Шешендік сөздердегі публицистикалық белгілер
Ауыз әдебиетінің бір түрі – шешендік сөздердің құнды-лығы – олардың өмір шындығына негізделуінде ғана емес, ой тапқырлығында деуге болады. Шешендік сөздер халық даналығының қазақ халқының тіл байлығының жарқын көрінісі. “Халық барлық заттық байлықты жасаушы күш ғана емес, ол – рухани байлықтың да бірден-бір сарқылмайтын көзі, ол – барлық ұлы дастандар, жер жүзіндегі барлық трагедияларды және олардың ішіндегі ең ұлысы – бүкіл дүниежүзілік мәдениет тарихын жасаушы, шығарманың шығу уақыты, көркемдігі мен даналығы жағынан алғанда да ол бірінші философ, бірінші ақын” [108, 26 б.] – деп жазыпты орыс жазушысы М.Горький. Бұл ертеректе айтылса да, халық даналығына берілген шын баға деуге болады.
“Қиуадан шауып, қисынын тауып” сөз айту – әйгілі қазақ би-шешендеріне тән қасиет. Ғалым М.Балақаев пернелі шешендік сөздерді публицистиканың сөйлеу ретіндегі түрі [109, 248 б.],– деп айқын көрсетіп кеткен. Бізге керегі де шешендік сөздердің осы қыры.
Қазақтың ұлы перзенті Ш.Уәлиханов: “Билердің беделі Европадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздері-нің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған” [110, 77 б.], – деген тұжырым айтады.
Ал, жалпы шешендік-тапқырлық сөздер осы заманға әбден іріктеліп, сұрыпталып жеткен. Жаңа дәуірге сай жаңа мазмұн тауып, жаңғырып отырған.
“Бізге жеткен шешендік сөздердің ішінде белгілі адам-дардың атынан айтылғандары көп. Бұл айтушылар қоғамдық дамудың әр түрлі сатысында өмір сүрген, әр топтан шыққан адамдар…” [13, 4 б.]. Қазақ тарихында шешендік сөздерді – билер, ақындар, батырлар айтқан. Шәкәрім Құдайбердіұлы “Би һәм билік туралы” деген еңбегінде: “…Ақыры қазақтың әр билігінің мақалы бар. Мысалы:
Би екеу болса, дау төртеу болады”.
Дау құтырса биін табар, ит құтырса иесін қабар”.
“Куәлі істі куә табар, куәсіздерді күмән табар”.
“Айғақтың тазасы күмәнмен мойынға салар”.
“Бір дауда екі күмән жоқ, бір істе екі жаза жоқ” т.б. [96].
Ахмет Байтұрсынов болса: “Шешен сөздің зор мүшелері бесеу: а) бастамасы, ә) ұсынбасы, б) мазмұндамасы, в) қыз-дырмасы, г) қорытпасы” [1, 223 б.], – деген түйін жасайды шешендік сөздердің құрылымы хақында.
“Әдебиет тарихы” деген кітабында М.Әуезов: “Ауызша әдебиеттің ішінде елдің белгілі ұғымын білдіретін, жалпы дүниеге көзқарасын сездіріп, өткенді қалай түсінуін көрсететін сөздің барлығы да бір-ақ адамға тиісті емес, ол көптің өнері, жалпақ елдің сыбағасына тиетін өнер туысы” [72, 188 б.], – дей келе, билік айтыстарын” 1) дау мен билікті қоса айтып, ру жігінің бетімен сөйлейтіндері болады, 2) Екі бидің әділ билікке таласып айтқан талас сөздері, 3) Арбасып, ырғасып жұмбақ-пен, тұспалмен айтысатын талас билік, 4) Дау мен билік тұсында не жамандап не мақтап айтатын сөздер” [72, 188-191 бб.], – деп шартты түрде билік шешен сөздерін жіктейді.
Шешендік сөздерді зерттеу, жинақтау ісіне үлес қосқан-дардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол өзінің “Қазақ әдебиеті” деген кітабында “Билердің сөздері” деген тарау енгізіп, шешендік сөздер мен мақал-мәтелдердің ара қатынасына көңіл аударған. С.Сейфуллин шешендік сөздерге қатысты бір түйт-кілді дәл айтып берген: “Пәлен бидің сөзі екен деген сөздің көбін осы бидің өз жанынан шығарған сөзі деп бекіте айту қиын. Өйткені бір бидің сөзін екінші би жатқа алып өзінікі қылып айта берген. Осы күні бір рудан “пәлен би айтқан екен” деген сөздерді тексеріп келсең, ол биден талай жыл бұрын басқа бір би айтқан сөз болып шығады” [111, 144 б.] – деген екен.
Қазақ би-шешендері мұрасын жинақтап, көпшілікке ұсынуда көп еңбек сіңірген ғалым, профессор Н.Төреқұлов: “Қазақ ел таныған шешен, билерге кенде болмаған, ұлы Шоқанның айтуынша, оларды халық өздері қалап, би атап отырған, ешқандай арнайы сайлау, үкімет тарапынан тағайындау болмаған. Ал, би болып белгіленетін кісілер өзінің шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі ақылгөй, халық қамқоры болған” [112, 4 б.], – деп “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” мақалымен ой төркіндестіреді.
Шешендік өнердің табиғатын зерттеуші, профессор С.Негимов: “Қазақ қоғамында шешендік өнердің алатын орны зор. Ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде, елді сәулелен-діру жолында, әрине, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып екшелген, жинақталып жүйеленген ақыл-нақыл, өсиет-насихатқа негізделген отты да нақышты, шебер де шешен айтылатын ауызша сөздің тағылымдық-танымдық әрі тәрбиелік мәні айырықша” [113, 23 б.], – деген екен. Жалпы осындағы шешендік сөзді ерекшелейтін белгілердің қоғамда зор орын алуы, ұрпақ тәрбиесіне, ел басқару жүйесіне қатысуы, танымдық-тағылымдық мәні деген қасиеттердің бәрі публицистикаға да тән. Тек, “шешен сөз ауыз айтылады, көсем сөз жазумен айтылады” [1, 223] – деген жерден айырылады.
Енді арғы-бергі шешендік сөздердің кейбір үлгілерін қа-растырып, әйгілі би-шешен бабаларымыздың айтқандарының ішінен қоғамдық маңызы зор мәселелерге назар аударайық.
“Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген аталы сөз бүгінгі күндерге өзгермей жетті. Майқы би бабамыз – көп-теген әдеби, тарихи зерттеулерде қазақтың ғана емес, бүкіл түркі тіл-дес халықтарымыздың бас биі ретінде аталады. Майқы шешен ХІІ ғасырда өмір сүрген деген деректер де бар [112, 9-10 бб.].
Майқы би тауып айтатын тапқыр, әділін айтатын дана ғана емес, болашақты болжайтын әулие де болған деген аңыздар бар. Соның бірінде: “…Бірде Майқы би билік құрып отырып қалғып кетіпті дейді шежіре. Жанындағы билердің бірі мұны ұят көріп, Майқы қауырт келген ұйқыдан сергісін деп тамағын кенеп, жөткірініпті. Сонда көзін ашып алған Майқы:
Қап, шіркін-ай, аяғын біле алмай қалдым-ау! – депті. Қасындағы билер оның түрі кетіп, түсі қашқанынан шошып, үндей алмапты. Сөзді Майқы өзі бастапты:
Көзі қысық, тісі қисық жаудан гөрі, көзі шегір, өзі жемір жаудан ұрпағым көп қорлық көретін болды. Аяғын біле алмай қалдым. Ұрпағымның керегесі сөгіліп, уығы сынып, шаңырағы шайқалатын кез болады екен. Ұрпағым ынжықтық танытып, мына маған сөйлей алмай отырған сендер сияқты мөнді-мөнді деп ұзақ уақыт соның табанында болады екен. Әттең аяғын білгенімде шаңырағы шайқалмаудың амалын білетін едім, біреуің тамағыңды кенеп жөткіріндің, мажалы көзі шегір, өзі жемірге де алғашқы иек артуды өз тұқымым жасайтын болады екен. Әттең… [112, 10 б.].
Көне аңыз түрінде бізге жеткен осы әңгімедегі Майқы бидің әулиелігі – шын мәнінде бастан кешірген тарихи жағдайды еске салады. Үш ғасырға жуық уақыт көрші орыс патшалығының отарында болғанымызды көріп, болжаған екен баба би.
Майқы би кезінде бір тұтас қазақ елін құруда көп еңбек сіңірген қайраткер деп те айтады. Мәселен, Қазақ энцикло-педиясында бұл жайлы былай делінген: “Халық аңызында Майқы би (екінші Майқы) Орманбет би өліп, он сан Ноғайлы елі бөлінгенде қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер бейнесінде сипатталады. Майқы би қазақ руларын үш жүзге (“Жүз” – арапша “бөлік”, “бөлім”) топтап Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Қабанұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғамұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атады. Ноғайлы хандарының бірі Қызыл Арыстанның баласы Ахметті (Алаша хан) Ұлытауда үш жүздің ханы көтереді. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі. Ұлыста бірінші туды ұстаған Үйсінге “Жалау”, ортада жүретін Арғынға “Көз”, жауға алдымен шабатын Алшынға “Найза” таңбасын берген. 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Таңбалы тас – Майқы таңбасы кейін жер атымен Нұра таңбасы атанған” [114, 384 б.]. Сонымен Майқы би бабамыз аузы дуалы, сөзі уәлі шешен болумен қатар, қазақ елдігінің қалыптасуына үлес қосқан көсем де екен. Ол айтқан аталы сөздерде адамгершілік, ар-намыс, ел бірлігін сақтау мәселелері айқын көрінеді. Өз тұсындағы тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған Майқы би хандарға да, би, бектерге де батыл сөйлеген, кемшіліктерін көрсетіп, жақсылыққа жетелеген. Сол кездері ауызша жақұттай төгіліп түскен асыл меруерт сөздің қуаты да күшті болған. Билердің айтқан сөзіне тоқтап, ел мен ел соғыспаған, жаға жыртыспаған. Талай адамның тағдырын сөз күші шешкен. Сөз болғанда да, бүкіл елі, досы да дұшпаны да мойындаған асыл текті би-шешендерден қалған сөз. Майқы би бабадан бүгінге жетті деген сөздердің бір парасы мыналар:
“Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Достарыңызбен бөлісу: |