Сабақтың тақырыбы: «Бүкіләлемдік өрмек-интернет»



Дата06.03.2016
өлшемі126.84 Kb.
#45515
түріСабақ

Сабақтың тақырыбы: «Бүкіләлемдік өрмек-интернет»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Бүкіләлемдік өрмек – интернетке байланысты оқушылардың білімдерін нығайту,

тиянақтау;


Дамытушылық: Оқушылардың интернет туралы толық ой қалыптастыру, оқушылардың тапқырлық,

ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, шығармашылыққа баулу, пәнге

қызығушылығын арттыру;
Тәрбиелік: Оқушылар өз ойларын тиянақты жете айта біліп, сахнада өздерін сабырлы әрі

тәртіпті ұстауды ескеріп, қарсыластарын тыңдай білуге тәрбиелеу,интернетті дұрыс

пайдалана білу

Сабақтың түрі: дебат /пікір-талас/ ,ойын

Сабақтың әдісі:сұрақ-жауап /ситуация туғызу, шешу жолын айту, нақты дәлелдер келтіру/
Сабақтың көрнекілігі:тақырыпқа байланысты дидактикалық материалдар,мультимедиа құралдары
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
1. Сәлемдесу
2.Кіріспе

ІІ. Интернет тарихы

ІІІ.Пікірталас «Интернеттің пайдасы мен зияны»

ІV. «Интернет туралы ән шырқайық!» атты ән –саз бөлімі

V.Ойын «Бүкіләлемдік өрмек»

VI.Қорытынды бөлім
Мұғалім:

Құрметті оқушылар біздің бүгінгі өткізгелі отырған шарамыздың тақырыбы –

«Бүкіләлемдік өрмек-интернет»
Cабақтың мақсаты: оқушылардың интернет туралы білімдерін нығайту, күнделікті қажеттілікте тиімді пайдалану және оқушылардың өз ойларын ұстамды, сабарлы, тиянақты жеткізу
Сабағымыздың эпиграфы:

Ең негізгі байлық – бұл адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас.
Антуан Экзюпери.

Қазақстанда интернет 14 жыл бұрын пайда болды. Әлем торы ұлттық шекараны ғана ашқан жоқ, сонымен қатар ақпарат ғасырында қоғам өмірі жайлы түсінікті өзгертті десек те қателеспейміз. 1993 жылы Қазнет RELCOM (Санкт-Петербург) компаниясының байланысы арқылы Интернетты тұрақты түрде орнатылды. E-mail, WWW, FTP, USENET, IRC сервистері толық көлемде пайдаланушылар үшін жұмыс атқара бастады. Ал қазақ торының туған күні 1994 жылы 19 қыркүйекте Халықаралық тордың ресми түрде ұлттық KZ доменінің тіркелу күні болып саналады.
Интернеттің шығу тарихы туралы не білеміз? Қане, кім айтады?


ІІ. Интернет тарихы - компьютерлік құрылғылар жасай бастаған уақытынан басталады (1950-1960 жылдар аралығы)

Интернет желісінің тарихы - 1957 жылы Кеңес Одағы Жердің жасанды серігін ұшырғаннан кейін, АҚШ Қорғаныс министрлігі ақпаратты тасымалдаудың сенімді жүйесі қажет деп шешті. АҚШ алдыңғы қатарлы зерттеу жобаларының агенттігі (ARPA) осы мақсатта компьютерлік желі құруды ұсынды. Бұл желіні құру Лос-Анджелестегі Калифорния университетіне, Стэнфорд зерттеу орталығына, Юта штатының университетіне және Санта-Барбара қаласындағы Калифорния штатының университетіне тапсырылды. Компьютерлік желі ARPANET деп аталып, 1969 жылы аталған төрт ғылым орталықтарын біріктірді, барлық жұмыстарды АҚШ Қорғаныс министрлігі қаржыландырып отырды. Одан соң, ARPANET желісі жылдам дамып, оны ғылымның әр түрлі салаларындағы ғалымдар қолдана бастады

Алғашқы ARPANET сервері 1969 жылдың 1 қыркүйегінде Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде орнатылды. «Honeywell 516» компьютерінде 12 КБ оперативті жад бар болатын.

1971 жылы желі арқылы электронды почта жіберуге мүмкіндік беретін алғашқы компьютерлік бағдарлама жасалып, ол кеңінен таралды.

1973 жылы бұл желіге трансатлантикалық телефон сымы көмегімен Ұлыбритания және Норвегияның ұйымдары қосылып, желі халықаралық сипат алды.

1970-жылдары интернет желісі негізінен электронды почтаны жіберу үшін пайдаланылды. Бірақ, интернет желісі басқа техникалық стандарттар негізінде жасалған желілермен байланыс орната алмайтын еді.

1970-жылдардың соңында мәліметтерді тасымалдау стандарттары кеңінен тарай бастады, олар 1982-83-жылдары бір стандартқа келтірілді. 1983 жылдың 1 қыркүйегінде ARPANET желісі NCP протоколынан TCP/IP протоколына көшірілді, бұл протокол қазіргі кезге дейін желілерді біріктіру үшін қолданылуда. 1983 жылы «Интернет» термині ARPANET желісіне байланысты айтылатын болды.

1984 жылы домендік аттар жүйесі (DNS) жасап шығарылды.

1984 жылы ARPANET желісіне бәсекелес пайда болды. АҚШ Ұлттық ғылыми қоры (NSF) университетаралық ауқымды NSFNet (|National Science Foundation Network) желісін құрып, оған көптеген шағын желілерді (сол уақыттарда-ақ танымал болған Usenet және Bitnet желілерін қоса) біріктірді, бұл желінің ақпарат тасымалдау қабілеті ARPANET желісіне қарағанда, біршама артық еді. Бір жыл ішінде бұл желіге 10 мыңдай компьютер қосылды.

1988 жылы Internet Relay Chat (IRC) протоколы жасалып, Интернетте нақты уақытта сөйлесу (чат) мүмкіндігі пайда болды.

1989 жылы Еуропада, Ядролық сынақтар бойынша еуропалық кеңес (CERN) қабырғаларында Бүкіләлемдік тор концепциясы пайда болды. Оны әйгілі ағылшын ғалымы Тим Бернерс-Ли ұсынды, ол екі жыл ішінде HTTP протоколын, HTML тілін және URI идентификаторларын ойлап тапты.

1990 жылы ARPANET желісі NSFNet желісімен бәсекелестікке шыдай алмай, өз жұмысын тоқтатты. Осы жылы Интернетке телефон арқылы қосылудың сәті түсті (Dialup access).

1991 жылы Бүкіләлемдік тор Интернетте пайда болды, ал 1993 жылы әйгілі NCSA Mosaic браузері пайда болды.

1995 жылы NSFNet желісі бастапқы зерттеу мақсаттарына қайта оралды, енді Интернеттің барлық траффигін маршрутизациялаумен Ұлттық ғылыми қордың суперкомпьютерлері емес, желілік провайдерлер айналыса бастады. Осы жылы Бүкіләлемдік тор FTP арқылы файлдарды тасымалдау протоколын трафик жөнінен басып озып, Интернеттегі ақпарат тасымалдаудың негізгі көзіне айналды, Бүкіләлемдік тор консорциумы (W3C) құрылды. Бүкіләлемдік тор Интернетті өзгертіп, оның қазіргі заманғы бет-бейнесінің қалыптасуына әсер етті деп айтуға болады. 1996-жылдан бастап, Бүкіләлемдік тор Интернет түсінігін толықтай ауыстырды деп айтуға болады.

1990-жылдары Интернет сол уақыттағы желілердің көпшілігін біріктірді (Фидонет сияқты кейбір желілер интернет құрамына кірген жоқ). Интернеттің техникалық стандарттары ашық, ал оны басқаратын белгілі бір компания жоқ болғандықтан, интернеттің дамуы жекелеген желілердің бірігуіне көп әсерін тигізді. 1997 жылы Интернетте 10 млн компьютер болды, 1 миллионнан астам домендік аттар тіркелді. Интернет ақпарат алмасудың ең танымал құралына айналды.

1998 жылы рим папасы Иоанн Павел II Бүкіләлемдік Интернет Күнін 30 қыркүйек деп бекітті.

Ал қазақ торының туған күні 1994 жылы 19 қыркүйекте Халықаралық тордың ресми түрде ұлттық KZ доменінің тіркелу күні болып саналады.

Қазіргі кезде Интернетпен тек қана компьютерлік желілер арқылы емес, сонымен қатар, байланыс спутниктері, радиосигналдар, кабельдік теледидар, телефон, ұялы байланыс, арнайы оптикалық-талшықтық желілер және электр желілері арқылы да байланысуға болады.


Міне, біз тарих туралы туралы мәлімет алмастық, Енді Интернеттің пайдасы мен зияны туралы «Ғаламшар» тобы мен «Мұрагер» тобы пікірталастырады
ІІІ.Пікірталас «Интернеттің пайдасы мен зияны»

«Ғаламшар» тобы жақтаушы,


«Мұрагер» даттаушы.
Пікірталас шарттары:
1./ екі топ өз ойларын ортаға салады, онда (регламент сақтау,) 3 мин
2/ сұрақ жауап кезеңі
3/ спикерлердің қорытындысы
Сөз кезегі ойыншыларға беріледі


1. «Ғаламшар» тобының спикері :
Армысыздар құрметті көрермен,менің қарсыластарым! Біз бүгінгі дебатта сіздердің сұрақтарыңызға барынша жауап беруге тырысамыз. Біздің ұстанып отырған позициямыз «Интернет керек, ол біздің өмірімізге қажет» Интернеттің пайдасы өте зор. Алдымен интернетке анықтама берейік. Интернет бүкіл ғаламдық тор. Ол бүкіл әлемдегі миллиондаған компьютерлік желілерді бір-бірімен байланыстыратын орасан зор компьютерлік желі .
Интернет ұғымы ХХ ғасырдың аяғында пайда болса да, жүрдек пойыздың жылдамдығын еске салатындай жедел қарқынмен кең қанат жайып келеді. Әйгілі Ер Төстік ертегісінде Төстік жыл санап емес, ай санап, күн санап өсіпті дейтін жері болатын. Сол Ер Төстіктің ер жетуі сияқты дамып отырған бір сала болса, ол - бүкілғаламдық желі - Интернет деп санар едім.
Оның өзі шығу тарихы да қызық. «1957 жылы Кеңестер Одағы жасанды жер серігін ғарышқа ұшырған соң, АҚШ Қорғаныс министрлігі «егер соғыс бола қалған жағдайда Америкаға сенімді ақпарат алмасу жүйесі керек болады» деп есептеген. Ондай жүйені АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының қызметкерлері ойлап тапқан деседі. Бұл мақсатта Лос-Анджелес, Юта және Калифорния штаттарындағы университеттерге және Стэнфорд зерттеу орталығына компьютерлерді бір-бірімен жалғайтын желі жасау тапсырылады. ARPANET деп аталатын жоба 1969 жылы 29 қазанда төрт мекеменің компьютерлерін телефон арқылы байланыстырады.
Содан соң ARPANET дамып-жетіліп, оны түрлі сала ғалымдары пайдалана бастайды. 1983 жылы бұл атау «Интернет» деген ұғыммен алмастырылды».
Бұл күнде Интернетті тұрақты пайдаланушылар саны бүкіл әлем бойынша 1,5 млрд адамнан асыпты. Бұл - жер шарын мекендейтін халықтың төрттен бір бөлігі ғаламтор игілігін өз кәдесіне жаратуда деген сөз.
2. «Мұрагер» тобының спикері :Жангүлім
Сәлем бердік қауымға! Біздің қарсыластарымыз «Интернет керек, ол біздің өмірімізге қажет. Интернеттің пайдасы зор» деп жатыр. Қазіргі таңда интернет әлемдік қауымдастықтың негізгі ақпараттық-коммуникациялық құралына айналып отыр.Бұл тұрғыда қарапайым халықтың күнделікті өмірдегі байланысқа деген қажеттілігі туралы айтпасақ та болады.
Дегенмен де интернеттің жақсылықтарымен бірге келеңсіз жақтары да барын естен шығармағанымыз жөн.Интернетке қосылу үшін әрине бізге компьютер керек. Ал, әр күнін компьютер алдында өткізу денсаулыққа зиян екенін білесіздер ме? Ол адам ағзасына қауіп төндірумен қатар, сананы улаумен шектесетіні белгілі.Компьютер алдында ұзақ отырса адамның көзі, жотасы ауырады және қимыл-қозғалысына,адам психологиясына да әсер етеді.Сезімдік нерв жүйесі ауруларына шалдығады.
Интернетке жүгініп,үйреніп кеткен бала, яғни интернет арқылы хат алысып, сөйлесу-баланың айналасындағы адамдармен бетпе-бет сөйлесуіне де әсер етеді, сөйлеу мәдениетінен айырылады.Компьютерден бөлінетін ультра-күлгін сәулесі көзге кері әсер етеді. Ал одан сорақысы- ұлттық, адами қасиеттерге нұқсан келтіретін материалдардың интернет бетінен орын алуы.Қазірде шығарма, эссе жаза алмайтын оқушылар бар. Бұның бәрі көп уақытын кітап оқумен емес, интернетке кіріп түрлі ойындар ойнап,уақытын тиімсіз өткізудің зардабы.
Тыңдағандарыңызға рахмет.
3.«Ғаламшар» тобының спикері
Сәлем бердік қауымға! Интернеттің жеке-дара қожайыны жоқ. Оны ешкім бір жерден басқара да алмайды. Интернетте көптеген пайдалы да қажетті ақпараттарды табуға болады
1.Алысты жақындату
2.Қоғамға (адамға) байланысты мүмкіншіліктерді арттыру.
3.Сана-сезімді жоғарылату.
4.Ізденіс талпынысқа қашықтықтан оқу бағдарламаларына сұранысты арттыру.
5.Қажеттілікті толығымен қанағаттандыру.
6.Дамыған мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекелесу.
7.Әлемде болып жатқан жаңалықтардан сол сәтте хабардар болу.
8.Халықтарға түрлі жолдармен көмек көрсету.
9. Интернет арқылы мәтінді, хабарламаны, құжаттарды, фото, аудио, видео материалдарды
қабылдап алуға не керісінше жіберуге болады;
10.Күн сайын емес, сағат сайын, сәт сайын бүкіл әлем жаңалықтарымен танысып отыруға;
- Кез келген тақырыпқа қатысты материалдар, анықтамалар алуға;
- Қашықтықтан оқуға, яғни үйде отырып білім алуға;
- Қызмет түрлерін ұсынуға, тауар сатып алуға не сатуға;
- Қаржылық операциялар жасауға;
- «Maіl.Ru Агент», «Facebook», «Skype» т.б. арқылы реалды уақытта тіл қатысуға да, бейнебайланыс орнатуға да болады. Бұдан өзге біз біліп-біле бермейтін жаңа көкжиектерін айтып тауысу мүмкін емес... (материалдарды және моральді жағынан болсын).
. Интернеттен көптеген жапа шегеміз деп қол қусырып отыра берсек, оның мүмкіндіктеріне шектеу қойсақ,әрине алға баспаймыз.Керісінше біртіндеп құлдырай береміз.Оданда ондай қиыншылықтармен күресе отырып, алға ұмтылу жолдарын қарастырғанымыз жөн. интернетке кіру үшін компьютерде отыру керек.Компьютерде отыру денсаулыққа зиян.Алдымен денсаулықты сақтауымыз керек деп жатырсыздар.Әрине бұл орынды ол үшін алдымен әр бала компьтерде жұмыс жасап отырғанда техника қауіпсіздік ережесін сақтау керек. Ережелер талапқа сай орындалса денсаулыққа зиян тимейді. Көзге жаттығулар жасалады, әр 20-25 минут сайын, көзбен компьютердің ара қашықтығы 60-70 см болу керек. Жұмыс кезінде ақ халат кисек, ультра күлгін сәулесін сақталады. Ал көзді сақтау үшін компьютердің алдына кактус гүлін қою керек. Гүл бойына компьютерден бөлінген сәулені тартып алады. Осы айтылған ережелер орындалса денсаулығымызды сақтай аламыз. Интернеттің пайдасы көп.Интернет арқылы біз басқа қаладағы болсын, басқа елдегі болсын алыстағы достарымызбен сөйлесе аламыз. Мысалға, ұстаздар берген реферат, мәнжазба, солардың бәрін мен интернет арқылы таба аламын. Кітапханаға барып жүрмей мен үйдегі интернеттен іздеймін.Интернеттің пайдасы мен үшін өте зор
Назарларыңызға рахмет.
4. «Мұрагер» тобының спикері:
Интернетті дұрыс мақсатқа пайдалансаң, ісің де оңынан болады, құлашың да кеңге жайылады. Ал егер теріс бағытқа, пайдакүнемдікке, қарау ойлы мақсатқа, т.с.с. жасөспірімдерді аздыруға қолдансаң, оның жайы бір басқа. Яғни терроршылдық, экстремистік, дінбұзарлық, қоғамға жат сананы насихаттау секілді әрекеттер үшін Интернетке цензура енгізу қажет-ау деп ойлайсың... Бірақ ең демократияның орнаған саласы - осы ғаламтор екенін Интернетті қолданушылар жақсы түсінеді. Өйткені, мұнда қандай ой, пікір айтсаң да, қалай айтсаң да, тек өзіңе, адамгершілік арыңа сын.
Ендігі бір мәселе - Интернетке тәуелділік. Сағаттап, тіпті таңды-таңға ұрып, Интернетті қызықтайтындар да кездеседі. Бұл да бір есірткіқұмарлық, нашаға тәуелділік сияқты нышанды байқатады. Адамның психикасына, денсаулығына кері әсер етеді.. Осындай келеңсіз, жаныңды түршіктіретін ақпараттар интернетте орын алып жатса, оның жұртшылыққа пайдасынан гөрі зияны көп емес пе? Демек, Интернетті қажетіне қарай, шамамен пайдалана білу мәдениетін қалыптастыру да көп ойланатын дүние
5.«Ғаламшар» тобының спикері
Интернет - тиімді байланыс құралы. Көптеген мәліметтер жинақталған. Балама ақпарат көзін табуға болады. Мысалы: үкіметтік емес сайттар мен үкіметтік сайттар, ақпарат агенттігінің мәліметтері мен тәуелсіз басылым мәліметтері. Электронды пошта қызметі жылдам хабарласуға мүмкіндік береді.. Далада, күннің астында азып тозып асық, футбол, волейбол ойнағанша, интернет арқылы әр түрлі қызықты ойындар ойнауға болады. Біздің өміріміз күнде бір жаңалықпен толығып отырады. Интернетті сол жаңалықтың ішіндегі ең озығы деуге де болар. Себебі, бір өзіне соншама ақпарды сиғызып, жан-жаққа лезде таратып тұру, әлемнің бір шетіндегі кісіні екіншісімен байланыстыру, керек болса, көзбе-көз әңгімелестіріп, бейнесін көрсету қандай жетістік десеңізші.
Тыңдағандарыңызға рахмет!
6. «Мұрагер»
Сәлем бердік көрерменге! Енді компьютерлік ойындарға келсек, олардың қаншалықты зиянды екенін айта кетейік. Интернеттегі онлайн ойындары атыс-шабыс, тағы басқа қантөгу, жауыздық тақырыбында болады. Осы ойындарды бала ойнап, оның психологиясына қандай жаман әсер беретінін өздерімізде білесіздер. Ұдайы ойнаған баланың миында ойынның мазмұны, әдіс-тәсілдері еніп, жаман қылық, тіпті қылмысқа да баратын болады. Қалалы жерде ақша табу үшін компьютерлік ойындарды жарнамалап, оқушы балаларды өздеріне тарта бастап, жаман қылықтарға бағыттайды. Интернет ойындарынан басқа да өзіміздің ұлттық ойындарымыз бар, соны неге ойнамасқа?Асық ойнау, күрес, қол күресі, волейбол, футбол сияқты көп ойындар бар.Біз бөлмеде тығылып компьютерлік ойынды ойнағанша, далада таза ауа жұтып, көпшілікпен көңіл көтеріп, денемізді шынықтырып, сау болғанымызға не жетсін.
Құлақ қойып тыңдағандарыңызға рахмет.
Сұрақ-жауаптармен алмасады
7. Мұрагер» тобының сарапшы спикері :
Сәлем бердік қауымға Күн сайын теледидар қарап отырып не бір түрлі келеңсіз жағдайларға кезігесің.Отбасымен ажырасу, жаман әрекеттерге бару.Қорлық-зомбылық, зорлық бұның бәрі қайдан шықты дейсіз? Әрине қазір заман ауқымы, талабы әр үйде компьютер, интернет желісі бар. Жаңағы өздерің айтқандай компьютерге қол жеткізбесе де ұялы телефон арқылы интернетке де шығуға болады дейсіңдер.Міне, сол арқылы не бір ұятсыз көріністер көреді, интернет арқылы танысады.Мектеп жасындағы баланың сабаққа дайындалғаннан гөрі көп уақытын ұялы телефонына үңілумен өткізеді.Ол неге үңіле береді десең, әрине ол ішіне сабағын жазып алған жоқ.Небір түрлі қырғын атыс-шабыс ойынын, өзгелермен танысу,ұятты көріністер қарайды.Міне, содан барып, ол баланың өмірге көз-қарасы психологиясы өзгереді. Ұрлық-зорлық көбейеді.Жас бала еліктегіш келеді. Әр жаман затты көрген сайын, естіген сайын оның бір ұшқыны адам бойында ұялап қалмай ма? Әр нәрсе өз нормасынан асқан соң, жаманға айналады. «Сақтансаң сақтайды, сақтанбасаң сені құдай не қылады», демекші Шәкәрім атамыздың мына сөзіне тоқтала кетуді жөн көрдім:
Сақтық-деген әрқашан байқап жүрмек,
Пайда не залал ма ескерілмек,
Көргенің естігенін есепке алса,
Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.
Сондықтан интернетті меңгеруіміз керек деп, интернетті білмеген заман көшінен қалды деп,таңертеннен қара кешке дейін заман техникасымен шұғылдана бергеніміздің адамзат өміріне тигізетін өзіндік пайдасы мен зияны баршылық екеніне көзіміз жетті.Әрқашан әр нәрсенің жақсысын үйреніп,жаманнан жиреніп, пайдасын көріп біліп,ал зиянынан сақтанайық демекпін.
Тыңдағандарыңызға рахмет!
8. «Ғаламшар» тобының сарапшы спикері
Армысыздар пікір-сайыс дегенде ішкен асын жерге қоятын көрермен қауым. мен Ғаламшар» тобының спикері
Иә,балық сүйексіз,адам қатесіз болмайды демекші, бүгінгі біздің топтың қатесі болса,кешірім сұраймын. Көтеріліп отырған мәселе әлемдік деңгейде қаралып отыр. Жаста болсақ, біз осы мәселеге үлесімізді қосып, қосымша мағұлматтармен жұмыс жасадық. Бүгінгі біз ұсынып отырған қарар өзекті.
Жер халқының келешегі жас буын, яғни біз! Олардың мәселесі шешілмесе келешектен қандай үміт күтеміз!Сондықтан мен «Мұрагер» тобының ұсынып отырған мәселесі өзекті деп айтамын.
Асыл тастан, өнер жастан-демекші, осылай жас-ұрпаққа интернетпен жұмыс жасауға, қажет мәселерін алуға жағдай жасалып отыр. Сондықтан қазіргі техника қарқынды дамыған заманда, дені сау білімді,интернеттен юар керек мағұлматын жинап, Қазақстанға өз үлесін қосатын сауаты мол ұрпақ керек! Сондықтан интернет кімге де болсын өте қажет,оның пайдасы өте зор.! Сонымен іске сәт,жұмыстарыңыз табысты болсын!
Назар салып тыңдағандарыңызға үлкен рахмет!
Сендерге де рахмет топ спикерлері,

«Ең негізгі байлық-бұл адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас» деп француз жазушысы Антуан Экзюпери айтқандай сізді қоршаған адамдарды және рухани әлемді ұмытпауларыңыз қажет.

Қане оданда Интернет туралы ән шырқайық.
ІV. «Интернет туралы ән шырқайық!» атты ән –саз бөлімі
Енди назарларымызды тақтаға аударайық, тақтадан не көріп турмыз

Дүниежүзілік өрмекте өрмекшілердің сұрағына жауап беріп көрейікші.


V.Ойын Бүкіләлемдік өрмек
Бұл ойында оқушылар өрмектегі өрмекшілерді таңдап сұрақтарға жауап береді.

1994ж 19 қыркүйекте қандай күн? (KZ домені тіркелген)

Домендік аттар жүйесі (DNS )қай кезде жасалып шығарылды? (1984ж)

Интернет нақты уақытта сөйлесу мүмкіндігі не деп аталады? (Internet Relay Chat (IRC) протоколы (чат))

Интернет қандай құралдардың көмегімен қосылады? (модем)

Қазақстанда интернет қай жылы пайда болды? (1997ж)

Қандай сайт түрлерін білесіңдер? (www.edu.gov.kz, www.bag.kz)

Электрондық пошта дегеніміз не? (Интернет желісі арқылы хат алмасу)

Дүние жүзілік желі не деп аталады? (Интернет)
VI.Қорытынды бөлім

Қазіргі заман адамына ақпарат алмасу және қарым-қатынас үшін интернет - ең қажетті құрал.



Бірақ, интернет қызметін пайдалана отырып, сізді қоршаған адамдарды және рухани әлемді ұмытпауларыңыз керек



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет