Ол Қазақстан экономикасындағы аймақтық ерекшелiктерді, өмiр сүрiп, тiршiлiк құрудағы ұлттық айырмашылықты, халықтың тарихи дәстүрiн қызыл қарындашпен бiр-ақ сызып, жергiлiктi жұрттың „қолындағы құрықтың орнына шанышқы ұстатпақ” болды. Алайда, шанышқымен iлiп жеу үшiн де табақта ас-дәм болу керектiгiн ұмытты. Тiптi араб алфабитiнен исламның «иісiн сезiп», жедел қарiп өзгертудi талап еттi.
Бiр жыл өткен соң тiптi еркiнсiп, бiлiмi мен пайымы өзiнен жоғары Смағұл Сәдуақасовты нысана етiп алды да:
«Сәдуақасов жолдас екеумiздiң арамыздағы пiкiр қайшылығы тұп – тура Октябрь (кеңес –өкiметi – авт.) мәселесiне қатысты. Мен: ауылға кiшi Октябрь жүргiзу қажет деп есептесем, сiз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе?... егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», - деп қазақ ұлтына «азаматтық соғыс» жариялады.
Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын.
Ол өзінің пікірімен келіспеген, не қарсы шыққан партия, кеңес қайраткерлерін аяусыз жазалап, олардың арасына қасақана іріткі салды. Ұлттық интеллигенцияға деген ерекше өшпенділік сезімі қалыптасты. Айтқанын үнсіз шұлғып істей беретін Елтай Ерназаров сияқты жігерсіз жандарды жанына тартты. Қазақстанның экономикасы, оқу-ағарту жүйесі, тарихы, территориялық тұтастығы, өнер мен әдебиеттегі көне мұраға көзқарас туралы баспасөз бетінде, түрлі мәжілістерде пікір таластырған партия, кеңес қайраткерлерін алғашында білдіртпей бір-біріне өшіктірді де, іле-шала „мендешовщина”, „садуақасовщина”, „сейфуллиновщина”, „ходжановщина”, „төреқұловщина”, „рысқұловщина” деп мысқылдай келекелеп, ақыры оларды өкімет басынан қудалап тынды. Өзін Түркістан өлкесіне кеңес өкіметін орнатушылардың бірі, білгір ретінде санап, Түркістан республикасы мен Мусбюроның құрамындағы жергілікті халықтан шыққан қайраткерлердің барлығын пантюркист, оппортунист, ұлтшыл, жікшіл деп жариялады. Зиновьевтің:
„Голощекин Қазақстанға барысымен, жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерін өзара қырқыстырып, ақыр соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар етті” - деген пікірі дұрыс-ты.
Мұның барлығы орны толмас қасірет әкелді.
Николай II патшаның өзiн бет қаратпай, бала – шағасымен қосып атып тастаған Шая Ицкович қазақтарды да бет қаратпауға бекiндi де, «кiшi Октябрь” науқанына тосқауыл қойып, ұлтын ашаршылықтан сақтап, «азаматтық соғыстың орнына азаматтық келiсiмдi» ұсынған С. Сәудақасов, Н. Нұрмақанов, С. Қожанов Ж. Мыңбаевтарды қызметтен шеттетiп, сол арқылы қазақ интелегнциясына қарсы жазалау науқанын ресми түрде бастады. «Ел билеген кемелдердiң» көзiн жою арқылы Ұлттық сананы жою – ақ патшадан қалған мұра едi. Әлихан Бөкейханов « Алашорда» Үкiметi Ресейден дербес мемлекет болатынын мәлiмдегенде атышулы адмирал Колчак бiрде:
«Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас едi: халыққа сөзi өтетiн, халық сенетiн 500 интеллигенттiң көзiн жойса, жетiп жатыр - қазақтар тағзым еттi деп есепте», - деген екен.
Расында да қазақ ұлтының ең осал жерi осы зиялы қауым болатын. Заманның тiлiн бiлетiн, қоғамдық күрес пен саяси талас-тартысқа әбден ысылған қайраткерлер тым аз едi. Алайда, Сiбiр мемлекетiнiң әскери әмiршiсi адмирал Колчактың өзi мұндай қаскүнемдiкке бармады. Ал, Голощекин үшiн олардан неғұрлым тез құтылса, соғұрлым бiр өзiнiң жеке билеп-төстеуiне жол ашылатын. Қазақтың оқығандарын құртпай көзi ашылмайтынын бiлiп, оларды жаппай қудалауға кiрiстi.
Мұның барлығы орны толмас қасірет әкелді. Ол қазақ зиялыларының арасына от тастай отырып, өте әккiлiкпен бiрiн-бiрiне әшкерелетiп, шешушi сәтте:
«Жалпы мен, топшылдық дегенде, ұлтшылдықты емеурiн етiп отырмын. Мен сәудақасовшыларды еске салғанда, қожановшыларды да, рысқұловшылардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығы да бiр қалыптан шыққан. Топшылдарға жағдай жасау пиғылы әлi тоқтаған жоқ, олардың кәрi көсемдерi әлi де тiрi, оларды әлi де жер көтерiп тұр», - деп шабаланып шыға келдi.
Сонымен қатар:
«Кез – келген топтың көсемi» өлкелiк комитетке қарсы сөйлеп көрсiншi, олар бiр жетiнiң iшiнде жермен жексен етiлетiн болады», - деп қыр көрсеттi.
Өзіне ең қауіпті партия, кеңес қайраткерлерін ығыстырған соң, коллективизацияға қарсы пікір тудырып, араб әрпін сақтап қалайық деп ұсыныс айтқан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Мұқамеджан Тынышбаев, Жаһанша Досмұқамедов т.б. бастатқан „Алашорда” үкіметінің мүшелелрін тұқыртып алудың айласын қарастырды. Оларды «Алашқа» мүше болғаны үшін де жазаға тартар еді. Бірақ Лениннің өзі мақұлдаған 1919 жылғы 4 сәуірдегі ВЦИК-тің Президиумының:
«На оснований Постановления Всероссийского Центрального Комитета от 4 апреля 1919 г. Президиум ВЦИК предлагает: Киргизскому (Казахскому) и Сибирскому революционному комитетам и Челябинскому губисполкому широко оповестить население о вышеупомянутом постановлений ВЦИК и разъяснить, что Президиум ВЦИК находит своевременным допустить бывших членов Правительства «Алаш-Орда» к советской работе и категоричееки запрещает преследование за прошлую их деятельность» — деген қаулысына ашық қарсы шығудан сескенді.
Заңды жетiк бiлетiн «Алаш» партиясының ұлттық бағдарламасын дайындаған Халел Ғаббасов мұны бiрден аңғарып:
«Алашорда» тұсындағы менiң өткендегi iс – әрекетiм ЦИК – тiң екi бiрдей қаулысы (1919 жылғы және 1920 жылғы) арқылы кешiрiм жасалған болатын. Сондықтан да, менiң дәл қазiргi күндегi қызметiмдi терiске шығарып, содан қылмыс тапсаңыздар ғана ол туралы (менiң өткендегi iс-әрекетiм жөнiнде) сөз қозғауға болады. Ал кеңес өкiметiнiң жауапты орындарында iстеген 9 жыл бойғы қызметiмде менiң тарапымнан мемлекетке қарсы қандай да бiр әрекеттiң болмағандығы анық, тiптi әлде неге күдiктене қарауға ырық бермегенiме де сенiмдiмiн. Оған толық кепiлдiк етемiн», - деп тергеушiлерге қарсы заңды дәлел де айтты.
Алайда бұл кезде жазалау машинасы іске қосылып кеткен болатын. Оны тоқтатуға Голощекиннің өзінің де шамасы келмейтін. Өйткені бұл жай қыр көрсету емес, алдын – ала жоспарланып, Станинні: «Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты – негiзiнен алғанда бiрден – бiр дұрыс деп ойлаймын» - деген мақұлдауын жазбаша түрде алынып қойылған, ұлттық зиялыларды жаппай жазалауға бағытталған нақты әрекетiнiң басы едi.
Мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн, ұйымдастыру қызметіне жұмылдыра алатын өжет қайраткерлердiң орынын жалтақ та жарамсақ, өзiндiк пікірi жоқ, бiрақ та бiрiншi басшының көңiлiн табудың жолын бiлетiн Ораз Исаев, Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов, Iзмұхан Құрамысов, Ғаббас Тоғжанов iспеттi дүбара жандар алмастырды. Голощекиннiң сол жылдардағы жаппай жазалау саясаты тiкелей осы адамдардың, дайындаған әшкерелеушi құжаттары мен баяндамалары, мәлiметтерi мен кеңестерi арқылы жүзеге асты. Қазақ тiлiн бiлмейтiн, астанадағы өкiмет үйiнен аттап шықпаған, қазақ мәдениетi мен тарихынан, ғылымынан мақұрым шаян Шаяның тiлiне «идеологиялық у» жинап берген осы дәбiрлер едi.
«Ұлы iс – ұлы құрбандықты қажет етедi» - деген қазақстандық теорияны ойлап тауып:
«Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз», - деп жанын қасым ғып ант берген де осылар.
Берген антты «больщевиктiк ақ жүрекпен» орындау үшiн «Ұлы құрбандық шалуға» жанталаса жанықты. Бұл «құрбандыққа» Голощекин айтқан «әлiде жер басып жүрген ұлтшылардың кәрi көсемдерi» Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Халел және Жаhанша Досмұхамбетовтердiң, Мұхамеджан Тынышбаевтің есiмi аталды. Олардың кеңес өкiметi мен қазақ ұлтының hас дұшпаны екендiгiн әшкерелеп, жексұрын етiп көрсетудi Ораз Исаев өз мiндетiне алды. Ол сол тұстағы аймақтық комитеттiң Бочагов, Мартыненко, Шафиро, Брайнин iспеттi идеологтары мен тарихшыларына шұғыл түрде тапсырма бердi. Деректерi бұрмалаған, кей тұстары қасақана қате аударылған, тек қана әшкерелеушi құжаттар ғана жиналған «Алашорда» атты үш кiтап бiрiнен соң бiрi жарық көрдi. Кiтапты «өңдеп», алғы сөзiн жазған – Ораз Исаевтiң өзi едi. Мұны Бочаговтiң естелiгi толық растайды. Осы үш жинақтағы құжаттар „Алаш” партиясы мен „Алашорда” үкіметінің мүшелеріне басты айыптау айғағы әрі бейресми нұсқау-үкім ретінде басшылыққа алынды.
ІІ.
«Ұлы құрбандықты» дайындау рәсiмi баспасөздегі Голощекиннің қоқан-лоққысымен шектелiп қалған жоқ. Тiмiскi тыңшылар да iске қосылды. Қалайда жазаға тартудың айла-шарғысы қарастырылып, түрлi арандатуларды ұйымдастырды. Бұл ретте қисынды-қисынсыз әрекеттердiң бәрi де мақұлданды. Идеологиялық тұрғыдан «Ұлы құрбандықтың» барлық алғы шарттары жасалып бiттi. Ендi соны қылмыспен ұштастыру харакетi ғана қалды. «Кiшi Октябрь» идеясының жер, тәркi, мәдениет, әдебиет, оқу ағарту, саласындағы бағдары «Алаш» қайраткерлерiнiң көзi тiрi тұрғанда жүзеге оңайшылықпен аспайтынын бiлген әрi 500 байды тәркiлеу тұсындағы ел iшiндегi наразылықтың назатын басқа жаққа аудару үшiн Голощекин ОГПУ-дiң ерекше саяси басқармасының тыңшылары мен „сексоттарын” (жасырын тыңшы, яғни, салпаңқұлақ) іске қосты.
1927-1929 жылдардың арасында өзiндiк пiкiрi бар қазақ қызметкерлерiнiң барлығына «ұлтшыл» деген айып тағылып, сыпыра жұмыстан қуылды. Олардың әрбiр қадамы бақылауға алынып, соңдарына ерген “салпанқұлақтардың” есебi Iшкi iстер халық комиссариятының Мемлекеттік саяси басқармасының ерекше бөлiмiнiң тартпасына жинақтала бердi. Мұның өзi, жандармерияның тыңшылық айла-амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккiлiкпен меңгерген Голощекиннiң қазымыр басшылығының нәтижесiнде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты. Патша жандармериясының қулық-сұмдығына жетiк, қашып-пысып жүрiп әбден тасыстанып алған Голощекин ұлтжанды қайраткердiң соңына «жансыздарды» салып қойды.
„Алашорда” үкіметі мен „Алаш” партиясы қайраткерлерінің үстінен қылмысты іс қозғау үшін тергеу орындары ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды. Әсіресе, 1927 жылы Голощекиннің Қазақстандағы жер реформасын жүргізу науқанына Әлихан Бөкейханов қатты соққы беріп, Мәскеудің өзінде қабылдатпай тастағаннан кейін аңду күшейді. Өйткені жер жөнiнде алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтан асқан бiлiмдi маман сол кездегi кеңес өкiметiнiң мемлекет басында да жоқ болатын.
Патшалық Ресейдiң ең беделдi ғалымдары мен әскери барлаушыларынан, отарлау жүйесiнiң идеологтары мен теоретиктерiнен құралған академик Щербинаның экспедициясының құрамында он жыл бойы зерттеу жүргiзген Әлихан Бөкейханов ел мен жер жөнiндегi мәселенiң астарын бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн. Жер мен қоныстану туралы қарарлар 1922 және 1925 жылдары аса құпия түрде дайындалды әрі дәл сол кезде Әлихан Бөкейхановты Мәскеуде мырзақамақта ұстаған болатын. Соған қарамастан патша мен большевиктердiң жазалау және тыңшылық мекемелерiнiң әдiс-тәсiлдерiн барынша жетiк меңгерген Әлихан Бөкейхановтың араласуының және ақыл-кеңесінің нәтижесінде: патшалық Ресей тұсында 1914 жылы, ал кеңес өкіметі тұсында 1927 жылы атқарылуға тиісті „тың көтеру науқаны”, яғни, Ресейден алғашында 360 мың қарашекпенді Қазақстанға әкеп, „коллективтендіру” деген желеумен жер бөліп беру туралы жасырын жоспар жүзеге аспай қалды.
Мұның өзі ұлт көсеміне одақтық бедел әкелді.
Сонымен қатар Қазақстандағы жер нормасын белгілеу мен артық жерді анықтау мақсатында Әлихан Бөкейхановтың 1926 жылы С.Ф. Барановпен, С.И.Руденкомен бiрiгiп Атырау өңiрiнде жүргізген ғылыми экспедицияның қорытындысы «Қазақтар. Антропологиялық зерттеулер» деген атпен Ленинград қаласында 1927 жылы жеке кітап болып басылып шығып, өзінің пікірін ғылыми тұрғыдан көпшілікке жария етті. Енді одақтас республикалардың барлық өкілдері ашықтан-ашық қолдап отырған Ә.Бөкейхановты қалайда ауыздықтау қажеттігі туды. Өйткені кеңес өкіметінің „коммунистік-колонизаторлық” ұлт саясаты мен „артық жерге қоныстандыру” науқанын жүргізу Ә.Бөкейханов тұрғанда үлкен кедергіге ұшырайтыны сөзсіз еді. Сондықтан да Мәскеудің де, Қазақстанның да тергеушілері оның соңынан қатаң бақылау қойды. Ә.Бөкейхановқа Қазақстанға келуге тиым салынды. Оны қамаққа алу үшін алдын-ала сұрақ-жауап жүргізген түрме тергеушiлерiне:
«Е, тағы да жер мәселесi туралы заң шығарғалы жатыр екенсiңдер ғой. Бұдан бұрын да екi рет Халық комиссариаты жер мен жерге қоныстандыру туралы шешiм шығарардың алдында менi абақтыға қамап едi. Бiра қта аз ұлттардың өкiлдерiнiң, оның iшiнде Украина мен Грузия өкiлдерiнiң талап етуiмен Бутыркадан бiрден Кремльдiң төрiне шығарып едi. Жер мен қоныстандыру туралы Халық комиссарлар кеңесiнiң қаулысы орыстандыру туралы қаулы екенiн дәлелдеп бергенiммен де, шешiм қабылданбай қалып едi. Өйткенi бұл қаулыны дайындағандар менiң патша заманында-ақ айтысып үйренген Николай патшаның орысшыл «қаражүздi» ғалымдары едi. Швецов сияқты әдiл ғұламалардың тұжырымы бұл iске тартылмапты. Ол жолы Бутыркадан шығарса да Мәскеуден кетуге рұхсат етпеп едi. Әй, бұл жолы қайта шығара қоймассыңдар, қабақтарың қабарып кетiптi», - деген мазмұнда жауап берді.
Қанша түнерсе де тергеушiлер түрмеге бұл жолы да Әлихан Бөкейхановты жаба алмады.
1927 жылы шілде айының 15 күні алаш қайраткері Елдес Омаров ол кісіні Ресей мен Қостанай облысының шекарасындағы РСФСР-ға қарасты Бозан хуторына демалып қайтуды ұсынады. Саяси қыспақтың құрсауы бүрiп бара жатқанын сезген Әлихан Бөкейханұлы туған өлкесiн соңғы рет көрiп қайтуға келiсiм бередi. Бұл кезде тыңшылар да оның артына мықтап түскен едi. Демалыстан қайтқан соң Елдес Омаров тұтқынға алынады. Сөйтіп, „Алашорда қайраткерлерінің қарулы көтеріліс ұйымдастыру арқылы кеңес өкіметін құлату үшін құрған контрреволюциялық астыртын құпия ұйымды әшкерелеу ісінің” тергеуі осылай басталды. Ескерте кетеріміз, әуелде Ә.Бөкейхановты тұтқындауға ұмтылған тергеушілер, ол ойларын жүзеге асыра алмаған соң, тергеуді уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болған. Сол жылы желтоқсан айында Д.Әділевтің ұсталуымен тергеу қайта жалғасқанда, уақыты жағынан ілгері болса да, “Елдес Омаровты және т.б. айыптау ісі” ІІ том ретінде қоса тіркелген.
Елдес Омаров - 1892 жылы туған, туған жерi – Қостанай округінің Тобол болысында туған, тұрған жерi – Ташкент, қазақ, Торғайдағы ІІ кластық орыс-қазақ мектебiн (училище) үздiк бiтiрген. Ақпан төңкерiсiне дейiн мұғалiмдiк еткен және окрукгтiк сотта тәржiмашы болған, «Алашорда да» қызмет iстеген, Ташкенттегi Қазақ педагогикалық оқу орынының ұстазы, бiлiмi – орташа, бойдақ. Саяси көзқарасы – ұлтшыл, «Алаш» партиясының мүшесi, «Алашорданың» оқу комиссиясының мүшесi, «Алашорданың» Қостанайдағы қазақ полкiнiң саяси жетекшiсi болған. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың сенімді әрi ең жақын серiгi. Педагог, публицист, аудармашы, лингвист. Мақалаларын орыс тiлiнде жазған. «О сочетании казахской звуки», «Ахмет Байтурсунов – ученый - лингвист», «Қазақ тiлiнiң жаттығулар жинағының», орта мектепке арналған геометрия, физика оқулықтарының авторы. Заман ағымы, зәру мәселе, халық басындағы мұң, мектеп, оқу жайы жөнiнде және әр түрлi ғылыми кiтаптарға рецензиялар жазған.
« Қазан айының 13 күнi, 1927 жыл, жауап алған Логачев.
„...1927 жылы шiлде айының 15 күнi, мен – Омаров, қазақ оқу ағарту комиссариатының тапсыруымен өлкелiк музейдiң шаруасымен Орынборға бардым. Орынборда мен заң комиссариатының мүшесi Сейдазым Қадырбаевпен жолықтым. Ол: Орынбор уезiндегi Бөртi ауданында демалып қайту туралы ұсынысымды Әлихан Бөкейханов қостамады, маған хат арқылы бас тартып, жауап жазды, - дедi. Бөкейхановтың Қадырбаевқа жазған хатын өз көзiммен оқыдым. Маған – Омаровқа, Мәскеудегi ГПУ – дiң тергеу жүргiзуiне байланысты Әлихан Бөкейхановқа Қазақстанның шекарасына кiруге рұхсат етiлмейтiнi туралы хабар таныс болатын, оны Қызылорда да естiгенмiн. Мен Орынборда жүрiп, Әлихан Бөкейхановты бұрынғы Челябi уезiне қарасты Златоусть округiнiң Бозан хуторына демалып қайтуға шақырдым. Бозан хуторында отыздан астам қазақ үйi тұратын, оның барлығын бала кезiмнен бiлетiнмiн. Егерде Бозан хуторына демалуға келiсiм берген жағдайда маған Қызылордаға жеделхатпен хабар берiңiз деп Бөкейхановқа өтiнiш еттiм. Орынбордан Қызылордаға қайтып келгеннен кейiн оқу ағарту комиссариаты арқылы Бөкейхановтан мен айтқан жерге демалуға келiсiм бергенi туралы жеделхат алдым. Екi күннен кейiн Златоусть округiнiң Бозан хуторына жүрiп кеттiм, 1 тамыз күнi сонда келдiм. Бөкейханов әлi келмептi. Келесi күнi Қостанай округiнде демалып жүрген Нұрымов Ғаббас маған келдi. Оған осында келу туралы жеделхат жолдаған екен. 11 немесе 12 тамыз күнi Әлихан Бөкейханов келдi. Алғашында ол 2 тамыз күнi келемiн деген болатын, кейiннен 8 тамызға дейiн кешiгетiнi туралы жеделхат жолдады, соңынан 9 тамыз күнi Мәскеуден шыққанын хабарлады. Бөкейханов, Омаров, Нұрымов үшеумiз бiрге болған кезде, бiрiншi аталған адам бiзге жерге орналастырудың барысы туралы мағлұмат бердi. Ол бiзге өзiнiң ертерек келе алмағандығының себебiн айтты.
Сөйтсек: жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмыс комиссиясы – бұдан Қазақстандағы жер бөлiсiнiң мөлшерiн анықтайтын комиссияның жобасын талқылауға қатысу үшiн мұның Мәскеуде қала тұруын өтiнiптi. «Мәскеуде аялдай тұрыңыз», - деп Бөкейхановқа кiм өтiнiш бiлдiрдi, онда қандай өкiлдiкпен қатысты, ол жағын Бөкейханов маған айтқан жоқ. Ең әуелi РСФСР-дiң Жер жөнiндегi комиссариатының жер бөлiсi туралы шешiмi оқылыпты, оны сол Жер жөнiндегi халық комиссариатының бiр қызметкерi баяндап берiптi. Олар бекiткен жер бөлу мөлшерi негiзсiз деп табылып, қабылданбай тасталыпты. Бұл жер бөлу мөлшерiн қорғап сөйлегендер, аты есiмде қалмапты, профессор Верещагин дегеннiң беделiне сүйенiптi. Жер бөлудiң бұл мөлшерiне Бөкейханов қарсы сөйлептi, ол: бұлардың сүйенiп, қорғап отырған беделдi профессоры патшаның тұсында келiмсектер басқармасында iстегенiн, онда орыс дворяндарының мүддесiн қорғағандығын әшкерелептi. Бұл профессорыңыз 1913 не 1914 жылы Мемлекеттiк думаның төрағасы Варун (? – анық танылмады – автор.) мырза арқылы Торғай мен Қостанай уезiнiң аралығындағы жердi қаратып алу туралы жарлық шығарыпты», - дептi.
Өзiнiң сөзiнде профессор Верещагин жер туралы мәселенiң тонын терiс айналдырып: «Тула губерниясының мұжықтары жерiнiң аздығынан және жерiнiң жоқтығынан қасiрет шегiп отыр. Ал оның есесiне Қазақстандағы бос жатқан жерде есеп жоқ», - деген көрiнедi. Бөкейханов оның уәжiне қарсы сөйлеп: «Бұл профессор бұрын ғой орыс помещиктерiнiң мүддесiн көздеп қазақтардың жерiн тартып алып, оны орыс помещиктерiне берiп едi. Егерде Тула мұжықтарына жер керек болса, онда бiз қазақтар, мына сияқты профессордың көмегiнсiз-ақ, олардың өзiмен тiкелей сөйлесемiз» - дептi.
Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, РСФСР-дiң Жер комиссариатының кесiмi бойынша жер кесiмi әдейi аз мөлшерде белгiленiптi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер бар дегендi дәлелдемек болыпты. Бұл кесiм – болашақта Қазақстанды отарлау үшiн пайдалануға жол ашады, - деп есептейдi Бөкейханов. Бұл - қазақ халқының мүддесiне қарсы бағытталған әрекет. Бұл мәселенi қозғап отырғандар РСФСР-дiң Жер комиссариатының маңына топтасқан орыс мамандары. Егерде орыс мамандарының ықпалымен жасалған жер келiсiмi жөнiндегi жоспарды РСФСР-дiң Жер комиссариаты өмiрге енгiзетiн болса, онда бұл Қазақстанға қаратыла отарлау саясатын жүргiзу болып табылады. Осылай деп күйiнген Бөкейханов: «РСФСР-дiң Жер комиссариатының дәл қазiргi орыс мамандарының жетегiнде кеткендiгi өте қауiптi саясат, олар бұрынғы отарлаушылар болатын, бұл бағыт Қазақстанның сөзсiз отарлануына алып келедi», - дедi. Отаршылдықпен күресудiң қандай бiр әдiс-тәсiлiн Бөкейханов маған да, Нұрымовқа да айтқан жоқ. Ол: профессор Швецов белгiлеген Қазақстанның жер жөнiндегi комиссариатының жер кесiмi мөлшерi бекiтiлуi керек, РСФСР-дiң комиссариатындағы орыс мамандарының әрекетiне қарсы қолданылатын бірден-бiр саясат сол дедi. Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, Қазақстанда басы артық жер жоқ. Бұл пiкiрдi, мен – Омаров та, қостаймын.
Мен – Омаров, Қостанайға қайтып келгеннен кейiн, Қостанай округтiк жер басқармасының бастығы Көшербаевтан Швецов белгiлеген қазақ жер комиссаритының жер кесiмi туралы ұсынысын белгiсiз себептермен Мәскеудiң бекiтпегенiн естiдiм.
Мен – Омаров, қазақ халқының өмiр сүру тәсiлiне байланысты жердi пайдалануға таптық принцип тұрғысынан қарауды мүлдем қисынсыз деп есептеймiн. Өзiнiң шыққан әлеуметтiк-таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерiн емiн-еркiн пайдалануы тиiс. Әрине, жер ең алдымен кедейлерге бөлiнiп берiлуi керек дегендi қостаймын. Кедейлерге жер бөлiнiп берiлген соң солармен тең дәрежеде және бiрдей мөлшерде бай қазақтарды да жермен қамтамасыз ету қажет. Жердi түтiн санына қарап емес, жан басына қарай бөлiп берсе, әдiл болар едi деп ойлаймын.
Хаттама маған таныстырылды және менiң айтқан сөздерiм дұрыс жазылды, сол үшiн қолымды қойдым – Омаров (қолы).
Тергеу жүргiзген – Л. Логачев».
«Алашорда» көсемдерiнiң арасындағы «сүйкiмдi серi» атанған Елдес Омаровтың ерiксiз жазылған жоғарыдағы „естелігі” Әлихан Нұрмұхамедұлының көзқарасы мен жандүниесiн тереңiрек түсiнуге мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ дүлейлi дауылдың алдындағы қатерлi кезеңде де өз араларындағы құрмет пен сыйласымдылықтың жойылмағанын, қайта қадiрi арта түскенiн аңдатады. «Өзiнiң шыққан әлеуметтiк-таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық түтiн иесi өз жерiн емiн-еркiн пайдалануы тиiс» - деген талаптың түпкi астарында: қазақ жерi - қазақтардың ұлттық меншiгi деген үлкен мағына бар едi. Бұл ретте қазақ азаматтары бiр пiкiрде болды. Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Кәрiм Тоқтабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов iспеттi үкiмет басында отырған қайраткерлер толықтай Әлихан Бөкейхановтың пiкiрiн қостады. Iштей қостап қана қоймай, мемлекеттiк ресми дәрежеде ат салысты, қайрат көрсеттi. Олардың түпкiлiктi пiкiрi Елдес Омаровтың мына куәлігінен анық байқалады. Онда:
«Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да елiмiздiң еуропалық бөлiгіндегi губернияларынан қоныстанушыларды көшiрiп әкелу туралы әңгiме болуы мүмкiн емес. Төңкерiске дейiн де, төңкерiстен кейiн де Қазақстанға қоныстанған орыс тұрғындары жергiлiктi халыққа жер бөлiнiп берiлгеннен кейiн, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек. Егерде жергiлiктi қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшiн қажет болса, онда орыс тұрғындарын Қазақстаннан көшiрiп жiберу қажет.
Өзбек пен Түрiкмен республикасы СССР-дiң құрамына кiрген жағдай да ғана Қазақстан СССР–дiң құрамына өз еркiмен ғана қосылуы тиiс және қазақ республикасының маңызын сақтап қалу керек. Менiң ойымша, қазақтың мүддесi тұрғысынан алғанда барлық қазақ коммунистерi тура бiздер – ұлтшылдар сияқты ойлайды деп сенемiн. Мәселен: Қазақстандағы Жерге қоныстандыру саясаты туралы мәселе жөнiндегi бiздiң – ұлтшылдардың пiкiрiн қазақ коммунистерi толықтай қостайды. Олардың нақты атын айтып, тiзiмдеп бере алмаймын, тек жалпылама топшылауым солай. Айтпақшы, мен – Омаров, жер бөлiсi жөнiнде халық комиссары Тоқтыбаев Кәрiммен сөйлестiм, сонда ол: Швецов жасаған жер бөлу жоспарын Мәскеу бекiтпедi, сондықтан да Қазақстанның коммунистерi, оның iшiнде мен де бұл ұсынысты бекiтуге күш салуымыз керек - дедi», - деп жазылған.
Елдес Омаровтың 1927 жылғы 20 қазан күнгi, яғни Әлихан Бөкейхановпен бiрге демалып, Қызылордаға қайтып оралғаннан кейiнгi жүргiзiлген тергеу iсiндегi жауабында сол тұстағы қазақ зиялыларының арасындағы саяси қарым-қатынас қысқа әрi түсiнiктi баяндалған. Бұл кез – Смағұл Сәдуақасовтың Голощекинмен ашық майданға шығып, тура шабуылға көшкен кезi-тiн. Ұлттық бағыттағы қайраткерлердiң жiк арасын Елдес Омаров өз көзқарасы арқылы былай сипаттайды:
«Қазақ коммунистерiнiң арасында екi топтың барлығы маған белгiлi. Олардың бiреуiне – Сәдуақасов Смағұл, бұрынғы Жер жөнiндегi комиссар Сұлтанбеков, Мыңбаев және Жандосов тағы басқалар басшылық етедi. Екiншi топтың жетекшiлерi: Халық комиссарлар кеңесiнiң төрағасы Нұрмақов, Тоқтыбаев Кәрiм, Тоғжанов тағы басқалары. Бiрiншi топ – ұлтшылдардың қатарына жатады, екiншiсi де бiрiншiден пәлендей айырмасы жоқ. Аталған екi топтың арасындағы алауыздық тек мәнсап бөлiсуден және жеке бастарының араздығынан туындаса керек. Өйткенi қазақ халықының мүддесiн қорғау кезiнде, мысалы жерге орналастыру мәселесi жөнiндегi тартыс кезiнде екi топ та бiрiгiп кеттi. Қазақтың партияда жоқ зиялылары ана топқа да, мына топқа да iш тартады. Мәселен, мен – Омаров, Сәдуақасовтың тобын жақтаймын. Ал Ғаббасов Халел мен Ермеков Әлiмқан Нұрмақовты қостайды. Менiң ойымша, қазақ қызметкерлерiнiң арасындағы жiкшiлдiк тек партиялық тәртіп тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар қазақ халықының мүддесi тұрғысынан алғанда да үлкен зиян келтiредi. Топтасу өшпендiлiктi туғызады, күштi ыдыратады. Ал ауылдағы таптық жiктеуге келсек, оны мен – Омаров, дәл қазiргi уақытта мойындаймын және оған оң көзбен қараймын. Таптық тартыс, әсіресе шабындық пен егiндiк жердi бөлiскенде айқын байқалады. «Алашордашылар», оның iшiнде мен – Омаров, қазақ халқының таптық жiктеуiне қарсы болдық. Себебi бiз: қазақ халқының көпшiлiк бөлiгi байларға байлаулы болғандықтан онымен ашық күресе алмады, байдың ықпалындағы кедей өзiнiң үкiмiн ауқаттыларға қарсы жүргiзе алмады деп ойладық», - деп түсiнiктеме бердi.
Елдес Омаровтың жауабындағы айтылған жайлар тiмiскi тергеушiлерге берiлген қарабайыр түсiнiктеменiң қатарына жатпайды. Ал бұл – саяси көзқарастың тұжырымы. Голощекиннiң арандатушы әрекетiне саналы түрде қарсы шыққан қайраткерлердiң iс-қимылының бағдарламасы. Елдес Омаров олардың аты-жөнiн айту арқылы тергеушiлерге «жем» тауып берiп отырған жоқ. Бұлардың саяси бағыт-бағдары анық, өз пiкiрлерiн түрлi мемлекеттiк және партиялық жиналыстарда ашық айтып, еркiн талқылауға ұсынған күрес жоспары болатын.
Тергеу ісіне жеке басқа қатысты хаттарда тіркелген және ол хат пен оны тапсырушы адам туралы тәптіштеп тұрып түсінік алған..
«15 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.
Қосымша тергеу кезінде азамат Елдес Осаров мынаны айтты:
12 қазан күні менің үйімді тінту кезінде алынған және қазір маған көрсетіліп отырған, соңына “Эльза” деп қол қойылған бұл Қызылордадағы Қаражат халық комиссариатының қызметкері Александр Александрович Вертанің әйелі Эльза Адамовна Верта маған – Омаровқа арнап жазған. Эльза Адамовна Вертаның хаты менің тікелей өзіме 1927 жылдың шілде айының орта кезінде, Жер жөніндегі қазақ халық комиссары Жағыпар Сұлтанбеков Қызылордадан Мәскеуге бара жатқан сапарында маған табыс етті. Мен Сұлтанбековті Орынбор қаласының вокзалында күтіп алдым. Өзінің жолға шыққаны туралы маған жедел хат арқылы хабарлаған еді. Мен, Омаров, мынаны мәлімдеймін, мен Қызылорда да жүрген кезімде Мәскеуге бірге барамыз деп Сұлтанбековпен келіскеміз. Мен, Омаров, Мәскеуге көңіл көтеру үшін және керекті зат сатып алу үшін бармақшы едім. Эльза Адамовна Верта Сұлтанбековті сол жылдың наурыз не көкек айында менің пәтерімде, мен – Омаров, таныстырған едім. Ол кезде Эльза Адамовна Ташкент қаласындағы менің пәтерімде екеуіміз бірге тұратынбыз. Ал Эльза Адамовнамен 1921 жылдан бері таныс” – екендігін айтады.
Бұдан кейін өзінің Жағыпар Сұлтанбековпен бұрын Қостанайда Өлкелік Жер басқармасында бірге істегенін, екеуінің сол кезде танысқанын баяндайды. Сұрақ-жауаптың бәрі Жер мәселесі жөнінде өрбіген. Одан әрі қарай қайтадан әлгі хаттың жайына ауысады. Себебі, хаттың ішіндегі арифметикалық формуланың өзі тергеушілерге шпиондық шифр ретінде көрінген:
“Мен онымен 1927 жылы Қызылордада қалалық бақшада кездесіп, қалдым, содан кейін мен – Омаров Сұлтанбековпен бірге шәйханада тамақтандық. Біздің жанымызда, Жер жөніндегі халық комиссариатының бұрынғы комиссары, Жетісу губерниясының төрағасы Әлімбеков, Ішкі істер халық комиссарыиатының бұрынғы (комиссары-?) Есқараев, Сауда жөніндегі халық комиссариатының комиссия мүшесі Төлепов Мирасбек, тағы да басқа адамдар болды, оларды ұмытып қалыппын. Сұлтанбековпен екінші рет тағы да бақшада кешке жақын тамақтанып отырған кезде кездестім. Біз бастапқыда – Омаров, Міржақып Дулатов және Халел Ғаббасов үшеуіміз тамақтанып отырғамыз, оған кейіннен Сұлтанбеков пен Ақаев Серікбай қосылды. Сол отырыста Сұлтанбековпен келісіп, Мәскеуге бірге барайық, сен шығарыңда маған Орынборға жеделхат сал деп уағдаластық. Эльза Адамовна Верта тек мен – Омаров арқылы танысқан менің мынадай жақсы достарымды: Дулатов Міржақыпты, Нұрымов Ғаббасты, Шонанов Телжанды, Қадырбаев Сеидазымды, Байтұрсынов Ахметті, Ермеков Әлімханды, Жүргенов Темірбекті, Жолдыбаев Молдағалиды, Қадырбаев Әбдірахманды, Ташкенттегі Қазақ мұғалімдер институтының үлгілі оқу мектебінің оқу бөлімінің меңгерушісі Юсупов Ахамет – Сафаны, Орта Азия Мемлекеттік универсиетінің Шығыс факультетінің доценті Файзолла Ғалымжановты және Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер институтының оқу бөлімінің меңгерушісі Михайл Сменинді біледі.
1927 жылы маусым /июнь/ айының соңында, мен – Омаров, Ташкенттен Қызылордаға кетіп бара жатқан Эльза Адамовна арқылы Міржақып Дулатовқа хат беріп жібергем, онда мен математикалық формулалардың белгіленуі жөніндегі мәселе туралы Ахмет Байтұрсыновпен сөйлесіп бер деп өтініш еттім. Ол хатты Эльза Адамовна өз қолымен табыс етті ме, жоқ па, оны анық білмеймін. /Әлгі тергеушілердің шифр деп жүргені осы - автор/ Әйтеуір Дулатов хатты алғаны рас. Байтұрсыновты мен кейін вокзалда кездестірдім. Мен келген поезбен Кавказға, демалуға кетіп бара жатыр екен. Байтұрсыновпен мен тек қана математикалық формуланың атауы жөнінде ғана сөйлесіп үлгердім. Бөкейханов Әлихан Мәскеуге Шығыс Халықтарының Орталық баспасында істейді, қандай қызметте екенін анық айта алмаймын. 1927 жылдың тамыз не қыркүйек айына дейін онымен бірге Мәскеу қаласында өзінің қызы, бұрынғы Оқу – ағарту комиссары Сұмағұл Сәдуақасовтың әйелі – Елизовета /қазақша аты – Ләйлә/ Әлиханқызы бірге тұрды. Қызы қазір дәрігерлік факульетті бітіргенен кейін күйеуі Сәдуақасовтың тұрақты жұмыс орыны орналасқан Ташкент қаласында тұрады, ол кеткеннен соң Бөкейханов Әлиханның жағдайы болыңқырамай, әсіресе ас әзірлеу жағынан күйзеліңкіреп кетті. Мен – Омаров, өзімнің Қызылордадағы таныстарым арқылы оның ішінде Жер жөніндегі комиссар Сұлтанбеков, Халел Ғаббасов, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұрмақов пен Оқу – ағарту комиссары Тоқтыбаев арқылы Бөкейхановты Қызылорда қаласына ауыстырып алып, Жер жөніндегі комиссариатқа, не Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне, немесе Қазақстанның Есептеу Орталығы басқармасына тұрақты қызметке орналастыруды ойластырдым. Менің тұтқынға алынуыма байланысты Оқу – ағарту комиссары Тоқтыбаевтан басқа жоғарыдағы аты аталғандардың ешқайсысымен сөйлесудің реті келмеді. Соңғы адаммен осы жылдың қазан айында /Тоқтыбаевпен – авт./ мен Қостанайдан Ташкентке қайтып бара жатқан жолымда жолықтым. Тоқтыбаев Бөкейхановтың Қызылордаға ауысуына көмектесуге уәде берді. Менің айтарым, бұл жөнінде мен – Омаров, Бөкейхановпен арнайы сөйлескемін жоқ, сондықтан оның қандай пікірде екенін білмеймін.
Менің жауабым өзіме оқып берілді және сөздерім дұрыс жазылған.
Елдес Омаров /Қолы/
Тергеуші – Логачев».
Мұнда ерекше назарға алынғаны: а). Бөкейхановты Қазақстанға шақыртуға ниет білдіруі – алаш қайраткерлерінің басын бір жерге қосып, астыртын ұйым құруға ұмтылыс ретінде бкағаланған. ә). Арифметика мен физика пәндерінің терминдерінің авторы Е.Омаровтың А.Байтұрсыновқа кеңес беру үшін ұсынған математикалық формулалары – «шифрлы жазу» деп қарастырылған. Зады Міржақыпқа жолданған хатты тапсырған Эльза Адамовна Верта оны біреуге көрсеткен сияқты. Тергеушілер мұнымен де шектеліп қалмай күдіктілердің қатарын молайта берген. Сол кездегі жас геолог Қанышқа да күдік көзі түскені байқалады.
«18 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.
Тергеуге алынған Елдес Омаров қосымша сұраққа былай деді:
“Сәтбаев Қанышты мен білемін. Ол Семейдің бір губерниясынан келген, инженер. Мен онымен 1923 жылы, ол Қазақ Оқу-ағарту комиссариатының Академиялық орталығына қазақ тілінде жазылған алгебра оқулығының қолжазбасын табыс еткен кезінде таныстым. Мен академиялық орталықтың жанындағы ғылыми комиссианың хатшысы ретінде алгебра терминдерін жасау жөніндегі жұмысқа қатыстым және Сәтбаевтің қолжазбасы жөніндегі хабарламашы болдым. 1927 жылы мен Сатбаевпен еш жерде және қандайда бір жағдайда жүздескен емеспін. Мен оны соңғы рет 1926 жылы Қызылорда қаласында Дулатов Міржақыптың пәтерінде көрдім. Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орынында сабақ берді: Мен – Омаров – қазақ тілінен сабақ бердім, Досмұхамедов Халел – ректордың орынбасары, барлық шаруашылық мәселелерді сол жүргізді. Ермеков Әлімхан – математикадан дәріс оқыды әрі нақты ғылымдар мен математика факултетінің деканы міндетін атқарды”.
Бұдан әрі академияның қызметі айтылады. Бірақ та бұл жолы жоғарыда айтылғандардың ішінен Халел Ғаббасовтан басқалары тергеудің құрығына ілікпеді.
«Алаш iсi» атты бұл тергеудегi жер мен қоныстану мәселесi жөнiндегi «қылмысты қосымша дерекпен әшкерелеп бергеннің» бiрi - сауда қызметкері Мирасбек Төлепов. Бұл кiсiге Жер жөнiндегi халық комиссариятындағы басшылардың басқан iзiн бақылау тапсырылды ма, жоқ, өзі белсенділік танытты ма, әлде шайханада бірге дәм татқанын білген тергеушілер оны да бопсаға сап дегеніне иліктірде ме, белгісіз, әйтеуір сол күндері М.Төлепов жолдас «коммунистік мiндетін» уақытында әрi «абыроймен» атқарыпты. Әсiресе, жер саясаты жөнiндегi «ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiне қабырғасы қатты қайысады” екен. Ол осы жаз айындағы жер мәселелері туралы оқиғаларға орай Әлихан Бөкейхановтың және өзге де мемлекет қайраткерлерiнiң үстiнен төмендегi мазмұнда тiкелей Голощекиннiң өзiне арыз жолдады.
«ВКП (б) – ның өлкелiк комитетiне
«ВКП (б) мүшесi М. Төлеповтен
Партиялық билет №...
ҚССР-дегi бiздiң партиямыздың алдында шешiмiн күтiп тұрған аса күрделi бiр қатар мәселелер бар. Соның iшiндегi саяси және шаруашылық маңызы ерекше зор, шиеленiскен және ең қиын мәселенiң бiрi - жер мәселесi. Бұл туралы әр түрлi көңiл-күй қалыптасып, қилы-қилы «теориялар» мен «позициялар», «көзқарастар» орын алып отыр. Әсiресе, дәл кедейлер мен еңбекшi орташалар ғана емес, тегi бiздiң партиямызға жаулықпен қарайтын бай-кулактар мен эсершiл-алашордашылардың өкiлдерi де белсендiлiк танытуда. Соған қарамастан, бiздiң кейбiр жауапты қызметтегi жолдастарымыз тек қана партияның ішкі жұмысы болып табылатын мұндай күрделi мәселенi Әлихан Бөкейханов сияқты контрреволюциялық элементтермен бiрiгiп талқылауға дейiн барып отыр, сөйтiп партия қатарындағыларға бұл адамның ықпалының күшеюiне, бiздiң елiмiздегi шешушi мәселенiң бiрi – ҚССР-дегi ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленiстiрiп, қиындатып жiберуiне қолайлы жағдай жасалып отыр.
Өз еркiмнен тыс төмендегi партияға қарсы әрекетке куә болғандықтан да, бұл туралы Крайкомға хабарлауды партиялық борышым деп есептеймiн.
Осы жылдың шiлде айында Жер жөнiндегi халық комиссары Сұлтанбеков Қырымға кетiп бара жатып жолай Мәскеуде аялдады. Сол күнi, қонақ үйге киiм-кешегiн тастай салысымен Сұлтанбеков Әлихан Бөкейхановтың пәтерiне тұра жүгiрдi, өзiнiң ол үйге баратындығы туралы Жер жөнiндегi комиссариаттың қазақ өкiлдiгiнде тiркелген қызметкерi арқылы алдан-ала хабарлатып қойыпты, ол Әлихан Бөкейхановтың үйiнде түн ортасына шейiн болды. Әлихан Бөкейхановпен арадағы әңгiмеден кейiн ол Төреғожин мен Төлепов жолдастарға: «Әлихан Швецовпен сөйлесемiн деп уәде бердi де өзiмiз ойлағандай етiп шешетiн болды», - деп хабарлады. Әңгiме федеральдық мекемелермен арадағы талас тудырып отырған Қазақстандағы жер кесiмi мен бөлiсi туралы едi. Менiң ойымша, партияның iшкi iсi болып табылатын мұндай күрделi мәселенi «Алашорданың» көсемiмен бiрiгiп талдау – төзуге болмайтын жай. Мұндай жағдайда, большевиктер партиясына мүлдем жат идеологияның партия мүшелерiне ықпал етуi мүмкiн, сондай-ақ, Жер жөнiндегi комиссариат сияқты аса жауапты мекеменiң қызметкерлерi тұтастай, не жарым-жартылай аса реакцияшыл, жат пиғылдағы «Алашорда» идеологиясының шырмауында кетпесiне кiм кепiлдiк бередi, бұл бiздiң жұмысымызға тек кедергi жасайды.
Менiң ойымша, бұл мәселенi Бөкейхановпен және оның компаниясымен емес, тек қана жетекшi партия ұйымдарымен, тек қана партияның өз iшiнде талқылау арқылы ғана шешуге болады және солай ету керек.
23/Х – 27 ж. М. Төлепов».
Бөкейхановтың жеке басы үшiн бұл «партиялық хаттың» пәлендей пайда-зияны шамалы-тын. Тек халық қамын ойлаған халық комиссары Ж.Сұлтанбеков орынынан алынды және оның әрiптестерiнiң жолын қиды. М. Төлеповтiң бұл арызы «Алаш iсiнiң» індетіле тергелуіне себепкерлiк еттi. Мұндай ұтымды «айғақты» әккi Голощекин өте ұрымтал пайдаланды. Ол өзiнiң кезектi бiр мәжiлiсіндегi кезектi-кезексiз, керектi-керексiз сөздерiнiң бiрiнде «ақ жүрек» М. Төлеповтiң арызына сүйенiп:
«Қазақстанды қалай басқару керек екенiн, мысалы, Сұлтанбеков жолдас қасындағы бiрiншi басшы Голощекиннен емес, Мәскеудегi Әлихан Бөкейхановтан ақыл сұрады», - деп мән-жайдың тонын өзгерте баяндады.
«Қужақтың» өршелене, өрекпи, елiре сөйлеуiнiң астары түсiнiктi. Ол қалайда жер туралы заңды жүзеге асыртып, 360 мың еуропалық қоныстанушыларды жылдам көшiрiп әкелiп, қазақ ұлтының тектiк тамырын келiмсектер тұқымымен будандастырғысы келдi. Ол үшiн ең алдымен қазақ зиялыларын түрмеде тұқыртпай «iс оңға баспайтынына» көзi жеттi. Бұл жазалау саясатының ресми түрде басталу «рәсiмi» болатын. Тергеуге алынған Ә. Бөкейханов бұл оқиға жөнiнде мынадай мәлімдеме жасады:
«...Менiң жер туралы саясатқа көзқарасым мынаған келiп саяды: орыстар (қоныстанушылар) мен қазақтарға жердi тең мөлшерде бөлiп беруге болмайды, өйткенi, орыстар жердi өңдеу мәдениетiн жақсы меңгерген, сондықтан да олар үнемi қазақтардан үстем түсiп отырады, ақыр-аяғында, қазақтарды ысырып шығарады. Мiне, менiң жер мәселесi жөнiндегi «ұлтшылдық» көзқарасым осы.
Ал ендi, менi Жер жөнiндегi халық комиссариятының жер туралы iсiне араласады – мыс деген қауесетке келетiн болсақ, онда мен мынаны мәлiмдеймiн: менiң бұған ешқандай қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетсiнiп отырған да ешкiм жоқ. Мысалы мен Голощекин жолдастың «Мәскеуге келгенде Голощекинге емес, маған жолықты» - деп Сұлтанбековтi айыптаған жаласын мойындамаймын, болған оқиғаның жайы мынадай.
Сұлтанбеков Мәскеуге республиканның Жер жөнiндегi комиссары ретiнде РСФСР-дiң Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне жер кесiмiнiң мөлшерiн бекiттiру үшiн келдi (1927 ж.). Ол кесiмдi мөлшердi бұдан бұрын қазақ үкiметiнiң мекемелерi бекiтiп қойған, кесiмдi жер мөлшерiн ұсынған және оны қорғап шыққан Швецов едi. Мiне, сондықтан да РСФСР-дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде әлгi жер кесiмiнiң мөлшерiн тағы да қорғау үшiн Швецовқа өтiнiш етпек екен, сол үшiн менi iздеп келiптi, олар менiң Швецовпен ескiден келе жатқан (34 жыл!) дос екенiмдi бiлетiн, егерде мен өтiнiш етсем оның бас тартпайтынын, ал Сұлтанбековтiң өзi айтса, онда Швецовтың бас тартуы мүмкiн екендiгiн баяндады. Менiң өтiнiшiмнен кейiн, шынында да, Швецов жер кесiмiн қорғауға келiсiмiн бердi. Ал, Голощекин ғой, Сұлтанбековке айып тағып, менiмен «кеңестi» деп байбалам салды», - деп Қуажақтың өзiн мінедi.
Ә.Бөкейханов тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен – ақ түсiнiп, мысқылмен жауап берiп, мысын құртты. «Бұл мәселенi анау (мысалы, Сталин) жақсы бiледi» деп кеңестің өз көсемдеріне сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп, арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бiрақ та қанша жаныққанымен де «Алашордада» үкiметiнiң Төрағасы Әлихан Бөкейхановты тұтқындауға дәрменi жетпедi. Сондықтан да тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, сондықтан өзгеше болуы да мүмкiн – авт.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығыының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:
«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», - деп жазды.
«Алашорда» үкiметiнiң Төрағасы әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап, «Мен – „Алашорда” үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметiне былай қарады», - деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта түйiндеп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бір-ақ шығарушы едi. Бұл жолы қайтесiңдер» - деп кекетуден де жасқанбады. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ – тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады.
Айғақтары жеткіліксіз әрі дәлелсіз деген жалған желеумен Елдес Омаровты 28-31 қазан аралығында үйіне босатқан. Алд мұның басты себебі, бостандықта жүргенде кіммен кездеседі, онда қандай пікірлер қозғалады, соны білу үшін әдейі жіберілген сияқты. Тыңшылардың мәліметіне қарағанда сол күндердің ішінде оны Қадырбаев Сейдазым қонаққа шақырыпты. Қонақта болғандар: “Нұрымов Ғаббас, оның ағасы Ахмет Бузинов, Юсупов Ахмет – Сафа, қайтыс болған Бірімжанов Ахметтің әйелі – Жәкен, Байменов Ілияс, Ақбаев Жанат т.б.” (Бұл көрсетінділердің соңына қол қойылмағандықтан да пайдалана алмадық).
Алайда бұл уақытша ғана алдарқату болатын. Өйткені үш күннен кейін Е.Омаров қайта абақтыға қамалады. Елдос Омаров ұсталған 15 қазан күні «Алашорданың» көрнекті қайраткері Халел Ғаббасов та жауапқа тартылды. Бірінші тергеуде Елдес Омаровқа: а) коллективтендіру саясатына қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды деген, екінші жолы: ә) «1921 жылы Орынбор, Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құруға қатысты-мыс» деген айып тағылды. Ал Халел Ғаббасовтың тұтқындалуы Голщекиннің сол жылы күзде басталған конфискациялау науқанымен тікелей байланысты болатын.
ІІІ.
«Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне толықтай кешірім жасау туралы 1919 жылғы 4 сәуірдегі қаулыдан кейін Ахмет Байтұрсынов сол жылы желтоқсан айында тағы да Лениннің қабылдауында болып, қазақ ұлтының болашақ өмір сүру құқы қақында пікір алысады. Ерлердің басын қызылдардың қырғынынан арашалап алған ұлт көсемі енді елінің де талмауытты тағдырына алаңдап, оның басына төнуі мүмкін зауалдан құтқаруға ұмтылады.
«Декабрь, позднее 9, 1919 г. Ленин принимает в Кремле председателя Военно-рево-люционного комитета по управлению киргизским краем С. С. Пестковского и члена ВРК А. Байтурсунова по их просьбе: слушает доклад Пестковского о хозяйственном и политическом положении края, о трудностях в политико-просветительной работе; советует подготовить несколько хороших докладов, перевести их на казахский язык и записать на граммофонные пластинки, приобрести возможно большее количество граммофонов и разослать их вместе с пластинками по кочевьям в степи; предлагает не торопиться с политикой перераспределения скота у кочевников в пользу бедноты» (Владимир Илич Ленин. Биографическая хроника. Т. 8, с. 108.).
Хаттамада көрсетілгеніндей, сонау 1919 жылғы желтоқсанның 9 күні түнде В.И.Лениннің өзі қолдап, «көшпелілердің малын кедейлердің мүддесі үшін қайта бөлу саясатына асықпай, байыппен келу» туралы ұсынысты – Ұлы Октярьдің көсемі Ленин айтқан сын-ескертпені «кіші октябрьдің көсемі» атанудан дәмеленген Голощекин назарына ілгісі келмеді.
Осы ойларын жүзеге асыру үшін 1928 жылы күзде байлардың мал-мүлкін ортаға алып, ет пен астықтың бір қадағын да қалдырмай сыпыра жинауға нұсқау берді. Жеделдете қазақтың 500 байын тәркіленіп, „мәңгiлкке жер аударылды”, олардың қатарына „белдеудегі бұзауына дейін” тәркіленген орташа ауқаттылар қосылып, зардап шеккендердің саны төрт-бес еседен асып түстi. Исi қазақ қауымы «Кiшi Октябрдiң» «қара дауылына» түршiге қарап, шекараға жақын өлкедегiлер Шығыс Түркiстанға, Ауғанстанға, Иранға iшiнара Монголияға қарай босты. Атырау өңірі – Үстіртке, Торғай, Ырғыз тұсы – Торғай ойпатына, Сарысу, Созақ өңірі – Бетпақдалаға ойысты. Наразылық та күшейді. Қара халық Голощекин мен Ерназаровтың «аша тұяқ қалдырмай» конфискелеуiн – аштан өлумен пара-пар деп түсiндi.
Кейiн дәл солай болды да. Аз жылдан соң даланы аштық жайлап, жолдың екі жақ шетінде адамдардың сүйегі ақ сөңке боп қурап жатты.
“Кіші октябрьдің” осындай қасіретпен аяқталатынын болжап-білген азаматтардан құтылу үшін, «конфискацияға қарсы қастандықтар мен қарулы көтеріліс ұйымдастырып, науқанның өрістеуіне кесірін тигізіп, бүлдірушілік әрекеттер жасауы мүмкін» - деген қазақ зиялыларын түрмеге қамау туралы жарлық шығарды.
Халел Ғаббасов «кіші октябрьдің» халыққа әкелетін қасіретін, жеделдетілген коллективизацияның экономикалық тоқырауға, ашаршылыққа ұшырататынын алдын ала болжап отырған адам. Семей облысы Шыңғыстау ауданындағы Шаған ауылындағы туыстарына демалысқа қыдырып барған кезінде: «қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана сонда барды» - деген айьшпен ұсталған. Халел Ғаббасовтың өз қолымен толтырған қызметтік анкетаны толық келтіреміз. Өйткені бұл адам туралы мағлұматты ел-жұрт толық біле бермейді:
«Анкета:
Советтердің қазақ атқару комитетінің секретариаты
1. Мекеменің аты және атқаратын қызметі — Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің финанс-экономика секциясының меңгерушісі.
2. Әкесінің, өзінің аты-жөні — Халел Ғаббасов Ахмеджанұлы.
3. Жасы — 38-де (1888 жылы туған).
4. Ұлты — қазақ.
5. Қандай елге, қай руға жатады — руым тобықты.
6. Бұрынғы шыққан тегі мен дәрежесі —
7. Мекен-жайы (өмірінің көбін өткізген жері) – Семей губерниясы.
8. Тұрағы (қазіргі) — Қызылорда.
9. Семьялық жағдайы, өзінің қарамағына қарайтын семья мүшелері, еңбекке жарамдысы қанша, жарамсызы қанша — әйелім, балаларым бар. (Екеу — біреуі 12 жаста, екіншісі 2-де), 12 жасар інім бар.
10. Білім дәрежесі — 1915 жылы Москва университетін бітірдім.
11. Мамандығы —
12. Қай тілде сөйлеп, жаза, оқи аласыз — орыс және қазақ тілдерінде.
13. Февраль Революциясына дейін немен шұғылдадыңыз (Егер қызмет істесеңіз — қайда және қандай қызметте болдыңыз)— Революцияға дейін Семейдегі ұсақ кредит мекемелерінде істедім.
14. Революцияға дейін меншігіңіздегі қозғалмайтын қандай байлығыңыз болды (оның қайда болғанын көрсетіңіз) – Қызметкер болдым. Қозғалмайтын байлығым (Бұл – арада — үй, завод т. б. айтылып отыр — авт.) болған жоқ.
15. Қазіргі дүние-мүліктеріңіз — ақсақ тоқтым да жоқ.
16. Партияға қатысыңыз және қай жылдан мүшесіз – мүше емеспін.
17. Басқа партияда мүше болдыңыз ба, қанша уақыт болдыңыз және одан шығу себебініз — Жоқ.
18. Қандай да бір кәсіптік одаққа мүше болдыңыз ба және қашаннан — …... (Анық танылмады — авт.) да мүше болдым, қазір де мүшемін.
19. Империалистік соғысқа қатыстыңыз ба — Жоқ.
20. Азамат соғысына қатыстыңыз ба — Жоқ.
21. Сотталдыңыз ба — Жоқ.
22. Адресіңіз — Қызылорда, Советтер үйі, I.
23. Акт толтырылған күн— 1926 жылдың 15 марты. Қолы (ҚР Мемлекеттік архиві, 15-қор, 18-тізім, 240-іс, І парақ).
Тергеу ісінде Халел Ғаббасовқа жоғарыда көрсетілгеніндей: «қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана ауылына барды» дегеннен басқа айып тағылмаған. Осының өзі-ақ ОГПУ қызметкерлерінің қаншама заңсыздыққа барып, шындықты белінен басқанын көрсетеді. Оны бұдан әрі біз де қазбалап жатпаймыз.
«ҚССР Республикасының Прокурорына
Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің Президиум мүшесі, ғылыми қызметкер, ПП ОГПУ- дің түрмесінің №.... камерасындағы тұтқыны...
...Тергеу ісінің барысы мен оның алған бағытына қарағанда істің анық қанығына жетіп, нақты мәнісі ашылуына, менің пайымдауымша, әлі алыс, сондай-ақ, мен қазіргі емес, өткен кездегі қайраткерлерлігім үшін айыпталатын сияқтымын.
Менің өмірімнің өткен кезеңіндегі, “Алаш ордаға” байланысты қайраткерлігім мен іс-әрекетім ЦИК-тің (1919 жылғы және 20 жылғы) қаулысы арқылы кешірімге жатқан болатын. Сондықтан ол жөніндегі (менің бұрынғы кездегі) әрекеттерім менің бүгінгі күнгі қызметімді қаралау үшін алдыма көлденең тартылып отыр деп сеніммен айтуыма болады.
Мен бұған былай деп ашық мәлімдей аламын: кеңестің жауапты қызметтерінде болған соңғы 9 жылғы еңбегімнің барысында мен мемлекетке қарсы әрекет істемек түгілі, ондай пиғылы бар-ау деп күдік келтірерліктей де мінез көрсеткемін жоқ. Бұл менің өзімнің анық сенімім. Соның ішінде, маған тағылған айыпты (малды тәргілеуге кедергі жасау туралы) арам адамдардың ойлап тапқан жәдігөйлік жаласы екенін және арандатуға үзілді-кесілді қарсы екендігімді мәлімдеймін. Сондай-ақ, кейбір қазақтардың Қытайға босып кетуіне менің қатысым барлығы және айырықша бір жер саясатын жүргізуге менің атсалысқаным туралы (тергеудегі сұрақтардың астарында осындай мән бар) жайларға да берер жауабым осы.
Жаптым-жала деп маған тағылып не қасақана маған жапсырылып отырған айыптауларға байланысты мен мынаны мәлімдеймін:
1. Мен малды мәргілеу-телімдеу туралы Заң жобасын негіздеген кейбір баптарын талқылаған комиссиялардың төрағасы және хатшысы болдым. Егерде мен бұл шараның жүзеге асуына шынымен қарсы болсам, онда мен бұл жұмысқа қатысудан бас тартқан болар едім, оның үстіне, бұл мәселе Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне ешқандай да қатысы жоқ болатын.
2 .Өз ауылымда демалыста жүрген кезімде менің іштей қарсылығымды (психологиялық жағынан алғанда) туғызатындай туыстарымның ішінен тәргіге түскен ешкім болған жоқ. Байларды кедейлерден қорғап не оларға – байларға әсер етіп, басшылық жасайтындай және кедейлерді байларды әшкерелеуге кедергі жасайтындай мүмкіндік менде болған жоқ, себебі, тәргілеу менің ауылымнан 80-120 шақырымдай шалғай жерде өтіп жатты.
3. Мен ешқашанда (тіпті мен кеңеске қарсы адам болсам да) ешкімге де Қытайға кету туралы ақыл бермес едім, өйткені, мұндай босудың соңы неге әкеліп соққанын бұрынғы кездің бүліншілігі арқылы бәріміздің есімізде (1916, 17, 18 жылдардағы оқиғаларды еске алсақ та жеткілікті) – босқандардың барлығы да жаппай қырғынға ұшырап, талан-таражға түсті. Оның үстіне мен тұрған ауылда ондай жағдай болған емес. Жер туралы мәселемен айналысқан емеспін, ол аудан жер мәселесімен (егін салу мағнасында – авт.) айналыспайды. 1922 жылдан бастап Семей губерниялық жер басқармасынан кеткеннен кейін және Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде де жер мәселесімен айналысудың реті келмеді, себебі мен онда сауда мен коперация жүйесі саласында жұмыс істедім.
Жоғарыдағы баяндалған жайдың мәнісіне орай және ешқандай кінәсізден кінәсіз 55 күн түрмеде отыруыма байланысты Сізден – менің тергеуімді тездетіп, менің ісімді жан-жақты және әділетті тексеруді немесе мені түрмеден босатуды өтінемін.
9/ХІІ-28 жыл».
Прокурорға жолдануға тиіс бұл арыз көк сия қарындашпен жазылған. Әрине, Халел Ғаббасовтың бұл шағымы жоғарға жолданбаған. Немесе прокурор көрсе де назарға ілмеген. Өйткені арыз істе тігулі күйінде қалған. Тергеу ісінің қорытындысының кешіктірілуіне және айыпкерге көрсетілмеуіне басты бір кілтипан, тура сол күндері, тергеушілердің жазғанына жүгінсек: а). ағылшын барлауына мәлімет беріп, олармен астыртын байланыс жасаған. ә). СССР-дің Англиямен дипломатиялық қарым-қатынасы үзілген соң, олар қырға барып, халықты қарулы көтеріліске шақырмақ болған. ә) яғни, Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымдармен байланыс жасауға тырысқан – деген айыппен «Алашорда» қайраткерлері туралы үшінші және ең негізгі тергеу ісі басталған болатын. Халел Ғаббасовтың ендігі жауаптары сол іске тіркелді. Әрине, бұлардың ешқайсысының мемлекетаралық саясатқа ықпалы жүрмегені өзінен-өзі түсінікті. Тек қиыннан қисындырылған қиянатты қаралау бар. «Қарулы көтерілісті «желеу етіп отырғаны — Халел Ғаббасов «Алашорданың» милиция туралы жобасын жасаған. «Мүмкін, сол кезде тығып тастаған қаруы бар шығар» деген күдікті көсеудің амалы. Демек, Англиядан жасырын жолмен қару сатьш алуға ұмтылды деуге толық “негіз” қалайтын желеу.
Бұдан кейін жоғарыдағы баяндалған жайларға барынша кеңінен тоқталып, тағылған әрбәр айыптың заңсыздығын тиянақтап тұрып ОГП-дің ерекше өкілетті өкілінің өзіне түсініктеме жазған. Дәлелдерінің нақты әрі заңдық тұрғыдан сауатты жазылғандығы сондай, оған қосымша түсініктеме беріп жатудың өзі артық.
«ПП ОГПУ – дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұтқын Ғаббасовтан.
Өтініш
Мен, 1928 жылдың 15 қазанынан бастап түрмеде отырмын. 1928 жылы 10 қараша күні маған – байлардың малын тәргілеу науқанына кедергі жасады – деген Қылмыстық Ереженің 58/ бабының 13 тармағы бойынша айып тағылды.
1928 жылдың 10/ХІ күні басталып, 1928 жылдың 28/ХІ күні аяқталған тергеу барысында қойылған сұрақтар негізімен менің бір кездегі, бұрынғы “Алаш орда” тұсындағы іс-әрекетіме қатысты болды, ал тергеушінің сұрақтарының арасында екі не үш тармақ қана маған тағылып отырған айыптың айналысын жалпылама қамтып: І. Малды тәргілеуге деген менің көзқарасым қандай және 2. Кооперация туралы байлармен кеңес өткіздім бе деген т.б.с. сауалдар қойылды. Осы тектес сұрақтардан басқа ешқандай нақты айғақтары жоқ. Қашан, қайда және қандай қылмас жасадым, менің қылмыстарымның нәтижесінде қандай зиян келтірілді – бұл туралы менің табанды түрде талап еткеніме қарамастан тергеушілер маған ешқандай да жауап бермеді.
Дәл осы жағдай сұрақ-жауап аяқталғаннан кейінгі бір айдан соң тағы да қайталанды, яғни, 1928 жылдың ХІІ.29 күні тергеуші маған істің аяқталғанын және оның ГПУ-дің коллегиясына тапсырылғанын хабарлады, алайда тергеу материалдары маған таныстырылған жоқ. Тегеушінің маған берген сұрақтарының барлығы да жалпылама жағдай болғандықтан, менің іс-әрекетім туралы толық мағлұмат алу үшін мен тергеушіге бірнеше адамға жолығып, пікір алуын өтіндім, оның ішінде Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің бұрынғы төрағасы Құлымбетов жолдастың, Халық Комиссарлар төрағасы Нұрмақов жолдастың атын атадым, өйткені менің Мемлекеттік Жоспарлау мекемесіндегі жұмыстарым олармен байлансты болды, сондықтанда олар менің жалпы саяси бағдарым мен менің жеке басым туралы толық мінездеме бере алар еді. Алайда тергеушілер бұдан да бас тартты.
Тергеушілердің ауызша айтып беруіне қарағанда (жазба түріндегі қорытындының нұсқасын көрсетумен ғана шектелді) менің негізгі айыбым – ауылды жерлерді кеңестендіруге үнемі кедергі жасап келді дегенге саяды, олар негізінен мынадай:
І. Маған Дәрігер Павлов дегеннің күнделігінен үзінді алап берді де, сондағы айтылған сөздерді – менің қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттегенімнің, сол арқылы “тұрақты түрде арандатушылықпен шұғылданғанымның” айғағы ретінде айып қып тағыпты. 1921 жылы жазылған бұл құжатта (барлық тергеу құжаттарының ішіндегі маған көрсетілген жалғыз айғақ) мен: “біз коммунизмның қыр еліне тарауына қарсы күрескеміз-мыс” – деп айтқан көрінемін. Павловтың кепілдемесіне қарамастан мен қолымды жүрегіме қойып тұрып айтарым – мұндай жайдың ешқашанда болмағанын мәлімдеймін. Екінің бірі: не дәрігер Павлов әлдекімдермен шатастырды, не менің жадымнан мүлдем шығып кеткен болып шығады ғой. Бұл мәселені жасырудың, оның үстіне күнделікке жазылған жайды (әрине мен Павлов қастандық оймен жала жапты дей алмаймын) бүгіп қалудың ешқандайда қажеттілігі туып отырған жоқ. Мен дәл қазіргі уақытқа дейін ол адаммен таныс емес екеніме сенімдімін және сол пікірде қаламын. Маған түсініксіздігі сол, егер де ол адаммен (Павловпен) өзінің күнделігінде жазылғанындай “екі сағат бойы шай ішіп, әңгімелескен” болсам, онда оны неге жасырамын. Оның үстіне Павлов қонаққа барған Үкібаевтар 1919 жылдың жазынан бастап Семей қаласында тұрған емес, сондай-ақ, бір рет кезігіп қалған көлденең көк аттыға (Павловқа) қандай мақсатпен және қандай жағдайда оған сырымды ашуым мүмкін. Егер де бұл айғақ рас болса, онда ол кездесу 1919 жылы (Колчак үкіметінің тұсында) өткен шығар? Бұл сөздің анық дәлелі ретінде мынаны айта аламын: мен 1919 жылы Үкібаевтардың үйінің бір бөлмесінде пәтерде тұрдым, сол жылы қыс бойы мен Губерниялық Земствоның бастығының орынбасары міндетін атқардым, оны қысқартып, “Губзем” дейтін. Сондықтан да Павлов “Губзем” дегенді “Завгубземотделмен” – Губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі дегенмен шатастырып отырмаса. Бұл жағдайдың түсініксіздігі менің ойымша дәрігер Павлов мені әлдебіреулермен шатастырды немесе менің әр кездегі істеген қызмет орынымды (1919 жылғы мен 1921 жылғы) жаңылыстырып жазып отыр деген күдікке итермелейді. Қалай дегенмен де, мен бұл құжатқа ешқандай саяси мән бермеймін, себебі, саясаттан сәл-сәл хабары бар адам өзі танымайтын, кездейсоқ ұшырасқан көлденең көк аттыға мына тергеушінің “белгілі бір саяси топтың ұйымдастырылған әрекеті” деп айыптап отырған мәселесі жөнінде айта қоюы екіталай.
2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:
а/ маған: 1924 жылы өткен Алаш (Қазіргі Жаңа Семей – авт.) аудандық-ауылдық одақтардың (мойынсеріктерінің – авт.) өкілдерінің құрылтайының сайлауын басқарғансың-дейді. (Мен ол мойынсеріктіктердің құрылтайына қатысқамын жоқ және сайлау өткен жерден 200 шақырымдай қашық жерде демалып жатқамын). Ал 1925 жылғы құрылтайдағы менің жасаған баяндамама келетін болсақ, онда мен қыр еліндегі қосшылар одағының мойынсеріктіктерінің (кооператив) құрылысына ғана тоқталғамын. Менің мойынсерік туралы пікірімді және ондағы баяндамамның мазмұнымен Қосшылар одағының қаулысының хаттамасынан танысуға болады.
б/. Мені осында – Қызылорда қаласында отырып-ақ, 1925-26 жылдары Семей уезіндегі Медет /Медеу-?/ болысындағы ру таласына басшылық етті, яғни, “ру басыларын тағайындады” – дейді. Мұны кәдімгі тіршілікпен қалай байланыстыруға болады өзі... Біздің өлкедегі уездік, болыстық мекемелерді былай қойып, орталықтарымыздың өзі губерниялық орталықтармен әзер байланысып, өзінің міндетін әзер атқарып отыр. (Оның барлығы жердің тым қашықтығынан ғой). Жылпы алғанда, кейбір жеке адамды белгілі бір әлеуметтік топтың іс-әрекеттері үшін кінәләудің өзі әділеттілікке жата ма?
Мені сонау Медет болысындағы рулық тартысқа байланыстыру үшін де бір түйсікке түсінікті, ақылға сыйымды сылтау керек емес пе: ол үшін айғағы толық айып тағылып, уақыт пен ара қашықтықтың арасын есептеп барып кінә айтпай ма.
Ондай жағдай болған да емес және болмайды да. Медет болысында өткен оқиғалардың бәріне мені кінәлай беретін несі? Аталған рулардың өзара талас-тартысына менің ешқандайда қатысым жоқ екенін ашық мәлімдеймін және одан үзілді-кесілді бас тартамын.
Мен бұл ру таласына байланыстырып тұрған оқиға 1917 және 18 жылдары болған. Облысытық қазақ комитетінің (оның құрамында мен де бар едім) сол болыста 40 жыл бойы үзбей болыснайлыққа сайланып келген Молдабаевтарды билік тізгініне енгізбей қоюы болса керек. Біз ол кезде тек қана елдік, төңкерістік мақсатты көздедік, ешқандай да рулық мүддені көзге ілгеміз жоқ. Содан бастап заманның ығына қарай жығылып, әр қилы жолын тапқан Молдабаевтар өзінің қас жауы ретінде тек қана мені қарауылға алып (мен де сол болыстың адамымын, ал қазақ комитеті болса сол кезде-ақ тарап кеткен) аңдумен келеді. Ең бастысы – бұл арандату оған емес, сол Молдабаевтармен етене араласқан және араласып жүрген менің кейбір “достарыма” қажет болып отыр. Міне, бүкіл істің мәнісін түсіндіріп беретін жай осы. Басқаша болуы мүмкін емес.
3. Бұған қосымша мені тағыда: әлдебір жер туралы ерекше саясатты жүргізушілердің көсемі деп айыптапты. Оған “көсемдік кесте” ретінде қалалық бақшада кешкі ас ішіп отырғанда Омаров жолдаспен әңгімелескенім алыныпты /Менің Омаров жолдасқа жазған хатымды қараңыз/.
«Менің жер мәселесі туралы пікірім тергеудің хаттамасына баяндалған. Мен 1921-22 жылдан кейін жер мәселесімен айналысқан емеспін».
Осыдан кейін тағы да сұрақта жер мәселесіне баса назар аударылған. Кейбір жауаптардың ішінара қайталанатындай көрінгеніне қарамастан, тың деректер мен дәлелді қисындар келтірілгендіктен де қысқартпай ұсынамыз.
«Сізден өтінерім: менің Омаровпен, Сұлтанбековпен бетпе-бет кездестіру туралы тілегіме қарсы болмасаңыз екен, себебі, тергеушінің айтуы бойынша, мені Омаровтың (және) болыстың көрсетуі бойынша жауапқа тартқан екен, сондай-ақ жергілікті газетке менің Омаровқа жазған ашық хатымды жариялатуға мүмкіндік берсеңіз екен.
Маған тағылған негізгі айып бойынша (малды тәргілеуге арналған науқанға кедергі жасау) ешқандай да нақты айғақтар (қашан, қайда мен нендей кедергі істедім және қандай зиян келді) келтірілімеді, жоғарыда айтылған (тергеу жауабының хаттамасын қараңыз) жалпылама қойылған 2-3 сұрақтан басқа тергеуші маған ештеңе көрсетпеді. Ол туралы мен көп ештеңе айта алмаймын (өйткені ешқандай нақты айғақ келтіріген жоқ). Менің ойымша, жер-көктегі жаланы үйіп-төккен пәлеқорлардың жаласынан көрі, менің өзім қатысқан Тәргі туралы Заң жобасының бірнеше тармақтарын экономикалық негізге түсіру барысында істеген жұмыстарымды қарап шыққан абзал болар. (Ол құжатты тергеу ісіне тіркеуіңізді өтінемін), ал менің жалпы саяси көзқарасым туралы мәлімет керек болса, онда оны 1925 жылы Семей Губерниялық комитеніне жазған менің мәлімдемем мен тергеушіге беген жауабымнан біле аласыздар.
Менің бұл жауабыма қанағаттанбаған тергеуші (менің жауабымды медальдің жарқырауық жағы ғана деп ойлайды-ау деймін) маған (26, 27 және 28 қараша күні) барлық негізгі мәселелер бойынша баспасөзге пікір білдіру жөнінде ұсыныс жасады, мен оған үзілді-кесілді қарсы болдым, себебі, мен ең алдымен өзімнің азаматтық ар-намысымды таза сақтауды мақсат еткенмін, сондықтан да менің іс-әрекетімнен екіжүзділік байқалмауы тиіс, оның үстіне, мен “темір тордың ар жағында отырып” баспасөзге пікірім арқылы өзімнің “кінәмді” жууға ұмтылған сияқты екібетті боп көрінгім келмеді. Шындығына көшкенде, менің бұл қасарысуым түбегейлі қасарысу емес, мен темір тордан тыс, басқа жағдайда баспасөз арқылы пікірімді ашық білдіруге әрқашанда дайынмын.
Бұл тергеуге тән бір сәйкессіздік сол, жоғарыдағы келтірілген тармақтардың барлығы да бір-бірімен жалған желеу арқылы жалғанған, еш нақты айғақсыз жалаң сөзге құрылған. Бұдан келіп мынадай заңды сұрақ туады: егерде 1919-1929 жылдардың арасындағы іс-әрекетім үздіксіз зиянкестікпен астасып жатса, онда мені неге дер кезінде ұстамады, неге осы уақытқа дейін мені қызметімде тыныш жүргізді? Қандай адам (бақылау органдары жағынан) менің сондай аса қауыпты қастандығымның өршуіне жол беріп, ішмерездік жасаған?!
Жоғарыда баяндалған жайларды талдасақ, онда бүкіл тергеу барысының бір жақты үстірт жүргізілгенін, менің ешқандайда айыбымның жоқтығын, “үздіксіз жасаған зиянкестігім” туралы айтпағанның өзінде, өзімнің арымды өзімнің қорғауыма ешқандайда мүмкіндік берілмей отыр. Айыбымды айғақтайтындай ешқандай нақты деректер мен құжаттар маған көрсетілген жоқ, шындықты қалпына келтіру үшін тергеушілерге көмек көрсететіндей болмашы мүмкіндік жасауға да мұрсат бермей істі ГПУ-дің коллегиясына жіберіп қойды.
Менің сенімім бойынша, мұндай сыңаржақ тергеудің жүргізілуіне, біріншіден: тағылған айыптың барлығы арам, жалақор адамдардың өсегіне құрылған (Біздің Қазақстанда мұндай жайлар өте жиі кездеседі) көрсетінділер болғандықтанда, ГПУ-дің өзін жаңсақ жолға салып жіберуі; менің өткен кезеңдегі бұрынғы “Алашорда” тұсындағы қайраткерлігім туралы, реті келгенде айта кетейін бұл іс-әрекетіміз ВЦИК Президиумының қаулысы /1919 жылға және 1920 жылғы/ арқылы кешірім жасалған, бір жақты пікір түюі болса керек. Тіпті мен бүгінгі қызметім үшін емес сол өткен уақыттағы қайраткерлігім үшін айыпқа тартып отырған жоқ па екен деп те күдіктенемін, себебі, мен соңғы 9 жылда кеңес өкіметіне адал қызмет еттім.
Жоғарыдағы мәліметтеріме орай және 86 күннен бері ешқандай кінәсіз тұтқында отыруыма байланысты: сіздің жеке өзіңіз тергеу ісімен танысып, тиянақты әрі әділ тексеріп, менің әділетті талаптарымнан тиісті қорытынды шығаруыңызды сұраймын.
Менің бұл мәліметтерімді менің тергеу ісіме тіркеп қоюыңызды өтінемін.
Қосымша ретінде Омаровқа жазылған ашық хатты салып отырмын.
9.І. 1929 жыл.
Қызылорда».
Сұрақ-жауап барысында Халел Ғаббасов тергеушілердің істі сауатсыз жүргізіп жатқанына ашық наразылық білдірумен болып, оларды өзіне қарсы қойып алғандығы аңғарылады. Арызда көрсетілген Елдес Омаровқа арналған ашық хат пен жергілікті газетке жариялауға ұсынылған Мәлімдеме іске тіркелмеген. Бұдан кейін де осы мазмұндас өтініштер жазылған. Бірақ бәрі де аяқсыз және жауапсыз қалған. Оның орнына тергеушілер Халел Ғаббасовқа өзінің қателерін мойындап республикалық баспасөзде ашық хат жариялауды қайталап ұсынған және соған қысым көрсетудің нәтижесінде «мәжбүр де болған» сияқты. Төмендегі жауаптан сондай салқындық байқалады.
«ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров жолдасқа
25/І.29 жыл.
Сіздің ескертпелеріңізге ...(жауап).
Әрине, сіздің “жалпы ұлттық ерекешелік” дегеніңізді – оның ішінде (халықтың) әлеуметтік теңсіздік пен қоғамға тән ерекшеліктердің бар екендігін мен мойындауға мәжбүр болдым және оны анық түсіндім.
Сонымен қатар айтылып отырған жағдай мен Қазан Төңкерісінің жасампаздық күшіне деген сенімсіздік те сол мәселеге тікелей байланысты, оның ішінде біздің қазақ халқының жеке мемлекеттігін құру мүмкіндігінің туғандығы. Сол арқылы оны езгіден құтқарудың қажеттігі және алдағы уақытта оны мәдени экономикалық дамуына негіз қаланатындығы туралы “ізденістеріміз де” содан туындап отыр.
Қазан төңкерісі – менің идеяларымның негізгі нысанасы бойынша ұлттарды қанаудың темір шынжырын үзді, олардың жеке мемлекет болуына мүмкіндік ашты, идеологиядан (отарлаушы – авт.) туындайтын ескі қоғамдық экономиканың негізін жойды, сондай-ақ тіршілік етудің жаңа негізін қалады және қалап та жатыр. Ол өзінің бұдан кейінгі мақсатты қозғалысына, қатыгез таптық шайқасына қадам басты, мұны қоғамның мазмұны ретінде өзіне сіңіріп алды, барлық “құндылықтарды” да сондай бағытпен қайтадан бағалай бастады, сөйтіп, өзінің алған бетінен қайтпайтын творчестволық ерік-күшіне түпкілікті көз жеткізді.
Осынау ауқымды қозғалыс жаңа қоғамдық қарым-қатынасты талап етеді және ол сол қозғалыстың тұсында өмір сүріп отырғандар үшін тағдырдың тауқыметінсіз өтпейді. Тіпті, өлгендердің өзі үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой, ал адам – зат емес, сондай-ақ идеология дегеніміз де – күрестің қатып қалған түрі емес. Жұрттың бәріне ортақ қасиеттен менің тыс қалмауым табиғи нәрсе.
Менің ой-санамдағы шешуші өзгеріс ертерек, 1918 жылдың күзі мен 1919 жылдың жазында: біз бірнеше саяси жүйені, біз іш тартқан қоғамды басымыздан кешкен соң, еліміздің басына түскен қоғамдық қиыншылықтарды шеше алмайтынымызға, біздің мақсатымыздың орындалуына табиғаттың өзі сәтті үйлесімділік танытпағанына іс жүзінде көзіміз жеткен соң – басталып еді. Бірақ та, менің санамдағы бұл өзгеріс пен сенім – кеңес қызметінде істеген соңғы 9 жылда, әсіресе, кейінгі 4-5 жылда, өткен өмірімнің мән-мағынасын қорытындылап, көргендерімді санамда салмақтап, талдау жасап, жаңа қоғамдық өзгерістер мен нақты жетістіктерді сезінген соң барып нықтап орныға бастады. Ең соңында, менің ұлтымнің негізі мәйегі, ең өнімді және көпшілік бөлігі (орташалар мен кедейлер) жұмысшы, шаруалар тобының құрамдас жігі ретінде кеңес өкіметінің оң көзіне ілінгенін және өзінің тағдырын соңғысымен (кеңес өкіметімен) байланыстыратынын көрген соң барып нықтап орныға бастады.
Менің шын жүректен шыққан пайымдауым бойынша, кімде-кім өзінің халқын сүйсе, кімде-кім оған адал қызмет етуді өзінің өмірлік мақсатым деп түсінсе – бұл адамның таңдайтын жалғыз-ақ жолы қалды, ол Кеңес үкіметінің шешімін орындау және соған адал қызмет ету. Менің сіздерге талмастан-айнымастан; тоғыз жыл бойы кеңес өкіметіне адал қызмет еткенімді, бұл өкіметке қарсы бағыттаған ешқандай топқа қосылмағанымды және қосылмайтынымды қайта-қайта тәптіштеп айтып – айта беруімнің себебі осы.
Менің бұл “кредомның” (латын қарпімен жазылған – авт.) негізгі мазмұнын 1925 жылы Семей губерниялық комитетінің атына жазылған мәлімдемемнен, тергеу барысында қойылған кеңестік құрылым туралы сұрақтарға берген жауабымнан анық байқалады, қысқасын айтқанда, менің осы “толғау – мінәжатымның” өзі де соны көрсетеді.
Менің бұл мәлімдемемді Волленберг жолдасқа – оның атына 29 жылы 9/І күні жазылған мәліметіммен бірге тіркеп, соған табыс етуді, ал арыздың көшірмесін РСФСР-дің бас Прокуроры Крыленко жолдасқа оның атына жазылып, 29-жылдың 14/І күні №3 камераға келген Республика Прокурорының көмекшісі Мусин арқылы беріп жіберген мәлімдеме қосымша ретінде салып жіберуіңізді өтінемін.
25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған)».
Халел Ғаббасовтың бұл мәлімдемені қысастықпен жазғаны анық танылады. Астарлы кекету де бар. “Алашордашылардың ” халық үшін кеңес өкіметіне қызмет істейік» деген «идеясының» ұшқыны бар. Тергеу барысында Бас Прокурордың көмекшісі келіп кеткен. Сондай-ақ әділдік дәметіп СССР-дің Бас Прокуроры Крыленкоға хат жазған. Ал оның мұны оқуға уақыт да құлқы да жоқ еді. Бәрі де соның өзінің “бастамасы” әрі «тапсырмасы» болатын. Осыдан кейін іле-шала; яғни, екі күннен кейін, 1929 жылы 27 қаңтар күні, Қызылорда қаласында үштіктің қаулысы шығып, оны айыпты деп үкім шығарған. Оның соңына: “Мен өзімді айыптымын деп санамаймын. Х. Ғаббасов” – деп қол қойған. Халел Ғаббасовтың сұрақ-жауаптары «кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындаған» өзге де 71 адамның ісіне қоса тіркелді,
Тек сот арқылы үкім шығару ғана қалды. Үкім шықты да. Сот Халел Ғаббасовты 1930 жылы сәуірде ату жазасына кесті. Ол осы істегі ешқандай кешірімге жатпаған, ең жоғары үкім орындалған төрт адамның бірі болды, яғни, атылды.
ІҮ.
Достарыңызбен бөлісу: |