Реферат kz Қазақша рефераттар сайты І. Қолөнер туралы түсінік Киімді әшекейлеу. Ұлттық киімді сәндеу. Зергерлік өнері. Әйелдер киімі Ерлер киімі


Ұлттық киімді сәндеу. Зергерлік өнері



бет2/3
Дата14.06.2016
өлшемі219 Kb.
#134274
түріРеферат
1   2   3

Ұлттық киімді сәндеу. Зергерлік өнері.

Зергерлік өнер – ерте заманнан келе жатқан, әрі халыққа көп тараған

сәндік және қосалқы өнердің бір түрі. Алтын, күміс, асыл тас және сүйекті пайдаланып, сән салтанат үшін әшекейлі жиһаз, қыз-келіншектердің сәндік бұйымдарымен қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрман зергерлеу өнері болған. Оған тас, сүйек, металл, бояу, былғары сияқты материалдар кең түрде пайдаланылған. Заттарға зергерлік бейне жасау, сондай-ақ бедерлеу, қалыпқа салып қысу бір затқа бір затты оюластыру, кіріктіру, қақтау, күмістеу, термелеу, өру, бұрау, тоқымалау, әбзелдеу т.б. әдістер жетерлік. Оңтүстік, Орталық Қазақстан, Сыр бойы, Жетісу аймақтарындағы обалар мен қорымдардан табылған көне заман бұйымдары (Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мешітіндегі тайқазан, Семей музейіндегі Бөгембай батырдың айбалтасы, Алматы облысы Есік қаласынан табылған мәйіттің алтын киімі, т.б.) зергерлік өнердің қазақ жерінде ертеден өркендегеніне айғақ. Зергерлік өнерді халық өнері деудің мәнісіне келсек, жасалған сәнді бұйымды баяғыда бір ұста жасап, безендірген, өз заманында оның аты-жөнін халық білген, бірақ көп ғасырдан кейін оның аты ұмытылып, жасаған бұйымы халықтікі болып кеткен. Шебер түрлі материалдарды өңдеу үшін құрал-саймандарды пайдаланып, өз қол күшімен көп еңбек етіп, сәнді бұйымдар жасаған. Қолөнерімен айналысқан ұсталар, көшпелі елмен бірге көшіп-қонып жүріп, шебер ісімен өз өнерлерін ілгері дамытып отырған. Бұл ұсталардың құрал-саймандары көлемі шағын, сандары аз ғана болғанымен, олардың жасаған сәнді бұйымдары ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, өшпестей із қалдырып, бүгінгі күнге жеткен.

Қазақ зергерлері негізінен әйелдердің сәндік әшекей заттарын (сырға, білезік, жүзік, сақина, шолпы, алқа, қатырма, шашбау, т.б.), ұсталары – батырлардың қару-жарақтарын (айбалта, көксүңгі, алдаспан, дулыға, кісе, қорамсақ, садақ, шоқпар), шеберлері – үй іші мүліктерін (кебеже, жүк аяқ, ағаш төсек, асадал, адалбақан, зерлі аяқ), аңшылық жабдықтар (томаға, тұғыр, балдақ, оқшантай), музыка аспаптарын (асатаяқ, қобыз, домбыра, сыбызғы, дауылпаз, сазсырнай) әсем жасай білген. Қазақтың зергерлік заттарында жан-жануарларға байланысты мифтік ұғымдағы өрнек түрлері (қошқар мүйіз, түйе табан, таңдай), көкөніс өрнектер (жапырақша, гүл, сабақша), ұласымды өрнектер (ырғақ, сағақтау, айқас), геометриялық өрнектер кездеседі.

Зергерлік өнердің туындылары жауға-айбар, жақынға мақтаныш, аруға-ажар, жігітке-жігер беретін болғандықтан батырлардың ерлігіне, ақындардың тапқырлығына, жүйріктердің бәйгесіне сыйға тартылатын болған.

Қазақтың қыз-келіншектерін ажарландыра түсу үшін, оларға арнап алуан түрлі әшекейлі бұйымдар жасаған. Олардың ішіндегі ең көрнекті де қымбаттысы – сәукеле. Сымбатты сәукеленің бағасы ХХ ғасырдың бас кезінде 1-2 мың сом күміс ақша немесе жүз мың жылқының құнымен бағаланған.

Қазақ әйелдерінің ең көп тұтынатын бұйымы – білезік. Ол көбінесе жұмыр, төрт қырлы және ширатпалы болып келеді. Білезіктің ашылып жабылатын түрі де болады. Әйелдерге арналған әсем бұйымның бірі – жүзік. Оның үстіңгі бетіне әр түрлі тастардан не өңді әйнектерден ою-өрнек жүргізіледі.

Жүзікке көбінесе күмістен көз, балдақ, құс тұмсық орнатылады. Соған орай көзді, балдықты, құс тұмсық жүзік деп аталады. Сондай-ақ мөр жүзіктер де болады. Әйелдерге және ерлерге арналған сақиналар да соғылады. Күміс сақиналар көбінесе шапқымен шикіліп, бізбен ғана безіледі. Беті көлемді құдағи жүзіктер де істеледі. Әйелдер құдағи жүзігін көбінесе келіндеріне, не қызының біріне мұра ретінде сыйға тартқан. Шебер ұсталар сақина мен жүзікке есімдерді де өрнектеген. Аса қадірлі жүзікке Мұхамедтің атын жазған. Қазақ әйелдеріне арналған көркемдік бұйымның тағы бір түрі – сырға. Сырғаны көбінесе бойжеткен қыздар құлаққа тағады. Сондықтан сырғалар әсем де жеңіл жасалады. Сырғаның ай, айшықты, тұмар қозалы, салпыншақты, тас алтын, күмісті, қоңыраулы, күмбезді т.б. түрлері болған. Қазақтың бойжеткендері шолпы таққан. Шолпының ызған не кестелі бауға тағып, шашпен бірге өріп қойған. Жас әйелдердің көп қолданылған әсем бұйымының бірі – шаш қалта. Оны тана моншақпен безендіріп өрген шашты соған салып қояды.

Қазақ әйелдерінің ең жеңіл бұйымдарының бірі - алқа. Ол бір-бірімен шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрыш, үш бұрыш, дөңгелек әшекейлерден көрініп тұратын болғандықтан асыл тастармен өңді әйнектермен безендіріледі. Мойынға тағатын әшекей заттың бірі – бой тұмар. Оны ертеде әйелдер ғана емес, еркектер де тағатын болған. Тұмар іші қуыс, әдемі былғарыдан тігіліп, ою-өрнектеліп күміс шынжырмен мойынға асып алады. Адамды пәле-жаладан, тіл-көзден сақтау үшін оның қуысына қасиетті дұғаны қағазға тығып қояды. Әйелдер мен еркектер үшін істеліп, көп тұтынатын заттың бірі – түйме. Шебер зергерлер бойжеткен қыздың немесе батырдың түймесін алтын, күміс, мыс т.б. металды қолданып, әшекейлеп, оюлап жасайды. Дөңгелек, үш бұрыш, төрт бұрыш түймелер істелген. Түйменің сабағы, сағағы жоғын тона деп атайды. Қазақ зергерлері қыздар мен келіншектердің ісмер, шебер болуы үшін және қолды жарақаттап алмауы үшін оларға арнап әдемі оймақтар жасаған. Оймақ көбінесе күміс пен мыстан өрнектеліп, ине тоқтар жері көп шұқыланып бейнеленген. Оймаққа өте жіңішке күміс бау да тағылған. Оймақ былғарыдан да жасалады. Оны матадан көйлек, камзол т.б. іш киімдер тігуде қолданады. Қазақ келіншектерінің ең әдемі, ең көп қолданған әшекей заты – түйреуіш. Әсіресе, кербез әйелдер алтындаған, күмістеген және оқшантайлы белбеу буынған. Шалдардың белбеуі – кісе деп аталған. Кісенің жанында кездік, шақпақ салатын қалташығы болады. Қазақтың кісе туралы айтылатын қара өлеңінде «Көрінер кісем сұлу» деген өлең жолынан кейін кездесетін «оқшантайымен, шығыршығымен, қыныменен, оюымен көксауырымен, былғарымен, дән-дәнумен, іскегімен, пышағымен» деген сөз тіркестері кісесінің қаншалықты көркемдігін, неден істеліп, қалай әшекейленгенін, нендей қосымша пайдаланатын құралы барлығын білдіреді. Қазақ әйелдері алтындаған, күмістеген, әрі жіңішке әрі жібекпен шеккен, шығыршықты ілмекті үзбелі белбеу тұтынған. Оның қалай және неден істелгенін, қалай әшекейленгенін, нендей қосымша пайдаланатын құралы барлығын білдіреді.

Оның қалай және неден істелгеніне байланысты «шығыршықты белбеу», «мақпал белбеу», «дүрия белбеу» т.б. аттары бар. Қазақтың ерлері белбеуіне әдемі қылмен, күміс сапты пышақ байлаған. Ал балалар кездік таққан. Батырлар қанжар асынған. Еркектердің тағы бір асыл заты – насыбай шақша. Шақша киіктің, ешкінің мүйізінен жасалатын болған. Оған күміс инелермен ою-өрнек орнатып әшекейлеген. Әдемі жасалған насыбай шақшаны бесті ат берік сатып алған. Қазақтың еркекетері мен әйелдеріне ортақ бағалы бұйымның бірі – ер тұрман. Әсіресе, әйелдердің ер-тұрманы көркем де қымбат келеді. Оны күмістеп, ою-өрнектеп, әшекейлеп, сырлап жасаған. Ердің алтындаған, күмістеген, айшықталған жезбен өрнектелген түрлері болған. Ол көбінесе қалыңдыққа баратын жігітке немесе ұзатылатын қызға арналып жасалады. Осындай көркем ердің бағасы он ірі қараға жеткен.

Ұлдарға атқа мінер кезде арнайы ер-тұрман істеп, нағашы жұрты сыйға тартатын болған. Оны ашамай ер деп атайды. Қорытып айтқанда, қазақ шеберлері жасаған зергерлік бұйымдар біздің ата-бабаларымыздың он саусағынан өнері тамған, өздері сері, жандары сұлу болғанын паш етіп, ерекше дәлелдей түседі.


    1. Ұлттық киімнің негізгі сәндеушісі – ою-өрнек.

Қазақ ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар.

Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста болып, дамып келе жатқан өнер түрі. Қазақ халқының тұрмысында ағаштан жасалған заттар өте көлемді. Жазы-қысы пайдалануға келетін «ағаш уықты, киіз туырлықты» киіз үй киіз бен ағаштың өте күрделі үйлесінен тұрады. Тігуге де, жинауға да, алып жүруге де өте қолайлы осы мүлікте ою-өрнек қолданылмайтын бөлшек жоқтың қасы. Ою-өрнекті жақсы саналы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет, оның ою-ырғағы мен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығында, шеберлігі мен оюдың ретін келтіріп үйлестіре білуінде. Ою-өрнектің қандай түрі болса да, ол – адам ойының жемісі. Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Ара жігі бадырайып, үйлеспей, олпы-солпы болса, ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Қазақ ою-өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет. Басы қошқар мүйіз оюынан бастау алған өрнек дами келе неше алуан түрге еніп, ара жігі әр түрлі ою-өрнектермен толыға келе, үлкен күрделі ою түрі шығады. Ою тасы қошқар мүйіз бастаған өрнек түрлері бір-біріне үйлесе сән бере келе бірігіп, жымдасып, байланыс пен сәндік тауып жасалатын ою түрін әрлендіре түседі. Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай ою-өрнекте өз шеберін тапса, жарасып, құлпырып, көз тартып, көзге қуаныш, көңілге жылылық, ортаға әсемдік, сұлулық шашып тұрары анық. Біздің ата-бабаларымыз осындай өнер түрін өзінің шырқау шыңына жеткізе білген.

Менің түсінігімде ою-өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл-күйдің жақсылылығы, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады.

Қошқар мүйіз – ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. Қошқар мүйіз бен арқармүйіз оюларының қазақ қолөнерінде қолданылмайтын жері жоқ. Қошқар мүйіз оюымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік, пайдалану деңгейіне қарай әр алуан жапырақ тектес, бітпес оюлар салынады. Бұл өрнектер «иірім», «шиыршық», «иық», «үшкіл», «түйе табан», «қос ирек», «жұлдыз гүл» т.б. аттарымен аталады.

Қолөнер шеберлері ою-өрнекті әр заттың өзіне лайықтап, жарасымын, үйлесімін, сәнін тауып жасаған. Жасаған затпен ою-өрнек бір-бірімен өте сәнді қабысып, шынайы көркемдік беріп отырған. Ою-өрнек түрлері өте нәзік түрде түскен. Жалпы ою-өрнек жасаушы шебер оюды олпы-солпы болудан сақтауы, әсемдігіне жеткізе білуі керек. Өнер зерттеушілерінің пайымдауынша қазақ ою-өрнегі үш түрлі ұғым негізінде туған деген қорытынды бар:



  1. Қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық оюлары.

  2. Басқа халықтардың мәдениетінен ауысқан.

  3. Уақытқа қарай бейімделу.

Ертеден қазақ ою-өрнегі мазмұны жағынан үш түрлі ұғымды бейнелейді:

  1. Мал өсіру мен аңшылық.

  2. Жер-су, көшу-қону.

  3. Заттардың сыртқы бейнесі.

Осылардың қайсысында да қошқар мүйіз оюы қолданылып араласып

отырады. Ою, сызу, бедерлеу ру, тайпалардың таңбаларында, малдың ең-таңбасында, ай, жұлдыз, аспан әлемін тұспалдауда орын алады. Шеберлер сүйекті ойған, ағашты иген, тасты қашаған, мүйізді балқытқан, металды өңдеген. Әсемділікті таңдай да, жасай да білген. Осындай әсемдікті таңдай білген хас шебер оюшы зергеріміз осы ою-өрнекке бояу түрлерін пайдалануды да жете меңгерген. Халқымыздың ою-өрнектерінде басым түс ақ пен қара болып келеді. Бұл ою-өрнектің ең шешімін тапқан жарасымды түрі болып есептеледі. Ою-өрнектің тұрмыста пайдалану ауқымы өте кең. Оюдың жекелеген тармақтарынан бастап үш түр, төрт түр, бес түр, алты түр, т.б. тармақтарынан әрі қарай өрбіп, кеңейе беретін күрделі оюлар да біздің ұлттық дәстүрімізде тұрмыста үнемі қолданыс тауып келген. Халқымызда жазу болмағанда ою-өрнек болды. Сол ою-өрнек арқылы халқымыз өз тыныс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, мәдени құндылықтарын жоғары деңгейде дамыған тұрмыстық қажеттіліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, дамытып отырды. Келешек ұрпақ мақсаты осы киелі өнерді әрі қарай дамыта отырып көздің қарашығындай сақтау. Осы салада отыз жылдан аса уақыттан бері ұлттық ою-өрнекті дамытумен айналысып келе жатқан менің басты мақсатым – мүмкіндігінше ұлттық нақыштағы ою-өрнекті зерттей отырып, нәзік те күрделі өнердің сырын ашу, жасалу жолдары мен оны тұрмыста пайдалану реттерін өнерпаз жастарға ұсыну. Қажетіне жаратамын деген талапкерге көмектесу, ұлттық мемлекеттік деңгейдегі мәдениетімізді дамытуға үлес қосу, сол арқылы ұлтымыздың мәдени өнерін басқа елдерге насихаттау, тұрмыстық заттар шығаруды өндіріске еңгізу, оқулықтар шығару, зергерлік қолөнерді дамыту жолдарын оқырманға қарапайым тілмен түсіндіру, құзырлы орындарға ою-өрнекті дамыту туралы өз ұсыныс, пікірімді жеткізу. Ою-өрнекпен айналысқан отыз жылдан аса уақыт ішінде ешқандай ою түріне қарамай ұлттық бағыттағы басты ою түрі «қошқар мүйіз» айшығын сақтай отырып, бір жарым мыңдай үлкенді-кішілі, ірілі-уақты әр түрден ою түрлерін жасадым. Басты мақсат – қошқар мүйіз оюын дамыту, сұлу, сәнді, икемді оюлар шығару. Бұлардың ішінде алуан түрлі күрделі оюлар да, шағын оюлар топтамалары да, зергерлік бұйымдарға арналған түрлері де бар. Мақсат жасалған оюлардың жасалу ерекшелігін толық түсіндіре отырып, пайдалану жолдарын ұсыну, оюдың өндіріске енуіне ықпал жасау. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі киім түрлері өзгеріске ұшырады. Ұлттық киімнің бояуын, түсін өзгерткенмен түрін, пішінін өзгерту дұрыс емес. Бұл біздің қазақ ұлтына тән ерекшеліктегі ою-өрнек, кие қасиет. Осы киіммен халқымыз тарихи дәуір өткізген, досы, қасы да таныған. Ғасырдан ғасырға дамыған ою-өрнек тілінен шеберлер ойын да, көңіл күйін де, уақыт жағдайларын да жеткізе білген. Әр шебер өзі жасаған ою-өрнегінің қандай ою түріне ұқсайтынын, қандай ат лайық екендігін және ою-өрнекті қай затқа қалай пайдалану керектігін дәл де нақты білген. Әрбір күрделі оюдың өсімдік тамыры іспеттес түбі, түбірі, діңі, тамыры болады. Бұл менің өз ұғымым. Түбірінен бастап өрбіп жайылып, ерекшеленеді, бір-бірімен астасады, сәнді шеңбер жасай отырып «табақ» тектес күрделі ою құрайды. «Табақ» ою түрі – жиегіне су жүргізіп ішіне алуан түрлі ою салу. Қазақ халқының тұрмысындағы көп қолданылатын оюдың атасы қошқар мүйіз өрнектері сан алуан. Өте ұсақ түрлері зергерлік, кестелік, сүйек, мүйіз сияқты нәзік істерде қолданылса, ірі түрлері сырмақ, кілем, текемет, түскиіз, алаша, сәулет өнеріне, тұрмыстық заттарға кең қолданылады. Ою-өрнек тұрмыстық заттармен қатар құлпытастарға да салымды. Ер адамға құлпытас тұрғызылса, найза, айбалта, ұсталықпен айналысса, құрал-сайман суреттері қашалған. Ал әйелдерге құлпытас тұрғызылса, алқа, сырға сияқты күміс әшекейлер, үкілі сәукеле тағы да басқа заттар бейнеленген.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша ою-өрнек үш топқа бөлінеді:



  1. Өсімдік тектес (жапырақ, үш жапырақ, ағаш).

  2. Зооморфтық (жан-жануарлар).

  3. Космогониялық өрнек (дөңгелек, ирек, шимай, тор көз).

Осы ою-өрнек түрлерін қажетті орнын тауып пайдаланған зергер, оюшы

шеберге үлкен көмек болары анық. Мемлекеттік деңгейде мәдени мұра бағдарламасы бойынша қамқорлық жасаланып, оқушыларға, студент жастарға қолөнер сабағына пайдалануға шағын журналдар шығарылса, қолөнер түрлері мектепте пән ретінде өтсе, жастардың келешекте іскерлігіне, ұлттық мәдениетті сүюіне ықпал жасары анық. Оқушыларға ұлттық нақыштағы киім үлгілері ұсынылса, оқу құралдарының безендірілуіне ою-өрнек кең көлемде ұсынылса, шеберлер даярлайтын арнаулы оқу орындары ашылса, ұлттық қолөнер дамыған болар еді.




ІІ. Ұлттық киімдер туралы түсінік
«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сипат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағаланған. Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған.

Киім – адам киетін, денесін ыстық, суықтан қорғайтын бұйым.

Тымақ – аң, мал терісінен жасалған қыстық бас киім.

Бөрік – жиегіне аң терісін салған, төбесіне үкі қадалған, сырты әшекейленген, ерлер де қыздар мен жас келіншектер де киетін бас киім.

Бөкебай - түбіттен тоқылған әйелдердің бас киімі.

Тақия – қыздардың үкілеген, әсем зергерлік бұйымдар тағылған бас киімі.

Қасаба – қымбат матадан тігілген қыздардың бас киімі.

Қалпақ – ер адамдардың бас киімі.

Төбетей – төбеге киетін жаздың шағын бас киімі.

Құлақшын (малақай) – қыстық бас киім.

Жалбағай – малшылардың жаздық бас киімі.

Сәукеле – ұзатылатын қыздың қымбат бас киімі.

Сәлде – молдалардың орап киетін бас киімі.

Желек – сәукеленің не қыздар бас киімінің желке тұсынан төгіліп тұратын жібек мата.

Жаулық – тұрмыстағы әйелдің тартатын орамалы.

Шәлі (салы) - әйелдердің басқа тартатын шашақты сәндік орамалы.

Көйлек - әйел киімі.

Киіт – құдалыққа ұсынатын киім, бұйым.

Күрте – ерлердің жейде сыртынан киетін жұқа киімі.

Шапан – тізеден төмен түсетін қалың сырт киім. Түрлері: қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан.

Иткөйлек – жаңа туған нәрестеге кигізетін көйлекше.

Кебенек – жауынды, боранды күні киім сыртынан киетін су өтпейтін киім.

Етік – былғарыдан тігілген қонышы ұзын аяқ киімі.

Астама етік – байпақ салып киетін қысқы етік.

Байпақ – етік ішінен киетін киізден тігілген аяқ киім.

Жым етік - өкшесі аласа, қисық табан етік.

Шоңқайма етік – еркекке де, әйелге де арналған биік өкшелі, түрлі түсті жіппен тігілген сәнді етік.

Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі.

Шулық – жалаң аяққа киетін жүннен тоқылатын киім.

Шәрке – жазда киетін жұқа аяқ киім.

Шұлғау – етік, мәсі ішінен аяққа орайтын жұмсақ мата.

Пима – жүннен басылған жылы, қыстық аяқ киім.

Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім.
2.1. Қазақ халқының ұлттық киімдері туралы мәлімет
Қазақ халқының қолөнері көне заман тарихымен бірге дамып, бірге қайнасып келе жатқан бай қазына. Оның бір ұшы туысқан Орта Азия халықтарының және орыс халқының қолөнеріменде ұштасып жатыр. Қолөнерінің басты бір саласы киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қолөнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес. Олардың кейбіреуін ескінің көзі қарттар күнделікті киіп жүрсе, енді біреулерін қыз ұзату, келін түсіру тойларында ойын-сауыққа пайдаланады. Қалыңдыққа сәукеле кигізу сондай-ақ, көпшілігі театрлардың арнаулы тапсырысы бойынша тігіліп жатыр.

Қазақта еркектердің киімі әйелдердікіне қарағанда біркелкілеу. Тіптен жейдені (көйлек-дамбал), қаптал шапанды, түйе жүн шекпенді, сеңсен тонды барлық жерде бірдей киген. Ал жалпыға тән еркек киімінің кешенінде көйлек-дамбалдан басқа бешпет, көкірекше, шапан, шалбар, бөрік, қалпақ, тақия секілді бас киімдер, көксауы саптама етік болған. Осындай еркек киімі ғасырларды артына салып бізге жеткенімен оның құрамында, киімінде, тігісінде уақыт талабына сай әр түрлі ұрпақ еңгізген сапалы өзгерістер болып келгендігі даусыз. Әсіресе жігіттің киімі сымбатымен көз тартатын болған. Олар ойық немесе тік бұрышты координаталар жүйесі жағалы болып келетін ақ жібектен, шыттан тігілген көйлек пен дамбалдың үстіне белі қымталған денеге мығым қонатын бешпет, кеудеше, жүріп-тұруға ыңғайлы болу үшін ауына үшкіл салған. Шалбар киетін де балағын етіктің қонышына салатын. Бешпет пен шапанды белдікпен, кездеме белбеумен буынатын болған. Үйлену салтанатына киілетін қалыңдықтың да, күйеудің де киімдері аса сәнділігімен, әшекейлерінің үйлесімділігімен, кәдеге асқанның құндылығымен ұқсатылуымен көз тартатын. Оқамен көмкерілген, бірінің үстіне бірі киілетін камзол, бешпет, шапан болған. Күнделікті тұрмысқа ыңғайсыз болғанымен өте сәнді сәукеле, айырқалпақ сияқты бас киімдер, алтын-күміспен апталған әткеншектермен, ширатпалармен безендірілген шолпы, алқа, тамақша, нәзік, белдік, кемер белбеу, асыл тастар қондырылған сақина білезіктер, мәнерлі кебіс, зерлі кебіс, көксауыр сияқты аяқ киімдер үлкен талғамды қажет еткен. Сондықтан да олар әдетте қалыңдықтың жасауына, күйеудің салтанаттық киіміне кіретіндіктен алдын-ала дайындалатын болған. Қазақтағы жауынгерлік киім жалпыға мәлім, әскердің, аңшының киім кешегі іспетті болған. Қазақ қан майданда жауынан оқжалаған сауытты, қалқанды, сүңгі найзаны, қылыш-қанжарды да кәдесіне жаратқан. Металдан кіреуке тоқытуға мүмкіндігі бола бермейтіндер сыртқы киімнің астына көнмен қаптатып, арасына жүн, қыл салып сырылатын көкірекше киген.



Ерлер киімі

Тымақ – ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Түрлері: түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін тымағына қарап та таныған, яғни арғын, жалайыр мен найман тымағы немесе Семей, Торғай тымағы деген түрлері болған. Тымақ – биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етегі бар жылы бас киім. Сыртын берік, қымбат маталармен тыстайды. Екі құлағына ызбалы бау тағады. Етегін төбеге қайырып қою үшін тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе берік ағаштан тиек жасап қадайды. «Ескілік киімі» деген өлеңінде данышпан Абай былай деп жырлаған.

Күләпара бастырған, құшпал тымақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,

Артын белге қыстарған бас құрысқақ.

Тымақ қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды. Оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған. Бұрыңғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс. Ұлтымызға жарасатын бас киімнің бірі – бөрік. Бөріктің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қымбат матадан тігіледі. Оның жазғы, қысқы түрлері де болады. Жиегіне қымбат бағалы аң және мал терілері ұсталады. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, құндыз бөрік, күзен бөрік деп аталады. Бөрік үш, төрт немесе алты қиықтан құралады да, оны тиісінше үш, төрт немесе алты сай дейді. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Жас жігіттер мен сал-серілер, ақындар бөркіне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген.

Тон – қойдың терісінен тігілетін қыстық жылы киім. Ол үшін теріні шелінен арылтып, әбден илеп, оны қынамен талдың қабығымен, томар бояумен боятады. Бояудан кейін тері қоңыр, сұр немесе сарғыш, күлгін түсті болады. Осы теріден жүн ішіне қаратылып тон тігіледі. Жағасына, кейде жең аузына сеңсең, елтірі немесе бағалы аң терілері салынады. Әйелдер тонының иығына, жең ұшына өңірі мен етегіне кесте жіппен ою-өрнектер салады. Тон тігісіне, үлгісіне қарай қималы, бүрмелі деп аталады. Тонның ең әдемі, жылы, қымбат, бағалы түрі – қамқа тон. Оны бұрын хан, би, бай мырза, ханша сияқты ауқатты, белгілі адамдар ғана киген. Киімнің бұл түрі ондатр, құндыз, бұлғын, жанат сияқты бағалы аң терілерінен түгі сыртына қаратылып, астарланып тігіледі. Иін әбден қандырып, қынаға бояп, аң (қой) терілерімен жиектеп тігеді. Жоғарыда аталған тон түрлері күні бүгінге дейін сәнді киімдер қатарында зор бағаланады.

Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол – ішіне қойдың, түйенің, жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сыртына берік бір түсті матадан тігетін жылы әрі қарапайым киім. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғанымен, мұны бұрыңғы қазақтың бәрі де киген. Киімнің бұл түрі көктем мен күзде киіледі.

Қалпақ – ақ киізден немесе қалың матадан тігілген биік төбелі еркектің бас киімі. Бұл киім бірнеше сайдан құралып, жиегі қайырмалы болады. Сайлары ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, төбесіне салбырап тұратын шашақ тағылады. Мұны көбінесе белгілі лауазымы биік адамдар киген.

Етік – былғарыдан, құрымнан тігілген ерлер мен әйелдердің аяқ киімі. Түрлері: жылы етік, қисық табан етік, жәй табан етік, шаңқайма етік. Мұны қыста да жазда да киеді. Ерлерге арналған қонышы тізеден асып қара салға дейін жететін етік жырым етік, ішіне байпақ салатын байпақты етік дейді. Соңғы екі түрін еркектер қыста ғана киген. Етікшілер мұндай етіктерді тарамыспен көктеп, ағаш шегемен шегелеп тігеді. Кейбір шеберлер сықырлап жүрсін деп етік ұлтанына тоз салады. Мұндай етікті сал серілер мен бозбалалар киген.

Малақай (құлақшын) – ерлердің салқында киетін бас киімі. Оны құндыз, бұлған, сусар, жанат, түлкі, қарсақ т.б. аңдар мен құлын, бұзаудың терісінен, қозы мен лақтың елтірісінен тігеді. Малақай маңдайдан, екі құлағы мен төбесінен және артқы құлағынан тұрады. Малақайдың төбесін екі түрлі тәсілмен тігеді. Бірінші теріні төрт не алты сай (қисық) етіп тігіп алады да біріктіріп құрайды. Оның сайларының түйісетін ұштары үшкіл болады да, етек жағы тік төрт бұрыш тәрізді болып келеді. Содан кейін оның етегін тік бұрышты координаталар жүйесі төрт бұрыш пішінді ұзыншақ етіп қиып алып, қусырып тігеді, оған дөңгелек төбе қондырылады. Малақайдың маңдайы оның екі құлағының арасына дәл келетіндей төрт бұрыш пішіндес болады. Артқы құлағының биіктігі маңдайының биіктігінен сәл кемдеу кейде бірдей етіп алынады. Оның ұзындығы екі құлақтың арасына сәл сиып тұрарлықтай болуға тиіс. Малақай тіккенде теріге өлшеп пішілген астарға мақта не жүн тартып, екінші бетіне бидай – шүберек салып сыриды. Мұның сыртынан терімен тыстап астары мен тері тысын бір-біріне тігіп жапсырады. Тігіп болған соң қалыпқа кигізіп кереді. Малақай әрі жылы, әрі сыпайы бас киім. Қазіргі кезде кәсіпорындар өте сәнді малақай тігіп шығарады. Малақайды ерлермен бірге әйелдер киеді.

Тақия – ерлердің жеңіл бас киімі. Тақияның түрлері көп. Биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, машинамен, қолмен «таңдай», «ирек», қабырға тігістерімен әдеміленіп сырылады. Тақияны пүліштен, қыжымнан ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Биік төбелі тақия мен тегіс төбелі тақияның тігілуі бірдей. Ал үшкір төбелі тақияны тіккенде оның етегіне жалпақтығын үш елідей етіп тік төрт бұрыш етіп қиып алынады. Оның төбесі үш бұрыш формалы төрт не алты сайдан құралады. Алдымен оларды тігісін ішіне қаратып құрайды да, одан соң сайлардың етегін тақияның етегіне қондырады. Тақия мыжылмай өз формасын сақтап тұру үшін оның астары мен қос астарын беттестіріп жиі етіп сыриды. Одан кейін тысын жауып, шетін басқа түсті матамен әдіптеп көмкереді. Сайлардың және тақияның төбесі мен етегінің қоспа тігістері білінбеу үшін сол тігістерді бастыра жібек жіппен әдемілеп шалып тігеді. Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар әр түрлі тақия жасап шығарады.

Қолғап – қолға киетін киім. Ол қолды суықтан, жұмыс кезінде жарақаттанудан сақтайды. Қолғап тігілу, тоқылу үлгісіне қарай бес саусақты, үш саусақты, тұйықбас деп, ал тігілетін материалына қарай тері қолғап, жарғақ қолғап, тоқыма қолғап, брезент қолғап болып бөлінеді. Тері қолғап қойдың боялған терісінен тігіледі. Егер тері боялмаса, онда оның сыртын матамен тыстайды. Тері қолғапты көбінесе тұйықбас етіп, жарғақ қолғап тықыр теріден астар салып, көбіне бес саусақ түрінде тігіледі. Тоқыма қолғап түйенің, қойдың жүнінен, ешкінің түбітінен тоқылады. Тоқыма қолғап бес саусақты да үш саусақты да тұйықбас та болады. Қатты қайырым жұмыс істейтін адамдарға брезент қолғап керек. Ол тұйықбас та болады. Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіп орындары қолғаптың алуан түрін шығарады. Қолғаптың ең байырғы түрінің бірі – құсбегілер қолына киетін «Биялай». Биялай түйенің мойнақ терісінен, бұғы, бұлан секілді аңдардың, өгіздің қалың мойын терісінен серідей тігіледі. Бүркіттің тегеуріні басқа теріні тесіп кетеді. Биялай да қолғаптың тұйықбас түріне жатады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет