С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Құрамында есірткі заттар бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру (262-бап)



бет17/29
Дата09.06.2016
өлшемі1.81 Mb.
#124402
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29

Құрамында есірткі заттар бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру (262-бап)
Қылмыстың заты болып құрамында есірткі заттар бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктер саналады. Бұлар: апиын, индиялық, оңтүстік-манчжурия, оңтүстік-Шу, оңтүстік-архон сорасы, кокаин бұтасы, кат, ҚР өсетін, бірақ өсіру үшін тыйым салынған немесе ол үшін арнаулы рұқсатты қажет ететін өсімдіктер: ұйықтататын көкнәр түріндегі өсімдік, сора тұқымдас өсімдік. Қылмыстың объективтік жағы өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу немесе өсіру немесе сораны, көкнәрдің немесе құрамында есірткі заттар бар басқа да өсімдіктер сорттарын өсіру арқылы сипатталады. Егу немесе өсірудің әрқайсысы жеке қылмысты іс-әрекет болып табылады. Егу дегеніміз- құрамында есірткі заттар бар өсімдіктердің тұқымын, көшеттерін кез келген жер учаскесіне (оның ішінде тақыр жерге де) отырғызу болып табылады. Өсіру дегеніміз- құрамында есірткі заттар бар өсімдіктерді күту (суару, арам шөбін тазалау, қатарын жұмсарту) арқылы оны пісіп-жетілу деңгейіне жеткізу болып табылады. Сораны, көкнәрді немесе құрамында есірткі заттар бар басқа да өсімдіктерді өсіру деп- соларды себуді және көбейтуді айтамыз. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Ол заң өсіруге тыйым салған құрамында есірткі заттар бар өсімдіктерді егу немесе өсіру әрекеттерінің біреуін істеген уақыттан бастап-ақ аяқталған деп табылады. Осындай өсімдіктердің тұқымын жинау есірткі заттарды дайындауға оқталғандық деп бағаланады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмысты саралау үшін тыйым салынған құрамында есірткі заттар бар өсімдіктерді өсіру мақсатының әсері болмайды. Егер кінәлы адам өсірілген өсімдіктерден есірткілік заттарды дайындаса, сақтаса, тасымалдаса, жөнелтсе немесе өткізсе, онда іс-әрекет қылмыстардың жиынтығы Қылмыстық Кодекстің 259, 262-баптары бойынша сараланады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.
Улы заттардың, сондай-ақ есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін немесе улы заттарды дайындауға немесе ұқсатуға пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы (263-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-адамдардың денсаулығы. Қылмыстың затына заң улы заттарды, есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды дайындау немесе ұқсату үшін пайдаланылатын зат, аспаптарды немесе жабдықтарды жатқызады. Есірткі заттар немесе жүйкеге әсер ететін заттар болып табылмайтын улы заттарды не оларды дайындауға немесе ұқсатуға арналған құрал-саймандарды немесе жабдықтарды өткізу мақсатымен заңсыз дайындау, ұқсату, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту, сол сияқты заңсыз өткізгені үшін жауаптылық көзделген. Улы заттардың тізбегі арнаулы нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген. Осы улы заттарды дайындауда, ұқсатуға қажетті құрал-саймандарды немесе жабдықтарды өткізу мақсатымен дайындау, ұқсату, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту, заңсыз өткізу осы қылмыстың объективтік жағынан белгілерін түзеді. Дайындау, ұқсату, тасымалдау, жөнелту сақтаудың, өткізудің түсініктеріне Қылмыстық Кодекстің 259-бабында толық тоқталып өткенбіз.

Есірткі заттарға немесе жүйкеге әсер ететін заттарға-химиялық құрылымдары мен қажеттері бар, құрылымы мен қасиеттері жағынан еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін, 1,2,3 кестелерге енгізілген заттарға ұқсас, оларды шектен тыс пайдаланған кезде халықтың денсаулығы үшін қауіпті Үкімет қаулыларымен, БҰҰ-ның халықаралық конвенцияларымен есірткі заттар немесе жүйкеге әсер ететін заттар ретінде бекітілген шығу тегі синтетикалық немесе табиғи болып табылатын заттар жатады. Есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды дайындауға пайдалану мақсатында қолдан немесе өндірістік жолмен жасалған заттар немесе соған ыңғайланған құралдар (тұрмыстық-шаруашылық бағыттағы заттардан басқа) соларды жасауға арналған құрал және аспаптар болып саналады. Бұл заттардың міндетті белгісі-олардың арнаулы бақылауда болуы болып табылады. Қылмыстың объективтік жағы есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды дайындау үшін пайдаланылатын аспаптарды немесе жабдықтарды заңсыз дайындау сатып алу, сақтау, тасымалдау жөнелту немесе соларды заңсыз өткізгені арқылы көрініс табады. Көрсетілген заттарды, аспаптарды немесе жабдықтарды дайындауды ретке келтіретін арнаулы құқықтық-нормативтік актілер бар. Осыған орай қылмыс құрамының диспозициясы бланкеттік болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық, ал заңның диспозициясында көрсетілген улы есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды дайындау үшін пайдаланылатын заттардың аспаптардың немесе жабдықтардың айналым тәртібін бұзған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан-қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Өйткені көрсетілген заттардың айналым тәртібін бұзған адам олардың тәртібін ретке келтіретін нормативтік-құқықтық нормалардың талабын өрескел бұзғанын сезеді және соны бұзуды тілейді. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, заңда көрсетілген заттарды дайындау үшін пайдаланылатын заттарды, аспаптарды немесе жабдықтарды өндіруге лицензиясы бар, олардың өндіру тәртібін қатаң сақтауға жауапты лауазымды немесе лауазымды емес адамдар.


Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтыну үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (264-бап)
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі-халықтың денсаулығы, ал қосымша тікелей объектісі-адамгершілік. Қылмыстың заты-заңда көрсетілгендегідей есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынатын притондар болып табылады. Притон деп есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды қолдануға жүйелі түрде берілетін тұрғын үй (жеке үй, пәтер) немесе тұруға болмайтын үйлерді (кафе, ресторан, клуб, дискотека, сарай, монша ж.т.б.) жатады. Қылмыстың объективтік жағы екі әрекеттен тұрады-притондар ұйымдастыру немесе ұстау. Притондар ұйымдастыру деп оларды құруға арналған әрекеттерді (іздеу, жалдау, үйлерді және жиһаздарды осыған сай етіп жабдықтау, шприцтерді, наркотик заттарды әзірлеу, т.с.с.), ал үй болған жағдайда есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды қолдануға ниеті бар адамдарды соған тарту, олардың құпиялылығын қамтамасыз ету т.с.с. әрекеттерді айтамыз. Притонды ұстау оның жүйелі қызметін қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттерден тұрады (оны материалдық жағынан қамтамасыз ету, күзету, жөндеу, клиенттерге қызмет көрсету, қолдану үшін құралдар мен жабдықтарды табу, т.с.с.) Қылмыс формальдық құрамға жатады. Сондықтанда ол притондар ұйымдастыру немесе ұстау әрекеттерінің бірін орындаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналық арқылы сипатталады. Кінәлы адам есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтыну үшін притондар ұйымдастырғанын және ұстағанын сезеді және осы әрекеттерді істеуді тілейді. Қылмыстың субъективтік жағының міндетті белгісі-арнаулы мақсат-наркотикалық заттарды және жүйкеге әсер ететін заттарды тұтындауды қамтамасыз ету болып табылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.

Есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін, немесе улы заттарды ұстау ережелерін бұзу (265-бап)
Осы қылмыстың тікелей объектісі және заты Қылмыстық Кодекстің 259-бабындағы қылмыс құрамына ұқсас. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс құрамы есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін немесе улы заттарды өндіру, жасау, ұқсату, алу, сақтау,есепке алу, босату, тасымалдау, әкелу, әкету және жөнелту не жою ережелерін бұзу арқылы сипатталады. Қылмыс құрамының диспозициясы бланкеттік. Қажет болған жағдайда ережені бұзу фактісін анықтау сараптама жасау арқылы айқындалады. Қылмыс құрамы формальдық, заңда көрсетілген заттармен айналысу ережесін бұзған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен (тікелей немесе жанама) істеледі. Қылмыстың субъектісі-өздеріне ұқсас жұмыс немесе қызмет бабы бойынша тиісті ережелерді сақтау міндеті жүктелген лауазымды немесе лауазымды емес адамдар болып табылады. Лауазымды адам есірткі, жүйкеге әсер ететін немесе улы заттарды ұстау ережелерін бұзумен бірге қызмет мүддесіне қарсы қылмыс жасаса (пара алу, қызмет өкілдігін теріс пайдалану, заңсыз сыйлық алу т.б.), онда оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 265-бабымен және лауазымдық қылмыстары үшін басқа баптардың жиынтығы бойынша сараланады.
Жекеше медициналық практикамен немесе фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысу, есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды алуға құқық беретін рецептерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау (266-бап)
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі-халықтың денсаулығы, ал қосымша негізгі объект адамдардың өмірі. Объективтік жағынан Қылмыстық Кодекс 266-бабының 1-тармағында көрсетілген қылмыс-қызметтің таңдап алынған түріне лицензиясы жоқ адамның медициналық практикамен немесе фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысуы, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттер арқылы сипатталады. Медициналық практикаға азаматтарға емдеу-диагностикалық протездік-ортопедикалық, реабилитациялық қызмет көрсетулер жатады. Фармацевтикалық қызметке-дәрі-дәрмектерді дайындау, зерттеу, сақтау және оларды босату әрекеттері жатады. Медициналық практикамен немесе фармацевтикалық қызметпен шұғылдану құқығы арнаулы медициналық білім алған: дипломы бар және қызметтің таңдап алған түрі бойынша лицензия алған адамдарға ғана беріледі.

Мұндай заңсыз айналысу абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққанда ғана іс-әрекет қылмыс қатарына жатады. Яғни осы қылмыстың объективтік жағының қажетті белгісі-адамның денсаулығына зиян келтіру болып табылады. Іс-әрекет пен келтірілген зиянның арасында себепті байланыс орын алуы қажет. Қылмыс құрамы материалдық. Ол заңда көрсетілген зардап орын алған сәттен бастап аяқталған деп саналады. Субъективтік жағынан адамның лицензиясыз қызметпен айналысуы қасақаналықпен, ал қылмыстың зардабына тек қана абайсыздықпен жол береді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, лицензиясыз көрсетілген қызметті таңдап алған адам.


Санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу (267-бап)
Қылмыстың объектісі-тұрғындардың денсаулығы және өмірі.Объективтік жағынан қылмыс-абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына немесе улануына әкеп соққан санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырылады. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер-жұқпалы аурулардан сақтандыру, олардың тарауына жол бермеуге бағытталған нормативтердің жиынтығы болып табылады. Осы ережелерді бұзу әрекет немесе әрекетсіздік арқылы істелуі мүмкін. Көрсетілген қылмыс санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзудан абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына немесе улануына әкеп соққанда ғана туындайды. Адамдардың жаппай сырқаттануына эпидемиялардың тарауы (тырысқақ, тұмау, т.б.); Улануға-химиялық, бактериологиялық, өндірістік, тұрмыстық, тағамдық уланулар жатады. Мұндай уланулар адам ағзасына улы, зәрлі заттардың әсер етуі арқылы пайда болады. Көрсетілген ережелерді бұзу мен адамдардың жаппай сырқаттануының немесе улануының арасындағы себепті байланысты анықтауы тиіс. Қылмыс көрсетілген сырқат немесе улану орын алған сәттен бастап аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған жай адам, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау өзіне жүктелген лауазымды адамдар да болуы мүмкін.


Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру (268-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-халықтың денсаулығы. Осы қылмыстың затына-адамдардың өміріне немесе денсаулығына, не қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, фактілер немесе құбылыстар туралы ақпараттар жатады. Ақпараттарға-адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, құбылыстар, жер сілкінісі қаупі, зиянды газдардың, радиоактивті, химиялық заттардың таралуы, құрылыстардың, ғимараттардың апат қаупі, қоршаған ортаны залалдандыратын микроорганизмдердің, аурулардың таралу мәліметтері жатады. Жасыру-тұрғындарға төнген қауіптің пайда болуы жөнінде ақпарат бермеу. Бұрмалау-төнген қауіп жөніндегі шындыққа жатпайтын, толық емес мәліметтерді хабарлау. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Осы көрсетілген әрекеттерді істеген уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы-халықты осындай ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті адам.
Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар шығару немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету (269-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-халықтың денсаулығы, қосымша тікелей объект-тұтынушылардың мүліктік құқығы, қауіпсіздігі. Қылмыстың, заты-тұтынушылар өмірінің немесе денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін тауар, жұмыс орындау, не қызмет көрсету, сол сияқты аталған тауарлардың, жұмыстың немесе қызметтің қауіпсіздік талаптарына сай келетіндігін куәландыратын ресми құжат. Тауар-тұтынушылық құны бар, сату үшін өндірілген еңбектің өнімі. Жұмыс-құрылыс, жөндеу немесе басқа нәрселерді жасау немесе өңдеуге байланысты өндірістік қызмет. Қызмет көрсету-тұрғындарға тұрғын-үй, коммуналдық, тұрмыстық, медициналық және басқа да көмек көрсету арқылы біреуге пайда келтіретін әрекеттер.Шығару деп-өндірушілердің тауарларды тікелей тұтынушыларға беруін базарларға, магазиндерге, сауда орындарына өткізуін айтамыз. Сату деп сертификаты жоқ тауарларды немесе жалған сертификатпен тауарларды белгілі бір ақыға өткізуді айтамыз. Жұмыс орындау деп-адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін өндірістік қызмет немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуді айтамыз. Мысалы, тұрғызылған тұрғын жай санитарлық нормаға сай емес, жөнделген зат сапасыз. Қызмет көрсету деп-белгілі бір коммуналдық, тұрмыстық, почта-телеграф, қонақжайлық қызметтерді атқаруды айтамыз. Аталған тауарлардың, жұмыстың немесе қызметтің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіндігін куәландыратын ресми құжат беруге-мемлекеттік стандартқа сай келмейтін әр түрлі құжаттар, тұтынушыларға лицензиялар; талондар, кепілді квитанциялар беру жатады. Қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі көрсетілген әрекеттердің адам өміріне зиян келтіруі болып табылады. Зиян денсаулыққа, жеңіл, орта, ауыр жарақат келтіру, адамды дертке ұшыратумен ұштасуы мүмкін. Жоғарыда көрсетілген әрекеттер мен орын алған зардаптың арасында себепті байланыс болуы қажет. Қылмыс құрамы—материалдық. Қылмыс субъективтік жағынан кінәлының абайсыздық нысанында жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-жалпы, 16-ға толған адам.
Адамгершілікке қарсы қылмыстар.

Жезөкшелікпен айналысуға тарту (270-бап)
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі-қоғамдық адамгершілік, ал қосымша тікелей объектісі-адамның денсаулығы, ар-намысы және өміріне қол сұғылмайтындығы немесе меншігі болып табылады.

Жезөкшелік дегеніміз-бұл әр түрлі адамдармен ақылы түрде әлденеше рет жыныстық қатынаста болу. Жезөкшеліктің мынандай негізгі белгілері бар: жыныстық қатынаста болу. Жыныстық қатынас әйел мен еркектің, әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің (гомосексуальдық) болуы мүмкін. Әр түрлі адамдармен жыныстық қатынаста болу. Яғни бей-берекет нәпсіқұмарлық қатынас жасау. Жыныстық қатынасты белгілі бір ақы алу үшін жасау. Ақы төлеу ақшалай немесе басқа нысанда заттай, киім-кешек, косметикалық парфюмериялық, асыл тастар, інжу-маржандар беру немесе басқадай қызмет көрсетулер арқылы жүзеге асырылады. Жыныстық қатынас жасағанға дейін ақы төлеу жөнінде алдын ала келісімнің орын алуы; Белгілі бір ақы алу үшін үнемі жыныстық қатынасқа түсу. Осыған орай ақы алып, бір рет жыныстық қатынаста болу жезөкшелікпен айналысу деп саналмайды. Жезөкшелік моральға жат құбылыс, онымен айналысатындардың бәрінің іс-әрекеті қылмыс қатарына жатпайды. Қылмыстық заңда-Қылмыстық Кодекстің 270-бабының диспозициясында жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін ғана жауаптылық көрсетілген. Осы қылмыстың объективтік жағының белгілері заңда: күш қолдану немесе күш қолданбақшы болып қорқыту, тәуелді жағдайын пайдалану, бопсалау, мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы не алдау жолымен жезөкшелікпен айналысуға тарту деп көрсетілген. Яғни заң жезөкшелікке тартудың 5 түрлі тәсілін көрсетіп отыр. Енді осыларға тоқталайық. Күш қолдану-жәбірленушінің өміріне, денсаулығына қауіпті де, қауіпсіз де түрде жеңіл, орта дене жарақатын келтіре отырып, оның өз еркіне қарамастан жезөкшелікпен айналысуға көндіру. Мұндайда жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келтірілсе, онда кінәлының әрекеті қосымша Қылмыстық Кодекстің 103-бабымен саралануға жатады. Күш қолданбақшы болып қорқыту-жәбірленушінің кез келген дәрежедегі дене жарақатын келтірмекші болып, үрейін алу, қорқыту, әр түрлі тәсілмен ауызша, жазбаша немесе әр түрлі заттарды көрсету, қимыл арқылы белгі берумен жүзеге асырылады. Күш қолданбақшы болып қорқыту сөз жүзінде ғана емес, шын мәнінде нақты іске асатын, айқын болуы қажет және осы тәсіл жәбірленушіні жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр етуі керек. Тәуелді жағдайын-материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамды осындай жағдайларын пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысуға тарту. Бопсалау-жезөкшелікпен айналысуға тартылатын адамдарды немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді таратамын деп немесе олардың мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялаймын деп қорқыту. Мүлікті жою немесе бүлдіру арқылы қорқытуға-болашақта жәбірленушінің немесе оның жақындарының дүние, мүлкін, үйін, саяжайын, көлігіне толық немесе ішінара жарамсыз етіп тастау туралы, оның жүзеге асырылатын әрекеттер арқылы жәбірленушіні жезөкшелікке тартуы жатады. Алдау жолымен жезөкшелікпен айналысуға тарту деп-жәбірленушіге көрінеу жалған мәліметтерді беру арқылы, оны белгілі бір адаммен жыныстық қатынаста болуға көндіру, мысалы жәбірленушіні өзімен болашақта неке құратын адаммен бірнеше рет жыныстық қатынаста боласың деп алдап, соған көндіруді, сол үшін кінәлы адам белгілі бір ақы түрін алады, ал жәбірленуші ол туралы мүлдем хабарсыз болады. Жезөкшелікпен айналысуға тартуда қызмет ақысын кінәлы жәбірленушімен бөлісуі немесе жеке өзі иеленіп кетуі мүмкін. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол жезөкшелікпен айналысуға тарту әрекетін жүзеге асырған (жәбірленушінің ақылы түрде нәпсіқұмарлық байланысқа түскен) уақытынан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет және мақсат әр түрлі болуы мүмкін, олардың қылмысты саралауға әсері жоқ. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.

Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (271-бап)
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік болып табылады. Қылмыстың заты-жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар. Притондар деп-ақы алып жезөкшелікпен айналысатын адамдардың кез келген нысандағы жыныстық қатынасты жүзеге асыратын арнайы жабдықталған тұрғын жайлары немесе жабдықталмаған кез келген тұрғын үйге жатпайтын жайларды (автобус салоны, күзет үйлері, кеңсе бөлмелері, казинолар, түңгі сауықтыру орындары т.с.с.) айтамыз. Көрсетілген қылмыстың объективтік жағы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау; сондай-ақ пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық арқылы көрініс табады. Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру деп оны құруға арналған кез келген іс-әрекеттерді айтамыз. Оған тұрғын жайды табу оның иесімен шарт жасасу, осы жайларды жезөкшелікпен айналысуға жабдықтау (мебельдер қою, гигиеналық құралдар, жамылатын, басқадай қажетті киімдер алу), жезөкшелікпен айналысуға бейім клиенттерді табу, күзет және қауіпсіздік шараларын белгілеу жатады. Притонды ұстау деп –тұрғын жайларды жезөкшелікпен айналысу үшін үнемі жалға бере отырып, сол үшін ақы алу, осы жайларды күтіп ұстауды, күзетуді, оған қажетті жабдықтарды қамтамасыз етіп отыруды жүзеге асыруды айтамыз. Жезөкшелікпен айналысуға пайдакүнемдік мақсатта жеңгетайлық жасау деп-осындай тәсілмен жыныстық қатынастар жасауға бейім адамдарды іздестіріп, оны бір- бірімен кездестіруді, притонды ұйымдастырушы мен оны ұстаушыларға осындай клиенттерді тауып беріп, сол үшін тиісті ақы алушылықты айтамыз. Талдау жасалып отырылған қылмыс формальдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғанын немесе ұстағанын, соған пайдакүнемдік мақсатпен жеңгетайлық жасағанын сезеді, біледі және сондай әрекеттер істеуді тілейді. Қылмыс субъектісі-16-ға толған адам.
Дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (272-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект адамның денсаулығы. Қылмыстың заты-есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік заттар немесе басқа құралдар. Қылмыс объективтік жағынан алғанда есірткі заттарға немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік немесе басқа құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау, сондай-ақ осы мақсаттар үшін үй-жай беру арқылы жүзеге асырылады. Есеңгірететін дәрілік заттардың тізімі немесе басқа құралдар арнаулы құқықтық нормалармен белгіленген. Қылмыс құрамы формальдық, ал осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген соң аяқталған деп табылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам өзінің істеген іс-әрекетінің заңға қайшы екенін сезеді, бірақ соны жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстың субъектісі-арнаулы. Есеңгірету үшін притон ұйымдастырған немесе ұстаған не осы мақсаттарға үй-жай берген адам.
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату (273-бап)
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратуға халықаралық құқық нормасымен тыйым салынған. 1923 жылы «Порнографиялық бұйымдарды тарату және олармен сауда жасауға қарсы шаралар туралы» Женева конвенциясы қабылданған. Осы конвенцияға қосылған барлық мемлекеттер өздерінің ұлттық Қылмыстық кодексінде осы тектес іс-әрекетті қылмыс деп танып, жауаптылық белгіленген. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды таратудың қоғамға қауіптілігі сол, мұндай әрекеттер жас өспірімдердің дене бітімі немесе психикалық адамгершілік жағынан дұрыс дамып жетілуіне теріс әсер етеді, жыныстық қатынастар туралы оларға кереғар нанымдарды уағыздайды, мұндай материалдармен танысу арқылы олар әйел зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттерін, тағы басқадай түрде азғындату әрекеттерін жасауға әсер етуі мүмкін. Қылмыстың негізгі тікелей объектісі-қоғамдық адамгершілік, азаматтардың ары, адамгершілік қасиеттері. Қылмыстың заты-порнографиялық материалдар және заттар. Порнография-шектен шыққан әдепсіздіктер арқылы жыныстық қатынастардың көргенсіз, жүгенсіз түрлерін, астамшылдығын бейнелейтін көрініс болып табылады. Оған әдепсіз кино немесе бейне материалдар, суреттер, картиналар, альбомдар, шығармалар, бұйымдар немесе өзге заттар-аудиожазбалар, порнографиялық компактдискілер, пластинкалар жатады. Қылмыстың объективтік жағынан порнографиялық материалдарды немесе заттарды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз жасау, тарату, жарнамалау, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы баспа басылымдарын, кино немесе бейнематериалдарды, суреттерді немесе өзге заттарды заңсыз сату арқылы жүзеге асырылады. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды жасауға, осыған жататын шығармаларды, суреттерді, фотобейнелерді толық жасау немесе осындай заттарды монтаждап құрастырулар жатады. Тарату деп-порнографиялық материалдарды немесе заттарды басқа адамдарға сыйға беру, сату немесе кез келген басқа тәсілмен оларды басқа адамдарға беруді айтамыз. Жарнамалау деп- порнографиялық заттарды, материалдарды басқаларға көрсету, олар туралы шектен тыс көптеген адамдарға ақпарат беруді айтамыз. Сату деп- осы көрсетілген заттарды басқаларға ақы алып беруді айтамыз. Көрсетілген әрекеттердің барлығы заңсыз болады, яғни құзыретті органдардың тиісті рұқсатынсыз жасалады. Қылмыс құрамы формальдық және ол заңда көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық. Адам порнографиялық заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын және сататынын сезеді, біледі және оларды жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (274-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық адамгершілік. Қылмыстың заты-қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар. Оларға баспа басылымдары, кино немесе бейне материалдар, сондай-ақ қатыгездік пен күш қолдануды насихаттайтын кез келген жазбаша бағдарлама көздері (кітаптар, мақалалар, бейне таспалар, слайдылар) жатады. Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттаудың түпкі мақсаты басқаға аяусыз күш қолдануды, барлық адам төзгісіз әрекеттерді істеуді асқақтатуды, опасыз сезімдерді қоздыру болып табылады. Қылмыстың объективтік жағы бірнеше әрекеттерді істеуден тұрады:

1.Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын шығармаларды дайындау. Бұған осы заттарды жасау, көбейту әрекеттері жатады.

2.Көрсетілген заттарды тарату. Бұған осы шығармаларды тұрақты немесе уақытша пайдалануға, танысуға бір немесе бірнеше адамға беру жатады.

3.Жарнамалау. Осы көрсетілген заттарды баспасөз құралдары арқылы немесе басқа тәсілдермен көпшілікке көрсетіп, насихаттау.

4.Көрсету, яғни кино немесе бейне материалдарды, слайдыларды, фотографияларды, суреттерді басқаларға көрсету.

5.Сату. Көрсетілген заттарды, материалдарды тиісінше ақы алып басқаларға өткізу іс-әрекеттері. Аталған қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген осы әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бұл әрекеттер субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын материалдар мен заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын, көрсететінін, сондай-ақ осы материалдарды заңсыз сататынын біледі және соны тілейді. Қылмыстың субъектьісі-16-ға толған адам.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет