Сабақтың тақырыбы: Алаш идеясы, қозғалысы, ұраны. Жаңа атаулар, ықшамдалған және төлтума сөздер емлесі



бет4/6
Дата01.03.2024
өлшемі67.29 Kb.
#493775
түріСабақ
1   2   3   4   5   6
1ББ-20

Үшіншіден, Алаш зиялылары XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. Бұл алаштықтар тарапынан тілдің саяси, әлеуметтік маңызын, ұлттың тұтасуы мен өркендеуіндегі орнын сезініп, оған тұңғыш рет берілген толымды баға болатын. Бұл да тәлімі тарихи деуге татитын Алаштың орасан өнегесі болатын. Ресей отаршылдығының саяси, әскери қысымын ғана емес, рухани өктемдігін сезген, көрген Алаш зиялылары тілді, ұлтты сақтап қаларлық қуатты құрал деп қарады, бағалады, соған риясыз қызмет етті. Хандық мемлекет тұсында тіл билік пен шешендіктің, көсемдіктің, өнебойы отаршылдықта өткен XIX ғасырда қарсылық пен сынның құралы болса, Алаш қозғалысы тұсында тілге ең алғаш рет ұлтты тұтастырушылық ірі қызмет жүктелді. Яғни, қазақ тілі қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде сақталу керек, сақтала тұрып ұлттың ұлттығын да сақтауы тиісті деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»-деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да, тіл екендігін алғаш аңғартты. Ахаңның осы сөзіне орайлас пікірлерді Алаш зиялыларының көпшілігі білдірді. Айталық, Ғұмар Қараштың: «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз», Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын», Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек,Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу»дегендері біздің заманымызға үндес, өзекті пікірлер. Егер біздің тіліміз егемен елдің, дербес мемлекеттің мемлекеттік тілі екендігін, осы мәртебелі тіліміздің өзінің тұғырына толық қонбай жатқанын ескерсек, Алаш зиялылары өсиетінің бағасы да, маңызы да еселеп артатындығына деп қоямыз. Бұл бағыттағы өрісті ойлардың сілемі қалын оқырман қауымға әлі де мәлім бола қоймаған Ғ.Қараштың «Ұлт һәм туған ел», М.Тұрғынбаевтың «Қазақ тілін іске асыру» мақалаларынан айрықша аңғарылады. Ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін рухани-мәдини тарихымызда алғаш білдіргендер алаштықтар болды. Олар ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастырып, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын орнына да ерекше назар аударды. Сондықтан да өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екендігін Алаш зиялылары сол кезеңнің өзінде-ақ жақсы ұғынғаны олардың еңбектерінен бедерлене байқалып жүрді. Бұл орайда тағы да бір мәселені айта кеткеніміз жөн. Қазіргі кезде ана тіліміз – қазақ тілі туралы әдеби шыгармалар өрісті тақырыптардың біріне айналып отырса, олардың алғашқы үлгілерін дүниеге келтірген де Алаш қаламгерлері болатын. А.Байтұрсынұлының «Туған тілім», М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі», С.Торайғыровтың «Туған тіліме» өлеңдері – жалпы қазақ әдебиетіндегі тіл тақырыбында жазылған тұнғыш көркем туындылар еді. Алаш қайраткерлерінің тіл турасындағы осы көкейкесті ойлары, рухани күресі азаттық алған бүгінгі қазаққа да жолбасшылық етуде.
Төртіншіден, Алаш қозғалысы тұсында шын мәніндегі ұлттық мазмұндағы қазақ баспасөзі қалыптасты. Бұл құбылыс тиісінше әдеби тіліміздің көсемсөз жанрын дүниеге әкелді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы да басқа Алаш қаламгерлерінің XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы публицистикалық еңбектерін тізбелемегеннің өзінде, «Қазақ» газеті сияқты ұлттың ұлы басылымының өзі публицистикалық стильдің, жалпы әдеби тілдің қалыптасуына өлшеусіз мол үлес қосты. «Қазақ» газеті бетінде жарияланған алуан материалдар сол кезеңнің тынысын, қозғалыстың барысын ғана куәландырып қоймай, сонымен бірге әдеби тіліміздің де өсу, тармақтану қарқынын аңғартты. Бұл газет ұлт көсемсөзінің ғана емес, тіліміздің маржан қорының қойнауында өнген әдебиетіміздің де, сонысымен тіліміздің де айшықтыкөркемдігін, бай бейнелілігін ашты. Сондықтан да заңғар Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905-ші жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді» деген еді /2,350/.Ұлттың мүддесін үндеген «Қазақ» газетінің өзі де, аңғарар болсақ, әдеби тілдік жағынан жылдан жылға өскені байқалады. Әсіресе, газет бетіндегі әдеби тіл тармақтарының саралана көрінуі, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерінің тараулана байқалуы газеттің 1917 жылғы сандарынан айрықша көрініс береді. М.Дулатовтың «Тарихи жыл» мақаласы, Ә.Бөкейханның «Қазақ сиезі», «Алаштың талапты азаматына», редакцияның «Алаш партиясы» және тағы да басқа публицистикалық туындыларда ұлт баспасөзі деңгейінің артқандығы, публицистикалық стильдің ширағандығы кеңінен сезіледі. Алаштың рухани көсемі Ахаңның еңбегімен, жігерімен дүниеге келген «Қазақ» газетімен бірге, Түркістан көсемі Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» және Алаштың астанасы Семей қаласында Райымжан Мәрсекев, Халел Ғаббасовтар шығарушылары болған «Сарыарқа» газеттері публицистикалық тіліміздің айрықша дамуына іргелі үлестерін қосты. Сөйтіп, қазақ публицистикалық тілі мен стилі Алаш қозғалысы тұсында аяқтанды деп айта аламыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет