Республикасы Инвестициялар және


Әуе кемелерiне техникалық және коммерциялық қызмет



бет2/3
Дата13.06.2016
өлшемі0.54 Mb.
#131461
1   2   3

7. Әуе кемелерiне техникалық және коммерциялық қызмет
көрсету кезінде арнайы көліктердің жұмысын ұйымдастыру
49. Әуе кемелерiне қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды атқару үшiн арнайы көлiк қызметi азаматтық авиация ұйымының бастығы (әуежай бастығы) бекiткен тiзiмге сәйкес арнайы көліктерді азаматтық авиация ұйымы қызметiнiң қарамағына бөледi, олар өз қарамағына бөлiнген арнайы көліктердің жұмысын ұйымдастыруға бақылау жасайды және қамтамасыз етедi.

50. Әуе кемесiне қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыру авиациялық техниканы жөндеу мен пайдалану жөнiндегi қолданыстағы құжат талаптарына және берiлген үлгiдегi әуе кемесiне пайдалану жөнiндегi нұсқауға сәйкес жүргiзiледi.

Әуе кемесiне отын және май құю кезiнде «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының талаптары сақталуға тиiс.

51. Әуе кемесiне қызмет көрсету үшiн арнайы көліктерді беру кезегi мен тәртiбi азаматтық авиация ұйымының бастығы бекiтетін технологиялық кесте бойынша жүзеге асырылады.

52. Әуе кемесiне қызмет көрсету жұмыстарына басшылық жасауды инженер, бригадир авиатехник, авиатехниктер жүзеге асырады.

53. Әуе кемесiне қызмет көрсету кезiнде арнайы көліктерді жұмыс жағдайына қою, олардың келуі және кетуі әуежай бастығы бекiткен келу (кету) схемасына сәйкес және арнайы көліктерді келуге (кетуге) басшылық жасауға жауапты адамдардың басшылығымен жүргiзiледi.

54. Әуе кемесiне қызмет көрсету аймағындағы жұмыс кезiнде арнайы көліктердің жүргiзушiлерi:

1) қызмет көрсету аймағына кiре берiсте арнайы көлікті ақ бояумен белгiленiп, қызмет көрсету аймағының шекарасында орналасқан «Т» белгiсiнiң жанында әуе кемесiнiң шеткi нүктелерiнен кем дегенде 10 м қашықтықта сегiзбұрыш түрiндегi қызыл жолақтармен боялған жерге тоқтату;

2) қызмет көрсету аймағына тек келуге жауапты қызметкердiң рұқсатымен және басшылығымен кiру;

3) қызмет көрсету аймағында арнайы көліктер қозғалысын келу (кету) схемаларына сәйкес жүзеге асыру;

4) келудi басқаратын қызметкердiң сигнал белгiлерiн мұқият қадағалау және дәл орындау;

5) әуе кемесiне келу кезiнде арнайы көліктерді тоқтатуды қауiпсiз жерге, оның бұзылуын болдырмайтындай етiп орналастыру;

6) келудi басқаратын лауазымды адамның, әуе кемесi экипажы мүшесiнiң немесе инженерлiк авиациялық қызмет технигiнiң бiрiншi талабы бойынша арнайы көліктерді тоқтату және қызмет көрсету аймағынан шығып кету;

7) қызмет көрсету аймағынан, перроннан және тұратын жерден арнайы көліктерді олар бұзылып қалған жағдайда тез арада алып кету шараларын жасау және ол туралы арнайы көлiк қызметi бригадирiне немесе диспетчерге хабарлау;

8) әуеайлақта арнайы көліктерді жүргiзу және әуе кемесiне қызмет көрсету құқығы берiлген талон әрқашан өзiнде болуы және оны бiрiншi талап бойынша әуеайлақтағы қауiпсiз қозғалысты ұйымдастыру мен әуе кемесiнiң сақталуына жауапты адамдарға көрсету үшін шараларды қабылдайды.

55. Әуе кемесiне арнайы көліктердің жақын келуiн (кетуiн) басқаратын қызметкерлер мыналарды қамтамасыз етуге тиiс:

1) әуе кемесiне қызмет көрсету аймағында арнайы көліктер қозғалысын Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының әуеайлақтарында әуе кемелерi, арнайы автокөлiк және механизация құралдары қозғалысын ұйымдастыру жөнiндегi нормативтi актiде белгiленген келу схемасына сәйкес дәл сигнал беру көмегiмен басқару;

2) арнайы көліктердің келуiн әуе кемесiнiң оған жақын орналасқан бөлiктерiнде тұрып, жүргiзушiнiң көз алдында басқару;

3) жүргiзушiге сигнал берер алдында әуе кемесi жанындағы арнайы көліктердің жүруiне, сондай-ақ шанақты немесе жұмыс органын көтеруге (түсiруге) кедергi жоқтығына көз жеткiзуі;

4) әуе кемесiне келу кезiнде арнайы көліктерді олар бұзылмайтын жерге тоқтату («тоқтаңыз» сигналын беру уақыты арнайы көліктің үлгiсiне, олардың әуе кемесiне келу схемасына және тежеу жолдары шамасына байланысты таңдалады);

5) арнайы көліктер әуе кемесiнен кететiн кезде «жүрiңiз» сигналын берер алдында әуе кемесi бортынан сымдардың, ажыратқыштардың, шлангiлер мен жермен байланыстыратын тростардың ағытылуын тексеру;

6) әуе кемесiнiң жанына арнайы көліктер тоқтаған кезде әуе кемесiне қозғалыс жақтағы артқы жетекшi дөңгелектердiң бiрiнiң астына тез арада тірек қалыптар қою, содан кейiн дөңгелектiң басқа жағына екiншi қалыпты орнату;

7) жұмыс аяқталған соң қалыптарды арнайы көліктердің кету жағынан алып тастау, ал ол кеткен соң әуе кемесiнен 5 метр қашықтықтағы екiншi қалыпты алу;

8) «Әуе кемесiне арнайы көліктердің келуiне басшылық ету құқығын беретiн куәлiк» арқашан өзiнде болуы керек және бiрiншi талап бойынша оны әуеайлақта қауiпсiз қозғалысты ұйымдастыру және әуе кемесiн сақтауға жауапты адамға көрсету (6-қосымша).

56. Келудi (кетудi) басқаратын қызметкердiң әуе кемесi жанындағы арнайы көліктер жұмысын аяқтағанға дейiн өз орнын тастап кетуiне болмайды.

57. Арнайы көлік маневрді дұрыс жасамаған кезде келуге басшылық етушi адам «тоқтаңыз» сигналын беруi тиiс, ал содан кейiн әуе кемесi зақымдалуын болдырмайтын маневрдi орындауға белгi берiледi.

58. Қазақстан Республикасының заңдарына сайкес әуе кемесiне қызмет көрсету аймағында келу (кету) және жүру ережелерiн бұзған үшiн жауапкершiлiк:

1) басшының келу белгiсiн дұрыс орындамағаны үшiн, сондай-ақ оның рұқсатынсыз өздiгiнен жүргенi үшiн арнайы көлік жүргiзушiсiне;

2) жүргiзушiге жүру кезiнде дұрыс емес немесе мезгiлсiз белгi бергенi үшiн, сондай-ақ тірек қалыптарды дер кезiнде немесе дұрыс орнатпағаны үшiн келудi басқаратын қызметкерге жүктеледi.

59. Арнайы көліктердің жүргiзушiлерi мен әуе кемесiне қызмет көрсету аймағында басшылық ететін адамдардың осы Қағидалар талаптарын бұзғандығы туралы жүргiзушiлер талоны мен жақындап келуге жетекшiлiк ететiн бастықтардың куәлiктерiне әуеайлақтағы қауiпсiз қозғалысты ұйымдастыруға және әуе кемесiнiң сақталуына жауап беретiн лауазымды адам белгi жасайды. Тәртiп бұзушылық туралы белгiнi әуежай жұмыстарына нұсқау берушi адам, әуежай бастығы және оның орынбасарлары, әуежайдың аға (ауысым) кезекшiсi, қоғамдық инспекторлар, арнайы көлiк қызметiнің бастығы, қарамағына арнайы көліктер берiлген қызмет бастықтары, арнайы көліктердің колонна бастығы, әуеайлақтағы қозғалыс қауiпсiздiгi жөніндегі инженерлер жасай алады.

60. Талонда (куәлiкте) қызмет көрсету аймағында жұмыс iстеу кезiнде үш рет тәртiп бұзушылық белгiсi бар адамдар әрi қарай жұмыс iстеуге тек қызмет көрсету аймағындағы жұмыс ережесiн білуі бойынша бiлiктiлiк комиссиясының қайта тексеруiнен кейiн және әуежай бастығының бұйрығы шыққан соң ғана жiберiледi.
8. Әуеайлақты пайдаланып ұстау кезінде арнайы
көліктің жұмыстарын ұйымдастыру
61. Әуеайлақта пайдалану жөнiндегi операциялар кешенiн орындау үшiн арнайы көлiк қызметi әуеайлақ қызметiнiң қарамағына (немесе басқа жердегi жұмыстарды орындайтын қызметке) арнайы көлік бөледi, олар арнайы көліктердің жұмысын ұйымдастыруды, қозғалыс қызметiмен өзара iс-әрекетiн жүзеге асырады және ұшу алаңында жұмыс кезiнде ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi бақылайды.

62. Әуеайлақты күтіп ұстау жөнiндегi технологиялық операциялар «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-41) тармақшасына сәйкес орындалуы тиiс.

63. Әуежайдың барлық қызмет орындары әуе кемесiнiң ұшуы үшiн әуеайлақты дайындау жөнiндегi жұмыстарды тек әуеайлақтың ұшу бастығының рұқсатымен және әуеайлақ қызметiнiң жауапты адамдарымен оны жүргiзу туралы келiсiлген соң ғана жүргiзе алады.

64. Арнайы көліктердің әуеайлақ жабындары мен қондыру құралдарына қызмет көрсету үшiн ұшу алаңы мен жүргiзiп әкелу жолдарына шығуы диспетчердiң рұқсаты бойынша әуеайлақ басшысының нұсқауымен жүргiзiледi.

65. Ұшу алаңында жұмыс iстеу кезiнде арнайы көліктердің қозғалыс қауiпсiздiгiн ұйымдастыру, жұмысты басқару және оларды жүргiзуге бақылау жасауды әуеайлақ қызметiнің (немесе ұшу алаңында басқа да жұмыстар атқаратын жердегi қызметтердің) бастығы (жұмысты жүргiзуге жауапты адам) қамтамасыз етедi, ол старттық диспетчер пунктiнiң диспетчерi немесе әуеайлақтағы ұшу жетекшiсiнiң көрсетуi бойынша керек болған жағдайда өздiгiнен апат аймағының шегінен тыс белгiленген жерге тез арада ұшу жолдарынан машиналарды, механизмдердi және адамдарды алып кету шараларын қабылдауға мiндеттi. Барлық жағдайда ұшу жолдары әуеайлақ техникасынан әуе кемесiнiң қонуы (ұшуы) есептелген (белгiленген) уақытынан кем дегенде 5 минут бұрын босатылуы тиiс.

66. Ұшу және жүру жолдарында жұмыс iстеу кезiнде жауапты адам старттық диспетчер пунктiнiң диспетчерiмен тұрақты түрде радиобайланыс жасауға және әрбiр 15 минут сайын радиобайланысты бақылап отыруға мiндеттi. Радиобайланыс iстен шыққан кезде немесе ол дұрыс жұмыс iстемесе, жұмысты тоқтату қажет және ұшу-қону жолынан техника мен адамдарды алып кету үшiн төтенше шаралар қабылдау қажет.

Радиобайланыс үзiлген кезде ұшу жолынан босату белгiсi ретiнде ұшу-қону жолдарындағы оттарды үш рет өшiрiп-жағу (жоғары қарқынды оттар жүйесі жарықтарының «І» тетігін қосқан кезде) және жұмыс iстеп тұрған техника жаққа екi қызыл ракета жiберу керек.

67. Егер жұмыс iстеп тұрған техника істен шығып қалса, бұл туралы диспетчерлiк орын қызметi диспетчерiне тез арада баяндалуға тиiс және радиомаяк станциясы апатты аймақ сыртына белгiленген жерге жарамсыз техниканы алып кету үшiн жедел шаралар қабылдайды.

68. Ұшу алаңында жұмыстар орындалған соң әуеайлақ қызметi үшiн жауапты адам арнайы көліктер жұмысы барысында ұшуды орындауға кедергi келтiретiн ешқандай ауытқулардың жiберiлмеуiн бақылайды және әуеайлақтың ұшу жетекшiсi жұмыстың аяқталғаны туралы және техника мен адамдардың белгiленген орынға әкетiлгенi туралы хабарлайды.

69. Ұшу және жүргiзу жолдарында жұмыс iстейтiн барлық арнайы көліктер ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында тәулiк уақытына қарамастан жұмыс кезiнде жанып тұратын қуатты және жарқылдақ оттармен, сондай-ақ диспетчерлiк орын қызметi диспетчерiмен және ұшу бастығымен байланысатын iшкi әуежай құралдарымен жабдықталуы тиiс.

Арнайы көліктерде орнатылған жарқылдақ оттар сары түстi болуы, жарық күшiнiң әсерi минутына 75 ± 15 жарқыл жиiлiгi бар 40-тан кем емес, бiрақ 400-ден аспайтын кандел болуы тиiс. Бұл оттар кабинаның үстiне немесе қораптың жоғарғы жағына арнайы көліктердің бiлiгi (ось) бойымен айналаға түгел жарық беретiндей етiп және оны машинадағы құрылғылар көлегелемейтiндей орналастырылуы тиiс. Оттың тiрек алаңы көлденең орналасуы керек. Ұшу және жүргiзу жолдарында жұмыс iстеу үшiн қосымша қону диспетчерi жиiлiгiнде радиобайланысты тыңдайтын жауапты адам машинасына радиоқабылдағыш орнатылады. Ұшу және жүргiзу жолдарында жұмыс iстейтiн әрбiр арнайы көлік радиомаяк станциясы iстен шыққан жағдайда апат аймағынан сыртқа кетiп қалуға арналған сүйрету қондырғыларымен жабдықталуы тиiс.

70. Ұшу және жүргiзу жолдарында әуеайлақтың ұшу жетекшiсiнiң рұқсатынсыз және жұмыс жүргiзуге жауапты адамның басқаруынсыз радио және жарық сигналдары бар құрал-жабдықтармен, сүйретпе қондырғылармен, өрт сөндiргiш құралдармен жабдықталмаған арнайы көліктердің шығуына тыйым салынады.

71. Ұшу және жүргiзу жолдарындағы жұмыс кезiнде машиналарда орнатылған радиобайланыс құралдарын, қуатты және жарқылдақ оттарды өшiруге тыйым салынады.

72. Радио орнатылған машина жүргiзушiлерi iшкi әуежай радиобайланысы ережелерiн жақсы бiлуi тиiс. Қызметкерлердiң (машина жүргiзушiлердiң) әуеайлақтың ұшу жетекшiсiмен (диспетчерiмен) радиотелефон арқылы байланысы автоматты бақылау дыбысжазғыш аспабына жазылады.

73. Ұшу жолдарында жұмыс iстеу кезiнде арнайы көліктердің жүргiзушiлерi рация бойынша жарық және дыбыс сигналдары мен бұйрықтарды үнемi қадағалап отыруы тиiс. Байланыс арналары немесе белгiленген сигнал бойынша ұшу және жүргiзу жолдарында жұмыс iстейтiн жүргiзушiлер тиiстi бұйрықтарды алған кезде жұмысты тоқтатуға және тез арада техниканы апат аймағының сыртындағы белгiленген жерге алып кетуi қажет.

74. Ұшу және жүргiзу жолдарына кiру және қиып өту диспетчерлiк орын қызметi диспетчерiнiң рұқсатынан кейiн тек жарқылдақ және қуатты оттармен, сүйретпе қондырғылармен және радиостанциялармен жабдықталған машиналарға ғана рұқсат етiледi.

75. Арнайы көлік жүргiзушiсi (қызмет өкiлi) ұшу жолын қиып өтер алдында бүйiрдегi қауiпсiз жолға жетпей тұрып (радиомаяк станциясының апат аймағы шекарасы), диспетчерлiк орын қызметi диспетчерiнен ұшу жолын қиып өтуге рұқсат сұрауға тиiс.

76. Диспетчер арнайы техниканың ұшу жолағын қиып өтуiне мына жағдайда ғана рұқсат бередi, егер қонуға келе жатқан әуе кемесiнiң кем дегенде 5 минут уақыт ара қашықтығы болса, немесе қонып тоқтағаннан кейiн ғана рұқсат етедi.

77. Ұшу жолағын қиып өткен соң жүргiзушi (арнайы көлік қызметінің өкілі) бастапқы диспетчерлік пункттің диспетчеріне жолдың босағаны туралы хабарлайды. Егер арнайы көлік қауiпсiз жолағының (қонудың радиомаяктық жүйесінің ықтимал дағдарысты аймағының шекарасы) сыртына шығып кетсе, ұшу жолағы бос деп саналады.

78. Әуе кемелерiнiң кесте бойынша тұрақты ұшып шығуы әуежайдың жердегi қызметi мына шарттарды орындағанда мүмкiн:

1) әуе кемелерiне уақтылы және сапалы қызмет көрсету;

2) жердегi техниканың авариясыз жұмыс iстеуi;

3) әуе кемесіне қызмет көрсету мен әуеайлақ жамылғысын пайдаланып ұстау кезінде арнайы көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету;

4) арнайы көліктер паркiн үнемi техникалық дайындық жағдайында ұстау;


5) ӘК-не қызмет көрсетуге және ұшу алаңын дайындауға қатысатын әуежай қызметімен жұмыста нақты келісімге қол жеткiзу;

6) ұшу жиiлiгi аса жоғары «қарбалас» уақытта арнайы көліктердің қорын қамтамасыз ету;

7) арнайы көліктердің техникалық жай-күйін тексеретін қоғамдық бақылау комиссиясының қызметін ұйымдастыру;

8) әуе кемесiнiң ұшып шығуға кешiгу себептерiн мұқият талдау, кедергi себептерi туралы жүргiзушiлер құрамына үнемi хабарлау және оларды болдырмауға шұғыл шаралар қабылдау;

9) әуе кемесiне қызмет көрсетуде кедергiсiз жұмыс iстейтiн арнайы көлiк қызметiнiң, колоннаның, ең жақсы ауысымдардың жұмыс тәжiрибесiн тарату және қорыту;

10) жүргiзушiлер ауысымға шығар алдында әуе кемесiне қызмет көрсеткен алдыңғы ауысым жұмыстарының кемшiлiктерiн талдай отырып және әуе кемесiнiң ұшуына жолдарды дайындауда нақты метеорологиялық жағдай мен өндiрiстiк ерекшелiктердi есепке ала отырып нұсқау жүргiзу;

11) әуеайлақты дайындау мен әуе кемесiне уақытында қызмет көрсетудi қамтамасыз етуге бағытталған өнертапқыштық ұсыныстар мен жаңалықтарды енгiзу;

12) жыл сайын «Автокөлiктiң авариясыз жұмысы үшін, әуе кемесiне уақтылы және қауiпсiз қызмет көрсеткені үшiн» байқауын өткiзу.



9. Әуе кемелерiнің зақымдануының алдын алу жөніндегі
іс-шаралар
79. Әуе кемелерi зақымдануының алдын алу үшiн әуеайлақта әсiресе әуе кемелерiне қызмет көрсету аймағында арнайы көліктердің қауiпсiз жұмыс iстеуiнің ішкі инструкцияларын қатаң сақтау, сондай-ақ арнайы көліктің авариясыз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Көлiк құралдарын жүргiзушiлер барлық жағдайда әуе кемелерiне жол береді.

80. Әуе кемелерiне қызмет көрсету аймағында арнайы көліктің қозғалысы тек келуге басшылық ететiн жауапты адам басшылығымен және келу (кету) схемаларына сәйкес жүргiзiледі. Келудi (кетудi) басқаратын лауазымды адамдардың жоқтығынан әуе кемелерiнiң ұшып шығуын кідіртулер келуге/кетуге басшылық етуді қамтамасыз етпеген қызметке жатады (1-қосымша).

81. Әуе кемелерiне қызмет көрсету аймағында арнайы көліктің қозғалыс жылдамдығы сағатына 5 км аспауы тиiс. Арнайы көліктің перронда және тұратын жерiнде қозғалыс жылдамдығы сағатына 30 км, әуеайлақтың қалған аймақтарындағы қозғалыс жылдамдығы - сағатына 50 км аспауы тиiс. Көрсетiлген қозғалыс жылдамдығының шектеулiктері жамылғыларға қызмет көрсету және жалғасу коэффициентiн өлшеу жөнiндегi жұмыстарды орындалған кезде әуеайлақ машиналары мен механизмдерiне, сондай-ақ өрт сөндiру, санитарлық және басқа қауiптi жағдайда шақырылған машиналарға қолданылмайды.

82. Әуеайлақтағы барлық үлгiдегi арнайы көліктер қозғалысы тек жердегi техника қозғалысын ұйымдастыру мен орналастыру схемасы бойынша белгi соғылған арнайы бағытпен жүзеге асуы тиiс. Қозғалыс бағытын белгiлеу әуеайлақ қызметi жөнiндегi қолданыстағы нормативтiк акт талаптарына сәйкес келуi тиiс.

83. Амортизаторлық тежегiштермен, өрт сөндiру құралдарымен жабдықталмаған берiк тежегiш қалыптары жоқ және жарамсыз арнайы жабдығы бар арнайы көліктің әуе кемелеріне келуiне тыйым салынады.

84. Әуеайлақта нашар көрiну жағдайында (түнде, тұман кезiнде, қар жауғанда және авария жағдайында) арнайы көліктерде дыбыс сигналдарын қолдануға рұқсат етiледi. Трейлерде (ТЗ-22, АК-6, АППА-4 үлгісіндегі автомашиналар және басқалар) шанағының артқы бөлігінде және бүйiрiнде қызыл рефлекторлары болуы тиiс.

85. Әуе кемелерiн перронда және тұратын жерiне орналастыру әуеайлақ қызметi және авиациялық техниканы техникалық пайдалану мен жөндеу және «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-41) тармақшасына сәйкес жүргiзiлуi тиiс. Әуе кемелерін орналастыру оған келу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етпейтын жағдайларда, әуе кемелеріне арнайы көліктің келуiне тыйым салынады.

86. Әуе кемелерiнің тұратын жерлерi мен перронда белгiленген нормативтер бойынша жарық болуы тиiс. Жарық машина жүргiзушiлерiнiң әуе кемелеріне жақын келуi кезiнде және перрон мен тұратын жерлері бойынша қозғалысы кезiнде көзiне шағылыспау керек.

87. Арнайы көліктің тұратын жерлерiнде, оқу сыныптарында және гараждарда әуеайлық және әуе кемелеріне келу (кету) бойынша арнайы көлік қозғалысының схемасы бар плакаттар iлiнуi тиiс.

88. Арнайы көліктің жүргiзушiлерi ауысымда (бригадада) жұмыс басталар алдында азаматтық авиация ұйымдарының медперсоналы жүргiзетiн медициналық тексеруден өтеді және жұмысқа жiберiлгені туралы жол қағазына, медициналық бақылау кiтапшасына немесе жүргiзушiнiң арнайы журналына белгi алады. Алкогольдік ішiмдiкті пайдаланғаны туралы факт дәлелденген жүргiзушiлер жұмысқа жiберiлмейдi.

Ауысым соңында жүргiзушiлер мiндеттi түрде қосымша медициналық тексеруден өтедi. Жүргiзушiлердiң медициналық тексеруге келуiн өздерi штатта тұрған қызмет бастықтары қамтамасыз етедi.

10. Жол-көлiк оқиғалары, олардың жіктелуі, алдын алу және есепке алу
89. Жол-көлiк оқиғаларына мыналар жатпайды:

1) пайдалану қағидалары мен еңбек қауiпсізiздiгi талаптарын бұзу салдарынан олар орындауға арналған (жер жырту, траншея қазу және тағы басқа) негiзгi өндiрiстiк операцияларды жасау кезiнде пайда болған өздігінен жүретін механизмдер оқиғалары (бульдозерлер, тракторлар, арық қазушылар және тағы басқа);

2) қозғалмалы көлік механикалық құралдарындағы олардың техникалық жарамсыздығына байланысты емес өрттер.

90. Жол-көлiк оқиғалары кезінде қаза тапқандар қатарына оқиға болған жерде немесе оқиға нәтижесінде алған жарақаттан қайтыс болған адамдар жатады; жаралылар санына дене жарақатын алғандар, алғашқы медициналық көмек көрсетiлгеннен кейін ауруханаға жөнелту немесе емханалық емдеу қажеттігін туындатқан дене жарақатын алған адамдар жатады.

91. Жол-көлiк оқиғаларының алдын алу үшiн мыналар қажет:

1) жолда жұмыс iстеуге техникалық жарамды көлiк құралдарының тежегiштерiн, рульдік басқару және жарық беретiн аспаптардың қызметін тексергеннен кейін ғана рұқсат беру;

2) қауiптi жағдайларда қозғалыс кезiнде (жолдың тар учаскелері, жол жабынының нашар жай-күйі, көктайғақ, шектеулi көрiнiс) жылдамдықты қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шегiне дейiн түсiру;

3) жарық аспаптары жағылған қозғалыс кезінде қарсы шыққан көлiк жүргiзушiсiнiң көзiне жарықты шағылыстыруға болмайды;

4) басып озу және қиылыстардан өту қағидаларын қатаң сақтау;

5) бөтен адамдардың көлiк құралдарын ұрлап кету және жүргізу жағдайларын болдырмау;

6) көлiк құралдарын басқаруға жүргiзушiлердi мас күйiнде жiбермеу;

7) көлiк құралдарының жүргiзушiлерiмен жол қозғалысы қағидалары және жылдың көктемгi-жазғы, күзгi-қысқы маусымдарында көлiк құралдарын пайдалану ерекшелiктерi бойынша тұрақты түрде сабақтар өткiзу, көрсетілген сабақтарға жол қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі уәкілетті органның мамандарын тартуды практикаға енгізу;

8) арнайы көлiк қызметiнде қозғалыс қауiпсiздiгi бөлмелерiн, сыныптар мен бұрыштарды жабдықтау;

9) жол және әуеайлақ жабындарының (көктайғақ, қар, жаңбыр, бұршақ, батпақ) жай-күйі туралы ескерту жазбалар мен плакаттарды iлiп қою;

10) арнайы көлiк қызметi басшылары мен инженер-техникалық құрамына жүргiзушiлермен еңбек тәртiбiн күшейтуге бағытталған тәрбие жұмыстарын үнемi жүргiзу;

11) алдыңғы қатарлы жүргiзушiлердiң авариясыз және жол қозғалысы қағидаларын бұзбай жұмыс iстейтiн тәжiрибесiн қабырға газеттерінде, брошюраларда, оқу құралдарында кеңiнен тарату.

92. Жол-көлiк оқиғаларын тудыратын себептердi зерттеу мен жою мақсатында азаматтық авиация ұйымдарында барлық бұрын келтірілген жол-көлiк оқиғаларының, оның iшiнде жабық аумақта болған түрлерінің мiндеттi есебi жүргiзiлуге тиiс. Азаматтық авиация ұйымдарындағы Жол-көлiк оқиғалары есебi журналының үлгісі 17-қосымшада көрсетiлген.

93. Ауыр салдарлы жол-көлiк оқиғалары (өлiм-жiтiм, зақымдану, адамдардың ауыр жарақаты) туралы азаматтық авиация ұйымдары көліктегі ішкі істер органдарына хабарлайды және оқиға болған сәттен бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей уәкiлеттi органға хабар жібереді (8-қосымша).



11. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету
94. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесi өзара байланысты құралдардың жиынтығынан, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу және орындаушылардың арнайы көліктің сапасын сақтау мен қалпына келтiруге қажеттi құжаттамалардан тұрады.

95. Техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жүйесі шеңберiнде арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету жүзеге асырылады, оларды жұмысқа пайдалану, сақтау және тасымалдау кезiнде жұмысқа қабiлеттiлiгiн немесе жарамдылығын сақтау жөнiндегi операциялар кешенін білдіреді.

96. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету негiзiне жоспарлау-ескерту жүйесi жатады, онда техникалық қызмет көрсетудi жоспарлау арнайы көліктің жүрiп өткен жолы мен атқаратын жұмысына және тораптар мен агрегаттардың жай-күйіне қарамастан, арнайы көліктің белгiлi бiр ресурсты игергенiнен кейiн мiндеттi түрде жүргiзiледi.

97. Техникалық қызмет көрсету арнайы көлікті пайдаланудың құрамдас бөлiгi болып табылады және мыналарға:

1) әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге тiкелей байланысты арнайы көлікті тұрақты техникалық дайындықта ұстауға;

2) арнайы көліктің өз бағытында және пайдалану үдерісінде жүру қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;

3) нақты пайдалану жағдайларында арнайы көліктің сенiмдiлiгiн арттыруға бағытталған.

98. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету жинау-жуу, құю, майлау, бақылау-диагностикалық, бекiту, реттеу, iстен шығу мен жарамсыздықты анықтау операцияларын қамтиды. Жинау-жуу, майлау, бақылау, диагностикалық жұмыстар мiндеттi түрде орындалады, ал құю, реттеу және жарамсыздықты жою жөніндегі жұмыстарды тексеру нәтижесiнде қажеттiлiк болған кезде жүргiзiледi.

99. Арнайы көліктің техникалық жай-күйіне қойылатын талаптар осы Қағидалары, уәкiлеттi органның нормативтiк техникалық құжаттарында және шығарушы-зауыттың нұсқауларында белгiленедi.

12. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсетудің түрлерi,
кезеңдерi және еңбекті қажет етуі
100. Арнайы көліктерге техникалық қызмет көрсету жұмыстарын пайдалану шарттарына, кезеңдерiне және көлемiне сәйкес мынадай түрлерге бөлiнедi:

1) күнделiктi техникалық қызмет көрсету;

2) бiрiншi техникалық қызмет көрсету;

3) екiншi техникалық қызмет көрсету;

4) маусымдық техникалық қызмет көрсету.

101. Техникалық қызмет көрсетудiң негiзгi мақсаты арнайы көліктің сенiмдiлiгiн қамтамасыз етуге, оның сыртқы түрiн тиісті жай-күйде ұстауға, отын, май, суытатын сұйықтық құюды қамтамасыз етуге бағытталған жалпы бақылау болып табылады. Пайдаланушылық қызмет көрсету арнайы көлікті пайдалану мен қозғалыс қауiпсiздiгiн анықтайтын агрегаттар мен жүйелердiң жай-күйін тексерудi көздейді (рульдi басқару, тежегiш, шина, сыртқы жарықтандыру аспаптары, жарық және дыбыстық сигнал беру, әйнек тазалағыш, жарықпен сигнал беру, радиостанциялар және тағы басқа).

102. Бiрiншi және екiншi техникалық қызмет көрсетудiң негiзгi мақсаты бөлшектердiң тозу қарқынын азайту, бақылау-диагностикалық, майлау, бекiту, реттеу және тағы басқа жұмыстарды уақтылы орындау арқылы iстен шығу мен жарамсыздықты анықтау мен алдын алу болып табылады. Бірінші техникалық қызмет көрсету кезiнде жұмыстар әдетте қызмет көрсететiн аспаптарды, тораптарды, механизмдердi арнайы көліктен алмай ішінара бөлшектеусіз (ашу) жүргiзiледi.

Екінші техникалық қызмет көрсету кезiнде осы операциялар үлкен көлемде орындалады, ал қажет болған жағдайда қызмет көрсететiн аспаптарды (тораптар, механизмдер) ашады немесе машинадан алады.

103. Арнайы көлікке маусымдық қызмет көрсетудiң негiзгi мақсаты оларды күзгi-қысқы және көктемгi-жазғы маусымда пайдалануға дайындау болып табылады. Маусымдық қызмет көрсету жылына екi рет өткiзiледi және әдетте кезектегi бiрiншi техникалық қызмет көрсету немесе екiншi техникалық қызмет көрсетумен алмастырылады, оған қосымша арнайы көлікті тиісті пайдалану кезеңiне дайындауға байланысты (май ауыстыру, арнайы сұйықтықтарды, электролиттi ауыстыру, жылу құралдарын қамтамасыз ету, жылыту және тағы басқа) бірқатар жұмыстар орындалады.

104. Осы техникалық қызмет көрсету түрi мен келесi түрi немесе басқа күрделi жұмыстар арасындағы жұмыс істеу (жүру) арақашықтығы арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету кезеңi деп аталады.

105. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету кезеңділігі негізгі автомобильдiң жүрiп өткен жолына немесе арнайы жабдықтың пайдаланылуына байланысты Шығарушы зауыт қағидалары мен уәкiлеттi органның нормативтiк-техникалық құжаттарына сәйкес белгiленедi.

106. Пайдалану шарттарына байланысты негiзгi автомобильдер мен арнайы көліктің арнайы жабдығына техникалық қызмет көрсету кезеңділігіне өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн. Негiзгi автомобильдер мен арнайы көліктің арнайы жабдықтары мен техникалық қызмет көрсету кезеңiн өзгерту коэффициентiнiң мәнi уәкiлеттi органның нормативтiк-техникалық құжаттарында белгiленедi.

107. Арнайы жабдықтарға техникалық қызмет көрсету әдетте негiзгi автомобильге техникалық қызмет көрсетумен бiрге жүргiзiледi. Техникалық қызмет көрсету кезеңi негiзгi автомобильдерге техникалық қызмет көрсету кезеңіне сәйкес келмейтiн арнайы жабдықтардың жеке агрегаттарына шығарушы зауыт қағидаларына қатаң сәйкес қызмет көрсетiледi, жүргiзiлген операциялар туралы формулярға жазылып, жауапты адамның қолы қойылады.

108. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсетудiң қаншалықты еңбектi көп қажет ететінi негiзгi автомобильдер мен онда орнатылған жабдықтарға техникалық қызмет көрсетудің жалпы еңбекті қажет етуімен анықталады.

109. Арнайы көліктің негiзгi автомобильдерiне техникалық қызмет көрсету жұмыстарының тiзбесі, сондай-ақ арнайы жабдықтарға техникалық қызмет көрсету технологиясы уәкiлеттi органдардың нормативтiк-техникалық құжаттары және Шығарушы зауыт қағидаларымен анықталады.

110. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыс көлемiн азайтуға, сондай-ақ қызмет көрсету сапасына зиян келтіруге, оған кеткен уақытты қысқартуға жол берілмейді.

111. Жабдықталған және толық жабдықталмаған техникалық қызмет көрсету бекеттерінің болмауы арнайы көлікке тұрақты түрде қызмет көрсету кезеңділігі мен жұмыс көлемiн өзгертуге негiз бола алмайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет