Кіріспе.
Зерттеу тақырыбымыздың өзектілігі.
Еліміздің нарықтық қатынастар кезеңінде болашақта бүкіл әлемдік өркениет аренасында өз орны бар мемлекет деңгейінде дамуы халқымыздың ұлттық менталитетінің болмысына әсіресе жаңа жас ұрпақтың сындарлы тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты.
Дегенмен бүгінгі таңда ұлттық болмысымызға кереғар,келеңсіз құбылыстардың жастар арасында кең етек алуы жас ұрпаққа қажетті заман талабына сай тәлім-тәрбие жүйесін жаңартуға, ұстаздардың сонымен қатар ата-аналардың алдына аса маңызды міндеттер қояды.
Бұл міндетке халқымыздың ғасырлар бойғы ұрпақ өсірудегі ұлттық тәрбие дәстүрлер тәжірибесі негізінде адамгершілік қадір қасиеттері тағылымды, рухани дүниесі бай, мінез-құлық мәдениеті еліміздің болашағы үшін қызмет етуге дайын азаматты қалыптастыру арқылы жетуге болады.
Бұл мәселеге байланысты ел басымыз Н.Назарбаев: “Жаңа жағдайға сай біздің бәрімізді алаңдататын мәселе-білімді,кәсіби даярлығы бар адам тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті рухани және әлеуметтік адамгершілік мүмкіндігі мол тұлғаны қалыптастыру болып табылады” деп атап көрсетті [1].
Осыған байланысты бұл күндері жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие ісінің мазмұны Отандық және әлемдік өркениетті елдердегі психология, педагогика және физиология ғылымдарының жетістіктерін пайдалана отырып жетілдірудің қажеттігі туындауда. Бұл бір жағынан, екінші жағынан, бүгінгі өскелең ұрпақтың бойындағы рухани құндылықтардың өнегелік нұсқаларын бір-біріне кіріктіре отырып игеруге бағыттай білу балалар тәрбиесінің мазмұнын, құрылысын және нысандарын одан ары жетілдірудің қажеттілігін туғызып отыр. Үшіншіден әрбір қоғамда болып тұратын формациялық өзгерістер өскелең ұрпақ тәрбиесінің мақсаты мен мазмұнын өзгертуді, тәрбиелік әдістемелік технологияларын жаңартып, толықтырып отыруды талап етеді. Бұл мәселенің шешімін табу, өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақты жан-жақты жетіліп, үйлесімді дамыған адамгершілік қадір-қасиеттері мол жеке тұлға етіп тәрбиелеуде берік тұғырлық негізін қалайды.
Қазіргі кезде елдегі әлеуметтік қайшылықтардың асқынуы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында қылмыстық істерге баруына мүмкіндіктер туғызуда. Дөрекілік күйдегі бейресми жастар құрамдары саны өсуде, олардың өзгермелі теріс пиғылдары сана-сезімдері қаталдыққа, озбырлыққа, өтірікшілдікке, жеке басын ойлау бағдарламаларын мінездейді.
Мектептер мен отбасы жағдайларында кейбір жасөспірімдердің талап – тілектерімен келіспеу, ой- пікірлерімен санаспау, жеке – дара ерекшеліктері мен бейім қабілеттерін ескермеулеріне бұлар тарапынан қарсылық туғызса, оларға ұсынылған идеялар мен мұраттардың күйреуі, табиғи түрде шиеленіске апарады.
Рухани жағынан кейбір жасөспірімдердің азуы және соның нәтижесінде өзімшілдік қатынасқа мойын бұрып, оларды енжарлыққа, өзіне және басқаға немқұрайлықпен қарауға, арақ-шарап, темекі, наша тарту және уытты сұйық заттарды иіскеу, қылмыстық істер жасауға дағдылана бастайды.
Екіншіден, жасөспірімге тән қасиет - өзіндік тәуелсіздік, дербестік, басқаға бағынышты болмау. Сол себептен, өзінің күш- қуатын, жеке басының мән – мағынасын түсінуге ұмтылыс жасайды. Оны ұғынуға мүмкіндіктерді мектептегі оқу – тәрбие мен еңбек процесіне қатыстарынан байқалады. Себебі, девиантты мінез – құлықты балалар типтік ерекшеліктеріне байланысты тіршілік қиыншылықтарына кезігіп, оны жеңіп шығуға ішкі жай – күйі жол таба алмай әлеуметтік – педагогикалық тұрғыдан қорғалынбайды.Содан девиантты мінез – құлықты бала ешкімге керегім жоқ деген сезімге беріліп кінәны үлкендерге теліп айналасымен жанжалдасуға, ұрыс – төбелеске бейімделеді. Қажеттіліктің орнын толықтырудың жолы – бос уақытын мақсатсыз пайдалану, мектеп тәртібін ұстамау, заң нормаларын бұзу, қылмыстық істер жасау.
Зерттеу жұмысымыздың өзектілік құндылығы, девиантты мінез – құлықты балаларға қол ұшын беріп, ішкі жан дүниесін түсінуге, ынта – ықыласына, жалпы жеке ерекшеліктеріне орай өмірде өз орнын табуға көмектесу.
Белгілі психологтар (Б.Г.Ананьев, А.Г.Асмолов, А.А.Бодолев, В.В.Давыдов, А.Н.Леонтьев, М.М.Мұқанов, Ж.Н.Намазбаева т.б ) зерттеулерінде жасөспірімдердің әлеуметтік және жеке даралық білімдері мен өмір тәжірибелерінде адамзат қоғамының жетістіктерін, рухани байлықтарын игеріп, мінез - құлқына, дүниетанымына қалыптастырып, күнделікті жүріс – тұрыстарын басқарып отыруға өз биліктері мен бостандықтарының алатын орны айқындалған.
Л.К.Керімовтың еңбегінде қиын оқушыны жеке – дара қайта тәрбиелеу тұжырымдамасын және ондағы педагогтың іс - әрекеттің белгілі жүйесін жасап көрсеткен [2].
Ш.Е.Жаманбалаеваның еңбектерінде девиантты мінез – құлықтың әлеуметтік аспектілері зерттеліп көрсетілген [3].
Ал, Д.Қазымбетова өз еңбектерінде қоғамда неге девиантты мінез – құлық болады деген сұрақты қарастырған. Сонымен қатар девиантты мінез – құлықтың болу себептерін және мүмкін боларлық шешу жолдарын көрсеткен [4].
Девиантты мінез – құлықтың жан – жақты қарастырылғанына қарамастан, бұл мәселенің әлеуметтік – педагогикалық мүмкіндіктері белгіленіп көрсетілмеген.
Демек, бұл мәселенің шешімін табу, әлеуметтік – педагогикалық мүмкіндіктерін белгілеп беру тақырыбымыздың көкейкестілігін дәлелдейді.Сол себепті зерттеу жұмысымыздың тақырыбын “Жалпы білім беретін орта мектептегі девиантты мінез – құлықты жасөспірімдермен әлеуметтік – педагогикалық жұмыстар жүйесі” деп белгіледік.
Мақсаты. Бұл курстық ізденістің негізгі мақсаты жасөспірімдердің мінез -құлқындағы ауытқушылықты педагогикалық талдау, сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы жасөспірімдерің ортасындағы девиантты мінез-құлықтың жалпы күйін, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы ауытқушылықтардың дамуындағы факторлар мен бағыттарын сипаттау.
Достарыңызбен бөлісу: |