„Ұраным алаш!



бет3/11
Дата04.07.2016
өлшемі0.84 Mb.
#178381
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Голошекин «алашордашыларды» құртса — тура мағынасында айтқанның өзінде - жерінің кеңитінін білді. Оларды: терісін өзгертіп совет кеңсесіне кіріп алған контрреволюционер - деп жариялады. Сонымен қатар осы кезде Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға ауысып жатқан. Мемлекеттік басқару аппаратының жартысы Сыр бойында, жартысы Алатаудың етегінде еді. Голощекин әкімшіліктің орын ауыстырғанын еппен пайдаланып, жаңа қонысқа бұрынғы «жайсыз» кадрлардан арылып баруды көздеді. Ол ойын жүзеге асырды да.


Ол үшін бүкіл республиканы дүрліктіретіндей және барлық алашордашыларды бір іске көгендеп, әшкерелейтіндей дабыралы «қылмыс» қажет болды. Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың үстінен жүргізілген тергеу күткен нәтижесін бермегеннен кейін күдігі көп, қолға ілінетін «қылымысының ізі» елге әшкере «оңтайлы нысана» керек болды.

Осындай аумалы-төкпелi тұста ебепке себеп дәл келiп, Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлевке: «ағасы екеуi бiрiгiп аса ауыр қылмыстар жасады, милиция бастығын өлтiрдi» деген айып тағылып, Бетпақдаланың Сарысумен шектесетін тұсындағы Дінмұхамед Әділевтің ауылына арнайы жасақ шығарылды. 1928 жылы 17 желтоқсан күні Дінмұхамед (Мұқыш та, Дінше де осы адам – авт.) тұтқынға алынды (Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архиві, І том, 1 бет):



«Мәңгілік сақталсын. “Қылмысты іс” №... Әділев Д., Дулатов.М., Бірімжанов Г., Болғанбаев Х., Битілеуов., Байдуллаев.А., Есполов М., Жәленов К. т.б. айыпқа тартқан №… іс.

Протокол

1928 жыл, 17 желтоқсан.

Мен, төменде қол қойған ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілі Шумилов дәл осы күні, ОкрУРО-ның агенті Мұстамбаев пен Порояновтың қатысуымен, жеке бастарын растайтын №8 куәлігінің негізінде мына жайды баяндап дәйектеме жасадым:

Бүгін жолға шығардың алдында менің пәрменіммен Әділев Мұқышты ұстау мақсатымен Байділдаев Ағабектің ауылы қоршауға алынды, өз еріктерімен берілуі туралы ескертуге Әділев пен Байділдаев құлақ аспады, сондықтан да тұс-тұсынан оқ боратып, ескерту жасадық. Содан кейін барып, Әділев бізге берілді де, № 18812 “Карабин” мен оның 24 дана оғын және 2 тапаншаның оғын бізге тапсырды да өз еркімен берілді. Әділевті тінткен кезде шыққан дүрбісі тартып алынды, Байділдаевтан ештеңе де шыққан жоқ. Сондай-ақ Әділевтің 2 биесі мен жеке басын растайтын куәлігі алынды.

Жазған –



Оқыдым –

Протокол бізге оқылды” (қолы қойылған).
Қағаздың келесі бетіне Дінше Әділев өзінің арнайы жасаққа неге қарулы қарсылық көрсеткеніне:

Шумилов жолдас пен басқа да өкімет өкілдері жіберген адамдар маған ерікті түрде берілу туралы ескерту жасаған жоқ. Мен киініп болып, есімді жиып үлгергенше тұс-тұстан оқ бората жөнелді. Қарсыласудың пайдасы жоқ екенін біліп мен өз еркіммен берілдім.



Содан кейін барып олардың жіберген адамдары Байділдаев Ағабекке 10 минуттық ескерту мерзімі туралы айтқанын білдім, ал Байділдаев ол туралы маған айтуды ұмытып кетіпті. 10 минуттық мерзім біткен соң ғана оқ атылған екен.

17/ХІІ – 28 жыл” – “Д. Әділев” - деп түсініктеме беріп, қарындашпен қол қойыпты.
Бұдан кейін барып қарулы қарсылық кезінде Д.Әділевтің қасында болған екінші адамды “ұстау туралы протокол” келтірілген. Онда:

Мен, ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілі Шумилов, 1928 жылдың 17 желтоқсаны күні азамат Әділев Мұқашты ұстаған кезде онымен қоса Сырдария губерниялық іздеу басқармасының агенті, тергеу мен соттан қашып жүрген Байділдаев Ағабекті Сырдария аймақтық қылмыстыларды іздестіру бөлімі қызметкерлерінің өтініші бойынша: бостандықта жүрсе тергеу ісінің барысына кесірін тигізер - деген оймен және шындықтың ашылмай қалуы мүмкіндігін ескеріп, сондай-ақ соттан қашып кетер деген күдікпен Қылмысты Істер Ережесінің 100 бабына басшылыққа ала отырып:



Шаян ауданының №21 ауылының азаматы Байділдаев Ағабекті қашан оған айып тағылғанша тұтқындау туралы шешім қабылдадым. Байділдаевтің өзінің көрсетуі бойынша одан: 12 оғы бар №84454 “Наган”, 22 оғы мен 1 гильзасы бар №450 “Браунинг” алынды.

ПП ОГПУ– дің ҚССР бойынша өкілі Шумилов”- деп көрсетілген.
Дала жағдайында қалам мен сияның дайын тұрмағаны анық. Сондықтан да тұтқындау санкциясы қарындашпен жазылған.

Ендi осы санкцияға байланысты мынадай заңды сұрақтар туындайды. Егер Д. Әдiлев шынымен қылмысты болса, дер кезiнде неге ұсталмаған және ол қылмысы айыптау санкциясында неге көрсетілмеген. Д.Әдiлевтың 1921-1922 жылғы Сарысудағы оқиғаға қатысы бұрыннан анық болса, онда тергеу ісі неге „Алашорда” туралы емес, сол оқиға турасындағы сұрақтан басталмайды? Бұл арада қиялға ерiк берудiң қисыны келмейдi. Ал енді осы «Алашорда» қайраткерлерінің кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық, террорлық астыртын ұйым құрып, қыр елін қарулы көтеріліске дайындап жатқандығын әшкерелейтін «топтық қылмысты істің» қозғалуына себепкерлік еткен Дінше Әділев кім еді?

Тергеудiң мәлiметiне жүгiнсек, «Дiнмұхамед Әдiлев «белгiлi бiр мекенi, тұрақты жұмыс орыны жоқ» қаңғыбас, яғни экстремист. Бұған қоса өзінің және таныстарының мінездемесіне сүйенсек: «тентек мінезді, өжет, қан қызуы басылмаған», қандай да бір шешімді мінезіне жеңдіріп қабылдайтын, өз әректі туралы ешкімге жауап бермейтін, жұмысқа тұруы да, оны тастап кетуі де тез, 1918-1919 жылдары, яғни 18-19 жасында қызыл армияның Қиыр шығыстағы бөлімшесінде большевик-партизандар қатарында соғысқа қатысса да тұрақты «большевиктік көзқарасы қалыптаспаған», бірақ та сол еңбегіне арқа сүйеніп кеңес өкіметі мен сотының атынан да, тіпті ОГП-дің атынан да әр жерде үкім шығарып, оны табан астында орындатқызатын не өзі орындайтын «партизан» деген лақап аты бар «партизан» еді. Дінмұхамд Әділевтің тергеу мекемесінің назарына ілігіп жүргені де сол арандатуға да, арандалуға да бейім ұрыншақ мінезі сияқты.
Стенограмма.

Тіркеу хаттамасы /протоколы/. 24/ХІІ – 28 жыл.
Аты, әкесінің аты, фамилиясыДінмұхамед Әділұлы Әділев.

Жасы - 28 жаста.

Тұратын жеріСырдария аймағы, Сарысу ауданы.

Тұрақты мекені не туған жеріСарысу ауданына қарасты Шу өзенінің маңы.

Партиялығы қазір партияда жоқ, бұрын коммунист болған.

Ұлты – қазақ.

Айналысқан қызметіа/. Ақпан төңкерісіне дейін – шәкірт. б/. Қазан төңкерісіне шейін – төңкеріс мекемелерінде қызмет еткен, оқыған.

Білім дәрежесіГимназияның 5 класын бітірді, содан кейін біраз уақыт университетте дәріс оқыған.

Үй жағдайыүйленген, әйелі және баласы бар.

Күн көрістік қаракетіжұмыссыз.

Әке – шешесінің байлық мөлшері кедей.

Қозғалмайтын (үй, зауыт, т.б. – авт.) мүлкі - жоқ.

Саяси көзқарасы үшін қуғынға түсті ме, қайда, кім және қашан - 1918 жылы күзде ақтардың қолына түсіп Блоговещенскі қаласының түрмесінде отырған. 1919 жылдың екінші жартысына дейін Колчактың тұсында ақтардан жасырынып жүрген.

Қызыл әскер қатарында болды ма (қашан және қайда, қанша уақыт): - 1918 жылдың көкегінен бастап қыркүйекке дейін Қиыр шығыста ақтарға қарсы соғысқан”.

17 желтоқсанда ұсталған Д.Әділев 7 күннен кейін Қызылорда қаласының түрмесіне жеткізілген. 24 желтоқсан күні Д.Әділевтен бір күнде үш рет сұрақ-жауап алынған.

Дінше Әділевке не үшін арнайы қарулы жасақ жіберіліп, оны атыс үстінде ұстады? Осыдан бес-алты жыл бұрын өтіп кеткен «Сарысу оқиғасына», «Қара-Ноғайдың», яғни, «қарақшы әрі жасақшы» атанған қызыл командир Әубәкіровтің өлімінің «Алашорда» үкіметіне және оның қайраткерлеріне қандай қатысы бар? Қисынға жүгінсек, айыптау ісі осы сұрақтарға жауап алудан басталса керек еді.

Өкінішке орай, тергеу басталмай тұрып-ақ тергеудің беті теріс бұрылып кетті. Оған «партизан» Дінше Әділевті тінту кезінде табылған, 1921 жылы Ташкент қаласында бас қосқан ежелгi таныстардың естелiк үшiн Дінше Әділевтің М. Дулатовпен, Х. Досмұхамбетовпен, Ж. Досмұхамбетовпен, М. Есполовпен, Ғ. Бiрiмжановпен, Д. Битiлеуовпен, А. Юсуповпен, К. Жаленовпен, Х. Болғанбаевпен бірге кәдiмгi қазыналық шеберханаларда түскен сурет себеп болды. Адамдардың бiразы орындықта отыр, үш-төртеуi түрегеп тұр. Бұлардың кейбiрi бiр-бiрiмен осы арада тұңғыш рет кездескен. Осы фото тергеу орындарының назарына iлiгіп, бiрден саяси күдiк тудырған.

Мұндай аса қауіпті айып не үшін тағылған? Соншама аты шулы қылатындай бұл суреттiң не сыры бар? ОГПУ-дің қызметкерлерiн ерекше алаңдатқан жағдай не? Басты себеп, мұндағы бейнеленген адамдардың ішіндегі Дiнше Әдiлевтен басқасының барлығының да кезiнде «Алашорда» үкіметінің мүшелерi болғандығы еді.

„Алашорда” үкіметі мен „Алаш” партиясының мүшелерін жауапқа тартудың қисынды себебін таба алмай жүрген ОГПУ-дің уәкілдеріне бұл фото үлкен желеу болды. Өйткені алашордалықтарға тағылатын айыпты қылмыс 1920 жылғы ВЦИК-тің „Алашорда” қайраткерлеріне жасалған кешірімінен соң ұйымдастырылған болуы тиіс. Әлихан Бөкейханов пен Елдес Омаровтың, Халел Ғаббасовтың тергеуінде ондай ілік табылмаған еді. Ал мына сурет 1921 жылы түсірілген, демек, кеңес өкіметі кешірім жасағаннан кейін бір жылдан соң алашордашылар Ташкент қаласында бас қосқан. Ал мұны: «Контрреволюциялық-террористік астыртын ұйымның кезекті мәжілісінен кейін суретке түскен» - деп жаза салу тәжірибелі тергеуші үшін әбден машыққа айналған үйреншікті тәсіл. Әрине, мұндай мүмкіндікті ОГПУ-дің шығыс бөлімшесінің өкілі Саенко қалт жібермеген. Тұтқындау санкцисынан кейінгі 4-беттегі анкетадағы айыптау санкциясында Д.Әділевке: «Кеңес өкіметін құлату үшін «Алашорданың» астыртын ұйымының тапсырмасымен қырда қарулы топ жинап, көтеріліс ұйымдастырып жүр» - деген айып тағып, тергеуді:



Сіздің саяси көзқарасыңыздың қалыптасуы туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Қалай сіз коммунистіктен контрреволюционерлікке айналып кеттіңіз және көрнекті кеңес қызметкерлігінен құлдырап, даладағы қашқынға айналдыңыз? ,- деген сұрақтан бастаған.
Әрине, алғашқы сұраққа саяси астар беріп, қылмыстық әрекет байқалатындай формулировка жасап, қағазға түсіруі түсінікті. Өйткені аса маңызыды „контрреволюциялық астыртын ұйымды әшкерелеу” бір ғана суретке қатысты ашылды десе, тым сенімсіз көрінер еді. Ал фотоның қажеттілігі, сол суреттің қайда, неге түсірілгені және кілең «алашордашылардың» бастары неге қосыла қалғаны туралы «аңыз», яғни, жүйелі түрде ойдан құрастырылған сылтау – жала үшін қажет болатын. Д.Әділев тергеудің бірінші отырысында мұндай қитұрқылы қыртысты аңғармай өзін маңызды тұлға ретінде қыр көрсете жауап беруге тырысып, суретке түсудің тарихын ұмытып кетіп, “Алашорда” үкіметінің кеңес өкіметіне қарсы құрған контрревалюциялық-террористік құпия ұйымның мүшесі ретінде жауап береді.

- Мен бұрын Түркістанда ешқашан да болып көрген жоқ едім, Сібірді Колчак билеп тұрған кезде мен Түркістанға қашып бардым. Іле Ташкентке келдім, онда Қожановпен, Болғамбаевпен кездестім, соңғысын Омбыда жүргеннен білетінмін. Сондықтан да мен Түркістандағы жағдаймен таныс емес едім және қазақ пен орыс тұрғындарының ара қатынасын білмейтінмін. Әлгі екеуі мені жағдайдың барысымен хабардар етті. Бұл жөнінде ең алғашында Болғамбаевтан сұрадым. Ол маған: Мұның бәрі бос сөз, бұл өкімет ешқандай да ұлттық бостандық әкелмейді” – деген жауабы арқылы маған іштей әсер ете бастады. Жалпы, ол жөнінде көптеген пікір алысулар болды.

Бұдан кейінгісінің барлығын да алдыңғы айталғандардың заңды жалғасы іспетті өз-өзінен жүзеге аса берді.

Қожанов ол кезде партия қатарында жоқ болатын, Қазақ педагогикалық училищесінің оқытушысы болып істейтін. Бұған дейін ол “Бірлік туы” газетін шығарып тұрды. 1918 жылы Қоқан мемлекетінің құрылтайына Болғамбаев екеуі тілші ретінде барып қатысқан еді.

Мен Ташкентке барғаннан кейін Рысқұлов басқарып отырған Мусбюроға (Мұсылман коммунистері бюросы - автор) кірдім. Мусбюродағылар мені мен Борамбаевті Қазақ Республикасының Оқу ағарту халық комиссариаты арқылы сол кездегі Жетісу губерниясына партия жұмысына жіберді. Партиялық билетім жоқ болса да мен өзімді партия мүшесімін деп есептеуші едім. Ташкентке келгеннен кейін мен Қожанов пен Болғамбаев екеуімен бірге тұрдым, сондықтан да мені Мусбюро Жетісу губерниясына жіберген кезде, мен солардың сөзіне еріп онда бармадым. Менің жас әрі қаным қызба кезім еді. Адамға әр түрлі нәрсе әсер етеді ғой. Мен солардың ықпалы арқылы Қазпедучилищесінде оқытушы боп қызметке орналастым. Меңгерушісі – Иса Тоқтабаев болатын, ал Қожанов оқытушы әрі педагогикалық кеңестің хатшысы еді.

Осы мектепке мен оқытушы боп орналасқаннан кейін Қожанов хатшылық міндеттен бас тартты да оның орынын мен бастым.

Көктемге қарай мені Халық ағарту комиссиясы (ол кезде Төреқұлов Нарком болатын) мені Верныйға (Алматы – автор) Облыстық оқу ағарту бөлімінің меңгерушісі етіп жіберді. Менімен бірге курстың меңгерушісі Құлжанов Ибадуллада аттанды. Менің қасымда Мұратбаевта болды. Жетісуға келгеннен кейін мен ОблОНО-ны (Облыстық оқу ағарту бөлімі – авт.) меңгердім және қазақ пен қырғыз балалары оқитын курсқа лектор болдым. Ревком төрағасы Поздняков, облревкомнің президиумының мүшесі қазақтан жалғыз Жандосов болды. Мен ОблОНО-ға меңгеруші болып тұрған кезде мұғалімдердің біреуі, орыс әйелі әлдебір кінәсі үшін сотты болды. Мен сол кезде Ерекше бөлімге, әйтеуір сондай бір мекемеге хабарластым. Сөйтсем, олар әлгілерді мүлдем жауып қамап тастапты. Сөйтіп, Ерекше бөлім мені де 3 күн абақтыға жапты. Ерекше бөлімді Соколовский басқаратын. Мен оны кейінгі кезде ЦСУ-дің (қандай мекеме екенін ажарата алмадым – авт.) бастығының орынбасары болды деп естідім. Әрине, мұның барлығын жол-жөнекей айтып отырмын. Сөйтіп (абақтыдан босаған соң - авт.) мен Верныйдан Арықованың (Нағима Арықованың) үйімен бірге (қазір ол Крайкомның бюро мүшесі) ілесіп кетуге мәжбүр болдым. Оның өзі, сіңілісі және әкесі үшеуі Семейге көшті. Тура сол кезде онда Губерниялық атқару комитетінің қазақ бөлімі бар еді, оны Аймауытов басқаратын. Мен онымен осы жерде таныстым. Мен Семейде болған кезде Орынбордан телеграмма келді, онда менің бірінші шақырылған құрылтайда КирЦИК-тің ( Қазақ Орталық атқару комитеті - авт.) мүшесі болып сайланғаным туралы хабарланыпты. Телеграммаға Бөкейханов Абдолла қол қойыпты. Менің Орынборға кетуім қажет болды. Орынборға жүріп бара жатып Омбыға аялдадым.

Омбыда мен Садуақасов Жанайдармен кездестім. Ол бізді вокзалға дейін шығарып салды. Орынборға келгеннен кейін мен Омбыда бірге оқыған Смағұл Сәдуақасовтың жатын бөлмесіне орналастым. Орынборға біз түн ішінде келдік, сол күні оның үйіне қондым ба, әлде ҚирЦИК-тің жатаханасының № 10 бөлмесіне қондым ба, ол жағы есімде жоқ. Дәл сол бөлмеде бұрын Дутов тұрған екен. Сөйтсем мені жоғарыдағыға қоса Ішкі істер халық комиссариатының коллегия мүшесі етіп сайлапты. Ішкі істер Халкомы Мырзағалиев екен. Мен сонда қызмет істедім және мұнда мен ұлтшылдық бағыт ұстандым. Бұл бағытты жүргізген Сұмағұл Сәдуақасов, Әшім Омаров және мен үшеуіміз болдық, өзімізше бір топ құрдық. Біз үкіметтің жүргізіп отырған бағытын - отаршылдық бағыт деп түсіндік...”
Мұндағы жауапта ешқандай контрреволюциялық астыртын ұйым туралы ашық мойындау не емеуірін жоқ. Ташкентке барып, ескі танысы Хайреддин Болғамбаевтің бөлмесіне жатқан. Суретке сол кезде түскен. Зады тергеушілерді бұл сұрақ қанағаттандырмаған әрі “партизан” Д.Әділевтің екінші қылмысын әшкерелеу үшін бір күн ішінде 3 рет жауапқа тартқан. Осы үшінші сұрақта ғана ол өзінің негізгі қылмысының жай-жапсарын баяндап береді.

1928 жыл. 28 желтоқсан. Қызылорда қаласы.



Мен, ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко төменде аты аталған азаматтан айыпкер ретінде сұрақ–жауап алдым, ол мына жайларды мәлімдеді” - десе:

Айыпкер: “Мен, Әділев Дінмұхамед, Сырдария аймағының Сарысу ауданының №3 ауылының қазағы, былай деп жауап бердім...” – деп жоғарыдағы өмірнамалық хикаяны одан әрі жалғастырады. Негізгі қылмыстық іс жайына қалып, саяси астар беріле бастаған.


Д.Әділев: “1922 жылдың аяғында мен өз ауылымның балаларын оқуға орналастыру үшін Ташкентке бардым. Онда барған соң Сырдария облыстық атқару комитенінен Әулие – Ата уезінің болыстары Ақмола губерниясының аралас отырған болыстарының тұрғындарынан қай жаққа қарағысы келетіндігі туралы пікірін айтып, санақ жүргізу үшін арнайы мандат алдым”.

Пәленің басы осында жатыр. Ол кезде Ақмола уезі – Сібіревкомға, Жетісу уезі – Түркістанға, Маңғыстау түбегі - Түркменстанға қараған. Бұл өлкелердің Қазақ автономиясына қосылу, қосылмауы үлкен қарама-қайшылық тудырған. Жер бөлісі жүздік, рулық сипат алып, ушығып кеткені соншалық, Ақмоладан, Ташкенттен арнайы өкілдер шығып, әр қайсысы жергілікті халықты өзне қаратуға тырысқан. Дінше Әділев болса Жетісу өлкесінің халқын Қазақ автономиясына қосылмай, Түркістанның құрамында қалуға үгіттеу үшін Сарысуға аттанды. Әулие-Атаға қарай ойысқан Арқа тұрғындарын кері қайтару үшін Ақмола уезінің атынан келген Әубәкіровпен де сол үшін ұстасқан. Бетпақдала жұртының өзі рулық тектеріне қарап бөлініп, бір-біріне қарулы жасақ құрып, өзара барымтаға шыққан. Дінше Әділевтің өзі: Сарысудағы тарақтылар – Ақмолаға, ал тамалар – Түркістанға қарасын – деген де пікірді ұстанған. “Ұраным – Алаш!” деп ұрандап, бүкіл қазақтың териториялық, мемлекеттік, тілдік бірлігін сақтау үшін құрылған “Алашорда” үкіметінің атынан сөйлеп отырған “партизанның” ұлттық санасының деңгейі осындай “биік те өрелі дәрежеде” еді. Ашығын айтсақ, оның мұндай ықпалға түсуіне С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың арасындағы Түркістан республикасы туралы пікірталастарының әсер еткені сөзсіз. Ол өзінің бұдан кейінгі бастан кешкен оқиғасын былай баяндайды:



Мен өзімнің ауылыма келген соң ел–жұрттың есін шығарған Қараноғай дегеннің бүліншілігі туралы көп естідім. Кейіннен оның Ақмоладан келген Әубәкіров деген екенін білдім. Бұған дейін бұл Әубәкіров Ақмола өкіметінің атынан құрылған Ақмола мен Қарқаралы уездерінің арасындағы барымта дауын реттейтін комиссияның төрағасы болып істепті.

Комиссия ешқандай нәтиже шығара алмай кері қайтыпты, ал Әубәкіров өзінің төтенше жасақтарымен осында қалып, жұртты тонаумен шұғылданыпты. Онымен бірге қалған милиционерлердің саны 8 ғана адам болғанымен, ол өзінің жасағын барымташылармен толықтырып, молайтып алыпты. Соның нәтижесіне Әубәкіровтің қарамағындағы жасақтардың саны 50-60 адамға жетіп, аңшылар мен тұрғындардан қаруды тартып алуға көшіпті. Әубәкіровке Жолдыбаев Шана деген біреу ерекше жақын болып, оның оң қолына айналыпты. Ал ол болса кезіндегі әйгілі барымташы еді. Сондайлардың бірі, милиционер Мұстафин Сапар деген де жасақтың қатарына алыныпты.

Әубәкіров осы жасағымен әуеліде Ақтау мен Ортау бойын аралап онда неше түрлі бейбастықтар жасап, әйелдерді зорлап, т.б. қиянаттар жасапты. Оның мұндай бейбастықтарын есіткен Ақмола өкіметі арнайы әскер жасақтап жіберіпті, екі арадағы қақтығыста Әубәкіровтің жасағына қарсы еш нәтиже шығара алмай кері қайтыпты. Бұдан кейін Әубәкіровтің жасағы Тарақтыларға қарай жылыстап Шу өзенінің жағасына жайғасыпты. Осы араға қыстау салып алып, өзінің талан–таражын жалғасытыра береді. Күн сайын ойын–сауық кешін ұйымдастырып, күшпен тартып әкелінген әйелдер мен қыздарды масқаралап, зорлаған. Ең соңында әр ауылдан әкелінген әйелдердің күйеулерін де осында алып келіп, әлгі қыстауға қамаған. Ал Әубәкіровтің өзі: Ақмоладан қоныс аударып кеткен тұрғындарды кері қайтару үшін көмек сұраймын - деген желеумен Әулие–атаға жүріп кетеді. Алайда қосарға алған көліктерді тарақтыларға сатып қайтып оралады.

Осыдан кейін ол өзінің жасағын екіге бөлді, оның ішінде Мұстафин басқарған топты Шу өзенінің оңтүстігіне жібереді де, өзі бұрынғы орынында қалады. Мұстафинмен бірге аттанған топ өзінің бейбастығы мен зорлық–зомбылығын жалғастыра береді. Мысалы, жасақтың бірнеше милиционерлері Үшабыз болысының азаматы Артықбай Әлиннің бірнеше атын тартып алып кетіпті.

Әлин осы жайды айтып маған кісі жіберіпті, мен сонда бардым. Онда барғаннан кейін жаңағы милиционермен кездесіп, құжаттарын көрсетуді талап еттім. Ол маған не мөрі, не белгісі жоқ, “тек бұл адам менің жасағымның милиционері” - деген Әубәкіровтің қолы ғана қойылған қағазды көрсетті. Менің әңгімемнен кейін ол милиционерлер әлгі тартып алған аттарын қайтарды.

Басқа жерлердегі ашуға булыққан ел 5-6 милиционерді қарусыздандырып, оларды ұстап алыпты. Мен мұны естігеннен кейін оларға милиционерлерді босатып, қаруларын қайтып беріңдер деп кеңес бердім. Олар солай істеді.

Мен бұл кезде өзімнің ауылыма қайтып келіп едім. Біраздан кейін біз Әубәкіровтің тамалардың ішіне қарай қоныс аударғысы келетінін естідік, онда менің ағайындарым мен өзім тұратынмын. Әубәкіровтің жасағының әлегінен құтылу үшін және Әубәкіровке өзінің бұл бейбастақтығын тоқтатуға көндіру үшін ағайым Байсейіт екеуіміз ақыл қостық та, ол осы жөнінде Әубәкіровпен келісуге аттанып кетті.

Байсейіт кеткеннен кейін бір-екі күннен соң ол маған арнайы адамды хабаршы етіп жіберіпті. Байсейіт хатында: ел – жұрттың төзімі әбден таусылғанын, сондықтан Әубәкіровтің өзі тұтқындалып, жасақтарының қарусызданғанын айтыпты. Сол хатында Байсейт менің келіп кетуімді өтініпті. Мен бірден солай жүріп кеттім.

Әубәкіров ұсталған жерге келсем Байсейіт онда жоқ болып шықты. Онда қолға түскен Әубәкіровтің өзі және оның көмекшісі Жолдыбаев пен бірге барлық милиционерлер бар екен. Олардың қолға түсіру барысындағы қарбалас кезінде Жолдыбаевты сол отрядтың бұрынғы милиционері Жексенов деген жаралап алыпты, ол жаралы күйінде жатыр екен. Тұтқындалған адамдарды Әубакіровтің жасақтарының қаруымен ауыл тұрғындары күзетіп тұр екен. Әубәкіровты тұтқындауды ұйымдастырған аудандық милицияның бастығы Байтанов және менің ағайым Байсейіт пен Кеншімов т.б. екен.

Тұтқындар мен жоғарыдағы аты аталған адамдармен бірге ағайым Байсеиітте менімен бірге келді. Ал Мұстафиннің жасағы әлі де құмның арасында өзінің талан–таражын жалғастыра берді. Сол күні ауылға біз төртеуіміз, яғни, мен, Байсейіт, Байжанов және Кеңшімов өзімізше басшылықты қолға алдық. Мен келгенше-ақ олар Әубәкіровтің жасағының қолындағы елден тартып алынған заттарды иесіне қайтарып беріпті. Халықтың қатты наразылығына ұшыраған Әубәкіров пен Жолдыбаевты алдын–ала сұрақтан өткізіп, олар өздерінің кінәсін толық мойындаған соң, екеуін ату жазасына кесіпті. Оны орындауды маған тапсырды.

Бәріміз ақылдаса келіп үкімді Шу өзенінің жағасында орындау туралы бәтуға келдік, сөйтіп, олардың денесін өзеннің мұзының астына тастау керек деп шештік. Осы шешімге байланысты мен тұтқындалған Әубәкіровті ертіп Шу өзеніне қарай жүрдім де, Жолдыбаевтің қасына аудандық жасақтың милиционерлерінен күзет қойып, ауылға тастап кеттім. Байсеиіт пен Байжанов бастаған тағы басқа адамдар қалған тұтқындармен бірге өз ауылдарына бет алды.

Шу өзенінің жағасына келген соң тұтқындарды тоқтаттым да Әубәкіровтің өзімен жеке сөйлестім, ол әңгіменің қысқаша мазмұны мынадай:

Мен одан: біздің бұларға не істеу керек деп шешкенімізді білесіздер ме? – деп сұрадым. Ол, не істейтінімізді топшылап қана білетінін айтты да, кешірім жасай көріңдер - деп жалынып, өзінің барлық кінәсын мойнына алды... Мен оған өзімнің халық тілегін орындаушы ғана екендігімді, ал Әубәкіровтің оларға істеген қастандығының бастан асып кеткендігін және ол туралы ертерек ойлау қажет екендігін айттым.

Бұдан кейін Әубәкіров мұздың үстіне барып тұрды, сол кезде оны аудандық милицияның милиционері Жайлаубай Байларов атып салды. Әубәкіровтің жасағында бірге болған Жексенов жараланған Жолдыбаевты да сол милиционер атты. Өлікті мұздың астына батырып жібердік те біз жақын маңдағы ауылға бет алдық.

Оған дейін маған құм ішіндегі Мұстафиннің жасағын тауып ап оның отрядын қарусыздандыру тапсырылған еді. Сөйтсем, мен келгенше бұл жасақты халықтың өзі қарусыздандырыпты, мен тек жұрттың қолындағы мылтықтарды жиып алдым да, оларды Әубәкіровті ұстау үшін Әулие–Атадан келген Әулие–Ата қаласының қылмысты тергеу басқармасының бастығы Сингаревке тапсырдым. Мен оған болған жайдың барлығын тәптіштеп айтып бердім. Ол барлық винтовкалармен бірге Мустафиннің тұтқындалған жасағын өзімен бірге алып кетті де, менің қасыма екі милиционер қалдырды, оларға әзірше иесі табылмай тұрған, Әубәкіровтен қолға түсірілген заттарды иелеріне қайтарып беруді тапсырды. Және Әубәкіровтен алынған қарулар мен оның тұтқындалған адамдарын осы екі милиционердің қарамағына беруді тапсырды.

Мен өз ауылыма келген соң бұл милиционерлерге қолдағы тұтқындарды, заттарды және қаруларды қайтарып бердім. Байжанов аудандық милицияның бастығы ретінде және менің ағайым Байсейіт екеуі Әубәкіровтің жасағының бүліншіліктері туралы қылмысты тергеу басқармасының бастығының атына хаттама жазып, оны аталған милиционерлерге берді.

Бұдан кейін мен бірнеше милицияны ертіп, Әулие–Ата қаласына келіп, уездік атқару комитетінің мәжілісінде Әубәкіровтің отрядының барлық бейбастықтығы мен жергілікті халықтың Сырдария облысына қарағысы келетіндігі туралы тілегін барынша толық жеткіздім. Бұдан кейін біз Ташкентке бардық, онда да болған жайдың мәнісін толық баяндап бердім. Бұл мәселе жөніндегі өкімет орындарының бағасына қарап, мен іштей: маған ешқандай кінә артылмайды және қуғынға түспеймін ау - деген сенімде болдым. Сол бұрынғысынша кеңес қызметінде істей бердім.

Өткен жылы Шымкент қаласында Әубәкіровтің ісіне байлансты менің ағайым Байсеиіт тұтқынға алынды. Бұны менің де тұтқындалуым мүмкін екендігі туралы берілген белгі деп түсіндім. Менің өз ауылыма кетіп қалып, қаладан алыс тұруыма түрткі салған жай осы еді. Менің бұл әрекетім осыдан кейін жазадан қашқандық деп бағаланды және Байсейіт екеуімізді заң орындарының қудалап жүргені туралы хабар бүкіл қыр еліне жайылып кетті. Кейінгі өсек аяң менің өмірімнің соңғы кездеріне ғана байланысты.

Куәлік сөзімді өзім оқып қол қойдым. Сұраған – Саенко.

28 желтоқсан. 1928.”


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет