«Қазақ қоғамының басқару жүйесіндегі старшындар институтының әкімшілік-шаруашылық қызметі» деп аталатын екінші тарауда старшындардың тікелей атқаратын қызметтік міндеттері қарастырылады.
Патша үкіметі қазақ жерінде мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесін құру нәтижесінде Қазақстанның көшпелі халқына салық салу мүмкін болды. Алғашында үш жақты «ведомствалық» басқару жүйесіне сәйкес қазақ халқына үш түрлі формада салық салу жүргізілді. Ұлы және Орта жүз қазақтары «ясак» деп аталатын салық түрін төледі. Ол бойынша жас малды санағанда екі жүз жылқыдан бір жылқы, жүз елу сиырдан бір сиыр және жүз елу қойдан бір қой алынды. Орынбор ведомствасына қарайтын Кіші жүз қазақтары патша үкіметіне түтін салығын төледі, түтін салығы бойынша әрбір шанырақтан 1 рубль 50 тиын жиналды.
Ішкі Бөкей ордасының қазақтары болса, патша үкіметіне ешқандай салық төлемеді, қайта олар Жәңгір ханның орнатқан «зекет және соғым» деп аталатын хан салықтарын төлеп отырды. Зекет-ханның абыройы мен басқаруға жұмсалған шығындарды өтеу үшін жиналатын салықтың түрі, зекет бойынша жылқы мен түйеден 1 рубль, сиырдан 50 тиын, қой мен ешкіден 15 тиын жиналды. Соғым–ханның тума-туыстары және ордаға келетін қонақтарын азықтандыру үшін мал түрінен жиналатын салықтың түрі, соғымға жергілікті халық-жақсы жылқы немесе 5 қой немесе 40 руб ақша төледі. Кейіннен соғым–15 түтіннен (соның ішінде 10-түтін бай және 5 түтін кедей) бір соғым жиналды. Қазақстанның әр аймағына патша өкіметімен енгізілген салықтардың барлығын старшындар жинады. Сондықтан да олар салық төлеуден босатылды. Мысалы Орта жүз жеріндегі ауыл старшындары өздерінің қызметтерінің мерзімі аяқталғанша ясак салығынан 200 жылқы, 100 сиыр және 100 қойға дейін босатылды. Жергілікті старшындар қоластындағы ауылдан салықты жылына бір рет жаз мезгілінде жинайтын болған.
Ішкі орданың жарлық старшындар болса, өздеріне қарасты бөлім мен бөлімшеден зекет пен соғымды хан ордасында жәрмеңке ашылған кезде жинайтын еді. Ішкі ордада жәрменкелер екі мезгілде өткізілді. Бірінші көктемгі жәрмеңке 15 сәуірден 15 мамыр аралығында болса, екіншісі күзгі жәрмеңке ол 15 қыркүйектен 15 қазан аралығында өткізілді. Зекет салығы көктем мезгілінде қазақтардың қыстаудан көшкен кезінде жиналатын болған, ал соғымды күз мезгілінде қыстауға көшер алдында малдың жайлаудан көшіп толық семірген кезінде жиналатын. Жәрмеңке ашылатын кезде хан барлық старшындарға хабарландыру хатын тарататын, ол хатта хан старшындарға қоластындағы халыққа жәрмеңкенің ашылғаны туралы хабарлауын және оларды хан ордасында ашылған жәрмеңкеге жинап әкелуі туралы жазатын. Зекет пен соғымға жақсы деген қойлар, сиырлар және жылқылар алынатын. Іріктеу старшындардың өздерімен жүргізілді, егер старшындар зекет пен соғымды уақытысында және ойдағыдай жинап тапсырса, онда олар ханнан лайықты алғысын алатын. Хан старшындардың зекет пен соғымды жинаудағы еңбегі үшін жалақы ретінде төлемақы тағайындап отырды. Мысалы старшын Қылыш Майқыұлына Жәңгір хан жыл сайын жинап өткізген салығы үшін 100 руб күміс ақшаны сыйлық ретінде алып отыруына рұсат берген. Сондай-ақ Алаша руының танымал старшыны әрі биі Алтай Досмұхамбетовтың үлесіне Жәңгір хан 4 соғым мен 2 қошыма салығын жыл сайын алып отыруына рұқсат берген болатын [18, 44-45-пп].
1844 жылғы ереженің 84-ші тармағында «түтін салығы дистанция бастықтары және ауыл бастықтарымен жиналады және белгіленген тәртіппен комиссияға жеткізіледі»-деп жазылған. Салықты жинаудың уақыты келген кезде патша әкімшілігі ауыл старшындарына «басылған бланктык квитанциялар» берді. Квитанциялар орыс және қазақ тілдерінде жазылды. Оған комиссияның мөрі басылып, бір кеңесшінің қолы қойылатын болды. Әдетте, бұл квитанцияны старшындар салық төлеген төлеушіге беретін, сосын оны «есеп кітапшасына» жазып қоятын. Ереженің 87-ші тармағында «дистанция және ауыл бастықтары салық төлеушілерге берілетін квитанцияларға: төлеушінің руын, бөлімін, оның аты жөнін, тура төлеген суммасын және төлеген мерзімін жазып қоюы керек»-деп көрсетілді. Егер ордалықтар квитанцияны жоғалтып алған болса, онда оны сол уақытта жергілікті старшынға хабарлауы керек еді, сосын старшын оны өзінің есеп кітапшасына белгілеп, оларға сол квитанцияның куәландырылған көшірмесін беретін. Патша әкімшілігі старшындарға берілетін барлық квитанцияларға нөмірлер қойып есеп жүргізеді, осы нөмірленген квитанциялар арқылы әрбір старшынның жинаған салығының мөлшерін анықтады. Жергілікті патша әкімшілігі ауыл старшындарына квитанцияларды беруден бұрын, олардың әрқайсының қоластындағы жалпы шаңырақ санын есептейтін болды, әрбір старшындықтың түтін санын есептегеннен кейін ғана оларға нөмірленген квитанциялар беріледі, осыдан кейін ғана ауыл старшындары қоластындағы халықтан салық жинауға кіріседі.
Шекара маңындағы қазақтар түтін салығын өздерінің ру старшындарына төлейтін, ал дала қазақтарынан түтін салығын арнайы облыстық басқармамен тағайындалған салық жинаушылар жинайтын, негізінен бұл салық жинаушылар старшындардың арасынан тағайындалатын болды. Мысалы, 1866 жылы дала маңы қазақтарынан салықты жинау үшін батыс бөліктен-8 старшын, орта бөліктен–22 старшын, ал шығыс бөліктен–29 старшын тағайындалған еді.
Жергілікті старшындар қоластындағы жұрттан салықты жинауды аяқтағаннан кейін, жиналған салықтың (зекет пен соғым) мөлшерін өзі бағынатын рубасшыға тапсырады. Мысалы, 1848 жылы 23 мамырда Ноғай руының старшыны Саламат Исекенов өзінің рубасшысы би Шомбал Ниязовқа 4240 рубль 2 тиын ақшаны өткізген болатын. Мысалы, Каспий теңізінің төңірегінде көшіп жүрген рулардың басшысы Қарауылқожа Бабажановқа 1849 жылы Беріш руының Жамғұршы бөлімінің старшыны Досмұхамед Құсуақов 1848 жылғы бір соғым үшін 40 рубль ақша, сол бөлімнің старшыны Қаражігіт Құнақаев бір соғым үшін 40 рубль ақша өткізген еді. Қызылқұрт руының басшысы өзіне қарасты Темір бөлімінің старшыны Тілеген Әбіловтен үш соғым және Жалымбет бөлімінің старшыны Қозбай Құдайбергеновтен бір соғым үшін 40 рубль жиналған салықтың ақшасын алды. Рубасшы старшынның өткізген салықтың ақшасын қабылдағаннан кейін, сол старшынға қолхат деп аталатын құжат қағазын берді. Мысалы, 1856 жылы 5 қаңтар айында 2-ші теңіз округінің басшысы хорунжий М. Бекмұхамбетов 1858 жылы старшын Идіріс Шолтыровтан зекет салығын 125 рубль 82 тиын күміс ақшаны толық алғандығы туралы қолхат береді. 1857 жылы сұлтан Жанхан Өтебалиев та старшын Есбол Жүзбаевтан 1857 жылғы зекеттен 573 рубль 7 тиын күміс ақшаны алғандығы туралы қолхат берген [19, 84-85-110-пп]. Старшындардың рубасшыларға, округ басшыларына және басқа да жоғары тұрған лауазымды адамдарға салықты өткізу кезінде алған қолхаттары, кейін кеңестің есеп кітапшаларын тексеру барысында көрсетілетін.
Салық жинау кезінде жергілікті халық мемлекеттік салықты жинауға келген старшындарға қарсылық көрсетіп өз ауылдарынан қуып, тіпті соққыға алатын кездері де болды. Мысалы, 1847 жылы 14 шілде айында 4-ші дистанцияның бастығы хорунжий сұлтан Жанмұхамед Тұққұжин мен старшын Тұрлан Асауовтың шекаралық комиссияға берген рапортында: «біз Алаша және Масқар руларының Бұлдырыт және Қалдағайын өзендерінің бойында қоныстанған ауылдарға барып түтін салығын жинауды бастадық. Сол кезде Көкөзек жерінде көшіп жүрген Таз руының басшысы Самайқожа Ханқожин және старшындар Жақып Түлеков, Үлек Жабаев бізге келіп 368 түтіннен жиналған ақшаны әкеліп берді, сосын бізді Ұйыл өзенінің бойында орналасқан ауылына баруды сұрады. Бірақ, біз ол жерге келген кезде Таз руының Құлтай Ақбалықов, Өтеп Ақтұшаев және Ермек Етбалықовтың басқаруымен 300-ге жуық қаруланған адамдары бізге салықтың ақшасын төлеуден бастартты, онымен қоса олар бізге шабуыл жасап Ханқожинді өлтірді, ал старшын Үлек Жабаевты найзамен жарақаттады және 468 түтіннен жиналған ақшамызды және мүлкімізді тартып алып, өздері қашып кетті» [20, 13-п]-деп хабарлады.
Егер жергілікті халық белгіленген мемлекеттік салықты төлеуде қарсылық көрсететін болса, онда ол жерлерге жазалау отрядтары жіберілді, салық төлеуге қарсылық көрсетушілерді қамауға алып, одан кейін олардың мал–мүліктері күшпен тартып алынды.
Жергілікті старшындар қазынадан тұрақты жалақы алмады. Егер старшын өзіне жүктелген міндеттерін ынта-ықыласымен орындайтын болса, онда патша әкімшілігі оларды түрлі деңгейдегі сыйлықтармен марапаттады. Бұл жөнінде 1847 жылы 23 қаңтар айында Орынбор шекаралық комиссия төрағасы генерал майор Ладыженскидің сыртқы істер министрлігінің басшысына жазған хатында: «шекаралық комиссия өз жағынан әрқашанда қазақ басшыларын ынталандыруды қажет деп таниды, әсіресе сенімді және адал адамдарды қызметке тарту үшін осы жүргізілетін шаралар дұрыс. Бірақ менің ойымша ақша түрімен марапаттау бұл мақсат үшін әсіресе бөлімді басқарушы ордалықтар үшін әбден қанағаттанатындай тәсіл бола алмайды. Оның себебі біріншіден–медаль ол жақта ақшаның маңызына қарағанда шынайылықты білдіреді; екіншіден ордалықтар ақшалай берілетін сыйлықты қызметке төленетін төлем ретінде санайды. Жалпы айтқанда, қазақтар біздің ақшалай берілетін сыйлығымызға олардың болашақта тәуелділікке түсудің бірден-бір көзі деп түсінеді. Сондықтан да қазақтардың қызмет иелеріне ақшалай сыйлықтың орнына әскери шендерді марапаттауға әбден болады, бұл шара қазақ басшыларын қызметке тартуға айтарлықтай сенімді тәсіл болатын еді. Осы істелетін шаралар үкіметке сәйкес көзқарастағы, сондай-ақ олар өздерінің міндеттеріне ынтамен қарауға ұмтылатынына сенемін»-деп көрсетті.
Қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелердің бірі–жер мәселесі еді, жер көшпелі өмір кешкен халықтар үшін ауадай қажет еді, өйткені көшпелілер қыста-қыстауға, көктемде-көктеуге жазда-жайлауға, күзде-күздеуге шығып тұратын болған. Осы мезгіл аралығында олар бірталай кеңістікті шарлап қоныстарын табиғат талабына сай өзгертіп тұруға дағдыланған. Әрбір ауыл старшыны өзінің билігіндегі ауылдың төрт мезгілдегі көшіп-қону бағыттарын анықтап отыруды және ондағы әр отбасының киіз үйлерін тігіп шаруашылықтарын жүргізу үшін орналасатын кеңістігін белгілеп, реттеп отыруға міндетті болды. Сібір ведомоствасына қарасты әрбір ауыл старшыны округтік приказдан 30 және 130 верстік қашықтықта көшіп жүрді. Мысалы, 1824 жылы Қарқаралы округіне кіретін болыстар туралы ведомосте Қара Айтымбет болыстығының ауыл старшындары: Алакүшік Бұданов, Тілеуке Дулатов, Қасқа Сенкебаев, Темір Өміров, Қорғанбай Байтоқов, Шерін Кейкін, Ұпқа Қоспесов және Естемес Киікбаев қыс мезгілінде: барлығы 713 түтінмен Қарқаралы округтік приказдан 30-120 верстік қашықтықтағы мына жерлерде: Қадыр Үлгелді, Серектас, Шеуте Тұзасшы, батыс жақта-Арқалық, Қарағаш, Құшмұрын, Кішібай, Қарақойтас, Тілеутан, Тай, батыс жағында-Қонырқұлжа, Қоныртөбе, Керегетас, Қонысбай-Қотантау, Талды өзенінен Сарыбұлақ, Беркүтті, Айнабұлақ, Ақкөл, Құзжамін, Кекдеран, Қызылтас Құйын, Қазанғап өзенінің құйылысына дейін, Дәуіт қыстаудың жан-жағы, Ақырғыт қыстаудың жан-жағы, Жарбаш тау, батысындағы жартысы Қарашет, Жібінжұрт және одан Теңдік өзеніне дейін, Ізбасар өлкесі, Аланшын қыстаудың жан-жағы мен Тендік, Байғота және Мамбетей көшіп жүрді. Олардың жаздық жайлаулары: қыстаудан батысқа қарай Талды, өзенінен Қара сор көлі арқылы, Үшқатын, Жұсалы, Белағаш, жерлері, Жарлы өзені, Кіші Нұра бойымен Кіші өзенге жететін және оның екі жағынан Жамантас, Қосағаш, Ақтас, Шеген, Ботағар, Сұңқарқы жеріне дейін еді. Оның айналасы Қарқаралы приказынан 25 верстік қашықтықта жатты, ал жағаның оң жағы Соқыр Соран, Көпөзен, Шерубай, Тектұрас, Өртеншіл, Наршонам және басқа жерлер кірді [21, 30-30 арт, 31-пп].
Старшындар өздерінің ауылдарымен белгіленген жерлерде көшіп жүрді және оны бұзбай тұрақты пайдаланып жүруге тырысты. Мысалы, 1834 жылғы мәлімет бойынша Ішкі Орданың мына старшындары өздерінің қоластындағы шаңырақпен анықталған жерлерде қыстық және жаздық көш мезгілдерін өткізді. Байбақты руының жарлық старшыны Малдыбай Кененов өзіне қарасты 123 шаңырағымен–Соқықтөбе, Ұланлы, Шалшақом, Жарма, Жартөбе, Қызылшалы, Көлденең, Ақтөбе, Женешке, Бөрбай, Көлдеу және Өрелі деп аталатын он екі дөңесті жерлерде көшіп жүрді. Алаша руының жарлық старшыны Шұра Байғонақов қоластындағы 73 түтінімен – Зой және Өріс деп аталған екі дөңесті жерлерде көшіп отырды. Қызылқұрт руының жарлық старшыны Жантөре Жамбылов–Қызылжар, Ақтөбе, Бозой және Айболсын деп аталған төрт тау адырларында–44 түтінімен көшіп жүрді. Адай руының жарлық старшыны Байса Кентүғаев барлығы 35 шаңырағымен–Үлкен Камшап, Кіші Камшап және Қызынбұрын деп аталған үш дөңесті жерлерде мезгілдік көштерін жүргізді. Беріш руының жарлық старшыны Бекбай Дүйсенбаев 36 түтіннен тұратын ауылымен–Ойбайық, Қожала, Жақсытөбе, Шуақбай, Ұзын, Ұзынқара, Қашума деп аталған жеті тау адырларында көшіп жүрді. Кете руының жарлық старшыны Бос Боздақов болса билігіндегі 129 түтінімен он үш дөңесті жерлерде-Ұшжарма, Ботақан, Жалманбет, Көлденен, Ақпиба, Аукен, Құрманбай, Шұйло, Ежтек, Ақзоба, Ұзынқұш, Бұрлы деп аталатын жерлерде мезгілдік көштерін өткізді [22, 94-п].
Әрбір әкімшілік бірліктің басшылығына ережеде көрсетілген (округті-аға сұлтан, болысты-болыс басшысы, ауылды-старшын) қызмет иелері заңмен анықталып, олардың әрқайсының атқаратын қызметтік міндеттері белгіленді. Негізінен, аталған әрбір әкімшілік басқарманың басшылығында тұрған лауазымды қызмет иелерінің әлеуметтік мәртебелері әртүрлі болғанымен, олардың атқаратын міндеттері бірдей болды. Ол жөнінде профессор Б.С. Сүлейменов былай деп жазады: «Аппараттың барлық буындары, әскери-саяси және полицейлік функциямен бөлінген жоғары отаршыл әкімшілікпен қатаң бақыланды».
1822 жылғы қабылданған ереженің 114-ші тармағында ауыл старшындары өзіне қарасты ауылда тыныштық пен тәртіпті сақтауға» міндетті делінген. Демек, осы баптан біз ауыл старшындарына қоластындағы халықты қадағалап отыру міндеті жүктелгенін білдік. Тарихшы М.П. Вяткиннің сөзімен айтсақ: «аға сұлтан және болыс сұлтандары, сондай-ақ ауыл старшындары полицейлік, әкімшілік биліктің өкілдері болып табылды». Әкімшілік ауылдың басқармасы полицейлік-қадағалау органы ретінде қызмет етті. Сөзіміз дәлелді болу үшін мұрағат қорларындағы деректерге жүгінсек. Мысалы, 1859 жылы Ішкі орданы басқарып отырған Уақытша кеңес Төленгіт руының Таңсұрқұл бөліміне Төлебай Доспантаевты старшын қызметіне бекіткеннен кейін, төмендегідей қызметтік міндеттерімен таныстырды: «Уақытша кеңес сізге шұғыл түрде осы қызметті орындауға кірісіп қоластыңыздағы халықтың тыныштығы мен тәртібін қадағалап отыруды және дауласушыларды табыстыруды, аса маңызды дегендерді рубасшыларға хабарлап отыруды, осы берілген міндеттерді сіз бұлжытпай орындауыңыз керек»-делінген.
1832 жылы Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Генстің жергілікті старшындарға арнап дайындаған инструкциясында полицейлік-қадағалау міндеті нақтыланып берілді, онда старшындарға мына мағынадағы міндеттерді орындап отыру жүктелді: егер сіздің қадағалауыңызға және басқаруыңызға қарасты көшушілердің ішінде біреу-міреу қандай да бір себеппен сізге бағынғысы келмесе, онда сіз ол адамды қарамағыныздан шығарып, өзініздің басқаруыңызға бекітіліп берілген жерден аластатып, оның өзіне басқа бастықпен мекендеу орнын таңдауды ұсыныңыз; сіздің қадағалауыңыздағы ордалықтардың арасында біреу-міреудің қоныстанбауы қажет, сіздің хабарлауыңсыз және келісіміңсіз уақытша жүруіне де жол бермеңіз; сіздің ауылыңызға қосылған ордалықтардың ниеті жақсы және мүмкіндігінше сізге жақсы жағынан көрінген адамдар болғанымен, оларды қадағалауынызды тоқтатпаңыз.
Жергілікті старшындар ұрлыққа қатысы бар адамдарды тергеу кезінде оның кінәлі екенін айқындаса, қылмысына қарай жазасын тағайындады, әрбір жасалған қылмыстың өз жазасы белгіленді. Старшындар қоластындағы жұрттың тыныштығымен тәртібінің сақталуын қамтамассыз етуі үшін жазаның әр түрін қолданып отырды, кейбір қылмыскерлердің жазасын дүре соғу арқылы орындаса, ал басқа ауыр қылмыс жасағандар бірден жақын маңдағы бекіністің ішіндегі түрмелерге жіберілді.
Ауыл старшындары құзырындағы ауылдарында ұрлықты түпкілікті жою мақсатында тиімді шараларды қолданып, оның жүзеге асуын қадағалады. Мысалы, старшын С. Байқадамов өзінің ауылындағы ұрлықты тоқтату үшін мынандай түзету шараларын енгізді. Осы шара бойынша ұрлықпен айналысатын адамдар ауылдағы құрметті ақсақалдардың кепіліне толық түзелгенше берілді, егер де осы келісім бұзылса, онда екі жақта жазаланды. №8-ші старшындықтың старшыны С. Байқадамов өзіне қарасты ауылында жүргізілген түзету шаралары туралы Уақытша кеңеске былай деп хабарлайды: «Торғын бөлігінің көмекшісі Атаниязов біздің ауылға келіп, мен арқылы ауыл ақсақалдарын жинады, сосын олар бірауыздан ұрлықпен айналысқан 16 адамның үкімін шығарды, ол бойынша олардың әрбірін екі сенімді ауыл ақсақалдарына бекітілген жазылыммен кепілге алынады, егер бұл жазылымды бұзса онда ұрыларды және кепілге алушылар жазаға тартылады. Ұрыларды 80 соққыға, ал кепілге алушыны 30 соққыға алады» [23, 3-4-пп].
«Старшындардың қоғамдық-саяси қызметі» деп аталатын үшінші тарауда жергілікті старшындардың патша өкіметінің өлкедегі жүргізген саяси-әскери іс шараларына, зерттеу экспедицияларына қатысуы және ұлт-азаттық қозғалыстарға тартылуы қарастырылады.
1820 жылдан бастап патша өкіметі Орта жүз жерінде жаңа әкімшілік басқару жүйесін енгізуді жоспарлады. Аталған жоспарды жүзеге асыру үшін ауылдарға шекаралық әкімшіліктен шенеуніктер бірінен соң бірі келе бастады, олар жергілікті халыққа жаңа жүйені қабылдау қажеттілігін ұғындыру мақсатында үгіттеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ, патша үкіметі жергілікті билік өкілдерінің пікірімен санаспай, бұл реформаны енгізуде қиындықтар болатынын жақсы түсінген еді, сондықтан да патша үкіметі қоғамдағы ықпалды және беделді сұлтандар, билер және старшындардың көмегіне сүйенуге мәжбүр болды, ең алдымен оларды өздерінің жағына жақындатып алу үшін түрлі сыйлықтармен марапаттады, осындай тәсілді пайдалану арқылы үкімет өз дегеніне жете алатынына әбден сенімді болды. Бірақ жергілікті билік өкілдерінің барлығы дерлік бұл жаңа жүйенің құрылуына келісімдерін бермеді, сондықтан да округітерді құрудың алғашқы кезеңінде аздап қиындықтар болды. Дегенмен кейбір сұлтандар, старшындар, билер ордада жаңа басқару құрылымдарын құруға келісімдерін берді, соның арқасында өлкеде округтер бірінен соң бірі ашыла бастады.
Жергілікті ру билеушілер жаңа құрылымды қабылдауға ерікті түрде тілектерін білдірді және бұған әртүрлі жағдайлардың мән-жәйі әсер еткен еді. Біріншіден, өзара тартыс пен барымтадан құтылуға ұмтылу, екіншіден жергілікті ру билеушілердің белгілі бір бөлігі патша үкіметіне сүйене отырып, ордадағы билікті өз қолдарына шоғырландыру болды. Осындай мақсатпен кейбір сұлтандар, старшындар және билер патшаның өлкедегі саяси іс-шараларына қатысуға ниеттерін білдірді.
Аманқарағай округін ұйымдастыруға старшындар тобыда белсене ат салысты, әсіресе олардың ішіндегі мына старшындар Жазы Жанов, Тілеп Байкүшіков және Есеней Естемесов ерекше көрсеткен қызметтерімен танылды. 1834 жылы 15 наурызда Аманқарағай шекаралық әскери отрядының бастығы есаул Шбабскийдің Омбы облыстық бастығы генерал лейтенант Де Сант Лоренге берген рапортында: «Арғын руының старшыны поручик Жазы Жанов, Жансары Уақ болысының старшыны Тілеп Байкүшіков және Сыбан Керей болысының старшыны Есеней Естемесов осы округті құруға алғашқылардың бірі болып ұсыныс білдірген еді, сондай-ақ олар өздерінің қоластындағы халыққа да осы округтің құрамына кірудің маңызды екендігін көрсетті. Олардың осындай патшалық Ресей үкіметіне адал және сенімді қызметі айырықша ескеруді қажет етеді»-деп жазады. Расында жоғарыда есімдері аталған старшындар Аманқарағай округін ұйымдастыруға ерекше жәрдемдескендігі байқалды. Мысалы, 1830 жылы старшын Тілеп Байкүшіков жаңадан құрылып жатқан округтің құрамына 500 түтінді әкеп қосқан болатын және бәрінен бұрын патшалық Ресейдің қоластына кіру туралы антты қабылдады. Сондай-ақ, старшын Есеней Естемесовте 1830 жылы 500-ге жуық түтінді округтің құрамына әкеп қосты, ал Арғын руының беделді старшыны Жазы Жанов болса, 1830 жылы жаңадан құрылып жатқан округке 1000 шаңырақты әкеп қосты [24, 158-160-пп].
Баянауыл округін ашу кезінде оның құрамына кіретін рулардың ықпалды старшындары өздерінің іс-әрекеттерімен сол округтің маңында көшіп жүрген қазақтарды жұмылдыруға ат салысты. Әсіресе, Төртүғұл руының старшыны Бостай Тұрсынбаев округтің ашылуы кезінде өзінің насихатымен Бұхара мен Қоқан жерлеріне көшуге бұлтарған қазақтарды тоқтатуға және оларды көндіруге үлгерді. Сол үшін оны капитан шенімен және медалға лайықты деп ұсынды.
Аягөз округін ұйымдастыру барысында ауыл старшындары Итемген Сейтенов, Есергеп Дүйсенов, Танас Төлемісов, Телеміс Базаров, Жансара Құдайқұлов, Ноғайқожа Жансейітов, Желбағай Балапанов, Едіге Шенқұзев, Байғұл Дарабаев, Бекқожа Жүсіпбеков белсене қатысты. Әсіресе, Матай болысының старшыны Бекқожа Жүсінбаев Қытай шегінен 100-ге жуық ауылды Аягөз округіне қайтарды.
Қазақ старшындары патшаның әскери жорықтарын жарақтандыруына ат салысуымен қатар, патша әскерлері сапында болып шайқастарға қатысты. Жергілікті старшындар патша әскерлері сапында осы аймақта басталған жорықтың әуелгі кезеңінен бастап көршілес елдердің жорықтарына дейін қатысты. Аймақтағы әскери барлау жұмыстарына старшындар ерекше ат салысты. Әсіресе, олар қажетті және пайдалы мәліметтерді жинаумен айналысып, жолнұсқаушы қызметін де атқарды. Мысалы, Сырдария алқабында болып жатқан ахуал туралы мәліметтерді жеткізгені үшін 1853 жылы наурызда Шекті руы Тілеу бөлімінің старшыны Күзенбай Ескенин Орынбор және Самар генерал губернаторының рұқсатымен 50 руб және мәуіт шапанмен марапатталды.
Қазақ жеріне көршілес жатқан қоқанның Пішпек және Тоқмақ бекіністері де патша әскерінің шабылуына ұшырады. 1860 жылы патша әскерінің қоқандықтарға қарсы белсенді соғыс қимылдары басталды. Жақсы қаруланған патша әскері 26 тамызда полковник Циммерманның басшылығымен Тоқмақ бекінісіне, 4 қыркүйекте Пішпекке шабуыл жасайды. Осы жорыққа Албан руы Айт бөлімінің старшыны Кенжебек Абақов өз ынтасымен әскерді көлікпен қамтамассыз етті. Құрман бөлімінің старшыны Саурық Түменбаев әскер жанында болды және барлау жүргізіп, нақты мәліметтерді жеткізумен, сондай-ақ шабуылға қатысып өзінің батылдығымен көрінді. Сол үшін 3-ші дәрежелі құрмет шапанымен марапатталды. Жалайыр руы Балғалы бөлімінің старшыны прапорщик Бөлек Тасбаев түнгі жорық жұмыстарына қатысты, сол үшін оған мақтау қағазы берілді, Қызылбөрік бөлімінің старшыны прапорщик Атамқұл Байтекин де әскерге көмек бергені үшін оған подпоручик әскери шені берілді [25, 4-8-пп].
Әскери барлау жұмыстары аяқталғаннан кейін, тиісті мәліметтермен қамтамассыз етілген әскерлер жорыққа шығуға жарақтандырылды. 1853 жылы генерал Перовский бастаған қарулы әскер қоқандықтардың Ақмешіт бекінісін жаулап алуға шығады, олармен бірге жергілікті старшындар да болды. Бұл жорықта көрсеткен батылдығы үшін қазақ старшыны Жалбыр Бүрібаев күміс медалмен, старшын Сарыбай Бектемісов 10 руб күміс ақшамен марапатталады. Сондай-ақ Қоқан әскеріне қарсы күрес жүргізген және патша әскеріне түрлі көмек көрсеткен жергілікті старшын Қысық Жұндыбаев–сырты алтын оқалы мәуіт шапанмен, Табын руы Қожамберді бөлімінің старшыны Баймұхамед Масқаров–күміс медалмен, осы рудың старшыны Бермұхамед Ақтанов–хорунжий шенімен, Жағалбайлы руының старшыны Байсау Маймақов–алтын жүзікпен, Табын руы Қызылқұрт бөлімінің старшыны-Есмұхамед Берлінбаев–алтын жүзікпен, Шөмекей руының старшыны Абен Малғарин–мәуіт шапанмен, Төртқара руының старшыны Жаныс Сығаев–тостағанмен марапатталды.
1835 жылы тамыз айында қазақ даласына тау инженері майор Созидің басқаруымен зерттеу экспедициясы келеді, бұл экспедицияға жергілікті старшын Аман Таубаев көмегін көрсетеді. Геологиялық зерттеулерден кейін Елек қорғаныс бекінісінің коменданты полковник Попловский Орынбор шекаралық комиссияға жіберген рапортында: «Өткен 1835 жылы тамыз айында мен тау инженері майор Созимен бірге қазақ даласындағы жердегі көмірді және басқада пайдалы минеаралдарды зерттеу үшін жіберілдім. Бізбен бірге сол жерлерді көрсетуге және басқада қажетті жұмыстарға болысу үшін старшын Аман Таубаевпен қазақ Қойшығұл Қалдыбаев барды. Олар бізбен бірге болған уақыт аралығында өздерінің ынталарымен және сенімділіктерімен олардан талап етілген барлық көмектерін аямады. Бұлардың көрсеткен жақсы қызметін өлкеден қайтқан кезде майор Созидің өзі куәландырды және олардың еңбектерін жақсы жағынан мақұлдады. Сондықтанда старшын Таубаев пен Қалдыбаевқа қандайда бір награда беруді комиссияға ұсынамын»-деп жазды.
1836 жылы қазақ даласына топографиялық экспедиция жұмысы бойынша подпоручик Иванов Верхнеуральск қаласына қарама-қарсы Осипов және Липов шебінің әскерінен Магнитный бекінісінің арасында Жабын Қарашай жерлерінде топографиялық түсірілім жұмыстарын жүргізді. Осы экспедиция жұмысына аудармашы, жолбастаушы және сақшылық қызметтерін қазақ старшыны Қаламбай Еркебаев атқарды. Орынбор шекаралық комиссияға жазылған рапортта: «Орта бөліктің старшыны Қаламбай Еркебаев 1836 жылы екі жарым ай бойы топографтар корпусының подпоручигі Ивановтың қазақ даласындағы түсірілім жұмыстарын жүргізу кезінде аудармашы қызметін атқарды, осы қызметі үшін патша әкімшілігі оны «бес кез шұға шапан және оның тысына он кез оқамен» марапаттады [26, 1-8-пп].
1857 жылдың шілде айының соңында Орынбор қаласынан қазақ даласына магистр Северцевтің ғылыми зерттеу экспедициясы шығуға жабдықталады, бұл экспедицияны көлікпен және жолбастаушылармен қамтамасссыз ету үшін Орынбор губернаторы Катенин комиссияға мынандай нұсқау береді: «осы айдың соңында Орынбор қаласынан қазақ даласына ерекше тапсырмалармен айналысатын шенеунік магистр Северцовтың басшылығымен шығатын ғылыми зерттеу экспедициясының азық-түлік және басқада жүктерін тасу үшін 47-түйе қажет. Шекаралық комиссияға шұғыл түрде 25 шілдеде Орынбор қаласына 8-қосалқы және 5-жүк тасушы түйелерді жинау туралы нұсқау беріңіз, сонымен қатар комиссия Орал даласынан Орта және Батыс бөліктерінен әсіресе Эмбі және Үстүрт өзендерінің бойындағы жерлермен өте жақсы таныс екі тәжірибелі жолнұсқаушыны тағайындауды қолға алыңыз». Сөйтіп экспедицияны Орта бөліктің Тама руы Кенжебай бөлімінің старшыны Қасым Асаев және Шекті руы Жиней бөлімінің старшыны Есенгелді Сабанов–Эмбіге және басқада жерлердің жолдарын жақсы білгендіктен жолбастаушылары болды және жүк тасушы түйелерді басқару үшін Шекті руы Шүрен бөлімінің старшыны Жұмабек Кенжеалинді аға басқарушы етіп тағайындайды. Жалпы он дистанцияның құрамындағы–Табын, Тама, Қызылқұрт, Шекті, Кердары, Уақ руларынан экспедицияға 55-адам қатысты.
ХIХ ғасырдың 20-60 жылдар аралығында қазақ жеріндегі патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған бірнеше ірі көтерілістер болды. Атап айтсақ: сұлтан Кенесары Қасымұлы, Кіші жүздің Жетіру руының Табын елінің бас старшыны Жоламан Тіленшіұлы, Беріш руы Жайық бөлімінің жарлық старшындары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Шекті руы Қабақ елінің старшыны Есет Көтібарұлы, кішкене Шекті руының старшыны Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Бұл көтерілістердің барлығына дерлік старшындар белсене қатысты, сондай-ақ олар осы көтерілістерге жетекшілік етті.
Достарыңызбен бөлісу: |