Шағын жинақты мектептің үш түрі болады, олар:
1) Бастауыш шағын жинақты мектеп;
2) Негізгі шағын жинақты мектеп;
3) Орта шағын жинақты мектеп.
Білім беру мекемесінің бұлай ерекшеленуінің басты критерийі – ондағы оқушы санының аздығы, ал қалған ерекшеліктер осы критерий негізінде туындайды. Шағын жинақты мектептің жоғарыда келтірілген түрлерге жіктелуі нормативтік құжаттарға сай жүзеге асырылады: «Тұрғындарының саны аз әрбір елді мекенде:
1) бастауыш шағын жинақты мектеп – білім алушылардың саны 5-тен 40 адамға дейін;
2) негізгі шағын жинақты мектеп – білім алушылардың саны 41-ден 80 адамға дейін;
3) орта шағын жинақты мектеп – білім алушылардың саны 81-ден 180 адамға дейін болған жағдайда жұмыс істейді»
«Шағын жинақты мектеп қызметінің тәртібіне» сәйкес 1-сынып оқушылары жеке оқытылады. Себебі мектепке енді қадам басқан оқушылардың оқу әрекетiне бейiмделуі, талаптануы, зейіні тұрақтануы мен ынтасының артуы үшiн оларды сынып-кешеніне қоспай, жеке оқыту керек.
9, 11-сыныптар бiтiрушi сыныптар болғандықтан, олардағы бала саны аз болған жағдайда да өзге сыныптармен қосып оқытылмайды
Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесi екi нұсқада қарастырылады: аралас және әр жастағыларды бiрiктiру. Әртүрлі жастағы оқушылары бар сыныптарды ұйымдастыру педагогикалық тұрғыдан неғұрлым тиімді, өйткенi ол балалардың ауыспалы жұптарда жұмыс iстеуіне, жоғарғы сынып оқушыларының өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн төменгі сынып оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт бөлiп алуға мүмкiндiк бередi.
Шағын жинақты мектептегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері:
- сабаққа дайындалуда оқытушы шектен тыс жүктеме орындайды, басқаша айтқанда, бір сыныппен жұмыс істегенде сабақтың мақсаты, логикалық құрылымы оқушы мен оқытушыға бірдей, ал бірнеше сыныппен жұмыс істеуде бір сабақ әрқайсысы бір сабақ ретінде бірнеше кішкентай сабақтардан тұрады да, мұғалім бір күнде 8-16 сабаққа, оның әр бөлігін санағанда, 32-40 сабақшаларға, олардың логикалық байланысы әр кезеңнің мақсаты мен міндетіне қарай уақытында тиянақты дайындалуы қажет;
- мұғалімнің зейіні екі немесе одан да артық сынып оқушыларына бөлініп отырады, себебі бір сабақтың үстінде мұғалім әр түрлі жастағы, ой-өрісі мен білім дәрежесі әр түрлі оқушылармен жұмыс жүргізеді, сондықтан ол балалардың психологиясын жақсы білуі тиіс;
- мұғалімдер ұжымының аздығына қарай, әрбір мұғалімнің шығармашылық белсенділігінің артуына жол болмайды, яғни, шағын жинақты мектептер орта мектептерден алшақ орналасады, сондықтан мұғалімнің басқа оқытушылардың сабақтарына қатысып, араласу, тәжірибе алмасу, үлгі алу мүмкіндіктері аз болады, шыңдалудан гөрі жауапкершіліктері төмендеп, сабақ тиімділігін төмендету қаупі туады;
біріктірілген сыныптарда мұғалім бір сыныпқа сабақтың жарты уақытын ғана жұмсайтындықтан, көбінесе, әдебиет пәнінде (6-8 және 7-9 сыныптар) қиынға соғады. Өйткені берілген тақырыптар аумақты, сондықтан уақыт жетіңкіремейді;
- өзіндік жұмысты орындау барысында оқушылар мұғалім тарапынан жеткілікті мөлшерде көмек ала алмайды;
- белгілі бір жастағы балалар болмағандықтан, ұжымдық жұмыс ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ;
- оқушылардың өздік жұмысы басқа сынып оқушыларының шуылы, кедергі жасауы барысында жүргізіледі, мұның өзі оқушының тапсырманы түсіне отырып орындауына кері әсер етеді;
- оқушылар, әсіресе, бастауыш сынып оқушылары көпке дейін өз ойын ашық айтуға, қандай да бір мәселені ауызша талдауға, өзгенің талдауын, талқылауын, ойын тыңдаудан кенде, кейін қалады;
- бір мезгілде бірнеше сынып жұмыс істейтін шағын жинақты мектепке арналған оқыту әдістемесінің жасалмаған;
- шағын жинақты мектепте сабақ өздік жұмыс арқылы ұйымдастырылады, ал өздігінше жұмыс істеу әдісі бүгінгі күнге дейін кең қолданыс таппаған;
- шағын жинақты мектеп мұғаліміне арнап жазылып, баспадан шыққан әдістемелік және көрнекілік құралдары өте аз, сонымен бірге шағын жинақты мектептердің кітапханалық қоры нашар.
Достарыңызбен бөлісу: |