Шығармашылық жазылым – шығармашылық тұрғыда жазылған, идея және стильден шығармашылық мінез көрінетін, жұмыс барысында өте көркем және әсерлі сөздер таңдалып қолданылған, әсерді жақсарту үшін сәйкестендірілген құрылым қолданылған; кейіпкерлері мен сюжеті жанды суреттеліп, оқиғалар реті жымдасып, оқырманды қызықтыратын жазылым түрі.
Шығармашылық жазылым түрлері: 1) әңгіме; 2) ертегі; 3) сцинарий; 4) сахналық сөз.
Нанымды жазылым – нақты тақырып бойынша айқын пікір айтатын, пікір нанымды себептер мен дәлелдермен негізделетін, келтірілетін себептер мен дәлелдер логикалық тәртіппен берілетін, аудиторияны сендіру басты талап болатын, арнайы пікірді білдіретін сөздік қор көбірек қолданылатын жазылым түрі.
Нанымды жазылым түрлері: 1) жарнама; 2) рецензия; 3) ашық хат; 4) ұсыныс; 5) комментарий; 6) эссе.
Тиімді әдіс-тәсілдер оқушылардың жазба тілін дамытады, молайтады, ойлауын жетілдіреді, ізденушілік, жоғары эстетикалық талғам мен қажеттілікті қалыптастырады, өзінің қабілетін бағалай және шыңдай алуға үйренеді. Біздің жұмысымыздың өзектілігі соған ықпал жасайтын жаңашыл әдістерін, педагогикалық әдіснамасын ұсыну болып табылады.
Сауаттылық мазмұнының нақты мазмұны дара тұлғаның дамуына қойылатын қоғамдық талаптарға байланысты құбылмалы сипатқа ие болады. Ол қарапайым оқу, жазу, санау біліктіліктерінен бастап адамның әлеуметтік үдерістерге саналы түрде қатысуына мүмкіндік беретін, қоғамдық қажеттігі айқын кешенді білімдер мен біліктерден құралатын функционалдық сауаттылықты меңгеруді де қамтиды. Яғни, «функционалдық сауаттылық» белгілі бір кезеңге сай субъектінің алған білімі мен білігі негізінде сауатты іс-әрекет ете алуы деген мағынаны білдіреді.
Функционалдық сауаттылық –тілдік тұлғаның әлеуметтік –қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін өзінің мақсатына қарай еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі [3,1-б].
Қазақ тілін европалық стандарт негізінде деңгейлеп меңгертуде тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекеті бес түрге бөлініп жүргені белгілі: оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім. Біз жазылым әрекеті туралы сөз етіп көрейік.
“Жазылым” термині “жаза білу”, “ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу” дегенді білдіреді. Жазылым – тіл үйренуге қатысты қиын да күрделі жұмыс.
Жазылымның лингвистикалық ерекшелігі – ол әріптік таңбадан бастап алфавитке дейінгі тілдің дыбыстық жүйесін, олардың жазылу ережесін, жазбаша сөйлеу үлгілерін қамтиды. Жазылымның лингвистикалық мазмұнын белгілейтін мәселелерге мыналар жатады: графика, орфография, жазып алу және жазбаша сөйлеу [4,282-б].
Оқушылармен жұмыста ең басты мақсат – жазылымның осы ерекшеліктерін кеңінен қолдана отырып, оқушылардың сауаттылығын арттыруға болады деп есептейміз. Бұл салада үйретілетін ең басты мәселе – жазылымның графикасы. Графика, яғни жазу таңбалары – жазу үшін қолданылатын барлық әріптердің таңбалық жиынтығы. Қазақ тілі графикасының ерекшелігі-әріптер қалай жазылса, солай оқылады және басқа тілден енген дифтонг (қосарланған) дыбыстардан басқалары құрамына қарай бір таңба бір әріпті білдіреді де, бір әріп бір дыбысты көрсетеді.
Жазуды меңгеруде лингвистикалық жақтан үйретілетін келесі мәселе – орфография. Ол – белгілі бір сөзді әріптік таңбалар арқылы дұрыс жаза білу ережесі. Мұндай ережені оқытпай тұрып, жазуды да, тілді де сауатты меңгеру мүмкін емес. Тілді үйретуде орфографияға қатысты кездесетін қиындықтар да бар. Олар: фонетикалық, морфологиялық, тарихи принциптердің өзгешеліктері мен ерекшеліктерін жан-жақты ескеру; екпін түсіп айтылған буындардың дұрыс жазылуын қадағалау; қазақ тіліндегі еріндік, езулік дауыстылардың жазылуына ерекше мән беру; жуан, жіңішке дыбыстардың фонемалық қасиетін есте сақтау; дауыссыз дыбыстардың айрықша белгілерін дұрыс меңгерту және т.б.. Осыған орай, оқушылармен жазба жұмысын жүргізер алдында осы ережелерді қайталап аламыз. Мысалы: қазақ тілінің басты заңы –үндестік заңы бойынша қазақ тілінде сөздер не жуан, не жіңішке болып келеді: күнделік, қарындаш, өшіргіш және т.б.. Бірақ, үндестік заңына бағынбайтын да сөздер болады, ол сөздерде жуан да, жіңішке де буындар кездеседі, олар өзге тілден енген сөздер: мұғалім, кітап; біріккен сөздер: желтоқсан, қыркүйек және т.б. Сондай-ақ, “қ”, “ғ” дыбыстары тек жуан дауысты “а, о, ұ, ы” дыбыстарымен ғана үйлеседі, сол себепті сөздерді жазу кезінде оны қатаң ескеру керек. Оқушылардың жазба жұмыстарында жиі кездесетін қателіктердің біріне жіңішке сөздерде “ь” –жіңішкелік белгісін жазу жатады (кельді, өльді, жүльде), сондықтан оларға осы белгіге қатысты ережені де үйрету керек: “ь” –жіңішкелік белгісі тек өзге тілден енген сөздерде кездеседі де, қазақтың төл сөздерінде кездеспейді, оның орнына дауысты жіңішке дыбыстар (ә, ү, і, е, ө) қолданылады.
Жазып алу немесе қысқаша жазу – жеке сөздерді, сөз тіркесін, бір-бірімен мағыналық байланысы жоқ сөздер мен сөйлемдерді дұрыс жаза білу. Сол сияқты жоспарлар, қысқартылған сөздер мен ойларды белгілеп, жазып алу да осыған жатады. Оны дамыту мақсатында оқушыларға берілген мәтіннен ең негізгі сөздерді көшіріп жазу, ол сөзді неге таңдап алғанын түсіндіру сияқты тапсырмалар беріледі.
Жазбаша сөйлесім – лингвистикалық ерекшеліктерді толық меңгерудің көрінісі және ең күрделі тілдік құбылыс. Жазбаша сөйлесім дегеніміз – оқушының айтар ойын тілдік-қатысымдық бірліктерді қолданып, басынан аяғына дейін толық жаза білуі, көзқарасын, пікірін қағазға түсіріп, жеткізуі. Бұл әсіресе өзге ұлт өкілдері үшін аса күрделі тапсырмалардың бірі. Оны жетілдірудің бір жолы ретінде мәтінге жақын мазмұндама түрін жиі қолданамыз. Онда берілген мәтіннің сөйлемдерінен тұратын жоспар мен күрделі сөздер беріледі. Мазмұндама жаздырар алдында мәтін бірнеше рет оқылып, берілген жоспар мен сөздерді қалай қолдану жолдары көрсетілгеннен кейін, оқушылардың өздеріне ауызша қайталатамыз, содан кейін барып қана оқушылар жазуға кіріседі. Бұл әдіс әсіресе мазмұндама жазуды енді ғана бастаған бесінші сынып оқушылары үшін тиімді.
Жазылымның психологиялық ерекшелігі – жазбаша тапсырмаларды дұрыс пайымдап, логикалық жағынан меңгеру және графикалық, орфографиялық дағдылар мен шеберлікті ұштау. Сонымен қатар жазба жұмысы тіл үйренушінің ойлау жүйесіне тиімді, есте сақтауға жеңіл болуға тиіс. Мысалы, сөздер мен тіркестерді аударып жазу, мәтіннің жоспарын құрап жазу, сұраққа қысқаша жауап жазу, сөздермен сөйлем құрастырып жазу және т.б..
Қазақ тілін сауатты үйрету үшін, оқушыларға берілетін жазба жұмыстарын дұрыс жоспарлаудың маңызы зор. Өз жұмысымызда жазба жұмысының мына түрлерін кеңінен қолданамыз: жазбаша жаттығулар (қазақ тіліне тән дыбыстарға байланысты фонетикалық жаттығулар), қысқа мәтіндер (мысалы:” Қазақстан Республикасы”, “Мемлекеттік рәміздер”, “Астана қаласы”, “Менің отбасым” және т.б.), тапсырмалар, диктанттың түрлері (әріп, буын, сөз, сөйлем, терме, көру, өздік, сөздік, ескерту, түсіндірме, шығармашылық, еркін, бақылау диктанттары), жазбаша ойындар (дидактикалық ойындар: “Түсіп қалған әріпті тап”, “Дыбыстарды орнына қой”, “Шатасқан әріптер” және т.б.), іс-қағаздардың үлгілері (өтініш, қолхат, түсінік хат және т.б.).
Жазба жұмыстарын жүргізу кезінде берілген жазба жұмыстар мен тапсырмалар өмірге сай болуын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, түсінік пен пікір алысуды қамтамасыз етуін, кейбір жұмыстардың алдын ала ауызша орындалып, үлгісін көрсетуді, берілген тапсырмалар жеңілден қиынға, аздан көпке қарай ауысып, барлық материалды түгел қамтуын; ұсынылған жұмыстар қателерді меңгеруге бағыттала отырып, оқушылардың үйрену дағдысын жетілдіруін, орындалу барысында сөздік қордың дамуына бағытталуын; жазба жұмыстары үдіксіз тексеріліп отыруын ескеріп отырамыз.
Жоғарыда аталған жұмыстарды жүйелі жүргізудің нәтижесінде оқушылардың білім сапасы жоғарылады, қазақ тілін үйренуге деген талпыныстары күшейді, жазба жұмысын сауатты жазуға деген сенімділік пайда болды.
Осылайша оқушылардың сапалы білім алуына, сауаттылығын арттыруға, олардың өзгермелі ортаға тез бейімделе отырып, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға және өмірде аяғын нық басып, алдына мақсат қойып оны шешуге мүмкіндігі бар тұлғаны дамытуға жағдай туғызу кез келген ұстаздың басты міндеті деп білеміз.
Сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру –үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол — жаңадан жаңаны табатын өнер»- деген екен. Сондықтан қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын, қазіргі қолданып жүрген пән ерекшелігіне қарай қолдана білу- оқыту үрдісінде мақсатқа жетудің бірден — бір жолы. Өз тәжірибемде, оқыту барысында алдыма қойған мақсатым — баланы субъект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу. Оның басты ерекшелігі — оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау,сөйлеу дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу процесінде бірлесе әрекет ету.
Қазақ тілін оқыту барысында қазақ тілінің қыр-сырын, табиғатын таныта отырып, ертең өмірден өз орынын таба алатын, өзіне сенімді, нағыз ұлтжанды, парасатты ұрпақ тәрбиелеу үшін педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен пайдаланып, тәжірибені байыта түсу- бүгінгі таңның басты мәселесі. Бірлескен іс-әрекетке негізделген оқытуды тиімді пайдаланған жағдайда келесі нәтижеге қол жеткізуге болады:
— оқушының оқуға деген қызығушылығының артуы;
— іскерлік дағдысының дамуы;
— өзіне деген сенімділігінің қалыптасуы;
— өздігінен оқып негізгі түйінді ойды анықтап алуы;
— мақсатқа өз бетімен ұмтылуы;
— ойлау белсенділігінің артуы;
— шығармашылық дағдысының қалыптасуы;
— өзіндік пікір айтуы.
Бүгінгі таңда білім беру мазмұнын жаңарту өте маңызды өзгерістердің сатысында тұр. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту оқушылардың алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі заман талабы – жан-жақты дамыған, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу. Ол үшін оқыту әдістеріне өзгерістер енгізіліп жатыр. Алдымен, тілді үйреніп, сол тілде ойлап, сол тілде сөйлейтін азамат даярлау- басты мақсат. Тілді оқыту оңай іс емес екені айқын. Оқушы сүйсіне отырып, құлшыныспен оқуы үшін тиімді, қызықты, жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану қажет.
— мұғалімдер оқушыларға қалай оқу керектігіне бағыт-бағдар беріп, өздігінен білім алудың жолын көрсетеді;
— оқушының өзінің біліміне өзі жауапты екенін көрсетіп, өзін-өзі бағалай алуға, сыни тұрғыдан ойланатын әлеуметтенген жеке тұлға болып қалыптасуына жетелейді;
— оқушылар мұғалімнің қолдауымен емін-еркін қарым-қатынасқа түсіп, алған білімдерін өмірде қолдануға бейімделеді;
— оқушының өз-өзіңе деген сенімділігі оянып, өзіндік көзқарасын білдіре алатын дамыған тұлға қалыптасады.
Тілдік дағдыларды қалыптастыруда ең алдымен қарым-қатынас дағдыларын дамытатын табиғи тілдік орта құру, оқушыны қызықтырып, ішкі уәжін ояту қажет. Мұғалім әр сабағын жоспарлағанда бүгін нені үйретем? оны қалай үйретем? не арқылы үйретем? не үшін үйретем? деген сұрақтарды басшылыққа алып, мақсатына жетуде әдіс-тәсілдерінің ең тиімдісін қарастырып, оқушының назарын өзіңе аударуға бар күш-жігерін жұмсауы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |