Психология пәні туралы түсінік
Психология өте ежелгі де, өте жас та ғылым. Мың жылдық тарихының барына қарамастан, оның бар болашағы әлі алда. Психологияның дербес ғылыми сала болып танылғанына енді ғана жүз жылдан асып барады, ал ол шұғылданған психологиялық ой, проблемалар тарих тұңғиығында бастау алған пәлсапамен бірге келе жатыр.
ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында танымал ғалым Г. Эббингауз психология жөнінде қысқа да дәл былай деген: Психология тарих алдында ұланғайыр, ал тарихы өте қысқа. Психика зерттеулерінің тарихы деп отырғанымыз психологияның фәлсападан бөлініп, жаратылыстану ғылымдарымен ұштасып, өзінің эксперименттік зерттеулерін ұйымдастыра бастаған дәуірі. Бұл ХІХ ғ. кейінгі ширегі болғанымен, психология бастаулары көз жетпес ғасырлар тереңінде өріс алды.
Пән атының өзі де грек тілінен аударғанда психология – жан туралы ғылым (психо –«жан», логос – «ғылым») дегенді аңғартады. Кең тараған түсініктерге жүгінсек, алғашқы психологиялық көзқарастар діни ұғымдарға байланысты дүниеге келген. Шынында да, ғылым тарихы көрсеткеніндей, ежелгі грек философтарының алғашқы тұжырымдары адамды практикалық тану негізінде бастау білімдерін жинақтаған, жаңадан қалыптасып келе жатқан ғылыми ой-пікір бағыттарының жалпы дүние, соның ішінде жан жөніндегі діни-мифологиялық көзқарастарға қарсы күресінде дамуын тапты.
Психология ғылымының ең негізгі міндеттерінің бірі – барлық психикалық құбылыстарды зерттеу және түсіндіру болып табылады, демек олардың пайда болу, қалыптасу және даму негізіне жататын объективтік заңдылықтарды ашып көрсету.
Психология ертеде қалыптасқан ғылымдардың қатарына жатады: ол 2500 жылдан астам бұрын ертедегі Грецияда пайда болған.
Ертедегі гректің данышпан ғалымы Аристотель өзінің «Жан туралы» атты еңбегінде алғаш рет психикалық құбылыстарға бір жүйелі талдау жасайды. Аристотельді психологияның негізін салушы деп атауға болады. Екінші жағынан психологиялық құбылыстарды және оның заңдылықтарын ғылыми эксперименталдік түрде зерттеу шын мәнінде ХІХ ғ. Ортасынан бастап, қалыптаса бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |