Жергiлiктi экологиялық проблемалар
Әуе бассейнiнiң ластануы
Атмосфераның негiзгi ластануы түстi металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия, мұнай-газ кешенi кәсiпорындары мен көлiк шығарындыларымен байланысты. Атмосфералық ауаның ластануынан қатердiң нақтылығы халық денсаулығының нашарлауына да және қоршаған ортаның тозуына әсер етедi.
Атмосфералық ауаның ластану проблемасы негiзiнен республика халқының жартысына жуығы өмiр сүретiн iрi қалалар мен өнеркәсiптiк агломераттарға тән.
Барынша ластанғандар қатарына 10 қала, оның iшiнде 8 қала — ауасы жоғары деңгейде ластанған қалаға жатқызылады. Қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейiнiң себебi — өндiрiстiң ескiрген технологиялары, тиiмсiз тазартқыш құрылыстар, қолданылатын отынның төмен сапасы, қуаттың жаңғыртылатын және дәстүрлi емес көздерiнiң аз пайдаланылуы болып табылады. Кәсiпорындардың 20%-тен астамының нормативтiк санитарлық-қорғау аймағының болмауы себептi өндiрiс орталықтары халқының басым бөлiгi зиянды шығарындылардың әсерi жоғары аймақта тұрып жатыр.
Автомобиль санының күрт көбеюi iрi қалаларда (Алматы, Өскемен, Шымкент) көмiртегi оксидi мен азот диоксидi жиналуын ұлғайтады, мұндай заттардың орташа жылдық шоғырлануы бұл қалаларда шектi мөлшерден асып түседi.
Ауа бассейнiнiң ластануы, сондай-ақ көмiрсутегi шикiзатының бұрынғы кен орындарын дамытумен және жаңа кен орындарын игерумен де байланысты, бұл атмосфераның күкiртсутегiмен, меркаптандармен ластануын ұлғайта түседi. Алауларда iлеспе газдың жағылуы қызған газдардың, күкiрт пен азот оксидтердiң едәуiр көлемiн атмосфераға шығарумен қатар жүредi, кен орындарының төңiрегiнде жоғары жылу аясы қалыптасады.
1993 жылдан 2000 жылға дейiн зиянды заттардың атмосфераға шығарылуы негiзiнен өндiрiс құлдырауының есебiнен 5,1 млн. тоннадан 3,2 млн. тоннаға дейiн кемiдi. Соңғы жылдары экономиканың өрлеу жағдайларының өзiнде атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 3,2 — 3,4 млн. тонна деңгейiнде тұрақтандыруға мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың жаппай енгiзудiң және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау жүргiзудiң нәтижесiнде қол жеткiзiлдi. Мұндай тетiктердi одан әрi жетiлдiру 2010 жылдан кейiн қоршаған ортаны мөлшерден тыс ластайтын кәсiпорындарға қойылатын экологиялық талаптарды күшейту арқылы шығарындыларды жоспарлы түрде төмендетуге кiрiсуге мүмкiндiк бередi.
Aуa бассейнi ластануының жоғарылау қаупiн болдырмау жөнiндегi қажеттi шаралар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi қысқа мерзiмдi бағдарламаларда көзделетiн болады.
Достарыңызбен бөлісу: |