Реферат зерттеу еңбегі Қазақстан тарихындағы бетбұрысты тарихи кезең 1924-1926 жылдарғы ұлттық мемлекеттік үшін күрестің жай-жапсарына соның ішінде Қазақстанның территориясының жиналақталуы мәселесіне арналған


IV Тарау. 1924 жылғы Қазақ революциялық комитеттің



бет5/6
Дата25.02.2016
өлшемі499.5 Kb.
#20366
түріРеферат
1   2   3   4   5   6


IV Тарау. 1924 жылғы Қазақ революциялық комитеттің


Сырдария және Жетісу облыстары Қазақстанға

қосу әрекеттері
Қазақ ОАК-тің 1924 жылғы 13 қарашадағы қаулысына сәйкес Қазақ АКСР-ы құрамына Түркістан АКСР-нан өткен Сырдария және Жетісу облыстарын уақытша басқару, бұл облыстарды Қазақстан жағына толық қабылдап алып, олардағы үкімет органдарының жұмысын ұйымдастырып және үйлестіріп отыру, ең бастысы жаңа шекараны анықтау үшін арнайы орган "Түркістан АКСР-нан бөлінген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитет" құрылды. 1924 жылы 21 қарашада Қазақ ОАК-тің төралқасы осы Ревком туралы ережені бекітті. Ревкомның қызметі 1925 жылдың ортасына дейін созылды. Қазақ ОАК-тің хатшылығының 1925 жылы 25 маусымдағы "Орта Азиядағы межелеуге байланысты негізгі жұмыстардың аяқталуына және Қазақ АКСР-ның орталығының Қызылорда қаласына көшуіне байланысты Түркістан АКСР-нан бөлінген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитеттің онан әрі қызмет етуінің маңызы жоқ және ол жойылсын", — деген қаулысымен таратылды. Сонда бұл Ревком 7 айға жуық қызмет етті.

Кеңес Одағында бұған дейін революциялық комитеттер құру жөнінде үлкен тәжірибе қалыптасқан болатын.

1919-1920 жылдары қызмет еткен Қазақ Революциялық комитетінің қызметі С.Зиманов, Т. Дәулетова және М.Исмагуловтардың кітабында жан-жақты көрсетілген. [29. 196] Кеңес одағының әр түрлі аймақтарындағы Революциялық комитеттердің бай тәжірибесі, олардың қызметінің теориялық және методологиялық негіздері, жұмыстарының әдістері мен түрлері және тарихи рөлі туралы бұл мәселені арнайы зерттеген тарихшы Н.И.Бугайдің кітабы мол мәліметтер береді. [30. 318]

Ревкомдар революциялық кезеңнің уақыт талабынан туындаған төтенше уақытша билік органдары болды. Ревкомдар кеңестермен қатар өмір сүре отырып, төтенше билік органдары ретінде кеңестердің қызметіне ыңғайлы тарихи жағдай туғанша қызмет етіп, негізгі заңды билік органдары кеңестерге өз функцияларын өткізіп, тарих сахнасынан кетіп отырды.

"Революциялық комитеттер ұйымдық және функционалдық жағынан күрделі соғыс жағдайына және күрделі бейбіт жағдайға да көбірек ыңғайланып құрылған органдар болды".

Соғыс жағдайында Ревкомдар өз қызметінде әскери-әкімшілік әдістерді көбірек қолданды. Ол түсінікті де еді. Оның шешімдері, қаулылары, бұйрықтары мен кез-келген нұсқаулары сөзсіз орындауға жатты. Ревкомдар көбірек революциялық заңдылық пен мақсаттылықты басшылыққа алды. Революциялық трибуналдар ревкомдардың негізгі қаруларының бірі болды.

Сондай-ақ соғыс жағдайында да ревкомдар әскери билікпен қатар әкімшілік, азаматтық, шаруашылық билікті де қатар жүргізіп отырды. Ревкомдардың төтенше әрі уақытша билік органдары ретіндегі ерекшелігі де осында еді.

Түркістан АКСР-нан өткен аудандарды басқарушы ревком құрамы жағынан шағын ұйым болды. Алғашында ол 5 ревком мүшесінен, 1 іс басқарушыдан (ол әрі заң кеңесшісі болды), 2 іс жүргізушіден, 1 есепшіден, 2 машинисткадан, 1 тіркеуші, 1 хат тасушы, 1 ат айдаушы және 1 еден жуушыдан тұрды. Сонда барлығы 16 адам ғана болған. Кейінірек ревком мүшелерінін саны көбею бағытында өзгеріп отырды.

Бұл ревкомды толық атымен "Түркістан АКСР-нан бөлінген қазақ аудандарын басқару жөніндегі революциялық комитет" , "Ревком" , кейде "Кирревком" деп те атап жүрді.

Ревкомның құрамына Орымбаев, С.Есқараев, Ларионов, Тоқтыбаев, Күзембаев т.б. кірді. Ревкомның төрағасы алдымен Орымбаев болды. Хатшысы болып Ларионов тағайындалды. 1925 жылы қаңтардың 22-нен ревкомның төрағасы болып Ә.Досов тағайындалды.

Қазақ ОАК-нің өзі нұсқаулықтарының бірінде оны "Кирревком" (Қазревком) деп атаған. Ә.Досов "Облыстық қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің төрағасы" деп қол қойған біршама құжаттарға.

Қазақ ОАК-ті 1924 жылғы 21 қарашада бекіткен ревком туралы ереже былай деп аталады: "Түркістан Кеңестік Социалистік Республикасынан (ТКСР) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрамына бөлінген аудандарды басқару жөніндегі Революцнялық комитет туралы ереже". Бұл ереже мынадай 12 тармақтан тұрады:

1. ТКСР құрамынан бөлініп, ҚКСР құрамына өтетін аумақтарды басқару үшін революциялық комитет құрылады.

2. Революциялық комитетті Қазақ АКСР ОАК-і өзі белгілеген құрамда тағайындайды.

3. Революциялық комитет өз қызметінде тікелей Қазақ АКСР ОАК-ке және Халком кеңесіне бағынады.

4. Революциялық комитеттің міндеттері:

а) Қазақ аудандарының бөлінуінен және олардың Қазақ АКСР-на қосылуы фактісінен туындайтын аумақтық, сондай-ақ экономикалық сипаттағы мәселелерді алдын ала дайындау және шешу;

б) Орта Азия республикалары мен ТАКСР-нан бөлінген қазақ аудандары арасында пайда болатын мәселелерді реттеу;

в) қайта қосылған аумақтарда Қазақ АКСР-ы орталық үкімет орындарының барлық қаулыларын жүзеге асыру;

г) таза жергілікті маңызы бар барлық мәселелерді шешу;

д) Кеңестердің Бүкіл қазақтың 5 съезіне қайта сайлауды дайындау және жүргізу;

е) қосылған аумақтардағы әрекет етуші барлық үкімет органдарының әкімшілік және шаруашылық болсын қызметін біріктіру және жұмыстарын ұштастыру;

5. Революциялық комитетке мына құқықтар беріледі:

а) облыстық, губерниялық, уездік, болыстық атқару комитеттерінің, сондай-ақ ауылдық және селолық кеңестердің, олардың атқару комитеттерінің таза жергілікті маңызы бар қаулылары мен өкімдерін жоюға және ондай жоюдың маңыздылары туралы Қазақ АКСР ОАК-не хабарлап отыруға;

б) Орталық Атқару Комитеті алдына қосылған аумақтарда жалпы мемлекеттік мәні бар шаралар өткізуге ұсыныс жасау, сондай-ақ қазір әрекет етушілеріне қорытындылар беруге, қажет болған жағдайда оларды жою туралы мәселе қоюға;

в) облыстық, губерниялық, уездік, болыстық атқару комитеттерінің және ауылдық және селолық кеңестердің, сондай-ақ олардың атқару комитеттерінің жеке құрамдарын қайта қарауға;

Ревкомның қарауы бойынша олардың мүшелерін ауыстыруға, бірақ облыстық, губерниялық атқару комитеттерінің мүшелерін ауыстыру тек Қазақ ОАК-тің алдын ала рұқсат етуімен болады.

6. Қазақ АКСР-на қосылған аудандарда әрекет етуші барлық кеңес мекемелері мен ұйымдары Қазақ ОАК-ке Революциялық комитет арқылы бағынады.

7. Революциялық комитеттің барлық қаулылары Қазақ АКСР-на қосылған аумақтарда әрекет етуші жергілікті үкімет органдары және оларда тұратын халықтар үшін орындауға және жүзеге асыруға міндетті.

8. Революциялық комитеттің өзінің ведомстволық бөлімдері болмайды:

- соңғылары Революциялық комитетке бағынышты Қазақ АКСР-ның орталық органдарының тиісті уәкілдерімен ауыстырылады.

9. Революциялық комитет мезгіл-мезгіл Қазақ ОАК-і мен Халком кеңесіне есеп беріп тұрады.

10. Революциялық комитетке өзінің мемлекеттік мөрі мен мөр-табанын жасау құқығы беріледі.

11. Революциялық комитет өзінің жұмысын Қазақ ОАК-тінің немесе оның төралқасының қаулысымен тоқтатады.

12. Революциялық комитеттің қызметіне байланысты барлық шығындар Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің сметасы бойынша өтеді. [27. 150-155]

1924 жыл 21 қараша. Орынбор қаласы.

Соңына Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Мендешевтің және Қазақ ОАК-тің хатшысы О. Исаевтың қолы қойылған.

Ереженің толық мәтіні кезінде "Советская Киргизия" журналында жарияланған.

Революциялық комитеттің алғашқы құрамы туралы оның 1924 жылы 28 қарашадағы N2 бұйрығынан біле аламыз. Онда былай деп көрсетілген:

§1. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің осы жылдың 13 қарашасындағы N5 және 19 қарашасындағы N2 қаулысымен ТАКСР-нан бөлінген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитет мына құрамда: төраға — жолдас Орымбаев, төраға орынбасары — жолдас Есқараев, жауапты хатшы-жолдас Ларионов, және мүшелері: Құрамысов, Ізбасаров, Каучуковский, Розыбакиев және Ромин енген құрамында түпкілікті құрылып Сырдария және Жетісу облыстарын басқаруға кіріскенін хабарлайды".

Революциялық комитет уақытша Ташкент қаласындағы Қазақ АКСР-ның Түркістан республикасындағы өкілдігінде орналасты. Өкілдік Энгельс көшесіндегі 39 үйде орналасқан болатын.

Сырдария губерниялық ревкомына және Жетісу губерниялық атқару комитетіне осы бұйрықты көпшілік халыққа жеткізіп таныстыру тапсырылды.

Жоғарыдағы ережеден көрініп тұрғандай ревкомның өкілеттіктері жеткілікті дәрежеде болатын. Ревкомның басты міндеті Түркістан республикасы құрамынан енетін қазақ жерлерін мал-мүлкімен қоса толық қабылдап алу, шекараны белгілеу, ол жерде Қазақстан өкімет органдарының саясатын жүргізу, Қазақстанның орталық билік органдарының шешімдерін жүзеге асыру, жергілікті билікке басшылық жасау, кеңестердің қайта сайлауларын өткізу, жергілікті мәселелерді шешіп отыру, барлық дәрежедегі билік органдарының жұмыстарын бағыттап, үйлестіріп отыру, жергілікті халықты кеңес билігіне тарту, қажетті уақытта жергілікті кеңестерді таратып жіберу. Ревкомның алдында толып жатқан ағымдағы жұмыстар, жиындар мен жиналыстар, кездесулер, т.б. өткізіп отыру міндеттелді.

Ревком тез арада өз міндетін орындауға кірісіп кетті. Ревкомның мәжілістері жиі өткізіліп, онда қажетті шешімдер шығарылып отырды.

Ревкомның 1924 жылғы 29 қарашада өткен мәжілісінде 15-ке жуық мәселелер қаралды. Солардың ішінде Ревкомның қаржысы туралы, ол қаржыны үнемдеп жұмсау туралы мәселе қаралды, соған байланысты ревкомның жанында 3 адамнан тұратын қаржы комитетін құрып, қаржыға байланысты мәселенің барлығын осы комитет арқылы шешілу керектігі жөнінде қаулы алынды.

Ревкомның 3 адамнан тұратын аппараты құрылды, оның облыстық бөлімдері болмады. Ережеде көрсетілген талапқа сай Сырдария және Жетісу облыстарының жұмысшы аппараттарын ревкомның басшылығымен алғашқы күндері бірден жүргізіп жіберу қиынға түсті. Сырдария облысының орталығы болып келген Ташкент қаласы Өзбек КСР-ы құрамында қалған соң, облыстың (бұған дейін ол губернияға айналған) орталығын және ревкомның өзін де Шымкент қаласына көшіру міндеті күн тәртібіне қойылды.

Ревком бұл мәселені Камаловқа тапсырып, губерниялық және облыстық мекемелердің Шымкентке көшірілуінің нақты жоспарын жасап, көшіп-қонуға бөлінген 100000 сом ақшаны ұтымды пайдалану туралы тапсырма берді.

Осы мәжілісте ревком Орта Азиядағы Еңбек және Қорғаныс Кеңесіне өкілетті өкіл етіп А.Серғазиевті тағайындады, сондай-ақ Түркістан республикасындағы Жер халық комиссариаты мен оқу ағарту халық комиссариатындағы өкілдерін тағайындау мәселесін талқылады. Ревком Қазақстанға өтуге тиісті мекемелердің жұмыс істеу ережесін де бекітіп отырды.

Ревком саяси ұйымдастыру жұмысымен қатар күнделікті шаруашылық мәселелерімен де айналысып отырды. Ревкомның қаулысымен Арал теңізінде болған дауылдан қираған қазақ ауылдарына тез жәрдем беру мәселесі қаралды. Ол туралы ТүркОАК-мен хабарласып, оның қаржы бөлуіне қол жеткізді. Дауылдан зардап шеккендерге жәрдем көрсету туралы Казақ ОАК-тің шешімін шығарту туралы хабарлама жіберілді. Ол кезде отынның ерекше түрінің бірі сексеуіл болатын. Сексеуіл дайындау үлкен шаруашылық науқан түрінде жүретін. Ревкомның қаулыларының бірінде сексеуіл дайындауды жалғастыру, оған көпшілікті ұйымдастыру туралы айтылды.

Ревкомның алдында тұрған міндеттің бірі өзінің басшылығымен жұмыс атқаратын аппарат жұмысын жолға қою болды.

Ревкомның 1924 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен Сырдария губревкомының бөлім бастықтарын ревкомның уәкілдері ретінде бекітіп, оларға Сырдария және Жетісу губернияларының мекемелерін ведомстволық басқару құқығы берілді. Осы күні ревкомның қаулысымен, одан кейін арнайы бұйрығымен ревкомның уәкілі міндеттерін атқару құқығымен Сырдария және Жетісу губернияларының мекемелерін ведомстволық басқару үшін мына қызмет орындары бекітілді. Губерниялык, прокурор болып Гришенков, оның көмекшісі болып Мамбеев; губерниялық сауда бөлімінің бастығы болып Хрщанович; губерниялық жергілікті шаруашылық бөлімінің бастығы болып Ромин; губерниялық насихат бөлімінің бастығы болып Әбдразақов; қаржы бөлімінің бастығы болып Наумов; жұмысшы-шаруа бөлімінің бастығы болып Көбенов; кооператив бюро төрағасы болып Оспанов тағайындалды.

Тағайындалған лауазым иелері Сырдария губревкомының бөлім бастықтары әрі ревкомның уәкілдері ретінде Сырдария және Жетісу губернияларындағы мекемелерді қоса басқарды.

Ревкомның 1924 жылғы 8 желтоқсандағы N7 бұйрығында бұрынғы Сырдария облыстық бөлімдеріне, сондай-ақ губерниялық прокурорға және губерниялық сотқа межелеу мерзімінен бастап, Қазақ АКСР-на ревкомға тікелей бағыну арқылы өткендігі ескертілді. Оларға бұрынғы Түркістан республикасының барлық мекемелері мен қарым-қатынасты тоқтату туралы тапсырма берілді. Қазақ АКСР-ның жоғарғы өкімет органдарымен байланыс та ревком арқылы жүзеге асырылатындығы айтылды. Осы бұйрықта губерниялық сот пен прокуратурадан өзге 11 губерниялық бөлімдердің аты аталды.

Ревкомның атқарған үлкен істерінің бірі Шымкент уезінің орталығын Беловодск селосына көшіру, ал Шымкентке Сырдария губерниясының орталығын көшіру мәселесі болды. Бұл мәселемен ревкомның тапсырмасымен С.Есқараев және Б.Аралбаев айналысты. Губерниялық мекемелерді Шымкентке көшіру үшін алғашында 79000 сомнан аса қаржы бөлінді.

Шымкент уездік атқару комитеті Беловодскідегі бір мектептің мекен-жайына орналастырылды. Ол мектеп атты почта жайына көшірілді. Шымкент уездік атқару комитетінің бір топ қызметкері Беловодскіге барып қызмет істеуге наразылық білдірген. Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келген. Губерниялық органдарды Ташкенттен Шымкентке көшіру 1924 жылдың 8 желтоқсанынан бастап жүргізілген.

Ревкомға кейбір губерниялық мекемелерді жаңадан құруға тура келді. 1924 жылы Ташкентке ревкомның мәжілісіне қатысу үшін Орынбордан Қазақ АКСР Орталық статистика басқармасының басқарушысы Крутилин келді. Оның міндеті ревкомға губерниялық статистика бюроларын құруға көмек беру еді. Бұған дейін Сырдария облысыңда арнайы статистика органы болмаған, оның жұмысын ТАКСР-ның орталық статистика органдары атқарған. Сондықтан Сырдария губерниясының статистика бюросын жаңадан құру міндеті тұрды. Жетісу облысында статистика бюросын құру үшін ыңғайлы жағдай болған. Онда қажетті қызметкерлер де бар болатын. Қарақалпақ автономиялы облысында да статистика органдарын құруға жеткілікті мүмкіндіктер бар болып шықты. Ревком өз қаулысымен Қазақ АКСР-ның Орталық статистика басқармасына аталған губернияларда статистика органдарын құруға толық құқық берді.

Ревкомның тағы бір мәжілісінде облыстық Жоспарлау комиссиясының құрамы бекітілді. Оның төрағасы болып С.Есқараев бекітілді. Сондай-ақ оның орынбасарлары, аппарат қызметкерлері де тағайындалды.

Сырдария губерниясының губерниялық мекемелері 1924 жылғы желтоқсанда Ташкенттен Шымкентке негізінен көшіп болды. Шымкент қаласы губерниялық орталыққа айналды. Осыған орай ревком 1924 жылғы 29 желтоқсандағы отырысында ҚазОАК-тен Шымкентті уездік қаладан губерниялық қалаға айналдыру туралы өтініш жасады. ҚазОАК-тің Үлкен Төралқасы 1925 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен Шымкентті уездік қаладан губерниялық қалаға айналдыру туралы қаулы қабылдады. Қазақ ОАК-тің осы күнгі қаулысымен ревкомның төрағасы Орымбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнынан босатылды. Ревком төрағасы болып Ә. Досов тағайындалды. [31]

Межелеуге байланысты Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілеттік өкілдігінің қызметі өзгерді. Түркістан республикасы жойылды. Осыған орай ревком жаңадан құрылып жатқан Орта Азия республикаларымен және автономиялы облыстарымен қарым-қатынас жасайтын өкілетті өкілдік құрды. Өкілетті өкіл болып С.Асфендияров тағайындалды. Оның орынбасары болып Т.Жүргенов, 2-ші орынбасары болып Қарақалпақ автономиялы облысының өкілі тағайындалды.

Ревком ономастикалық мәселелермен де шұғылданды. Ревком "Черняев" темір жол станциясы атауын Шымкент темір жол станциясы деп өзгерту туралы Қазақ ОАК-ке ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс қабылданып, Қазақ ОАК-ті тарапынан бекітілді.

1921 жылы 14 наурызда Түркістан ОАК-нің декретімен Верный қаласының аты "Алма-ата" болып өзгерген. "Алма-Ата" атауын "Алма ата" деп сызықшасыз жазу жөнінде Жетісу облыстық атқару комитеті ревкомға ұсыныс жасады. Ревком бұл мәселені талқылап "Алма-Ата" атауын "Алма ата" деп өзгертуге қарсылық білдіріп, Жетісу облаткомының ұсынысын қабылдамай тастады.

Ревкомның жұмыстары қиындықтармен жүрді. Қазақ АКСР-ның кейбір халық комиссариаттары Ревкомның уәкілдерімен санаса бермеді. Олар ревкомның уәкілдері арқылы жұмыс істеудің орнына бұрынғы жергілікті билік орындармен байланыстарын жалғастыра берді. Осыған орай ревком Қазақ ОАК-ке шағым жасап жәрдем беруді өтінді. Ревкомның шағымында ішкі істер, ішкі сауда және Қаржы халық комиссариатының Қазақ ОАК-тің қаулысын орындамай, ревкомның уәкілдерін тыңдамау туралы үкім де бергенін жеткізді.

Ревкомның шағымына орай Қазақ Орталық Атқару Комитеті барлық халық комиссариаты мен өлкелік органдарға арнайы нұсқаулық хат жіберді. Онда ревком туралы ереженің 8-тармағына сәйкес ревкомның ведомстволық бөлімдерінің болмайтындығы, олардың міндетін Қазақ АКСР-ның орталық органдарының Ревкомға бағынатын уәкілдері атқаратындығы айтылды. Осы 8-ші тармаққа сәйкес ревком ведомстволық басшылықты Сырдария губерниялық бөлімдерінің меңгерушілеріне жүктеді. Қазіргі кезде ревком Сырдария және Жетісу губернияларын біріктіріп бір облыс құру және кеңестік аппаратты қайта құру жұмысын жүргізіп жатқан кезде барлық, мәселелерді ревкомның қолына шоғырландырудың маңызы үлкен деп атап көрсетілді нұсқаулық хатта.

Кейбір халық комиссариаттары ревком туралы ережені орындамай, ревкомға хабарласпай жергілікті жерлермен жұмыс істеуде. Мұндай практиканың ревком жұмысына үлкен зиянын тигізіп отырғанын атап көрсетіп, Қазақ ОАК-ті барлық халық комиссариаттары мен өлкелік органдарға Сырдария және Жетісу облыстары органдарымен тікелей байланысты тоқтатып, оларға қатысты қаулылар мен өкімдерді ревком арқылы жүргізуге тапсырма берді. Мұның өзі ревкомның жұмысының ырғақты және үйлесімді жүруіне себебін тигізді.

Ревкомның атқарған жұмыстарының маңызды салаларының бірі шекараны анықтауға қосқан үлесі болды. Ревком төрағасы Ә.Досов 1925 жылы 2 наурызда Қазақ республикасы мен Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысы арасындағы, яғни осы облыстың Жетісу губерниясы аймағындағы шекарасын өзгерту туралы арнайы баяндамалық жазбасын Халық Комиссарлары Кеңесінің қарауына ұсынды. Бұл кезде Межелеу жөніндегі орталық комиссия Қазақ АКСР-ы мен Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысы арасындағы шекараны орнықтырып қойған болатын. Мәселе Жетісу губерниясының Қарқара ауданындағы Көкайрақ жайлауына қатысты болды. Осы аудандағы белгіленген шекараға Жетісу облаткомы, облыстық жер бөлімі тарапынан қарсылық жасалды. Қарқара тауы үстіртті 190385 десятина аумақта Жаркент уезіне қарап, Қаракөл уезімен шекараласып біртұтас табиғи-тарихи жағынан қалыптасқан кең байтақ жайлау болатын. Орталық комиссия осы өңірдегі шекараны анықтағанда жайлаудың табиғи шекарасын еске алмай, жайлаудың бір бөлігін Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысының Қаракөл уезіне өткізіп жіберген. Қырғыздардың шекарасы дұрыс белгіленбегендіктен сыналап ескі заманнан қазақтар мекендеген жерлерге еніп кеткен. Шекара Сарыайғыр биігі, Талдыбұлақ және Сантас асулары арқылы "Қарқара жәрмеңкесі" елді мекенінің солтүстігіне дейін сұғына созылып кеткен.

Шекараның Жаркент уезіне қарасты қазақтардың жайлауына сыналап еніп кетуі ревком тұрғысынан қарсылық тудырды:

1. Қарқара ауданы табиғи-тарихи жағынан бөлінбейді, оның оңтүстігіндегі табиғи шекарасы Сарыайғыр тау қыраты.

2. Бұл жерлердің географиялық және экономикалық, жағынан біртұтастығынан өзге мұнда тарихи тұрғыдан Албан тайпасының рулары тұрып келеді. Қарақара-Албан жайлауы.

3. Орталық комиссияның Ырыс, Қарқара, Тұрық өзендері ағысымен белгілеген шекарасы қырғыздар малының қазақтардың Қарқара ауданындағы жайлауына өтіп кетуіне негіз болды.

4. Қырғыздардың Қарқара ауданындағы жайлауға өтіп кетуі қазақтың Албан руымен қақтығыстарға түсуіне алып келді.

Сондай-ақ, Алматы уезімен Қарақырғыз (Қырғыз) автономиялы облысы арасындағы Орталық комиссия бекіткен Көкайрақ шатқалындағы шекара Жетісу губерниясы басшылығы мен ревком тарапынан наразылық туғызды. Бұл шекара Алматы уезі мен Пішпек уезі арасындағы патша заманында белгіленген әкімшілік шекара бойынша бекітіліп кеткен. Бірақ бұл шекара табиғи шекара емес, кезінде бұрмаланған шекара болатын. Жетісу губерниялық органдары шекараны қайта қарауды, оның негізіне шатқалды емес биік таулы табиғи шектерді, атап айтқанда, Үлкен Кебен өзенінің басынан Ақсу өзенінің басына дейінгі шектерді алған дұрыс. Одан әрі Алматы өзенінің жоғарғы ағысынан тау арқылы Алматы асуына дейінгі шектерді алған дұрыс.

Көкайрақ шатқалының Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысында қалып қоюына мынадай негіздегі қарсылық айтылды:

Біріншіден, Көкайрақ шатқалы Алматы уезі қазақтарының пайдалануында болған. 1912 жылы қырғыз старшыны Шабдан Жантаев патша әкімшілігінің қолдауына сүйеніп бұл жайлауды тартып алады. Бірақ 1921 жылы Үлкен Алматы болысының қазақтары Көкайрақ шатқалын қайырып алған.

Екіншіден шекара Кебен, Алматы өзендері және биік таулар сияқты табиғи шектер арқылы өтуі тиіс.

Осы уәждерді айта келе ревком Қазақ Халкомкеңесі алдына Орта Азияны Межелеу жөніндегі орталық комиссия алдына Қарқара ауданындағы және Көкайрақ шатқалындағы ҚазақАКСР-ы мен Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысы арасындағы шекараны қайта қарап оны табиғи шектер негізінде жүргізу мәселесін қойды. [27. 153-158]

Ревком аса күрделі болып табылатын шекараны анықтау мәселесінде, Қазақстанның жерінің тұтастығын белгілеу жолында осындай табанды да білікті жұмыс жүргізді. Бұл ревком көпсалалы жұмыстар атқарды. Ревкомның бұл бағыттағы жұмыстары табысты болып өз жемісін берді. 1925 жылдың ортасында ревком өзіне жүктелген тарихи міндетін толық орындауына байланысты Қазақ Орталық Атқару Комитетінің арнайы шешімімен өз қызметін тоқтатты.



V Тарау. Кеңес дәуірі кезінде ұлттық мемлекеттік

межелеуден кейінгі Қазақстан шекарасындағы

кейбір өзгерістер
1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу аяқталды. Осы кезде Қазақ АКСР-інің құрамына Сырдария және Жетісу облысы, Қарақалпақ автономиялы облысы, Самарқанд облысы және көптеген уездер қосылған болатын. Осындай қиын жағдайда қазақ халқының тарихи жерлері өз иелеріне қайтарылды, жерлердің қосылуынан республика халқының саны өсіп, 1926 жылғы санақ бойынша 6,6 млн. адам болса, оның 3,6 млн. қазақтар еді, яғни, қазақтар республика тұрғындарының 61% орыстар −1,2 млн. (18%), украиндықтар-0,8 млн. (12%) құрады [32. 82, 120, 149 б.].

Оңтүстік облыстарымен біріккен соң Қазақ АКСР-іне Ресей Федерациясы құрамынан шығып, Одаққа ену мәселесі ұсынылды. Бұл ұсынысқа Сталин “КСРО Конститутциясының жобасы жайлы ” құжатында “Автономиялы Республикалар Одақ құрамына ену үшін Республика шет мемлекетімен шекаралас болуы тиіс, ондағы республикаға өз атын берген ұлттар басқа ұлттарға қарағанда айтарлықтай болуы керек” [33] деп жауап берді де, бұл мәселе он жылдан кейін барып шешілген болатын.

Бірақ Қазақстан Республикасының оңтүстік шекарасы осы бір мәселемен толық шешіліп немесе қабылданған қаулымен тоқтап қалған жоқ. Орталық Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу анықталғанымен, одан кейін де мұндағы республикалар арасындағы әкімшілік шекаралар жұмыс барысында қайта қаралып, оның шекара сызықтары анықталып отырды. РК(б)П Қазөлкеком бюросының 1926 жылғы 13 мамырдығы мәжілісінде ҚазақАКСР-і мен Қарақалпақ автономиялы облысы арасындағы шекараны анықтау мен қазақ малшыларының жайлауға көшу мәселесі бойынша Ташкентке сапары жөнінде Голощекин баяндама жасады. Мұнда Қазақ АКСР-і құрамынан болашақта бөлінетін Қарақалпақ автономиялы обылысымен арадағы шекара мәселесі мен Қарақалпақ автономиялы обылысының қазақ малшыларының «Су-самыр», «Көк Ойрақ» және т.б. жайлауларға баруы үшін төлем-ақы төлеулері жөніңдегі талаптары қаралып, КСРО-ның Орталық Азиядағы өкілетті өкілінің Қазақ АКСР-і туралы қаулысы негізге алынсын деген шешім қабылданды.Орталық Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу кезінде де мұндай мәселелер көтеріліп отырды. 1925 жылы 30 тамыздағыРК(б) П Қазөлкеком бюросы мәжілісінде Қарақалпақ автономиялы облысының өкілі Құдабаевтың өтініш баяндамасы тыңдалды. Ол РК(б) П Қазөлкеком бюросынан Қарақалпақ автономиялық облысын Қазақ АКСР-і құрамынан бөліп, Орталық Азия бірлестігіне Қара-қырғыз автономиялы облысы сияқты дәреже берулерін жоғарғы инстанцияларға ұсынуды өтінді. Бірақ РК(б)П Қазөлкекомы бұрынғы мемлекеттік шекара жөніндегі және ҚАО-ның ҚазақАКСР-і құрамындағы қабылданған шешімін өзгеріссіз қалдырылды.

Ал 1925 жалғы 12 қазандағы РК(б)П Қазөлкеком бюросының мәжілісінде Нұрмақов қара-қырғыздармен шекараны анықтау жөнінде баяндама жасады.Мәжіліс қабылдаған қаулы бойынша Қазақ АКСР-і мен ҚКДО араларындағы шекараны түбегейлі анықтап шешу және жайлауларды тәртіппен пайдалану үшін республика аралық комиссия құрып, өз ұсыныстарымен Орта Азиялық бюроға кіру қажет делінді. Осымен Орталық, Азия республикаларында жүгізілген ұлттық-территориялық межелеу саясаты өз мәресіне жетіп, аяқталған еді.

Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерге қатысты Қазөлкеком бюросы мәжілісінің № 24 13. У. 1926ж. 5 п. хаттамасына қосымша ретінде су шаруашалығына қатысты қарар қабылданды.Бұл құжатта Орталық Азия республикалары арасындағы өзендерді дұрыс пайдалану жөніндегі шарттар бекітілді. Мұнда эканомиканы дамыту мен өнеркәсіпті отандық шикізат өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында мақта және егін шаруашылықтарының көлемін ұлғайту көзделген, сол себептен Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалану қарастырылған. [34. 37-40]

Мұрағат құжаттарынан байқайтынымыздай Орталақ Азиядағы ұлттық-территорилық межелеу аяқталғаннына қармастан, одан кейінгі жылдары да Орталық Азия респуликалары арасында шекара сызығын анықтауға қатысты тартыстар мен келісімдер жалғаса берді. 1926 жылы 3 қарашадағы Қазөлкекомы бюросы хатшылығының мәжілісінде Қарақалпақ автономиялы облысы, Түркістан және Өзбекстан кеңестік республикалары арасындағы шекара мәселесі қаралып, Ауезовтың баяндамасы негізінде осы таласты шешу үшін қарар қабылданады. Қазақ АКСР-ның бұл мәселеге белсенді араласуын оның құрамындағы Қарақалпақ автономиялы облысының мүддесі қорғауымен түсіндіруге болады.

1925 жылы аяқталған ұлттық-территориялық межелеуден кейін Қазақстанға оңтүстік өңірдегі қазақтар тұратын аудандармен қоса Қарақалпақ автономиялы облысы қосылғаның жоғарыда айтқан болатынбыз. Бірақ Мәскеу 1930 жылы қазақ жерінің кеңдігіне сілтей отырып, Қазақстан ұлттық-территориялық межелеу нәтежиесінде өзіне қосылған аймақтарды толығымен меңгеріле алмайды да, басқара алмайды деген сылтаулармен Қарақалпақ автономиялық облысын Қазақ АКСР-інің құрамына алып,Өзбек КСР-інің құзырына берді.

1928 жылы 17 қаңтардағы Қазақ АКСР-і ОАК сессиясының алтыншы шақырылымында республикадағы обылыстар жойылып, олардың орнына 180 ауданды біріктірген 13 округ (аймақ) құрылды. Осы тұста Өзбек КРС-індегі әкімшілік-территориялық реформалардың барысында Ташкент уезі таратылып, оның территориясынан Сырдария округінің жаңа 8-ауданы құрылды.

1929 жылы республика астанасының Қызылорда қаласынан Алматы қаласына көшірілуі, елді саяси, экономикалық және шаруашылық тұрғыдан тиімді басқару үшін жаңа әкімшілік-территориялық өзгерістерді қажет етті. 1930 жылы 17 желтоқсанда БОАК-тің қаулысымен Қазақстанның округтік бөлінісі жойылып, жаңа әкімшілік-территориялық өзгерістер енгізілді (соның ішінде Сырдария округі жойылды), сол кездегі Қазақ АКСР-інің территориясындағы 180 ауданның орнына 123 аудан қалдырылды. 1932 жылы қаңтарда КОКП Орталық Комитеті мен осы жылы ақпан айында өткен ҚазОАК-тің екінші сессиясының VIII шақырылымы Қазақстан территориясында 6 облыс құру жөнінде шешім қабылдайды. Сессияның қаулысы бойынша: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары құрылады. Осы жылы 9 сәуірде РК(б)П Қазөлкеком мәжілісінде Исаевтың Қарабұғазға Түркменстанмен арадағы шекараны межелеу жұмысына қатысуына Қожамұратовты жіберуге шешім шығарады. Бұдан байқайтынымыз, республикалар арасындағы шекараны анықтау осы кезде әлі жалғасып жатқандығы. Сонымен қатар, 1933 жылы 20 қыркүйектегі РК(б)П Қазөлкеком мәжілісінде Өзбекстан КП ОК хатшысы Икрамовтың Қызыл-Құм ауданының Өзбекстан территориясының біраз бөлігін заңсыз басып алуы туралы жазған хаты талқыланды. Мәжіліс Икрамовтың хатында жазылған деректерді анықтап, Исаевқа тиісті шаралар қабылдауды тапсырады.

1934 жылы Орталықтың шешімімен шаруашылықты тиімді ұйымдастыру мен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстанның Тамды, Үшқұдық жерлері Өзбекстанға берілді. Бұған қанағаттанбаған Өзбек КСР-і осы жылы қосымша орталықтан Оңтүстік Қазақстан обылысының Бостандық ауданын қарамағына беруін өтінеді. Осы мәселеге байланысты 1934 жылы 9 маусымда РК(б) Қазөлкекомы бюросының Бостандық ауданына байланысты мәжіліс өтеді. Мәжіліс Оңтүстік Қазақстан обкомы мен Бостандық ауданы партия комитеті Бостандық ауданының партия ұйымдары арасында Өзбекстанның ОК-нің Бостандық ауданын Өзбекстан құрамына қосу жөніндегі шешімін келеңсіздік деп түсіндірсін. Ерназаров пен Құлымбетов КСРО Одақтық ОАК-тіне Калининнің атына өзбекстан Ұйымдарының ісіне қарсы наразылық жолдасын және осы мәселеге қатысты ешбір Қазақстандық ұйымдармен келісімсіз жасалған Өзбекстан ОК-нің шешімі заңсыз деп есептеліп, РК(б)П ОК бұл мәселені қарауға ұсыну жөнсіз деген Мирзоянның қолы қойылған наразылық шешімін қабылдайды.

1936 жылы Қазақстанның автономиялы республикадан одақтық республикаға айналуы оның әкімшілік-териториялық бөлінісіне біраз өзгерістер енгізіді. 1938-1939 жылдары Қазақстанда жаңадан Гурьев, Повладар, Қызыл-Орда, Семей, Жамбыл облыстары құрылды. 1944 жылы Солтүстік Қазақстан облыстарынан біраз аудандар бөлініп Көкшетау және Талдықорған облыстары құрылды [35, 42 б.].

1940-шы жылдардың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Бағыс ауылының жиырма мың гектар жерімен ол кезде Қазақстанға қарайтын Бостандық ауданының бір бөлігі артиллериялық полигон салу үшін КСРО Қорғаныс министерлігінің жарлығымен уақытша Түркістан әскери округінің қарауына берілді. Осы тұста Бағыс ауылы округтың “Туркестанец” қосалқы шаруашылығының құрамына еніп, әскерилер үшін мал және егін шаруашылығымен айналысты (округ 1926 жылдан 1946 жылға дейін САВО- Орта Азия әскери округі-деп аталған). Ал осы Түркістан округінің штабы Ташкентте болды. 1969 жылы Алматыға бағынып, Орта Азия әскери округі шаруашылықтарының бірсыпырасы Түркістан әскери округында қалады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдің әскери-қорғаныс саласын дамыту мақсатында республика территориясынан әскери полигондар салу үшін жерлер кесіліп алынып отырған. Ол уақытта Қазақстан КП ОК бюросының келісімінсіз Мәскеудің тапсырмасымен белгілі территорияны, көрсетілген уақытта ауылдардан, малшылардан тазартып қоюға тапсырма берілетін. Бұл тапсырмалар мүлтіксіз орындалуы тиіс еді. Қазақстан жерінің белгілі бір бөлігін әскери мақсатта пайдалануға жеке Сталиннің өзі қол қоятын. Осындай мәселелерге сол кезде сұрақ қоюға немесе қарсыласуға ешкімнің дәті бармайтын. Оның себептері де белгілі. Жоғарыда аталған мақсатпен жоғары басшылық Оңтүстік Қазақстан облысының біраз жерлерін сол кезде құрылған әскери полигонның құрамына алып қойды.

Кеңес дәуірінде “халық шаруашылығын оңтайландыру” деген ұранмен, жоғарғы көрсетілген одақтық республикалар арасындағы әкімшілік шекаралар бірнеше рет өзгертіліп отырған, яғни одақтық үкімет кейбір территорияларды бір мемлекеттің иелігінен алып, басқа бір мемлекет иелігіне беріп отырды.

1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы ауыл шаруашылығын одан әрі жетілдіру мақсатында, соның ішінде мақта шаруашылығын дамыту жолында КОКП ОК-нің шешімімен Өзбекстанға берілді. Осы кезде 40 жылдары Түркістан әскери округіне берілген аумақ тұтастай Бостандық ауданының жері деп жазылып кеткен болатын. КСРО Жоғарғы Кесенінің 1956 жылдың 10-ақпанындағы «Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасындағы шекараны ішінара өзгерту туралы» жарлығы шықты. Жарлықта қосалқы келтірілген шекараның жаңа сипаттамасы бойынша шекара “Май” поселкесінен солтүстік батысқа қарай бір шақырым жердегі нүктеден басталады деп жазылған. Бұл Сарыағаш ауданның Түркістан әскери округіне берілген территориясы болатын, ал Бостандық ауданның шекарасы Шыршық қаласының солтүстігіне қарай орналасқан Қоржынтау мен Керегетас бойымен жүріп өтетін [36].

1956 жылы 21 қаңтардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясында төралқа төрағасы Ж.А.Тәшенов оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық аудан мен басқа қосымша жерлерді Өзбек КСР-іне беру туралы мәлімдеме жасады. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақта-Арал, Қызыл-құм аудандарынан алынған 329 га жер және 1936 жылдан Өзбек колхоздарымен совхоздары уақытша пайдаланып келген жерлер Өзбекстанға толық берілсін деген. Орталық және Оңтүстік арналар суаратын далалық жерлерден 95 мың га және 75 мың га. Оңтүстік Қазақстан облыстары колхоздары жайылым ретінде пайдаланылатын жерлерінен басқа аумағы берілсін деген қаулыға сол кездегі Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ж.Ташенов, Министерлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаев және Қазақстан КОКП хатшысы Л.Брежнев қол қойды.

1963 жылғы 26 қаңтардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жарлығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының Киров, және Мақта-Арал аудандары, Қызыл-құм аудандарының Қызыл-құм және Шымқорған аудандарының кеңестері (жалпы жер көлемі 959 мың га), сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының жайылымдық жерлері (1,554 мың га) мен Қызылорда облысының ұзақ уақыттан бері Өзбек КСР-і пайдалануындағы 1,150 мың га жері берілді [37].

Бұл мәселенің қалай өрбігендігі жөнінде сол кездегі Қазақ КСР Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев өзінің ғұмырнамалық естеліктерінде былай дейді: “... 1962 жылы желтоқсанда Мәскеуде Кремльде Қазақ өнер жұлдыздары концерт берді. Бұл кезде Мәскеуде ҚКП Орталық Комитетінің бюро мүшелері Бейсебаев, Шарипов, Юсупов және т.б. болды [35, 148-151 б.]. Осы кезде мен Хрущевқа телефон соғып, оны концертке шақырдым, ол өз келісімін беріп, мені Кремльге келіп кетуге шақырды. Мен Хрущевтың кабинетіне кіргенде, онда Микоян болды. Амандастық, содан кейін Хрущев: “Бүгін мен де Оңтүстік Қазақстан крайкомының бірінші хатшысы Юсупов болды. Ол мақта өсіретін аудандарды өзбектерге беру жөнінде мәселе көтереді. Бұл мақтаның өнімін көбейтуге көмектеседі деді. Сонымен қатар, өзбектердің мақта өсірудегі бай тәжірибесі туралы айтты. Бірақ мен бұған әр түрлі мәселелерді айтып, ондай мәселелерді асықпай шешу керек екенін айтқаныммен, Хрущев тыңдамады. КСРО-нің 1937 жылғы қабылдаған Конститутциясында республикалардың территориясы оның келісімінсіз ешбір өзгертілмейді деген баптың болғанына қарамастан мәселе Орталықтың дегенімен жүре берді. Нәтижесінде, жоғарыда айтылған жерлер Өзбекстан құрамына өткен болатын. Бірақ Хрущев қызметтен кеткен соң, менің басқарумен бұл жерлер Республикаға қайта кері қайтарылған болатын, тек екі совхоз және 500 мың. қой мен ерте кезде берілген жерлер қалып қойды. Осының өзін қайтару көптеген қиындықтар туғызып, қажырлы жұмысты талап етті” деп баяндайды [35, 152 б.].

Мұрағат құжаттары мен ғұмырнамалық естеліктерден 1960 жылдардың бас кезінде КО КП басшылығында болған Н.Хрущевтің Орталық Азия республикалары арасындағы шекараны жоюға, шекаралық жерлерді бір республикадан алып, екіншісіне беріп, шекара сызығын мүлде жоюға тырысқан құйтұрқы саясатын көреміз. 1962 жылы Н.Хрущевтың тапсырмасымен республика аймағында орталығы Целиноград қаласында орналасқан егін шаруашылығы мен айналысатын облыстарды Қазақстан КП ОК бюросы құрылды. Біраз уақыттан кейін бұл егінді облыстар Бюросын таратып, оның орнына құрамына Қазақстанның бес облысы кіретін, Мәскеуге тікелей бағынатын Тың игеру өлкесі (Целинны край) құрылды. Кейінірек Хрущев бұл өлкенің құрамына Қарағанды облысын да қосуға тырысқан болатын, тек сол кездегі республика басшылығының бұл шешімнің өңдірісті облысты басқаруда қарама-қайшылықтар тудырады деген табандылығының арқасында өзгеріссіз қалды. Бірақ қадалған жерінен қан алатын Хрущев мұнысымен шектелмей республиканы өлкелерге бөліп басқару өте тиімді және бұл болашақта республикалар арасындағы шекараны жоюға өз септігін тигізеді деп, Батыс-Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан өлкелерін құрады. Болашақта Шығыс-Қазақстан өлкесін құру жоспарланған болатын. Сонымен қатар, осы кезде құрамына Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғыстан және Қазақстанның Шымкент облысының басшылары кіретін Орта Азия бюросы құрылды. Жоғарыдағы Н.Хрущевтың жүргізген солақай саясатынан нені меңзеп тұрғанын байқау үлкен қиындық туғыза қоймас. Орталық Азия республикаларына қатысты ұстанған саясатының түп-төркінін бүкпесіз жеткізе беретін халық көсемінің негізгі мақсаты республикалар арасындағы шекараны жою және Қазақстанда аймақтар құру арқылы орыс ұлтының өкілдері басым тұратын жері шалғай, топырағы құнарлы, суы мол солтүтік бес облыстан құралған тың өлкені түбірінде Ресейдің құрамына қосу болды.

Осы тұста Қазақстан КПОК бірінші хатшысы болған Д.Қонаев пен Н.Хрущев арасында республикаға қатысты мәселелер бойынша теке-тірестер жиі болып тұрды. Соның бірі Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Маңғышылақ өңіріне қатысты болған. Хрущев Қонаевпен болған бір кездесуінде Маңғышылақ түбегін түркімендерге беру жөнінде мәселе көтерді. Өзінің бұл ұсынысын Маңғышылақ байлығын түркімендер жылдам игереді, олардың шөлейтті жерлерді игеруде тәжірибелері мол және геологиялық барлау ұйымдары мықты дамыған, сонымен қатар елге мұнай көптеп керек, сол себептен барлау жұмыстарын ұлғайтуымыз қажет деген сылтаумен дәлелдеуге тырысады. Бірақ Хрущевтың бұл ұсынысына Қонаев үзілді-кесілді қарсы шығып, геология министірі Сидоренкомен ақылдасуды сұрайды. Сидоренко Хрущевқа берген жауабында Қазақстанда геологиялық барлау қызметінің мықты екенін және қазақтардың Маңғышылақты жылдам игеретіндігін айтты. Хрущев өзінің бұл мәселеде асығыстық жасағанын түсініп республикалар арасындағы шекараны әзірше бұзбаймыз, әлі ойланамыз деп бұл мәселеге қайтып оралмаған. Хрущевтің ойларының Қазақстанда толық жүзеге аспауы және оның ұсыныстарына республика басшылығының әрдайым наразылық көрсетіп отыру республикадағы басшылықты ауыстыруға әкеп соқты. 1962 жылы 25 желтоқсанда ҚКП ОК Пленумының мәжілісі Д.Қонаевті ҚКП ОК бірінші хатшысы қызметінен босатып, оның орнына орталыққа жағымды, олардың айтқанын бір ауыздан қолдайтын жағымпаз Юсуповты тағайындады. Бірақ, Хрущевтың осы жоспары ұзаққа бармай, оның бұл арам пиғылы жүзеге аспай қалды. Шовинистік саясатты жүзеге асыруда Кеңес өкіметі ақ патшаны айдалада қалдырды. Ресей империясы тұсында күштеп қоныс аударылғандар үшін қазақ елі шеңберінде ұлттық автономия құру туралы соз болған емес. Алайда большевиктер мұндай “кемшілікке” жол бермеуге тырысты, ондай “олқылықтың” орнын толтыруға ықылас қойды. Бұл істе белсенділік танытты [35, 153-155 б.]

XX ғасырдың 30-40 жылдары Сталиндік режим уақытында қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген халықтар, қазақ жеріне еріксіз келген шешендер, инғұштар мен қарашайлар Кеңес үкіметінің шешімімен 1956 жылдың 16 шілдесінде КСРО Ішкі істер министірлігінің әкімшілік қарауынан құтылып, арнаулы тізімнен шығарылды. Оларға бостандық берілді. Көпшілігі сол кезеңге Қазақстанда тұрған шешен мен инғұштарға еліне қайтуға рұқсат етілсе де, олардың Кавказға жаппай көшуін тежеу керек деп жоғары жақ жасырын нұсқау берді. [38].

Брежневтің тұсында бұл бағыттағы жұмыс біраз бәсеңдеді. Бірақ соңынан басқаша өріс алды. Неміс диаспорасының ұлттық дамуын көркейтеміз, экономикамызды нығайтамыз дегенді желеу етіп, 1977 жылы 31 мамырда КОКП Орталық Комитетінің саяси бюросы Қазақстанда неміс автономиялық облысын құрайық деген қаулы шығарады. Алайда, сол кездегі Целиноградтың орталық алаңында және басқа жерлерде көптеген адамдардың қатысуымен автономияға қарсы шерулер өтті. Осыған орай мәселенің шешілуі кейінге қалдырылды, содан соң Д.Қонаевтің тікелей араласуымен бұл мәселе күн тәртібінен бір жолата алынып тасталды.

Сөйтіп, Кеңес Одағы қалыптасуының бастапқы кезеңінде жүргізілген ұлттық-территориялық межелесу саясаты, болған қиындықтарға қарамастан қазақ жерінің бір республиканың қол астына топтасуында қазақ халқы үшін маңызды болды. Осы тұста қазақ жерлерінің шекарасы тұңғыш рет халықаралық құқық талаптарына сай анықталып бекітілді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет