Салыстырмалы кесте


Орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты



бет3/7
Дата04.01.2024
өлшемі96.24 Kb.
#488500
1   2   3   4   5   6   7
! 604 07

Орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты




6-Қосымша

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 қазандағы
№ 604 бұйрығына
6-қосымша

Орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер


1. Осы орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың даярлық деңгейіне және орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) академиялық кезең – орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы мынадай үш нысанның біреуінде дербес белгілейтін кредиттік оқыту технологиясы кезіндегі теориялық оқу кезеңі: семестр, триместр, тоқсан.
2) академиялық сағат –оқу сабақтарының барлық түрінде кесте бойынша білім алушының оқытушымен қарым-қатынас жұмыстарының уақыты;
3) бағалау өлшемшарттары – құзіреттілікке қойылған талаптарға сәйкестікке оқу нәтижелерін бағалау бойынша шешім қабылдауға арналған көрсеткіш;
4) базалық құзырет – өзін-өзі және жеке қызметін басқару қабілеттілігі, өзін-өзі ынталандыруға және өзін-өзі ұйымдастыруға бейімділігі;
5) базалық модуль – білім алушылардың өзін-өзі және өз қызметін басқару, өзін-өзі ынталандыру мен ұйымдастыру қабілеттілігін игеруге бағытталған білім беру бағдарламасының тәуелсіз, толық тарауы немесе оқыту кезеңі;
6) біліктілік – алынған кәсіп пен мамандық бойынша қызметтің белгілі бір түрін құзыретті орындауға білімділік, даярлық деңгейі;
7) дипломдық жұмыс (жоба) – орта білімнен кейінгі білім берудегі білім беру бағдарламаларының білім алушылардың игеруінің нәтижелер қорытындылау және бітіруші курста олардың орындалуын көрсететін студенттердің жеке шығармашылық жұмысы;
8) жеке оқу жоспары – білім берудің тіркелген кезеңінде, білім алушылардың жеке білім беру қажеттіліктерін және білім беру жолдарын таңдауға, оның ішінде білім беру бағдарламаларының игеру шегінде жеделдетілген оқуға академиялық құқықтарын іске асыруға ықпал ететін, білім алушының оқу жоспары;
9) кәсіби модуль – білім алушының құзіреттілік негізінде кәсіби міндеттердің жиынтығын шешу қабілетін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының тәуелсіз, толық тарауы немесе оқыту кезеңі.
10) кәсіптік құзырет – білім, іскерлік пен дағдылар, сондай-ақ кәсіптік қызметті тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жеке қасиеттер негізінде маманның кәсіптік міндеттер жиынтығын шешу қабілеттілігі;
11) кредит – білім алушының (оқытушының) оқу жұмыстары көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі;
12) кредиттік оқыту технологиясы –академиялық кредиттерді жинақтай отырып, білім алушылардың пәндерді оқып зерделеу дәйектілігін таңдауы және дербес жоспарлауы негізіндегі оқыту;
13) модуль – білім беру бағдарламасының тәуелсіз, өзіндік жеткілікті және толық бөлімі немесе оқыту кезеңі;
14) модульдік оқыту – модульдік білім беру бағдарламаларын меңгеру негізінде оқу процесін ұйымдастыру тәсілі;
15) міндетті компонент – үлгілік оқу жоспарында белгіленген және білім беру бағдарламасы бойынша студенттер міндетті түрде оқитын оқу пәндерінің және тиісті кредиттердің ең аз көлемінің тізбесі;
16) оқу жоспарының моделі – орта білімнен кейінгі білім беру мазмұнының негізгі инварианттық құрылымдық компоненттерін көрсететін оқу жоспарын ұсынудың нысаны;
17) оқу жұмыс бағдарламасы (силлабус) –оқу жұмыс жоспарының нақты пәні және (немесе) модулі үшін орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары әзірлейтін құжат;
18) оқу жұмыс жоспары –оқу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізбесі, оқудың бірізділігі мен көлемін, бақылау нысанын регламенттейтін үлгілік оқу жоспарының немесе осы стандарттың негізінде орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы әзірлейтін құжат;
19) оқыту мерзімі – нақты оқыту нысаны (күндізгі, кешкі, сырттай) бойынша білім беру бағдарламаларын игеру мерзімі;
20) таңдау бойынша компонент – орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының ұсынатын пререквизиттері мен постреквизиттерін есепке ала отырып кез келген академиялық кезеңде білім алушылардың өздері таңдай алатын оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің және тиісті кредиттердің (немесе академиялық сағаттардың) ең аз көлемінің тізбесі;
21) транскрипт – білімді бағалаудың әріптік және сандық жүйесі бойынша кредиттері мен бағалары көрсетілген оқудың тиісті кезеңінде игерілген пәндер мен (немесе) модульдердің тізбесі бар құжат;
22) тьютор – білім алушылардың даярлық деңгейін қамтамасыз ететін оқу процесін даралау (жеке оқу жоспарын құру және білім беру-кәсіби треакториясын жоспарлау) үшін жағдайлар жасайтын ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдардың тәлімгерлік функциясын атқаратын маман;
23) үлгілік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының нақты пәні (модулі) бойынша меңгерілуге тиіс білім, іскерлік және дағдының мазмұны мен көлемін айқындайтын құжат;
24) үлгілік оқу жоспары – мамандықтар мен біліктіліктерге қатысты білім алушылардың модульдер бойынша оқу уақытының, кәсіби практикаларының және оқу қызметінің басқа да түрлерінің, бақылау нысандарының, оқу мерзімдерінің көлемін (еңбек сыйымдылығын) регламенттейтін осы стандарт негізінде әзірленетін құжат;
25) эдвайзер – тиісті мамандық бойынша білім алушының академиялық тәлімгерінің қызметін атқаратын, оқу траекториясын таңдауына (жеке оқу жоспарының қалыптасуына) және оқу кезеңінде кредиттік оқыту технологиясы бойынша орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын игеруіне ықпал ететін оқытушы;
26) элективті және (немесе) модульді пәндер каталогы– таңдау бойынша компоненттері бар пәндер және (немесе) модульдердің тізбесі, олардың қысқаша сипаттамасы;
3. Орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлау осы стандартқа, сондай-ақ мыналарға:
1) оқу-бағдарламалық құжаттарға – осы стандарттың оқу жоспарының моделіне, үлгілік және оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларына, жеке оқу жоспарларына;
2) орта білімнен кейінгі білім берудің интеграцияланған білім беру бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. Оқыту нәтижелеріне бағдарлай отырып орта білімнен кейінгі білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
4. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұны бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының жекелеген модульдерін немесе пәндерін қоса алғанда, техникалық және кәсіптік білім берудің модульдеріне интеграцияланған білім беру бағдарламаларын зерделеуді көздейді.
Орта білімнен кейінгі білім берудің интеграцияланған білім беру бағдарламаларын нақты қызметті орындау және кәсіптік құзыреттілікті қалыптастыру үшін қажетті білім беру бағдарламаларының тиісті мазмұндық аспектілерін біріктіру негізінде орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары әзірлейді. Интеграцияланған білім беру бағдарламаларының түрлері: пәнаралық, деңгейаралық, жоғары оқу орындары аралық және халықаралық
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасы:
1) базалық және кәсіптік модульдерді игеруді;
2) базалық және кәсіптік модульдер бойынша зертханалық-практикалық жұмыстарды орындауды;
3) өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
4) курстық және дипломдық жобалауды (жұмысты) орындау);
5) аралық және қорытынды аттестаттаудан өтуді қамтиды.
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру:
1) оқу әдебиетінің кітапханалық қорының және оқу-әдістемелік құралдарының, оның ішінде модульдер (пәндер), білім алушының дербес жұмыстары, курстық және дипломдық жұмыстар (жобалар) бойынша цифрлық білім беру ресурстарының болумен;
2) базалық жоғары білімі бар, өндірістік өтілі бар инженерлік-педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етіледі. Мамандық бейініне сәйкес келетін базалық жоғары білімі бар өндірістен білікті мамандарды тартуға жол беріледі.
5. Білім беру бағдарламаларының тәрбиелік компоненттері ұлттық құндылықтарды дарытуға, патриоттық және азаматтықты қалыптастыруға, білім алушылардың жан-жақты қызығушылықтары мен қабілетін дамытуға бағытталған.
6. Орта білімнен кейінгі білім берудің интеграцияланған білім беру бағдарламалары кредиттік-модульдік технологияны қолдана отырып, құзыреттілік тәсіл негізінде құрылады.
7. Базалық және кәсіби модульдер міндетті және таңдау бойынша компоненттерді қамтиды.
Міндетті компонент модульдерінің тізбесі үлгілік оқу жоспарымен немесе осы стандарттың оқу жоспарының моделімен айқындалады.
Таңдау компоненті модульдерінің тізбесін орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы дербес айқындайды.
Базалық және кәсіптік модульдердің міндетті компонентінің көлемі оларды оқуға бөлінген уақыттың жалпы көлемінің кемінде 70%-ын құрайды.
Базалық және кәсіптік модульдерді таңдау компонентінің көлемі 30% - дан аспайды және бұл:
1) орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасын меңгерген бітіруші дайын болуы тиіс қызметтің негізгі түрлерін кеңейтуге;
2) міндетті компоненттің мазмұнымен анықталатын білім алушының дайындығын тереңдетуге;
3) аймақтық еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес бітірушінің бәсекеге қабілеттілігін және тиісті мамандық бойынша білімін келесі деңгейде жалғастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажетті қосымша құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік береді.
8. Таңдау компоненті нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшелігін және еңбек нарығының қажеттілігін, сондай-ақ білім алушының жеке мүдделерін ескереді.
Таңдау компоненті жұмыс берушілер мен орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары әріптестерінің, пәндік-циклдік комиссиялардың ұсыныстары бойынша қалыптастырылады.
9. Базалық модульдер жалпы гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық пәндердің мазмұнын қамтиды.
Кәсіптік модульдер жалпы кәсіптік, арнайы пәннің, өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың мазмұнын қарастырады.
10. Оқу процесін жоспарлау кезінде үлгілік оқу жоспарлары осы стандартқа қосымшада келтірілген орта білімнен кейінгі білім берудің оқу жоспарының моделі негізінде әзірленеді.
11. Білім беру қызметін ұйымдастыру оқу процесін жоспарлау, білім беру мазмұны, оқу сабақтарын өткізу тәсілдерін таңдау, білім алушылардың өзіндік жұмысы, олардың оқу жетістіктерін қорытынды бақылау түрлері арқылы жүзеге асырылады.
12. Білім беру қызметін жоспарлау және ұйымдастыру оқу бағдарламалары мен жоспарлары негізінде жүзеге асырылады.
Оқу бағдарламалары мен жоспарлары үлгілік, жұмыс және жеке болып бөлінеді
13. Үлгілік оқу бағдарламалары мен жоспарлары осы стандарттың негізінде орта білімнен кейінгі білімнің нақты мамандықтары бойынша әзірленеді.
Үлгілік оқу жоспарларында міндетті компоненттің және оқу қызметінің әрбір түрінің (кәсіптік практиканың, аралық және қорытынды аттестаттаудың, дипломдық жұмысты (жобаны) жазудың) кредит пен сағаттарда еңбек сыйымдылығы анықталады, ал таңдау компоненті кредиттер мен сағаттардың жалпы санымен көрсетіледі.
14. Үлгілік оқу жоспарлары осы стандартқа қосымшада келтірілген орта білімнен кейінгі білім берудің оқу жоспарының моделіне сәйкес келеді және дайындық жағдайында:
1) ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар қатарындағы мамандар;
2) әскери, медициналық мамандықтар және мәдениет және өнер мамандықтары бойынша мамандар ерекшеленеді.
15. Оқу жұмыс жоспарларын осы стандарт және үлгілік оқу жоспары негізінде оқу нысаны мен мерзімін көрсете отырып, әрбір оқу тобына белгілі бір бейін, мамандығы мен біліктілігі бойынша орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы әзірлейді.
Оқу жұмыс жоспары оқу процесінің кестесінен, уақыт бюджеті бойынша жиынтық деректерден, түсіндірме жазбадан және оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің тізбектілігі мен көлемін, бақылау нысанынан, семестр бойынша теориялық оқыту мен кәсіптік практиканың сағаттарын (кредиттерін) бөлуді реттейтін жоспар-кестеден тұрады.
Жұмыс оқу жоспары оқудың барлық кезеңіне әзірленеді және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының басшысы бекітеді.
Жұмыс оқу жоспары білім алушы мен оқытушының оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын есептеу үшін негіз болады.
Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларынан мынадай жағдайларда:
1) эксперименттік режимдегі жұмыста;
2) ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар арасынан мамандар даярлауда ерекшеленеді
16. Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру кезінде:
1) базалық және кәсіптік модульдерді игеруге бөлінетін оқу уақытының 50% - ға дейін және оқу сағаттарының жалпы санын сақтай отырып, өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы 60% - ға дейін өзгертеді;
2) оқытудың әртүрлі технологияларын, оқу процесін ұйымдастыру мен бақылау нысандарын, әдістерін таңдайды;
3) жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес оқу бағдарламаларының мазмұнын модульдерге біріктірілген (қосылған) пәндерді кәсіптік модуль, өндірістік оқыту және кәсіптік практика бойынша 50%-ға дейін өзгертеді. Міндетті оқытуға арналған жалпы сағат санын сақтай отырып, жұмыс берушінің талаптары бойынша қосымша модульдер енгізеді;
4) білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау және білім алушылардың аралық аттестаттаудың нысандарын, тәртібін және кезеңділігін таңдайды;
5) бір мамандық шеңберінде ұқсас біліктілік бойынша үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарлары болмаған кезде білім беру ұйымдары қолданыстағы үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарлары бойынша ұқсас тәсілді пайдалана отырып, оқу жұмыс жоспарларын әзірлейді.



17. Оқу жұмыс жоспарларына қосымша орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары элективті пәндер және (немесе) модульдердің каталогын әзірлейді
18. Үлгілік және оқу жұмыс жоспарының және элективті пәндер және (немесе) білім алушының мамандығы бойынша модульдердің негізінде эдвайзердің көмегімен жеке оқу жоспары жасалады.
Жеке оқу жоспары әр білім алушының жеке білім траекториясын анықтайды.
Жеке оқу жоспарына міндетті компоненттің пәндері және (немесе) модульдері және оқу қызметінің түрлері (кәсіптік практика, аралық және қорытынды аттестаттау, дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау, таңдау компонентінің пәндері және (немесе) модульдері енгізіледі.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға арналған жеке оқу жоспары олардың психофизикалық дамуының ерекшеліктерін, жеке мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленеді.
Тьютордың көмегімен ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғаларға арналған жұмыс оқу жоспарлары негізінде жеке оқу жоспары жасалады.
19. Жеке оқу жоспарының нысанын, құрылымын әзірлеу, бекіту тәртібін элективті пәндер каталогын және (немесе) модульдерді білім беру ұйымы дербес айқындайды.
20. Оқу жұмыс бағдарламалары (силлабустар) оқу жоспарының барлық пәндері және (немесе) модульдері бойынша әзірленеді. Бұл ретте міндетті компоненттің пәндері және (немесе) модульдері бойынша оларды әзірлеу үлгілік оқу бағдарламалары негізінде олар болған кезде жүзеге асырылады.
Оқу жұмыс бағдарламаларының (силлабустардың) нысанын, құрылымын, әзірлеу және бекіту тәртібін орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы дербес айқындайды.
21. Әрбір пән және (немесе) модуль аяқталғаннан кейін емтихан немесе сараланған сынақ түрінде оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау рәсімі өткізіледі.
Кәсіби практикалардың, курстық жұмыстардың (жобалардың) барлық түрлерін орындау нәтижелерін бағалау есептерді (жұмыстарды) қорғау нысанында жүргізіледі.
22. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасы аяқталғаннан кейін дипломдық жұмыстарды (жобаларды) қорғау және (немесе) емтихан тапсыру нысанында қорытынды аттестаттау өткізіледі.
Өткізуге арналған оқу уақытының көлемі екі аптадан аспайды.
Өнер және мәдениет саласындағы мамандықтар үшін шығармашылық тапсырмаларды орындау қарастырылған.
Жұмыс біліктілігін меңгерген және орта білімнен кейінгі білім деңгейі бойынша оқуын жалғастырмайтын білім алушылар үшін тиісті деңгейдегі диплом ала отырып, біліктілік емтиханы нысанында қорытынды аттестаттау өткізіледі.
23. Үлгілік оқу бағдарламалары мен жоспарларында білім алушыларды қорытынды аттестаттау әрбір біліктілік деңгейін аяқтағаннан кейін көзделеді. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасын игерген жағдайда білікті жұмысшы кадрлар деңгейі үшін біліктілік емтиханы аралық аттестаттау шеңберінде өткізіледі, қорытынды аттестаттаудың оқу уақытының көлемі кәсіптік практикаға бөлінеді.
Аралық аттестаттау қорытындысы бойынша білім алушыларға нақты біліктілік бойынша кәсіптік біліктіліктің қол жеткізілген деңгейі (разряд, класс санат) беріледі.
Біліктілік емтихандары әрбір біліктілік бойынша қажетті жабдықтармен жабдықталған өндірістік алаңдарда, зертханаларда, шеберханаларда немесе оқу орталықтарында өткізіледі.
24. Өндірістік оқыту оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, оқу шаруашылықтарында, оқу полигондарында, жұмыс берушілердің кәсіпорындарында (ұйымдарында) өндірістік оқыту шеберінің және (немесе) тәлімгердің басшылығымен жүзеге асырылады.
Кәсіптік практика оқу, өндірістік және диплом алдындағы болып бөлінеді.
Оқу практикасы оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, оқу шаруашылықтарында, оқу полигондарында және өндірісте жүзеге асырылады.
Кәсіптік практика кәсіпорындарда (ұйымдарда), жұмыс берушілер шарттық негізде ұсынатын жұмыс орындарында жүргізіледі және кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған.
Кәсіптік практикадан өту кезеңінде білім алушылардың бір немесе бірнеше ұқсас біліктілік емтиханын тапсыра отырып, меңгеруі көзделеді.
Кәсіптік практика аяқталғаннан кейін білім алушыларға Кәсіптік біліктіліктің қол жеткізілген деңгейі (разряд, класс, санат) беріледі.
Кәсіптік практиканың мерзімдері мен мазмұны оқу жұмыс жоспарында жәнеоқу жұмыс бағдарламаларында айқындалады.
Дуалды оқыту кезіндегі кәсіби тәжірибеге бөлінетін сағат көлемі жалпы білім беретін пәндерді, факультативтер мен консультацияларды оқытуға көзделген сағат көлемін қоспағанда, жалпы сағат санынан есептеледі.
Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қалауы бойынша кәсіптік практика кәсіптік модульдерге біріктіріледі.
25. Консультациялар мен факультативтік сабақтар білім алушылардың жеке қабілеттері мен сұраныстарын қамтамасыз етуге бағытталған.
26. Курстық жобалар (жұмыстар) жалпы кәсіптік және арнайы пәндер, оның ішінде модульдерге біріктірілген пәндер бойынша оқу жұмысының бір түрі ретінде қарастырылады және оқытуға бөлінген оқу уақыты шегінде орындалады. Семестрдегі курстық жобалардың (жұмыстардың) саны біреуден аспауы тиіс. Қосымша бір курстық жұмыс (жоба) жоспарлауға рұқсат етіледі.
27. Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы білім беру қызметін алынған лицензияға сәйкес жүзеге асырады және оның қолданыста болу уақытының барлық кезеңінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы № 391 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11716 болып тіркелген) бекітілген білім беру қызметіне қойылған біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін сақтайды.
3-тарау. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
28. Білім алушының оқу жүктемесінің көлемі әрбір оқу пәні және (немесе) модуль немесе оқу жұмысының басқа түрлері бойынша меңгеретін кредиттерде өлшенеді.
Студенттердің жекелеген санаттары үшін оқытудың нысаны мен технологиясына байланысты оқытудың кредиттік технологиясының ерекшеліктерін ескере отырып, оқу жылы ішінде академиялық кредиттердің аз немесе көп санын игеруге жол беріледі.
29. Аудиториялық және аудиториядан тыс жұмыстың, практиканың барлық түрлерінің, аралық және қорытынды аттестаттаудың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең.
30. Оқу жұмысының көлемін жоспарлауда бір кредит 30 академиялық сағатқа тең.
31. Оқу жылы академиялық кезеңдерден, аралық аттестация кезеңінен, практика және каникулдардан тұрады. Соңғы курстағы оқу жылына қорытынды аттестациялау кезеңі қосылады.
32. Академиялық кезең ұзақтығы 15 аптадан тұратын семестрден (әскери және медициналық мамандықтар үшін 15 аптадан кем емес) немесе ұзақтығы 10 аптадан тұратын триместрден немесе ұзақтығы 7,5 апталық тоқсаннан тұрады.
Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы академиялық кезеңнің нысанын, оның ұйымының аралас нысанын қоса алғанда, дербес айқындайды.
33. Өндірістік оқытудың ұзақтығы білім алушының 36 сағатқа тең апта ішіндегі белгіленген жұмыс уақытын негізге ала отырып, апталарда айқындалады (6 күндік жұмыс аптасы кезінде күніне 6 сағат).
Диплом алдындағы (біліктілік) тәжірибенің ұзақтығы мамандықтың күрделілігіне байланысты жоспарланады
34. Орта білімнен кейінгі білім берудің аяқталуының негізгі крийтерийі студенттердің оқу кезеңінде барлық кредит кезеңдерін қоса алғанда, толық білім бағдарламалары бойынша оқу түрлерін толық игеру болып табылады.
35. Жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқыту үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім негізінде түскен студенттерге кредиттердің саны мен орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасының қажетті көлемін орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы алдыңғы білім беру деңгейінің бейінінің және қол жеткізілген оқыту нәтижелерінің сәйкестігін ескере отырып дербес айқындайды.
36. Орта білімнен кейінгі білім берудің қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша:
1) оқытудың қол жеткізілген нәтижелеріне, алдыңғы білім беру деңгейінде игерілген пререквизиттерге байланысты өзінің Жеке оқу жоспарын қалыптастырады, оларды орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы міндетті түрде қайта оқиды және оның транскриптіне енгізіледі;
2) оқытудың жеке мерзімдері мен орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы қолданыстағы орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасы негізінде дербес айқындайтын білім беру бағдарламасының көлемі болады.
37. Міндетті оқу сабақтарының оқу уақытының көлемі кешкі оқу нысаны үшін 70% және сырттай оқу нысаны үшін күндізгі оқу нысаны үшін көзделген оқу уақытының тиісті көлемінің 30%-ын құрайды.
38. Оқу қызметінің барлық түрлерін қоса алғанда, білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі аптасына 54 сағаттан аспауы тиіс.
39. Күндізгі оқу нысаны кезінде білім алушылардың міндетті жүктемесінің көлемі аптасына кемінде 36 сағатты құрайды.
4-тарау. Білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптар
40. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларына, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды қамтиды.
41. Орта білімнен кейінгі білім берудің біріктірілген білім беру бағдарламалары бірнеше жұмыс біліктілігін игере отырып, қолданбалы бакалаврларды даярлауды көздейді.
Орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары мынадай құзыреттіліктерді иеленуге бағытталған: ұйымның стратегиясы, саясаты мен мақсаттары шеңберінде еңбек және оқу қызметінің үдерістерін өз бетінше басқару және бақылау жүргізу, мәселелерді талқылау, қорытындыларды дәлелдеу және ақпаратпен сауатты жұмыс істеу, кәсіби салада теориялық және практикалық білімнің кең ауқымын қолдану, кәсіби міндеттерді шешу үшін қажетті ақпаратты өз бетінше іздестіруді орындау, шешу тәсілдерінің алуан түрлілігін және оларды таңдауды болжайтын, шығармашылық тәсілді қолдану (немесе кәсіби проблемаларды шешудің әртүрлі, оның ішінде балама нұсқаларын өз бетінше әзірлеу және ұсыну шеберлігі мен дағдысы), ағымдағы және қорытынды бақылау жүргізу, қызметті бағалау мен түзетуді орындау.
42. Білім алушылардың дайындық деңгейі базалық және кәсіби құзыреттілікті меңгеруді көздейді.
Базалық құзыреттер мамандық үшін анықталады және ұлттық сананы қалыптастыру, рухани жаңғырту әлеуметтік жауапкершілік, жұмысты ұйымдастыру, жұмыс орнындағы басқа адамдармен өзара қарым-қатынас, сондай-ақ қоршаған ортаға жауапкершілік контекстінде әлеуметтік-гуманитарлық дүниетанымды дамытуға бағытталған.
Кәсіптік құзыреттер жұмыс берушілердің талаптары мен қоғамның әлеуметтік сұрауын ескере отырып, әрбір біліктілік бойынша кәсіби стандарттар (болған жағдайда) немесе еңбек нарығын жекелеп талдау негізінде анықталады.
43. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған және қорытынды аттестаттаудан табысты өткен адамдарға тиісті мамандық бойынша "қолданбалы бакалавр" біліктілігі беріледі. Білім алушылардың дайындық деңгейі базалық және кәсіптік құзыреттерді меңгеруді көздейді.
5-тарау. Оқу уақытына қойылатын талаптар.
44. Оқу мерзіміне қойылатын талаптар орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын меңгеру мерзімін қамтиды және білім беру бағдарламаларының мазмұнымен, оқыту нәтижелерімен және игерілген кредиттердің көлемімен анықталады.
Оқу жылы 1 қыркүйектен басталады және мамандықтың ерекшелігіне байланысты оқу процесінің ұйымдастырылуына қарай аяқталады. Каникул уақыты жылына 11 аптаны, оның ішінде әскери мамандықтардан басқа, қысқы мерзімде – кемінде 2 аптаны құрайды.
Оқу мерзімі жалпы орта білім базасында 2 жыл 10 ай, Техникалық және кәсіптік білім базасында ұқсас мамандықтар бойынша қабылдау базасына байланысты: орта буын маманы үшін 10 ай, білікті жұмысшы кадрлар үшін 1 жыл 10 ай.
Өнер, геология, су көлігін пайдалану, медицина, әскери мамандықтар үшін оқу мерзімі тиісті мамандықтың ерекшелігіне байланысты айқындалады.


Орта білімнен кейінгі білім
берудің мемлекеттік жалпыға
міндетті стандартына қосымша


Орта білімнен кейінгі білім берудің оқу жоспарының моделі

№ п/п

Модульдер мен оқу жұмыстарының атауы

Жалпы еңбек сыйымдылығы

Техникалық және кәсіптік білім беру базасында

Жалпы орта білім беру базасында

Оқу мерзімі (жыл (ж.) ай (а)

10а.

1ж.10а.

2ж.10а.

1

2

3

4

5

1

Базалық модульдер *

+

+

+

2

Жұмысшы біліктілігі бойынша кәсіби модульдер

-

-

+

2.1

Міндетті компонент (кемінде 70%)

-

-

+

2.2

Таңдау бойынша компонент (30% аспайды)

-

-

+

2.3

Өндірістік оқыту және кәсіптік практика

Жұмысшы мамандықтар бойынша оқу уақытының жалпы көлемінен кемінде 40 %

3

" ____" қолданбалы бакалавриат біліктілігінің кәсіптік модулі







+

3.1

Міндетті компонент (кемінде 70%)

+

+

+

3.2

Таңдау бойынша компонент (30% аспайды)

+

+

+

3.3

Кәсіптік практика*

Оқу уақытының жалпы көлемінен кемінде 40 %

4

Аралық аттестаттау

+

+

+

5

Қорытынды аттестаттау

+

+

+




Барлық міндетті оқытудың қорытынды кредиттері мен академиялық сағаттары

60/1800 (1440+360 БӨЖ**)

120/3600 (2880+720 БӨЖ)

180/5400 (4320+1080 БӨЖ)

6

Факультатив (аптасына кемінде 4 с.)

+

+

+

7

Консультациялар (жылына кемінде 100 с.)

+

+

+




Барлық кредиттер мен академиялық сағаттар:

67/2010 (1650+360 БӨЖ)

134/4020 (3300+720 БӨЖ)

201/6030 (4950+1080 БӨЖ)



*оқу орнының қарастыруы бойынша кәсіби модульдерге біріктірілуі мүмкін;
**Білім алушының өзіндіқ жұмысы (БӨЖ) - оқытушының әдістемелік басшылығымен тапсырма бойынша орындалатын, бірақ оның тікелей қатысуынсыз білім алушылардың жоспарланған жұмысы.





Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы «___» __________
№ _____бұйрығына
2-қосымша


Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 қазандағы
№ 604 бұйрығына
6-қосымша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет