71. 1917 жылғы Ақпан революциясы. Алаш қозғалысының және «Алашорда» үкіметінің құрылу тарихы.
Алаш партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық – демократиялық партиясы (1917-20). Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысқа сай партия құру әрекетін 1-орыс революция жылдарында (1905-07) қолға алды. 1905 жылы соңына қарай Орал қаласында өткен қазақ облыстары өкілдерінің сиезі «Қазақ конституциялық демократиялық партиясын құру туралы» шешім қабылдады. 9 адамнан тұрған оның ОК мен бағдарламасы жөніндегі хабар «Фикер» (Пікір) газетінде жарияланды (1905, 25-желтоқсан). Орталық езгіге қарсы жалпыұлттық бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған қажетті алғышарттар қалыптаса қоймаған болатын. Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 жылы тағы да бой көрсетті. М. Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегінде топтасқан зиялылар ең өзекті мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдамаларға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Бірақ қазақ даласында орнаған қатаң әскери-орталық тәртіппен есептесуге мәжбүр болған Ә. Бөкейханов мұндай әрекеттерге көшуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ сиезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібінде «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынды. 1917 жылғы 21-26-шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын кұру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдында саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шураи исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізгі демократиялық, федеративтік парламенттік республикаға кұрылмақ …», Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді. «Қазақ» газеті (1017, N244) бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидиттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ басқармасынан барлық облыстардағы қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою туралы жеделхаттар жіберілді. Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылы қазан айынан қалыптаса бастады. Алаш жарияланған бағдарламасында Ресейдің демократиялық, федеративтік республика болғандығын жақтады. Бағдарлама бойынша шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялы негізде тұтас Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеуметтік катынаста феодалдық аристократияны шектеу, таптық жіктелу мәселесі қойылған жоқ, керісінше жалпыұлттық мүдде ұлттық тұтастық бағытында тұрды. Бағдарламадағы ең негізгі мәселе – жер мәселесі болды. Алаш партиясының 1917 ж. күрделі үш мәселені халық арасында, казақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпы ұлттык зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелар бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында («Қазақ», 1917, № 251) берілді. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен ІІ-жалпықазақ сиезін (1917, желтоқсан) даярлап өткізді. Осы сиезде Алашорда – Ұлттық Кеңес үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін Алашорданың мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері Алашорданың атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы кұрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында Алаш ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түре араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қым-киғаш Азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді.
«Алаш» партиясының бағдарламасы – алғаш рет 1917 жылдың қарашасында «Қазақ» газетінде жарияланған бағдарлама. Оны жасаушылар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Е,Ғұмаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев және Е.Бірімжанов. Бағдарлама мынадай тараулардан тұрды: мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі хұқық, дін ісі, билік һәм суд, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі. Бұл бағдарлама өзінің мақсаты мен мазмұны жағынан сол дәуірдегі саяси-қоғамдық қажеттіліктерді толық қанағаттандыра алатын құжат екендігі байқалады. «Алаш» партиясының маңызды әрі басты құжаты, оның демократиялық, гуманистік принциптерге негізделген саяси құрылым екендігін көрсетеді. Бағдарламаның мазмұнынан Семей облыстық қазақ сиезінде көтерілген мәселелер көбірек көрініс тапқаны аңғарылады.
Алашорда – Алаш автономиясының үкіметі (1917 ж. желтоқсан – 1920ж.) Алаш (немесе Ұлт кеңесі) 1917 жылы желтоқсан айының 5-13 күндері Орынборда өткен II жалпықазақ съезінде сайланды. Съездің күн тәртібіндегі он мәселенің ішіндегі ең маңыздылары Алаш автономиясын құру және оның үкіметін сайлау болды.
Орынбор қаласында өткен 2-жалпы қазақ съезінде қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, қаулы кабылданды. Онда: «Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, казанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын … және бұл бүлікшілік біздің казақ-қырғыздың басына келуі мүмкін деп ойлап … съезд бірауыздан қаулы қылады»:
1.Бөкей елі. Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы – қазақ-қырғыз халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық жерлі автономия құруға;
2 қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;
5) қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттар бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады.
Съездің 1917 ж. 12 желтоқсанда қабылдаған шешімінің 6-бабында былай делінген: «Алаш облыстарын (съезде жарияланған Алаш автономиясын ) қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын.
Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады. Осы қаулы күшіне еніп, сол жылдан бастап Алашорда үкіметінің әкімшілік һәм рухани астанасы болып Семей шаһарының сол жағалауы бекітілді. Қазақ зиялыларының көшбасшылары бостандық туын көтерген Алаш қаласында бүгінде солардың көзіндей архитектуралық жәдігерлер жетерлік.
Съезде құрылған Алаш автономиясының үкіметі – Уақытша Алашорда деп аталынды, ал оның негізгі мақсаттарының бірі Қазақстанды Ресей орталығындағы жеңіске жеткен «социалистік» революциядан («бүлікшіліктен) қорғау болды. Съезд шешімінде көрсетілгендей Уақытша Ұлттық Кеңес – Алашорданың құрамына Қазақстанның барлық аймақтарынан 15 адам сайланды: Уәлитхан Танашев (Бөкей Ордасынан), Халел Досмұхамедов (Орал обл.), Айдархан Тұрлыбаев (Ақмола облысы), Халел Ғаббасов (Семей облысы), Мұстафа Шоқай (Сырдария обл), Садық Аманжолов (Жетісу обл) т.б. Алашорда құрамына облыстардан тыс халыққа кеңінен таныс қайраткерлер: Ғалихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақыткерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжанов сайланды. Алашорда құрамына сайланғандар түгелге дерлік жоғары білімді зиялылар еді. Олар Петроградтың, Мәскеудің, Қазанның, Томскінің т.б. қалалардың жоғары оқу орындарын заңгер, экономист, дәрігер, математика, тау-кен және темір жол инженерлері т.б. мамандықтар бойынша бітіргендер. Бұлардың басым көпшілігі өз мамандықтары бойынша қызмет атқарумен қатар ғылыми шаруашылық жұмыс атқарды.
Ал 1917 жылғы қос революция аралығында олар қоғамдық-саяси өмірге белсенді түрде ат салысып, Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруда Ә.Бөкейхановқа сенімді серік болған қайраткерлер еді. Үкімет төрағалығына үш қайраткер – Ә. Бөкейханов, Б. Құлманов және А.Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Ә.Бөкейханов төраға болып сайланды. Алаш автономиясының үкіметі сайланғаннан кейін көп кешікпей Х.Ғаббасов Алашордаға бүкіл «қазақ-қырғыз балалары бағынған үкіметіміз деп сеніп, ант беріп, басқа үкіметті (Кеңес Үкіметін) танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек деп жазды. («Сарыарқа», 1918, 22 қаңтар). Алашорда өз алдында тұрған міндеттерді ойдағыдай атқару үшін Алаш автономиясының «халықтық милиция» атанған қарулы күштерін жасақтауға үлкен мән берді. Милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатан болды. Милицияны құру мақсатын съезд былай деп анықтады: “… осы күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін … ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісуі тиіс…”.
Оған қажетті офицерлер дайындау үшін атаман Дутов басқарған Орынбор қазақ әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалану қажет деп табылды. Алашорданың Дутовпен жақындасуы Алаш жетекшілерінің жағдайын қиындата түсті. Өйткені, Оңтүстік Оралда Әліби Жангелдин ұйымдастырған қызылдар жасағы П. Кобозев пен С. Павлов басқарған қызылгвардия отрядымен бірлесе отырып 1918 жылғы 18 қаңтарда Орынборды басып алды. Қызылжардан ыққан Дутовпен бірге алашордашылар да Орынборды тастап кетуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Алашорда біртұтас қазақ автономясын құрып үлгермей, барлық қазақ жерлеріндегі үкімет бірлігінен айырылып қалды. Үкімет мүшелерінің біразы Семей маңындағы Алаш қаласы атанған елді мекеніне келіп, өздерін Алашорданың шығыс бөлімі деп жариялады. Үкімет мүшелерінің 2 бөлігі Орал облысындағы Жымпиты қаласына келіп, өздерін Алаш үкіметінің батыс бөлімі немес Ойыл уалаяты деп атады. Үкіметтің тағы бір бөлігі Жетісу облысында әрекет етті. Елде азамат соғысы басталған 1918 жылдың жазында Алашорда бастаған күштер және большевиктер мен Кеңес өкметінің соңынан ерген күштер қарама-қарсы жақта қалып, өкімет үшін бір-бірімен ашық күреске шықты. Алашорда Азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алаш үкіметін таратты.
Достарыңызбен бөлісу: |