1-кітаптың басында Абай қаладан далаға бара жатады, асығып, алып-ұшып, аулын сағынып келе жатады; ал аяғында - даладан қалаға кетіп бара жатады, қарама-қарсылыққа, қайшылыққа толы өз аулынан өзі безіп, түңіліп қашып бара жатқандай. Осы екі арадағы он шақты жылда аулынан Абай көрген жайды, Абай кешкен хәлді, Абай ұққан, Абай сезінген, Абай түйсінген сырларды бір шолып пайымдасақ, тек Абай басында болған өзгерістерді ғана емес, кітап толы кейіпкерлердің бәрін бір атмосфераға алған үлкен эволюцияны аңғаруға болар еді. Бұл да зергер қиюластырған тамаша композиция арқылы тұтасқан шынайылық. Енді тип пен характерге көшсек, бұл арада да Мүсіреповке бір соғып өткен жөн. Асылы, Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» деген сын мақаласы - әдеби шығарманы эстетикалық талдаудың үлгісі. Оны 1958 жылы I. Омаровқа жазған хатында Мұхтар Әуезовтің өзі де өте жоғары бағалаған: «Ойыма он бес жыл бұрынғы бір кез оралып еді,- деген ол. - «Абай» романының бірінші кітабы шығып, соны жазушылар, сыншылар, кейбір адамдары боп талқылап, танымақшы болып жатты. Бірақ бір күнгі ұзақ мәжіліс түк те берекелі нәр бермеді. Баяндамашы Құнанбайды Иван Грозный деп, Петр Первый деп әр биікке қарай жетектеп алды да, қаңғыды да кетті. Кейін сөйлеушілер де жетістірген жоқ. Әркім әрбір қабуын-шабуын дегендей сипалаған, сылаған болды да, кәдімгі белгілі саяз, сылдыр сөздерге сайды. Өте бір күйкі күйді амалсыз еске алғызды. Мен үндегем жоқ... Сол жиылыстың ең соңында күн бойы о да үндемей отырған Ғабит жиылысты басқарып отырған Сәбитке келіп бір ауыз сөз айтты: «Немене, адамша сөйлейміз бе, жоқ осымен кете барамыз ба?» - деді. Сол күннен бастап екі кеште ол бір баспа табақтай етіп өзінің роман жөніндегі, бар жұрттан оқшау, бөлек шырғау шыққан әділ, адал, саналы толғаулы ірі ойларын айтып шықты. Сөйтіп, келесі күнгі жиылыс «адамша сөйлеудің» нағыз өзін бастап еді».
Дәл осы сөзінде Мүсірепов романдағы типтер мен характерлердің бірқатарын бірер сөзбен былайша дәлме-дәл сипаттайды. «Сүйіндік - жалтақ; Байдалы - табанды, қырыс адам. Бөжей - сыр бермес, Қаратай - жеңген топтың қасында... Майбасар, Жұмағұл, Тәкежан, Қамысбайлар - патша үкіметінің жасаған болыстығының маңында болатын мансапқорлар... Зере - ел анасы, Ұлжан - соның жалғасы. Сары апаң - үстем рудың әрқашан өзімдікі дұрыс деп, қисыны келсе-ақ қарсы дау соғатын кеуделісі... Бұлардың бәрінің жиынтығы, сақасы сияқты Құнанбай - сонша сұм, сонша аруақты, сонша бір кесек образ! Абайдың өзін алатын болсақ - бұл бұқара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, төккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел басы, замана жасы. Құнанбай - елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі ойы болса, Абай - елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы».
Білгірлікпен берілген мінездемелер!.. Абай тұлғасы - эпопеяның жаны мен жүрегі. Бұл бейнені Әуезов өзінің кемел көкірегінде қолына қалам ұстаған күннен бастап аялап, ойында тербетіп, ғұмыр бойы қиялында өрбітіп келген. «Боваримен» дейтін Флобер секілді, «Наташа Ростова - өзім» дейтін Толстой тәрізді Әуезовтің өзі Абайға, Абай өзіне айналып кеткенше бұл бейнені қағаз бетіне түсірмеген, іштей пісіре берген. Әуезовтің өлеңнен өзге артында жазулы жазба дерек қалмаған Абай өмірінен романға материал жинау әрекетінің өзі керемет қызық, нұсқасы: «Алдақашан бел асып кеткен керуеннің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші,- деп жазады ол,- сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің хәлім де дәл сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болып қалған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Әйгерімнің әжімді бетіне қарап, оның бір кезде Абайды тұтқындаған жас шырайлы ғажап сұлу жүзін «қалпына келтіруім» де әлгідей еді». Міне, осы әрекетінің өн бойында жазушы өзінің бас кейіпкерінің образын ойша қорытып, санада жасап жүрді. Осылайша өзінің қаны мен жанына айналғандықтан да оның бас кітабында бас кейіпкердің тастан қашалғандай көп қырлы, мол бедерлі бейнесі, құдды тірі адамдай жанды, толыққанды тұлғасы тұтасып шыққан.
Достарыңызбен бөлісу: |