Рух күші. (поэма) Төкеев Бертай Есмаханұлы



бет2/4
Дата15.06.2016
өлшемі0.64 Mb.
#136183
1   2   3   4

Сен кімсің?
Ежелден қазақ ұлысың,

Ғаламмен келген ырысың.

Танылдың «Алтын адам» боп,

Ұғынды әлем мұны шын.


Тамырың өжет тектісің,

Ешкімнің төзбес тепкісін.

Көкбөрі болып болып айға ұлып,

Қырандай қайсар бек-мүсін.


Айбары асқан алыпсың,

Әр жанға қамқор халықсың.

Ұстаздық ұлы ісімен,

Фараби мәңгі анық шың!


Ғылыммен келген олжа анық,

Әлемге мәшһүр Таңжарық.

Өлмеудің жолын іздеген,

Білімді бар ма мұншалық?!


Намыстың биік шынары,

Ерліктің мәңгі сыңары.

Тамырың текті үңілсең,

Аяулы ардың Тұмары!


Бұлақтай мөлдір тұнық көп,

Тұншыққан бәрі құрық кеп.

Ғаламды зерттеп, құнығып,

Айға да жеткен Ұлықбек!


Арманда кеткен қанша арыс,

Бойларын билеп ар намыс.

Құрсауын қиған құлдықтың,

Белгілі сұлтан Бейбарыс!

Жүрекке толып иманың,

Жақсылық болып жиғаның.

Ем болған бүкіл әлемге,

Медеті Ибн Синаның.


Қара бұлт төнген қаншама,

Қазақтың соры соншама.

Көгеріп мәңгі тұратын,

Ұқсайды елім аршаға.


Соғыстан аман қалғансың,

Аштықтан өнген ормансың.

Қажымұқан-күштің атасы,

Әлемге әлі арман шың!


Еркіндік бақты жандырды,

Желтоқсан жұмбақ сан қырлы.

Қырандай қайтпас Қайратты,

Еске алсам жаным жаңбырлы.


«Құртам»-деп құрған жоңғар да,

Мың жаның барын аңғар да.

Мәңгілік қазақ жасай бер!

Иманмен жетіп таңдарға!


Салт дәстүр ана тіліңде,

Рухың асқақ діліңде.

Иманың ислам дінінде,

Алға ұмтыл қазақ бүгін де!


Қырандай қайсарлығыңмен,

Адамдық асыл ұғыммен.

Мәңгілік алда келесің,

Кең парасаттылығыңмен!


Өнермен өрге өрлегін!

Намысты қолдан бермегін!

Бар ұлтқа болдың қамқоршы,

Жамандық енді көрмегін!!!

25.01.2010жыл.
О.АЛЛА...

1.Алдыңа қалай барамын АЛЛА бас ұрып?

Күнәмді кешкен қаламын қалай жасырып?

Уланса сана, жаныма пана бере гөр,

Артықтау кетсем тасынып.


2.Өзіңде ғана әлемнің шексіз билігі,

Ғаламның өну, өсу мен өшу жиілігі.

Секундтар сайын өмірде қанша өзгеріс,

Сезімнің сөнбес сыйлығы...


3.Реттеуші өзің қаңбақтай құйын жалғанда,

Ажалдан аман тіршілік түбі қалған ба?

Иманмен сұлу, сәулемен пенде қоршалар,

Айналмас ақша қорғанға.


4.Ешнәрсе сенсіз ескерілмей ұмыт қала алмас,

Өзіңе ғана арнаған Адам ән алғаш.

Өзіңмен ғана иманмен ұйып әлем тұр,

Өзіңсіз мәнсіз, жалаңаш...


5.Жүректе болып, бәрін де көрер көктесің,

Түсінер бәрін иманға пенде жеткесін.

Тозаңдай тобыр тек сенің құлың екенін,

Сезініп өзін шектесін...


6.Басталар бәрі о АЛЛА сенің атыңнан,

Он сегіз мың ғалам құралған сенің затыңнан.

Тапсырыс алған жүз жиырма төрт мың пайғамбар,

Нұр шашқан уағыз хатыңнан.


7.Өзіңнен бәрі, тартылыс күш те заңдылық,

Шешетін сенсің, адамда мәңгі таңғы үміт.

Өткінші бәрі, жалғанмен тұрған жамалып,

Жасайтын сенсің мәңгілік!!!




8.Табары сенсің зарығып адам жеткенде,

Тіршілік өніп, көгерер қайта көктемде.

Үйлесім табар, үндестік алар өзіңнен,

Ерте ме, кеш пе, жығылар саған көп пенде.


9.Өзіңнен АЛЛА таңертең аман тұрғаным,

Сезіндім сенен өмірдің мәнін, ырғағын.

Сеніммен бірге сезіммен мүлде тартылдым,

Құрметім саған шын бағым!!!


10.Өткен ғасырда айға да тартқан көш кілең,

Американдық та ғарышта уағыз естіген.

Ұлылық сенсің әлемнің мәңгі иесі,

Бұлтта жыр-тамшы, көшкін ем...


11.Не деген әсем, әлемді сұлу жараттың,

Адамды биік саналы етіп тараттың.

Бай менен кедей, патша мен жарлы тергелер,

Алдында тозақ, жаннаттың.


12.Жақсылық көрдім, қолдағы барға қанағат,

Өзіңе алғыс, салмашы жанға жарақат.

Адамның ойы ғұлама болса жетпейтін,

Жердегі сенен шапағат...


13.Жұлдыздай жанып, фәниден лезде ағармыз,

Өзіңнен ғана жүрекке жылу табармыз.

Шешетін сенсің, кесетін өзің кесімді,

Бұлтартпас бұйрық алармыз...


14.Әр іске сабыр, бәріне АЛЛА тоба еттік,

Жалына жүріп, жақсылығыңнан дәметтік.

Барлығы сенен, тек қана сенің қолыңда,

Іздейміз салдар, себептік...


15.Қиындау сәтте өзіңнен тапқан күшін ер,

Ескертіп жерге өзіңсің белгі түсірер.

Заңдылықтардың бұлжымас бұйрық екенін,

Өзіңді танып түсінер...



16.Тіршілік бердің, ажал да қылыш іспетті,

Мықтымын деген секундта солып, күші кетті.

Құлшылық еткен өзіңнен нұрға бөленіп,

Тәкаппар болған түбінде бармақ тістепті.


17.Өзіңсің жұмбақ, құпия болып қалғансың,

Білім мен ғылым жете алмас мәңгі армансың.

Иманға бастар, мәңгілік асқар биікте,

Жүрекпен сезер АЛЛАМСЫҢ!!!


18.Жердегі шуақ, көктегі қуат өзіңнен,

Адамзат жайнар сен берген сырлы сезіммен.

Ынтымақ, бірлік-бақыт пен байлық бастауы,

Сақталар сабыр төзіммен...


19.Заңдылық бәрі, күн менен түн де алмасқан,

Асқар тау биік шыңдардың басын қар басқан.

Бәрін де елеп, бәрін де жебеп, сен тұрсың,

Мәңгілік болып жалғасқан...



20.Ғажап қой өмір, сезініп сені нәр алсақ,

Тек сенің нұрың бір тамшы қаннан жаралсақ.

Адасқан жандар аңсайды түпкі тамырын,

Қоғамда кейде сөз бөлек, істе мән алшақ...


21.Түсінбей тіпті өмірді еттік құрбандық,

Қызыққа ауып, мағына тауып құр қалдық.

Пейіште толып, періште болып келгенмен,

Сезбей де сенбей былғандық...


22.Шын өмір сенде жаныма пана бере көр,

Күн, бұйрық келсе өзіңе рухым жөнелер.

Өзіңнен ғана иманның нұрын сеземін,

Сеніммен тәнім теңелер...




23.Дірілдей соғар домбыра–жанның шанағы,

Құдіретіңнен адам да өзін табады.

Өзіңді ұққан әлемді сүйер адамзат,

Қадіріне жете алады...


24.Өмір-от кейде, жанымда аласапыран,

Демеуші өзің көмекке сені шақырам.

Адамға тапшы сабыр мен төзім,қанағат,

Жетпейтін мәңгі ақыл-мән.


25.Шырылдап келдік, зуылдап өтіп барамыз,

Көрінбес көзге ғаламда тозаң ғанамыз.

Берілген жанның аманат ғана екенін,

Сіңірер қашан санамыз???


26.Сезіндім сені, барлығы сенің арқаңда,

Өзіңе жақын пенделер мәңгі қалқанда.

Күн-түні сенің ұғындым ұлылығыңды,

Шапағатыңнан тіледім тілек әр таңда.


27.Өзіңнен басқа ойлардың бәрі көмескі,

Пенделік пайым, күнделікті күйбің демекші.

Сақтайтын жанды тек өзің ғана екенін,

Түсіне ала ма пенде ең есті?


28.Балшықтан болдық, топырақ содан жақындау,

Жердегі өмір-құдіретіңді танып, мақұлдау.


Айтылған бәрі, түсіне алсақ түбінде,

Жазылған құран қақында-ау.


29.Пенде ғой бәрі келбетке кері ауысар,

Қызықты қуып, бәрінен суып тауысар.

Тәкаппар көңіл пенделік күйге түскенде,

Өзіңді іздеп қауышар...


30.Өзіңнен ғана тіршілік түбі теңескен,

Ұтылар пенде өзіңе қарсы егестен.

Жамандық төзбес өз-өзін бір күн жояды,

Жақсылық жайнап, өзіңмен мәңгі тел өскен.


31.Ерекше таңнан сұлулық сезіп, сыр ұқтым,

Сезініп сені, керемет күйде тынықтым.

Әлемге қамқор шарапатың шалқып тұрғанын,

Ұғынып саған құнықтым.


32.Кеудеме нұр боп беймәлім шуақ төгілген,

Жанымнан жыр боп төгілмес сірә тегіннен.

Бұлбұлдар сайрап, дүние жайнап тұрғанда,

Күн болып күлдің көгімнен.


33.Санама құйдың саналы ойды сарқылмас,

Адамда арман, таусылмас уайым, жан тынбас.

Сезінген сені әлемге қорған бола алар,

Пенделер бар ғой басынан пайда артылмас.


34.Обалды әркез ойлансам сенің барлығың,

Сауапты жасау-шығарған сенің жарлығың.

Борышты сезу-өзіңнен ескен үйлесім,

Құдайдан қорқу-таңғы ұғым.


35.Не деген әсем, әлемді сұлу жаратқан,

Жан берген жанға дегендей әркез талаптан.

Ақ жүзін жарық иманын берік ете гөр,

Шығармай адам санаттан.


36.Өз-өзін таппай адасқан жандар саны аз ба?

Тағдырды жасар өзіңсің салар таразға.

Мұсылманшылық-мойын ұсыну, тең ұстау,

Сабырлы болу тағдырдай ыстық, аязда.


37.Не жетсін шіркін үндесіп өмір сүргенге?

Үйлесім табар көңіл де нәзік гүлден де.

Тек сенің арқаң, сөйледім сенің атыңнан,

Әйтпесе қайдан тіл менде?


38.Парасат пайым, сезетін сезім көз бердің,

Саналы етіп, ұғынысатын сөз бердің.

Ғарышқа самғап, ғылымды қармап жеткенде,

Пенделік пиғыл өзгердің...


39.Дұрыс жол іздер құдіретіңнен қорыққан,

Өзіңнен пана табады түрлі торыққан.

Тек сенен әмір, ажалсыз пенде оралар,

Қатерлі соғыс жорықтан.


40.Сезінбей сені пенденің күні қараңғы,

Өзіңмен ғана жаза алдым жанда жарамды.

Тоба еттім АЛЛА жаныма жарық бере гөр,

Түйсік бер тағы ажыратар адал арамды.


41.Ынтымақ-бірлік ұғымы сенен таралған,

Сыйластық әркез кетпейді сіңген санамнан.

Үлкенді қалай қадірлей алсаң күте бер,

Ендігі құрмет кішіден, бала шағаңнан.


42.Ғажап қой өмір, берекесі кірсе үйімнің,

Шешуі сенде мағына, мәннің, түйіннің.

Сезіндім сені, өзіңе шексіз алғысым,

Бастауы сенде әлемде көрген сыйымның.


43.Жебеуші өзің жарылқаушым болып танылдың,

Жұлдыздай ағар, жас болып тамар ағынмын.

Жердегі күйбің әйтеуір бір күн таусылар,

Жанымның жұмбақ ақырын ойлап, табындым.


44.Құдіретті ұғым өзіңнен сана ашылған,

Оқыған ұғар жырларым жойқын жасыннан.

Ақырзаман боп адамзат құрып кетпеуге,

Бұл да бір қадым, өзіңе өрнек асылдан.


45.Күй толы кеудем, гүлденді көңіл көктемі,

Үмітін артар диханның шықса еккені.

Сәбидей көркем әлемге қамқор бола гөр,

Алсаң да АЛЛА тек мені.


46.Шырылдап жаным құштар боп өмір сүруге,

Сая боп санам ынтызар бәрін білуге.

Абырой берші арымды асқақ ардақтап,

Адам боп әркез жүруге.


47.Қуаныш көрсем өзіңнен екен, соны ұқтым,

Жақсылық тілей жақсы жандарға жолықтым.

Өмірге ғашық сезімім саған бастады,

«Бастауы сен»-деп қорыттым.


48.Арманым алыс, қиялым қашық тілекте,

Өзіңді сезер көңіл де алаң дір етпе.

Баянсыз болса жарысып жалған өтер-ау,

Өзіңсің мәңгі жүректе!


49.Тоба еттім АЛЛА қанағат пенен тойым бер,

Нысапсыз пенде ең соңғы қалған қойын жер.

Жақсылық тілеп, әлемге қамқор бола алар,

Өзіңді ұққан зейінді ер.


50.Нәпсіні тыйу-өзіңнен келген жарлық үн,

Көздері тоймас пенделер білер бар мінін.

Бір сөзден таймас іріден ұрпақ майда боп,

Көтере алмауда ар жүгін.


51.Пенде боп тұрып адамдар биік талғамда,

Тәкаппар көңіл толмайтын күйік арманда.

Өзіңді сүйіп жақсылықтарға жетсінші,

Өткінші мынау жалғанда.


52.Жыр еттім сені, әлемге маржан шашқандай,

Баянды болмас барлық іс сенен басталмай.

Сезіндім сені санаммен, ынтық жүрекпен,

Қыран боп тұрып, жанардан тағы жас тамбай.


53.Тоқтамас өмір, жақсылық үшін күресің,

Иманға бастар тамшыдай жырым үлесім.

Саналы жанда бір АЛЛА тұрар жүректе,

Сеніммен өмір сүресің.


54.Ертеңге деген үмітпен тағы таң атты,

Гүлдентті сәуле тіршілік атты алапты.

Абырой берші жаныма жарық жаратқан,

Адастырмашы адамдық сәби санатты.


55.Сөнбестей мәңгі жанымның жарық сәулесі,

АЛЛАҒА ауып пенденің кіргей жерде есі.

Өзіңе өшпес өзгеше өрнек өрілді,

Табынған күйдің термесі.


56.Тіршілік-түйткіл, өмір де мынау қас қағым,

Тартылыс күш те өзіңде, ұлы асқақ үн.

Тамшыдай жырым тәубеге елді келтірсе,

Құдіретіңді келді растағым.


57.Өзіңмен үндес жақсылықтарға кезігу,

Бақыт та, бақ та, тірілу, қайта көз ілу.

Керемет етіп жараттың барша әлемді,

Ғанибет қандай өмірді сенімен сезіну.


58.Сезіндім сені алыстап менен кетпеші,

Ерте ме, кеш пе ұғындым сені, сөкпеші.

Өзіңмен ғана иманға ұйып, тәубе етсем,

Жанымның нұрлы Меккесі...


59.Адамдар ұқсас бұрала өскен қайыңға,

Шаттанып күлер, тағдырмен жүдер уайымда.

Бүгінгі күннің қонағы болған пенделер,

Ертеңгі күнге дайын ба???


60.Армандар шексіз, ал өмір қысқа, шектеулі,

Бұйырдың АЛЛА иманға ерте беттеуді.

Білмейді-ау пенде ғұмыры бейне арғымақ,

Дайын тұрғанын ерттеулі.


61.Адам боп келіп, пенде боп итше таластық,

Бал болып келіп, малдан да кейде ары астық.

Тобаға келу, тазалық АЛЛА өзіңнен,

Иманға ұю-үндестік, мәңгі жарастық!!!


62.Адам боп жансақ өзіңнен АЛЛА ұшқыны,

Мәңгілік сенсің адамгершіліктің ұстыны.

Алыпты тозаң, мөлдірді қатты еттің сен,

Орнына қойдың күштіні...


63.Құдірет сенде, ұлылық саған жарасқан,

Жете алмай саған тіршілік ғұмыр таласқан.

Тек сенің арқаң шетсіз де шексіз дүние,

Бас иіп сенімен санасқан!!!


64.Ешнәрсе тағы ескерілмей қалмас тасаңда,

Адамзат жырдан жылынса сыйым осы АЛЛА.

Өзіңе деген сеніммен иман ұлғаяр,

Тіршілік жайнар қашан да!!!



Төкеев Бертай Есмаханұлы.

27.04.2010жыл.
Шұбар (поэма)

Шұбар елі құпиялы сыр бүккен,

Тым ертеден басталады бұл атау.

Сыр бүгеді әрбір өлке, жыра, тау,

Қанша ғасыр өтіп жеткен бұл аңыз?!

Мағыналы іс қалады тірліктен,

Бәрін көріп тұр ғой анау Алатау,

Қарт шежіре құлазиды Қаратау,

«Шұбар» деген не білдірер, тыңдаңыз...
Осы маңда тылсым дүние табиғат,

Жер жәннаты дерсіз керім үйлескен.

Сұлулықпен ғажап әлем үндескен.

Жыңғыл, жиде, қамысымен ну орман.

Ол бір кезең тым иманды жамағат,

Адал бейнет еңбекпенен күн кешкен,

Адам бауыр бір – бірімен бірлескен,

Жұмақ жерге тең келетін жылы ордам.


Баяғыдан аңыз жеткен өткеннен,

Арыс өзен сыр шерткендей бұралып,

Мөлдіреген табиғаты құралып,

Құпиясын ішке бүгіп тартады.

Ну орманы жайнай түсер көктеммен,

Әсемдік-ай, ынтықтырар сұранып,

Сұлулық-ай сұқтандырар жыр алып!

Табиғатта сағынышың артады...


Бұзылмаған табиғат, адамзат та,

Ертедегі ол кезең ертегі еді.

Жаны таза адамзат көркем еді,

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар.

Бейбіт халық ертеңді бағамдап та,

Ынтымақ пен бірлік сыр шертер еді,

Болашақты ойлайтын өркен еді,

Ешнәрсе де қалмайтын ұмыт қалар.


Балбыраған мамыражай сол елді,

Қырсық шалған мал мен жаннан айырып.

Бала шошып, мал бағуға қайырып,

Сұмдық дауыс қорқынышпен оятқан.

Жауға қарсы жиналғандай қол енді,

Мал өрістен аман қайтпас жайылып.

Осы елдің батыры өжет, байы нық,

Зор уайымға салып қойды Жаратқан...


Ауыл аймақ жиналыпты бас қосып,

Құрып кетпеу жағын ойлап қамданып.

Жас жігіттер жалын атып жанданып,

Бес қаруын сайланыпты бармаққа.

Үлкендердің сөзін бөлмей тек тосып,

Батырларға арулар жүр таңданып.

Ал серілер одан сайын паңданып,

Күшке еніпті сенім артып әруаққа.


Жиналыпты өңшең палуан бура сан,

Алпауыт төс, бұқа мойын, нар тұлға.

Жаралғандай тау көтеріп артуға

Қаһарынан жау қашатын тәрізді.

Әңгімелеп ерліктерін орасан,

Сезбейтіндей не тұрғанын артында,

Аңғалдықтың айыпты ұқпас шартында,

Жер тепкілер іздегендей әр ізді.


Бірі шықты дауысы көкте жаңғырып:

«Тек көрінсін тіке шауып барармын,

Дәу мышықты тік көтеріп қалармын,

Бір қолыммен қылқындырып мыжымай,

Жүн терісін қолмен сылып алармын,

Жын перісін өзім ғана қағармын

Қарға құзғын жемтік етер құжынай...»
Енді бірі қарқ – қарқ күліп шықты да,

Сөйлеп кетті ешкімге де тоқтамай:

«Мұндай ерлік біздер үшін бақ талай,

Шұбар ала мышық шықса алдымнан,

Мен өзімді санап жүрем мықтыға,

Оралмаспын ел сенімін ақтамай.

Құйрығынан ұстап, жерде таптамай,

Айнымаспын ержүректік қалпымнан»


Сол ортада Боздақ тұрған байсалды,

Тектілігі өн бойына өң беріп.

Қайсарлықпен қаншама өнер меңгеріп,

Сабырлылық жас өренге жарасқан!

Жастайынан бағындырған қанша аңды,

Өз аңшы, мергендікті жөн көріп,

Еңбектенген, бос жүрмеген сенделіп,

Жүйрік мініп мәртебесі тағы асқан.


Қыран ұстап, абыройы асқақтап,

Елін, жерін сүйіп өскен ұлан-ды,

Қанмен келген қасиеті құралды.

Қарапайым қалпын сақтап қастерлі.

Жүрек жұтқан өзі ерлікке сұранды.

Ақылды жас өз міндетін ұға алды.

Сымбатты жан қыр сырымен әсерлі!
Бата берді ауыл биі қария,

Бүкіл қауым қолын жайды тізерлей.

Оңға баспас әрбір ісің түзелмей.

Жауынмен жер, батамен ер көгерер!

Ел ұйыған, ерге бата дария,

Тұлпарлар тұр қыл арқанын үзердей,

Ұзақ бата жақсылықты тізердей,

Жұрт сенімі: «Шұбар аңды өңгерер»


Қия алмастық ел ішінде басталды,

Кім перзентін қиындыққа қияды?

Аналар-ай, қалай жасын тияды?

Қас батырлар жолға шықты қамданып.

Ал жеңгейлер: «Жасаймыз» -деп Бастаңғы,

Абысын мен ажындарды жияды.

Көңіл сыйса бәрі дағы сияды!

Ұлы іске балалар жүр таңданып.


Боздақты да туған туыс қия алмай,

Қарындасы ерік беріп жасына.

Қол бұлғаумен шықты қырдың басына.

Тым алыста ерлер ұзап барады.

Өксік шығып көкірекке сия алмай,

Самал соғып желбірейді шашы да.

Қайран бауыр, қан туыстық осы да,

Ағасына мейірлене қарады.


Сағым дала елестетер әрнені,

Өңшең батыр ну қамысқа беттеді.

Құрдасына әзіл айтар шеттегі.

Табиғат та тамылжиды табынтып.

Жалын жастар басып жүрек пернені,

Махаббатқа соқпай тағы өтпеді,

Сыр айтылды, сұлу құшып өпкені,

Қайран жастық өтесің-ау сағынтып.


Жан шошырлық, сұмдық дауыс естілді,

Есеңгіреп батырсымақ тосылып,

Енді бірі безіп барад шошынып,

Қаруларын тастап көбі қашты да.

Елестетер сұм жалмауыз міскінді,

Батыр деген қарамайды жосылып,

Қоян жүрек озып барад қосылып,

Мақтаншақтың ұят пердесін ашты да.


Боздақ сонда намыс отқа оранып,

Достары үшін күйіп жанып барады.

Қыл арқанды сол білекке орады.

Қайраттанып қанжар алды қолына,

Нағыз ер ғой, елі үшін жаралып,

Күйіп отқа , жері үшін тоңады!

Қаһарланып төңіректі шолады,

Ешкім қарсы тұра алмас жолына!


Ырылдаған дауыс жаққа беттеді,

Нән жолбарыс атылды да аспанда.

Сол білекке тіс қадалды тосқанда.

Оң қолымен қанжар сұқты жүрекке!

Қыл арқаннан тісі етке жетпеді,

Құйды нөсер шұбар қанын шашқанда.

Құлап түсті тамақ астын осқанда

Қайран Боздақ «Ел»-деп жеткен тілекке!


Жолбарыстың терісін сылып, шаттанып,

Оралыпты абыройы асқақтап.

Еңбектенген адал жүріп, ас таппақ!

Ерге лайық қасиетімен өтіпті!

«Шұбар» деген ауыл содан сақталып,

Жер шұрайы, мекен тұрақ, асқақ бақ!

Боздақ барда ел көрмеген жасқақтап,

Аңыз болып бабалардан жетіпті!


Елің үшін шырылдайсың жанасың!

Топырағын сүйгеніңнің белгісі!

Қорғау үшін туылады ер кісі!
Туған жерге мәңгі өтелмес қарызың!

Хан болсаң да ел үшін бір баласың,

Туған жерде бар бақыты тең кісі!

Бірлік пенен ынтымақта ел күші!

Еселенер елге деген парызың!
Адамдықта асқан бақыт, құдірет!

Сыйласуда өмір шіркін түрленер!

Еңбекпенен бүкіл әлем гүлденер!

Өзіңді өзің тану оған баспалдақ!

Жақсылықтан игі істер мен жылы леп,

Өсер ұрпақ имандылық түрге енер!

Барлық игі жақсылық пен жүлделер,

Елді, жерді сүюіңмен басталмақ!!!



30.11-02.12.2011жыл.

Ата қыран өсиеті (Поэма)
Қыран бүркіт қар жамылып қабағы ,

Саңқылдайтын қырылдайды тамағы.

Кәріліктің кездігіне кезігіп,

Қиылардай қасиеттің дарағы.


Шыңнан аңсап көз тоймайтын даланы,

Қарулы еді іле кетер дараны.

Қайран жастық қыр астында қалғандай,

Дауыл соғып дірілдейді балағы.


Жалт қарайды,бойын тіктеп,от жанар,

Аш болса да өзін паң қып тоқ санар.

Қартаюды айып көріп қарт қыран,

Қайран намыс жүрегіне шоқ салар.


Ата қыран туыстарын жинады ,

Жартас шыңға жақындары сыймады.

Жасаурайды жанарларда жылы жас,

Қимастық-ай қиындатты,қинады.


Біреуінде: «Биіктеткен белес бар»,

Екіншіде: «Еркін еткен елес бар».

Арттағылар : «Ардақ тұтқан аялап»,

Кішілерде: «Кішіпейіл кеңес бар».


Қия шолып,қосылып тұр қастары,

Алқа жиын Алатаудың асқары .

Көз тігеді қалт жібермей қырандар,

Беймәлімдеу кездесудің астары.


Бақыт көріп бұл кейіпті бастағы,

Көсем-қыран жайлы отыр,тас-тағы.

Ажал алды ажарланған, айбарлы,

Қанат қомдап,қайсар сөзін бастады:


-Мен қыранмын, қаным таза тектімін,

Дұшпанымнан қайтардым да кекті мың.

Биіктікті бағаладым биік боп,

Бар әлемге жетті үнім.


Мен бүркітпін,жалын-жүрек ,жаны әділ,

Кеудесі-күй,көкірегі жаңа гүл.

Күн нұрынан жаралғансың ұрпағым,

Ұлылықты сақтап мәңгі қала біл.


Суық сында,биік шыңда шыңдалдым,

Сұлулыққа заңғар таудан шын қандым.

Сері көңіл,сараланған семсермін,

Бірі емеспін мыңдардың.

Ірі болдым, майдаларға жаным қас,

Жоламадым сасықтарға тәні лас.

Топқа қоссаң тышқан інге қашады,

Дарындылық дарымас.

Ескертемін,майдаланып барасың ,

Қорқақтанып ,қобалжиды қарасың.

Жағымпаздық түптеріңе жетеді,

Біреу келсе естеріңнен танасың.


Жараладың, жақыныңды жат қылдың,

Тұлпар атап, есегіңді ат қылдың.

Кім бай болса, жетегінде кетесің,

Құлы болар күнің туды тақ, пұлдың.


Ей, адамзат, естисің бе, қыранмын,

Биік болып жүруіңді сұрандым.

Көк бөрінің ұлуынан ояншы,

Тектілігін тұмар етші Тұранның


Болашақты болжап сірә, ұғар кім?

Полат едім майыспайтын, сынармын.

Жер- байлығың сатылуға аз-ақ тұр,

Мұны көріп қалай ғана шыдармын.


Кеңпейілсің, шекаралар ашылды,

Пайдалысы, зияндысы тасылды.

Ақкөңілмен апатты аймақ атансаң,

Тек өкінбе құрғата алмай жасыңды .


Бұлттардың арасында самғадым,

Бақыт жолға жасалынды бар қадым.

Қайраттандым, қатты болдым,қайтпадым,

Өмірімді өз еліме арнадым.


Жекпе-жекте ылғи мерей үстем боп,

Батырлықта биіктерден түскем жоқ.

Көк бөрінің көрінбейді тұқымы,

Күйдіреді-ай іштегі от.


Үмітімнің сөнгендей ме алауы ?

Көсем едім ,қайда көңіл қалауы?

Ағалардан іні бұрын сөйледі,

Желбірей ме жалмауыздың жалауы?

Қарауылға алып тұрмын қартыңды,

Өсиет жоқ ,өнеге жоқ тартымды.

Туралық жоқ,тұлпарлардың тұяғы,

Жүйрік деген желмей жатып алқынды.


Ұмытпағын, жүректе ұста антыңды,

Бауыр неге бір-біріне салқын-ды.

Қолда барда қадіріне жеткейсің,

Алалама алтынды.


Өмір жалған, бәрі өтпелі, дегенмен,

Тұнжырама түбін ойла тереңнен.

Ажал айқын,ар намысты ойлаған,

Тәңірімнің шуағына бөленген.


Өкінбей жүр өмірде бол өлермен,

Таңбалы тас не айтады көнерген.

Имандылық туың болсын желбірер,

Өрге өрлегін өнермен.


Бірлік болсын барлық істің бастауы,

Күндеу, талас-тіршіліктің қас жауы.

Өмір сүру,шіркін,қандай ғанибет,

Сыйласатын халқы- қамал, дос-тауы.


Өмір сүрдім,өкінбеймін, өлем мен,

Өсиетімді орындарсың сенем мен.

Естімесең «Көк бөрінің»ұлуын,

Түстеріңе әруақ болып енем мен.


Саңқ етті де, қыран бірден нықталды,

Жан күйзелген, жанарларда шық қалды.

Ең соңғы рет қадап көзін қиянға,

Таңғажайып табиғатқа сұқтанды.


Қайта келмес бұл мезетті ұққан-ды,

Серт семсерін санасына сұққан-ды.

Жалғандықтың жамай алмай жамауын,

Жан дүниесі жарылуға шыққан-ды.


Қырандардың құпиясы құлыпта,

Оларға жат салғырт,сылтау,сынық та.

Көсемдігін көрсетуге көзбенен,

Ата қыран ұшып шықты бұлтқа.

Бұл ерліктің беймәлімдеу астары,

Бәлкім осы –ар,намыстың асқары.

Күйініштен күйіп кетіп,күйзеліп,

Мүмкін қыран өзін-өзі тастады.


Қырандарға тән ғой қызуқандылық,

Тек соларда еркіндік те, сан ғұрып.

Ата қыран өсиеті жаңғырып,

Жүректерде сақталады мәңгілік :


-Мен қыранмын, қаным таза тектімін,

Дұшпанымнан қайтардым да кекті мың.

Биіктікті бағаладым биік боп,

Бар әлемге жетті үнім.


Мен бүркітпін, жалын-жүрек, жаны әділ,

Кеудесі-күй,көкірегі жаңа гүл.

Күн нұрынан жаралғансың ұрпағым,

Ұлылықты сақтап мәңгі қала біл.


Ей, адамзат, естисің бе, қыранмын,

Биік болып жүруіңді сұрандым.

Көк бөрінің ұлуынан ояншы,

Тектілігін тұмар етші Тұранның


Ей, адамзат, естисің бе? Қыранмын...


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет