Мұғалімнің шығармашылық қызметі - білім берудегі нәтиженің негізі
Еліміздің болашағы мұғалімнің білімі мен біліктілігіне, рухани әлеуетіне, құқықтық және саяси мәдениетіне байланысты. Білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыру, жаңа буын оқулықтарын оқыту үрдісіне енгізу тәрізді келелі мәселелер ұстаздарға шеберлік пен іскерлікті, кәсіби дайындығының сапасын өсіру және дамыту міндеттерін қойып отыр, Осыған орай, мемлекетіміздегі білім беру жүйесін модернизациялаудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасындағы басты мәселе де "өмірлік білімнен — баршаға өмір бойы игерілетін білім ұстанымына" өту болып отыр.
Қазіргі өмір талабына сай педагогикалық жоғары оқу орындары білімді мұғалім ғана емес, әрі тәрбиеші, әрі қоғамшыл, әрі зерттеуші, әрі ұйымдастырушы мұғалім даярлау керек екені бәрімізге белгілі. Әр қырлы оқытушы-тәрбиеші мұғалім даярлау – күрделі үрдіс. Бүгінгі білім беру саласындағы көкейкесті мәселенің бірі - біліктілікті арттыру. Яғни, біліктілікті арттыру жүйесінің жаңа дидактикасын жасау.
Білік - игерілген білімдер мен өмірлік тәжірибе негізінде орындалуы тез, дәл саналы теориялық және тәжірибелік әрекеттерге даярлығы. Жүйенің мазмұны мен мақсатын, әдіс-формаларын, ұстанымдарын, білім алушылар мен оны ұйымдастырушылар арасындағы қарым-қатынасты өзгерту жаңа нәтижелерге әкеледі. Бұл мәселені шешудің жолдарының бірі – осы дидактикалық жүйедегі негізгі бөлік оқытуда жаңаша ұйымдастыру немесе технологияландыру деп түсінеміз.
Мұғалімнің жеке басының үлгісі - кәсібилікпен біте қайнасқан қасиет. Сонымен мұғалімнің кәсібилігі іс жүзінде жас ұрпақты өмірге әлеуметтік қажеттілік деңгейінде дайындап шығаруды қамтамасыз ететін оның психологиялық, педагогикалық және ғылыми-пәндік білімдері мен оларға сәйкес мәдени адамгершілік бейнесінің жоғары сатысы болып табылады. Педагогикалық әрекеттің шынына апаратын келесі баспалдақ - кәсібилік. Қоғамның жаңаруы мен қарыштап дамуы оның азаматтарының барлық саладағы кәсібилігіне байланысты. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің мына төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.
Объективті критерийлер: мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес, әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі. Жоғары еңбек көрсеткіші, әр түрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері жататындығын атап өтеді.
Субъектиеті критерийлері: адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығуларына сәйкес. Мұғалім еңбегіндегі субъективті критерийлерге, сондай-ақ, кәсіби-педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын, оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады.
Нәтижелі критерийлер: мұғалім өз ісінде қоғам талап етіп отырған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе. Бұған қатысты қазіргі уақытта әр түрлі түсінік бар екені белгілі. Біреулер нәтиже ретінде оқушылардың білімдерінің стандартқа сай болуын алса, біреулері олардың қабілетін дамытуды алады, ал кейбіреулері оқушылардың өмірге дайындығын басты назарда ұстайды. Оқыту нәтижесі біз үшін баланың психикалық фуакцияларының жетіліп, өзінің тәжірибелік әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуы. Мұны қазір құзырлылық деп атап жүрміз.
Латын тілінен аударғанда "құзырлылық" дегеніміз - өз ісін жетік білу, танымы мол, тәжірибелі деген мағынаны білдіреді. "Құзырлылық" - тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберіне қатысты білім, біліктілігі, дағдысы мен іс-әрекеттері тәсілінің өзара байланысқан сапаларының жиынтығы. Өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған негізгі ой тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын адамды белгілі бір саладағы құзыреттілікті меңгерген деп есептеуге болады. "Құзыреттілік"- адамның өзінің іс-әрекет саласына сай құзырлылықты меңгеруі. Бұл екі ұғымды қажет болған жағдайда қарастыруға болады. Мәселен, құзырлылық деп оқушылардың дайындығына алдын-ала қойылатын талаптары, ал құзыреттілік деп олардың қалыптасқан тұлғалық сапасын және белгілі бір саладағы іс-әрекетке қатысты жинақталған тәжірибесі ретінде түсінеді, яғни, тұлға мына өзгермелі қоғамда өзін-өзі дамытуға, өз бетінше өмір сүруге дайын болады. Шығармашылық критерийлеріне: мұғалімнің өз кәсібінің шекарасынан шыға алу, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады.
Ғылымда шығармашылық туралы ұғым ХІХ-ХХ ғасырларда пайда болып зерттеліне бастады. "Шығармашылық – мағынасында жаңалық ашу дегенді білдіреді". Шығармашылық тұлғаның жеке ерекшелігі, табиғи дарындылығы мен даналығының көрінісі, шығармашылық қабілеттердің деңгейлері ғылыми тұрғыда қарастырылып, зерттелуде.
Белгілі психолог Қ.Жарықбаев шығармашыл тұлға туралы былай дейді: "Басқалардан көмек күтпей, мәселені шешуде басқа біреудің әдісін қайталамай, қалайда өзі шешуге тырысатын адам - шығармашыл ойдың иесі''.
Б.Тұрсынбаева өзінің монографиялық еңбегінде "Шығармашылық –мәселелік сипаты бар, барлық ішкі байланыстарды біріктіретін нәтижеде жаңа матерыалдық және идеалдың құныдылықтар алынатын адамның мақсатты әрекеті" дей келе Д.Богоявленская, А.Брушлинский, А.Пономарев, Н.Кузьмина, А.Матюшкин, Ю.Кулюткин, Г.Суховская, т.б. ғалымдардын еңбектерін талдай отырып шығармашылық әлеуетке төмендегідей анықтама береді: "Бұл тұлғаның жаңа жағдайға сәйкес әрекет тәсілін өзгерте алуға негіз болатын білім, білік, дағдылары; әрекеттің нәтижесін айқындайтын жаңалық, сонылық, қайталанбастық; тұлғаның өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі жүзеге асыруға әкелетін өнертапқыштық, елес, сыни ойлау, жаңалыққа деген ашықтық сияқты жеке қасиеттерінің жүйесі".
Шығармашылық деген шыңына оңай жолмен көтерілу мүмкін емес, ол жолдың соқпағы, сүрлеуі болады. Дегенмен ізденімпаз, өзіне талаптар қоя білетін, кәсіби деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген мұғалімнің шығар тауының биік болу мүмкіндігі бар және кез-келген сабағы шығармашылық сипатта өткізіліп отырса, оқушы дербестігінің қалыптасуы жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз.
А.Хуторский, В.Сластенин еңбектеріне талдау жасай келе, біз оқушылардың шығармашылық дербестігін қалыптастыруға ықпал ететін шығармашылық сабақ түрлерін төмендегіше бөліп қарастырамыз: 1) танымдық; 2) эвристикалық; 3) әдіснамалық; 4) коммуникативтік.
Достарыңызбен бөлісу: |