Сабақтың тақырыбы: Алаш идеясы, қозғалысы, ұраны. Жаңа атаулар, ықшамдалған және төлтума сөздер емлесі



бет3/6
Дата01.03.2024
өлшемі67.29 Kb.
#493775
түріСабақ
1   2   3   4   5   6
1ББ-20

Біріншіден, Алаш азаматтары қазақ ғылымының төлбасы әрі арналы саласы ретінде ең алғаш болып тілтану ғылымының іргетасын қалады. Оның себебіне үңілсек, онда Алаш қайраткерлерінің барлық ұлттық ерекшеліктердің ішінен халықтың болмысын, өткені мен бүгінін танытарлық тіл сияқты ең көрнекті құбылысты таңдауы аса қисынды еді. Қандай ғылым болса да, әлбетте, белгілі бір қолданбалы, жүзелік сипаттан өрістейді. Осы тұрғыдан келгенде, Ахаңның тіл саласындағы еңбектері, кейінірек жазылған Халел Досмұхамедұлының, Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының еңбектері алдымен оқытуға, білім беруге арналған дүниелер болатын. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл құралы», Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік мақалалары осыны аңғартады. Әсіресе, тіліміздің жазу үлгісінің, емлесінің қалыптасуындағы Алаш зиялыларының орны алабөтен. Алаш оқымыстыларының қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі де байқатты. Осы алқалы, тарихи жағынан маңызды ғылыми жиындағы А.Байтұрсынұлының, Е.Омарұлының, Н.Төреқұлұлының баяндамалары, Т.Шонанұлының, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедұлының, М.Тұрғанбайұлының, М.Саматұлының сөйлеген сөздері, ой-пікірлері тілтану ғылымының күрделі мәселелерін шешуде алаштықтардың қаншалықты үлкен еңбек сіңіргендіктерін қаншалықты эрудициясы мен инстуициясы бай тұлғалар екендіктерін айғақтады. Осы сиезде, негізінен, әліпби, жазу ережелері тақырыптары баса көтерілгенімен, олар тілдің сан алуан мәселелері төңірегінде сөз қозғауға өрісті ой тудырды. Осындай білімпаздар сиезі, біздің пайымдауымызша, бүгін де қажет сияқты. Себебі емледе болсын, терминологияда болсын, ономастика саласында болсын тілші ғалымдармен бірге басқа ғылым саласы өкілдерімен бірге ақылдасып ортақ уәжге келерлік мәселелер баршылық. Алаш оқымыстылары қалыптастырған қазақ тіл білімі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-тілдік мектебін қалыптастырды. Бұл мектеп ілгеріде есімдері аталған тілтанушыларды өсірді, бұдан кейінгі кезеңде Ахаңның көзін көрген өнегесін алған қаншама ғалымдар қалыптасса, совет заманындағы қазақ тіл білімі де Ахаңның ізімен жүрді, оның атын атай алмаса да, еңбектерін пайдаланды. Енді тәуелсіздік алған заманда тағы да Ахаң өзінің ұстаздық мінберіне барша тұлғасымен көтерілді.
Екіншіден, Алаш қаламгерлері XIX ғасырдың ортасында алғашқы белгілері байқалған ұлттық жазба әдебиетімізді жанрлық жағынан да, стильдік тұрғыдан да қалыптастырды, анағұрлым байытты. Бастапқыда Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Әбубәкір Кердері және тағы да басқа исламдық ағартушылық ағымның өкілдері шығармашылығында, сәл кейінірек тұтастай түрде Ыбырай Алтынсарин, Абай өнернамасында қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің көркемдік, стильдік, жалпы тілдік белгілерін іргелендірді. А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы жазба реалистік дәстүр, М.Жұмабаев, Б.Күлеев поэзиясындағы романтикалық жазба дәстүр мәдениетті жазба әдебиетінің қалыптасқандығын байқатса, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем прозасы классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері болды. Әңгіме, повесть, роман, поэма, баллада, драма сияқты жанрлардың түгенденуі де ұлттық жазба әдебиетіміздің қалыптасу кезеңінен даму биігіне қарышты қадам жасағандығын әйгіледі. Қазіргі кезде ғалымдар тарапынан «Алаш әдебиеті», «Алаш ұранды әдебиет» делініп жүрген әдебиет идеялық жағынан да,тақырыптық жағынан да, тілдік-стильдік жағынан да, жанрлық жағынан да, бейнелілік жағынан да ауызша дамыған сөз өнеріміздің жазба әдебиетке тән деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл тіліміздің бойындағы мүмкіндіктерді барынша көрсетуге, көркем әдебиет стилінің дамуына жағдай жасады. Алаш әдебиеті арқылы ұлттық сөз өнеріміз жаңа деңгейге жетіп, тіліміздің байлығы мен оралымдылығының, мағыналылығының, әлеуетінің мүмкіндіктері мол екендігін паш етті. Сайып келгенде, Алаш қозғалысының өзі сол қаламгерлердің шығармашылық жолын айқындады. М.Жұмабаев, Ж.аймауытов, М.Әуезов сияқты ұлы қаламгерлердің қалыптасуына шешуші ықпал етті. Бұған қоса Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы мақалаларынан басталып, «Әдебиет танытқышқа», «Әдебиет тарихына» ұласқан әдебиеттану ғылымының қалыптасуы да Алаш қаламгерлерінің жазба әдебиетімізді дамытқанын, ғылыми-эстетикалық тілдің де негізін қалағандығын дәлелдеді. Қалам ұстаған Алаш азаматтарының әдеби тілімізге жасаған осы тарихи еңбегі қазақ тілінің кейінгі өрістеу жолдарын айқындаған өнегелі, өміршең дәстүр болды. Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау, бейнелілік тудыру, тілдің стильдік мүмкіндіктерін ашу, құбылысты суреттеу – олардың ұлттық ойлаудың биігіне жеткендігін, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың рухани игіліктерін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы советшіл әдебиеттен көрініс тауып жатты. Алаш әдебиетінің рухы Мұхтар Әуезов сияқты данышпан жазушының қаламына қанат бітірді, осы рух Бауыржан Момышұлын, Ілияс Есенберлинді, Мұхтар Мағауинды тағы да қаншама қазақтың ұлыларын, ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің жоралы дәстүріне баулыды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет