Жүзу жүйке жүейсін бекітіп, адамның ұйқысын, асқа тәбетін жақсартады, сол себептен дәрігерлер жүзуді емдік амал ретінде ұсынады. Дене шынықтыруда және емдеуде жүзу сабағы кеңінен таралған әдіс. Жүзу әсіресе балалардың дене құрылысын, денсаулығын жүйелі түрде нығайтуға пайдалы әсерін тигізеді. Сонымен қатар жүзу сабағы балалардың қол-аяқтарының тірек-қимыл жүйесін бекітіп, денесін дамытады және төзімділігін арттырады. Баланың денесі күшті, буындары иілгіш, қимылдары шапшаң және әсем болуына ықпалын тигізеді.
Жүзу — адам мен жануарлардың, су түбіне тимей қозғалу әдісі. Ол қозғалыс, көңіл көтеру және демалыс амалы, сондай-ақ спорттың бірегей түрі болып саналады.
Оның ағзаға, әсіресе, жүрек пен тірек-қозғалыс жүйесіне беретін жалпы беріктендіргіш және сауықтыру әсері бойынша дене белсенділігінің басқа түрлерінің арасында оған тең келетіні жоқ. Көне Грекияда жүзу дене тәрбиесінің маңызды құралы ретінде пайдаланылған.
Жүзумен барлық жастағы және мүмкіндіктегі адамдар айналыса алады, өйткені дене суда ұсталып тұратындықтан, ешбір бұлшық етке немесе буынға артық салмақ түспейді. Оның үстіне қажетті құралдары да көп емес, жүзуді кез келген жаста бастауға және оған деген бейімділікті сезінгенше жалғастыра беруге болады.