Е.Г. Огольцова,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының
аға оқытушысы, п.ғ.к.
e-mail: cmaffia72@mail.ru
ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛПЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУДАҒЫ РОЛІ (М. ШОҚАЙ,
М. ТЫНЫШПАЕВ, Т. РЫСҚҰЛОВ, Т. БОКИН, Н. НҰРМАҚОВ,
А. АЙТИЕВ, О. ЖАНДОСОВ, А. РОЗЫБАКИЕВ, С. АСФЕНДИЯРОВ)
Қазақстан тәуелсіздігі – мемлекет пен ұлт, қазақ халқының даңқты жылнама тарихында ерекше бет. Тәуелсіздік зор, ең алдымен көз көрмеген мүмкіндіктер берді, бүгінгі таңда қазақстандықтар өз тағдырының иесі болып табылады. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030» Стратегиясында өзінің мемлекетті елестетуін береді: «Мен өзіме 33 жыл өткеннен кейінгі Қазақстанды қалай елестетемін? Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады» [1]. Бұл шындығында осылай. Тәуелсіздік жылдары ішінде тәуелсіз Қазақстанда тәрбие алған патриоттардың жаңа буыны өсті. Нақ жастар Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан-2050 Стратегиясы» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында қойған міндеттерін шешеді [2].
Қоғамда ұлттық сәйкестік пен руханилықты дамыту факторларының бірі болып табылатын өз тарихына қызығушылық артты. Біздің егеменді даму құндылығымыз бен оның мағынасын ойластыру өз Отанының тарихын терең білуге сүйенуі керек, ол ХХ ғасыр бойы халықтың өзінің тіршілігі туралы мәселені қоюға шақ қалатындай күйзелістен өтті.
Мемлекеттік егемендікті алу – бұл алдыңғы буын күресінің, ұмтылысының және мүддесінің қорытындысы. Қазақ хандығының көп ғасырлық тарихын сызып тастауға болмайды. Қазақтарда ұлы билеушілер – хандар, батырлар – азаттық күрескерлері болды.
Тәуелсіздік жағдайында біз ұлт тарихын жаңғыртамыз, Отанның еркіндігі мен дамуын көксеген, халық игілігі үшін өз өмірлерін қиған қазақ зиялыларының игілікті және өшпейтін естелігіне бас иеміз, олардың есімдерін қайта жаңғыртамыз.
Тәуелсіздік үшін күрес тарихы өткен өмірдің батырлық, сондай-ақ трагедиялық: жаппай саяси жазалауға, аштыққа және коллективтендіруге байланысты беттерін де өзіне қамтиды. Кеңес үкіметі қазақ зиялыларының бетке ұстарларын жазалауға ұйғарды: бұл Алаш орда қайраткерлерінің жарқын саңлақтарының тобы – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов; көрнекті мемлекеттік қайраткерлер - Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Тоқаш Бокин, Абдрахман Айтиев, Ораз Жандосов, Абдолла Розыбакиев және т.б. Түркістан ұлттық қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқай эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Олардың бәрі түрлі әлеуметтік топтардан шыққан, революция дауылы дәуірінде қоғамдық-саяси таңдаудың түрлі нұсқаларының өкілдері болды, бірақ олардың бәрі туған елінің түбегейлі мүддесіне қызмет етуді өздерінің міндеті санады.
Тек тәуелсіздікке жеткеннен кейін ғана тарихтың «ақ таңбасын», алаш қозғалысы көшбасшыларының және ұлттық қайраткерлердің тағдырларын зерделеу мүмкін болды. Жақын арада Әлихан Бөкейхановтың, Тұрар Рысқұловтың, Назира Тореқұлованың, Сұлтанбек Қожановтың, Нығмет Нұрмақовтың зираттары табылды, оларға естелік қабір үсті плиталары орнатылды, Смағұл Садуақасовтың мәйіті отанына қайтарылды.
Олардың бәрінің өмірі күрес, халыққа шынайы қызмет ету және өзін-өзі құрбан ету болды.
Кеңес үкіметінің жеңісі қалыптасқан жағдайларда оны қабылдауға мәжбүрлі және мемлекеттік аппаратта жұмыс істеу туралы ұсыныстарын қабылдаған «Алаш орданың» бұрынғы қайраткерлері кеңестік үкіметке ұлттық мағына беруге, түпкілікті халықтың мүддесіне жуықтатуға, халықты прогреске қатыстыруға ұмтылды. Ұлттық қайраткерлер социалистік түрлендірулердің ауқымдары мен қарқындарының арту шамасына қарай шыққан коллизиялар мен проблемаларды анағұрлым айқын және сезімталдықпен қабылдады.
Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайұлының қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған «Яш Түркістан» журналындағы материалдар соның айғағы [3].
Жалпы Мұстафа Шоқай 20 жылдық эмиграциялық қызметінде елдегі жағдайға қатысты материалдарды егжей-тегжейлі қарастырып, талдап отырғаны белгілі. Оның қаламы ашаршылық тақырыбын айналып өтпеген. Бұл жөнінде мынадай мәліметтерге назар аударалық: 1918-22 жылдардағы «Новый мир» журналында жарияланған «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаланың авторы – шынайы Ахмет Байтұрсынов емес. Оның мақаласын советтік цензураның 99 пайызға өзгертіп жібергені аңғарылып тұр. Өйткені, А. Байтұрсынов ешқашан айқын фактілерге қарама-қайшы келмейді» - деп аяқтаған өз мақаласын Мұстафа Шоқай [4].
1932-33 жылдары Ұлы Даланы шарпыған ашаршылық туралы, оның себептері мен салдары, экономикалық және демографиялық зардаптары туралы Тұрар Рысқұлов, Ораз Исаев, Ғабит Мүсiрепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков, Қадыр Қуанышев және т.б. қазақ зиялылары Мәскеу (И.В. Сталин) мен Қызылордаға (Ф.И. Голощекин) ресми хаттар жібергені белгілі. Бұл түпнұсқалық деректер тарихымызға «Сталинге хат», «Бесеудiң хаты» деген атаулармен енді [5].
Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов және Х. Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: “Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,- деген мазмұнда болды [6].
Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі болатын. И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес өкіметі “басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару” үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. Сонымен бірге автономия алу мәселесі орталықта шешілетіндігін ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырғанымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға қатысты өз шешімдерін мәлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі өз шарттарын білдіріп: “Желтоқсанның 5-нен 13-іне шейін Орынборда болған жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Әмудария әнделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі қазақтар мекендеген аудандар енуге тиістігін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтар жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуды” талап етті [7].
Өкінішке орай Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы кереғар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың 28-наурызында Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин және мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті [8].
Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы облыстық кеңестерге әмір бергендігі және Алашорда өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтылды. Жеделхатта Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырдария” газетінде жарияланған осындай мәліметтер шындыққа жанасады. Оған дәлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіруге болады [9]. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату.
Әйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сәуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі Көлбай Тоғысов болған, өздерін “Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы” деп атаған “Үш жүз” партиясы да ықпал жасады. Бұл негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның саяси көзқарасы мен практикалық іс-әрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі түрде өзгерді. Әуелгі кезде «үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып кетеді. 1918 жылдың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті.
Қоғам мен өркениет түпнұсқалы ойлауға және өзгеше әрекет етуге қабілетті көшбасшыларды қажет етеді. Олардың ұмтылыс ырғағы: жаңалықтан артта қалмау және қоғамдық даму жолының алдын орау.
Жаңашылдық жаңашыл идеяларды және көзқарас бағдарларын қажет етеді. Бүгінгі күні тарихта белгілі өткен ғасырдың 20-30 жж. зиялылар буынының ар-намысы мен ерлігі қажет. Зиялы қауымның идеялары, нормалары мен құндылықтары қоғамда мойындалуы тиіс.
ХХ ғ. басындағы қазақ зиялы қауымының алға жылжытқан идеялары мен идеалдары, ережелері мен принциптері өзінің мәнін сақтайды және қазір де қажет етіледі. Бұл экономиканы түрлендіру, демократиялық, құқықтық мемлекет, тең құқылық, қоғамдық келісім мен бейбітшілік, ұлттың мәдени прогресі, элитаны ғана емес, кең бұқараны мемлекетті басқару ісіне шақыру.
Қазіргі кезде Тәуелсіздік жағдайында біз өткен ғасырдың алғашқы қазақ интеллектуалдарының идеялары мен жаңа заман арасында өзара сабақтас байланысты байқаймыз. Сонымен 1990 жж. басынан бастап Орталық Азия одағын құру идеясын ұсынған егеменді Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Орталық Аазия мемлекеттері бірлігінің идеясын алғаш рет Мұстафа Шоқай алға қойғанын еске салды [10]. Сондай-ақ өз уақытында «түрік жобасы», түрік партияларын біріктіру идеясын Тұрар Рысқұлов ұсынғаны белгілі.
Әлі күнге дейін Мұстафа Шоқайдың шығармашылық мұрасы патриотизм күшімен, өзінің идеалдары мен принциптеріне адалдығымен бізді таң қалдыруын жалғастырып келеді. Шоқайдың аппарат қызметкері, шенеулік туралы ойлары қазір де маңыздылығын жоғалтқан жоқ: «Ұлттық кадр» біз үшін – бұл, ең алдымен, өзінің ұлттық парызын кімнің болмасын бұйрығымен істесе де, ар-ұят парызы бойынша орындайтын ұлт қызметшісі» [7].
Уақыт өтеді, жаңа ұрпақ өмірге келеді, бірақ ХХ ғасырдың басында қалыптасқан парасаты мен рухы жоғары адамдардың қоғамдық ойлары мен рухани тәжірибесінің қасиетті мұрасы кейінгі он жылдық, жүз жылдық та да осы жерге, оның халқына қызмет етеді, оның болашақ тарихын қолдайды.
Әдебиеттер тізімі
1. Стратегия «Казахстан - 2030» // http://www.akorda.kz.
2. Стратегия «Казахстан – 2050» // http://www.akorda.kz.
3. Рыскулов Т.Собрание сочинений в трех томах. Том 3. – Алматы: Қазақстан, 1998. – С. 306-310.
4. Великие мысли великих людей: Антология афоризма: В 3-х томах. Том 3: XIX-XX вв. / Сост. И.И. Комарова, А.П. Кондрашов. – М.: РИПОЛ классик, 2004. – 340 с.
5. Лебон Гюстав. Психология толп. – М.: Институт психологии РАН, Изд-во «КСП+», 1998. – С. 123, 125.
6. Специальный государственный архив Комитета национальной безопасности Республики Казахстан. Ф. 9. Оп. 87. Арх. № 3. Л. 32.
7. Шоқай М. Таңдамалы. - Т. 1. – Алматы: Кайнар, 1998. – 187 с.
8. Ильин И.А. Основная задача грядущей России 1950 г. // Наши задачи. Статьи 1948-1954 гг.: в 2 т. Т. 1. – М.: Айрис-пресс, 2008. – 296 с.
9. Ильин И.А. О воспитании в грядущей России // Наши задачи. Статьи 1948-1954 гг.: в 2 т. Т. 2. – М.: Айрис-пресс, 2008. – 180 с.
10. Новый Казахстан. Разговор о стране. Интервью Главы государства Нурсултана Назарбаева ведущим авторских программ республиканских каналов // Казахстанская правда, 2007, 10 апреля.
М.Ж. Сүлейменова,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
«Қазақстан тарихы» кафедрасының
доценті, т.ғ.к.
е-mail: smj_46@mail.ru
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР – ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ (Б. МОМЫШҰЛЫ, И.В. ПАНФИЛОВ, Т. БЕГЕЛДИНОВ,
М. ҒАБДУЛЛИН, С. ЛУГАНСКИЙ, М. МАМЕТОВА,
А. МОЛДАҒҰЛОВА, Н. ӘБДІРОВ ЖӘНЕ Т.Б.)
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса- көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО-ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары — Румыния, Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғысқа кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.
И.В. Сталин халыққа 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы үндеу жариялады. Оны бүкіл ел тыңдады. Қазақстан халқы соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ өздерінің борышын өтеп, майдандағы армияның қатарын толықтырды. Әскери міндеттілерді әскерге алу өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Тарихи әдебиеттерде бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деген атқа ие болды. Бүкіл кеңес халқы ортақ жауға қарсы күреске жұмылды. Алғашқы күндердің өзінде ақын В. Лебедев-Кумач пен композитор А. Александров жауға қарсы күресте көпке ортақ әнұранға айналған «Қасиетті соғыс» әнін шығарды.
Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды. Фашистермен шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316- шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы атты әскер дивизиялары, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадалары, 209- Зайсан, 219-минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші, 992-ші авиациялық полктар даңққа бөленді. Көрсеткен ерліктері үшін 316-дивизия 8-гвардиялық дивизия, 328-дивизия 30-гвардиялық дивизия болып, 75-теңіз бригадасы 27-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді [1, 3-б.].
Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия өзінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары — Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) — Рамазан Амангелдиев қатысты.
1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бішкек) т. б. қалалардағы әскери училищелердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы тәрізді жауды Мәскеу түбінде талқандап, неміс-фашист басқыншылары басып алған қалаларды азат етті. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79- атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. Еділ үшін болған шайқаста басқа көптеген жауынгерлермен бірге 22-артиллериялық полктық қазақ жауынгерлері де даңққа бөленді. Полк жауынгерлері неміс танкілерін жоюда ерен ерлік көрсетті. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М. Тоқтамысова, Р. Момынова, А. Бекетова, М. Нестеренко, Е. Семенюк т. б. болды [2, 2-б.].
Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандык жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» салуға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды III дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 24-атқыштар бригадасында қызмет еткен 3. Оңғарбаева да ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды.
Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО-ның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қазақстанда құрылған бөлімшелер Еділдегі шайқасқа да қатысты. Қаһарман-қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды. Сталинград түбіндегі қорғаныс шайқастарында дивизияда мергендік қозғалыс өрістеді.
Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Көптеген қазақстандықтар Курск доғасында шайқасқан Брянск, Орталық, Воронеж және Далалық майдандардағы әскери құрамалар мен бөлімдердің құрамында неміс-фашист әскерлерін талқандауға елеулі үлес қосты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі, үздік әскери қимыл-әрекеттері үшін 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының 7 500 солдат, сержанттары мен офицерлері (оның ішінде А. Бельгиннің батальоны да бар) КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталды, 27 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Днепрден өту шайқастарына қатысқан 73-ші гвардиялық дивизияның 210 жауынгеріне, 72-ші гвардиялық дивизияның 29 жауынгеріне, 8-ші гвардиялық дивизияның 46 жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жоғарғы үкімет марапатына ие болғандардың арасында А. Әлімбетов, Ж. Сүлейменов, С. Жақсығұлов, Қ. Шәкенов, С. Шәкіров, А. Петров, В. Бреусов, Т. Вербицкийлер болды. 1943 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында 25-гвардиялық атқыштар корпусының командирі былай деген: «Днепрдегі ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға өздерінің біздің Отан-анамызға деген ыстық махаббатын тағы да көрсетті, олардың тамырларында халық батыры Амангелдінің батырлық қанының суымағанын танытты. Днепр жағалаулары мен Днепрден өту кезіндегі шайқастарда қазақтар көрсеткен ерліктердің бәрін санап бітпейсің» [3, 155-б.].
Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа қатысты. Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында (толық емес деректер бойынша) 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белоруссияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер — Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақстандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті. Поляк партизандық жасақтарында Жамбыл облысынан Салтынбек Төлешов, Шығыс Қазақстан облысынан Константин Трокин, Қарағанды облысынан Михаил Авдейчик, Қызылорда облысынан Омар Тойымбетов тағы басқалары шайқасты. Словакиядағы Турея өзені бойында казақстандық Петр Величконың басшылығымен партизандық құрама жасақталды. Чехословакияны неміс фашистерінен азат етудегі партизандық ұрыс қимылдарына алматылық Алексей Ильин, семейлік Николай Мошкин, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жұбандық Сұранқұлов, павлодарлық Николай Тарановтар қатысты. Югославия жерінде фашистерге қарсы шайқаста көкшетаулық Телжан Желқожинов, Ақтөбе облысының тұрғыны Арық Есентаевтар ерлік көрсетті. Грекия жерінде фашистерге қарсы күресте алматылық Петр Рев, француз қарсыласу қозғалысы сапында Дәулет Қаражұмынның батырлығымен аты шықты. 1943 жылдың жазында Бельгияда фашистік тұтқыннан қашып шыққан кеңес әскерлері партизандық бөлім құрды. Олардың ішінде қазақстандық — Ақтөбе облысынан Өтеген Абдуллин, алматылық Иван Қарасев, Ақтөбеден Борис Бондаренко, Талдықорған облысынан Федор Малаховтар болды. Қазақстандық 23 жауынгер итальяндық қарсыласу қозғалысы құрамында — Қарағандыдан Тәкіш Әлпеисов, Қызылордадан Қалданбек Дүйсенбеков, Актөбеден Жаймақ Келшіков, Целиноград облысынан Николай Дрожаков және Топай Сәдуақасов т. б. жаумен қасық қаны қалғанша шайқасты.
Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі — бір орденмен, төртеуі — екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан үш рет алып шықты. Соғысты Б. Момышұлы полковник шенінде аяқтады. Әділеттілік тек 45 жылдан соң, қазақтың ұлттық батыры өмірден қайтқаннан кейін ғана қалпына келтірілді. «Даңқ орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида еткен казақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерацясының Батыры атағы берілді. Рейхстагқа тікелей шабуыл жасап, оған Жеңіс туын тіккендердің қатарында қазақстандықтар Р. Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А. Бақтыгереев, пулеметші A.Е.Вицко, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.
Неміс басқыншыларын кеңес жерінен қуған Кеңес Одағының Қарулы Күштері дүниежүзілік тарихи миссияны — Еуропаны гитлерлік оккупациядан азат етуді жүзеге асыруға кірісті. Румыния мен Бол- гарияны азат ету шайқастарына 387-ші қазақстандық атқыштар дивизиясы қатысты. Югославияда 73-ші гвардиялық дивизия шайқасты. Ұлы Отан соғысының ірі, шешуші операциясы — Берлинді алуға 150-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Шайқас қызып жатқан уақытта қазақстандықтар — офицер Р.Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Г. Булатов, кіші сержант М. Еремин, қатардағы жауынгер Г. Сывенко т.б. тіккен қызыл тулар желбіреп тұрды. Берлинге тіке шабуыл жасауға «Қазақстан комсомолы» танк колоннасының танкілері қатынасты. Бұл колонна Қазақстан еңбекшілерінің жеке қаражаттарымен құрылған еді. Республика патриоттары соғыс жылдары 480 миллион сом жинап, бұл қаржыға «Қазақстан колхозшысы», «Түрксібші», «Қазақстан кеншісі», «Қазақстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургі», «Қазақстан пионері» атты т. б. майдандардағы армиялардың құрамына кірген танк колонналары мен авиаэскадрильялары жабдықталды.
Фашизммен соғысты жеңіспен аяқтаған Қазақстан жауынгерлері Квантун армиясымен болған шайқастарға да қатысты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 2027 қазақстандық ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың ішінде 14-і — «Кореяны азат еткені үшін», 234-і — «Жапонияны жеңгені үшін» медаліне ие болды.
Жеңіс күнін армия қатарында болған, Қазақстанда құрылған 12 дивизия, 3 атқыштар, 1 артиллерия, 1 минометші, 2 авиация полкі, басқа да бірнеше әскери бөлімшелер қарсы алды. 500-ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның 97-і қазақтар. Б. Момышұлы, Б. Бейсекбаев, X. Доспанова т.б. қазақстандық батырлар соғыстан кейінгі кезенде марапатталды.
Бүгінгі таңда қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы адам шығыны жөнінде әр түрлі пікір айтылып жүр. Цифрлар 350 мыңнан бастап 410 мыңға дейінгі деңгейді меңзейді. Бірақ мұнда республикадан тыс жерлерден майданға аттанған қазақтар, еңбек армиясынан оралмай қалғандар, майданда алған жарақаттан қаза тапқандар еніп отырған жоқ. 1930-1937 жылдардағы қуғын-сүргіннен аман қалған зиялылар өкілдерін майданға аттандырған қазақ халқының өзінің ең талантты азаматтарынан айырылғаны даусыз факт еді [4, 1-2-б].
Қазақстандық құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрден өту мен Украина, Белоруссия, Молдова мен Балтық елдерін, Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарына қатысты.
1945 жылы 8 мамырда Потсдамда гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүгу Актісіне қол қойылды. Сол жылдың 2 қыркүйегінде американдық «Миссури» линкорының бортында милитаристік Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі Актіге қол қойылды. Бұл оқиғаның жедел өткізілуіне: біріншіден, Кеңес Армиясының Қиыр Шығыста (Маньчжурияда) жапондық Квантун армиясын қысқа мерзімде талқандауы, екіншіден, американдықтардың жапон қалалары Хиросима мен Нагасакиге екі атом бомбасын тастауы себепші болды. Жапонияның тізе бүгуімен Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.
Әдебиеттер тізімі
1. Указ Президента Российской Федерации Б.Н. Ельцина № 635 от 02.05.1996 г. //Казахстанская правда, 1998, 27 мая.
2. Указ президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева от 07.05.1990 г. //Казахстанская правда, 1990, 12 декабря.
3. Иллюстрированная история Казахстана: С древнейших времен до наших дней: В 4-х томах.- Алматы, 2005. Т.3: Казахстан во 2-й половине XIX в. до первой половины XX в. – 2005. – 320 с.
4. Выступление Президента РК Н.А. Назарбаева на торжественном собрании, посвященном 60-летию Победы в Великой Отечественной войне, 6 мая 2005 года // Казахстанская правда, 7 мая, 2005 года.
Достарыңызбен бөлісу: |