мыналар жатады:

  1. орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын жерүсті су қоймаларының суы;

  2. жаппай су пайдалану орындарында жерүсті су қоймаларының суы;

  3. тамақ өнімдері – эпидемиялық айғақтар бойынша;

  4. қоршаған ортадан алынған жұғындылар – эпидемиялық айғақтар бойынша;

  5. лас сулар құйылатын орындардағы сарқынды су;

  6. су және су жанындағы биоценоз өкілдері.

  1. Сыртқы орта объектілерінен алынған сынамалар ошақты оқшаулағанға дейін тәулігіне бір рет зерттеуге алынады. Эпидемиялық жағдайға байланысты объектілердің саны, сынамаларды алу кезеңділігі және зерттеу жиілігі өзгертілуі мүмкін.

  2. Инфекцияның таралуына мүмкіндік беретін жағдайлардың пайда болуын болдырмауға бағытталған тырысқақтың ошағындағы санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар:

  1. сарқынды сулардың тазартылу және зарарсыздану сапасын;

  2. аумақты санитариялық тазарту сапасын;

  3. мектепке дейінгі, жаппай білім беру, балаларды сауықтыру ұйымдарының, демалыс үйлерінің, санаторийлердің, пансионаттардың, кемпингтердің, мүгедектер мен қарттар үйлерінің, базарлардың жағдайларын;

  4. тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану және тамақ өнімінің саудасы объектілерінде қолданыстағы нормативтік-құқықтық  актілер талаптарының орындалуын;

  5. әуежайлардың, теңіз және өзен-көл порттарының, теміржол және автомобиль вокзалдарының, теміржол станцияларының жағдайын;

  6. орталықтандырылған шаруашылық-ауыз су мен жабдықтауға арналған су жинау орындарының, су тарату желілерінің және ауыз суды зарарсыздандыру жүйелерінің жағдайларын;

  7. хлорлау жолымен сапалы қауіпсіз ауыз суға қол жеткізілетін сапалы ауыз сумен халықтың қамтамасыз етілуін. Су құбырларындағы қалған хлордың құрамы бос хлор бойынша бір литрге кемінде 0,3-0,5 миллиграмм (бұдан әрі - мг/л) немесе байланысқан хлор бойынша 0,8-1,2 мг/л болуы тиіс;

  8. халықтың барлық санаты арасында тырысқақтың алдын алу бойынша бағытталған санитариялық-ағарту жұмыстарын бақылау жолымен жүзеге асырылады.

  1. Науқастың анықталған орны бойынша қорытынды дезинфекциялауды тиісті лицензиясы бар тиісті аумақтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметі жүргізеді.

  2. Дезинфекциялауды орындайтын персонал ошаққа келгенде қосымша клеенкалы жеңқабы, алжапқышы және мақта-дәке респираторы, резина етігі бар төртінші типтегі обаға қарсы костюмді киеді және мынадай реттілікпен өңдеу жүргізеді:

  1. кіреберістен бастап еденді дезинфекциялау ерітіндісімен шаяды;

  2. науқастың бөлінділерін және тамақтың қалдықтарын зарарсыздандырады;

  3. үйдегі тұрған ыдыс-аяқтарды зарарсыздандырады;

  4. киім-кешектерді, сыртқы киімді, төсек жабдықтарын дезинфекциялау камерасында зарарсыздандырады;

  5. қабырғалар және үй жиһазын зарарсыздандырады;

  6. тырысқақпен ауыратын науқас және онымен байланыста болған адамдар болған үй-жайларды өңдеу аяқталғаннан кейін ас үйдің қосалқы үй-жайларын, дәлізді және басқа да үй-жайларды өңдеуге кіріседі, содан кейін еденді өңдейді;

  7. санитариялық тораптар және санитариялық-аула қондырғыларын (қоқыс шұңқырлары, қоқыссалғыштар) зарарсыздандырады.

  1. Науқас жұмыс (оқу) орнында, мектепке дейінгі және медициналық мекемелерде анықтаған жағдайда, оның болған үй-жайларын, сондай-ақ жалпы пайдалану орындарын міндетті түрде зарарсыздандырады. Медициналық ұйымдарды дезинфекциялауды олардың персоналдары жүргізеді. Зарарсыздандыруға сонымен қатар науқасты және медициналық құрал-саймандарды тексеруді жүргізген персоналдың киімі жатады.

  2. Тырысқақпен ауыратын науқаспен байланыста болғандықтан, медициналық бақылау үй-жайда қалдырылған адамдарға олардың оқшаулауда болған кезеңінде ағымдық дезинфекциялау жүргізіледі.

  3. Ауырған адамның үйінде қорытынды дезинфекциялау емдеуге жатқызылған сәттен бастап үш сағаттан кешіктірмей, ал жұмыс немесе оқу орны бойынша анықталғаннан кейін бірінші тәуліктен кешіктірмей жүргізіледі.

  4. Сарқынды суларды зарарсыздандыру үшін дезинфекциялаудың химиялық әдістері қолданылады.

  5. Сарқынды суларды жанасатын резервуарларда (су жинағыштарда), олар болмаған жағдайда, кәріздеу коллекторларында зарарыздандырады. Зарарсыздандыру режимін сарқынды сулардың шығу көзіне, оларды тазарту дәрежесіне және дезинфекциялау құралдарымен жанасуы мүмкін ұзақтығына байланысты айқындайды.

  6. Қышқылдандыру әдісін таңдау кезінде зарарсыздандыру ретінде ағынды сулардың рН шамасы 45 минут ішінде 4,0 құрайтындай болуы қажет.

  7. Айғақтар бойынша профилактикалық дезинфекциялау жұмыстарын (санитариялық-аулалық қондырғыларды зарарсыздандыруды қоса алғанда), сондай-ақ елді мекендердегі дезинсекциялау іс-шараларын көрсетілген іс-шараларды өткізуге лицензиясы бар ұйымдар жүргізеді.

  8. Дезинфекциялау іс-шараларын жүргізуді, сондай-ақ олардың орындалуын көзбен көріп, бактериологиялық, химиялық және басқа да бақылау түрлерін осы мақсат үшін тартылатын қызметтердің мамандары жүргізеді.

  9. Санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың тәсілін, көлемін негіздеу үшін эпидемиологтар ошақта эпидемиологиялық талдау жүргізеді, оның барысында тырысқақ ауруының пайда болуы себептері, жағдайы, факторлары және инфекцияның берілу жолы анықталады.

  10. Эпидемиологиялық талдау үшін тырысқақпен сырқаттанудың әрбір жағдайын эпидемиологиялық тексеру карталары, сырқатнама, материалды тырысқаққа бактериологиялық және серологиялық зерттеу нәтижелері, жерүсті су қоймаларының, сондай-ақ ауыз су көздерінің және су ағызғыштарының; тамақ өнімдерінің суын санитариялық-бактериологиялық зерттеулер, науқастың айналасындағы тұрмыстық заттардан алынған жұғындылар, тамақ объектілеріндегі, базарлардағы жабдықтардың жұғындылар нәтижелері пайдаланылады.

  11. Эпидемиологиялық талдау материалдары күн сайын Ведомствоаралық комиссияға қарауға ұсынылады. Олар эпидемиялық жағдай, ЖІИ-мен ауыратын науқастарды тиімді белсенді анықтау, оларды емдеуге жатқызу, профилактикалық емдеуді, анықталған тырысқақ ошақтарында ағымдық және қорытынды дезинфекциялауды, сондай-ақ материалды тырысқаққа бактериологиялық зерттеуді орындау туралы қорытынды деректерді қамтиды.

  12. Эпидемиологиялық талдау нәтижелерін топтың басшысы ресімдейді, күн сайын, тиісті аумақтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органына беріледі және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу тәсіліне түзету, сондай-ақ ұйымдастыру жұмысының көлемі мен түрін өзгерту енгізу үшін негіз болып табылады.

  13. Эпидемиологиялық талдау нәтижелері мынадай деректерді:

  1. елді мекеннің сипаттамасы: тұрғындар саны, олардың шаруашылық қызметін талдау (көші-қон топтарының болуы – маусымдық жұмысшылар, босқындар, көшіп келгендер, әскерилер), тұрғын үй жағдайы, тамақ өнімдерін қайта өңдеу, оларды өткізу және тасымалдау бойынша объектілердің болуы, сумен жабдықтау және тазарту жүйесі, сондай-ақ олардың санитариялық жағдайын;

  2. ЖІИ-мен сырқаттанушылықты талдауды (күн, апта, ай, кәсібі, жасы, тұрғылықты жері, аумақтық бөлінуі бойынша);

  3. тырысқақпен сырқаттанудың сипатын (ошақтылық, науқастардың барынша көп тіркелу кезеңі, олардың әртүрлі ұйымдарға көп баруы: қоғамдық тамақтану объектілеріне, көлік байланыс тораптарына, қоғамдық пайдалану орындарына);

  4. тырысқақпен сырқаттанудың пайда болу себептерін (қолайсыз пункттен ауырған адамның немесе оның туысының келуі, суды пайдалану: балық аулау, суда жүзу);

  5. аурудың пайда болу себебі туралы қорытындыны қамтиды.

  1. Тырысқақпен ауырып жазылған адамдар клиникалық емделгеннен және бактериологиялық зерттеу үш рет теріс болғаннан кейін госпитальдан шығарылады. Госпитальдан шығару алдында бактериологиялық  зерттеу емдеу аяқталғаннан кейін бір тәуліктен соң (24 сағат), материал алу қатарынан үш күн ішінде жүргізіледі.

  2. Тырысқақпен ауырып жазылған адамдардың шығарылғаны туралы тиісті аумақтардың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органына және медициналық ұйымға диспансерлік бақылауды ұйымдастыру үшін хабарлайды. Диспансерлік бақылауды жұқпалы аурулар кабинетінің дәрігері, ал ол болмаған кезде учаскелік дәрігер жүргізеді. Қосымша ауруларының себебі бойынша амбулаториялық жағдайда емдеуді жалғастыру қажет болғанда, госпитальдан шығаруды еңбекке жарамсыздық парағын ашу арқылы жүргізеді.

  3. Диспансерлік бақылауды бір ай ішінде жүзеге асырады, сол уақыт ішінде тырысқақпен ауырып жазылған адамдар, егер оларда асқазан-ішек жолдарының бұзылуы байқалған жағдайда, тырысқаққа тексеріледі.

  4. Декреттелген топтардың ішінен тырысқақпен ауырып жазылған адамдарды (тамақ өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, сату бойынша объектілердің жұмыскерлері) жұмысқа шығару учаскелік дәрігер анықтайтын олардың денсаулық жағдайына байланысты болады.

  5. Тырысқақпен ауырып жазылған балаларға мектепке дейінгі ұйымдарға баруға денсаулығының жалпы жағдайын есепке ала отырып және тиісті аумақтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органының келісімі бойынша стационардан шыққаннан кейін рұқсат беріледі.

  6. Диспансерлік бақылауда болған адамдарда тырысқақ вибрионы анықталған кезде, олар тырысқаққа арналған госпитальға орналастырылады.

  7. Тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің кез келген кезеңінде ЖІИ-мен ауыратын науқастар (асқазан-ішек жолдарының бұзылуы байқалған жағдайда) анықталған кезде олар емдеуге жатқызылады және тырысқаққа үш рет тексеріледі. Аурудың этиологиялық факторлары анықталмаған ауыр клиникасы бар науқастар тырысқақ қоздырғышының антиденесінің бар болуына серологиялық әдістермен тексеріледі.

  8. Тиісті аумақтағы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органы:

  1. қоғамдық тамақтану, тамақ өнеркәсібі, азық-түлік сауда объектілерінде санитариялық-эпидемияға қарсы режимнің сақталуына және халықтың сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуіне;

  2. елді мекендерді уақтылы және сапалы санитариялық тазарту, дезинсекциялау іс-шараларын;

  3. халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады.

  1. Халық арасында эпидемиялық емес тырысқақ тіркелген жағдайда шектелген көлемде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі.

  2. Эпидемиялық емес тырысқақпен ауыратыны анықталған науқастарды емдеуге жатқызу басқа науқастардан оқшаулау жағдайын қамтамасыз ететін жұқпалы стационарда (аурухана немесе бөлімше) жүргізіледі.

  3. Тиісті аумақтағы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары жұқтыру көздерін, сондай-ақ инфекцияның берілу жолдары мен факторларын (отбасы мүшелері тырысқаққа бір рет тексеріледі) анықтау үшін әрбір анықталған жағдайға эпидемиологиялық тексеру жүргізеді.

  4. Аумақтық обаға қарсы күрес ұйымдары, ал олар болмаған жағдайда, тиісті аумақтағы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары жыл мезгіліне және аумақтың эпидемиологиялық маңыздылығы бойынша тиесілілігіне қарамастан, ЖІИ-ның клиникалық белгілері бар емдеуге жатқызылған науқастардан алынған материалды тырысқаққа бір рет бактериологиялық зерттеуді жүзеге асырады.

  5. Тиісті аумақтағы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары ауыз су көздерін және сарқынды суларды қоса алғанда қоршаған орта объектілерін тырысқаққа бактериологиялық зерттеудің көлемі мен жиілігін арттырады.

«Инфекциялық аурулардың (обаның,  


тырысқақтың) алдын алу бойынша   
санитариялық-эпидемияға қарсы    
(профилактикалық) іс-шараларды    
ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидаларына 1-қосымша
1   2   3


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет