Электр аспаптарымен жұмыс істегенде, көптеген материалдарды пайдаланасыңдар. Олармен жұмыс істеу үшін арнайы аспаптар қолданылады.
Электр материалдарының қатарына электр сымы, түтікшелер, оқшаулауыш таспа, бау т.б. жататын болса, аспаптардың қатарына тістеуік, монтер пышағы, қысқаш, жұмыр қысқыш, бұрауыш т.б. жатады. Электр сымдарының ішкі қабаты мыс пен алюминийден, сыртқы қабаты тоқ өткізбейтін оқшаулауыштан жасалады.
Электр бауы иілгіш оқшаулауыш әзірленіп, тұрмыстық электр жабдықтары мен тоқ көзін жалғастырады. Ол екі немесе көп тоқ өткізгіштен тұрады. Сымдардың бәрі бір түтіктің ішінде орналасады. Оқшаулауыш таспалар мен түтіктер электр сымдарының жалғанған жерін оқшаулап тұрады.
Сымдарды кесу үшін тістеуікті қолданады. Оның сабы міндетті түрдеоқшаулауышпен қапталады. Монтердің пышағы сымнан оқшаулауышты алып тастау үшін қажет. Пышақтың сабы пластмассадан немесе ағаштан жасалады. Қысқаштар электр сымдарын майыстыру немесе бұрау үшін қажет. Бұрауыштың көмегімен электр жабдықтарын құрастырады. Оның сабы да ағаштан немесе пластмассадан жасалған.
|