Қоныс аударудың үшінші кезеңі
Ресей экономикасындағы аграрлық дағдарыс патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын күшейте түсті. Қазақстан аумағындағы артық жерлерді есепке алу мақсатында Ф.Щербина, В.Кузнецов, П.Румянцевтің экспедициялары жұмыс істеді. Экспедициялардың барлығы көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы казак тұрғындарына қатысты жер көлемін азайтып, болыстардың иелігіндегі «бос жерлерді» есепке алумен айналысты.
Ресей орталығындағы аграрлық қайшылықтардан шығудың жолын Министрлер кеңесінің төрағасы П.А.Столыпин ойлап тапты. Ол 1906 жылы 6 қарашада шаруалардың қауымнан шығып, хуторға енуі туралы жарлық шығарды. Ол Ресейдің ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін шаруалар қауымын таратты, сөйтіп қауымдық жерлерді кулактардың басып алуына жағдай жасады. Помещиктік жер иеленуді сақтауға тырысқан үкімет қоныс аударуға бостандық берді. Қоныс аудару саясатындағы бұл жаңа бағытқа көшуге 1905—1907 жылдардағы бірінші революция мен аграрлық толкулар өз ықпалын тигізді. Столыпиннің жарлығы негізінде шаруа өз үлесін сатып, еркін түрде басқа жаққа кетуге мүмкіндік алды. Осылайша Ресейдің орталық аудандарындағы әлеуметтік жіктелудің тереңдей түсуі күйзелген, жерден айырылған шаруалардың көші-қон ағымының кең қанат жаюына әкелді.
1905 жылы қоныстандыру мәселесін реттеу мақсатында қоныстандыру мекемелерінің Басқармасы құрылды. 1905—1917 жылдардағы мекеменің 12 жылғы қызметі нәтижесінде бір миллионға жуық қоныс аударушылар жерге орналастырылды.
1908 жылы қоныс аударушылар толқыны ең жоғары деңгейге жетті. Жылына 665 мың қоныс аударушы келді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты қазақтардың шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Тек 1906—1915 жылдары Жетісу мен Сырдария облысындағы қазақтардан 2,5 млн десятина жер тартып алынып, қоныс аударушыларға бөліп берілді. Қазақстанда тартып алынған жер XX ғасыр басында 17 млн десятина, ал 1917 жылға қарай 45 млн десятинаға жетті. Жүздеген жеке меншік хуторлар бой көтерді. Патша офицерлері, кулактар, көпестер көлемді жер төлімдеріне ие болды. 1905—1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші буржуазиялық-демократиялық революциядан кейін үкімет барлық шектеуді жойып, барлық шет аймақтарға қоныс аударуға жол ашып берді.
Осылайша XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан тұрғындарының көп ұлтты құрамының қалыптасуы белсенді түрде жүргізілді. Патша өкіметінің көші-қон саясаты әскери-казактық және әскери-әкімшілік отарлау саясатынан басталып, шаруалардың жаппай қоныс аударуына ұласты.
Барлық қоныс аударушылардың 56,2%-ы Ақмола облысына келуінен шаруалардың саны 6 есеге өсті. Халықтың жалпы санының өсуіне табиғи өсім емес, көші-қон қозғалысы күшті ықпалын тигізді. XIX ғасырдың соңында Украинадан ғана келгендердің рөлі арта түсті. 1906—1912 жылдары тек Украинадан барлығы 300 мың қоныс аударушылар келген. Жалпы алғанда, Қазақстан XX ғасыр басында көші-қон бойынша Сібір мен Қиыр Шығыстан кейінгі екінші орынға шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |