Уақытша үкіметтің қалыптасуы
1917 жылы 28 ақпанда М.В.Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруді өз қолына алғанын мәлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды. Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін белгілеген Декларация да осы күні жарияланды. Онда:“Азаматтар! Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен әскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды. Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады”, - деп князь Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл кабинет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс және т.б. істер бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз және баспасөз бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни және сословиялық шектеушіліктерді жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полицияны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бағындыруды және т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа алатынын мәлімдеді.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.
Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның түпкір-түпкірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық әкелген Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алладан өтініп, жаңа үкіметке адал қызмет етуге серт берді. Ресей тарихында бірінші рет діни нанымдық, нәсілдік кемсітушілік жойылды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының мәні де осында болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |