Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуы, негізгі кезеңдері
Оңтүстік Қазақстанды әскери отаршылдық жолмен өзіне қосып алған Ресей өзінің саясатын алыстағыны көздейтін саяси мүдделерін басшылыққа ала отырып жүргізе бастады. Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталғаннан кейін көші-кон ағымдарының отаршыл сипаты айқындала түсті.
Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы этнодемографиялық құрамының өзгеруіне қоныс аудару қозғалысы зор ықпал етті. Патша өкіметінің көші-қон саясатының әлеуметтік-саяси салдары өте ауыр болды.
Қазақстан тарихында қоныс аудару қозғалысының кезеңдері туралы бір жақты пікір жоқ. Дегенмен қоныс аудару қозғалысын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады:
1861—1885 жылдар;
1886—1905 жылдар;
1906—1917 жылдар.
Қоныс аударудың бірінші кезеңі
Жүз мыңдаған орыс, украин, беларусь шаруаларының Сібір, Қазақстан және Орталық Азияға қоныс аударуы Ресейдің аграрлық саладағы саясатымен тығыз байланыста дамыды. Ресей самодержавиесі жер мәселесін помещик-дворяндардың пайдасына шешіп берді. Помещиктер шаруаларды «азат ету» барысында олардың бұрын пайдаланып келген жерінің басым бөлігін тартып алды. Себебі 1861 жылғы реформадан кейін помещиктер өз пайдасына шаруалардың реформаға дейін өңдеп келген жерінен үлес алуға құқықты болды. Кейбір губернияларда шаруалар жерінің 1/3, тіпті 2/5 бөлігін помещиктер тартып алды. Сонымен қатар жер үлесі үшін тым жоғары өтемдік төлемдер талап етілді. Жер тапшылығынан шаруалар помещиктерден, қазынадан жерді жалға алуға мәжбүр болды.
Жер тапшылығының шиеленісуі, «азаттық» алған шаруалардың қайыршылық күйі, құрғақшылық, орта шаруалардың кедейленуі, өтемдік төлемдер мен салықтардың ауыртпалығы шаруалардың туған жерлерін тастап, Оралдың арғы жағынан жер мен «жақсы өмір» іздеп кетуге мәжбүр етті. Зерттеуші А.А.Кауфман қоныс аударудың басты себебін жаңа шаруашылық жүйесіне бейімделе алмаудан, жер құнарлылығының төмендігінен деп түсіндіреді. Ал шаруаларда топырақтың құнарлылығын тыңайтқышпен қайта қалпына келтіруге қаржы да, құрал-сайман да жоқ еді.
Әуелгі кезде патша үкіметі шаруалардың шет аймақтарға қоныс аударуына карсы болып, шектеулер койып көрді. Алайда 1891— 1892 жылдардағы Ресейдегі аштыққа байланысты өз бетімен еркін қоныс аудару көлемінің өсуіне орай, патша үкіметі қоныс аударуды заңдастырып, өз ырқында ұстауға тырысып бақты.
Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің басшы- лығымен 1868 жылы «Жетісуға шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша Ережелер» жобасын жасады. Ереже бойынша жан басына (ер адам) 30 десятина мөлшерде жер белгіленіп, 15 жылға алым- салықтардан босатылды.
Ал 1883 жылы қабылданып, 1885 жылы бекітілген Ережеде Жетісу облысына жаңа келушілер мен Шығыс Түркістаннан қоныс аударған үйғырлар мен дүнгендер үшін жаңа нормалар бекітілді. Енді жан басына берілетін жер үлесі 30 десятина емес, 10 десятина болып белгіленді, біркатар жеңілдіктер енді 3 жылға дейін ғана сақталды. Ресми деректер бойынша 1861—1885 жылдары Орал арқылы 300 мың қоныс аударушы келген.
Достарыңызбен бөлісу: |