Реферат пәні: XIX ғасырдың I жартысындағы қазақ әдебиетінің дамуы



бет2/2
Дата13.09.2023
өлшемі107.02 Kb.
#477471
түріРеферат
1   2
4-апта срсп шайекенов

«Әдебиет майданы» (1935, №5) журналында жарияланған. Өмірі мен шығармашылығы А.Жұбановтың «Қазақ композитарларының өмірі мен творчествосы» (1942), Қ.Сыдиықұлының «Ақын-жыраулар» (1974), Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиеті.XIII-XIX ғ.ғ.» (1981) деген еңбектерінде және «XIXғ. қазақ ақындары» (1988) деген зерттеулер жинағында қарастырылған. Қашаған - І.Жасүгіровтың «Көбік шашқан» поэмасының басты кейіпкерлерінің бірі. Қашаған шығармаларын өз айтуынан естіп, хатқа түсірген – ақынның немере інілері Көшен Өсербаев пен Шәдіман Үсембаев сияқты жыршылар мен Темірғали Күнтуғанов секілді жинаушылар. Әсіресе ақынның мол мұраларын жинақтауда, қағаз бетіне түсіртуде әрі ҚР Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар қорына өткізуде ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы көп еңбек сіңірді.[2] Ақын жырларын насихаттауға атсалысқан - Құмар, Сұраубай сияқты жыршы-ақындар, Шамғұл сияқты жыршы-күйшілер, Сәду, Дүйсенбай, Айтқұл сияқты жыршы-термешілер. Қашаған есімі Қазақстан ғана емес, Орта Азия, Иран, Ауғанстан, Түркия елдеріне, Ресейдің бірқатар өңірлеріне де кеңінен таныс.
Қазақ халқы ғасырлар бойына талай аласапыран тарихи жайттарды басынан өткізгенін қазіргі жаңаша баяндалған ғалымдардың тарихқа байланыс­ты ғылыми тұжырымдарынан көз алдымызға шынайы түрде елестете бастадық. Өткен замандардағы қазақтың басынан кешкендері сол кез жырларында көрініс тапты. Себебі әдебиет – халық өмірінің көркем бейнесі. Тарихтың ұмытылмауына әдебиеттің қосқан үлесі мол екені белгілі. Сондықтан өткен ғасырлардағы ақындар, жыраулар, жыршы­лардың туындыларын ерекше мән беріп қастерлеп, әдеби шежіре деп қарауымыз керек. Өткен ХІХ ғасыр көрнекті ақын-жырауларының бірі – Нұрым Шыршығұлұлы. Нұрым – Атырау өңірінің жырауы және суырыпсалма ақыны. Өткен жылы оның туғанына 180 жыл толды. Жырау туралы, оның шығармашылығы туралы оқырман жақсы біліп, жадында сақтауы жөн. Нұрымға ақындық қалай қон­ғандығы жөнінде халық аузында аңыз бар. Нұрым бала кезінде арып-ашып ел аралап жүріп, далада шаршап келе жатып, бір жерге келіп ұйықтап кетеді. Түсінде ақ киімді адам аян беріпті: – Балам, шөлдедің ғой, – деп, сүттей ақ, балдай тәтті сусын береді. Сусын­ды ішсе, сусын мұздай болады. Оянып тұра келсе, іші кеуіп бара жат­қан көрінеді. Айқайлап өлең айта жө­неледі. Өлең айтқаннан жаны жай та­уып, сергіп, жазыла бастапты. Содан соң Нұрым суырыпсалма ақын болыпты. Ақындық қасиеттің қонуы туралы кейде ақындардың өздері, кейде халық осындай аңыздар таратқан. Бұл асқан өнерпаздықтың ерекшелігін жоғары ба­ға­лағандықтан болса керек. Қанша­ма «сыртқы бір әсерлерден ақындық дари­ды» деп ертегідей сендіргенмен, ақын­дық өнерпаздық ортаның жемісі екен­дігін мойындағысы келмеген жұр­тшылық бұны құдірет сыйлығы деп түсінген. Нұрым Шыршығұлұлы ақиық ақын, төгілме жырау боп танылған. Ақынды Мұрын жырау өз көзімен көрген. Ол Нұрымның түр-тұрпатын былайша суреттеген: –Нұрым – денелі, шоқша сақалды, жазық маңдай, қыр мұрын, қияқ мұртты кісі. Жиын-тойларда домбырасын алып, суырып салып қоя беретін, салмақпен төкпелеп айтатын. «Абыл ақынның қасына 17 жасымнан ердім» депті. Бес жыл бірге жүріп, бата алдым деген. Ақын қазіргі Қызылқоға ауданының (Атырау облысы) Тайсойған деген жерінде 1831 жылы дүниеге келген. Руы – адай. Әкесі Шыршығұл 1879 жылғы «Ақ қоян» аталған жұт жылы аталастарына – Маңғыстауға көшіп кеткенде, Нұрым отбасымен туған мекенінде қалған. Көп жылдардан кейін әкесі қатты сырқат боп жатқанда қасында болып, ақ жуып, арулап мәңгілік мекеніне тапсырыпты. Нұрымның оқи алатын және жаза білетін сауаты болған. Нұрым шығармашылығын жинаушы, зерттеуші, оның ғұмырнамасына байланысты талай адамдармен пікірлесіп, мағлұматтар жинаушы филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Қабиболла Сыдиықұлы Нұрым шығармашылығы жайлы былай деп жазған: «Нұрым Тайсойған жерінде туып-өссе де, жыршы-жыраулардың ежелгі дәстүрімен Хиуа, Маңғыстау, Жайық бойы, Ақтөбе қырын жайлаған елдерді аралап, өнерпаздармен кездеседі, көне жыршыларды жаңғырта жырлап, терме, толғаулар шығарады. Жаскілең, Берішқызы, Балмырза, Қашаған ақындармен айтысқа түсіп, «Тоғыз ауыл» сияқты ерлік дас­тандар толғайды» (Қ.Сыдиықұлы. «Біртума жыр саңлақтары», Алматы: «Ғылым», 2001, 78 б.). Нұрым жыраудың жырлары – негізінен, арнаулар, термелер және дастандар. Оның арнаулары мен термелері мыналар: «Термелер», «Ұсынсам қолым жетер ме», «Қылышқа көңіл айтуы», «Әтембекке айтқаны», «Шенен ер», «Қоштасу» және тағы басқа. «Термелер» атты шағын жырында ол өзінің ақындығына күмән келтір­ген, оған қарсылық жасаған адамдар­ға қыр көрсете, өзін дәріптей сөйле­ген. Бұл ұзақ жырдың бізге жеткен тек кіріспесі сияқты. Ұзақ толғауды бас­тарда төкпе ақындар әуенінде осылайша толғайтын дәстүр бар. Ақын өзінің ақындардың ішіндегі ең жүйріктерінің бірі екендігін айтқан. Ол «Бабам Қадыр қолдаған», «Көре алмаған біреулер сөз айтады сыртымнан» деген жолдармен арызын көпшілікке арнай келе, өзінің мықты ақын екенін мына жолдармен көрсеткен:
Қас жүйріктің белгісі, Дуды көрсе, жұлқынған. Айтулы жүйрік мен едім, Салдырмай қамшы ұмтылған. «Ұсынсам қолым жетер ме» атты жырында мақал-мәтелге, афоризмге айналған сөздер тұнып тұр. Бұл жырын ақын жастарға, өзінен кішілерге арнаған дер едік. Жыр ақынның жасы ұлғайған кезінде жырланған сияқты. Өйткені онда өзінен кейінгілерге айтқан ұлағаты, әр сөзінде тасқа қашалғандай ақыл-ой, философиялық тұжырымдар мол. Айтсам сөзім өтер ме Ақылсыз туған жаманға, – деген сөзі жастарды жігерлендіру үшін айтылған сияқты. Содан кейін ақыл-кеңестер кестелене жөнеледі. Мысалы: Қайыра қамшы сілтеме, Сүйекке біткен шабанға. *** Екі жақсы дос болса, Бірін-бірі қия алмас. Екі жаман дос болса, Бір мекенге сия алмас, – деген халық арасына кең тараған мақал Нұрымның осы жырынан алынған екен. Ақын одан әрі ой-тұжырымда­рын төкпелете берген. Мысалы, мына келтірілгендер өмір шындығы екеніне дау бар ма? Қас жаманға мал бітсе, Ебіменен жидым дер. * * * Қас жаманнан ұл туса, Қатарымнан оздым дер, Бұл күнде өзім болдым дер. * * * Дүние деген – сары алтын, Жетімдерді алдаған. Қабаты қалың қара жер, Талай ерді жалмаған. Ақын әрі қарай ерлерді дәріптеген асыл сөздерін төккен. «Астана жұртын меңгерген», «Хандарды тақтан тайдырған», «Ақ сүңгісін өңгеріп, жауға жалғыз жөнелген» деген жолдардан ерлерді дәріптегендігі көрінеді. Толғаудың келесі бөлімі адам өміріне шолу жасайды. Ғұмыр-тіршіліктің ұңғыл-шұңғылын, ой-қырын көрген ақын өзінен кішілерге, әсіресе жастарға ұлағат айтады. Не жақсы, не жаман екеніне көздерін жеткізуге тырысады, жастықты құр өткізбеуді кеңес етіп, өмірден құр қалмауды үлгі етеді. Ғұмырдың мәңгілік емес екенін, қандай батыр, қандай төкпе ақын, төгілген шешен болсаң да, бір кезде өмірдің шегіне жетпей қоймайтынын түсіндіреді. Өлім айласынан ешкім асып кете алмаған деген ой айтады. Бір өлімнің айласын, Шыбын жанның пайдасын Ешкім ойлап таппаған. Ақынның «Қылышқа көңіл айтуы» деген толғауы – Қылыш атты замандасына баласының о дүниелік болуына байланысты айтылған жұбатуы. Нұрым «адам баласы – асыл қазына» деп, оған бәс жетпейтіндігін ғажап сөздермен дәріптеген. Жаһұт, маржан секілді Адамзаттың баласы, – деген жолдар оған куә. Алайда ақын адам­ның бәрінің алдында бір өлім бола­тынын, бұл – өмір заңы екенін ұғын­дырады. Қорқыттың да күйі осындай бол­ғандығын мына жолдарда келтіреді: Қорқыт ата қобалжып, Дүниені кезіпті, Өлмейтін жер қайда деп. Өлім – өмір заңы болған соң, өлген адам қанша қымбат болса да, қайтып келмейтіндігіне меңзеп, қайғылы отбасын жұбату үшін асыл жырын аямаған. Нәрестең кетті қасыңнан, Терезе-әйнек секілді Сынған күні шатынап. Қайғырғаннан пайда жоқ, Қан түкіріп аһылап. Адамзаттың баласы Бұл дүниеден кеткен соң, Келмегі жоқ-ты қатынап. Бұл толғау – әрбір қайғылы адамға басу айта алатындай жыр. «Шенен ер» деген жыры да – опат болған ерді жоқтаудың үлгісі. Арнау өлеңдерінің қатарына біз «Тайсойған-Бүйрек – екі құм», «Ба­лишанға», «Әтембекке айтқаны» деген жырларды да қосамыз. «Әтембекке айтқаны» атты толғауы Жайық бойында өмір сүрген, халық алдында беделі асқан Әтембек батырдың бір жағымсыз ісіне наразылықтан туған. Ру арасында кек туғызып, үлкен қателік жасаған Әтембектің ашулы мінезінен тайсалмай, кемшілігін бетіне басады. Әуелі оның батырлық, мәрттігін дәріптеп алады. Сіз бір туған ақсұңқар Ұшар деп келдім жөніне, – деп ақын батырдың жөнсіз істеген әрекеттерін айтуға келгендігін, ел арасында өшпенділікті жоюға ешкімнен сескенбейтіндігін, батырдың да қаһарынан еш қорықпайтындығын, ел арасын бітістіруге келгенде қандай қиыншылықтан да тайсалмай, қанжардай жарқылдайтындығын білдіреді. Қарасам бүгін өзгеріп, Солғын тартқан өңдерің... Ақылды беріп ашуға, Шайтан болды ергенің... Халықтан жеке туғандай, Адамды тең көрмедің... Тәубесі қабыл болмайды, Тәкаппар болған менменнің. Халықтың көңілін қалдырма, Зар боларсың бір күні, Есікті кетсе, сарт ұрып. Ақынның өжетсінген батырға біраз батыл сөздер айтқаны осы жолдардан айқын көрінеді. Батырдан жасы кіші болса да, ақылды кісілік көрсетіп, оның қаһарын басатындай мұндай сөздер халық тағдырын, оның болашағын, тыныштығын ойлағандықтан айтылған. Асып-тасқан шабытты жырдың аяғы әсіресе қатал үкімімен көрінеді. Ақын өзі халық өкілі болып, халықтың сөзін айтуға келгендігін батырға сездірмей қоймайды. Жырдың аяғында «егер батыр алған бетінен қайтпасаң, халықтың алдында беделден жұрдай боласың» дегендей ой білдіреді. Дұшпаныңды қош көріп, Ашуыңды дос көрсең, Бұл тілекті бермесең, Айтқаныма көнбесең, Сағынып аңсап, «аға» деп, Енді сәлем бере алман. Менен бұрын сен өлсең, Құрметтеп, қолдап көме алман. Енді қайтып оралып, Босағаңды көре алман. Батырдың бетінен қайтып, достыққа шақырған жыры терең мәнділігімен көрінеді. Нұрым ақын өнердің ғажайып күшін адуын батырға көрсете білгені сөзсіз. Нұрымның «Қоштасу» атты жыры ұзатылып бара жатқан қызға арналған. Ақын жат жұрттық болып бара жатқан қыздың сұлу келбетін, адамгершілігін, пәк мінезін таңдаулы сөздерімен шебер бейнелеген. Қырымның жұрт жиылған қы­зығындай, Бедерің бес жасыңнан тұр бұзылмай. Қып-қызыл екі бетің алмадайын, Базарда бұлы қымбат қырмызыдай. Асылдай ақ күмістен айырулы-ай, Қасиетті бір мінезің абиұрлы-ай. Ақ бетің ақ жауқазын айға меңзес, Бұқардың бұлы қымбат ақ ұнындай. Осылайша, қыздың артықтығын суреттеп болғаннан кейін, заманның ағымына адам өзі-ақ еріксіз түсетіндігін ескертеді де, жағымсыз мінездер мен әдеттерден аулақ болуды өсиеттейді. Ерке өстің ата-енеңе жасыңда, қыз, Бұл күнде қосылғайсың асылға, қыз. Қуалап дүние түбін малды ойласаң, Бір күні өтер дәурен қапылда, қыз. Сонымен бірге, еркелікті қоюды, басыңда қызыл шарқат тұрғанда болашақты болжай білуге, баста дәурен көп тұрмайтындығына, мықты болуға, қиыншылыққа қарсы күресе біліп, өмір заңына, тағдырға бағына білуді ұлағаттайды. Бұл жыр әрбір жасқа айтылған өнегедей сезіледі. Өз заманында рөлін жақсы атқарған, кейінгілер үлгі тұтар асыл үлгілер жырда баршылық деуге болады. Нұрымның суырыпсалма ақын­дығы айтыстары мен сөз қағыс­тарында көрінген. Ол әрқашан көркем сөздерімен, тапқыр ойларымен халықты қызықтырған. Нұрымның сұрақ-жауап түріндегі екі айтысы Абылмен және Қашаған­мен болған. Мұнда ақындар дін туралы бір-бірінің білімділіктерін байқасқан. Нұрымның бізге толықтау жеткені – Жаскілеңмен және Берішқызымен сөз қағысулары. Жаскілеңмен сөз қағысуында негізгі көтерген мәселе – елдік пен ерлік жайы. Бірақ олар рулық шең­берден аса алмай қалады. Жалпыха­лықтық мәселелерге көтерілмейді. Нұрым айтысының мәндісі, идеясы және көркемдігімен биік көрінетіні – Берішқызымен айтысы. Бойжеткен ақын қыз Нұрыммен айтысудан сескеніп жүреді екен. Соны сезген Нұрым бұрын атын естігенімен өзін танымайтын қызға «Нұрымның інісі Тастемірмін» деген соң, қыз ақынмен сөз қағыстыра жөнеледі. Берішқызы адайдың көшпелі ел екенін мінейді. Кезінде Бала Оразды жеңген ақын қыздың сөзге жүйріктігін білген Нұрым оның осал жерінен ұстауды ойлап былай дейді: Қызыл тіл сөйлей-сөйлей желдей ескен, Беріштің бір өнері ағаш кескен. Мал берсе, Беріш қызын бере берер, Сізді де тоқалдыққа берер дескен. Қалыңмалы алынып, басы байлаулы болып отырған қыз осы сөзден кейін жеңілгенін мойындап, өзінің мұңын шағады. Рулардың кемшілігін айтудан басталған айтыс әлеуметтік мәселені қозғаумен түйінделеді. Бұл айтыста заман бейнесі көрінген. Нұрым – дастан да шығарған ақын. Оның «Тоғыз ауыл» аталған дас­таны «Аламан» (1926) атты жинақта «Байбоз-Жанбоз» аталып жарияланды. Ондағы қозғалған негізгі тақырып – басқыншылыққа қарсы күрес. Дастан тарихи болған оқиға негізінде туған. ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Маңғыстаудағы адайдың Байбоз-Жанбоз руының тоғыз ауылына Хиуа қарақшылары шабуыл жасайды. Шапқыншылар малды айдап, адамдарын тұтқын етеді. Құрамында екі жүз елу адамы бар жауға адайдың қырық батыры қарсы шығып, Борқұдық деген жерде тоналған мал-жанын айырып алады. Көп адам шығын болады. Амантұрлы, Есенияз, Қабыл, Ықылас, Төленді сияқты айтулы батырлар осы соғыста қаза тапқан. «Байбоз-Жанбоз» атты жырда бей­біт жатқан елді түрікмен Жәуміттің қанқұйлы қолы кенеттен шауып, тонап талқандайды. Ақын мұны былайша суреттеген. Қаперсіз ерлер жатқанда, Қапыда түсті қақпанға. Елдің алды асқанда, Көлденең шыңға басқанда, Есіл ердің баласы, Айла таппай сасқанда, Тұс-тұсына қашқанда, Күйкеннен бергі бауырда, Екі жүз елу Жәуміт келіп ұрынған. Көптеген адамды, қыз-қырқынды тұтқындап, мыңғырған малды айдап алып кетіп бара жатады. Бұл хабарды Байбоз-Жанбоз жігіттері ести сала жиналғанда, олардың саны қырық-ақ жігіт болыпты. Атақтары елге белгілі батырлар сайман-сауыттарын киіп, жау соңынан аттанады. Ақын суреттеуінде ол былайша көрінген: Бұл хабарды есітіп, Қуып шыққан қырық жігіт. Қой суы менен қамаудан, Алпыс екі тараудан, Дүние өтті талайдан. Көп өтіп дәурен азайған, Тоғыз ауыл шабылды. Толықсып жүрген адайдан, Қатын-бала, қара орман. Еріксіз кетіп барады, Жау қолында қарайған. Қырық жігіт түрікмендерге жеті­сімен қырғын шайқас болып, кешке дейін кескілеседі. Айналдырған қырық жігіт, Кешке дейін соғысқан. Еш те көмек болмады, Былайғы мұңал, тобыштан. Ертеңнен кешке соғысып, Тастады жәуміт олжасын, Қорғаумен болды өз басын. Сөйтіп, жәуміттер шеттерінен қыр­ғыншылық тапты. Қырық жігіттің екі жүз елу саны бар жауға төтеп беруі, онымен қоймай, оларды талқандап жеңуі, бәріне де қырғын таптыруы айта қалғандай. Батырлардың елін жау шауып бара жатқанда, еш сес­кенбестен қарсы шабуы көзсіз ерлік екендігі сөзсіз. Олардың өз бастарын да ажалға тігуге бел байлаған адамдар екендігін көреміз. Қуғыншылардан да шығын болғандығы жырда анық айтылған. Нұрым ерлікті осылайша жырлап, халық санасына дастан ретінде қалдырған екен. Бұл шығарманың тууына, әрине, себеп те болды. Ақынның жүрегін жырлауға қыжыл­датып жүрген адайлардың ерлігі үлкен жиында туыпты. Ол туралы Х.Досмұхамедұлы бастырған «Аламан» атты жинақта былай делінген: «Осы оқиғадан кейін бір үлкен жиында (аста) Байбоз-Жанбоздың адамдары: «Түрікменнің көп қылтаманын жеңіп, жесір айырған қырық жігітке лайықтап сөз шығарған ақынға арғымақ ат, ала тон береміз», – депті. Асқа жиылған ақындар сөз айтуға жолды Жаман адай Шыршығұлұлы Нұрымға беріпті. Сонда Нұрым осы сөзді айтып, арғымақ ат, ала тонды алыпты. Бұл әңгіме ХІХ ғасырдың алпысыншы жылының шамасында болған» (Х.Досмұхамедұлы, «Аламан», Алматы, «Ана тілі», 1991, 156 б.). Нұрымның екінші дастаны – «Балуаннияз». Осы дастанның мазмұнын қысқаша баяндағанды жөн деп есептедік. Балуаннияз – өмірде болған адай руының батыры. Дастан оқиғасы да шын болған, себебі дастанда аттары аталған түрікмендермен соғысқа қатысқандар – сол кезде өмір сүрген адамдар. Оқиғаның халық жадынан шықпай, олардың ерліктерінің ауыздан-ауызға айтылып жүргенінің куәсі – ақынның өзі. Сонымен бірге оқиға ақын өмір сүрген кезде болған. Екі жүз шамасындағы жаудың келе жатқанын батырларға жеткізген адам Тұрмамбет болатын. Кел, жігіттер, жүріңіз, Атқа жылдам мініңіз. Қайтарында ол қолдың, Қапталынан тиіңіз. Не салғанын Алланың, Сонда барып біліңіз... Жауға жесір жіберіп, Жігіттер, үйде қорқып, Лайық па жатқаның? Тұрмамбеттің еттен өтіп, сүйекке жететіндей сөздері жігіттердің жан-жақтан жиналуына қозғау салады. Жауға қарсы адайлардан қол жиналып, жорыққа аттанады. Алпыс кісі адайдан Сонда кеулеп жөнелді. Ит түрікменді іздесіп, Сол адайдың басы екен Балуаннияз мырзаңыз. Балуаннияз әуелден аты халық арасына кең тараған батыр болған. Жауға қарсы аттанған алпыс сарбазды басқарады. Жыр Балуаннияздың қандай ер екендігін былайша әсем жолдармен сипаттайды: Басына қыдыр дарыған, Уызына жарыған. Ежелден құдай қалаған, Аш-арыққа қараған. Сырлы аяқтың түбінен, Бал сыпырып жалаған. Жасынан-ақ жау көріп, Ат құйрығын тараған. Бір өзінің дәл басын, Мың кісіге балаған, Азын көпке санаған. Ауылдан-ауыл, жұрттан-жұрт қой­­май жапырып келген түрікмен қа­нішерле­рі бейбіт елді талқандап, үйін өртеп, ма­лын алып, жанын тұтқындап ел­деріне қа­рай бағыт алып бара жатады. Таудағы елді талқандап, Қақ айырып қазанын, Балтаменен ояды. Тойғанынша мал алды, Мұсылманды құл қылып, Сатайын деп мол алды. Ырғалып-жырғалып кетіп бара жатқан түрікмендер Босаға деген жерге жеткенде, алпыс батырға бетпе-бет келеді. Ұрыс басталады. Білтелі мылтықтар іске қосылады. Көп түрікменге төтеп берген адайлардың шайқасы ұзаққа созылады. Табаны аумай қасқайып, Қазақ байғұс шыдады. Сол ұрыстың ішінде, Шаршамаған күнімен. Қимылдаған шынымен, Жүйрік жүріп оқ атқан, Оғын қардай боратқан, Кенжебек пен Серғазы. Халқының жолында жанын пида етуге дайын Балуаннияз улап-шулап тұрған бала-шаға, әйелдерді көргенде, жаны жылаған сайын жігеріне жігер қосылып, айбаттана түседі. Жырда Балуаннияздың батырлар­ға қарата айтқан монолог-толғауы өте әдемі де айшықты, ақын ашына толғанған батырдың тебірене айтқан сөзін ғажап қисындықпен төкпектеткен. Менің көңілім тынбайды, Осы жаумен тоғыспай, Араласып соғыспай, Қорқып қалсақ осы жерде Бір адайды келтірмес, Маңғыстау деген қонысқа-ай! Ақынның өзі ежелгі батырлар жы­рындай ерекше суреттеген. Сол жыр­лардағы кейбір жыр орамдары ақын аузына еріксіз түскендей. Ақынның осы жыры батырлар жырының қатарын толтырған төл інжу-маржандарының бірі деп бағалауға болады. Балуаннияз батырдың батырлық келбетін аша түскен деталь жырда мол көрінеді. Жамандатқыр құла атқа, Қамшы басып шу деді. Шу дегенде гуледі, Табаны тасқа тимеді. Асқар таудай айбатын, Алла берген қайратын, Талау тигір бәйге атқа. Балуаннияз қасқайып, Түтеп тұрған мылтыққа, Бір қайыспайды жасқанып. Балуаннияз шайқаста жаудың қолбасы Бөрі батырын жекпе-жекте өлтіреді. Бөрінің қаза тапқанын көрген түрікмендер бөрі тигендей қаша бастайды. Жауды тым-тырақай қашырып, тұтқынға түскен елді, жесірлер мен бала-шағаны, айдалып бара жатқан малды аман алып қалғанымен, Балуаннияз батыр майдан кезінде алған жарақатын елемей жүре берген екен. Ақыры сол жарасынан қаза тауыпты. «Балуаннияз» дастаны ақын­ның ірі шығармасы және шығарма­шылы­ғының шыңы деуге болады. Ақын елі үшін еңіреген ер Балуаннияздың батыр тұлғасын жасаған. Жырда аса мән беріліп жырла­на­тыны – басқыншылық, ел-елдің ара­сындағы осындай жау­гершілік­тің тоқтамай, жайбарақат өмір сү­руге мүмкіндік бермей, елдің үздіксіз тынышын ала беретін осындай шапқыншылықты ұйымдас­ты­ру­шылыққа қарсы шыққан ақын көзқарасы айқын көрінеді. Дастан кейінгі ұрпақты ерлікке тәр­биелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Нұрымның шығармашы­лығын­дағы ерекшелік – оның батырлар жырының бірқатарын кейінгі ұрпаққа жетуіне күш салған айтулы жыраулардың бірі екендігі. «Қырымның қырық батыры» цикліндегі батырлар жырларының біразы Нұрым арқылы тараған. Нұр­пейіс, Қашаған, Мұрын жыраулар дәстүрі бойынша жырларды Нұ­рымнан үйренген. Мысалы, «Қарадөң ұрпақтары» атты бір топ жырларды жас жыраулар Нұрымның айтуы бойын­ша біздің заманымызға жеткізген. Нұрпейіс ақын да жыр­лардың бірқатарын Нұрымнан алған. Нұрым Шыршығұлұлы – батыр­лық жырларды таратушы және өрнекті түрде дамыта жырлаушы. Нұрым өзі өмір сүрген заманға сын көзімен қарап, ел азаматтарын жақсы мінез-құлыққа үгіттеп, жақсы қасиеттерді насихаттайды. Ақын адам ғұмырының кезең-кезеңдерін жырлап, әрқайсысына мінездеме берген және ғұмыр мәңгілік емес екендігін көркем тілмен айта білген. Оның жырлары халықтығымен, бұқараның айнымас арын арлаушы, жоғын жоқтаушы болғандығымен көрінеді.
Қашаған – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде өзінен бұрынғы Абыл мен Махамбет қалыптастырған дәстүрдің нәрлі өнегесіне қаныға, оны ілгері дамытқан әйгілі ақпа ақын. Оның жырлары Қазақстанға ғана емес, Орта Азия республикаларына, РСФСР-дың бірқатар облыстарына, Иран, Ауғанстан, Түркиядағы қазақтар арасына кең тараған.
Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары (Табын, Адай, Шекті) сауда айырбасы, қоныс жағдайымен XVIII ғасырдың аяқ шенінен XIX ғасырдың 50-жылдарына дейін Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болады. (Описание Хивинского ханства, "Записки РГО", 1851, стр. 95-96). Мал шаруашылығымен айналысқан қыр елі табиғат сұрапылы – алапат жұттан кейін күнкөріс малынан айрылып, кентті, кәсіпті, егінді аймаққа үдере қоныс аударатын. Маңғыстау казақтарының біразы осындай себептермен өткен ғасырда Хожелі, Хорезм жеріне көшкен. Олардың бір бөлімі Ташауыз (Түрікменстан) қаласы маңын мекен ететін. Қашаған осы Ташауыз қаласына шектес қазақ ауылында 1841 жылы каңтардың 7-інде дүниеге келген. Әкесі Күржіман кедейлікпен күн кешкен.
Әкеден жастай жетім калған Қашаған қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен кедейлік, жоқшылық тауқыметін көреді. Кейін сол ауыр күндерді тебірене еске алады:
Атам бір қайтты дүниеден,
Бес жаста жетім қалдырды,
Басыма қайғы салдырды.
Анам көрді жесірлік,
Өзім көрдім жетімдік,
Сөйтіп басым қаңғырды.
Бірақ жетімдік болашақ ақынның жас жүрегін бұғаулай алмайды. Өмір соққысы жігерлі жасты шыңдап, құлшындыра түседі. Әкесі Күржіманды көре қалған инабатты адамдар Қашағанды есіркеп, қол ұшын береді. Оның бойынан тұтанғалы тұрған бір ұшқынды көргендей болады.
Ел әңгімелеріне қарағанда, Қашағанды жастай жиын-тойға апарып, ақындық өнерге баулыған Қалнияз ақын. Сол өнеге арқасында өнершіл баланың ерекше құмарта өскені қазақ, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кең тараған халық әдебиетінің нұсқалары.
Әкесі Күржіман өлген соң, ескілікті әдет-ғұрып салты анасы Ырыстыны қайнағасы Сәрсенбайға отастырады да, Қашаған жастай соның тәрбиесінде болады. Хиуа хандығының жергілікті әкімдерінен қысым көріп, күнелтісі қиындаған қазақ ауылдарымен бірге Сәрсенбайлар да Жем өзенінің Каспийге құяр сағасындағы Қараөзекке көшеді. Бұл кезде он төрт-он бес жастағы Қашағанды қатты толғандырған батағадан балық аулап талғажу еткен шиеттей бала-шағалы Сәрсенбай халі еді. Көп ұзамай-ақ анасы дүние салады. Енді оған салмақ болудың жөні жоқ деген оймен, Қашаған бала өз бетімен кәсіп іздеп, Көкжар жәрмеңкесіне барады. Сергей дейтін саудагерге жалданып, Орынборға мал айдайды. Бұл кәсіпте Қашаған бір жылдай жүрген. Жаздың тамыз ыстығында, қыстың қақаған боранында, күз бен көктемдегі лайсаң жауын-шашынды күндерде мал соңында көп қиындық көреді. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген жас бала үйсіз, күйсіз азап шегеді. Бірақ осы қиындықтың бәрі де Қашағанды жасыта алмайды, өжет жастың жігерін қайрап, жалынды жыр тудырады.
Қашағанға ақындықтың қонуы туралы немере інісі, жыршы Шәдіман Үсембаев былай дейді:
"...Жаз. Шілде. Өкшесі ойылып, табаны сойылып, мал соңында азап шегіп, арып-ашқан Қашаған бала таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса, көзі ілініп кетеді. Түс көреді. Түсінде бір кара кісі келіп, баланы қолынан тартып тұрғызып: "Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба?" – деп сұрайды. "Бергеніңді аламын", – дейді Қашаған. Қара кісі қолын жайып бата береді: "Өнер бердім, елге шаш",– дейді. Қашаған бұдан былай суырыпсалма ақын болады".
Ол өз көңіл күйін қолма-қол жырлап, батырлар жыры мен қызық хикаялар толғайды. Мал соңында жүріп табан астында үрдіс ақындық жолына берілген Қашағанды саудагерлер қона, түстенген жерінде, жол-жөнекей үнемі өлең шығартып қызықтаумен болады. Көп ұзамай-ақ ақын баланы малшылықтан босатып, өз қатарларына алып, жыр тыңдайды, кұрмет көрсетеді. Адал еңбегімен, ақжаркын мінезімен, алғыр ақындығымен ұнаған Қашаған ауылына ат мініп, атан жетектеп, көп олжамен оралады.
Баласының азамат болып, жалшылық сапардан табысты оралғанына қуанған Сәрсенбай той жасайды. Қашаған осы тойда елден кеткеннен келгенге дейінгі сапарын жырлап береді. Тойдан кейін ақындық атағы елге тарайды.
Қашағанның жас кезінен жаттай, еліктей өскені Махамбет пен Шернияз, Абыл мен Есет жырлары болса, өз заман-дастарынан ерекше қадір тұтқаны Нұрым, Ақтан ақындар.
Көзім көрген адамда
Абыл мен Нұрым, Ақтаным –
Осылар еді тақтағым, –
деп оларды әр кез айта жүрген.
Қашаған бағзы өнерпаздар дәстүрімен көп елді аралаған. Ол Маңғыстау, Хорезм аймағы мен Еділ, Жайық, Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлайтын елдердің бәрінде болады. Құрманғазы мен Нұрым, Ақтан мен Мұрат, Бала Ораз бен Қоспақ, Қашқынбай мен Ізім шайыр, Нұрпейіс пен Мұрын, Өмір мен Ығылман сияқты айтулы саңлақтармен, "Адайдың жеті қайқысы" (сал-серісі. – Қ.С.) атанған Әділ, Шолтаман, Тастемір, Досат, Жылкелді, Өскінбай, Тұрсын сияқты күйші, әншілермен кездеседі.
Қашаған халық өмірімен кең танысқан. Атышулы бұқара жыршысы үстем тап өкілдерін шенейтін сілтілі өлеңдер шығарып, айтысқа түседі, елдің өткен шежіре, тарихына көз жіберіп, "Атамекен", "Адай тегі" сияқты көлемді шығармалар жырлайды. Сондай-ақ ел басына түскен ауыр оқиғалардың куәсі болып, "Топан" сияқты бұқара өмірінің әдеби шежіресін толғайды.
Кеңестік дәуір тұсы Қашаған ақынды кедейлік, аурулык тауқыметі тақымдап тастаған кез еді. Сексенге аяқ басып, жұбайынан ерте айрылып, жалғызбастылық меңдеткен ақын Құлат мекеніндегі қараша күркеден серпіле шығып, ел аралап кетеді. Өмірінің көп жылдары өткен Жем бойы, Астрахань қолтығындағы елдерге барып, бұқараның күні туғандығын қуана жырға косады.
Алайда майталман ақынға ескілікті ауру тағы да құрық салып, 86 жасқа келгенде көз нұрынан айырылады. Қашаған 88 жасында 1929 жылы тамыздың 25-і күні Маңғыстауда, Құлат мекенінде дүние салады. Бейіті сол маңдағы Қырықкез деген жерде.
Қашаған өлең-толғаулары мен айтыс-дастандарының қай-қайсысында да бұқара атынан сөйлейді, еңбек адамын жырлайды, бай мен биді, жебір болыс пен дүмше молданы аяусыз шенейді, үстем тап өкілдерінің екіжүзділігі мен тоғышарлығын, сараңдығы мен сұрқиялық әрекеттерін әшкерелеп, келеке етеді.
Ақынның надан молдаларды аяусыз шенеп, өнерді қорғаған жырларының озық үлгісі – "Есқали сұпыға айтқаны". Ақын мұнда сұпының екіжүзділігі мен қатыгез, сараңдығын әшкерелейді, домбыраны "қу ағаш" деп кемітуін негізгі ілік етіп, домбыраны қорғай жыр төгеді. Надан сұпыны қия бастырмай, оның дін жолының өзінде де сауатсыздығын масқаралайды, өмірдің әр саласынан мысалдар келтіріп, жер-жебіріне жетеді. Сөйтіп, дүмше молдалардың өнер жөніндегі топас түсініктеріне кектенген ақын сұпыны бет қаратпастай өлең селімен сыбап өтеді. Бұл жерде ақынның өз дәуіріне сай білімдарлығы мен ақпа-төкпе ақындық дарыны зор рөл атқарған.
Қашаған бір топ өлеңінде ("Оразалыға", "Байларға", "Томпы байды тілдеуі", "Көбентайдың Мұрынқұл", "Бекес байға", "Көптілеу байға айтқаны", "Қарашұбар ала ешкі") сараң, дүниекоңыз байлардың жиынтық образын береді. Олар мал-дәулеті шалқып жатса да, дүние рақатын көрмей өтер шықбермес сараң, даңғой, атаққұмар, қатыгез, қайырсыз, реті келгенде жалт берер екіжүзді де. Кедейге кекірейе қарап, болыс-биге құлдық ұрар құбылма жандар. Бұл сипатты ақынның "Бекес байға" деген өлеңінен айқын аңғарамыз. Ақын байларды әркез өлтіре сынап, күлкі ете жүрген. "Оразалыға" деген өлеңіндегі:
...Бет терісін түлетіп,
Төбесінен күн өтіп,
Шыбын жанын пида етіп,
Шаруаға жүдетіп
Жүргенде, кетпесе игі еді
Біздің аршыланға тіл өтіп, –
деген сырттай қарағанда аяушылық сияқты жолдар Шернияздың "Баймағамбетке айтқаны", Абайдың "Дұтбайғасы" іспеттес, үстем тап өкілдерін аяусыз әшкерелейтін қатты сын, өткір сықақ.
Ақынның сын семсеріне ілінгендер – тек байлар ғана емес, қулық пен сұмдықты өмірдің мәні санаған саудагерлер мен дүмше молдалар, даңғой атқамінерлер мен әділетсіз билер. Ақынның "Қуаңдаған қу Бисен", "Мұстахқа", "Домбыраның қақпағы", "Сараң сұпыға" дейтін өлеңдері де сараңдық пен суайттық сияқты адам бойындағы сиықсыз мінездерді сынауға арналған. Сын-сықақ түрінде келетін бұл өлеңдердің өзегінде зілді кекесін жатады. Оның "Қарашұбар ала ешкі" дейтін өлеңі де өткір сатираның үлгісі.
Ақын "Берекет ақынға", "Сақыпқа айтқаны" толғауларында ізгілікті насихаттап, әдепсіздікті әшкерелейді.
Үлкенді сыйлау, ағаға жол беру сияқты халықтың игі қасиеттерін ұмытып, көңілін менмендік билеген Сақыпты Қашаған бір тойда айбынды сөздермен сілкіп-сілкіп алады. Өмірдің өзінен көпті үйренген зерделі ақын жасы үлкенге кұрмет ету, өз шамасын білу туралы әр алуан уытты мысалдар келтіреді:
Қара қарға қалбағай,
Қаз бен үйрек, қара құс –
Олар да таласпайтын еді ғой
Бүркіттің жейтін жеміне.
Қаршыға аққуды алғанда,
Жапалақ тышқанды басып қалғанда,
О да арланбайтын еді ғой
Дәрежесінің кеміне.
Жыраулар дәстүрімен өмірдің әр саласынан мысалдар қолданып, шығарма мәнін тереңдете түсу – Қашағанның басты ерекшеліктерінің бірі.
Әуелі саралы салыстырулар, ойлы, орнықты мысалдар келтіре толғаған ақын арқасы қыза келе Сақыпты өр де өктем сөздермен сыбап өтеді.
Жыртармын, бала, жағаңды,
Жаңылтармын тобаңды.
Білмей жүрсең, шырағым,
Білдірермін шамаңды.
Тақымыңды жыртармын,
Мардымыңды құртармын.
Мен – сендей жабының
Талайынан озған тұлпармын,
Сендей жапалақтардың
Талайын алған сұңқармын.
Сен – ауылда үрген көпек ит,
Мен азулы арлан бөрі едім.
Ашулансам, шырағым,
Жас та болсаң, желкеңнен
Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын.
Бұл мысалдардан Қашағанның ақындық қуатын айқын аңғаруға болады.
Шығарма мазмұнына әр беретін халықтық мақал-мәтелдерді орынды қолдана білумен қатар, Қашаған өз жанынан да ақыл-нақылдық, мақал-мәтелдік ғибраттар кұрайды:
Пілдің тірі бәсі де мың ділда,
Өлсе, тері бәсі де мың ділда.
Ақын шын ұлы еш уақытта қадір-бағасын жоймақ емес, ұлыға өлмек жоқ дегенді айта білген. Мысал мен ғибратқа, ақыл мен нақылға, бейнелі сөздерге толы бұл толғаулар Қашаған талантының айқын куәсі. Мұнда құйылып тұрған суырыпсалмалық та, шалқыта, шамырқата толғайтын ақындық өр пафос та бар.
Қазақ әдебиеті тарихында өмір туралы толғанбаған ақын кемде-кем. Бұл дәстүр арғы бастауын тіпті көне түрік әдебиетінен алады. Қашаған "Жетпіс беске келгенде", "Осы күн жолдас болдым сексенменен", "Қартайған шағында айтқаны", "Бұл өмірдің мысалы", "Бұл дүниеде не жетім" деген бір топ өлеңдерінде өмір мәні туралы толғанады. Алғашқы екі өлеңінде кәрілік шақты бейнелеген. Ақын суреттеуінде кәрілік – адамның базары тарқап, бағы қайтар шақ. Ол бұл ойын "Бұл дүниеде не жетім" деген өлеңінде дамыта түскен. Қашаған кәрілікті сұсты, қаһарлы етіп бейнелесе де, оған бола еңсесі түспейді. Себебі ол өмірдің өткінші екенін ("Қырмызы қызыл дүние басымда білдім тұрмасын") жақсы біледі. Қартайған шақта жан серігі – жалын жырдың аулақтай бастағанына ("Өлеңді қартайған соң айта алмадым") құлази қынжылып, жастық дәуренді армандай, аңсай еске алады ("Сыбырласып, сыңқылдап, баяғы күліп-ойнайтын күн қайда?).
Бұл өмірдің мысалы
Кешегі көрген бүгін жоқ,
Ұшып кеткен көбелек, –
деп тамаша бейнелегсн ақын өткінші өмір мәні қулық, сұмдык, бәсеке, ожар өпіремдік емес, тек қана әділдік, ақиқаттық деп түйеді. Ақынның жаз дидарлы жастықты аңсауында, өткінші өмірді белшесінен басып, бейбастық өткізбей, мәнді, әділетті өмір сүруді жырлауында бір сыр бар. Сөз жоқ, бұл адамның өмірге деген құштарлығын суреттеу. Демек, ақынның өмір туралы толғаныстары да барлық шығармасының арқауы болған кісілік мұратымен сабақтасады.
"Қойшы жігітті көргенде айтқаны" өлеңінде ақынның бай малын баққан бейнетқор баланың өзгелерден еш кемдігі жоқ азамат деген пікірі аңғарылса, "Кедей жігітке айтқан ақылынан" зорлық пен қиянатты жеңген өткір тіл – өлең сөздің құдіретін танимыз.
Қашағанның бір топ өлеңдері тұрмыс-салт тақырыбында. Олар: "Аралбайды жұбатуы", "Қонақкәде", "Тойбастар", "Бата".
Қашаған халықтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салтын терең білген, ауыз әдебиетінде әріден келе жатқан көңіл айту, беташар, тойбастар, қонақкәде, тілек-бата мазмұнындағы өлеңдерді дамыта түскен. Жыршы, әншілер ел арасына тараған тұрмыс-салт өлеңдерін жаттап айтатын болса, Қашаған сияқты суырыпсалма ақындар әр тойдың, әр оқиғаның келісіне, мәніне лайық жырды қолма-қол шығарып отырған. Сондай жырдың бірі – "Қонаккәде". Ол – әзіл-қалжыңы аралас ақжелең өлең. Өлеңді қадірлеген халықтың танысу, конақ өнерін байқау мақсатындағы "қонақкәде" деген әдеті бар. Ондайда әркім білген өнерін ортаға салады. Бірақ "Түген ақынның қонақкәдеге айтқан өлеңі екен" деген жыр көп кездесе бермейді. Соған қарағанда, "Қонаккәде" Қашаған шығармаларындағы назар аударарлық бір түр. Қонақкәдеге қолма-қол күй шығару халық композиторы Өскінбайда болса, жыр шығару Қашағанда кездеседі.
Қашағанның "Тойда берген бата" толғауында ерекше қастерлей жырлайтыны – өмірдің әр кезеңіне лайық игі инабаттылық. Бұл оның "Тойбастарларына" да тән әуен.
Қашағанның ерекше назар аударуды қажет ететін өлендерінің бірі – "Аралбайды жұбатуы".
Әдетте, естірту, жұбату мәнді өлеңдер біртұтас келіп, бір ақынның аузынан айтылатын болса, Қашағанның "Аралбайды жұбатуында" естірту рөлі Аралбайға тиеді де, жұбатуды Қашаған айтады. Және бір ерекшелігі – әдебиет тарихыңда кездесетін өзге естіртулерде қайғы салмағы түсетін адамға өзге адам естіртіп, көңіл айтатын болса, мұнда Аралбай өз кайғысын өзі баяндап, замандасы Қашағанға мұңын шығады. Естіртудің тұспал ишаратпен, жұмбақпен, салыстыру, теңеумен басталып, айтушының тыңдаушысын ауыр хабарды естуге дайындап алатын сипаттары Қашағанның "Аралбайды жұбатуында" да бар. Аралбай:
...Тұяғы сынған тұлпармын,
Қанаты сынған сұңқармын, –
деп өз басының ауыр қайғысы мен көңіл қасіретін мысалдай, тұспалдай келіп, мұң-шерін ағытар тұста:
...Жалғызымнан айрылып,
Қанатымнан қайрылып,
Көңілім сөйтіп түңілген, –
деп естіртеді.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ...
Болаттан бекем бол деген,
Болдырғанға болмасқа.
Уәйім, ашу жарамас
Сендей бір жанға, жолдасқа.
Өлеңде жұбату, Аралбай қайғысына ортақтасу сияқты адамгершілік, ізгілік сезімдер тіндесе келеді. Терең тебіреністен туған бұл өлең бейнелі сөздерге бай.
Қашағанның айтыс жанрында да елеулі үлесі бар. Бізге белгілісі – Ізбаспен, Нұрыммен, Ізім шайырмен айтыстары. "Күлзипа қыз бен Қашаған" дейтін материал шешендік сөз күйінде.
Қашағанның жас кезіндегі айтыстарының бірі – Нұрым ақынмен кездесуі. Бұл – қазақ әдебиетіндегі сұрақ-жауап түрінде келетін дін тақырыбындағы айтыстардың бірі. Нұрым Қашағанға бірнеше сұрақ кояды. Сұрағы – сол кез ақындарының көбін мүдіртетін дүние мен адамның жаралуы, Нілдария көпірі, пайғамбарлар қауымы туралы діни аңыздар. Бұл аға ақынның жас дарынды сынау жолындағы дәстүрлі әдісі болатын. Қашаған барлық сұраққа мүдірмей жауап беріп, Нұрым жырауды риза етеді.
Қашағанның Нұрыммен айтысы білім сынасу ретіндегі сайыс болса, Ізіммен, Ізбаспен айтыстары – адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу.
Қашаған мен Ізім шайыр айтысы 1891 жылдар шамасында Қарақамыс жәрмеңкесінде болады (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір қаласы тұрған жер).
Айтыс жүйесінен көрінер бірнеше еске алар жайлар бар. Мұнда айтыстардың көбінде кездесетін ақындардың өздері туралы толғаныстары атымен жоқ. Бұл екі ақынның да бірден өзекті оқиғаға ойысқанын аңғартады.
Қашаған мен Ізім айтысының қорытындысында үстем тап өкілдері қатты сынға ұшырайды. Ізім Қашағанға:
...Байларың су басында таласқанда,
Қыз боқтап гүжілдесіп ақырады-ай, –
деп байлардың әдепсіздігін мінесе,
Байларың мал соңына кетед дейді,
Көжесін жүгерінің түбі күйген
Азаннан ерте тұрып жалғыз тартып, –
деп мал-дәулет қызығын өзінен де аяйтын шықбермес сараңдық пен топастықты сынайды. Сондай-ақ Ізімнің:
Байлары адал деп мал жейді дейді
Зекетсіз жұртта қалған шын арамды, –
деген жолдарында молдалар мен байлардың кісі еңбегін қанайтын қорқаулық қасиеттері әшкереленеді. Ақын ол жайларды ауыспалы мағынада айтса да, халық оны аңғара алады. Ал Қашағанның:
Әлпештеп асыраған қыздарыңды
Саттыңдар тоқалдыққа мақтап-мақтап, –
деген жолдарында ғасырлар бойы қазақ әйелдерінің еркіндігін матап келген қалың малды тілдеу бар. Мұны Қашаған Ізім елінің міні етіп айтып отыр.
Айтыста халық тұрмысының көшпенділік өмір, надандық, әйел теңсіздігі сияқты жайлары да баян етіледі. Бейнелі, уытты сөздер мол ұшырайды:
Біздің ел жаз жайлайды ағын суды-ай,
Кербездер керіледі аппақ кудай,
Ізімнің осы шумағында да әдемі теңеулер мен шебер шендестірулер бар. Қашаған: .
Ғайбат сөз, аузыңды ашсаң, балалаған.
...................................................................
Шалқыған айдын шалқар көл де болсаң,
Бір кезек осы жолы суаласың, –
деген сөйлемдері де назар аударарлық. Ақын мұнда "сөзді, балалатып", ақынды шалқар көлге балап, жеңілуді суалу деп бейнелейді.
Өткір сөзді, кейде қиыс, қыңыр, ұрымталдықпен килігетін Ізімнің айтыста жеңілуінің басты сыры неде? Ізім айтыста қызыл тілден жеңіліп отырған жоқ, дау сөздің логикалық жүйесінен, жалтаруға келмейтін шындыктан жығылыс тауып отыр. Бұл жерде М.О.Әуезовтің халықшылдық, адамгершілік қасиеттерімен қатар, "ақын сынының бір қанаты - білімділік" (Айтыс, І том, Алматы, 1964, 39-б.) дегенін еске аламыз. Қашаған жеңісіне жол ашқан себеп – оның арғы-бергі елдер тарихын мол білетін естіміш білімдарлығы және ол деректің халық қолдайтын ақиқат болуында.
Себебі Қашаған айтыста мал баққан қарапайым елді тұрпайы көрген Ізімге қарама-қарсы пікірде танылады. Ол шаруақол ел мен туған жерді жыр етеді. Бұқараға қысым жасаушы ханды өлтірген ел ерлерін мақтап өтеді. Айтыстың мәні де осында.
Қашағанның Ізбаспен айтысы Сақып, Берекет ақынға айтқан өлеңдерімен сарындас. Мұнда менмен, өзімшіл, өсекқұмар, "от басы, ошақ қасы" ақыны Ізбасты әшкерелеу адамгершілікті, насихаттау – айтыстың ең өзекті мәселесі.
Айтыс 1924-1927 жылдары болған. Қашаған сексендерден асқан, Ізбастың қырықтардағы кезі болса керек... Ізбас бір жиында Қашағанның перзентсіздігі мен кедейлігін айтып мұқатпақ болған. Өлең сөздің белгілі жүйріктері Қашаған мен Сәттіғұлға тіл тигізіп, жасы жеткен қарт ақынға сес керсетеді, Оның бұл жерде Қашаған үндемей қалса, "Ізбас Қашағанды жеңіпті" деген атақ алғысы келетін мақтангөйлігі де аңғарылады. Жоқты-барды өлең еткен атаққұмар Ізбасты Қашаған мірдің оғындай өткір сөздермен түйреп, ел алдында әбден масқара етеді.
Ақындар айтысының ежелгі дәстүрімен өзін көтермелей, қарсы ақынды кішірейте сөйлеу – Қашаған мен Ізбас айтысының да бір тәсілі.
Айтыстың тілі көркем, бейнелі, өткір:
Жүйрік едім қашаннан
Ақбөкендей орытқан.
Өлең сөздің ақпа-төкпе дүлдүлі өзін дала жүйрігі ақбөкенге теңеп, сан алуан көрікті сөздерді құбылта ойнатып, ой мағынасын үстей, әсер-ықпалын күшейте түседі:
Менің сөзім – сары алтын,
Сенің сөзің – қола, мыс.
Өтірік десең, берелік
Арасына сыншының.
......................................
Сен – бір есек, мен – тұлпар,
Адай түгіл, Алшынға
Естілген дүбір, дүрсілім.
Бұл жолдардан Қашағанның сөз қадірін салмақтай білген сөз зергері екендігімен қатар, Махамбет сияқты ақындар жырының өткірлік рухы мен түрінен үйренген игі әсері де аңғарылады.
Ізбас айтыста әдет-ғұрып этикасьн бойсынбаудан ғана жеңіліп отырған жоқ. Әдетте, ақындар айтысында үлкен мен кіші арасында айтылмайтын шәлкем шалыс сөздер айтыла береді, оны халық айып көрмейд.. Мұны Жанақ пен Сабырбайдың, Күнбала мен Сүйінбайдың, Сара мен Біржанның айтыстарынан жақсы білеміз. Ізбас айтысуға ақындық өресі жетпегендігінен жеңіледі. Тиіп-қашып ұпай алуды ойлаған ол Қашаған сияқты сөз нөсерінің қарқынына қарсы тұруға шамасы келмейді. Адуынды ақьн оның қанатьн жаздырмай, пәрменді сөздермен буып тастайды. Ақын бұл айтыста менмендік, жалғандык, жағымпаздық қасиеттерден жирендіріп, адамгершілікті дәріптейді. Қашаған – айтыстарында да елдікті, ерлікті, адамгершілік абзал қасиеттерді, бұкара мүддесін жырлап, соған арқа сүйеген ақын.
Қашаған өлең, айтыстарымен ғана емес, жыр-дастандарымен де танылған. Ақынның бізге жеткен көлемді, үш шығармасы бар: "Адай тегі", "Атамекен" , "Топан ".
"Адай тегі" – аңыз хикая. Шығармаға негіз болған атадан балаға көшкен аңыз-шежіре сүрлеуі. Ақын әуелі Кіші жүзге жататын Жанарысұлы Алаудан, оның ұрпағы Алшыннан бастап, Адай әкесі Қыдырқожаға дейін толғайды. Қашаған ата-бабалар шежіресін тарата бермей, тек Адай тегі туралы аңызды ғана нақты сюжеттік желімен өрбіте жырлаған.
Бұл хикаядан ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлардың әсері айқын сезіледі. Қыз-келіншектердің сейілге шығуы, Қанбибінің күтпеген оқиғага кездесуі, баланы далаға тастауы, Бай мен Төренің оны тауып алуы. Байдың үрейлене қарауы сияқты оқиғалар шығарма желісін ширата, шиеленістіре түседі. Әспенбетке жорытып, той қылуы – шығарманың шешілу, аяқталу сәттері.
Жырдағы Бай, Төре, Әспенбет, Қанбибі өз дәуіріне сай наным-сенімдегі бейнелер. Мұны әсіресе Төре мен Әспенбет монологтарынан айқын аңғарамыз.
Жырда табиғат көркінің тәуір суреттері, Алғи, Нұр, Түркістан, Құндыздың қара теңізі, Әзіреттің Алатауы сияқты мекендер аталады. Бұған қарағанда; ақынның халық тарихы хақындағы әңгіме-аңыздардан хабары мол. Автор оқиғаны бастан-аяқ өзі ғана баяндай бермей, кейіпкерлерді де сөйлетіп отырады. Бұл жайлар ақынның мол біліп, көп жырлаған ауыз әдебиетіндегі этикалык жырлардың сюжет, композициялык құрылыс шеберліктерін меңгергендігін танытады.
Хикая желісі – көне кезден көңілге ұялаған, атадан балаға ұласқан ел аңызы. Оған ақынның:
Осы бір сөздер көңілімде
Бұрынғы өткен үлкеннен
Қағида болып қалынған,
Шежіре болып жазылған.
Тілім түзу бағытты,

Көңілім зерек қалыпты,


Аңдаған жақын, алысты,
Болжаған кисық-шалысты.
Бұрынғы қарт атамның сөздерін.

Құлағым естіп, көз көргенін


Осындай құралды жерге келгенде
Шығарып жүрмін жарыққа, –
деген жолдары куә.
Қашаған жырларының бірі – "Атамекен" Дастан сюжеті тарихи оқиғаға негізделген. Бұған куә – жырдағы адам, жер аттары. Дастандағы Ақпан батыр, Бөкей, Жәңгір, Әбілқайыр, Нұралы – бәрі де тарихи адамдар. Жем, Атырау, Үстірт, Маңғыстау, Қаратөбе, Манаты, Қарақұс шоқысы, Шағанақ теңізі, т. б. жер аттары қазір де бар. Дастандағы қазақтардың басқыншылыққа ұшырап, батысқа көшуіне, Адайлардың Маңғыстауға бет алуына, сондай-ақ жырда аталатын хандардың өмір сүрген дәуіріне қарағанда, шығарма, негізінен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғар басқыншылығын, "Ақтабан шұбырынды" кезеңіндегі елдің ауыр тұрмысын суреттеуге арналған. "Атамекен" – сол сұрапыл жылдардағы халық тұрмысын еске алудың бір елесі. Жырдағы қазақ ру-ұлыстарының Еділ мен Оралға дейін баруы, Манғыстауға қарай толқып, ірге тебуі – бәрі де әлеуметтік-тарихи жағдайдан туған. Халықты сондай лажсыздыққа итермелеген жоңғар басқыншылығының лаңы еді.
Елге тиісіп, халық арасында араздық отын тұтандырушылар үстем тап өкілдері – бектер және солардың сойылын соғушы қанды қылыш әумесерлер екенін ақын анық суреттейді. Ел қорғаны болған батырларды тартымды да шабытты сипаттайды.
Қашағанның ерекше назар аударарлық шығармасының бірі – "Топан". Ақын бұдан өзге дастандарының қай-қайсысында да өзінен бұрынғы тарихи оқиғаларды негіз етсе, "Топан" дастанын өзі куә болған нақты оқиға желісіне құрады.
"Топан" ел арасына кең тараған. Дастандағы өзекті мәселе – Каспий теңізінің сұрапыл тасқынына ұшыраған халық трагедиясы. Ел басына ауыртпалық әкелген бұл алапат оқиғаның қай жылы болғандығы туралы деректер әртүрлі. Академияның ғылыми кітапханасындағы жазбаларда тасқын оқиғасын Б.Жақыпбаев 1895 жылы, И.Ұйықбаев 1902 жылы болған деп көрсетеді. "Топан" дастанының сюжетімен Құрманғазының "Көбік шашқан" деген күй шығаруына қарағанда, тасқын 1887 жылдар шамасында болған. Себебі бұдан кейінгі жылдарда атақты күйші өмірде жоқ еді. Ақын сөзімен айтсақ:
Уақиға болды қауыста,
Алдында өтті ақырап.
Табиғат сұрапылына ұшыраған Атырау елінің қыруар малы мен жаны, мекен-жайы суға кетіп, баспана, азық-түліксіз калған қайғылы ел көп қиындық көреді. Ақын ел басына түскен сол ауыр күндердің куәсі болып, халық мұңына ортақтасып, осы дастанын жырлаған.
Дастан төрт бөлімнен турады. Бірінші бөлімде Каспий маңының ежелгі бейнесі; екіншісінде менмендіктің ақыры туралы бір мысал; үшіншіде Атырау елінің тасқынға дейінгі хал-жағдайы; төртіншісінде тасқын оқиғасы және ақынның қорытынды пікірі.
Ақын суреттеуінде Атырау – ежелден ғанибет мекен, байлығы мол өлке.
Бұл бөлімде мал бағып, аң қаққан, "елеуретіп ат мініп", елін қорғар ерлер шыққан дарқан елдің ежелгі ту қонысы көз алдымыздан өтеді. Жыр жолдарында жанды сурет жасайтын, халықтың ертедегі әдет-ғұрып, салт-дәстүрін аша түсетін "сулығын алтын бедерменен кердірткен, жалын сабау тіспен тердірткен" сияқты тамаша тіркестер бар.
Екінші бөлімде ақын менмендік туралы хикая шертеді. Талай хандар тағынан ауған, "асқанға – тосқан" болған, менмендіктің аяғы құрдым, орынсыз тасқандар суалады дейді ақын. Ертеде Орманбет ханның елінде мастық, паңдық жол алып, бір кесапатқа кезігеді. Арша деген ағаштан құтырған құртты қағып жеп, бозторғай құтырады, ол өзінен зорға шауып, бүркітке килігеді. Оны жеп бүркіт құтырады. Желденген бүркіт Еділде жүзген нән балыққа шүйлігеді. Нән балық бүркітті қылғып, суға сыймай сандалады. Ақырында құтырған балық қайырлап жағаға шығады, оны Сайынжап батыр көріп, ел жейді. Балықты жеген ел құтырып, бірін бірі жеп азады, азаяды... Жүйрік ойлы ақын бұл мысалда әлеуметтік мәнді жайларды тұспалдау жолымен сөз етіп отыр. Кішкентай бозторғайдан бастап, адамдарға дейін әлсізін күштісі жеу нені көрсетеді?
Біреулерді біреу жеп,
Азайған сөйтіп көп халық, –
деген ақын не айтпақ? Сөз жоқ, бұл тұспалдаулар небір дәуірлер бойындағы адам қоғамында жол алып келген әділетсіздік пен зорлықты, менмендікті сынау.
Ақын ысырапқа, менмендікке наразы. Мастық, паңдықты шенеуде Қашаған бай, кедей деп алаламайды. Ол адамгершілікке жатпайтын менмендік атаулыға қарсы. Кешегі ас сұрап келген саудагерлер аспанға қарады, бұрынғы жаяулар тұғырды ат санамады, әйелдер "мынау кімнің қатыны" атануға тырысты, ел ас талғауды шығарды, атаққұмарлық, паңдық жол алды.
Сорпаны төкті майменен.
Сусыны қанып шайменен, –
дейді ақын.
Әрине, ақынның сын найзасына батыл түйрейтіні сорпаны маймен төкпек түгіл, тапқаны тамағына жетпей жүрген кедейлер мен жалшылар емес, дәулеті асып-тасқан байлар, билер мен болыстар, солардың үй іші. Оны ақынның өзі де ашық айтады:
Бір азамат ерде дәулет кем болса,
Қабаннан жаман Қарынбай
Жан екен деп оны білмеді,
Көзіне тіпті ілмеді.
Дастан:

Кейіндегі бозбалалар,


Налымаңыз, шырағым,
Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай мен жарлы тең болса,
Суда – балық, кырда – егін,
Диқаншылық көп болса,
Бәле-бәтер жоқ болса,
Талаптың күші сел болып,
Кетерсіз дағы ел болып, –
деген оптимистік жолдармен аяқталады. Ақын халық келешегіне сенген. Ол бай мен жарлы теңесетін кезеңді қалайды, өмір еңбекпен көгереді, талаппен алға басады дейді. Халық трагедиясын сол дәуірдің әлеуметтік мәселелерімен байланыстыра білген ақын қанау, қиянат, менмендік балалап, бұзылған заманда "таспағанға тасқанның әсері" тиеді, кесапатқа кезігеді деп, феодалдық заманды батыл сынай білген.
"Топан" – халық мұңын шертетін, әлеуметтік мәні зор, оптимистік рухтағы күрделі шығарма. Дастанның мәнділігі өнердің өзге саласы шеберлерінің де әр кезде назарын аударған. Қазақтың ардагер композиторы Құрманғазы осы жыр желісін пайдаланып, "Көбік шашқан"дейтін тамаша күй шығарса, казақ кеңес әдебиетіні дүлдүлі Ілияс Жансүтіров те өлең сөздің ерен жүйрігі Қашаған өміріне ерекше назар аударған. Ол сөз ұстасы Қашаған мен күй бұлбұлы Құрманғазыны кейіпкер етіп, Каспий тасқынына ұшыраған ел халін толғамақ болған. Өкінішке орай, "Көбік шашқан" атты осы поэмасын аяқтап үлгермей кеткен. Соның өзінде де ардагер Ілияс:
Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі.
..............................................................
Шашқанда күйден көбік Құрманғазы,
Қашаған жырдан төккен маржан дүрді, –
деп бұқара жыршыларының талант-дарынын әділ бағалай білген. Сондай-ақ казақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиевтың "Құрманғазы" поэмасында да Құрманғазы мен Қашаған бейнесі ежелден халық көкірегіне ұялаған дәрежеде келісті, шынайы суреттеледі.
"Топан" – Қашаған ақынның халық өмірін тебірене толғаған келелі шығармасы.
***
Қашаған жүйрік жыршы да. Ол өзінен бұрынғы Абыл мен Нұрым, Махамбет пен Қалнияз, Шернияз бен Марабай арқылы ел арасына кең тараған көлемді жыр-дастандарды мол жаттап, дамыта жырлаған.

Қашағанның ақындық, жыршылык өнерін Өскінбай мен Аралбай, Ығылман мен Нұрпейіс, Мұрын мен Өмір (Көшекбайұлы), Сүгір (Бегендікұлы) мен Сәттіғұл, Шәдіман мен Шамғұл, Көшен мен Құмар сияқты ақын-жыршылар өнеге тұтқан. Дәуіріміздің атақты жырауы Мұрын: "...Қашаған... ноғайлықты батырлар жырын да көп білетін еді", – дейді. Қазақ ССР-ның халық ақыны Сәттігұл Жанғабылұлы: "Қырық батыр" Қашаған жырлауында өте көркем болатын. Ол жырларды Қашағаннан шебер жырлаған ешкімді кездесітіргенім жоқ", – дейді. Әрине, бұл Қашағанның жыршылығымен қоса ақындығының да әссрі еді. Ол ақындық қуатымен батырлар жырының оқиға желісін ширатып, бейнелеу сөздерін түлетіп, көріктендіре түскен, мазмұн-мәнін де өңдей жырлаған. "Қырық батыр" құрамындағы "Қарадөң ұрпақтары" циклін Мұрын Нұрым мен Қашағаннан үйренгендігін айтса, мұның мазмұн-мәні мен көркемдік сапасына Қашаған әсері мол болғаны аян. Алайда "Қырық батыр" сияқты тамаша туынды Қашаған жырлауында қағаз бетіне көп түспеген. Бұл жырдың біраз бөлігі тек қана Қашаған шәкірттері Нұрпейіс, Мұрын жыраулар арқылы біздің дәуірімізге жетіп, әдебиетіміздің алтын қорына қосылған елеулі үлес болып отыр. Қашағанға жеделдес жүрген ақын-жыршылардың қай-қайсысы да онан өнеге алған. Бұл жайды Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов сияқты ғалымдар өз еңбектерінде орынды атайды. "Мұрынға да, Құмарға да, Нұрпейіске де ұстаз болған Қашаған ақын, – дейді Е.Ысмайылов. – Ығылман ақын да көптеген жырды Қашағаннан үйреніпті. "Қырымның қырық батыры", "Қобыланды" сияқты жырлар Қашаған арқылы тарағаны даусыз" ("Ақындар", Алматы, 1956). Ал Қашаған көрнекті рөл атқарған Қазақстанның батыс аймағындағы ақындық, жыршылық дәстүр Жанжігіт, Шамғүл, Шәдіман, Құмар, Назарбек, Әлқуат, Қобылаш, Сұлтандар арқылы күні бүгінге дейін желісі үзілмей дамып келеді. Ақынды көре қалған айтулы жыршылардың бірі Әлқуат Қашаған әсерін тебірене әнгімелейтін:


"Жырды жасымнан жаттап, әулекі боп өскен маған күшті әсер қалдырған Қашаған ақын болды, – дейді Әлқуат. – Он бес жаста едім. Бекі жайлауында Есжан дегеннің асын берді. 400 үй тігілді, бәйгеге 160 ат қосылды. Жыршы, күйшілер жиналды. Басында қара бөрік, үстінде мәндала шапаны, аяғында кебісті мәсі, жалпақ бет, үлкен көз, салбыр мұрын, бұғақты ірі қара кісі жыршыларды бастап келді. Қолында шашақты қара домбыра. Қасында Сүгір жырау мен Шамғұл күйші. Мен солар түскен үй маңыңда болдым. Қашекең кара домбырасын шертіп қойып, жырды табан аузында ағылта беретін, мойнын шағын орамалмен байлап алған. Қыза келе жырды түйдек-түйдек ағытқанда жуан даусы ауыл-аймаққа түгел естілетін".
Қашаған ақпа-төкпе суырыпсалма ақындық өнерді ерекше бағалаған. Ақынның ел алдындағы міндет-парызын, халық өмірін жырлау сырларын жақсы білген. Оған куә – ел аузында сақталған екі әңгіме.
Қашағанның сүйікті шәкірттерінің бірі Сәттіғұл жырлар алдында сәл ойланып барып ағытылады екен. Қашаған оған: "Жау сен қашан атады деп күтіп отыра ма? Айтқыш болсаң, оғыңды сол бойда сеуіп жібер. Ақпа ақын табан астында селдете құйып жіберуі керек", – дейді екен.
Бірде Сүгір Бегендікұлы Хиуа нөкерлерінің шапқыншылығына ұшыраған ел қасіретіне арнап жыр шығарыпты. Сонда Қашаған:
– "Қарағым-ай, жау бір шапса, сен екі дүркін шапқан екенсің, – дейді.
– Неге, Қашеке?
– Сен шапқыншылыққа ұшырап, тамтығы қалмай құрыған халықты көрсетіпсің, елдің еңсесін көтеріп, жаудан кегін алатын батыры қайда? Ошағында сөнбеген оты, көңілінде үміті бар, елдің кегін қуар ұрпағы бар", – деген екен.
Қашаған екі дәуірді бірдей көрген ақын. Кеңестік кезеңде он шақты жыл өмір сүрсе де, дәуір сырын жанымен ұғып, шаттана үн қосты. Қанау, зорлық-зомбылык, паңдық, мастық жол алған феодалдық дәуірдің қоғамдық системасын тұспалдап та, ашық та сынап, шенеді, келешекке үмітпен қарады. Халық басынан өткен елдікті, ерлікті жыр етті. Әйел-ананың қоғамдағы рөлін түсіне білді. Дүниенің мәңгі дамуда екенін, уакыттың өтпелілігін, табиғат зандылығын сезе, түсіне білді, әлеуметтік қайшылығын көре білді. Өзі өнген кемтар бұқараны жырлап өтті, солардың қиянат-қысымды әшкерелейтін жалынды тілі болды. Ілияс ақын: "Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі", – деп текке айтпаған. Ол – сыншыл, тура, өткір, сықақ мәнді шығармаларымен танылған айтулы бұқара жыршысы. Оның ақындық, жыршылық өнерінен замандастары мен өзінен кейінгі талай өнерпаздар өнеге алған.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет