2.3. ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Абай
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:
Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер,
дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», - деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», - деп, жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке - өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.
Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.
Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі - әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.
Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «...Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.
2.4. БАЛА, БАЛА БОЛАШАҚ
Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, «азап-соры» деген жастарды тәрбиелеу ісінде табысқа жету үшін әрбір ата-ананың өзі де тәрбиелі болу керек. Қоғамның болашағы мен беделіне айқын жол ашар өскелең ұрпақ. Тал бесіктен басталар тәрбиенің тереңді меңзейтіні осында. Ең алдымен ата-ананың ролі, онан кейін ұлағат сыйлаған ұстаз.
Ата-ана өз баласын өз махаббатының нұрына бөлеп, қуанышына, бақытына балайды, бала үшін күш-жігерін жұмсайды. Әке мен ана баласының келешегін ойлап, отбасында сабырлы мінездің үлгісін, еңбекетіг үлгілі табысын көрсете отырып адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелейді. Еңбекқор, ілтипатты ата-ананы, ұстазды бала жанындай жақсы көреді, сыйлайды. Олардың бойындағы адамгершілік қасиетті жоғары бағалайды.
Сөз жоқ, бала үшін адамгершілік талғамдар мен әдет-дағдылар, яғни жеке бастың қалыптасуының барлық әлеуметтік-психологиялық негіздері отбасында қалыптасады. Демек, отбасылық тәрбиелеу шарттарын, мүмкіндіктерін зерттемей тәрбие үрдісінде оң нәтижелерге жету мүмкін емес. Кей ата-аналардың бала тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі кемшіліктердің барлығын байқауға болады. «Міндетім киім мен тамақ табу ғана» деген оймен мектепке орынсыз талаптар қояды. өзінің жауапкершілігін сезе білмейді, баласын тәрбиелеуден қол үзеді. Оның зардабы баланың сабақ үлгеріміне, мінез-құлқының өзгеруіне әкеліп соғады.
Қазіргі заманда ұлттық мектептің ірге тасы қалана бастаған кезде ата-аналарда мектеппен байланысын нығайта түсуі абзал. Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру проблемасы әріптестік педагогиканы талап етеді. Және мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие процесі өз жемісін нәтижелі бере бастайды.
Ынтымақ бар жерде тәрбие де бар. Ынтымақ бар жерде береке, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Отан жанұядан құралмақ, қазіргі заманда нарық жағдайында ата-аналардың, жалпы қоғам қауымдастығының көбісі жұмыстан бос және бос уақыты да баршылық. Ендеше сол бойындағы білімін, ілімін, күш-жігерін неге игі іске жұмсамасқа. Ел болашағы жастар қолында. Ал сол жастар «рухани» байлықпен қылаптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі сітер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектеп проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар бірігіп атсалысуы қажет.
Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да қоғамдағы тәрбие жұмысы. Жүйелі ұлттық адамгершілік тәрбие болмаса, халық бір-бірінен рухани үлгі көрмесе адам баласы бір-біріне ақырзаман әкелуі мүмкін.
Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші ата-ана. әр ұрпақтың өзіндік дәстүр салты бар. Бірақ бұл ата-баба салтынан алшақ кетпек емес. Кешегі кеңестік дәуірде ол да өзгеріске ұшырап, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста алшақтық белең алып, бала тәрбиесін мектеп мұғалімдеріне артып, өздерін бұл мәселеде аулақ ұстағысы келеді.
Мұнда бір нәрсе анық. Нәресте іңгәлап өмірге келгеннен кейін ол тек қана ананың аялы алақанында өседі. Түн ұйқысын төрт бөлген ананың еңбегі ол ер жеткен сайын қиындай түседі. Міне, осы тұсы нағыз шешуші кезең. Бір сәт те ата-ананың көзінен таса болмайды. Осылай өзіне өзі келгенше бәріне жауапты солар. Ұлағатты тәрбие бір сәт те таусылмайды. Бұл – баланың мектепке дейінгі іс-әрекеті. Мектеп партасына отырғаннан кейін оның екінші кезеңі басталып өмірге деген түйсігі өзгеріске ұшырайды.
Бұл кезеңде ата-ананың жауапкершілігі ешқандай төмендемейді. Қайта бұрынғыдан да арта түседі. Осы тұста баланың жан дүниесіне әсер ететін, білім, тәрбие беретін, мектептің есігі айқара ашылып, ұстаздардың қамқорлығына бөленеді. Бұл да өмірінде шешуші роль атқарады.
Тұлғаның əлеуметтенуінде жетекшілік маңызға ие жалпыға бірдей жағдаяттар болады. Олар: туған күнінен бастап, балаға болатын үздіксіз де тұрақты ықпал; отбасыдағы қарым-қатынастың туысқандық, сүйіспеншілік, сенім, өзара жауапкершілік сезімдеріне негізделуі; ұрпақтан-ұрпаққа тəжірибе өткізуге бағытталған əрқилы деңгейдегі отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы жəне ықпалы. Өз балаларының ерекшеліктерін, қызығулары мен қажеттерін ескеруде ата-аналар мүмкіндіктері орасан.
Достарыңызбен бөлісу: |