С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Он төртінші тарау.Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы



бет21/29
Дата09.06.2016
өлшемі1.81 Mb.
#124402
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29

Он төртінші тарау.Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы

қылмыстар. Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы

қылмыстардың жалпы сипаттамасы және белгілері.
Қоғамымызда орын алған күрделі әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістердің нәтижесінде лауазымды адамдардың қылмыстары мемлекеттік органның аппараты жүйесінде немесе коммерциялық және өзге де ұйымдар жүйесінде істелетіні айқындалды. Осыған орай бұрынғы Кодекстегі лауазымдық қылмыстар деген тарау лауазымды адамдардың қызмет бабын пайдалана отырып істейтін қоғамға қауіпті іс-әрекеттерінің мәніне қарай коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы және мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар болып жеке екі тарауға бөлінеді. Мұндай бөлінудің негізгі қылмыстың объектісі мен субъектісі болып табылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың лауазымды адамдардың қылмысты іс-әрекеті сол ұйымдардың бір қалыпты жұмысына кедергі келтіреді және олардың мемлекеттік аппарат қызметіне еш қатысы болмайды. Осы екі органның-мемлекеттік немесе коммерциялық және өзге ұйымдардың лауазымды адамдардың атқаратын функцияларында елеулі өзгерістер бар. Сондықтан да осы тұрғыдағы қылмыстар үшін жауаптылық Кодекстің арнаулы 8-тарауында көзделген. Жалпыға мәлім бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік аппараттың қызметін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе болып табылады. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажетті белгісі болып, ондағы жүріп жатқан процестердің реттеушісі болып табылады. Жаңа Қылмыстық кодексте қызмет борышын адал атқаратындардың мүдделерін қорғайтын көптеген баптар баршылық, сонымен бірге өз қызметтеріне қиянат жасайтындарға заң алдындағы қатаң жауаптылыққа көзделген.
Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қылмыстарды бір тарауға біріктіруге негіз болған мына төмендегідей ортақ белгілері бар:


  1. Бұл тұрғыдағы қылмыстар негізінен арнаулы субъект-мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік органның лауазымды адамдары арқылы жасалады.

  2. Бұл тараудағы қылмыстар қызмет өкілдігін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

  3. Лауазымды адамдардың қылмысты іс-әрекеттері мемлекеттік аппараттың дұрыс, заңды қызметін қызмет мүддесіне қайшы түрде бұзады.

Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қылмыстардың топтық объектісі-мемлекеттік аппараттың дұрыс, бірқалыпты қызметі; қосымша тікелей объектісіне-азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері, қоғамның, мемлекеттің заңды мүдделері жатады. Кейбір қылмыс құрамдарының міндетті белгісі-қылмыс заты болады: материалдық сыйақы (311,312,313-баптар), ресми құжат (314-бап) Объективтік жағынан-мемлекет мүддесіне қарсы қылмыстар материалдық құрам-(ҚК-тің 307, 308, 309, 315, 316-баптары) және формальдық құрам (ҚК-тің 310, 311, 312, 313,314-баптар) болып бөлінеді. Субъективтік жағынан бұл қылмыстар негізінен қасақана кінә нысанымен жасалады, тек қана салақтық (316-бап) абайсыздық түріндегі кінә нысаны арқылы жүзеге асырылады. Осы тараудағы қылмыстардың субъектісі-мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік аппараттың лауазымды адамдары болады. Тек қана Қылмыстық Кодекстің 312, 313-баптарының субъектісі жай адам болады.

Қызметтік өкілетті теріс пайдалу (307-бап)
Қызметтік өкілетті теріс пайдалану қызметтік қылмыстардың неғұрлым кең тараған түрі. Ол көптеген жағдайларда лауазымды адамның қылмыстық әрекетінің бастамасы, басқа ауыр қылмыстар жасаудың тәсілі де болып табылады. Бұл қылмыстың мәні мынада, лауазымды тұлға өзіне берілген қызметтік өкілетті пайдалана отырып, мемлекеттік аппарат жүйесіндегі құқық пен өкілетті зұлымдық жолына қолданады. Оның қауіптілігі сол, лауазымды тұлға өзінің қызметтік өкілетін қызметтік мүддеге қарама-қайшы қылмыстық жолмен пайдалана отырып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтіреді. Мемлекеттік аппараттың қалыпты, заңды қызметіне қол сұғу осы қылмыстың объектісі болып табылады. Осыған байланысты, егер қызметтік өкілетті теріс пайдалануды мемлекеттік органда, жергілікті өзін-өзі басқару органында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасы басқа да әскер құрамдарында және әскери құрамдарда лауазымға ие адамдар жасаған жағдайларда ғана аталған қылмыс және 13-тарауда көзделген өзге де қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік туындайды. Қызметтік өкілетті теріс пайдаланудың объективті жақтарының міндетті белгілері мыналар болып табылады: лауазымды адамның өзінің қызметтік өкілетін пайдалануы; лауазымды адамның қызмет мүдделеріне қайшы келетін белгілі бір іс-әрекет жасауы; егер осы іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, не қоғамдық немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтірсе. Мынандай іс-әрекеттер лауазымды адамның өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалануы деп түсініледі, егер ол іс-әрекет оның қызметтік өкілетінен туындайтын болса және осы лауазымды адам атқарып отырған қызметінің арқасында берілген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға байланысты болса. Лауазымды адамдардың құзыреті тиісті лауазымды адамдардың қызметі жөніндегі құқықтар мен міндеттердің шегін айқындайтын заңдармен, ережелермен, жарғылармен немесе нұсқаулықтармен не болмаса басқа да нормативтік актілермен реттеледі. Лауазымды адамның әрекеті деп лауазымды адам оның атқарып отырған қызмет жағдайының арқасында ғана жасай алатын әрекетін айтуға болады. Әрекетсіздік дегеніміз-лауазымды адамның қызметтік парызы бойынша орындауға міндетті қызметтік міндеттерін орындамауын айтамыз. Қызметтік жағдайын пайдаланумен байланысты емес жасалған әрекет немесе әрекетсіздік қызметтік өкілетті теріс пайдалану ретінде қаралуы мүмкін емес. Лауазымды адамның іс-әрекеті егер ол қызметтік парызын бұзса, яғни лауазымды адам өзінің қызмет жағдайын қызметтік мүддеге қайшы келетіндей пайдаланған жағдайда ғана Қылмыстық Кодекстің 307-бабы бойынша қылмыс ретінде қаралады. Егер іс-әрекет мемлекеттік аппаратқа қойылатын жалпы міндеттер мен талаптарға тұтастай алғанда, сол сияқты жекелеген билік құрылымдары немесе басқару буындары орындайтын міндеттерге объективті түрде қайшы келетін болса, аппараттың белгіленген принциптері мен жұмыс тәртібін, ең алдымен заңдылық принциптерін бұзған болса, қызметтік мүдделерге қарсы жасалған деп танылады.

Қызметтік мүдде деп, сондай-ақ нақты бір мекеменің, кәсіпорынның қалыпты жұмыс барысын, тәртіптің, жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сақтауын түсіну керек. Қызмет мүддесі талаптарының бұзылуы қай уақытта болса да лауазымды адамның іс-әрекетінің заңсыздық сипатымен көрінеді. Егер лауазымды адамның қызметтік өкілетін заңсыз пайдалануының салдарынан заңда көзделген белгілі бір зиянды зардаптар туындаған болса, осындай жағдайда ғана ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қызметтік өкілетті теріс пайдалану, билікті және қызметтік өкілетті шамадан тыс асыру, қызметтегі әрекетсіздік, салақтық Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық кодексінде азаматтардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне немесе қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесін елеулі түрде бұзудан тұрады, яғни 1959 жылғы Қазақ ССР Қылмыстық кодексіндегі зиян шектірудің нұсқалығынан айырмашылығы Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық кодексі-«елеулі түрде бұзу» деген басқұа терминді қолданады. Мүдделерді бұзудың «елеулігі» деген белгі-бірнеше жағдайға байланысты болатын баға беру түріндегі түсінік. Азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға, ең алдымен заңмен қорғалатын объектілерге елеулі түрде материалдық және моральдық зиян келтіру жатқызылуы тиіс. Материалдық зиян мүліктік жеке бастық және ұйымдық зиян болып бөлінеді. Мүліктік зиян қылмыс жасалған сәттегі Республиканың заңдарында белгіленген мөлшеріндегі ақшаға сәйкес айқындалады. Жеке басқа келтірілген зиян егер ол жәбірленушінің денсаулығына жеңіл, орта ауырлықтағы зиян келтірілсе, елеулі түрде деп санауға болады. Ұйымдық зиян кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның жұмысының тоқтап қалуымен, өнім шығарудың тыйылумен, олардың жұмысында кедергілер мен үзілістің болуы және т.б. түсіндіріледі. Сондай-ақ азаматтардың негізгі конституциялық құқықтары мен бостандығының бұзылуы, тиісті органның беделін түсіру, ауыр қылмыстарды жасыру (бүркемелеу) т.б. елеулоі зиян болып табылады. Іс-әрекеттің нақты кәсіпорынның, мекеменің қалыпты жұмысына тигізген теріс әсерінің дәрежесі, келтірген шығынның мөлшері, зардап шегушілердің саны, моральдық, дене және мүліктік зиянның ауырлығы материалдық зиянның өлшемі болып табылады. Мүліктік, жеке бастық және ұйымдық зияндар бағалау сипатында болады, ал моральдық зиянның дәрежесі ақшалай бағалауға келмейді. Азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін жоғарыда келтірілген бұзудың жиынтығы-істің нақты жағдайы бойынша лауазымды адамдардың аталған қылмыс түрлерінің қоғамға қауіпті зардаптарын құрайды. Лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттері мен пайда болған зардаптарының арасында келтірілген себептік байланыс болуы керек. Себептік байланыстың болмауы қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығарады және қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатуға негіз болып табылатындығы түсінікті. Қылмыстық кодекстің 307-бабын қолдану үшін аталған қылмыс құрамының субъективті жағын дәл анықтаудың маңызды мәні бар. Қаралып отырған қылмыс құрамының субъективті тжағы кінәлының қасақана нысанымен сипатталады. Қылмыстық кодекстің 307-бабының мәтінінде осыны тікелей нұқсап көрсетеді. Лауазымды тұлға қызмет мүдделеріне қарсы қасақана әрекет ете отырып, өз қылығының заңсыз екендігін біледі. Сонымен қоса, ол өзінің қызметтік өкілетін өзінің жеке мақсатына қол жеткізу үшін пайдаланғысы келеді, яғни іс-әрекетке, сондай-ақ лауазымды адамның кінәсының зардаптарына қатысты тек қана тікелей, сол сияқты жанама қасақана түрде жасалған болуы да мүмкін. Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық Кодекс бойынша қызметтік өкілдігін теріс пайдалану (307-бап), қызметтегі жалғандық (314-бап), биліктік әрекетсіздік (315-бап) үшін, егер аталған қылмысты адам пайдакүнемдікпен немесе өзге де жеке бас мүддесі үшін жасалған болса ғана жауапкершілік туындауы мүмкін. Осындай жағдайда жоғарыда аталған қызметтік қылмыстардың қылмыстық ниеті жаңа Қылмыстық Кодекс бойынша аталған қылмыстық құрамдардың міндетті элементтері болып табылады. Парақорлықтың да пайдакүнемдік себептен жасалатындығы жалпыға мәлім. Ақшаны, мүлікті, материалдық игіліктерді заңсыз алғысы келу, мемлекеттің немесе өзге бөтен біреудің мүлкін заңсыз алу және оны қайтарымсыз негізде өз меншігіне немесе басқа адамдардың пайдасына айналдыру немесе өзге де мүліктік пайда тапқысы келу не материалдық міндеттемелерді төлеуден босағысы келу-пайдакүнемдік мүдделілік ниетте болады. Өзге де жеке мүдделілік, мүліктік емес сипаттағы, мансапқорлық, пайдакүнемдік, ықпалды қамқорлық көрсету, отбасылық, кек, қызғаныш, көре алмаушылық, нәрсенің шын тұрпатын боямалап көрсету, өзара қызмет көрсету, өзінің атқаратын қызметіне сәйкес еместігін бүркемелеу сияқты себептерді басшылыққа ала отырып пайда табуға ұмтылушылықтан көрінеуі мүмкін. Сонымен, жаңа Қылмыстық кодекс бойынша лауазымдық тұлғаның тарапынан пайдакүнемдік немесе жеке мүдделілік нақты жағдайда айқындалмаса, тіпті оның әрекеті заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келтіргеннің өзіндік де 307, 314, 315-баптар бойынша қызметтік қылмыс құрамын құрамайды. Заңға сәйкес (ҚК-тің 307-бабына ескертпе) қаралып отырған қылмыстың субъектісі, біріншіден, тек қана мемлекеттік қызметші; екіншіден Қылмыстық Кодекстің 307-бабына ескертпеге сәйкес лауазымды тұлға болып табылатын мемлекеттік қызметші ғана болуы мүмкін. Өкімет өкілдерінің функциялары өкіметтің барлық салаларында жүзеге асырылады-заң шығару; республикалық деңгейдегі, сол сияқты жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіндегі атқарушылық және сотта. Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Сенаттың сенаторлары, сондай-ақ мәслихаттардың депутаттары заң шығару өкілеті саласындағы өкімет өкілдері болып табылады. Қазақстан Республикасы үкіметінің мүшелері, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметкерлері; құқық қорғау және бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары, ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның, кеден, салық қызметінің қызметкерлері мен шекарашылар және соған ұқсас тұлғалар. Сот өкілеті саласында барлық деңгейдегі соттардың судьялары өкімет өкілдері болып табылады. Арнайы өкілдік бойынша өкімет өкілінің функциясын жүзеге асырушы тұлғалар-белгілі бір кезеңге заңдық маңызы бар, өкімет өкілдігін жүзеге асыруға тартылған түрлі қоғамдық инспекторлар, ревизорлар, бақылаушылар.Ұйымдық өкілдік міндеттері дегенді ұжымға, жұмыс учаскесіне басқа қызметкерлердің қызметтік және өндірістік қызметтеріне басшылық жасауды, қарамағындағылардың еңбегін ұйымдастыруды, мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде немесе Қазақстан Республикасы өзге де әскери құрылымдарында мемлекеттік тәртіпті қолдауды жүзеге асыру жөнінде адамдарға тікелей басшылық жасаумен байланысты функциялар деп түсінген жөн.Лауазымды тұлғалардың осы санатына мыналар жатқызылады: Министрліктердің, ведомстволардың басшылары, олардың орынбасарлары, мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары. Әкімшілік-шаруашылық міндеттер дегенді-мемлекеттік мүлікке тікелей иелік етумен және басқарумен, оны сақтаумен, материалдық құндылықтарды жөнелтумен, алумен және босатуды ұйымдастырумен және бұларға мемлекеттік органда немесе жергілікті өзін-өзі басқару органында, тиісті мекемелерде және әскери құрылымдарда бақылау жасаумен байланысты функциялар деп түсіну керек. Бұлар қаржылық жабдықтау бөлімдері мен қызметтерінің бастықтары, қоймалардың, мемлекеттік дүкендердің меңгерушілері, құрылымдық бөлімшелердің бөлімдердің, филиалдардың және т.б. басшылары болуы мүмкін. Арнаулы өкілеттік деген штаттық қызмет орнында есептелмейтін адамға белгілі бір ұйымдық-әкімдік реттеу немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттерді не өкімет өкілі функциясын орындау тапсырылған деп түсініледі. Бұл арнаулы құқықтық актімен (бұйрықпен, еңбек келісімімен, сенімхатпен немесе еңбек ұжымының, қоғамдық ұйымның шешімімен) немесе ауызша өкім ету негізінде ресімделуі мүмкін. Мұндай жағдайда өкілеттік белгілі бір уақытқа немесе нақты тапсырманы орындау үшін беріледі. Мемлекеттік органдарда біржақты кәсіби немесе қосалқы техникалық міндеттерді орындайтын мемлекеттік қызметшілер лауазымды тұлға болып табылмайды. Егер лауазымды тұлғаның әрекеті пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделіктен жасалмаған болса немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзбаса, ондай жағдайда мұндай тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, ал оның әрекетінде тәртіптік теріс әрекет құрамының белгілері болса, онда тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Билікті немесе қызметтік өкілетті асыра

пайдалану (308-бап)
Билікті немесе мемлекеттік өкілетті асыра пайдалану қызметтік өкілетті теріс пайдаланудың айрықша түрлерінің бірі болып табылады. Қылмыстың бұл түрінің қызметті теріс пайдалану құрамынан (ҚК-тің 307-бап) айырмашылығы мынанда: қызметті теріс пайдалану кезінде заңсыз әрекет лауазымды тұлғаның әдеттегі қызмет шеңберінде жасалады, ал асыра пайдалануда, керісінше, әрекет құқық пен өкілеттің осы шеңберінен ашықтан-ашық асып кетеді. Талданып отырған қылмыс белгілерін анықтау үшін осы лауазымды тұлғаға берілген өкілеттік көлемін нақты айқындап алу керек. Кінәлы лауазымды тұлға қаралып отырған қылмысты жасай отырып, солардың шегінен асып кететін құқықтар мен өкілеттер заңдармен және мынадай заңдық актілермен айқындалады: қаулылармен, өкімдермен, бұйрықтармен, нұсқаулықтармен, жарлықтармен, нұсқамалармен ж.т.б. Билікті немесе лауазымдық өкілетті шамадан тыс асырудың және өзге қызметтік қылмыстардың да объектісі болып-мемлекеттік аппараттың қалыпты қызметі табылады. Билікті немесе лауазымдық өкілетті шамадан тыс асыру тек қана олардың өздерінің қызметтік міндеттерін жүзеге асырумен байланысты жасалуы мүмкін. Егер кінәлы адамның жасаған іс-әрекеті оның қызметтік өкілеттігімен байланысты болмаса, Қылмыстық Кодекстің 309-бабында көзделген қылмыс құрамы болмайды. Яғни жасалған заңсыз әрекеттер лауазымды тұлғаның құқығы мен өкілетіне толықтай байланыссыз болған жағдайда, бұл әрекеттер тиісті белгілер болған кезде қызметтік болып табылмайтын қылмыс ретінде қаралады. Объективті жағынан алғанда бұл қылмыс міндетті түрде болуы керек деп саналатын 3 белгімен сипатталады: лауазымды тұлғаның оған заңмен берілген құқығы мен өкілетінің шегінен ашықтан-ашық асып кететін іс-әрекеттер жасауы; осы бапта келтірілген заң бұзушылық түріндегі қоғамға қауіпті зардаптар; тұлғаның өкілеттік шегінен асуы мен жасалған зардаптар арасында себептік байланыстың болуы.

КСРО Жоғарғы Сотының 1990 жылғы 30 наурыздағы жоғарыда аталған Пленумының қаулысындағы түсіндірме бойынша лауазымды тұлғаның өкілеттік шегінен ашықтан-ашық шығып кету әрекеттері мыналар болуы мүмкін: аталған ведомствоның жоғары лауазымды тұлғасы ғана жасауға құқы бар әрекеттер (мысалы, университет факультетінің деканы факультеттің қызметкерлерін жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару функцияларын, осы функциялар заң бойынша жоғары оқу орнының ректорына ғана тән бола тұрса да, өзіне иемденеді); -басқа ведомствоның лауазымды тұлғасының құзыретіне кіретін іс-әрекеттер (мысалы, тінтуді жүргізу құқығы анықтама, тергеу, прокуратура және сот органдарына берілген, сондықтан ауыл әкімінің тінту жүргізу туралы өкім беруі билікті асыра пайдалану ретінде бағалануы тиіс); -алқалы органның құзыретіне кіретін іс-әрекеттер (мысалы, заң бойынша мүгедектік туралы анықтаманы тек қана дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы бере алатындығы айқын бола тұра емдеуші дәрігердің осындай анықтаманы өзі беруі); -осы лауазымды тұлғаның құзыретіне кіре тұрса да, бірақ заңда және өзге де нормативтік актіде көрсетілген жағдайлар болғанда ғана жол берілетін іс-әрекеттер (қылмыскер шабуыл жасаған сәтте қару қолдану); -бірде бір лауазымды тұлға немесе орган жасауға құқылы емес іс-әрекеттер (көбінесе, қарамағындағыларға қатысты жәбірленушінің жеке басын кемсітетін күш көрсету). Билікті немесе қызметтік өкілетті қылмыстық асыра пайдалану құрамы болу үшін мемлекеттік не қоғамдық мүдделерге немесе жекелеген азаматтардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу түріндегі және тұлғаның әрекеті мен зардаптардың арасында себептік байланыстар болуы қажет. Билікті немесе қызметтік өкілетті асыра пайдаланудың объективті жақтарының осы міндетті белгілерінің сипаты мен мазмұны қызметті теріс пайдалану кезіндегімен бірдей. Ашықтан-ашық заң бұзушылықтың белгілері жасалған іс-әрекеттердің берілген өкілеттіктердің шегінен асып кеткендігінің айқындығын, сөзсіздігін білдіреді. Заңда көрсетілген зардаптар басталған сәттен бастап қылмыс атап айтқанда азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу аяқталған болып есептеледі.



Тергеу-сот тәжірибесінде бұл зардаптар көбіне дене күшін жұмсау және психикалық зорлық көрсету түрінде көрінеді. Билікті асыра қолдану кезіндегі зорлық дене күшін жұмсау және психикалық болуы мүмкін. Билікті немесе қызметтік өкілетті асыра пайдалану кезінде дене күшін жұмсау жәбірленушінің денесіне зақым келтіру, ұрып-соғу, азаптау, бостандығынан заңсыз айыру түрінде көрінуі мүмкін. Билікті асыра қолдану кезінде психикалық зорлық, дене күшін жұмсаумен қорқыту және денеге жарақат салумен, өліммен қорқыту жәбірленушінің белгілі бір әрекет немесе әрекетсіздікті істеуге және басқадай нысандарды мәжбүрлеп қорқытуы арқылы көрініс табады. Мұндай қорқытулар субъект тарапынан сөзбен, жазбаша, дене қозғалысы, ым көрсету арқылы жүзеге асырылады және де осы қорқытулар жәбірленушінің жеке басына ғана емес, оның туыстары, жақындары жөнінде де болуы мүмкін. Билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдаланудың объективтік жағының қажетті белгісі-лауазымды адамның құқықтары мен өкілеттігі шегінен көрінеу асып кетуі мен одан тікелей туындаған заңда көрсетілген зардаптың біреуінің орын алуының арасындағы себепті байланыстың болуы болып табылады. Талданып отырған қылмыс субъективтік жағынан тек қана қасақаналықпен жасалады. Қылмыстық ниеттің іс-әрекетті саралау үшін ешқандай әсері болмайды. Қылмыстың субъектісі болып өкімет өкілі немесе басқадай лауазымды адамдар танылады. Олардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 307-бабының ескертуінде берілген.
Лауазымды адамның өкілеттігін иемдену (309-бап)
Мемлекет мемлекеттік аппараттың өздерінің қызметтік өкілетін теріс пайдаланылатын лауазымды тұлғаларымен қалай күрессе, лауазымды тұлғаның атағын өз бетінше иемденуге тырысатын өзге қызметкерлермен де солай күреседі. Шындығында осындай әрекеттер мемлекеттік аппараттың қалыпты дұрыс жұмысын бұзады және сонымен азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің мүддесіне елеулі түрде зиян келтіреді. Мемлекеттік аппараттың жекелеген буындарының қалыпты дұрыс қызметі түсіндіріліп отырған құрамның объектісі болып табылады. Аталған құрамның объективтік жағы лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші өздігінен, алдау жолымен лауазымды тұлғаның өкілетін иемденеді және оны азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзатын қоғамға қауіптиі әрекеттер жасау үшін пайдаланады. Қылмыс белсенді әрекеттер жолымен жасалады. Қылмыс жасаушы кінәлы адам мемлекеттік қызметші-өзін белгілі бір лауазымды тұлға ретінде көрсетеді және іс жүзінде әлгі тұлғаның өкілетін заңсыз орындайды. Лауазымды тұлғаны иемдену нысандары заңда көрсетілмеген, бірақ олар барынша әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы: қатардағы қызметкер-аудандық әкімнің референті келушілерді қабылдайды да солардың арыздары бойынша шешім қабылдайды; қандай да болмасын құжаттарға өз бастығының атынан қол қояды немесе қатардағы полиция өзін аудандық ішкі істер басқармасының жедел қызметінің қызметкері ретінде таныстырады және азаматтарды тұтқынға алу қаупін төндіріп, өзіне керекті заттарды алады және т.б. Кінәлы адам лауазымды тұлғаның өкілетін заңсыз әрекеттер жасау мақсатымен иемденеді, соның нәтижесінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтіріледі, яғни осы қылмыс құрамының кінәлының қоғамға қауіпті әрекеттерінен басқа объективті жағының міндетті белгілері-азаматтардың немесе ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу түріндегі қоғамға қауіпті зардаптарының орын алуы болып табылады. Осындай заң бұзушылықтың мазмұны мен нысаны қызметтік өкілетті теріс пайдалану құрамына талдау жасаған кезде ашылды (ҚК-тің 307-бабына түсіндірмені қараңыз). Талданып отырған құрам өзінің құрылымы бойынша материалдық құрамға жатқызылатындықтан, осы құрамның объективтік жағының тағы бір міндетті белгісі болып-кінәлының заңсыз әрекеттері мен орын алған зардаптар арасындағы себептік байланыстың болуы болып табылады. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері елеулі түрде бұзылған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп есептеледі. Лауазымды тұлғаның өкілетін иемденудің субъективтік жағы тікелей қаса қаналықпен жүзеге асырылады. Қаралып отырған қылмыс субъектісі лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші болады. Егер осындай әрекеттерді мемлекеттік қызметші болып табылмайтын басқа жат тұлғалар жасаған болса, онда олар бұл бап бойынша жауапкершілік атқармайды, бірақ олардың әрекеті істің нақты жағдайына байланысты Қылмыстық Кодектің басқа баптары бойынша саралану мүмкін, мысалы: тұрғын-жайдың қол сұғылмаушылығын бұзу, денеге жарақат салу, пара беруге мәжбүр ету, қорқытып талап етушілік немесе алаяқтық және т.б. Осы қылмыс қызметтік өкілетті теріс пайдалану құрамынан мынандай адамдар бойынша ажыратылады. Қылмыстық кодекстің 307-бабындағы қылмыстың субъектісі тек қана лауазымды тұлға, ал иемдену субъектісі (ҚК-тің 309-бабы)-заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлға болып табылмайтын мелекеттік қызметші.
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу (310-бап)
Кәсіпкерлік қызметтің саласында, егер оған заңмен тыйым салынбаған болса, шектеу қойылмайды. Түсіндіріліп отырған қылмыстың объективті жағы-субъектінің әрекеті осы ұйымға жеңілдік және артықшылық берумен немесе оған басқа нысанда қамқоршы болумен байланысты жағдайда, не лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен айналысатын ұйым құруымен, не соған қатысты тыйым салынғандығына қарамастан осындай ұйымды басқаруға қатысуымен түйінделеді. Кінәлы лауазымды тұлға өзінің атқарып отырған қызметтік өкілеттігінің арқасында оны өз мүддесіне теріс пайдалана отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын ұйым құрады, не осындай ұйымға өзі немесе өз адамы арқылы басшылық етуге қатысады. Әрекеттің қайсы нысаны болмасын, кінәлы адамның оған заңмен берілген лауазымдық өкілетті пайдалануы арқылы жасалады. Осы қылмыс үшін қылмыстық жауапкершіліктің қажетті шарты болып кінәлы адамның іс-әрекетінің ұйымды құру немесе оны басқаруға қатысу (осы кәсіпкерлік ұйымға жеңілдіктер мен артықшылықтар берумен), мысалы, салықтық, сараптамалық, кезектен тыс тіркеу және құжат беру, тауарларды, шикізаттарды немесе өзге де материалдарды кезектен тыс алу, аукциондарға қатысу (немесе өзге де қамқорлықтар жасаумен), тексерулерден, ревизиядан босату, олардың қызметі үшін, қолайлы жағдайлар жасау және т.б.) арадағы тікелей байланыстар болып табылады. Заңда белгіленген шектеулерді бұзған мемлекеттік қызметшінің барлық өзге де іс-әрекеттері тәртіптік теріс қылықтар ретінде бағалануы мүмкін. Осы құрамның ауырлататын түріне-мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының лицензия беру жөніндегі өкілеттіктерді мемлекеттік емес ұйымдарға, соның ішінде қоғамдық бірлестіктерге беруге әкеп соқтырған әрекеттер жасағаны жатады. Бұл құрам формальдық санатқа жатқызылады, сол себепті 310-бапта көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Түсіндіріліп отырған қылмыстың субъективтік жағы тек тікелей қасақаналықпенн ғана сипатталады. Қылмыстың осы құрамының субъектісі қызмет жағдайы бойынша Қылмыстық Кодекстің 310-бабында (1,2 тармақтарда: көзделген әрекеттерді (лауазымды тұлға туралы түсінікті ҚК-тің 307-бабына түсіндірмеден қараңыз) жасауға мүмкіндігі бар лауазымды тұлғалар болуы мүмкін.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет