АЛДЫН АЛА ЖАСАЛАТЫН ШАРТ. Алдын ала жасалатын шарт бойынша тараптар алдын ала жасалатын шартта көзделген жағдайларда мүлiк беру, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету туралы болашақта шарт (негiзгi шарт) жасасуға мiндеттенедi. Алдын ала жасалатын шарт негiзгi шарт үшiн заңдарда белгiленген нысанда, ал егер негiзгiшарт нысаны белгiленбесе, жазбаша түрде жасалады. Алдын ала жасалатын шарт нысаны туралы ережелердiң сақталмауы оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады. Алдын ала жасалатын шартта негiзгiшарттың мәнiн, сондай-ақ басқа да елеулi жағдайларын белгiлеуге мүмкiндiк беретiн ережелер болуға тиiс. Алдын ала жасалатын шартта тараптар негiзгi шартты жасасуға мiндеттенетiн мерзiм көрсетiледi. Егер алдын ала жасалатын шартта мұндай мерзiм белгiленбесе, олар көздеген шарт алдын ала жасалған кезден бастап бiр жыл iшiнде жасалуға тиiс. Алдын ала шарт жасасқан тарап өзi көздеген шартты жасасудан жалтарған реттерде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы арқылы келтiрiлген залалды екiншi тарапқа өтеуге мiндеттi. Алдын ала жасалатын шартта көзделген мiндеттемелер, егер тараптар негiзгi шартты жасасуға тиiс мерзiм бiткенге дейiн ол жасалмаса не тараптардың бiрi екiншi тарапқа бұл шартты жасасуға ұсыныс жiбермесе, тоқтатылады. Егер ниеттер туралы хаттамада (ниеттер туралы шартта) тараптардың оған алдын ала жасалатын шарт күшiн беру ниеттерi тiкелей көзделмесе, ол азаматтық-құқықтық шарт болып табылмайды және оның орындалмауы заңдық зардаптарға әкелiп соқтырмайды.